6609
7 ноября 2024

Қазақ кілемдерінің айтар ойы қандай?

Қазақтың кілем тоқу өнеріндегі сабақтастық

Қазақ кілемдерінің айтар ойы қандай?

Бейімбет Молдағали, автордың фотосы

2023 жылы наурызда бұрынғы инвестиция банкирі Сандуғаш Бейсенбекова кілем тоқуды сақтап қалу және келер ұрпаққа жеткізу мақсатымен қолөнермен айналысатын қазақ әйелдерін іздей бастайды. Оларды табу қиынға соқты, сонда да Қазақстанның әр аймағынан 14 тоқымашы тапты. Қазір олар Сандуғаштың Shyraq компаниясында жұмыс істеп жатыр.

Астанада қазір кілем тоқу өнеріне арналған She Rug («Ол тоқиды») көрмесі өтіп жатыр. Осы өнерді сақтап қалудың маңызы туралы білсек деп тоқымашылармен және Бейсенбековамен әңгімелестік.

Медитацияның бір түрі

Сапаркүл Жанысбаева Түркістан облысының Шұбарсу ауылында тұрады. Сол өңірдегі Жетісай ауданында дүниеге келген, 40 жылдай балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. 1970 жылдары, 5-6-сыныпта оқыған кезінде тоқымамен айналыса бастаған.

«Сол кезде ауылдарда кілем тоқу өркендеп тұрған. Әр үй қыз жасауынан бөлек, жылына 2-3 кілем тоқып тастайтын. Біз ол кезде баламыз. Кілем тоқушы қыздар шәй ішуге кеткенде, олардың орнына отырып, үйренетінбіз. Көршілер кілем тоқыса, бәріміз көмектесетінбіз», — деп еске алды Сапаркүл.

Жанысбаеваның айтуынша, уақыт өте келе кілем тоқумен айналысу саябыр тапқан. Жұмыстан қолы босамаған соң, өзі де кілем тоқуды қойған. Қазір зейнет демалысында. Былтыр қараша айында Сандуғашпен танысқан Сапаркүл 40 жылға созылған үзілістен кейін кілем тоқуды қайтадан қолға алды. Жанысбаева Бейсенбекованы өзі іздеп тапқанын айтады.

«Сандудың (Сандуғаш) Алматыда тұратын туысының сыныптасы Шұбарсуда тұрады. Біздің ауылда кілем тоқитын адам бар екенін осылай біліп қалып, дереу ден қойдым», — дейді.

Қазір Шұбарсуда алты тоқымашы жұмыс істейді. Жанысбаева компанияның ауылда жастарды осы өнерге баулитын мектеп ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Өйткені өңірде жұмыссыздар өте көп. Кілем тоқуға өзінің немересі де қызығып жүр екен.

«Тоқымаға қатты қызығамын. Кілем тоқығанды, жемпір тіккенді жақсы көремін. Пайда көрейін деген оймен айналысып жүрген жоқпын, зейнетақым өзіме жетіп жатыр. Тоқыма тоқығанда миым демалады. Иә, көзім, белім ауырады, бірақ бұл да медитацияның бір түрі. Күнделікті мың-сан проблема бар ғой, тоқыған кезде соның бәрін ұмытып кетемін», — деп түсіндірді.

Қазір компания шаршы кілемшелер мен жайнамаз тоқып жүр. Жанысбаева дайын бұйымдарды көрсетіп, оюлардың арасында «өткір пышақ», «сегізжапырақ» оюларымен қатар, байлық пен малдың көптігін білдіретін қошқармүйіз бар деп түсіндірді.

«Бар ынта-ықыласпен кірісу»

Қошқармүйіз көп кілемде кездеседі. Бұл ең көп таралған оюдың бірі. 12 жасынан бері кілем тоқумен айналысып келе жатқан Түймеқыз Рысбаеваның кілемдерінде де қошқармүйіз бар. 68 жастағы Рысбаеваны қолөнерге ата-анасы баулыды. Нағашы әжесі Жібек ісмер болған. Бар білгенін жалғыз қызы Қалимаға үйретті, ал Түймеқыз бен оның әпке-сіңлілері тоқыманы анасынан үйренді.

Көрмеге қойылған кілемді Рысбаева 1956 жылы әпке-сіңлілерімен бірге тоқыған. Ені — екі метр, ұзындығы үш метрден асады. Рысбаеваның айтуынша, үш адам мұндай кілемді 20–25 күнде тоқып тастайды.

«Анамыз әрқайсымыздың артымыздан жасауға алты кілем тоқуды сұрады. Біз кілем мен алаша тоқыдық (Қылшық жүннен тоқылған ала тақыр кілем — В.). Ол таза қой жүнінен жасалды. Қазіргі дүкенде сатылатын кілемдердей емес, — деп заманауи материалдан жасалған шопперін көрсетті. — Мұндай кілемде аяқтан суық өтпейді».

Рысбаева кілемде самаурынның түбіне ұқсас «самаурынтүп» және сегізжапыраққа ұқсас «сегізсай» оюлары да бар дейді. Бірақ тоқымашы бала кезінде сегіз бөлік екі ұл мен алты қызды, яғни анасының сегіз перзентін білдіреді деп ойлапты. Жалпы, оның айтуынша, кілемде ою-өрнек көп болмауы керек, әрі кетсе бес-жеті түрі жеткілікті.

«Бәрі мені Моңғолиядан, Өзбекстаннан немесе Қытайдан келген деп ойлайды, — деп күлді ол. — Мен Қызылжар, яғни Петропавлданмын. Сол жерде туғанмын. Бізді орыстанып кеткен, ештеңе білмейді (дәстүрді — В.) деп айтады, бірақ олай емес».

Бірнеше жыл бұрын Рысбаева балаларының қолына көшіп барды, қазір Астана маңындағы Талапкер ауылында тұрады. Қазір ол қолөнерді немерелеріне үйретіп жүр. Қолөнерге үйрететін ауылдағы орталықтардың бірінде кілем тоқудан сабақ береді. Сонымен қатар Астананың Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлерді тегін үйретіп жүр.

«Талапкерде музей ашпақ болдым. Әкім уәде еткенімен, әлі ешқандай әрекет жоқ. Менде музей ашуға жететін зат бар. Бұл өнер өшпеуі керек», — дейді ол.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында сақтаулы тұрған коллекциясында туыстарына тиесілі кілемдер де бар.

Сонымен қатар ол 28 тоқу инесін (инелік) сақтап қалды. Біреуін көрмені ұйымдастырушыларға тарту етті. Бұл инеліктерді Рысбаеваның әкесі 70 жылдан астам уақыт бұрын жасаған.

«Ол кезде инеліктер комбайн орағынан жасалатын. Комбайндар басқа болатын — бұрын олардың орағында ағаш болды. Олар ору кезінде сынбайтын, бірақ түсіп қалғанынан инелік жасауға болады. Сондықтан бұл инеліктер сынбайды. Қазіргі тақтайдан жасалғаны тез сынады немесе майысып қалады», — дейді ол.

Рысбаева 20 жылдан астам уақыт тоқымамен айналыспаған. Бұл өнер туралы көбірек айтылуын өте маңызды деп санайды.

«Біз киіз басып, кілем мен алашаны өзіміз тоқыдық, бірақ кеңес заманында, тың игеру кезінде бұл тыйылып қалды. Бәрі дайынын сатып алуға болады деді. Сөйтіп ұмыт болды. Қазір ешкім кілемді қабырғаға ілмейді, жерге төсемейді», — дейді ол.

Рысбаеваға да Жанысбаева секілді «кілем тоқуға бар ынта-ықыласпен кірісу» ұнайды, сонымен қатар тоқыма тән мен жан саулығына пайдалы дейді.

«Жүннің өзінің емдік қасиеті бар. Сондай-ақ тоқыма тоқу саусақ қимылына пайдалы. Қарт адамдар бала сияқты ғой. Миға да жақсы, өйткені басқа нәрсені ойламайсың. Бірақ кейде өзім де шатасып, қателесіп жатамын. Сондайда бәрін тастап, жатып демалып аламын. Сосын қай жерден қате жібергенімді түсініп, жаңа күшпен станокқа отырамын», — дейді ол.

Түймегүл Рысбаева сөзін қысқа қорытты: «Мен бұнымен өмір бойы айналысып келе жатырмын. Тоқыма туралы айтқанда өз өмірімнен де сыр шертемін».

Екі тиін, гүлдер мен Жалын құс

Әпкелі-сіңлілі Шәрипа Тәжиева мен Фәтима Әлімқожаева да тоқымамен өмір бойы айналысып келе жатыр, 1963 жылдан бері тоқиды. Алғаш тоқуды бастағанда шамамен 13 жаста еді. Бұл өнерді нағашы әжесі үйреткен. Әпкелі-сіңлілі екеу Түркістан облысынан келген: Шәрипа — Сарыағаштан, Фәтима — Арыс маңындағы Байтоғай ауылынан. Қазір қолы ауыратын болған соң екеуі де тоқыманы азайтқан. Олар кілемдердің тарихы терең деседі. Көшпенділер кілемді тұрмыста пайдаланған. Ал өздерінің отбасында кілемді қызға есеюдің белгісі ретінде тарту ететін болған.

Көрмеге қойылған кілемді ер адамға тарту етті. Кілем жайнаған түсімен және ою-өрнегінің молдығымен көз тартады. Бұл кілемді 50 жыл бұрын үш қыз 25 күнде тоқыған. Кілемнің жоғарғы жақ бөлігінде екі есім бар — Асыр және Ғалия. Бұл кілем жас жұбайларға арналған деп топшылауға болады, бірақ олай емес.

«Мен бұл кілемді күйеуімнің інісіне арнадым. Ол Сандуғаштың (Бейсенбекова) әкесі. Сол кезде ол үйленбеген, оқып жүрген еді. Біз оны үнемі сөгуші едік, өйткені жасы отыздарда болды. Ал жанына үлкен қызым Ғалияның есімін жаздым, ол да тұрмыс құрмаған болатын. Келінім бар болса, соның атын жазар едім. Болмаған соң, қарындасының атын жаздым», — дейді Шәрипа.

Сондай-ақ кілемде құс пен екі тиіннің суреті бар. Әпкелі-сіңлілі бұл екі жүректің қосылуын білдіреді дейді: екі тиін сөйлесіп тұрған ғашық жандарды еске салады. Кілемде осы мекенде жиі кездесетін қызғалдақ та бар.

«Ішіне шатыргүл қойылған пішін — Темірқазық. Бұрын көшпенділер Түркістаннан Ташкентке барғанда оларда компас та, сағат та болған жоқ. Темірқазыққа қарап жол тапты. Жұлдызгүл оюын соның құрметіне қостық», — деп түсіндірді әпкелі-сіңлілі.

Басқа оюлардың арасында тырна қатар мен көз тиюден сақтайтын алақұрт бар, сондықтан оны қыз жасауына жиі салады. Кілемнен, сондай-ақ, арқармүйіз оюын байқауға болады. Әпкелі-сіңлілі айтқандай, бұл ер адам ауқатты әрі мықты болсын, ал қыз жоқшылық көрмесін, онымен бірге бай өмір сүрсін деген тілекті білдіреді.

«Біз бұл өмірден кетеміз, сондықтан келер ұрпақ осыны үйренсе екен дейміз. Дәстүріміз жоғалмасын. Тоқыма тоқу жүректе болуға тиіс нәрсе», — дейді Шәрипа апа.

Әжемен қауышу

Халықаралық қаржы институтының бұрынғы қызметкері Сандуғаш Бейсенбекова осы жобаны қолға алғанда тоқымамен айналысатын әйелдерді табу өте қиын болғанын айтады. Көбін бұл іспен қайта айналысуға көндіру оңай болмаған, өйткені олар бұл біреуге қызық болады дегенге күмәнмен қараған. Іздеуді туыстарынан бастайды. Әйтсе де бұл да оңайға соққан жоқ. Мысалы, әкесі әлі күнге дейін қызының айналысып жүрген ісіне күмәнмен қарайды.

«Қонаққа барған сайын кілем тоқушылар туралы сұрайтынмын. Осылай бірнеше рет қайталанғаннан кейін әкем: «Қызым, кілем туралы тағы бастадың ба?» – деді. Әйтсе де, сөйтіп жүріп алыс туысымды таптым. Ол біразға дейін келіскен жоқ, тоқымамен 30 жыл бұрын айналысқанын, бәрін ұмытып қалғанын айтты. Өзі құс фабрикасында істейді екен. Сонда алатын айлығын төлеуге дайын екенімді айтып, кілем тоқуды бастап, бәрін есіне түсіруін өтіндім. Бәрі солай басталды».

Біраз уақыт өткен соң туысым бірегей кілемдерін тоқуды қайта бастады.

Бейсенбекова шеберлерді Түркістан облысынан да іздеді.

«Жазда маса көп дейді, қыста жол болмайды. Instagram желісіндегі жарнамам да, жергілікті телевидениедегі хабарландыру да пайда әкелмеді. Видеожарнама жасап, әр ауданда жүгіртпе жолға жарнама бердім. Сондай-ақ ауылдарда жарнаманың басты қозғаушы күші — такси жүргізушілердің WhatsApp чаты екенін білдім. Бірақ оның да көмегі болмады», — дейді Бейсенбекова.

Әйтсе де, ұзынқұлақтың көмегі тиген. Қазір компанияда 14 әйел істейді, олардың орташа жасы — 70 жас. Арасында көпбалалы аналар да бар.

«Мен ол кісілердің жасын, соған орай мүмкіндігін де жақсы түсінемін, сондықтан екі сағаттан артық істемеуді сұраймын. Бірақ олар қызығына түсіп кетеді, тіпті бір-бірімен жарысып қоятыны бар. Сосын ауырып, жатып қалады. Бір апаның келіні лейкемиямен ауырады. Оған дәрі мен дәрумен сатып алу керек, ал тоқыма тоқу қосымша табыс көзіне айналды. Одан да маңызды жағы бар. Бұрын қолын сындырып алып, теледидарға телмірумен болған, енжарлыққа салынған, ал қазір оның жаңа мақсаты бар. Мен үшін құнды жері осы», — дейді Бейсенбекова.

фотоны Сандуғаш Бейсенбаева бөлісті

Бастапқыда Сандуғаш Бейсенбекова шеберлеріне белгіленген мөлшерде айлық төлеген, бірақ енді компания келісімді еңбекақы жүйесіне өтті. Өйткені қазір өзінің клиенттер базасын дамытып жатыр, корпоративтік тапсырыс берушілермен де, жеке сатып алушылармен де жұмыс істейді.

Әзірге ассортиментте екі негізгі өнім бар: жайнамаз және Forte Kulanshi Art Space көрмесіне қойылған шағын кілемдер.

Экспозицияның бірі — жайнамаз, олардың үстіне намаз оқып жатқан адамның түрлі позасын бейнелейтін фольга пішіндер қойылған. Бұл инсталляция кілем тоқу шеберлерінің өз ісіне адалдығын көрсетеді. Жайнамаз ою-өрнектерінің арасында молшылық белгісі — қошқармүйіз бар. Сонымен қатар, аңшы құстарды алып жүруге арналған аша түріндегі тұғыр — балдақ өрнегі бар.

«Қыран құс баптау кез келгеннің қолынан келе бермейді, өйткені бұрынғы заманда қыранды қолында билігі бар немесе ауқатты адамдар ғана емес, алдымен рухы мықты, батыл адамдар ұстай алған. Жұлдыз символы — басқалардан жарық жанатын, жол көрсететін жұлдызды білдірген. Ал тұмаршаларды жандүниеге қатысты нәрсе деп қабылдау керек. Жебеуші дегенді білдіреді», — деп түсіндірді Бейсенбекова.

Ол үшін тоқыма өнері — балалық шағын, Түркістан облысына нағашы әжесі мен атасына барған кезін еске түсіру тәсілі. Ол жаққа сегіз жасынан бастап жаз сайын баратын. Бейсенбекова ол кезде бұл өнерді аса ұнатпағанын айтып, ағынан жарылды.

«Олар шопан еді. Әжем киіз басатын, бұның кілем тоқуға қарағанда бейнеті азырақ, бірақ қолың күс-күс болып, қанап, қатты ауырады. Маған, әлбетте, бұл ұнамайтын, мұның кімге керегі бар деп, сөйлеп жүретінмін. Әжемнің бақилық болғанына 20 жыл болды, қазір бұның бәрі ең алдымен маған керек болғанын түсінемін. Қазір әжелермен жұмыс істегеннен жаным жай табады, өйткені бұл тірі тарихпен жанасуға мүмкіндік. Әрі бұл жай ғана еңбек емес, әңгіме-дүкен еді. Өйткені бір кілемді үш-төрт адам тоқиды, айлап бірге жұмыс істейді. Қазір мұндайдан да ажырап бара жатырмыз», — деп еске алды Бейсенбекова.

Оның айтуынша, кілем тоқуды таңдауының себебі — қазақ кілемдері түркімен, парсы немесе әзербайжан кілемдерінің көлеңкесінде қалып жатыр. Әзербайжанда Қазақ деген ауыл бар, ол жақтан қазақ кілемдерін кездестіруге болады дейді ол. Олар әзербайжан кілемінен қаттылығымен ерекшеленеді. Бұл аяққа пайдалы.

Бейсенбекова көшпенділер табиғатпен жарасып өмір сүргенін, артына қамал мен бекініс қалдырмаса да, ою-өрнек арқылы олардың өмірі туралы көп нәрсе білуге болатынын атап өтті. Мысалы, сол замандарда кілемдер қыздардың өзіндік «төлқұжаты» болды: кілемдегі сурет арқылы отбасы қай рудан шыққанын, немен айналысқанын білуге болатын.

Бейсенбекова Қазақстанда кілем тоқуға үйрететін екі институт бар екенін айтты — Астанадағы Шабыт Қазақ ұлттық өнер университеті мен Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясы. Алайда онда тік станок көмегімен еуропалық технология бойынша оқытады, ал қазақ технологиясы көлденең станок пайдаланады.

«90-жылдары нарыққа қытай мен түрік бұйымдары көптеп келді де, дәстүр жоғалды. Кілемдерді қазір музейден, кафе-мейрамханалардан көруге болады. Мен бұны өзгерткім келеді. Болмыс — біз өмір сүретін кеңістік, ал біз қандай орта қалыптастырып жатырмыз?» — деп түсіндірді Бейсенбекова.

Ол трансұлттық корпорациялар интерьер мен киімде минимализм басым болғанына мүдделі деп санайды, өйткені бұл түрлі мәдениет пен аймаққа оңай бейімделетін әмбебап дизайн тілі, ол жаппай өндіріске керемет негіз бола алады.

«Ол терең мәдени байланысты немесе күрделі декорациялық шешімді қажет етпейді, брендтерге Эфиопияда да, Токиода немесе Бішкекте де оңай тұтына беретін стандарт шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді», — дейді Бейсенбекова.

Астанадағы көрме мәдени кодтың маңызы қоғамдық талқыға түсуін көздейді, өйткені, оның ойынша, қазір білетін нәрсеміз — кеңестік библиография мен кеңестік антрополог ғалымдар еңбегінің жемісі. Ал соңғы 30 жылда маман саны біраз азайды.

She Rug көрмесі үш бөліктен тұрады — жад, болмыс пен әйел жаны. Көрмеден зергер әрі суретші Сержан Бәшіровтің коллекциясынан алынған кілемдерді, сондай-ақ Қазақстанның жетекші гобелен шеберлерінің жұмыстарын көруге болады. Сонымен қатар ең ежелгі кілем — Пазырық кілемінің көшірмесі бар, оның түпнұсқасы Эрмитажда тұр. Біздің заманымызға дейін V ғасырға жататын кілемнің өзі 1949 жылы Ресейдің Алтай республикасында Пазырық қорғанын қазу кезінде табылды.

Бейсенбекованың айтуынша, ғылымда бұл кілемнің отанына қатысты түпкілікті пікір жоқ: біреулер ол ахеменидтер мәдениетіне жатады, Алтайға Парсыдан ІІ Кирдің жорығы арқылы келген болуы мүмкін десе, тағы бірі кілем сақ мәдениетіне жатады дейді. Кілемнің нақышымен ерекшеленетін, бірақ ою-өрнегін сақтаған көшірмесін Түркістаннан шыққан шебер Мереке Айдарша тоқып шықты.

Бейсенбекова енді көрмесін басқа қалалар мен елдерге апаруды жоспарлап отыр. Бұған қоса ол жіп өңдеу үшін Түркістан облысында цех ашқысы келеді. Қазір жіпті Алматыдан сатып алып жүр, тауар Ингушетиядан келеді. Бейсенбекова болашақта өндірістің бүкіл циклы ата-бабаларымыздың кезіндегідей тек қолдан жасалса деп армандайды.

«Қазір әжелер бір-бірінен бөлек отырады, үйде немерелері бар дегендей, мен де олардың бір-бірінен алыстағанын қаламаймын. Олар қалай тоқуды еске түсірді. Енді мен жас шеберлерді жинаймын және цех айналып келе бергің келетін галерея секілді әдемі орын болғанын қалаймын. Ол жер көпшілікке арналған орын болуы керек», — дейді ол.