667
16 июня 2025
Светлана Ромашкина, Власть, суреттер Данияр Мүсіровтікі

Айдын үстіндегі «қарлығаштар»

«Медеудегі» әйгілі шолу алаңының тарихы

Айдын үстіндегі «қарлығаштар»

«Медеу» мұз айдынының жоғарғы жағындағы бөгеттегі «Қарлығаштар» спорт кешенінің емес, жалпы Алматының бір нышанына айналған. Мұндай құрылысты кім жобалап, кім салғаны туралы ақпарат кейінгі кезге дейін айтыла бермейтін. «Медеу» мұз айдынын салғандардың жұмысы шығар деген болжам ғана болатын. Алайда оны жобалаған мүлдем бөлек адамдар.

«Власть» есте қалар жобаны ойлап тапқан, сонымен бірге «Қонаевқа арналған үйді», аялдама кешендерін, Достық даңғылындағы ротонданы және көптеген өзге де қызық жобаны жасаған сәулетші жайлы баяндайды.

Қарлығаштар мен Саңырауқұлақтар

1972 жылы тау бөктеріндегі «Медеу» мұз айдыны мен селден қорғайтын бөгет салынды да, көп ұзамай «Қазжолжоба» іргелес аумақ пен жолды абаттандыруға кірісті. Осы мекемеде жұмыс істеген сәулетші Райыс Өміршин үш шолу алаңының жобасын жасады.

Алдымен «Қарлығаштар» пайда болды. Бұл — негізгі шолу алаңы. Мұз айдыны салынып, биіктігі 110 метрлік бөгет тұрғызылғаннан кейін бір жылдан соң пайда болды.

Жобаны Райыс Өміршин «Қазжолжобаның» бас сәулетшісі Бронислав Дмитриевскиймен бірге жасады. Өкінішке қарай, Өміршин мен Дмитриевскийдің сызбасы мұрағатта сақталмаған. Ал бас сәулетші өмірден ерте кетті.

Барлығы Өміршиннің «мұз айдынының үстінде құстар ұшып жүргендей болса» деген ойынан бастау алды.

«Ол кезде әлі ағаштар жоқ болғандықтан, мұз айдыны алақандағыдай көрінетін, — деп есіне алды Өміршин. — Көрініс одан да жақсы болсын деп шолу алаңына баспалдақ қойдық. Материалы монолит пен металл. Күрделі құрылыс ұзақ жылға есептелген соң көп жыл тұрады деп сендік. Өзім бұл жерге сирек келемін. Кейде таныстарым, балаларым, жолдастарым келіп, Шымбұлаққа барайық дейді. Сонда жолшыбай осында тоқтаймыз. Бұл жерде адамдар жүргенін, олардың осы көріністен рахаттанғанын көргенде қуанып қаламын».

Ол уақытта әр жобалау институтының техникалық бөлімі болатын, ондағылар барлық жобаны қарап шығатын.

«Техникалық бөлім бірден қабылдады. Өзімше бұл сызбаны «Қарлығаштар» деп атадым. Бренд болып кететінін білген жоқпын, жай ғана шолу алаңы деп қарадым», — дейді Өміршин.

1973 жылы 15 шілдеде Тұйықсуда су арнасынан асып, сел жүрді. Ал бөгетке селден жиналатын су толған уақытта оны ағызып жіберетін арна салып үлгермеген еді. Жаңадан салынған бөгетке бес миллион текше метр лай мен тас жиналып қалды, бұл бөгет болмағанда қаланың біраз бөлігі қирандыға айналар еді.

Сол уақытта «Қарлығашта» жедел штаб құрылып, алты тәулік ішінде құбыр мен сорғы орнатылды. Соның арқасында қала селден аман қалды. Дегенмен, сол уақытта қанша адам қаза тапқаны және жараланғаны әлі күнге дейін белгісіз.

Сел жүріп өткеннен кейін бөгетті ұлғайтатын болды, енді оның биіктігі 150 метрге жетті. Әрі «Қарлығаштар» мұз айдынының ең биік тұсында емес, сәл төмендеу тұратын болды. Осылайша бөгет басында тағы бір шолу алаңы пайда болды. Өміршин оның жобасын «Медеу» мұз айдыны, цирк ғимараты және басқа да көрікті ғимараттардың жобасын жасаған Владимир Кацев жасағанын айтады.

Осыдан да болар, «Қарлығаштардың» авторы Кацев деп ойлайтындар көп. Өміршин мұны кейінгі жылдары көп естігенін айтады. Сәулетші бұл маңызды емес, айта берсін дейді. Кейіннен денсаулық баспалдағы пайда болды.

«Қарлығаштардан» бөлек Райыс Өміршин «Саңырауқұлақтардың» жобасын жасады. Бұл — «Медеу» мұз айдыны маңындағы көлік тұрағының жоғарғы жағында орналасқан шолу алаңы.

Алғашында «Саңырауқұлақтардың» түсі ақ болған, кейінірек оны басқа түске бояған. Бастапқыда жиегінде мозаика да болмаған.

«Саңырауқұлақтар» мен «Қарлығаштардың» ортасында орналасқан тағы бір шолу алаңын құрастырғанда автор таудан шабыт алыпты. Шолу алаңының төбесі тау шыңына ұқсайды. Бұл аялдаманың түсі де ақ болған, кейінірек авторға ескертпестен, сынған керамика мен фарформен безендіріпті.

Үш нысанды да «Промдорстрой» салған, сәулетшілер тарапынан ешқандай бақылау болмаған: «Шолу алаңдарын салғаннан кейін бардық, көңілімізден шықты. Бәрін біздің сызбамыз бойынша жасағанын көрдік».

Басқа да жобалар

Райыс Өміршин Ақтөбе облысында дүниеге келген. Жеті айлық кезінде әкесі соғысқа кеткен. Жолы болып, аман-сау оралған.

Райыс Өміршин бала күнінен суретті жақсы салғандықтан, 1959 жылы Мәскеудің архитектура институтына оқуға барады. Ол уақытта Қазақстанда сәулетшілерді оқытатын институт жоқ болатын. Оқу бітірген соң, 1965 жылы оны Қарағандыдағы «Гипрошахта» институтына жібереді, кейін Атырауда жұмыс істейді. Шаңырақ көтергеннен кейін, 1968 жылы келіншегінің жұмысына байланысты Алматыға қоныс аударады.

Алматыға келгеннен кейін Көлік министрлігіне қарасты «Қазжолжоба» компаниясында жұмыс істейді.

«Ол кезде автожол министрлігі жоқ, Шоссе-жол басқармасы ғана бар еді. Оны Леонид Борисович Гончаров басқаратын. Өз арамызда «батя» дейтінбіз. Сол кісі жұмысқа шақырып, баспана беремін деді», — дейді Өміршин.

90-жылдары Қалалық атқару комитеті (әкімдік) жанындағы Бас Алматы жобалау басқармасында жоба-өндіріс бюросының меңгерушісі, жеке компанияда бас сәулетші болды, Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетін жобалауға қатысты. 90-жылдары Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрын қалпына келтіруге үлес қосты.

«Қазжолжобада» жұмыс істеген уақытта Өміршин көптеген аялдаманың дизайнын жасады, арасындағы ең үздігі — Орталық стадиондағы дөңгелек мұнара. Сонымен бірге қазір банк бөлімшесі орналасқан «Минутка» кафесінің жобасын жасады.

«Аялдама деген — қоғамдық көлікті күтетін ғана жер емес. Олар да өзінше келісті болса дедім», - дейді сәулетші.

Медеуге барар жолдағы тағы бір аялдаманың жобасын жасады.

Сонымен қатар әл-Фараби даңғылындағы «Арман» автобекетін жобалады.

«Бізге шағын сәулет құрылыстарымен жұмыс істеуді жекелей үйреткен жоқ, ондай бөлім болмады. Бірақ мен сәулет және дизайн жөнінде жазатын журналдарды жаздырып алатынмын. Шетелдік журналдарды оқу үшін Техникалық кітапханаға баратынмын», — дейді Өміршин.

Қонаевқа арналған үй

Өміршин тұрғын үйлердің жобасын жасауды ерекше жақсы көргенін айтады. Мысалы, Гоголь мен Панфилов көшелерінің қиылысында орналасқан жеті қабатты ғимараттың жобасын жасаған. Бұл ғимарат бірінші қабатындағы «Алмаз» зергерлік дүкенімен танымал болды.

«Ол кезде қалалық атқару комитетін Есен Дүйсенов басқаратын. Ол кісі биік үйлерді ұнатпайтын. Көпқабатты үйлер желдің жолын бөгеп қалмауын қатты қадағалайтын. Сол себептен ауа өтіп тұруы үшін бірінші қабаттан өтпелі жол жасадым. Содан кейін ғана жеті қабатты ғимарат салуға рұқсат берді», — деп еске алды сәулетші.

Әріптесі Михаил Трофимовпен бірге Төлебаев көшесіндегі екі қабатты үйдің жобасын жасаған. Осы үйдегі пәтердің бірінде бұрын Дінмұхамед Қонаев тұрған. Қазір онда мұражай жұмыс істеп тұр.

Сурет Виктор Магдеевтікі

«Әр қабатта екі пәтер орналасты, автотұраққа арналған астыңғы қабат болды. Барлығы сегіз пәтер және күзетке арналған бір пәтер болды, — дейді Өміршин. — Қонаев үйдің қандай болатынын білгісі келеді деп, Гончаров мені Орталық Комитетке жіберді. Қонаевтың кабинетінде дәу үстел бар екен. Орнынан тұрып, есік аузынан қарсы алды. Сондай кішіпейіл адам еді. Кәсіби маман ретіндегі пікірімді сұрады, барлығын жайып салып көрсеттім. Көңілі толатынын айтып, әрі қарай жұмысты жалғастыруға батасын берді».

Өміршин Дмитриевскиймен бірге Медеуге барар жолдағы «Самал» шатырлы мейрамханасының жобасын сызған. Қазір ғимарат толығымен қайтадан салынған.

Ауыз толтырып айтуға тұратын тағы бір жобасы бар: Достық даңғылы бойындағы көл жағасында орналасқан демалыс алаңы мен ротонда. Қазір мұнда қайта жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Әйгілі Тереңқұр осы жерден бастау алады, ал жобада ротонда сақталған.

Сурет visitalmaty.kz сайтынан алынды

Райыс Өміршин 2000 жылдардың басында зейнетке шыққанымен, 2018 жылға дейін жұмыс істеген.

Әлі күнге дейін «өзі үшін» жұмыс істейтіні бар. Болашақта балаларым үй салып жатса деген оймен бірнеше жоба сызып қойған.