325
4 декабря 2024
Юна Коростелева, Власть, фото Ақорда баспасөзінен

«Үлгілі қарым-қатынас»: Путин мен Тоқаев қаншалықты жиі кездеседі?

Жеке кездесулер саны Украинадағы соғыс басталғаннан кейін көбейе түсті

«Үлгілі қарым-қатынас»: Путин мен Тоқаев қаншалықты жиі кездеседі?

27 қараша күні Владимир Путин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Астана көшелеріне Ресейдің туымен қатар, «Жоғары мәртебелі Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!» деген баннер ілінді. «Власть» кейінгі үш жылда Қазақстан мен Ресей президенттері қаншалықты жиі кездескенін баяндайды.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға жаппай басып кіргеннен бастап Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 46 кездесу өткізсе, оның тоғызында екеуі жеке сөйлесті.

2019 жылдың наурыз айынан бастап 2021 жылдың желтоқсан айына дейін, негізінен Covid-19 шектеуіне байланысты, Путин мен Тоқаев төрт рет қана жеке кездескен. Бұл кездесудің бәрі дерлік Ресей аумағында өткен болатын.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Путин 2000 жылы президент болғаннан бастап жеке сапармен Қазақстанға мейлінше көп келгенін айтады, нақтырақ айтқанда, 30 рет келген. Салыстыру үшін айтсақ, Беларусь президентіне 27 рет, ал Украинаға 21 рет барған.

Ресей мен Еуразия аймағын зерттеумен айналысатын Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров Тоқаевқа мұндай кездесулер Украинаға соғыс бастағаннан кейін шайқалған қарым-қатынасты белгілі бір қалыпта сақтап тұру үшін керек деп санайды.

«Қазақстан Ресейдің болжауға келмейтін елге айналып бара жатқанын, олардан бәрін күтуге болатынын түсінеді. [Сондықтан] Тоқаевқа Путинмен жеке кездесіп, Ресейдің сыртқы саясатына қатысты негізгі мәселенің бәрін шешіп алу өте маңызды», — дейді зерттеуші.

Сәтбаевтың айтуынша, Украинадағы соғыс басталғаннан бері Қазақстан Ресей үшін Экономикалық және әскери-саяси саладағы ұстанымын нығайтуға ықпал ететін маңызды дәнекер. Ресей сол арқылы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне кепіл болатын аймақтағы негізгі ойыншы рөлін бекіте түседі.

«Экономика саласында белсенді әрекет байқалады, өйткені санкцияны айналып өту, көлеңкелі импорт бар, басқа барлық есіктің жабық болуы бар, бизнес саласында Ресей біздің аймаққа белсенді кіріп келе жатыр. Қазақстанды қарақшылар жанасып келіп, тізгінді қолға алуға тырысқан кемемен салыстыруға болады. Энергетика, мұнай-газ, уран, логистика, барлық салада осы жағдай», – дейді саясаттанушы.

Умаров Ресей Қазақстанмен қарым-қатынасқа қаншалықты мұқтаж болса, Қазақстан да одан кем емес деңгейде мұқтаж деп санайды. Басқасын айтпағанда, мұнай мен уранды экспортқа Ресей аумағы арқылы жібереді. Бұған қоса, екі ел де бір-бірі үшін маңызды сауда серіктесі әрі экономикалық интеграция жобасының қатысушысы.

«Қазақстан Ресейді географиялық орналасуына орай қашып құтыла алмайтын ел санатына жатқызады. Ол бар, бола да береді, сондықтан онымен тіл табысып тірлік кешу керек. Тоқаев көрші елді мүмкіндік көзіне айналдыруға мүдделі. Қазақстанды Ресеймен жиі байланысуға мәжбүрлеп жатыр деп ойламаймын. Менің ойымша, бұл мәселелерде Қазақстанның өз ұстанымы мен жеке көзқарасы бар», — дейді зерттеуші.

Фото Ақорда баспасөз қызметінен алынды

2022 жыл: 24 кездесу

2022 жылы президенттердің жеке кездесуі тек қана Ресей аумағында болды, соның ішінде үш рет Мәскеуде, бір рет Санкт-Петерборда, тағы бір рет Сочиде кездесті. Кездесудің көпшілікке ашық бөлігінде көп жағдайда екі елдің сауда-экономика саласындағы әріптестігі талқыланды. Ал ресми көпжақты іс-шаралар аясында президенттер 19 рет кездесті.

Путин — Қанды Қаңтар кезінде Тоқаев қоңырау шалған бірінші президент. 8 қаңтар күні ол Путинге «конституциялық тәртіп пен заңдылықты қалпына келтіруге көмектесу мақсатымен ҰҚКҰ біріккен бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі мәселені шешуге қолдау көрсеткені үшін» алғыс білдірді.

2022 жылдың соңына дейін президенттер тағы да алты рет телефонмен сөйлесті. Бірнеше рет «Украинадағы жағдай төңірегіндегі Ресей басшыларының ұстанымы» туралы сөйлесіп, Тоқаев Украина мен Ресей арасындағы келіссөз кезінде мәмілеге келудің айрықша маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің басшыларымен және ҚХР төрағасы Си Цзипьпинмен азырақ кездесті. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен сол жылы бірде-бір рет кездескен жоқ.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түркіменстан президенті Сердар Бердымұхамедов және ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен бетпе-бет екі рет қана кездесті — бір рет Астанада, екінші рет қабылдаушы тарапта.

Фото Ақорда баспасөз қызметінік

2023 жыл: 13 кездесу

2023 жылы Тоқаев пен Путин азырақ кездесті: 11 рет ресми іс-шаралар кезінде жүздесіп, Астанада және Мәскеуде жеке кездесу жасады. Сауда-экономика, энергетика және басқа да салалардағы әріптестік туралы сөйлесіп, мереке кезінде бір-бірін құттықтау үшін тағы алты рет телефонмен сөйлесті.

7 қазан, Путиннің туған күнінде Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға жеткізу жолының ашылу салтанатынан кейін ел басшылары Мәскеуде келіссөз жүргізді.

«Ресей — Қазақстанның стратегиялық серіктесі және одақтасы. [...] Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанның Ресеймен көпқырлы әріптестікті әрі қарай да тереңдету жөніндегі стратегиялық бағытты ұстанатынын растаймын», — деді Қазақстан президенті қараша айындағы кездесу барысында.

Украинадағы соғыстың екінші жылында Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күніне орай Мәскеуде өткен әскери парадқа қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдары Тоқаевтың Орталық Азия елдерінің басшылары арасындағы георгий таспасын тақпаған жалғыз президент болғанына назар аударды.

24 маусым күні, «Вагнер» әскериленген құрылымы көтеріліс жасаған уақытта президенттер телефонмен Ресейдегі жағдайды талқылады. Тоқаев болып жатқан жағдай елдің ішкі мәселесі екенін айтып, конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтірудің бұлтартпас шарты екенін атап өтті.

Тоқаев 2023 жылы Орталық Азия елдерінің президенттерімен кемінде 11 ресми іс-шарада кездесті. Ең көп жеке келіссөз Рахмон екеуінің арасында болды, төрт кездесудің екеуі Астана қаласында өтті. Си Цзиньпинмен Пекинде екі рет жеке кездесіп, Астанада және Ташкентте Мирзиёевпен екі рет кездесті. Жапаров пен Бердымұхамедов ол жылы Тоқаевпен кездесе алмады.

2024 жыл: 9 кездесу

2023 жылдың 17 наурызында Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Путинді қамауға алу туралы ордер бергеніне қарамастан, 2024 жылы ол алдындағы екі жылдан гөрі көбірек сапарға шықты.

Ресей президенті бәрінен гөрі Қазақстанға көбірек келді, Тоқаев екеуі тек қана Астанада жеке келіссөз өткізді. Ресми іс-шараларда президенттер жеті рет кездессе, оның бесеуі Ресей аумағында болды.

Жыл басында Қазақстан мен Ресей президенттері жиі-жиі телефонмен сөйлесті. 18 наурыз күні Тоқаев Путинді сайлаудағы «сенімді» жеңісімен құттықтаса, 23 наурыз күні «Мәскеу түбіндегі теракт нәтижесінде көптеген адам шығыны болуына байланысты бауырлас Ресей халқына» көңіл айтты.

3 шілде күні Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келді. Тоқаев екеуі келіссөз жүргізді, артынан Қазақстан президенті «екіжақты әріптестік өсу бағытында келе жатқанын» айтты.

Ресей президентінің Астанаға соңғы сапары 27-28 қарашада өтті. Ақорданың баспасөз қызметі Путин мен Тоқаев «екіжақты әріптестіктің барлық бағыты бойынша жемісті келіссөз жүргізді» деп есеп берді.

2024 жылы тағы бір рет кездесетін сияқты, Ресейде өтетін дәстүрлі жаңа жыл алдындағы кездесуге Тоқаев қана емес, Орталық Азия мен Кавказ елдерінің басшылары да барады.

Ресей президентінен бөлек, 2024 жылы Тоқаев Рахмонмен, Мирзиёевпен және Бердымұхамедовпен жеке кездесу өткізіп үлгерді. Бұл басқосулардың жартысы Астанада өтті. Садыр Жапаров пен Си Цзиньпин Тоқаевпен Астанада бір-ақ рет келіссөз жүргізді.

Путиннің сапары көпқырлы әрі қаупі де көп

Умаров Путинмен жабық кездесу барысында Тоқаев Украинадағы соғыс, санкциялар және Ресейдің сыртқы саяси бағытына қатысты мәселелерді қозғайды деп топшылайды.

Тоқаев, мысалы, Путинге тіл саясаты мен Қазақстандағы этникалық орыстардың құқығы туралы барлығы дұрыс екенін, Ресейдің араласуы қажет емес екенін жеткізуге тырысатын болар.

Умаровтың ойынша, Тоқаевтың бұл тактикасы қазақстандық кәсіпорындар көмегімен санкцияны айналып өтуге назар аудартпай, елімізге Ресейге қарсы жалпы санкция режимін қолдауға да мүмкіндік береді.

«Қазақстан Батыс біздің экономикамызға да қысым жасап жатқанын Мәскеуге жеткізгісі келеді. Олар санкция режимін қолдауға мәжбүрлейді, екінші реткі санкциямен қорқытады. Бұл Қазақстанға сәл де болса жеңілдік береді».

Сәтбаевтың сөзіне қарағанда, Путиннің 27 қараша күнгі Қазақстанға ресми сапары тек қана экономикалық сипатта болмаған. Саясаттанушы Ресей президенті үшін қуғында жүрмегенін, басқа елдерде өтетін ресми іс-шараларға қатыса алатынын көрсету де маңызды деп санайды.

«Бұл Қазақстанға кері әсер етеді, себебі қоғамның сау бөлігі Қазақстан да, ҰҚКҰ, ЕАЭО және басқа ұйымға қатысушылар да Ресейдің қолшоқпары болып отырғанын көріп отыр. Сондықтан Путиннің сапары көпқырлы әрі қауіп-қатерге толы», — дейді Сәтбаев.

Ол Путиннің сапары Қазақстанның экономикасына пайда әкеледі деп ойламайды, өйткені көрші елдің бизнесі Қазақстанның бұл саласын басқа нарықтан ғана емес, отандық нарықтан да ығыстырып шығарып жатыр. Бұған қоса, өзінің қатып қалған экономикалық мүддесі жолында Ресей қазақстандық бизнеске кедергі келтіріп қана қоймай, басқа елдердің мүддесін көзге ілмей отыр.

«Шамасы [Путинмен кездесу], әскери қауіпті сәл де болса азайтқан болуы мүмкін. Украинадағы соғыс басталғанға дейін Ресейдің әлдебір экспансиясы мен Қазақстанның аумағын басып алу қаупі туралы мәселе көп айтылса, қазір Ресейдің әскери және экономикалық қуаты негізінен Украинаға бағытталып жатыр», — дейді саясаттанушы.