2024 жыл фотосуреттері. Жылдың ең маңызды оқиғалары мен үздік көріністер

Аяқталуға жақын қалған 2024 жыл елді елең еткізген оқиғаларға, тартысты процестер мен өзгерістерге толы болды. «Власть» биылғы жыл Қазақстан үшін қандай болғанын редакция мен басқа да басылымдардың фотосуреттері арқылы көрсетеді.

2024 жылы Қанды Қаңтар оқиғасына екі жыл болды. Қаза болғандардың туған-туысы Тәуелсіздік монументі жанына жиналды. Алмас Қайсардың фотосы, 5 қаңтар, 2004, Алматы.

Ақпан айында Алматыда суретші Ербосын Мелдібековтің ​​«Боран — Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолы арасында» көрмесі ашылды. Ондағы негізгі жұмыс «Автордың құлауының бес нұсқасы» атты сериялы мүсін болды. Бұл суретшінің Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішінің құлауын 30 секундта көрсеткен жұмысы. Фотоны түсірген Данияр Мүсіров.

2024 жылдың ақпаны, Жетібай, Маңғыстау облысы. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Маңғыстауда мұнай-газ саласындағы ұзаққа созылған наразылық шарасының бірі өтті. Жұмыстан шығару мен қудалауға қарамастан, West Oil Software жұмысшылары 133 күн бойы шерулетіп, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына жұмысқа алуды талап етті. Шеру қорытындысы бойынша сәуір айында жұмысшыларға дәл сондай жалақымен басқа жұмысқа орналасуды ұсынды. Суретті түсірген Азаттық радиосы.

2024 жылдың ақпаны, Алматы. Әкімдік феминистердің 8 наурызға орай митинг және марш өткізуіне рұқсат бермеді, бұл шара «Қазақстан әйелдерінің еркіндігі мен қауіпсіздігі» деген тақырыпта өтуге тиіс еді. Ақпан айында белсенділер тобы митинг пен марш өткізуге рұқсат беруді сұрап, бір адамдық пикетке шықты. Фотосуреттерді түсірген Алмас Қайсар, Ольга Логинова және Manshuq media. 

Ақпан айында Алматыда қала тұрғыны Ильдар Халитовтың бүкіл әлемнен отандық метеориттер туралы ақпаратты жинақтаған кітабы жарық көрді. Светлана Ромашкина автормен қазақстандық бөгдепланеталықтар туралы сөйлесіп, Данияр Мүсіров оларды суретке түсірді. 

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне өтті, аймақтардың көпшілігінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыды. Бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап еткен петициялар назарға алынбады. Енді қыс кезінде түстен кейінгі үштен өте күн бататын Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, мамандығы заңгер азамат үкіметті сотқа бергенімен, жеңіліп қалды. Уақытты жылжытудың әсер-ықпалы жөніндегі зерттеу келер жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Биылғы көктемде «Власть» Қонаев қаласындағы бұрынғы казино ғимаратына көшіп барған Алматы облысы әкімдігінің ішкі көрінісі қандай екенін көрсетті. Әкімдік бұл ғимаратты 3,2 млрд теңгеге сатып алды. Аса үлкен аспалы шамдар бұрынғы қожайыннан қалды, сонымен бірге ғимараттың бірінші қабатында әкімдік қызметкерлеріне арналған бассейн мен жаттығу залы бар.

13 мамыр, Астана. Наурыз айында Астанада азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айып тағылған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты басталды. Мамыр айында сот оны 24 жылға бас бостандығынан айырды. Биылғы сәуір айында Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың жазасын күшейткен заң қабылданды, қоғам мұны «Салтанат заңы» деп атады. Жоғарғы соттың фотосы.

Биылғы көктемде еліміздің көп аймағында су тасқыны болды, оны ауқымы жөнінен кейінгі 20 жылдағы ең ірі тасқын деп бағалады. Бүкіл ел көлемінде 120 мыңнан астам адам үйін тастап шығуға мәжбүр болды, тасқын салдарынан мыңдаған инфрақұрылым нысаны қирап қалды. Үкімет тасқыннан келген шығынды 300 млрд теңгеге бағалады. Фотосуреттерді түсірген Алмас Қайсар, Кира Прейс және Ксения Ребик.

2024 жылдың мамыр айы, Құлсары, Атырау облысы. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың қираған үйіне көбірек өтемақы талап етіп, сонымен бірге ақшаны қолға беруді сұраған наразылық акциясы. Сәуір айында қала тұрғындарының жартысы эвакуацияланды. Оған дейін әкімдік жағдай бақылауда деп мәлімдегеніне қарамастан, қара тұрғындары бөгет жасап, қаланы өз күшімен құтқаруға тырысты. Фото «Обожаю» Телеграм арнасынан.

2024 жылдың шілдесі, Жаңаөзен. Белсенділер кісі қолынан мерт болған қазақстандық журналист және «Бәсе» арнасының авторы Айдос Садықовты еске алып, ас берді. Ол 13 күн жан сақтау бөлімінде жатып, қайтыс болды. Украинаның бас прокуратурасы Қазақстанның екі азаматына іздеу жариялады, оның біреуі өздігінен полицияға беріліп, Қазақстанда ұсталды. Фотосурет әлеуметтік желіден алынған.

2024 жылдың шілдесі, Париж. Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Олимпиаданың алтын медалін алды. Бұл — Қазақстан Олимпиада ойындарына қатыса бастағаннан бері қарай спорттың осы түрінен алған алғашқы алтын. Қазақстандық спортшылар бәсеке нәтижесінде жеті медаль иеленді, бұл — еліміз көрсеткен ең төмен нәтиже. Соңғы рет мұндай нәтиже 2000 жылы болған. Ал қазақстандық паралимпиадашылар, керісінше, Париждегі Паралимпиада ойындарына қатысу тарихында үздік нәтиже көрсетіп, жарысты тоғыз медальмен аяқтады. Фото Сали Сабировтікі, туризм және спорт министрлігі.

Шілде айында «Власть» Алматыдағы сейсмология институтында болды. 35 жыл бұрын салынған ғимарат алғаш рет жөндеуден өтпек. Данияр Мүсіров иституттың ішкі жағдайы мен құрал-жабдықтарын суретке түсірді. Бұған дейін Алматыда екі рет күшті жер сілкінісі болды, 23 қаңтарға қараған түні және 4 наурызда болған жер сілкінісінің күші 5 балл деп бағаланды. 

2024 жылдың тамызы, Қонаев. Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары сот ғимараты жанына жиналды. Сот оны жеті жылға бас бостандығынан айырды, айыптау оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен сұхбатқа негізделді. Фотосуретті түсірген Алмас Қайсар. 

Тамыз айында «Власть» редакторы Светлана Ромашкина Тұйықсудағы гляциология станциясына барып, теңіз деңгейінен 3450 метр биіктікте тіршілік етіп жатқан гляциологтар туралы үлкен репортажбен оралды. Олар жылына 25 метрге дейін төмендеп, белсенді түрде еріп жатқан мұздықтарды зерттейді. 

Биылғы жазда көзі нашар көретін Филипп мен оның жетектеуші иті Олдерді «Москва» сауда орталығынан қуып шықты. Бұл жағдай әлеуметтік желідегі қызу талқыға себеп болды. «Власть» Филиппен және оның итімен бір күн бірге серуендеді. Фотосуреттері түсірген Данияр Мүсіров. 

2024 жыл Голливудтың анимациялық фильмдерін қазақ тіліне дубляж жасауда табысты әрі есте қаларлық жыл болды. Биыл қазақ тіліне 6 танымал шетелдік фильм аударылды, оның ішінде Disney, Pixar, Illumination Entertainment және Columbia Pictures компанияларының «Ойжұмбақ-2» және «Жексұрын мен» фильмдері де бар. Солардың арасында «Моана 2» қазақшаға аударылған бүкіл фильм арасынан касса жинау бойынша ең табыстысы болып, 12 күнде 151 млн теңге жинады. 

Қазақ тіліне дубляждау шығынын барлық жағдайда және толықтай құқық иесі болып отырған компаниялар көтерді. Бұл уақытта шетел фильмдерін қазақ тілінде дубляждау жөніндегі мемлекеттік конкурс өтінім болмағандықтан бес рет қатарынан өтпей қалды. Осылайша, екінші жыл қатарынан мемлекет есебінен бірде-бір шетел фильмі дубляждалған жоқ. 

Қазан айында Қазақстанда АЭС салу жөніндегі референдум өтті, оған дейін еліміздің барлық аймағында атом станциясының жарнамасына көбірек ұқсайтын қоғамдық талқылаулар өтті. Фотосуретті түсірген Алмас Қайсар.

16 жастағы Шерзат Полатты 5 қазанға қараған түні Талғардағы отбасы қызмет ететін дүкеннің жанында өлтіріп кетті. Қайғылы оқиға әлдебір сатып алушының бір бөтелке сыраның ақысын төлемеуінен басталды. Шерзат ағасымен бірге сол күні дүкенде жұмыс істеген әкесі Қаржаубай Нұрымовқа болысты. Клиент дүкенге таныстарын шақырып, олар жасөспірім мен ағасын ұрып-соғып, артынан пышақ салып алды. Соның салдарынан Шерзат қайтыс болды. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар күдіктілердің жергілікті «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы болуы мүмкін деген болжам айтты, ал полиция ондай жоқ деп отыр.

12 қазанға қараған түні белгісіз біреулер Шерзаттың үйін өртеді. Ал желтоқсан айынан Талғар маңынан ағасының денесі табылды, әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Фотосуретті түсірген «Курсив».

28 қараша күні Атырау облысының Сарытоғай ауылында 2024 жылдың көктеміндегі су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектесіп есте қалған Пшөн деген ит аулау қызметінің қолынан өлді.

2024 жылы мәжіліс депутаттары «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулер енгізуді ұсынып, қараусыз үй жануарларына 15 күннен кейін эвтаназия тәсілін қолдануды сұрады. Тоқаев әкімшілігі депутаттардың жануарлар туралы заңға енгізбек болған ұсыныстарын қабылдаған жоқ, бірақ депутаттар да айтқанынан қайтпай отыр. Фотосурет әлеуметтік желіден алынған.

25 желтоқсан күні Бакуден Грозныйға бет алған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы құлап, 38 адам мерт болды. Халықаралық және жергілікті БАҚ Әзербайжан үкіметіне сілтеме жасай отырып, ұшақтың құлауына Грозный аспанындағы дрондарға шабуыл жсаған ресейлік зымыран себеп болғанын айтты. Фотоны түсірген Азамат Сәрсенбаев.