4964
23 ноября 2024

Мұнай хандары

Батыстың мұнай компаниялары Қазақстанда табысын арттыру жолында мүдде қайшылығы мен жемқорлыққа көз жұма қарады

Мұнай хандары

2007 жылдан бастап қазақстандық бизнесмен Тимур Құлыбаев өте бай адамдар қатарына қосылып, алғаш рет Forbes миллиардерлер тізімінен көрінді. Үндістандық бизнес серіктесі Арвинд Тикудің көмегімен сатып алған Беркширдегі Sunninghill Park иелігі — Құлыбаевтың компаниялар желісі Ұлыбританияда сол жылы сатып алған жалпы сомасы 184 млн доллар мөлшеріндегі алты жылжымайтын мүлік нысанының бірі екенін #CaspianCabals халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы әшкереледі. Оның үшеуі — люкс қонақүйлер мен Мишлен жұлдызы берілген мейрамханаларға толы Мейфэр деген Лондонның бай-манаптар ауданында орналасты.

2007 жылы Құлыбаев «Миллионерлер көшесі» деп аталатын Лондонның Кенсингтон ауданынан 54,5 миллион долларға тағы екі нысан сатып алды.

Шамамен сол уақытта, #CaspianCabals құжаттарына сәйкес, Құлыбаев пен оның төңірегіндегілер Багам аралдары, Британиялық Виргин аралдары секілді құпия заң құзыретіне бағынатын жерде тіркелген компаниялар арқылы жылжымайтын мүлік сатып алған. Құлыбаев пен оның жақындары жылжымайтын мүлік сатып алу және корпоративтік активтерді басқару үшін Ұлыбританияда, Нидерландыда, Испанияда, Люксембургте және басқа да Еуропа елдерінде компаниялар құрды.

Осы мәмілелердің кезінде Швейцариядағы және Қазақстандағы құқық қорғау органдары Құлыбаев және мұнай өнеркәсібіндегі басқа да ойыншылар заң бұзды күдікпен тергеу жүргізді — бірақ ешқайсының ісі әрі қарай өрбіген жоқ, өйткені, Құлыбаевтың адвокаттарының айтуынша, олар Құлыбаевқа қарсы ешқандай дәлел таба алмаған. Күдікке ілінгеніне қарамастан, Құлыбаевтың ықпалы Қазақстанда арта түсті.

2008 жылы Құлыбаевтың қайынатасы — президент Нұрсұлтан Назарбаев оны жаңа мемлекеттік лауазымға тағайындады: жақында құрылған 80 млрд доллар капиталы бар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасының орынбасары.

Сол уақытта үкімет қысым көрсету науқанын бастап, мұнай компанияларынан түрлі төлем талап етті. Саланың басшылары америкалық дипломаттармен оңаша әңгімелескенде бұны салықтан тыс алымдар, жергілікті МӨЗ үшін шикізатқа жеңілдік талап ету, экологиялық айыппұл, арттырылған тариф және үкімет «артық өндіруден түскен заңсыз кіріс» деп атаған нәрсенің өтемі деп сипаттады.

Chevron компаниясының екі басшысы Қазақстандағы Америка елшісіне 2008 жылы компания төлемге қатысты өрескел талаптарға ұрынғанын жеткізді. «Chevron жаңа алымдарды жөнсіз деп санайды», — делінген Мемдепартаменттің тарап кеткен жеделхатында. Дегенмен жеделхаттан компания мұнай кен орындарына инвестиция салуын жалғастыратыны белгілі болды, өйткені «олар Теңіз аса өнімді (әрі табысты) болып қалып отырғанын растады».

Батыстың энергетикалық компанияларының басшылары Құлыбаев басшылық ететін, Қазақстанда экологиялық, салық және сала үшін қолайлы басқа да ережелерді қоштаушы KazEnergy ассоциациясы үшін іс-шаралар өткізіп отырды. WikiLeaks жеделхаттарына сенсек, 2008 жылы қазақстандық бір мұнайшы америкалық дипломаттарға хабарлағандай, Chevron басшыларының бірі Құлыбаевпен: Астанадағы гольф алаңынан бастап Испаниядағы жағажайға дейін түрлі жерде жүздескен.

Chevron-ның ешбір басшысы Құлыбаевқа «артық ештеңе (пара, қызмет немесе тағы басқа)» берген жоқ делінген компания заңгерлерінің журналистер сауалына берген жауабында.

Каспий құбыр желісі консорциумының сорғы станциялары, фото ICIJ

АҚШ үкімет мүшелері арасында дипломаттар Құлыбаев Қытайдың қатысуымен болған энергетикалық мәміле үшін пара алған болуы мүмкін деген расталмаған хабар таратты — бұл айыпты оның заңгерлері жоққа шығарды. WikiLeaks жариялаған басқа бір жеделхаттың ақпараты бойынша, ол трейдерлердің мұнай компанияларына мұнай тасымалы үшін шамадан тыс баға төлетуінің «артында тұрды». Оның 2011 жылы ресейлік «Газпром» мемлекеттік мұнай компаниясының директорлар кеңесіне тағайындалуы, осы лауазымға ие болған ресейлік азаматтығы жоқ жалғыз адам болуы да оның ұлғайып жатқан саяси ықпалының белгісі деп қабылданды.

Соған қарамастан Chevron мен оның серіктестері Құлыбаевпен байланысы бар компаниялармен мұнай келісімшарттарын жасағанын #CaspianCabals зерттеуі анықтады. Мәмілелер арасында: Қазақстанда екі сорғы станциясын салу туралы Каспий құбыр желісі консорциумының 2011 жылғы келісімшарты, оның акционерлер құрамында Chevron мен Exxon бар.

Станцияларды салуды мердігер «ҚазҚұрылысСервис» ұтып алды. Ашық мәліметтерге сүйенсек, Сингапурде орналасқан Құлыбаев басқаратын Steppe Capital жекеменшік инвестициялық фирмасы 2010 жылы «ҚазҚұрылысСервисті» өзінің активтер қатарына қосқан. Steppe Capital-дың Нидерландыда берілген 2012 жылға арналған жылдық есебінде Құлыбаев «ҚазҚұрылысСервистің» «жалғыз акционері» деп көрсетілді.

«ҚазҚұрылысСервис», Каспий құбыр желісі консорциумы және Exxon пікір сұрап бірнеше рет жолданған сауалдарға жауап берген жоқ. Chevron «ҚазҚұрылысСервиспен» келісімшартқа қатысты сұрақтарға жауап бермеді.

Құлыбаевтың заңгерлері Құлыбаев «ҚазҚұрылысСервистің» 50% акциясын 2007 жылы маусымда сатып алғанын, бірақ компанияны басқаруға немесе келісімшартты талқылауға қатыспағанын мәлімдеді.

«ҚазҚұрылысСервис» ешқашан Каспий құбыр желісі консорциумын басқарған емес», — деп мәлімдеді заңгерлер, сондай-ақ Құлыбаев та, Steppe Capital да сорғы станцияларын салу жобасында немесе Каспий құбыр желісі консорциумының келісімшартын алу кезінде ешқандай рөл атқармағанын қоса айтты.

«Ол ешқашан өзінің коммерциялық кәсіпорындарын жасыруға немесе олардан заңсыз пайда табуға тырысқан емес», — деп мәлімдеді Құлыбаевтың мүддесін қорғайтын Schillings заңгерлік фирмасы.

Заңгерлердің айтуынша, Құлыбаев компанияға ішінара иелік еткендіктен және мемлекеттік кәсіпорындарда лауазымды қызмет атқарғандықтан, мүдде қайшылығы болмас үшін «ҚазҚұрылысСервистің» бірнеше инвесторының және басқа серіктестердің талабымен құжаттаманы толығымен» берді.

Уақыт өте келе сорғы станцияларын салу шығыны біраз өсті. Құрылыстың бастапқы құны 276,5 млн доллар деп бағаланса, құжаттардан белгілі болғандай, ол салықты қоспағанда 486 миллион долларға дейін ұлғайған.

Жоба құнының өсуіне қарай Каспий құбыр желісі консорциумы келісімшартқа 15 түзету енгізген. Бірақ осы өзгерістерге қатысты ICIJ зерттеген құжаттарда тек құнды арттыруға ғана қатысты атүсті негіздемлер болған; олардың көбінде «қосымша» жұмыс атқару қажеттігі ғана көрсетілді. Каспий құбыр желісі консорциумының ішкі жарияланымына және мердігердің жұмыс барысы туралы ішкі есебіне сәйкес, дәнекерлеу жұмыстарының бір бөлігі дұрыс орындалмаған, қайта жасауды қажет еткен.

Жұмыс созылып кетті. Бастапқыда Каспий құбыр желісі консорциумы жоба 2,5 жыл уақытты алады деп мәлімдеді. Бірақ ол 6,5 жылдан кейін ғана, 2017 жылы — төрт жылға кешігіп аяқталды.

Каспий құбыры, Бен Кингтің иллюстрациясы, ICIJ

Құлыбаевтың адвокаттары кешігу жауапкершілігін Каспий құбыр желісі консорциумы енгізген жобадағы көптеген өзгертуге және олардың айтуынша, «ҚазҚұрылысСервиске» қатысы жоқ басқа қиындықтарға артты. Олар бюджеттегі өзгеріс пен артық шығындар осындай мегажобалар үшін қалыпты нәрсе деп атады және Құлыбаев та, Steppe Capital да дәнекерлеу жұмыстарына қатысты талқыға, тапсырыстағы немесе келісімшарттың қандай да бір басқа аспектілеріндегі өзгерістерге қатысқан жоқ деді.

Жобаны аяқтау мерзімі де, оның құны да біраз өсіп жатқан кезде Құлыбаев пен оның төңірегіндегілер сән-салтанатқа толы өмірін жалғастырып жатты.

Элитаның тоқтаусыз жақсарып отырған әл-ауқаты төмен еңбекақыға, мардымсыз әлеуметтік жеңілдікке және қауіпті еңбекке кіріптар болған жұмысшылардың өміріне мүлдем қарама-қайшы болды. Кәсіподақ құру талпынысы сәтсіздікке ұрынды. Белсенділер мен журналистерге шабуыл жасалды немесе түрмеге қамалды.

Теңіз кен орнындағы еңбек жағдайын зерттеген Канаданың Калгари университетінің антропологы Сәулеш Есенова ICIJ-ге 1993 жылғы Chevron мен Қазақстан үкіметі арасында жасалған және америкалық компанияға осы үлкен кен орнын игеруге құқық беретін келісім жұмысшылардың наразылығын тудырған себептердің бірі болғанын айтты. Келісімшартта үкімет үшін бонустар, салықтар, артықшылықтар мен экономиканы дамытатын жобалар қарастырылды, бірақ оның шарттары құпия ұсталды.

Есенованың зерттеуіне сәйкес, үкімет пайданың 80 пайызын және 450 млн доллар көлемінде «мәміле» бонусын алуға тиіс болды. Бірақ бұл соманың 420 миллион доллары Каспий құбыр желісінің құрылысы аяқталғанға дейін ұсталып қалды. Оның үстіне үкімет келісімшарттың шарттарын құпия сақтауға міндетті болды, Есенованың айтуынша, бұл Қазақстандағы «демократиялық процестерге айтарлықтай кедергі келтірді».

Жаңаөзен, Алмас Қайсар түсірген сурет

Ішкі толқу жаппай наразылыққа алып келді. 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен мұнайшылар қаласында күш құрылымдарының қызметкерлері қарусыз тұрғындарға және төмен еңбекақы мен нашар жұмыс жағдайына қарсы ереуілге шыққан мұнайшыларға оқ атты, ресми мәлімет бойынша, 17 адам оққа ұшты.

Бұдан екі ай бұрын мұнайшылардың, саясаткерлердің және басқа тұлғалардың қатысуымен өткен қоғамдық форумда Құлыбаев Жаңаөзендегі толқуды еңбек мигранттарының толып кетуімен түсіндірді.

«Жаңаөзенді мигранттарға әуелден жабық жасау керек еді, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы соншалықты көп адамды көтермейді», — деді ол.

Бағынышты адамдар дер кезінде хабар бермеді деп президент Назарбаев күйеубаласын қор басшысы лауазымынан алып тастады және атысқа дейін болған мұнайшылардың жеті айлық ереуілін жөнді бақылауға алмады деп айыптады.

Осыдан кейін Құлыбаев көпшілік алдына шықпай кетті, бірақ тасадан әрекет етуін тоқтатпай, елдегі барлық ірі мұнай компаниясын біріктіретін KazEnergy ассоциациясына басшылық етуінің арқасында мұнай индустриясындағы ықпалды тұлға болып қала берді.

Chevron басқаратын «Теңізшевройл» консорциумының мүшелері Қазақстандағы инвестициясын еселеу жолдарын іздеген кезде олардың назарына Құлыбаевқа таныс «ТеңізСервис» компаниясы ілікті.

«Жолдың бәрі ТҚ-ға апарады»

Каспий құбыр желісі кеңейген сайын Chevron мен оның серіктестері өздері өндіре алатын мұнай көлемін Теңіз кен орнындағы өндірісті іске қосу арқылы күрт арттыруға ұмтылды. Бұл 2012 жылы қазанда Лондон түбіндегі кездесуге алып келді, бұнда «ТеңізСервис» компаниясының өкілдері компанияның үкіметпен «жақсы қарым-қатынасын» пайдаланып рұқсат беру рәсімін тездету жоспарын таныстырды. Презентацияда: «ТС тәжірибесі жобаларды орындау үшін мемлекеттік органдардың мақұлдауын уақытында алуға кепілдік береді», — деп айтылды.

Каспийдегі Баутино порты, Алмас Қайсар түсірген сурет

Мұнай тасымалдау үшін Chevron мен оның серіктестері күмәнді төлемдерге, болашақта болатын мүдде қайшылығына және #CaspianCabals құжаттарына сүйенсек, иелерінің кім екенін жасырған офшор компанияларға қатысы бар қымбат жобаны іске асырды. Осындай күмәнді компаниялардың бірі «ТеңізСервис» болды.

Ол 2003 жылы Құлыбаевтың бизнес серіктесі әрі «ҚазМұнайГаздағы» әріптесі Айдан Кәрібжановтың жәрдемімен ішінара жекешелендірілді. «ТеңізСервис» оның Visor инвестициялық фирмасына ішінара тиесілі болды. «ТеңізСервис» таужыныстарын тиеумен, қалдықтарды басқарумен, өртке қарсы қорғанумен, кемелерге жанармай құюмен және батыс компанияларына логистикалық қызметтер көрсетумен айналысты.

Кәрібжанов пікір сұрап жолдаған сауалымызға жауап берген жоқ. Ал Schillings Құлыбаевтың «ТеңізСервисті» жекешелендіруге ешқандай қатысы болған жоқ деп мәлімдеді.

Қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әбіләзовтің ісі бойынша Лондондағы сот процесінде дәлел ретінде ұсынылған ұйымдастыру схемасы «TҚ»-ны компания құрылымының басшысы етіп көрсетті, схемаға сәйкес, бұған «Visor Investments атына тіркелген» фирма да кіреді.

«Қазақстандық іскерлік ортада Visor-ды, Кәрібжанов бар, өзге тұлғалар бар — Құлыбаев солар арқылы басқарғаны, соған тиесілі болғаны белгілі», — делінген адвокат және бұрынғы инсайдер Руслан Царни 2010 жылы Лондонда жасаған мәлімдемесінде.

ICIJ осы мәлімдемеге қатысты түсініктеме беруді сұрағанда, Царни Кәрібжановты танымайтынын, Visor-да ешқашан істемегенін және тікелей дәлелі жоқ екенін айтты, бірақ «сол кезде бәрі Кәрібжанов ‘Құлыбаевтың адамы’ деп санады» деді.

Schillings Царнидің сөзімен келіскен жоқ, сотталған банкир Әбіләзов ісімен байланысы болғандықтан, оны сенімді немесе тәуелсіз куәгер деуге болмайды деді, заң фирмасы Әбіләзовты жалған ақпарат таратты, Құлыбаевқа қарсы «мақсатты түрде жасалған кампанияға» қатысты деп айыптады.

Schillings Лондон соты Әбіләзовтың ісін кері қайтарғанын және одан 4,9 млрд доллар өндіріп алуды ұйғарғанын көрсетті. Сот Әбіләзовты заңсыз активтерді жасырып, сотқа құрмет көрсетпегені үшін кінәлі деп таныды және оны 22 ай түрмеге қамау жазасына кесті.

Құлыбаев «Visor-ға ешқашан иелік еткен емес, басқарған емес және еш қорды бақылаған емес» деп мәлімдеді Schillings және оның Visor-дың басқа құрылымдарында тікелей немесе жанама мүддесі болмағанын немесе бақыламағанын айтты.

«Теңізшевройл» дайындаған және ICIJ-дің медиа серіктесі Der Spiegel-дің қолына тиген жеткізушілердің құпия анкетасына сәйкес, «ТеңізСервистің» 49 пайызы Қазақстанның ұлттық мұнай компаниясы «ҚазМұнайГазға» тиесілі болған, ал акциялардың бақылау пакеті Waterford International Holdings Ltd компаниясында болған. Waterford-тың өзі офшор компаниялармен байланысты болған, соның ішінде Visor акционерлеріне қатысты бір компания да бар. Schillings Кәрібжанов «ТеңізСервис» акцияларына Waterford арқылы иелік еткен болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Алмас Қайсар түсірген сурет

Мұнай саласының басшылары ірі мұнай кен орындарында жұмыс істейтін компаниялар меншігінің күрделі құрылымдарын ұғынуға тырысты. АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2010 жылғы дипломатиялық жеделхатына сүйенсек, сол кезде J. Ray McDermott америкалық мұнай сервис компаниясының вице-президенті болған Дэн Хаузер: «Кімге не тиесілі екенін айту қиын», — депті.

Хаузердің айтуынша, сол меншік құрылымдары, «жолдың бәрі ТҚ-ға апарады», яғни Құлыбаевқа апарады. Бұл мәлімдемені Құлыбаевтың заңгерлері «барып тұрған асыра сөйлеу» деді.

Түп тереңдету жұмыстарының мердігері — Van Oord-тың жобасын демеген Нидерландының Atradius DSB кредит сақтандырушысы «ТеңізСервистен» өз бенефициарын ашуды сұраттырды, бірақ жауап алған жоқ, ICIJ-дің голландтық медиа серіктесі NRC берген дереккөздер мен құжаттар осылай дейді. Atradius пікірінше, «ТеңізСервис» жай ғана «делдал».

Der Spiegel-дің қолына тиген ішкі құжаттар, соның ішінде мұнай компаниясының нормалар мен аудиттердің сақталуына жауапты менеджерлерінің электронды хаттары жобаға қатысты алаңдауды тарқата түседі. Себептер қатарында «ТеңізСервис» компаниясының ауқымы шағын болуы, экологиялық проблемалары, күмәнді төлемдер, тексеруге қатысты сұрақтар және аты аталмаған үкімет шенеунігімен «жанама байланыс болу ықтималдығы» бар.

«ТеңізСервис» жүк түсіруге арналған объект салуды ұсынғаннан кейін екі аптаға жетпейтін уақыттың ішінде «Теңізшевройл» менеджері Джон Клементс Каспий теңізіне мұз қатқанға дейін үлгеру үшін зерттеу жұмыстарын бастауды тез арада мақұлдауды қолқалады. «Егер тез арада оларды жібермесек, зерттеу жұмыстарын мұз қатқанға дейін жүргізуге [«ТеңізСервисті»] тарту мүмкіндігінен айырылып қаламыз», — деп жазды ол.

Үш күннен кейін «Теңізшевройлдың» жоба директоры Пол Бенуа «жобаға жедел түрде қажет болғандықтан» келісімшарт та, жемқорлыққа қарсы тексеріс те әлі аяқталмаса да, «ТеңізСервистің» мәмілені іске асыруын жалғастыра беруін мақұлдады.

Норманы сақтау бөлімінің қызметкерлері «ТеңізСервиспен» мәміле қауіп тудыратынын ескертті, өйткені қазақстандық компания рұқсат алу үшін күмәнді төлемдерге қатысуы мүмкін. Exxon компаниясы осы себепке байланысты бастапқыда жобаға қарсы болды, бұл жөнінде Chevron-ның бұрынғы заңгері Марк Иганның тарап кеткен қызметтік хатынан белгілі болды.

Chevron менеджері Джозеф «Эл» Дукот мәміле жасағанға дейін тоғыз күн бұрын былай деп жазды: «Нормаларды сақтауға және Прорва портында жұмыс істеу үшін «ТеңізСервиспен» келісімшарт төңірегіндегі тиісті тексеріске қатысты проблемалар көпшіліктің назарына ілікті».

Құлыбаевтың үкіметпен байланысы жобаны жеделдетуге көмектесті ме деген сұраққа адвокаттары ол «Теңізшевройлды» басқаруға немесе директорлар кеңесіне қатысқан жоқ деп жауап берді. Сонымен қатар келісімшартты «ТеңізСервис» компаниясына алып беру процесіне қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Бірақ #CaspianCabals тергеуі аясында қолға тиген келісімшарт менеджерлері арасындағы хат алмасуға сүйенсек, «Теңізшевройл» серіктестері «ТеңізСервис» көлемді қолдау болмаса, жобаны қаржыландыра алмайтынын көп кешікпей түсінген. Нәтижесінде «ТеңізСервис» көп бөлігі Құлыбаевқа тиесілі Halyk Bank-ке 100 млн долларға кредит желісін ашу мақсатымен жүгінді.

Құлыбаевтың адвокаттары 2018 жылғы желтоқсандағы ахуал бойынша «ТеңізСервистің» Halyk Bank-те өтелмеген кредиті болған, бірақ қандай да бір кредит желісі туралы хабарымыз жоқ деп мәлімдеді.

2014 жылға қарай «Теңізшевройл» бастапқыда «ТеңізСервиске» жүктелген жұмыстардың елеулі бөлігін өз мойнына алып, келісімшартты қайта қарады. Компания біраз міндетке өз қызметкерлерін тағайындады, ал қазақстандық фирманың рөлі негізінен лицензиялаумен, авторизациялаумен және рұқсат алумен шектелді. Осы үшін «ТеңізСервис» бастапқы соманың үстінен 800 миллион долларға жуық ақша алды.

Алмас Қайсар түсірген сурет

Жоба басталғаннан кейін үш жылдан соң «Теңізшевройлдың» ішкі аудиторы Екатерина Вардашко кейбір шоттар мен алымдарға қатысты күмән білдірді, соның ішінде құжаттарда орыс тілінде «жергілікті биліктен рұқсат алғаны үшін комиссиялық алым» деп көрсетілгені де бар. Ол: «Біз осы алымдарды түсіндіретін кез келген құжатқа қол жеткізуіміз керек», — деп жазды және орыс тіліндегі сипаттама оларды «тіпті күмәнді ете түседі» деді.

2016 жылғы тамызда «Теңізшевройлдың» жоба басшыларының поштасына жіберушінің аты жасырылған ішкі хат келіп түсті, бұл кейін Der Spiegel-дің қолына тиді. Хатта мынадай жолдар бар: «Теңіз арнасының жобасы төңірегінде түсініксіз жағдайлар көп екеніне назар аударсаңыздар екен. Сомалар көп есе қымбатқа шыққан. Бағасы өте жоғары… олар ақылға сыймайтын сома қойып алған. Осыны назарға алуды сұраймын».

Бірақ «ТеңізСервистің» пайда табуы жалғаса берді. Жобаның соңында «Теңізшевройл» 2,5 млрд доллар тұратын бүкіл кеме жолы инфрақұрылымын «ТеңізСервиске» басқаруға берді.

«Теңізшевройлдың» баспасөз хатшысы Хаймиш Полс консорциум ICIJ тұжырымын қарап жатыр деді, бірақ келісімшарттар немесе Құлыбаевтың ықтимал рөлі туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

«[Теңізшевройл] — нормалар мен іскерлік этиканы сақтауға қатысты қатаң саясат пен процедураны қабылдаған, заңға бағынатын компания», — деді Полс.

«ТеңізСервис» өзінің бенефициар иелері, Құлыбаевпен немесе Halyk Bank-пен байланысы, жобаға рұқсат құжаттар немесе оның құнын біраз арттыруға қатысты сұрақтарға жауап берген жоқ. Exxon, ҚМГ мен Лукойл да пікір білдірмеді.

Жазбаша мәлімдемесінде Chevron-ның аға медиаконсультанты Салли Джонс компанияның нормаларды сақтауға қатысты сенімді процедуралары бар деп жазды. «Chevron бизнес жүргізудің этикалық принциптерін, жауапты басқаруды, өзінің іс-қызметін адал және өзі жұмыс істейтін елдің заңдары мен нормативтік актілеріне сәйкес жүргізуді ұстанады», — деп мәлімдеді ол.

«Теңізшевройлға» және «ТеңізСервиспен» келісімшартқа жетекшілік еткен Chevron-ның бұрынғы заңгері Иган ICIJ-ға берген жазбаша мәлімдемесінде былай деді: «Мен ТШО-ның «ТеңізСервиспен» келісімшартына байланысты Chevron немесе ТШО тарапынан жасалған қандай да бір заңсыз немесе этикаға сай емес әрекеттер немесе заң бұзу туралы ештеңе білмейтінімді кесіп айта аламын».

Жаңа уақыт

2019 жылы наурызда 30 жылға жуық Қазақстан президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кетті. Өзі таңдаған мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік активтерді жымқырумен күресуге, олигархтарға қарсы тұруға және ұлттық байлықты әділ үлестіруге уәде берді.

Қазақстан билігі төрт мұнай компаниясына қарсы 150 миллиард доллардан асатын сомаға арбитражға шағым берді, олар — S.p.A., Shell PLC, Exxon және TotalEnergies SE. Билік компанияларды Қашаған кен орнынан миллиардтаған кіріспен қамтамасыз етеміз деген міндеттерін орындаған жоқ деп айыптады. БАҚ хабарларында айтылғандай, үкімет кейбір келісімшарттардың жемқорлықпен байланысы бар дейді.

Exxon мен Shell арбитраж шағымына қатысты пікір беруден бас тартты. TotalEnergies сауалдарды Қашаған кен орнындағы операциялық компанияға бұрды, ал ол болса жауапты әрекет ететінін және заңды сақтайтынын мәлімдеді. Eni шағымды қарап жатқанын, бірақ оны «негізі бар деп те, шындыққа сәйкес деп те» санамайтынын хабарлады.

Қашаған, фото ашық дереккөздерден алынды

Бұл оқиғалар Құлыбаевтың мол байлығына әсер еткен жоқ. Соңғы шыққан Forbes-тың жыл сайынғы миллиардерлер рейтингі бойынша, оның жеке байлығы, әйелінің активтерін қоспағанда, 5 миллиард долларға жеткен.

ICIJ-дің корпоративтік және жер жазбалары анализінің мәліметіне сәйкес, Құлыбаевтың Чехияда, немістің Баден-Баден курорт қаласында жылжымайтын мүлкі бар, Барселонада бірнеше тұрақ орнымен қоса алғанда «регенерация медицинасымен» айналысатын медициналық клиникасы, Испанияда Жерорта теңізінің жағасында үлкен иелігі бар. 2014 жылы шамамен 14 миллион долларға сатып алынған оның 30 метрлік Sonny II яхтасы Барселонада байлаулы тұр.

Барселонадағы вилла, фото Массимилиано Миноrhи, El Pais

ICIJ талдаған электронды хаттар, шоттар мен басқа да құжаттар Құлыбаев компанияларының активтеріне көп жыл бойы құны 74,4 млн доллар тұратын Airbus A320 және 55 млн доллар болатын Gulfstream G650 ұшақтары кіргенін көрсетіп отыр. Құлыбаевтың өкілдері оның компаниясында «бір жекеменшік ұшақ бар, екіншісіне тапсырыс бергенін» растап, «екінші ұшақ дайын болғанда қазіргісін сатып жіберуі мүмкін» деді.

2020 жылы наурызда Құлыбаев «құрылтайшысы» (активтерді трастқа беретін тұлға) деп саналатын APH Property Trust Ltd. Ұлыбританияда құны 449,6 млн доллар болатын жылжымайтын тұрғын үй мүлкіне иелік етті, бұл Кайман аралдарында тіркелген Genesis Trust қаржы компаниясының тарап кеткен 100 000 файлының құжаттарынан белгілі болды.

Құжаттардан Құлыбаевтың трасты оның бұрынғы серіктесі, басқарушысы болған Гауһар Ашкеназидің атына рәсімделгені белгілі болды. Жазба Құлыбаев Ашкеназиге және оның екі ұлына арналған траст «құрылтайшысы» болғанын айғақтайды.

Continuum Trust Ltd 2 деп аталған екінші траст 2020 жылы жалпы құны 99 миллион доллардан асатын құнды қағаздарға, жеке капитал инвестицияларына және өнер туындыларына иелік етті, соның ішінде Огюст Роденнің «Сүйісу» мүсінінің сазбалшық көшірмесі бар.

ICIJ бұл трасттардың қазірге дейін бар-жоғын растай алмады, өйткені Кайман аралдарында тіркелген трасттар туралы ақпарат жабық сақталады.

Осы аралықта Қазақстан тағы бір қантөгісті бастан өткізді. 2022 жылы қаңтарда тағы да Жаңаөзенде басталған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық басқа қалаларға тез тарап, арты зорлық-зомбылыққа ұласты, соңында қатыгездікпен басып-жаншыды. Ресми деректерге сүйенсек, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты.

Сол айда Құлыбаевтың қайырымдылық қоры денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларға 4,2 млн доллар бөлді деп хабарлады оның адвокаттары. Олардың айтуынша, 2016 жылдан бері оның Halyk деген қайырымдылық қоры гуманитарлық мақсатқа 103 млн доллар жұмсаған, соның ішінде 65 млн доллар Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналды.

Ал Chevron Теңіздегі ауқымды инфрақұрылым жобасының құнын 48,5 миллиард долларға дейін арттырды — 2016 жылғы 36,8 миллиард доллармен салыстырғанда өсім 32% болды.

Компания консорциум аясындағы өзінің іс-қызметі «экономиканы дамытудың, жұмыс орындарын ашудың, бизнесті қолдаудың, қауымдастықтарды нығайтудың, адамдар мүмкіндігін кеңейтудің және тұрақты дамудың негізгі мақсаттарын ілгерілетудің қозғаушы күшіне» айналды дейді.

Соңғы 30 жылда Chevron, Exxon және «Теңізшевройлдың» басқа да серіктестері қазақстандық ұйымдарға 190 миллиар доллардан астам төлеген. Бұл төлемдерге қызметкерлердің еңбекақысы, тауарлар мен қызметтер ақысы, сондай-ақ былтыр жарияланған консорциумның ақпараттық бюллетеніне сәйкес мемлекеттік компанияларға төленген алымдар кіреді. Осы соманың 100 миллиард доллардан астамы соңғы онжылдықтарда мемлекет бюджетіне жіберілді — бұл орта есеппен жылына 10,8 млрд доллар, осы арқылы ТШО Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің бірі болып отыр.

Кейбір заң шығарушылар Қазақстан «мұнай қарғысынан» зардап көріп отыр, ол ақша әкелгенімен, демократияның дамуына және халықтың кедей бөлігінің өмірін жақсартуға ықпал етпейді дейді. Олар аудит, тергеу жүргізуді және барлық келісімшартты ашық қылуды талап етеді, бірақ мұнай компаниялары мен Қазақстан үкіметі оларды жариялаудан бас тартып отыр.

Алмас Қайсар түсірген сурет

«Назарбаевтың жақындары — туыстары, күйеубалалары, қыздары қамқоршы әкесінің арқасында байыды. Әкесі Назарбаевтай болса миллиардер бола алатын талантты балалар жетерлік», — деді мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи, Астана кофеханаларының бірінде ICIJ репортеріне берген сұхбатында.

«Біздің елде Назарбаевтың жақындары ғана мұнаймен және газбен айналысады, басқаларды ол жаққа кіргізбейді», — деді Бапи, ол үкіметті жемқорлыққа бола сынға алуымен танымал.

Ал голланд бұқаралық ақпарат құралдары Нидерланд прокуратурасы түп тереңдететін голландиялық Van Oord компаниясы мен Назарбаевтың күйеубалаларының бірінің әкесі арасындағы делдал арқылы іске асқан күдікті қаржы қарым-қатынасын қарап жатқанын хабарлады. Күйеубаланың есімі аталған жоқ.

Schillings Құлыбаевтың әкесі бұл тергеуге қатысты хабардар етілмегенін және жауап алуға шақырылмағанын мәлімдеді. «Білуінше, оның бұған қатысы жоқ», — деп хабарлады Schillings.

Батыстың мұнай компанияларымен бастапқы мәмілелердің кейбірін жасауға көмектескен делдал Гиффен 2022 жылы қайтыс болғанға дейін үш жыл бұрын Колумбия университетінің Харриман институтына берген сұхбатында Қазақгейт жемқорлықпен ғана емес, АҚШ саясатымен де байланысты болды деді.

«АҚШ үкіметі республикашылдардың кезінде де, демократтардың кезінде де Қазақстан аумағындағы жобаларға қатысып жатқан мұнай компанияларының ауқымды сәтсіздігіне қарсы шара қолданбасын деп Қазақстанға қысым көрсетті, — деді Гиффен. — Бұл мұнай компаниялары үшін тиімді келісім, бірақ бұның салдары Қазақстан азаматтарына ауыр соқты».

Авторлар: Марсель Розенбах (Der Spiegel), Карина Хуппертц, Фредерик Обермайер, Бастиан Обермайер, Ханнес Мюнцингер (Der Spiegel/Standard/Paper Trail Media), Пелин Ункер (DW Turkey), Риту Сарин, Сукалп Шарма (Indian Express), Паоло Биондани, Лео Систи (L'Espresso), Карола Хаутекамер, Карлейн Кёйперс (NRC), Анушка Делич (Oštro), Роман Баданин, Михаил Рубин (Proekt), Стефан Меличар (Profil), Манас Қайыртайұлы, Рейд Стэндиш (Азат Еуропа Радиосы (RFE/RL)), Люк Карегари (Reporter.lu), Сильвен Бессон (Tamedia), Вячеслав Абрамов (Vlast.kz), Дениз Аджири, Нәубет Бисенов, Кэтлин Кэхилл, Елена Косич, Уитни Джойнер, Кэрри Кехо, Марсия Майерс, Дельфин Рейтер, Ричард Х.П. Сиа, Дин Старкман, Томас Роули, Фергус Шил, Эннис Шин, Том Стайтс, Питер Стоун, Энджи Ву (ICIJ)