Women make Docs бастамасының негізін қалаушы Кристина Михайлова режиссер Айжан Қасымбекпен және актриса Мадина Ақылбековамен «Мадина» фильмі туралы сөйлесті. Фильмнің премьерасы 2023 жылы Tokyo International Film Festival кезінде өтті. Қазақстандағы премьерасы Алматыда Qyzqaras Film фестивалі аясында көрсетілді. Мәдина Ақылбекова «Үздік рөл» номинациясында Азия-Тынық мұхиты киносыйлығына ұсынылды. Бұл «Қазақстанның авторлық киносы — әйелдер киносы» сериясындағы екінші сұхбат.
Кристина Михайлова: «Мадина» — актриса Мадина Ақылбекова ұсынған деректер негізінде түсірілген фильм. Оқиға Ақтауда теңіз жағасында өрбиді. Мадинаның кейіпкері жалғызбасты ана, биден сабақ береді және түнгі шоу-балет примасы. Кішкентай қызына алимент өндіріп алуға қанша тырысқанымен, ретін келтіре алмай жүр. Ал басқа уақытта күнделікті қоңыр тірлік кешіп, іштей әйелдің болмысы мен әлеуметтік рөлі туралы ойға батады. Мадина інісіне қатысты зорлық оқиғасы туралы кездейсоқ біледі. Осы мәселені көпшілік алдында ашық айтуға бел буған кейіпкер ішкі қақтығысын жеңеді: ол енді құрбан емес. Айжан, Мадина, сіздердің көрерменіңіз кім? Менің ойымша, бұл бәрін өзгертуге құмар зуммерлер үшін must-see фильм.
Айжан Қасымбек: Сценариймен танысу кезінде топ мүшелерінің көпшілігінде зорлыққа қатысты жағымсыз жағдай бар екенін білдік. Сол отырыстан шығып, таксиде кетіп бара жатқанымда бұл фильмді қайткенде де шығаруым керек деген мақсат қойдым. Оқиға әйелдер немесе Мадина туралы емес, бәріміз туралы. Мен тіпті жас шегін де белгілемеймін. Менің фильмім қалың көпшілікке арналған. Әлбетте, оқиғаны әдемі етіп түсіргім келді.
Кинода ауылдарды көркем етіп көрсетуге жиі куә боламын. Маған салса, қаңыраған ауылды да әдемі етіп көрсетер едім. Бірақ мұны адамды қорлау деп санаймын және ондайды ұнатпаймын. «От» атты алғашқы жұмысым барысында Төле би мен Саин көшелерінің қиылысындағы жатақханада түсірілім жасадық. Әкімшілер тұрғындармен келісіп, дәретханаға кіріп шықтық. Кристина, біз ондағы халықтың тұрып жатқан жеріне кіріп, қалай өмір сүретінін көрдік! Іші адам шошитындай, тоз-тозы шыққан, жұрт сіңірі шыққан кедейшілікте тұрып жатыр. Бәріміз шошып кеттік. Бірақ мен бәрін соншалықты қорқынышты етіп көрсеткім келген жоқ, сүйіспеншілікпен көрсеткім келді. Бәлкім, бұл менің қателігім шығар. Керісінше, мынадай сұмдықты жайып салуым керек пе еді. Ондай болса, «Мадинада» қалай таяқ жеп жатқаныңды, ініңнің қалай зорлық көргенін тура айтуға тура келер еді. Мен олай жасай алмаймын.
Мадина Ақылбекова: Дайындық кезінде Айжан: «Дастархан басында отырып, бір картопты төртке бөлуге болмайды», — деді. Мен де өз ойымды айттым: «Автор ретінде, суретші ретінде сен қалай көрсең, солай болады». Мен бірдеңені қосу немесе алып тастау туралы объективті түрде айта алмаймын. Бастысы, толыққанды хикая бар, онда бәрі айтылып тұр. Терең, толысып тұрған тақырып екенін шетелдегі әріптестеріміз де байқады. Германиядағы фестивальде көрермен дәл осы сәтті атап өтті: «Ашық түрде зорлық-зомбылықты көрсетпегендеріңізге рахмет, бәрі онсыз да түсінікті болды. Тікелей және әдейілеп көрсетпей-ақ түсінікті». Бір әйел «бәріміз де ересек адамбыз ғой» дегенді қосты.
Кристина Михайлова: Фильм «Мадина» деп аталады. Мұнда жалпылау бар ма, жоқ па деген ой болды. Онда да сезім тұрғысынан емес, шартты түрде. Мадинаның кейіпкері Қазақстандағы қалыпты тірлік кешіп жатқан әйелдердің жинақталған бейнесі деуге болады. Мұндай пассажды ер адам жасаса, сәл қиындау болар еді. Алайда «Мадина», ең алдымен, жеке, терең психологиялық драма. Көрерменмен талқы кезінде бір әйел: «Мадинаның судың астында жүзіп жүрген жалаңаш денесін көрсетерде ұялған жоқсыз ба?» — деп сұрақ қойды. Мұндай сұрақтан төбе құйқам шымырлап кеткені есімде. Сонда біздің көрерменге фильмдегі адамның жан сырын ақтаруынан гөрі, жалаңаш денесі көбірек маңызды болғаны ғой.
Мадина Ақылбекова: Қазақстандағы көрсетілім алдында Айжанмен күн сайын телефонмен сөйлесіп жүрдік. Жапонияда, Германияда, Америкада қорыққан жоқ едім, өз елімде қатты қорықтым. Сыннан, «ұят» ұғымынан, түсінбей қала ма деген ойдан қорықтым, өйткені біздің кино басқаларға ұқсамайды, шынайы. «Арман» кинотеатрында көрсетілім алдында түсіруге болмайды деп айтуды ұмытып кетіппіз. Кейін маған экран суреттері мен осы сахнаның видеосын жібергендер болды. Демек, тұтас фильмді көріп, айтпақ ойымызды аңдаған адамдар болса да, біреулер телефонына дәл бассейндегі көріністі түсірген. Неге? Қайталап қарау үшін бе? Не дерімді білмеймін тіпті. Түсіріп қоя салса да түк емес, маған жіберіп отыр.
Әйтсе де, көрсетілім ең лайықты жерде көрсетілді деп санаймын. Көпшілікке басқа бір фестиваль аясында көрсету қиындау болар еді. Бұлай айту дұрыс па, жоқ па, білмеймін, бірақ біздің аудитория әлі күнге дейін оған дайын емес. Бүкіл жан сырыңды ашып, жандүниеңді ақтарасың. Жаныңды да, тәніңді де жалаңаштайсың. Ал көрермен тек эротика ретінде көреді.
Айжан Қасымбек: Менің тағы бір идеям бар. «Әйелдер сексті қалайды» деп аталады. Бұл фильмді түсіруге қашан дайын болатынымды білмеймін. Бәлкім, жасым алпысқа тақап, бұл елде жоғалтатын ештеңем қалмаған кезде шығар. Депортациядан, өзімді ұрып кетуден, тізерлетіп кешірім сұратудан қорықпаған кезде болмаса, қазір қорқынышты. (Күледі) Қазақстан әйелдерінің сексті қалайтыны, ол жайында қалай әңгімелесетіні және шын мәнінде қалай болатыны туралы қарапайым хикая болады. Бірақ, «көрпе астында» деп бүркемелеу болмайды.
Бұл тақырыпта әйелдермен көп сөйлестім. Қоғамдық моншаға барғанда, әйелдердің әңгімесін тыңдаған ұнайды. Бұл бір тамаша көрініс. Жалаңаш әйелдер құрбыларымен түрлі мәселені талқылайды. Сәл қызып алған соң, мұндай әңгімені өздері бастайды. Содан кейін мен де сұрақ қоя бастадым: «Сіздер үшін ер адаммен жақындасу деген не?» Бұл қай сәтте көрінеді? Сонда байқағаным, ол әйелдер де тура мен сияқты алдын ала еркелету, бір-бірін иіскеу, құшақтасу мен аймаласуды жақындыққа жатқызады. Ал дәл процестің өзі аса маңызды емес. Кинодан да көретініміз сол ғой: ер адам «шаруасын тындырады», сонымен бәрі бітеді.
Кристина Михайлова: Бұл дәл male gaze (ерлер көзқарасы) туралы. Qyzqaras фестиваліндегі төрт қазақстандық фильмнен Қазақстандағы шынайы жағдайды әйелдің көзімен, яғни маған жақын көзқарас тұрғысынан көргенімді сезіндім. Қазақстан қоғамына тән қызық жағдай бар: әйелдердің көзқарасымен танысқанға дейін ерлердің көзқарасы туралы білмейсің. Фестивальдің ашылуында сіздің фильміңіз желбіреп тұрған жалау секілді әсер қалдырды, қазақстандық әйелдер көзқарасының (female gaze) көрінісіндей болды. Саналы түрде «жаңа толқын», «супержаңа толқын» және соған ұқсас басқа да жалықтыратын сөздерді қолданбауға тырысамын. (Күледі) 98 MAG-тың бірінші басылымынан Айтөре Жолдасқалидың («Shulamah») сұхбатын оқыдым. «Біз қазақстандық кинодағы қызықты толқынбыз» дей келе, бірнеше режиссер ер адамның атын атапты. Әрине, ол жаңа толқынды меңзеген. Бірақ Гүлнара Әбікеева бұл терминді 30 жыл бұрын енгізген, сол кездегі «жаңа» толқын қалай қайтадан жаңа болуы мүмкін? Егер тереңірек қарасақ, француз жаңа толқыны, қытай жаңа толқыны және итальян неореализмі дегеннің бәрі бұрыннан бар. Сонда жаңа толқынның шегі жоқ болып тұр.
Qyzqaras фестивалінде көрсетілген фильмдер сан түрлі және жалпы шеңберге сыймайды деп ойлаймын. «Әйелдердікі» және «әсерлі» дегеннен басқасы. «Фемки», «қыздарша», «әйелдерше», «салмақ категориясы басқа» деген сияқты толып жатқан ен тағумен келіспеймін. Бұлай таңбалау дұрыс емес екені өз алдына, бұл төрт фильмде бәріне тән жағымсыз нәрсе жоқ. Тағы бір айтарым, киноға барудан бөлек, белгілі бір қауымдастық пайда болғанын сезіндік және режиссерлер, продюсерлер, актрисалар және көрермен болып, осы процестің бір бөлігіне айналдық. Бұл процесті сан жағынан бағалау қиын, ал сапалық тұрғыдан ол айқын көрінді. Алғашқы әйелдер кинофестиваліндегі ерекше атмосфера сіздерге сезілді ме?
Айжан Қасымбек: Он жылдан бері Қазақстандағы түрлі кинофестивальде жұмыс істеп келе жатырмын, контексті жақсы білемін. Қазір «Қазақфильм» киностудиясының халықаралық бөлімінде жұмыс істеймін. Qyzqaras фестивалімен қатар жұмыста жүрдім, бір күні фестивальден кейін таңертең жұмысқа келсем: «Жан, құлпырып кетіпсің, жүзің бал-бұл жанып тұр!» — деп жатыр. Таңғалғанымды жасырмаймын, ал кейін мұның себебі фестивальге қауіпсіз жер деп қарауымнан екенін түсіндім. Тамаша картиналарды көрдім, басқа көзқарас пен көрерменнің ынтасына куә болдым. Осы күнге жеткенімізге шексіз қуандым. Бұл біз үшін тарихи сәт, өзімізді осылай көрсете білгенімізге қуаныштымын. Бұл тек бастамасы, алда әлі талай дүние күтіп тұр. (Күледі)
Qyzqaras фестивалінен кейін ешқандай қызғанышсыз, апалы-сіңлілі ретінде достық қолдау басталды. «Қыздар дос бола алмайды» дейтіндер қай қыздарды айтатынын білмеймін. Фестиваль әйелдердің бір-біріне жанашырлықпен қарайтынын көрсетті. Бәлкім, осындай соқпақты біз қалыптастыратын шығармыз. Бізден кейін бұл процесс жеңілдеу болады. Биылғы қаңтардан бастап телефон шалып, жазып, шақырып жатқандар бар. Осы күнге де жеттік. 2019 жылы мемлекеттік питчингте жалғыз өзім тұрғанмын. Қазір жағдай өзгерді, әйелдердің саны артты. Әйтсе де, бюджеттен берілетін қолдаудың 0,5%-ы ғана әйелдерге беріледі. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына (ҰКҚМО) үш жыл қатарынан өтініш бергеніммен, бас тартумен келеді.
Кристина Михайлова: Киноға бюджет бөлудегі гендерлік теңдік мәселесіне келгенде, мәдениет министрлігі мен орталық өкілдері елімізде әйел продюсерлер көп екенін айтып құтылады. Ал өздері ер режиссерлермен жұмыс істейді және солардың жобасын қолдайды. Ал продюсер әйелдер неге режиссер әйелдермен жұмыс істемейді?
Айжан Қасымбек: «Мен сіздердің көзқарасыңызды қолдаймын, бірақ оны ашық айтуға қорқамын. Маргинал/дүбәра әйелдер қауымдастығының бір мүшесі болғым келмейді» деген қорқыныш бар. Бұл маргинал қауымдастықтарға, соның ішінде феминистер қатарына қосылудан қорқу, ер әріптестер тарапынан сынға ұшырау қорқынышы. «Феминистер қатарындасың ғой» деп айтпаса ғой деген қорқыныш. Солай-ақ болсын, олар не ойласа да, әлем басқаша ойлайды. Ал Қазақстанда әйелдер туралы басқаша ойлайтын күн туа ма, тумай ма? Ондай күнді көремін бе, жоқ па, білмеймін. Бұл жерде ақша мәселесі де бар: ер режиссерлерге бөлінетін бюджет бірнеше есе көп.
Мадина Ақылбекова: «Феминистік конкурста фильміңді көрсеттің ғой» деген жігіттер болды. Қандай конкурсты айтып жүргенін білмеймін. (Күледі) Ережені өзгертіп жатқан Оскар сыйлығының комитетіне рақмет. Бізді кемсітуі, қорлауы, төмендетуі мүмкін, бірақ Оскар үшін күрескісі келгендер әйелдерді қосуына тура келеді. Шығармашылық ортада жүрген таныстарымның арасынан көптеген ер адамды көрсетілімге шақырғаныммен, ешқайсы келмеді. Ең қызығы да осы. Бұған бола қорландым, көңілім қалды дей алмаймын. Шын мәнінде бұл мені қатты таңғалдырды. Сонда біздің фильмдерді көру соншалықты қорқынышты болғаны ма?
Кристина Михайлова: Фильмде ашықтан-ашық жағымсыз сын жоқтығы қуантады. Бірақ фильмдегі қарама-қайшылықты іштей терең сезіндім. Әлеуметтік-саяси контекст туралы айтқанда, қазіргі уақытта Қазақстанда өнерпаз ретінде өзіңізді қалай сезінесіз?
Айжан Қасымбек: Бітпейтін [қаржылай] қарыздар туралы айтқым келеді. Әйтсе де, бізді оқитын студенттер болса, қалай болғанда да оларды ынталандырғым келеді. Мейлінше пессимистік көзқарастамын десем, бұл шындыққа жатпайды. Жылдар бойы күрестім және ол нәтижесіз де емес. Жалпы ел туралы өзімнің кәсіби көзқарасым тұрғысынан ғана айта аламын: индустрияға сенбеймін. Бір министр кетеді, екінші министр келеді, «Қазақфильм» мен Ұлттық кино орталығында басшылар ауысады, бірақ өзгеріс болмайды. Неге өзгеріс жоқ десек, философияға кетіп қаламыз. Романтикадан өтіп кеткен жастамын, бос қиялға еліткім жоқ.
Мадина Ақылбекова: Ал мен романтиктер қатарындамын, қиялға ерік беремін. Айжанның «От» деген бірінші фильмін көргеннен кейін жандүнием әлем-жәлем болды. Кинотеатрдан жүрегім қарс айырылып, үмітсіздік сезімімен шықтым. Дертіме дәру іздеп барып, керісінше, жаным жараланып шықтым. Ал «Мадина» фильмінде менің кейіпкерім бауырын қорғауға бел буды. Жылдар бойы өзін қорғай алмаған еді, кенеттен шешуші сәт келді. Шыдамы шегіне жетті, өз үнін естіртті: «Мәселе бар, ендеше сол туралы айтамын. Үнсіз қалмаймын». Бұл жағдай менің жан жарамды қатты қозғады. «Менің кейіпкерімнің қолынан келген екен, менің де қолымнан келеді» деген ой туды. Өзінше бір психотерапия болды. Болашаққа сенемін, мұндай фильмдер қажет, олар жан жарасын емдейді. Сен күнәһар емессің, жалғыз да емессің. Фильмнен соны көресің.
«От» фильміне оралсақ, Айжан біздің өмірімізді айна-қатесіз жеткізгенін түсіндім. Соңғы көріністе барлығы күліп жатқанда, мен көз жасымды тыя алмадым. Өте ауыр қабылдадым. «Сен тасжүрексің, қатыгезсің, осылай жасауға бола ма екен?» — дедім. Соңында бәрі жақсы болады деп үміттендім, киноға сол үшін бардым. Олай болмады.
Кристина Михайлова: Айжан, сен үшін мәселені шешу жолын көрсетуден гөрі сондай мәселе бар екенін анықтау маңызды ма?
Айжан Қасымбек: Өмірімнің сол кезеңінде мәселені көрсету маңызды болды. Сонымен бірге, «Қазақтар, қазақстандықтар, елімнің азаматтары, біз осындай қиын жағдайдамыз» деп айтуды парыз санадым. Бірақ біз жалғыз емеспіз. Түсірілімнен төрт жыл өткен соң өмірімде дәл сондай көрініс болды. Түксіз қалып, үйге келдім: не жалақы жоқ, не жұмыс жоқ. Жасым болса 35-те. Ас үйде не істерімді білмей отырмын. «Анашым, не істейміз?» — деуге ғана шамам келді. Жасы 73-тегі зейнеткер анам қолымнан ұстап тұрып: «Менің зейнетақым бар, өлмейміз», — деді.
Ішімнен бірдеңе тіліп жібергендей болды. Осы көрініс үшін өмір сүрген секілді болдым, осы фильмді сол үшін түсіргендей сезіндім. Бірақ бұдан былай олай істемеймін. Енді мен көрерменге тек мәселені айтып қана қоймай, тығырықтан шығар жолды да көрсетемін. Келесі фильмдерім бұдан жақсы болады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.