4897
5 ноября 2024
Ақбота Узбекбай, Власть

Саягүл Бірлесбек, айтыскер ақын: «Айтыс пропаганда құралы болудан айнымай келеді»

Айтыстағы цензура, гендерлік проблемалар және оның болашағы туралы сұхбат

Саягүл Бірлесбек, айтыскер ақын: «Айтыс пропаганда құралы болудан айнымай келеді»

2020 жылы кезекті сайыстан кейін Саягүл Бірлесбек айтыстан шеттетілгенін естиді. Айтыс өнері саяси тұтқындар мен адам құқығы мәселесін көтеретін ең қолайлы алаң емес екен. Бірақ Саягүл домбырасын тастаған жоқ. «Айтыс маса» арнасын ашып, елдегі жағдайлар туралы айта бастады.

Власть ақынмен айтыстағы цензура, гендерлік проблемалар және оның болашағы туралы сұхбаттасты.

«Ел ішіндегі маңызды мәселелерге бас ауыртпайды, сырттан бір тақырып тауып алуға тырысады»

Саягүл, 2008 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келдіңіз. Қытайдағы қазақтар арасында айтыс өнері кең танымал ма?

Мектепте қытай тілінде оқыдым, сондықтан бұл өнер туралы оқып-білуге көп мүмкіндік болмады. Менің нағашы әжем айтыскер болған, сол кісінің әсері көп болды деп ойлаймын. Ата-анамның бірінші баласы болғасын, сол кісінің қолында өстім. Кішкене кезінен домбыра ұстап өскен, 14 жасынан айтысқа шыққан. Кейін тұрмыс құрып, өнері жайына қалған. Күйеуі қайтқаннан кейін ғана бала-шағасын бағу үшін айтысқа оралған. Біз тұрған жақта «Нақан» деген төбе бар, менің әжемнің құрметіне солай атаған. Әжемнің аты мен өнері жазбаларда да қалған жоқ, таспаға түспеді. «Өлеңі де, өнері де ішінде кетті» деп өлеңіме қосамын. Мен сол кісінің жолын жалғадым.

«Нұрлы көш» деген бағдарлама бойынша Өскеменге келіп орналастық. Тоғызыншы сынып еді. Сабақ оқуға қиналып кеткенімде өлеңдетіп жіберетінмін. Орыстілді қалада суырыпсалма өлең құрайтын адамды көргенде бәрі таңғалатын. Ол кезде домбыра тартуды да жөнді білмеймін. Кейін оқушылар айтысына қатыстырды.

Ол кезде бәрі өлеңді жаттап шығады екен, мен сол жерде ойдан шығарып айтып, бірінші орын алдым. Осылай үлкен айтысқа да шықтым.

Ішкі құндылықтарыңыз заманауи айтыста көтерілетін тақырыптармен сәйкеспейтінін қай кезде түсіндіңіз?

Бір күні елдегі мәселелердің басқа қыры туралы айтқым келетінін ұқтым. Өзімнің ортамда да адам құқығы мен саяси мәселелерді көтеретіндер көп болды.

Айтыста жеті жылдай жүрдім. Сүрлеуіне түсіп кетпеуіме басқа елден келгенім себеп болған шығар. Айтыста ырым-тыйым, дәстүрлі құндылықтар көп. Онда өзің маңызды деп табатын құндылықтарды ұстану өте қиын. Көпшілік не ойласа, солай жүруің керек. Мен ол жолмен жүргім келмеді.

Қазір айтыста қоғамды адастыру жиілеп кетті: дінді ұстанатын, оны насихаттайтын ақындар да бар. Олардың арасында зорлауға қысқа көйлек кию себеп болады дейтіндер де бар. Ресейге тиіседі, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты-жөнін қалайша қате айтуға болады деген мәселелерді көтереді. Ел ішіндегі маңызды мәселелерге бас ауыртпайды, сырттан бір тақырып тауып алуға тырысады.

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына біраз уақыт өтті ғой. Қанша адам қаза болды. Бірақ соғыс мәселесі мүлдем көтерілмейді. «Аюдың да, айдаһардың да тілін тауып отырған, еліміздің тыныштығын сақтап отырған Тоқаев аман болсын» дейді.

"Хабар" арнасының видео скриншоты

«Елдің көңілін көтеріп қайту»

Айтыста көтеруге болмайтын тақырыптар тізімі бар ма?

Мен қатысып жүрген кезде цензура ашық жүрді. Атыраудағы айтыстан кейін Жүрсін Ерманның (айтыс ұйымдастырушы – В.) өзі хабарласты. «Өз еркіңмен жұмыстан кет» деді, қарсыласқан жоқпын.

Сол айтыста бірінші күні-ақ қатардан шығып қалуым керек еді, халық шулағасын екінші күнге өткізді. Бірақ артық ештеңе айтпайсың деп талап қойды. Ал мен жер мәселесімен сотталған саяси тұтқындар туралы айттым. Оның алдында әкім Ноғаев келіп, «айтатының болса, өзіме жеке айт, сахнаға шығармай-ақ қой» деген.

Әйтсе де, қазір «Нұр-Отанның» кезінде сондай болған, «Аманат» кезінде ондай емес деген риториканы ұстанатынын ескеру керек.

Атырауға айтысқа бардың делік, оның алдында бір жиналыс өтеді, онда партияның маңызды өкілдері, әкімдік өкілдері болады. «Республика дамып жатыр, бір-бірімізді қолдау керек, ел болғасын кем-кетік болады, оны айтып, елдің арасына іріткі салудың қажеті жоқ, елдің көңілін көтеріп қайтсаңыздар болды» дейді. Сосын тиісуге болмайтын адамдар тізімін береді. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ қой.

Цензура мәселесі телевизиялық айтысқа келгенде өрши түседі. Ұлттық арна, мемлекеттен тікелей қаржы алып отырған арналар биліктің шамына тигісі келмейді, оның саясатына қарсы нәрсе шығармайды. Өз ішінен тапсырма келмей жатып та айтыстың көп бөлігін қиып тастайды.

Айтысты әлі күнге дейін бақылап жүреді екенсіз. Қазір арасында болсын маңызды тақырыптар көтеріле ме?

Айтыста ақиқат көп айтылған кез Заманбек Нұрқаділов қайтыс болғаннан кейінгі жылдар. Ол тақырып біраз жыл көтерілді. Жансая Мусина деген айтыскер ақын бар, алғашында шындықты айтып шыққан, ешкім қабылдамағасын, әзіл форматына көшті.

«Негізінде бізде байлық көп еді,

Оны бірақ шетелдіктер көреді,

Соны айтамын деп бас көтерсе бір қазақ,

Өзін-өзі үш рет атып өледі», – деп айтты бір айтыста.

Заманбектің өлімі айтыстағы шындықтың бір символы болып қалды деп санаймын. Сосын Жаңаөзен оқиғасы туралы көп айтылды. Жалпы, осы екі тақырып Назарбаев жүйесінің шіріген бір көрінісі саналды.

Кейін Ринат Зайытов ақиқатты айтатын ақын ретінде танылды. Оның ең танымал сөздері Назарбаевтарға қатысты болды. Мәселен, «үш жүздің тағдырынан үш қыздың тағдыры артық болып тұр» деп айтты. Кейін айтыс жабылып, үш жылдай ресми түрде ешқандай айтыс өткен жоқ. 2018 жылы «билігіміз билік емес, қылмыстық топ сияқты ұйымдасқан» деп айтты. Бұл сол кезде оның айтыстан шеттетілуіне алып келді. Қаңтар қырғыны туралы айтқан саусақпен санарлық адамның бірі де Зайытов болды. Бірақ, ол қазір депутат болып кетті.

2023 жылы өткен «Алтын домбыра» сайысы кезінде мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «төл өнеріміздің жаңғырып жатқаны әділеттің бір көрінісі» деген ой айтқан. Қазір жүйені қаралау деген жоқ, Назарбаевпен бірге жамандықтың бәрі кетті дейді. Айтыс қазіргі биліктің қолшоқпары, үгіт-насихат құралы болуды жалғастырып келеді.

Qazaqstan TV видео скриншоты

«Теңдік болса, басқа жақта бола берсін, айтыста болмай-ақ қойсыншы»

Айтыста белгілі бір деңгейде гендерлік теңсіздікті байқауға болады. Ол көбіне көтерілетін тақырыптардың күрделі болуынан, ер айтыскерлердің әйел айтыскерлерге бағыттайтын сексист сөздерінен көрініс табады. Қазақ айтысындағы сексизм мәселесі туралы не айтар едіңіз?

Қыздарға жасалатын қиянат ішімді ашытады. Айтыста қыздар елдің көңілін көтеретін құрал сияқты. Қыздар шындық айта бастаса, «сен қыз баласың, еркелеп-сызылып айта сал, сен айтқанмен, ештеңе өзгермейді ғой» деп айтады. Қыз баланың үлкен саясатқа араласуға хақы жоқтай.

Қоғамның көрінісін айтыстан көруге болады. Әйел адамды қоғам қалай санаса, айтыста да сол. Қыз айтыскерлерге айтатын батасы дайын тұрады: тұрмысқа шық, ұлды бол, күйеуіңнің көңілін тап дейді. Өңірлерге барар болсақ, бізді сол жерде келін қылып тастап кетуді мақсат көріп тұрады. Қыздарды зат көретініне тағы бір мысал, «ағамнан қалған ескі киімдерді кидім ғой, ағамнан қалған әйелді де алайын» дегенді айтады.

Айтыскерлердің ішінде де айтылатын ой: «теңдік болса, басқа жақта бола берсін, айтыста болмай-ақ қойсыншы».

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі мүлдем көтерілмейді. Керісінше, оны өршіте түсетін ой айтылады. Бір айтыстан қалып қойған ақынға: «Әйеліңді басыңа шығарып алғансың ба? Сазайын бермейсің бе?» - деп айтқан еді. Қоғам мықты, ерлерді басып озатын қыздарды көргісі келмейді.

Айтыс жаңаруы керек. Жастар айтысқа бара бермейді. Өйткені олар сексист нәрселерді қабылдамайды.

Айтыстан кеткен соң «Айтыс маса» арнасын аштыңыз. Оның аясында ірі медиалармен, мәселен, өлең формасында әлеуметтік мәселелерді шешуге шақыратын, жемқорлыққа қарсы шығатын, ара-тұра Temirov live жобасының зерттеулерінің нәтижесін айтатын қырғызстандық «Айт айт десе» жобасында жұмыс істедіңіз. Қазан айында сол жобаның ақыны Азамат Ишенбеков пен Temirov Live директоры Махаббат Тәжібекқызы сотталды. Бұл айтыстың саяси ықпалын көрсете ме?

Иә, коллаборация жасағанбыз. Қазақстан мен Қырғызстандағы проблемаларды көтердік. Олардың қысымға ұшырап жатқаны билікке сын айтатын адамдар ұнамайтынын көрсетеді.

Мұны ақындар мен сөз бостандығына қарсы қысым деп тануға болады. Қазір олар түрмеде. Қолдағым келеді, Қырғызстан ақындары мен тәуелсіз журналистеріне арнап, бір шығарылым арнау ойымда бар. Қазір онда мұның бәрін айтатын адам жоқ. Бірінші, қырғыздар тарихы, айтыс мақамы мен идеясы туралы білсем деймін.

Кейде қырғыз айтысын да қарап тұратыным бар. Олар керек кезде шындықты айтады. Өлең жолдары жеңілірек, 6-8 жолдан тұрады, сондықтар болар, көрермені көп.

Қырғыз айтысы қазақ айтысына қарағанда шынайырақ дер едім. Ал көркемдік жағынан біздің айтыс өнердің жазба түріне өтіп бара жатқан сияқты.

Protenge жобасымен коллаборация

Қазақ айтысының болашағы қандай деп ойлайсыз? «Айтыс маса» мысалында айтатын болсақ, айтыстың форматы қалай өзгеруі керек?

Бастапқыда айтыстан кеткеннен кейін күйзеліске түстім. Кейін жеке арна ашып, енді не айтсам да, өзім таңдайтын болдым. Айтыста айтуға болмайтын тақырыптарды көтеремін.

Кейін Protenge жобасымен жұмыс істеп, елдегі депутаттардың айлығы туралы шығарылым жасадық. Олар журналистік зерттеу бөлігін жасаса, мен оны айтыс форматында айтып шықтым. Видео таралып кетіп, жұрт оны мессенжерлерде бөлісе бастады. Айтыстың жаңа форматы туралы айтқанымда, осыны меңзеймін. Шындық фактіге құрылуы қажет деп санаймын.

Бұл жобам маған еркіндік берді. Өзіммен-өзім айтыса аламын. Болмаса, мәселен, ескі мен жаңа Қазақстан, Атырау мен Астана, полиция мен қаңтарда көшеге шыққан адам арасында жасағанымдай образды айтыс та жасауға болады. Арнамда Шыңжаңдағы балаларын босатуды талап етіп, Қытай консулдығы алдына әлі күнге дейін шығып жүрген әйел туралы да шығарылым болды.

Мемлекет қазір белсенді түрде өзінің имиджін жақсылап қалыптастыру үшін ақша бөліп отырғанын айту маңызды. Қаржы бөлінбей қалса, ақындар еркіндікке шығып, шындық шыға бастайды. Мұны шындықты қамап отырудың бір жолы шығар деп ойлаймын. Әйтсе де, алдағы төрт-бес жылда мемлекет үшін айтыстың маңызы қалмауы да мүмкін. Ең бірінші, айтыс биліктен тәуелсіз болуы керек, меніңше.

Жалпы, елдегі сөз бостандығын айтыстан көруге болады, айтыскерлер ештеңе айтпаса, елде бәрі жаман екенін білдіреді.

Қазір ақпараттық соғыс заманы. Мемлекеттік арналар жалған ақпарат таратып жатқанда, белгілі бір вакуум пайда болып жатқан кезде, кез келген ақпаратты басқаша көзбен беру маңызды деп санаймын.

Қазір айтыстың көретін адамдар қатары да азайып жатыр. Шындық болмағасын шығар. Негізінен айтысқа қырық жастан асқан кісілер қызығады. YouTube арнамда жас бойынша статистиканы қарағанымда, 45 жастағылардың үлесі – 25%, 55-тен 75-ке дейінгілердің үлесі – 60-70%. Оған қоса, Шымкент, Қызылорда, Түркістанда айтыста зал толады да, Алматы, Астанада билет сату қиынырақ.

Қазір халық тыңдауға айтысқа баратындай ақын қалмады.

Егер айтыс жаңғырмаса, оның күні бітті. Болашағы қалай боларын білмеймін. Қазір ақындар облыстың атынан шығады, әр облыстың халқы қолдайды деген мақсатта солай жасалып жатыр, бірақ оны қарап жатқан адам жоқ. Ринат Зайытов депутат мандатынан бас тартып, айтысты қолына алса, көрерменді қайтаруға болады деп санаймын, өйткені бұрын жұрт сол үшін айтысқа баратын.

Айтыстың теориясын қайта жазу керек шығар. Жаңа заманға ілестіру үшін форматын ауыстыру керек. Ақындардың өзі де жаңаруы керек. Қазір отарсыздану деген ұғым көп айтылады ғой, айтысты отарсыздандыру деген ең бірінші ескі ойлардан арылу. Демек, «дәстүрлі» соқпақпен жүре бермей, басқаша көзбен қарап үйрену. Айтысты мәдениетке жатқызамыз, олай болса ондағы мәдениетті көтеруіміз қажет. Өйткені онда қазір адамның намысына тию, ұлтаралық араздық, сексизм, соғысқа шақыру және манипуляция басым.