3102
29 августа 2025
Дмитрий Мазоренко, фото e-history.kz

Қазақстан Конституциясындағы бітпейтін дағдарыс

Елдің басты заңы 30 жыл бұрын қабылданса да, әлі де елеулі қайшылықтар бар

Қазақстан Конституциясындағы бітпейтін дағдарыс

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Конституцияда дуализм бар: биліктің бірден-бір бастауы – халық, бірақ нақты билік президенттің қолында. Бұл құрылым авторитар саяси мәдениеттің негізін қалады, құқық пен бостандық құжат жүзінде болғанымен, іс жүзінде орындалмайды. Оның басты салдары – саяси жағдайға деген наразылықтың ұзаққа созылуы, әлеуметтік теңсіздік және билеуші таптың заңсыз әрекеттері. Сол себептен Конституция үнемі дағдарыста.

Конституцияда әуел бастан дағдарыс болды. Құжаттың 1993 жылы қабылданған алғашқы нұсқасы қазіргі «нормаға», яғни суперпрезиденттік басқару формасына қайшы келеді. Конституцияны қабылдаған кезде Назарбаев оны «халық үшін жазылған» деп сипаттады, дегенмен құжат азаматтарға саяси өмірін тікелей басқаруға мүмкіндік бермеді.

Демократия қағидалары жағынан ол Конституцияда Қазақстан азаматтарының мемлекет жүйесіне қатысуға мүмкіндігі көбірек болды: оған онша шектеу болған жоқ, азаматтар қандай да бір ұйымдарға байланбай, КСРО-дан мұра болып қалған Жоғарғы Кеңеске, яғни парламентке сайлана алатын.

Бұған қоса, 1993 жылғы Конституция заң шығарушы және атқарушы биліктің құзырын тепе-тең етті, бұл Назарбаевтың көңілінен шықпады. Оған заңдарды қабылдауға, үкімет құрамын анықтауға және бюджет құрылымын оңай жасауға кедергі келтіретін құзыретті бөлу ұнамады. Сондықтан бұрынғы президент басынан бастап басқа Конституцияны енгізу жолын іздеді.

Бұл жолда Жоғарғы Кеңес таратылды, себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы депутаттардың бір бөлігі Назарбаевтың нарықтық реформаларына күмәндана қарады.

1995 жылғы наурызда Жоғарғы Кеңес таратылған соң парламенттің өкілеттігі уақытша Назарбаевқа берілді. Бұл азаматтардың мүддесін парламент пен басқа органдарсыз президент қана ұсынады дегенді білдірді. Басқаша айтқанда, 1995 жылғы наурыздан бастап Қазақстанда Конституцияның қолданылуы іс жүзінде тоқтады, оның орнын президенттің билігі басты. Жаңа конституция 1995 жылғы тамыздың аяғындағы референдумда қабылданды.

Фото: e-history.kz


Назарбаевтың бәсекелестері парламенттік төңкерісті конституцияға қарсы әрекет деп қабылдады. Алайда олар күш біріктіріп, тоқтау бола алмады.

Нәтижесінде Назарбаев азаматтардың жағдайын күрт нашарлатқан 140-тан астам «нарықтық заң» қабылдады. Бұл оған әлеуметтік мемлекет қағидаларынан бас тартуға және мыңдаған бизнесті отбасы мүшелері мен өзіне жақын бизнесмендердің пайдасына жекешелендіруге көмектесті. Соның салдарынан миллиондаған азамат жұмыссыз қалды немесе табысы өте төмен болды, оларды шамадан тыс инфляция жеп қойды.

Назарбаев президент болған кезінде Конституцияға бірнеше рет өзгеріс енгізді. Олар президенттің өкілеттік мерзімін үнемі ұзартып, азаматтардың саяси құралдар арқылы наразылық білдіру құқығын да, материалдық әл-ауқатқа деген құқығын да шектеді.

Конституциядағы дағдарыс екінші рет 2022 жылғы Қанды қаңтар кезінде көтерілді. Сол уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше экономикалық дағдарыс пен коронавирус пандемиясы салдарынан халықтың жағдайы қиындап, соның салдарынан туындаған жаппай толқуды басып, элита арасындағы қақтығысты шешу үшін төтенше жағдай жариялады.


Фото: Алмас Қайсар

Сол жылы маусымдағы референдумнан кейін конституциялық тәртіп қалпына келді, бірақ бірнеше өзгеріс болды. Олар азаматтардың авторитаризмге нүкте қою және үлкен әлеуметтік әділдікке бет бұру талаптарына жауап болуы керек еді.

Мемлекеттік пропаганда Конституциядағы түзетулерді демократияның көрінісі деп ұсынды. Біріншіден, бұл президенттен парламентке құзыретті қайта бөлгенде көрінді, соған қарамастан ол жыл сайын азаматтардан оқшауланып бара жатыр.

Жер мен пайдалы қазбалар Қазақстан халқына тиесілі деген норма да осылай ұсынылған. Көбіне олар мемлекет пен оған байланысы бар бизнес элитаның меншігінде болады, ал оларды игеруден, шикізатты сатудан түсетін пайданы қоғамның аз ғана бөлігі көреді.

Референдум аясында азаматтардың саясатқа қатысқанын кеңейту туралы айтылған уәде топ болып наразылық білдіру құқығынан толық айыруға әкелді. Митингілерді өткізу тәртібі өтініштен хабарлама беруге өзгергеннен кейін мемлекет өзі ұйымдастыратын шарадан басқа кез келген наразылыққа тыйым салды.

Фото: kazpravda.kz

Конституцияға енгізілген түзетулердегі әділ өмірге деген үміт көп азаматтың өмір сүру сапасы нашарлаған сайын біртіндеп үзіліп жатыр. Оның орнына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерін реттеу мүддесі үшін жүргізілетін ірі бизнес иелерінің әл-ауқаты өсіп; ҚҚС көтерілген соң салық ауыртпалығы жұртқа түсіп; ал табысын көбейтуді талап ететін жұмысшылардың ереуілдері еленбей отыр.

Конституцияда әрқашан дуализм болды. Ол ел азаматтарын саяси биліктің бірден-бір бастауы дейді, бірақ оны президенттің қолына шоғырландырады. Конституция Қазақстан азаматтарына құқық пен бостандық береді, бірақ іс жүзінде әртүрлі мемлекеттік институттың оларды елемеуіне тосқауыл жоқ. Құжатта халықтың еңбек етуге және лайықты өмір сүруге құқығы бар делінген, бірақ шын мәнінде оларды әлі де жақсы төленетін жұмыс орындары мен жақсы өмірге кепілдік аз экономика сарсаңға салады.

Билік бұл құжатты әлі де маркер тақтасы деп қабылдауы мүмкін, онда бәрін басқаша түсіндіруге немесе өшіріп тастауға болады. Бірақ Конституциядағы дуализм ауық-ауық жұртты қордаланған әділетсіздікке қарсы тұруға итермелейді. Мұндай шиеленіс 2011 жылы Жаңаөзендегі наразылыққа және 2022 жылы Қаңтар оқиғасына ұласты.