Он жыл бұрын қару жеткізуге эмбарго қойылғанына қарамастан, Ресей снайперлері жыл сайын батыста шығарылған мыңдаған винтовка мен миллиондаған оқ-дәрі алуын жалғастырып келеді. ЕО, АҚШ және Түркия компаниялары Ресейге тікелей жеткізуді тоқтатса да, Арменияға, Грузияға, Қазақстанға, Қырғызстан мен Өзбекстанға жөнелтуін екі еседен асырып жіберді.
«Власть» Investigace.cz (Чехия), IrpiMedia (Италия) және The Insider (Ресей) басылымдарымен бірлесіп жүргізген зерттеудің негізгі түйінін жариялап отыр.
Кеден одағының осал тұсы
Биыл қыркүйекте Ресей басып алған Қырымдағы Ангарский полигонында алысқа снайперлік атудан жарыс өтті, оған Ресейдің Қорғаныс министрлігіндегі арнайы жасақтың, күш құрылымдарының снайперлері мен мергендері қатысты.
Жарыс хаттамаларында көрсетілгендей, экспортқа бұрын салынған тыйымға қарамастан, ресейлік мергендер арасында барлық қашықтық түрінде де америкалық, британдық және австриялық винтовкалар көп танымал болған. 3200 метр қашықтықта 28 қатысушының арасынан 24 адам америкалық Hornady және ресейлік Berger оқтарын таңдапты.
The Insider мергендердің біреуіне оқ жеткізген адамды тапты, ол — мәскеулік Сергей Кириченко. Кемінде 2018 жылдан бастап снайперлік атумен кәсіби түрде айналысады және әуестігіне миллиондаған рубль салуға қауқарлы. Спорттық снайпинг орталығындағы мергеннің картасына сәйкес, алты жылда төрт снайперлік винтовка ауыстырған: алдымен финдердің Tikka T3 мылтығын ресейлік ORSIS мылтығына, сосын австриялық Mannlicher мылтығына алмастырды, қазір америкалық Proof Research қолданады.
Proof Research винтовкаларын Америка Құрама Штаттарынан Ресейге жеткізуге қатысты айта кететін жайт, олардың кейбіріне рұқсат құжаттар Ресейде де, Қырғызстанда да рәсімделген. Коммерциялық компаниялар Еуразиялық экономикалық одақтың аумағына кіргізу және кедендік тазарту үшін РосАккредитацияның құжаты — сәйкестік сертификаты немесе декларациясы қажет.
Ресейде Proof Research винтовкаларының құжаты былтыр қыркүйекте Андрей Шишиннің қолына тиген. Ал Қырғызстанда сертификатты қару-жарақ дистрибьюторы — «Эдельвейс» кәсіпорын-дүкені» ЖШҚ алған.
Салық есебіне қарасақ, Эдельвейстің бизнесі Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруі басталғаннан бері өрге жүзгені байқалады: фирма төлеген салық сомасы 2020 жылы 20,03 млн сомнан 2023 жылы 37,91 млн сомға дейін өскен. Бұның өзі осы сала үшін үлкен көрсеткіш емес.
2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін Еуроодақ елдері Ресейге қару жеткізуге эмбарго қойды, бірақ 2014 жылғы 1 тамызға дейін жасалған, әлі күші бар келісімшарттар бойынша жаңа жеткізуді іске асыруға мүмкіндік берді.
Әйтсе де, қаулыда ортақ кеден кеңістігі арқылы да, ҰҚШҰ әскери-саяси блогы (бұған аталған елдерден бөлек Тәжікстан кіреді, Армения биылдан бастап ұйымға қатыспайды — В.) арқылы да Ресеймен байланысы бар ЕАЭО елдеріне — Арменияға, Беларуське, Қазақстан мен Қырғызстанға экспортты бақылауға алу мәселесі мүлдем қарастырылған жоқ.
The Insider талдау жасаған UN Comtrade мәліметтері бойынша, бұл елдер жыл сайын он мыңдаған қару алады. Армения, Грузияға (ол ЕАЭО мен ҰҚШҰ құрамына кірмейді — В.), Қазақстанға, Қырғызстан мен Өзбекстанға (ол да бұл бірлестіктерге кірмейді) экспорт үш жылда екі жарым есе артқан: 2020 жылы 19 556 мылтық болса, 2023 жылы 53 211 мылтыққа дейін өсті.
Соның өзінде Comtrade мәліметтері жүк шығарылған елді емес, жіберген елді ғана көрсетеді. Мысалы, Италияның қару-жарақ дүкені немістің Sauer карабинін Қазақстандағы сатып алушыға сатса, Comtrade статистикасында Италиядан Қазақстанға дейінгі экспорт қана көрінеді.
Қаруға жол табу
Ұзақ жылдан бері Чехияның Meopta Optika оптикалық көздеуішінің, Sellier&Bellot оғының, Česká Zbrojovka винтовкасы мен тапаншасының ресейлік дистрибьюторы болып келген Петербургтегі Альянс компаниясы Украинада соғыс басталғаннан кейін де чех өнімдерін алуын жалғастырып келеді. РосАккредитацияның мәліметі бойынша, 2022 жылдан 2024 жылға дейін Альянс Česká Zbrojovka өндірген 251 карабин алған.
«Альянс» оптиканы Түркия арқылы алдыртса, чех оғы Ресейге Қазақстан арқылы жеткізіледі.
Айталық, 2024 жылы 5 сәуірде қазақтың қару-жарақ дистрибьюторы — «Анна» ЖШС Sellier & Bellot Jsc. зауытынан 29571,51 долларға 838,6 кг оқ сатып алды.
Осы партиядағы оқтың көп бөлігі аңшы азаматтар да, әскерилер де пайдаланатын .30-06 Springfield және .308 Winchester винтовка калибрлеріне арналған.
Жүкті қабылдап алғаннан кейін төрт айдан соң, 2024 жылы 28 тамызда «Анна» ЖШС Қазақстанның көлік комитетінен қауіпті жүкті тасымалдауға арнайы рұқсат алды. Тасымалданатын зат ретінде спорт оқ-дәрісі, гильза мен капсюль көрсетілген, ал жеткізу мекен-жайы «Альянс» ресейлік компаниясы орналасқан Петербургтегі мекен-жаймен сәйкес келеді.
Пікір сұраған сауалға Sellier Bellot «Анна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен істес емеспіз, қазіргі кезде бұл елде басқа серіктестеріміз жоқ деп жауап берді.
Компания тасымалға рұқсат беру туралы шешімді Қазақстанның жергілікті билігі қабылдайды деді.
«Бізде бар ақпаратқа сәйкес, «Анна» оқ-дәріні өзі өндіреді. Сондықтан ол Ресейге өзі өндірген өнімді экспорттайтын болса керек», — деп жауап берді Sellier Bellot.
Ресейдің ЕАЭО бойынша көршілеріне қару-жарақтың көп бөлігін өндірушілердің өзі жөнелтеді, бірақ бұл жерде де басқаша жағдайлар болып тұрады.
Ресейдің көршілеріне снайперлік винтовкалар мен аңшылық қару-жарақ жеткізетін көп компанияның бірі — Американың Колорадосындағы Энглвуд қалашағында орналасқан кішігірім ABF Inc. қару дүкені.
Кеден мәліметтеріне сәйкес, 2022 және 2023 жылдары бұл фирма Қазақстанға Accuracy International, Cadex, FN Herstal, Patriot Ordnance Factory және Proof Research винтовкаларының 53 данасын жөнелткен. Қазақстанда бұл винтовкалардың сатылғаны туралы ақпарат жоқ, бірақ осы қарулардың екі брендін ABF Inc. компаниясымен істес болған ресейлік компаниядан табуға болады.
2021 жылы ресейлік импорттаушы «Варяг 40» жауапкершілігі шектеулі қоғамға Inforce компаниясы шығарған аңшылық қаруға арналған тактикалық шам жөнелтті. Жаппай соғыс басталғаннан кейін де «Варяг» америкалық және еуропалық қару алуын тоқтатқан жоқ. 2022–2024 жылдар бойы компания Accuracy International, Barret, Cadex, Desert Tech шығарған 193 винтовканы және 213 дана Glock тапаншасын импорттау үшін сәйкестік сертификатын рәсімдеген. Бұл брендтің барлығы дүкеннің онлайн сөресінде сатылып тұр. 2024 жылғы қазанда Мәскеудің Гостиный Дворында өткен ОрелЭкспо көрмесінде «Варяг» америкалық және еуропалық винтовкалардың үлгілері бар екі стенд қойды.
Колорадолық дүкеннің Қазақстандағы сауда серіктесі және осы винтовкаларды қабылдаушы — «Казохотрыболовсоюз» өнеркәсіп-сауда бірлестігі ЖШС немесе КОРС. Бұл 1993 жылы құрылған ірі қару импортшының бірі, соғыс басталғаннан бері бизнесі сенімді түрде дамып жатқанын байқауға болады. Компанияның есебіне сәйкес, төленген салық сомасы 2021 жылы 97,9 млн теңгеден бастап 2022 жылы 143,6 млн және 2023 жылы 193,2 млн теңгеге дейін артқан. Қаржы көрсеткіштері өскеніне және винтовканың алты бірдей премиум брендін жеткізетініне қарамастан, жоғарыда аталған маркалардың ешқайсын КОРС онлайн дүкенінен сатып алу мүмкін емес.
Ресейге бұрын Ижевск механика зауытымен, «Ижмашпен» және Барнаул оқ зауытымен тығыз істес болған немістің Hans Wrage & Co GmBH фирмасы да өнімдерін жеткізуді әлі де жалғастырып келеді.
Hans Wrage қару мен амуницияны тікелей жеткізуден ғана бас тартып, ресейлік клиенттерімен белсенді жұмыс істеуін жалғастырып отырғанын кеден мәліметтері растайды. Ресейге қаруды тікелей жөнелтпесе де, соғыс басталғалы Қазақстанға қару экспорты біраз артты.
2022 және 2023 жылы Hans Wrage & Co бұрыннан бері келе жатқан серіктесі, қазақстандық «Қорған Орталық» қару-жарақ дүкеніне және дистрибьютор «Олимпик Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кем дегенде 309 итальян қаруын жөнелткен.
Осы фирмалар төлеген салық сомасы соғыс басталған кезден бері 112 пайызға және 172 пайызға артты. The Insider басылымының алдыңғы зерттеуі «Олимпик Шымкент» ЖШС импорттаған қарудың кемінде кейбір данасы ресейлік қару бароны Михаил Хубутияға тиесілі «Орел» ЖШҚ дүкендерінің сөресінде пайда болғанын көрсетті. Кеден мәліметтеріне сәйкес, Beretta DT11 Anniversario итальян мылтығы мен Sauer 404 Stutzen неміс карабині 2023 жылы шілдеде Қазақстанға жөнелтілді, ал 2024 жылы ақпанда бұл модельдер Мәскеу сөрелерінде пайда болған.
2022–2024 жылдары Hans Wrage & Co қазақстандық дистрибьютор — «Қорған Орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кем дегенде 176 дана Blaser карабинін сатқан. Неміс қаруының Ресейге контрабандасын зерттеген Correctiv басылымының тілшісі 2023 жылы сатып алушы болып Қорған салонына барған. Blaser винтовкасының үш фирмалық стенді жартылай бос тұрған, ал салондағы сатушы винтовканы сатып алу және Ресейге жеткізуді ұйымдастыру туралы сұраққа «оңай емес, бірақ болады» деп жауап берді.
Поддержите журналистику, которой доверяют.