4414
18 ноября 2024

Власть аймақтағы медианы дамытуға бағытталған жобаның екінші маусымын бастайды

Жобаға Қазақстанның әр аймағынан жазба журналистер мен редакторлар қатыса алады

Власть аймақтағы медианы дамытуға бағытталған жобаның екінші маусымын бастайды

Власть редакциясы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен тәуелсіз журналистиканы дамыту бағытындағы жобасын жалғастырады және аймақтағы оқиғаларды бірлесе жариялау үшін аймақтағы БАҚ журналистері мен редакторларына арналған тренингтің екінші легін бастайды.

Бағдарламада оқу мен тәжірибе қатар жүреді. Алматыда қаңтардың екінші жартысында журналистік этиканың негізгі қағидалары, фактчекинг, сторителлинг, журналистік зерттеу, деректерді іздеу және талдау, репортаж және жаңалықтар жазу бойынша бірқатар тренинг өтеді. Тренингтер орыс тілінде өтеді.

Сонымен қатар, оқу кезеңінде қатысушылар өз өңіріне оралғаннан кейін жариялайтын тақырыптар іріктеліп, талқыланатын сессиялар өтеді. Власть жеке және бірлескен мақала дайындауда редакциялық қолдау көрсетеді.

Бағдарламаның екінші маусымы аймақтағы қазақ тілінде жазылатын және жарық көретін мақалаларға қосымша көңіл бөледі. Сондықтан бағдарламаға қазақ тілінде де, орыс тілінде де жазатын журналистерді шақырамыз.

Бағдарлама аясында қатысушылардың Алматыға келіп-кетуі, тұратын жері және коворкингтегі жұмыс істеу орны төленеді. Сондай-ақ, материал дайындауға кететін кей шығындары жабылады.

Орын саны шектеулі, қатысушылар алдын ала іріктеуден өтеді. Қатысуға өтінім беру үшін сауалнаманы толтырып, авторлық материалдарға сілтемесі бар түйіндемеңізді жіберу қажет. Өтінімдер 13 желтоқсанға дейін қабылданады.