28 жастағы Игорь Гноевой — Павлодарское ауылында бастауыш сынып мұғалімі. Сабақты ойын түрінде өткізетін мұғалім әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Ол біздің көзіміз үйренген педагогтарға ұқсамайды — мойнына тату салып, алқа таққан, шымыр денелі.
«Власть» inDrive компаниясымен бірлесіп, жаңа технологиялардың арқасында сабақ беру тәсілі мен педагог кәсібі өзгеріп жатқаны туралы Қазақстан мұғалімдеріне арналған Bilim Faces жобасын жалғастырады.
Гуглға «Павлодарское ауылы» деп терсе, ең алдымен хайуанаттар бағы шығады.
«Хайуанаттар бағын, циркті жануарларды ұстайтыны үшін ұнатпаймын. Осы тақырыпты қолға алып, видео жасау керек екен», — деді №40 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Игорь Гноевой туған ауылы туралы сұрақ қойғанымда.
Мұнда Павлодар қаласынан 15 минутта жетуге болады. Мамыр айының ортасында жер үйлердің ауласында әлі де бөртегүл жайқалып тұр, ал тротуары жоқ көшеде адам некен-саяқ.
Төрт қабатты №40 мектептің маңында біраз адам жиналып қалды. Мұнда мыңға жуық бала оқиды, мектеп екіге бөлінген: үш қабатты, терезесі ағаштан жасалған ескі үй мен пластик терезе қойылған жаңа ғимарат. Бастауыш мектеп ескісінде орналасқан.
«Алғашқы жылы жұмыстан шығып кетуге дайын едім»
Гноевой өзі оқыған мектепте тоғыз жылдан бері сабақ беріп жүр. Биыл оның алғашқы шәкірттері 9-сынып бітіріп жатыр.
9 жыл бұрын мұғалім ретінде осы мектептің табалдырығын алғаш аттап кірген күні қиын соқты, ал қазір оны Гноевой күліп еске алады: «Салтанатты жиын аяқталып, кабинетке бара жатырмыз. Артымызда ата-аналар мені айтып келе жатыр, балаларды сыныпқа апара жатқан он бірінші сынып оқушысы шығар, мұғалім кейін барады ғой деп қояды. Мен онсыз да қобалжып, таңғы жетіден жүрегім айнып, мазасызданып тұрғанмын. Олар менің мұғалім екенімді білсе не болады деген ой мазалады. Ол кісілерді де түсінемін, жас адам заманауи болатынын, күші мен идеясы тасып тұратынын ескермеген шығар».
Оқу ісінің меңгерушісі Игорьді сыныпқа таныстырған кезде бір баланың әкесі басқа сыныпқа ауысуға бола ма деп сұрап жатты.
«Сол сәтте қандай күйде болғанымды түсінсе, ол кісі ондайға бармас па еді деп ойлаймын, мұны оңаша шығып айтса да болар еді. Бұл өте дөрекі естілді, қатты намыстандым, ал үш жылдан кейін менің сыныбыма ауысқысы келетіндер пайда болды».
Бір қызығы, Игорь Гноевой мектеп бітіргеннен кейін мұғалім боламын деп ойламаған: ол колледжге неміс тілінен аудармашы мамандығына түсті.
Германияда әжесі, көкесі мен басқа да туыстары тұрады, өзі де сол жаққа қоныс аударуды ойлап жүрді. Төлқұжатта ұлты неміс деп көрсетілген, ал нағашы атасы сыған бароны болған екен.
Игорьдің отбасы сол күйі Германияға толықтай қоныс аударған жоқ: «Осы жерге тамыр жайдым, өз елімді сүйемін және мұнда тұрған маған ұнайды».
Аудармашы мамандығында бір жыл оқыды, сосын топ таратылып, таңдау ұсынылды: не әлеуметтік педагогикаға, не бастауыш сынып мұғалімі мамандығына ауысу керек.
Ол екіншісін таңдап, колледжді аяқтады, мұғалім болмайтынын біліп, сауда саласындағы өкіл болып жұмысқа тұрды. Оған дейін түйіндемесін бірнеше мектепке жіберген еді, алғашқы күні екі жауап келді, оның біреуі — өзі оқыған №40 мектеп.
Мектепке жұмысқа келген кезде әкесі онымен біраз уақыт сөйлеспей қойған — бастауыш сынып мұғалімі деген кәсіпті әкесі еркектің жұмысы емес деп санаған.
«Құдай-ай, қайда тап болдым, мұнда не істемекшімін деп өзім де таңғалдым. Ал қазір суда жүзген балықтаймын. Менен не қажет, балаға не керек, ата-анаға не керек, өзіңді қалай көрсету керек, сабақты қалай беру керек, бәрін түсінемін. Бұрын үсті-үстіне қобалжи беретінмін. Сол кездегі директор Любовь Владимировна Задубняк маған педагог ретінде сенім артқан алғашқы адам. Екіншісі — менің тәлімгерім, бастауыш сынып мұғалімі Наталья Ивановна Цыгулёва. Ол мені бір жыл бойы жылатты. Алайда нағыз тәлімгердің кім екенін бәрі түсіне бермейді. Сынды бәрі де ауыр қабылдайды, ашуланады, ал кейін оның ақылы маған да қоныпты, жақсы нәрселер үйретіпті деп таңғаласың, сөйлеуге, оқытуға, кикілжің кезінде өзіңді ұстауға қатысты дұрыс әдістемені білесің, тәлімгерің бастауыш мектептің негізін дұрыс үйреткенін ұғасың».
Үш жыл бойы Игорь үйренісе алмаған: «Алғашқы жылы жұмыстан шығып кетуге дайын едім».
«Қазір де қағаз толтыруға тура келеді»
Бастапқыда мұғалім ретінде дайындығым жөнді болмады дейді, колледж жұмысқа қажет машықты бере алмаған:
«Оқытушымыздың сендерге дыбыс пен әріпті үйретуге келгенім жоқ деген сөзі есімде. Ал мен қазір санаты жоғары педагог ретінде ол кісіге ойымды айтқым келеді: иә, ересек студенттердің мұны үйренгені тым қарабайыр, күлкілі болып көрінетін шығар, бірақ бұл кәсіп үшін керек. Олар балаларды соған үйретуі керек, ал колледждер мен жоғары оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдеріне оныншы, он бірінші сыныптың бағдарламасы оқытылады. Не үшін? Үшінші сыныптағы бала сөздік сөзі деген не, оны неліктен тексеруге болмайды, соны түсінуі керек, бұл оқытылмайды, себебі оқытушылар мұны қарабайыр және күлкілі деп түсінеді».
Игорь Гноевой жұмысында есеп берудің көптігіне де дайын емес еді. Журнал дұрыс толтырылмаса, сөгіс береді. Бәрін ыждағатпен түсіндірген тәлімгері көп көмектесті.
Мұғалімдер қағазбастылықтан құтылады, бәрі цифрлық форматқа өтеді деген уәде болғанымен, педагогтар әлі де қағаз тапсырып жүр.
«Бұл да бір қалыптасып кеткен қағида шығар, мен секілді жас, жаңаша ойлайтын мамандар министрлікте отырса, бәлкім, қосарлап есеп беру жойылатын шығар, сондай адамдар келсе мұндайды алып тастайтыны анық. Себебі 300 кесте жасаудың орнына бір база құрып, соны ғана түзетіп отырған дұрыс емес пе?» — дейді мұғалім.
Қазір ол есеп жазуға бұрынғыдай көп уақыт жұмсамайды, «себебі қолы үйренді», ал бастапқы кезде есеп жазу үшін түн ортасына дейін отыруға тура келетін.
Мектеп бағдарламасына келсек, Гноевой үшінші және төртінші сыныптың оқуын жеңілдеткісі келеді. Мысалы, үшінші сыныпта жаратылыстанудан балаларға кері және оң заряд, тізбек пен электрондық байланысты үйрететін физика бөлімі бар. Үшінші сыныптың баласына мұны түсіну өте қиын.
Сондай-ақ, жаратылыстану және дүниетану бағдарламасында тәжірибе, көптеген зертхана жұмысын жасау керек дейді, бірақ сыныпта қажет жарақ жоқ.
Биыл мамыр ерекше ыстық болып тұр, сондай күндердің бірінде Игорь Андреевич балалармен бірге өткен сабақты қайталап, бір сағатта қанша минут, бір тәулікте қанша сағат бар екенін пысықтап жатыр.
«Кабинет тымырсық емес пе?» — деп сұрады мұғалім балалардан, сосын есікті ашып қойды. Терезе ашу қауіпті, өйткені әйнегі бұған дейін бірнеше рет түсіп қалған.
Осы кабинетте Гноевойдың өзі бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін оқыған. Сол кезде күрделі жөндеу жасалуы керек дейтін, бірақ әлі жасалған жоқ. «Бұл мұғалімдерге емес, балаларға керек қой. Біз балалар бірінші орында деп ұрандаймыз, ал олар неге қапырық бөлмеде отыр, неге терезе ашуға болмайды? Астанаға марапат алуға барғанымда бір мектепте болдым, ол жерде лед-экраннан көп нәрсе жоқ, барлық жерге қойылған, көз ауыртады. Қаржы артығымен бөлінген дейміз бе, тіпті не деуді де білмеймін, ал мына жақта әйнек құлап жатыр. Неліктен бұлай? Ана жақтың Машасының менің Машамнан қай жері артық? Балалардың бәрі бірдей емес пе?!».
«Өзім үшке оқыдым»
Педагогтың ата-аналарға арналған WhatsApp тобы бар, бірақ олармен байланыс біржақты: Гноевой чатқа хат жазады, ал ата-аналар хатты қажет кезінде оған жеке жазып жүр.
«Үнемі айтып отырамын: жеке хабарлама жазыңыздар, кикілжіңді бірге шешеміз, бәрінің алдына жайып салудың қажеті жоқ, сосын оны біреу іліп әкетіп, үшіншісі әрі қарай ушықтырып, арты базарға айналады. Сіздер қоңырау шалып, маған хат жаза аласыздар. Мен көпшілік алдында ескерту айтпаймын. Әрине, төрт рет айтып, айтқаныма құлақ аспаса, бесінші рет топта жариялауым мүмкін. Мұны мен ата-аналар шыдамым таусылғанын білсін деп жасаймын».
Ынтасы оянбайтын бала болмайды, үйренуі қиын бала бала болады деп санайды педагог.
«Егер бала тұйық болса, ішкі дүниесі солай қалыптасса, ешбір педагог ешқандай әдіспен оны аша алмайды. Егер бала бір нәрсені жаны қаламаса, оны мәжбүрлей алмайсың, айталық, менде бәрін істейтін оқушы қыз бар, ол тақтаны да сүртеді, мені жақсы көреді, мен де оны жақсы көремін, арамызда жақсы қарым-қатынас орнаған, бірақ назардан тыс қалдырсам болғаны, ештеңе жазбайды, еске сақтамайды. Мен әлденені дұрыс жасамағаннан емес, бұл баланың ерекшелігі сондай. Өзім үшке оқыдым, мен ақпаратты қабылдау мен қабылдамауды түсінемін. Егер оқушы әлденені түсінбесе, бұған мұғалім қалай да кінәлі болады деген сөз емес және бұл жаман дегенді білдіре бермейді. Математиканы үшке оқығаны ештеңе емес, мен де үшке оқыдым, қазір менің екі жоғары білімім бар. Үштік — қазіргі жетістігіңді көрсететін уақытша баға, бар болғаны осы», — дейді Гноевой сенімді түрде.
«Кейбір ата-ана бағаға бола ренжиді, алайда жалған бестіктің не қажеті бар? Әкем маған үнемі «екі алмасаң болды» деуші еді. Менде үш үштік болды, мұндай баға мен жалқау болғаннан емес, төртке оқуға қабілетім жетпегеннен, бірақ бұл менің болашағыма еш әсер еткен жоқ. Маған қиын болды, сол кезде ақпаратты қабылдаудан қиналдым, ал қазір — бастауыш сынып мұғалімімін. «Саған екі қоямын, өскенде адам болмайсың» дейтін мұғалімдер ұнамайды, кім болып өсетінімді қайдан біледі? Ол оқушы Нобель сыйлығының лауреаты болатын шығар, ал жүлдені сен оқытқан пән бойынша алса, кейін өзіңе ұят болады ғой», — дейді мұғалім.
Жауын жауғанда қарға қай бұтаққа қонады?
Игорь Гноевойға TikTok желісінде 100 мыңға жуық адам жазылған, оның ең танымал видеосы — оқушыларға қойған логикалық сұрағын 7 миллионға жуық адам қарады. Сол видеоға дейін Германияға қыдырып барған кезде түсірген бірнеше жарияланымы және анасы мен әжесі қойған екі лайк болды. Екі жыл бұрын ағарту министрлігі TikTok желісімен бірлесіп үздік видеороликке, көп қаралым мен лайкқа арналған «Қазақстан мұғалімдері» конкурсын жариялағанда бәрі өзгерді.
Гноевойды конкурстың қарапайымдығы қызықтырды — бар болғаны видео жариялап, хэштег қою керек. Сабақ кезінде оқушылардан жауын жауғанда қарға қай бұтаққа қонады деп сұрады, соны талқылаған видео өзгелердің арасынан озып шықты.
Содан кейін жариялаған тағы бір ролигі танымал болды. Осыдан кейін Астанаға марапаттауға шақырды.
Гноевой профиліне жазып қойса да, оның Қазақстаннан екенін барлығы бірдей біле бермейді. Аудиториясының 60 пайызы Ресейден, 35 пайызы Қазақстаннан. Оған әдістемені бөлісуді сұрап хат жазатындар көп:
«Осындай кезде бір нәрсе жасауға деген құлшынысым арта түседі. Педагогтардың, тіпті әріптестерімнің жағымсыз пікірлері де бар, әрине, бірақ әркімнің әдістемесі әртүрлі».
Гноевой TikTok-та монетизация қоспаған — мұны Қазақстанда істеу қиын, бірақ тікелей эфирлер арқылы пайда табуға болады: «Мен бір рет тікелей эфир өткіздім, бірақ сыйлық жіберіңдер деп айтуға ұялдым, алайда соны іске асырғым келеді. Ұялуды доғару керек. Жалпы ақшаға құмар емеспін, тәжірибе бөліскеннен ләззат аламын, сонымен қатар маған жазған адамдардан да бір нәрсе үйренемін, яғни симбиоз бар».
Гноевой мектепке 2016 жылы келген кезде айлығы 62 мың теңге еді, жолым болды дейді: әр жарты жыл сайын айлығы өсіп отырған, оның үстіне, ауылда сабақ бергені үшін үстеме ақы тағы бар, қазір ол 320-340 мың теңге табады. Бұл жас жігіт үшін көп ақша емес, өзі әзірге бірде атасымен, бірде ата-анасымен тұрады.
Гноевой блогына жарнама тарту арқылы табыс тауып жүр, мысалы, кеңсе тауарларын жарнамалайды. Сонымен қатар репетитор болып жүр. Әріптесімен бірге кенттен кабинет жалдады: әріптесі ағылшын тілін, өзі бастауыш мектеп бағдарламасын оқытады. Игорь Андреевич бұл кәсіби машықты жақсартуға көмектеседі дейді:
«Репетитор болғанның ұнайтын жері — біліміңді толықтырасың, басқа сыныптың балалары келеді, олардың сабақ оқығаны басқа, балалар басқа, сен басқаша түсіндіресің, демек, өзіңнің де әдістемең дамиды».
Гноевойға Павлодарда, Алматыда жекеменшік мектепте сабақ беруге ұсыныс түсті, Ресейден, Кипрден де ұсыныс келген.
«Мен әлі дайын емеспін, мұғалім ретінде емес, адам ретінде ондай деңгейге жеткен жоқпын. Бір жаққа бару үшін көп нәрсе үйренгім келеді. Маған Павлодарға жекеменшік мектепке ауысуға ұсыныс түсті, оның директоры жаңаша ойлайтын жас адам, көзқарасы менікімен сәйкес келеді, жекеменшік мектепте мұғалімдерге есеп жазудың, бір жаққа сапарлаудың қажеті жоқ, директор да сіздің міндетіңіз тек оқыту болады деп отыр. Оларда іс-шараларды ұйымдастыратын бөлек адам, жүргізуші бар, ал мемлекеттік мектепте ондай жоқ, сен мұнда асаба да өзің, дәріханашы да, басқасы да өзің. Осы жерден кететіндей болып жатсам, мемлекеттік мектепке бармайтын шығармын, мен уақытымды мұның бәріне құртпай, тек сабақ бергім келеді».
Ал қазір өзіне ауыл мектебінде жұмыс істеген ыңғайлы болып тұр.
«Мені бұл жерде бәрі таниды. Жаңа мектепке ауысатын болсам, жақтырмай, сенбей қарайтын ата-аналар болады, тағы да күшімді балаларға емес, өзімнің сауатты мұғалім екенімді дәлелдеуге жұмсаймын».
«Баладан оқушы жасаймыз»
Игорь Гноевой жақында үшінші жоғары білім алуға кірісті, енді ол тарих мұғалімі болғысы келеді: «Біріншіден, сағат көбейеді, жалақы өседі, кім не десе о десін, әріптестерім ренжісе де айтайын, бастауыш сынып мұғалімі — ең қиын кәсіптің бірі, өйткені баладан оқушы жасайтын да, партаға отыруды, қалам ұстауды үйрететін де, негізін қалыптастыратын да — біз. Бұтқа жіберіп қою да, мұрынбоқ ағу да, кекіру де болып тұрады. Бірінші сыныпта небір жағдай болады! Сабақта ғаламшардың ғаламатын айтып тұрасың да, балалардың бірінің «бүлдіріп қойғанын» көресің. Бұл қазіргі кезде қиын мамандық, сондықтан мен тарих мұғалімі болғым келеді».
Бұрын жарты жылдай оқып шығып кеткен, өйткені педагогтардың студенттерге білім беру ісіне қалай қарайтыны ұнамаған. Олар «бойымдағы ұшқынды өшіріп тынды» дейді. «Мәселе ақшада емес, мен өзіме ыңғайсыз болған жерде қала алмаймын. Қазір ерік өзімде, үшінші білім алып жатсам, бұл рахат әкелгенін қалаймын. Кетіп қалғаным дұрыс болған, өйткені болашақта психология мен педагогика бойынша магистратураға түскім келеді. Бірақ балаларға емес, ересектерге арналған білім алсам деймін, жаныма осы жақын».
Татуға немесе спорт залда түсірген видеоға орай сынайтындар бар: «Мен бұған бас ауыртпауым керегін түсінемін, атқаратын шаруаның көптігі сонша, егер ол болмаса титықтап қалар едім. Маған алданыш керек, сондықтан алдымда екі таңдау болды: біреудің пікіріне құлақ асып, титықтаймын және қатардағы қарапайым мұғалім боламын. Болмаса ештеңеге назар аудармаймын, өмірімді жарқын қылып, мұғалім ретінде ғана емес, адам ретінде де өзімді дамытуды жалғастыра беремін. Онсыз да шектен шығып жүрген жоқпын, нені істеуге болатын, нені істеуге болмайтынын жақсы түсінемін. Үлкен жауапкершілікті түсінемін, не жариялауға болатынын білемін, бәрін сүзгіден өткіземін, мені көп адам тамашалайтындықтан, жарияланбай қалған видео жетерлік, бірақ спорт залда түсірген видеоларды бәрібір жариялаймын, өйткені бұл менің өмірім».
Танымал болудың тағы бір жағымсыз жағы бар екен. Ол дос деген қиындықта танылады деп ойлайтын, алайда жетістік кезінде де танылатынын аңғарды. Көпке танылған кезінде сайқымазақ тірлікпен айналысып жүрсің деген адамдар болды, ал жақын адамы бір айдан кейін ұмыт боласың деген. «Маған бұл ауыр тиді, бірақ бетбұрысымды өзгертті. Мен арақашықтық сақтауды үйрендім. Жұмыстағылар — әріптестер, ал отбасы деген — отбасы. Адамдар жұмыста мен туралы тек өзім рұқсат еткен нәрсені ғана білуі керек. Аса ашылудың, сенім артудың қажеті жоқ».
Ол қазір әлем қатыгез, бірақ балаларды жақсы адам етіп шығару педагог ретіндегі басты міндетім дейді. Иә, білімнің маңызы зор, бірақ ақылды әрі қатыгез болсаң, жақсы емес. «Қатардағы қарапайым бала болсаң да, ішкі әлемің мейірімге толғаны жақсы ғой».
Поддержите журналистику, которой доверяют.