Үш жылдан астам уақыт бұрын Власть редакциясы Қазақстанның жаңа заман тарихы туралы жоба жасауға кірісті. Жоба барысында біз кейінгі 30 жылдағы оқиғаларды қамтып, неліктен осындай халге түстік, бүгінгі күнге қалай жеттік деген сұрақтарға жауап іздегіміз келді. Жобаның беташар материалы 2022 жылдың қаңтарында жарық көруге тиіс еді, бірақ бәріне мәлім себепке байланысты ол жарияланбай қалды.
1991 жылғы оқиғалардың салмағы бес жылға жүк болуға жарағанымен, қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы, Парсы шығанағындағы соғыс, Югославия мен Кеңес Одағының ыдырауы, Қазақстан Республикасы мен басқа да тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы сияқты оқиғаның барлығы небәрі бір жылдың ішінде өтті.
Жыл аяқталар тұста Қазақстанда тұңғыш президент сайлауы өтті. Сайлауда балама үміткер болған жоқ, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрдің негізі сол кезде қаланды.
Материалда Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағатынан алынған фотосуреттер пайдаланылды.
КСРО-ны сақтап қалу жөніндегі референдум
1990 жылдың қорытындысы: мұнай бағасы өте қатты құлдырады – барреліне 15$, Кеңес Одағындағы ұлттық табыс 4%-ға азайды, ақша жоспарланған көлемнен екі есе көп басылып шықты, экспорт 12%-ға құлдырап, азық-түлік талонмен сатылды, бүкіл елдің өмірі ұзын-сонар кезекте тұрумен өтіп жатты. Қазақстанда айлық инфляция 5–10% болды. 1991 жылдың көктемінде Қазақстан одақтық бюджеттен дотацияға 6 млрд рубль алған еді, алайда Ресей қараша айынан бастап одақтас елдердің министрліктерін қаржыландыруды тоқтатты.
Жоғарғы Кеңес Назарбаевты таңдады
Кеңестік кезеңде Жоғарғы Кеңес мемлекеттік биліктің ең биік органы саналды. Ондағы депутаттарды халық сайлайтын. КСРО Жоғарғы Кеңесінен бөлек, әр республиканың дәл осындай жеке-жеке құрылымы болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 360 депутаттан тұрды, олар 5 жыл мерзімге сайланатын.
1990 жылдың 24 сәуірінде 12-шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (жалпы 13 шақырылым болды) «Қазақ КСР Президенті лауазымын құру және Қазақ КСР Конституциясына (негізгі заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. 1989 жылдың 22 маусымында Орталық Комитеттің бірінші хатшысы болып тағайындалған сәтінен бастап іс жүзінде елді басқарып келе жатқан 50 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевты Жоғарғы Кеңес республиканың президенті етіп көпшілік дауыспен сайлады. Дауыс беру кезінде балама таңдау болмады – президент лауазымына жалғыз ғана үміткер түсіп, ол 6 жыл мерзімге сайланды.
Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымының депутаты Петр Своик сол сәтте президент сайлауының өтуіне бір депутат қана қарсылық білдіргенін еске алады: «Мәжілістің болашақ спикері Марат Оспанов дауыс беру басталмас бұрын орнынан тұрып, болашақ президентке бұрылды да: «Нұрсұлтан Әбішұлы, неліктен сізді сайлағанымызды қалайсыз? Сіздің абырой-беделіңіз бар емес пе, бірден бүкілхалықтық сайлау өткізейік», – деді.
1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы Кеңес Кеңес Одағының құрамындағы Қазақ КСР-інің егемендігін жариялады.
1991 жылғы 17 наурызда15 республиканың тоғызы, оның ішінде Қазақстан да КСРО-ны сақтап қалу туралы Бүкілодақтық референдум өткізді.
Референдумның сұрағы мынадай еді: «Сіз Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын кез келген ұлт өкілінің құқықтары мен бостандықтары толық қамтамасыз етілетін тең құқылы егемен республикалардың жаңартылған федерациясы ретінде сақтап қалу қажет деп санайсыз ба?»
Ал Қазақ КСР-інде сұрақ барынша қысқа тұжырымдалды:«Сіз КСРО-ны тең құқылы егемен мемлекеттердің одағы ретінде сақтап қалу қажет деп санайсыз ба?» Мұндай нұсқаны республиканың Жоғарғы Кеңес депутаттары бекітті.
Референдумға 148 миллион 574 мың совет азаматы (сайлаушылардың 80,03 пайызы) қатысып, оның 113 миллион 512 мыңы (76,43%) сұраққа оң жауап берсе, 32 миллион 303 мыңы (21,7%) теріс жауап берді. Қазақстанда 8 миллион 295 мың (сайлаушылардың 94 пайызы) адам КСРО-ны сақтап қалуға дауыс берді.
Сол кездегі «Қазрадионың» журналисі, қазіргі құқық қорғаушы Тамара Калеева референдумда одақтың сақталуын жақтап дауыс берген: «Одақтағы көпшілік сияқты мен де шығуға қарсы дауыс бердім. Бірақ халықтың пікірі бір бөлек, жоғары биліктің шешімі – мүлдем бөлек. Ешқашан партияда болған жоқпын әрі кіруге талпынған да емеспін, дегенмен сол сәтте коммунистердің компартияның басқару органы болудан қалғанына, мемлекеттің ыдырап бара жатқанына енжар қарауы мені қатты таңғалдырды. Әрине, олар кейінірек ұйқысынан оянып, есін жиды. КСРО-ны қалпына келтіруді жақтайтын көшбасшылар шықты, бірақ бұл соңғы тұяқ серпу еді. Содан кейін, әрине, біртұтас байланыс, біртұтас держава дейтін ұғым шытынай бастады. Неғұрлым көп уақыт өткен сайын, осынау қашықтық та арта түседі. Қазір, мәселен, Қазақстанның бар екенін, саясаты маған көп жағынан ұнамайтын Ресейдің бар екенін анық түсініп, бақытымызға орай, біз олардан алыспыз, тәуелсізбіз деп қуанамын».
Жеңіс күнін тойлау, 1990 жылдың 9 мамыры. Брежнев (қазіргі Республика алаңы) атындағы алаңдағы мінбер.
Тамыз бүлігі
1991 жылдың 19 тамызында төңкеріс жасау әрекеті болды: жоғары лауазымды кеңес шенеуніктері КСРО-ның ыдырауына және КСРО-ның жаңартылған нұсқасы – Егемен мемлекеттер одағын құру туралы шартқа қол қоюға жол бермеуге тырысты. Олар Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитетке (ТЖМК, орысша ГКЧП) бірігіп, КСРО вице-президенті Геннадий Янаев президент Михаил Горбачевтің орнына президент міндетін атқарушы болғанын хабарлады. Аң-таң болған кеңес азаматтарына Горбачев денсаулығына байланысты міндетін атқара алмайды деп хабарлады.
Тамара Калеева бүліктің болғанын радиодан естіген: «Жер қыртысы ажырап бара жатқандай сезім болды. Бірақ дәл табанымның асты емес, сәл алысырақ жер. Үрейленген жоқпын, қуанған да жоқпын, бірақ ары қарай не боларына аңсарым ауа түсті. Одан кейін көп нәрсе айтылды, үміт те көп болды. Ал Қазақ радиосына келер болсақ, онда іле-шала күйреу, қирау дәуірі басталды. Құрал-жабдық тозып, қызметкерлер қысқартуға түсті. Осының бәрінен шаршап жүрген болатынмын, әрі бір орында ұзақ уақыт отырғанымды да ойладым. Қашанға дейін отыра бермекпін? Жұрттың бәрі жұмыстан шығып жатты. Ақша жоқ, ақшаның бәрі Лейла Храпунованың «Таңына» [телерадиокомпания] кетіп жатқанын кейін білдім».
Петр Своик бүлік басталған күннің ертеңінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің президиумы жиналып, оған Назарбаев келгенін еске алады. Әрі қарай не істейміз деген мәселе қызу талқыға түскен сәт: «Атап айтқанда, республиканың Ішкі істер министрі Михаил Берсеневті шақырып, мінберге шығарып, Мәскеуден нұсқау алған-алмағанын сұрай бастады. Ол ешқандай нұсқау болмағанын айтты. «Ал егер, мысалы, сізге республика басшылығын қамауға алу туралы бұйрық келсе, оны орындайсыз ба?» – деген сұрақ қойылды. Ол барынша шеберлікпен нақты жауап беруден жалтарып, бұйрықты орындамауға бейіл екенін айтты. Осыдан соң мінберге МҚК төрағасы Николай Вдовин шақырылды. Ол барынша тікесінен жауап берді, бірінші сұраққа: «Жоқ», – деді. Бірақ екінші сұраққа: «Мен әскери адаммын, егер осындай нұсқау келсе, оны орындайтын едім», – деп жауап берді. Мараш Нұртазин Назарбаевқа шұғыл түрде Қарағандыға ұшып, шахтаға тығылып қалуды ұсынды. Ол жерден ешкім таба алмайтынын, кеншілер қорғап қалатынын алға тартты», – деп еске алады Своик.
Жоғарғы Кеңес депутаттары Марат Оспанов, Сағат Түгелбаев және Петр Своик таңертең Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформа, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежановқа барып, ТЖМК-ны үзілді-кесілді айыптайтын шешім шығаруды ұсынады.
«Сауық Темірбайұлы: «Сіздер қызуқандылыққа салынбаңыздар, бірақ мен Серікболсын Әбділдинге (сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы – В. ескертпесі) президиум жинауға барамын, онымен келісімге келемін, ал сіздер әзірге осы мәселе бойынша Жоғарғы Кеңес Президиумы мәлімдемесінің жобасын дайындаңыздар», – деді. Уақыт зырылдап өтіп жатыр, президиум мәлімдемесінің жобасы әлдеқашан дайын болды. Тіпті «Казахстанская правда» газетіне телефон соғып, президиум жүріп жатқанын, ТЖМК-ны айыптайтын ауыр мәлімдеме жасайтынын ескерттік. Бірақ президиум өтіп жатқанымен, қарар қабылдана қоймады. Ал «Казправдадан» қоңырау шалып, баспаханаға жіберетін уақыт таяғанын, мәлімдеме жарты сағат ішінде жасалмаса, газетке басып үлгермейтінін айтып жатыр. Сонда Марат Оспанов екеуіміз жауапкершілікті мойнымызға алып: «Теріп қойыңыздар, бір-екі минутта президиум қарарды қабылдайды», – дедік. Баяндамалар батыл әрі қатаң болғанымен, президиум ешбір мәлімдеме қабылдамастан тарқады. Келесі күні таңертең «Казахстанская правда» газетінің бірінші бетінде Жоғарғы Кеңес Президиумы қабылдамаған, ТЖМК-ны қатаң түрде айыптайтын бүлікке қарсы мәлімдеме жарияланды. «Казправданы» оқыған Тәкежанов бізді шақырып алып қатты ұрысты, бірақ болар іс болып қойған еді. Оның ешқандай саяси салдары болған жоқ, болса да, есімде қалмапты».
Бүлік 21 тамызда аяқталды: төңкеріске қатысушылар ұсталып, Горбачев пен ОК қызметін тоқтатты, халық депутаттарының соңғы съезі өтті, оған Петр Своик те қатысты. Бұдан соң Назарбаев Своик пен Оспановқа өтініш жасап, Григорий Явлинский басқаратын экономикалық одақ туралы одақтық шарттың жобасы жөніндегі комиссия құрамында жұмыс істеу үшін Мәскеуде қалуын сұрады. Марат Оспанов шаруалары болып Қазақстанға қайтты, ал Своик Явлинскийдің комиссиясында екі апта жұмыс істеді:
«Біз одақтық келісімнің жобасын дайындадық. Экономикалық тұрғыдан қызық әрі үлгі аларлық болғаны өз алдына, мықты тәжірибе де болды. Ол кезде энергетик едім, энергетикадан басқа ештеңе білмейтінмін. Ал мұнда өте білікті мамандар банк жүйесін, экономикалық қатынастар жүйесін қалай құру керегін талқылады. Осы комиссияда жұмыс істей жүріп, Кеңес Одағының енді болмайтынын түсіндім. Өйткені одақтық шарттың кез келген мәселесіне қатысты кез келген бап бойынша одақтас республикалардың өкілдері арасында пікірталас басталатын әрі ол үнемі дау-дамай мен талқылауға ұласатын. Украин делегациясы жолбасшы рөлінде болды. Жас, жігерлі, мінезді адамдар еді шетінен. Олар кез келген әңгімені қарыздарымыз бен дүние-мүлкімізді тезірек бөлісіп, жан-жаққа тарқасайық дегенге әкелетін. Ал украиналықтардың бұл емеурінін көбіне өзбек делегациясы қолдады, былайша айтқанда, олар бөліну жөнінен Украинадан кейінгі орында тұрды. Оларды грузиндер, армяндар, әзербайжандар да белсенді түрде қолдады. Балтық елдерін айтпай отырғаным, олар бақылаушы рөлінде қатысып, талқылауға араласқан жоқ».
Тұңғыш президент сайлауы
Қыркүйектің басында Қазақстан Коммунистік партиясы қызметін тоқтатты, көп ұзамай Назарбаев жапондық «Хоккайдо Симбун» газетіне сұхбат беріп, бүлік туралы: «Мен КСРО-ның әміршіл-әкімшіл жүйесінің арпалысын көрдім. Бұл жүйе 70 жылдан астам уақыт бойы қалайша дарынсыз билік жүргізсе, төңкерісті де дәл солай іске асырды», – деді. Кеңес Одағының болашағы туралы: «Мен оны экономикалық, саяси, әлеуметтік, т.б. сипаттағы ұқсас мәселелерді шешу үшін біріккен егемен мемлекеттердің қауымдастығы ретінде көремін», – деді. Ал демократия туралы айтқаны: «Мен бұл жерде өз міндетімді жаңа партиялар мен қозғалыстардың пайда болуына кедергі жасау емес, ортақ байланыс нүктелерін іздеу деп білемін».
1991 жылдың 16 қазанында Республика Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» заң қабылдады. Сайлау 1 желтоқсан күні өтеді деп белгіленді. Үміткерлерді ұсыну және тіркеу үшін 100 мың қол жинау қажет еді. Баспасөз «бүкіл халық қолдайтын президент өз саясатын парламентке (Жоғарғы Кеңесті айтады) қарайламастан» жүргізуі үшін сайлау қажет екенін түсіндірді. «Экспресс-К» газеті тек Жоғарғы Кеңес сайлаған президент оған тәуелді болғанын жазды: «Мұндай жағдайда жоғары заң шығарушы органды тарату құқығы конституциялық мазаққа айналады». Горбачевті мысалға келтіріп, оны сайлаған орган таратылғанын айтты. Президентті депутаттар емес, халық сайлауға тиіс деген ой айтылды.
Тарихшы, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов сонау 1989 жылы халық депутаттарының облыстық кеңестеріне сайлау барысын бақылап, сайлаудан көңілі қалғанын айтады: «Бұрмалаудың бәрін сол кезде көрдім, ол кезде партиядан нұсқау болды. Біз университетте үгіт-насихат жүргіздік, мен жолдама бойынша Өскемен педагогика институтында болдым. Бюллетеньдерді қалай бүктейтінін, қалай араластыратынын көрдік. Бізге жақындауға мүмкіндік берген жоқ. Бар болғаны қалалық комитеттің, яғни қазіргіше әкімдіктің нұсқауымен үнсіз ғана бақылап тұрдық. Сайлау нәтижесі бұрмаланып жатты. Сол кезде-ақ бізде жақын арада ешқандай өзгеріс болмайтынын түсіндім. Өйткені кейінірек Қазақстан тәуелсіздік алған кезде де барлық сайлау келісім бойынша өтті. Ішкі істер департаментінен, ҰҚК-дан бір жапырақ қағаз алуың керек, міндетті түрде биліктің келісімін алуың керек, осы үш қағаз қолыңда болса ғана сайлауға қатысуға рұқсат беріледі. Содан соң әкімшілік сіздің техникалық кандидат болатыныңызды немесе шынымен сайланатыныңызды шешеді. Халықтың өз дауысын қорғауына бір-ақ рет куә болыппын, 90-жылдардың басындағы мәслихат сайлауы еді. Саша Кузнецов Алматыда сайлауға түсіп, қаланы аралап жүрді. Екеуміз бірге оқығандықтан, сайлаудың қалай өтіп жатқаны мені де қызықтырды. Тарих факультетінде бірге оқыған Сергей Лебедев пен Саша Кузнецов сайлауда жеңіліп қалды, бірақ олар үгітшілерді тұтас жұмылдырып, бәрі әкімдіктің айналасына жиналып, қоймай жүріп басып кірді. Соңында әкімдік олардың сайлауда жеңіске жеткенін мойындады».
1991 жылғы 24 қазанда Нұрсұлтан Назарбаевты ОСК президенттікке кандидат ретінде тіркеді. Басқа ешкім бюрократиялық кедергілерді еңсере алмады да, бюллетеньде тек Назарбаевтың есімі ғана қалды.
Өткізбей қойған үміткер
Сол кезде «Желтоқсан» партиясын басқарған Хасен Қожа-Ахмет жүз мың қол жинамақ болды. Қараша айында «Экспресс-К» газеті президенттікке ықтимал үміткер туралы «Хасен Қожахметовтың саяси аллегросы» деген мақала жариялады. Онда 42 жастағы белсендінің өмірбаяны жазылған: диссидент болған, КСРО-ны сынайтын мақалалар жазған, 1977 жылы қамауға алынып, екі жыл жазасын өтеген, кейін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан, артынша «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған белсенді қатысу» бабы бойынша 4 жыл жазаға кесілген. 1989 жылы оны босатқан, соттылығының күші жойылып, ақталып шыққан. Мақалада қазан айының соңына қарай Хасен Қожа-Ахметтің 65 мың қол жинай алғаны айтылады. Ықтимал үміткер одан бөлек 16 мың қолдың ұрланғанын айтты. Қожа-Ахметтің командасы қалған 10 күннің ішінде оны қолдайтын 35 мың қол жинауы керек еді.
Оның сайлауалды тұғырнамасының Назарбаевқа қарағанда әлдеқайда радикал және ұлттық бағытта екені айтылды. Қожа-Ахмет Кеңес өкіметінен бас тартып, ұлттық қазақ мемлекетін құруды, ел аумағында ядролық қаруды сақтауды жақтады — ол Қытай мен Ресейдің территориялық талап-шағымынан қауіптенді.
Сол оқиғалардан бері 30 жыл өтсе де, Хасен Қожа-Ахмет сайлаудың әділетсіз өткеніне әлі де сенімді, ол Власть сайтына былай дейді:
«Жоғарғы Кеңес депутаттары Олжас Сүлейменовті президенттік сайлауға қатысуға шақырды, бірақ ол Назарбаевқа сенетінін айтып, қатысудан бас тартты. МТЖК-ден кейін Қырғызстаннан бастап Балтық жағалауы елдеріне дейін бүкіл ел тәуелсіздігін жариялады. Барлығы КСРО-дан шығып кетті, бірақ Қазақстан үндемей, ең соңында қалды. «Бұлай болмайды. Бұл масқара. [1986 жылы] Желтоқсанда бірінші болып наразылық білдірдік, енді соңында қалдық», – дедім. Содан осы мәселемен (тәуелсіздік алу – В.) толық айналысу үшін радиодағы жұмысымды өз еркіммен тастадым. Назарбаев ол кезде тәуелсіздікті жариялағысы келмеді, Колбин кеткен соң компартияның бірінші хатшысы болып отырды. Ол уақыттарда мен «Желтоқсан» қозғалысын басқардым. Жібек жолы көшесіне екі киіз үй тігіп, тәуелсіздікті талап ету акциясын бастадық. Одан бөлек, біз екі желтоқсаншыны түрмеден босатуды талап еттік. Бұл 1991 жылдың 13 қыркүйегі болатын. Ал 16 қазанда алдағы президент сайлауы туралы жарлық шықты. «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижан Назарбаевтың президенттігін қолдайтын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге штаб құрды.
Тіл мәселесін де айттым. Орыстарға жалтақтайтыны үшін Назарбаевпен жиындарда жиі тартысып қалатынбыз. Желтоқсаншыларға қарсы шешім шығарған судьялар мен прокурорлар жазаланатынын айтқанымен, олай болмады. Бірде-бір мәселені шешпеген адамды қалай қолдамақпын?!».
Қожа-Ахмет Жібек жолындағы киіз үйге оралып, әріптестеріне Назарбаевтың штабын қолдаудан бас тартқанын айтты. Жақтастары Хасеннің өзін ұсыну керек деп шешеді. Содан кейін қол қоятын парақты тарататын Орталық сайлау комиссиясына барады:
«Біз қол жинауды бастадық, бірақ сенімді өкілдің куәлігін алуымыз керек болып шықты. Мені қолдайтын және кандидатурамды жақтайтын адамдар сенімді өкіл бола алады, қол жинайды. Ол кезде сайлауды өткізуге қатысты ережелер орнықпаған, заң шикі еді. Үш күннен соң осы анықтамаларды алу үшін Орталық сайлау комиссиясына қайта бардым, бірақ ғимаратта жөндеу жұмысы басталғандықтан, ОСК басқа жерге көшіп кеткен болып шықты. Сайлау енді басталғалы тұрғанда қалай жөндеу жұмысын жүргізеді? Қалайша олар басқа жерге көшіп кете алады? Тіпті жаңа мекенжайын да көрсетпейді. Мұның бәрі менің сенімді өкілдеріме куәлік бермеу үшін жасалды. Бірақ біз соған қарамастан қол жинауды жалғастырдық».
Белсендінің айтуы бойынша, ол 100 мың қол жинау керек екенін 21 қазанда ғана білген. Артынша екінші қаулы шығады, оған сәйкес қол жинау мерзімі 31 қазанда аяқталады. Қожа-Ахметтің жақтастары 64 мыңға жуық қол жинап үлгереді. Ал 31 қазанның түнінде полицейлер келіп, киіз үйлерді тәркілеп, қағаздардың бәрін алып кеткен.
«Таңертең бәріміз әкімдікке бардық. Екі-үш күннен кейін заттарымызды қайтарды. Қол жинау осылай аяқталды. Сөйтіп Назарбаев президенттікке жалғыз үміткер болып тіркелді, ал маған сайлауға қатысуға мұрсат берген жоқ».
1991 жылғы бағдарламасы туралы қазіргі күн тұрғысынан айта келе, Қожа-Ахмет алдына қойған бірінші мақсат – Қазақстанның КСРО-дан бөлініп, тәуелсіз демократиялық республика болуы екенін атап өтті. Екіншісі, қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тілге айналдыру, шетелдегі қазақтарды елге қайтару туралы заң шығару: «Бағдарламада тәуелсіз елге қажеттің бәрі болды. Назарбаевтың бағдарламасы алақандай-ақ еді. Онда ештеңе болған жоқ. Экономиканы дамытамыз, егемендікті нығайтамыз деген сарында жазылған. Тәуелсіздік туралы ештеңе айтылмады. Содан бері 30 жыл өтті. 1995 жылы Назарбаев сайлаусыз «референдум» өткізетінін жариялап, өкілеттігін [2000 жылға дейін] ұзартты. Авторитар жүйесін орнату үшін Парламенттің болмаған сәтін пайдаланып, Конституция қабылданды. Бұл жағдайға осылай тап болдық. Сосын қайтадан сайлауға түсті. Қанша рет сайлауға түскенінен халық шатаса бастады. 30 жыл ішінде ештеңе өзгерген жоқ. Былықтың бәрі сол баяғы күйінде қалды. Өтірік дауыстарды сол баяғыша қолдан жасауға болады. Сол баяғы адамдар отыр».
Қожа-Ахмет радиодан кеткен соң жеті жарым жыл бойы жұмыссыз жүрген, еш жер оны жұмысқа қабылдамаған. Сұхбат берген кезде ол Түркия тарихына арналған кітаптың үшінші томын шығарып жатты. Жалғыз табысы – зейнетақысы. «Жүйкем тозды, жиырма жыл бойына жалғыз тұрып келемін. Таңғы беске дейін жұмыс істеп, кітап жазамын».
Ақын әрі «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов президенттікке үміткер бола алар еді деген пікір қазір жиі айтылады. Сайлауға аз уақыт қалғанда газет бетіне жарияланған мына мәлімдемесі Сүлейменовтің ұстанымын өте анық көрсетеді: ол тіркеуден өткен жалғыз үміткерді шын жүректен қолдаған еді.
Алғашқы президенттік сайлауда Назарбаевтың бәсекелестері болмаса да, баспасөзде белсенді пиар жүрді. Газетте басылған фотосуреттерде ол ғарышкерлердің, Маргарет Тэтчердің жанында тұрды, қолында теннис ракеткасы болды.
Сайлауалды бағдарламасы шынымен де жан-жақты еді. Сайлаушылармен өткен кездесулерін баспасөз белсене жариялады. Ол ең әуелі қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныштық, содан кейін ғана экономикалық реформалар мен шынайы демократиялық қайта құру туралы айтатын. Назарбаев атқарушы билікті нығайту бойынша жан-жақты жұмыс істеуге уәде берді, өйткені нарықтық экономикаға көшу үшін жоғарыдан төменге дейін күшті атқарушы билік қажет еді, «әйтпесе бүкіл Қазақстан талапайға ұшырайды». Ол кезде Қазақстан жерінің 1%-ы ғана жеке қолда болатын.
Ғалым Ағелеуов 1991 жылғы президент сайлауына барғанда біртүрлі сезімде болғанын еске алады: «Біз демократия туралы айтамыз, бірақ балама үміткер жоқ. 100 мың қол деген – өте көп, Қазақстанда әкімшілік ресурстың көмегінсіз және өте қысқа мерзімде соншама көп қол жинау мүмкін емес еді. Сайлау дұрыс өтпеді, балама үміткер жоқ деген сезім болды. Бұл сайлауда бәсекені оятып, өзін көрсетуге құқылы бір адам сөзсіз керек еді. Мейлі ол аса танымал емес адам болса да. Есесіне, одан кейінгі сайлау жүйесіне, елдің жалпы дамуына әлдеқайда тиімді болар еді».
Ағелеуов сол кезде Назарбаевқа зор үміт артқанын, сенім білдіргенін, оның нағыз демократ екеніне, алда демократиялық жол күтіп тұрғанына және мемлекет әрқашан таңдау құқын беретініне сенгенін айтады. Сөйтіп жүргенде сайлау балама үміткерсіз өтеді:
«Қожа-Ахметті ұлтшыл-патриоттық ортада жүргендерден басқа ешкім білмейтін. Ал Назарбаевтың центристік ұстанымы жеңіске жетіп, бәрі оған дауыс берді. Биліктің табиғаты осындай: атақты, танымал тұлғалар өте аз болды. Серікболсын Әбділдин сайлауға түссе қызық болар еді. Олжас Сүлейменов түссе, тіптен қызығырақ болар еді. Бірақ сайлау деген аты ғана, ол әлден-ақ демократиялық емес деген сезім болды. Балама үміткердің болмауы таңғаларлық жағдай, өйткені ол кездегі жалғыз танымал тұлға Назарбаев еді. Батыл екені рас болса, өзін демократ ретінде көрсеткісі келсе, керісінше, балама үміткері бар, бәсеке бар әділ сайлауда жеңіске жететінін қуана көрсетер еді. Назарбаев үшін де, бүкіл номенклатура үшін де ең басты нәрсе орнын сақтап қалу екені мәлім болды. Назарбаевтан көңіл қалған сәт Жоғарғы Кеңесті таратқан кезге сәйкес келеді, бұл кейінірек – 1993, 1994, 1995, 1996 жылдары болды. Осы уақытта тоқырау басталды. Мен ол бір мерзім отырады, соның өзі жеткілікті болады деп үміттенген едім, бірақ мүлдем басқаша болып шықты. Ал сайлауда балама үміткердің болмауы көңілімде қалып қойды».
1 желтоқсанда Қазақ КСР Президентінің сайлауы, ал 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау рәсімі өтті. Одан бірнеше сағат бұрын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің атауын Қазақстан Республикасы деп өзгертті, бұл Беловеж тоғайындағы оқиғаларға байланысты еді: 8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларусь Тәуелсіз Мемлекеттердің Достастығын құру туралы келісімге қол қойған. Осылайша, Кеңес Одағы өмір сүруін тоқтатып, оның құрамында тек Қазақ КСР қалды. Қазақ КСР Президентін сайлап, соңында Қазақстан Республикасының Президенті атанып шыға келуіне байланысты заңгерлер, тарихшылар, саясаттанушылар мен белсенділердің көкейінде көптеген сауал туындады.
Серікболсын Әбділдин осыған байланысты Назарбаев билігін құқықтық тұрғыдан заңсыз деп есептеді, «1990 жылғы 24 сәуірдегі Жоғарғы Кеңесте өткен Президент сайлауы кезінде және 1991 жылғы 1 желтоқсандағы сайлау кезінде КСРО және Қазақ КСР-інің бірқатар заңы бұзылды. Атап айтқанда, КСРО және Қазақ КСР-інің президент туралы заңдары бойынша сайлау міндетті түрде балама үміткердің қатысуымен өтуі керек еді. Бірақ Жоғарғы Кеңестегі сайлау мен жалпыхалықтық сайлау балама үміткерсіз өтті. Алайда заңның рухы мен әрпін ұстансақ, 1991 жылғы 1 желтоқсандағы сайлауды жарамсыз деп танитын едік, осылайша мемлекет мүлдем басқаша болар еді».
Петр Своик алғашқы сайлаудың бәсекесіз өтуі қалыпты жағдай ретінде қарастырылғанын еске алады: «Өйткені Назарбаевтың айтарлықтай бәсекелесі жоқ екені айдан анық еді. Біздің кеңістікте саяси бәсеке жоқ, бірақ жеке билікті заңдастыру жүйесі бар. Сөйтіп Назарбаев Қазақстанға қатысты өзін бірінші болып заңдастырудың арқасында жоғары билеушіге айналды».
Тамара Калеева бәрі кеңестік кезеңдегідей іске асқанын еске алады: «Кімді ұсынса, соны таңдайтынына үйреніп қалғанбыз. Қандай да бір тартыс, балама үміткер, демократиялық қозғалыс болғаны есімде жоқ. Ұсынған адамға дауыс беретінбіз. Сосын ол (Назарбаев – В.) нағыз басшы болып көрінді. ОК-ның бірінші хатшысы еді, бар болғаны атағын өзгертті де, ел президентіне айналды. Ондаған жыл бойы бүкіл сайлау бір ғана үміткермен өткен елде өмір сүрсең әрі туғаннан бастап осыны көріп келе жатсаң, бұл қалыпты жағдай ретінде қабылданады. Қазір жасанды, жосықсыз үміткер десек те, ең болмаса балама нұсқа бар. Ал ол кезде бұл [жалғыз үміткердің болуы] қалыпты болып көрінетін. Соншалықты көреген немесе саяси сауатты болдым дей алмаймын, мен мұны «жалғыз болса жалғыз болсын, басқа тағы кім бар?» деп түсінетінмін».
Сайлаудан кейін Назарбаев нарықтық экономикаға көшу басталғанын мәлімдеді. Қазақстанның өз валютасы бола ма, болмай ма деген сұраққа президент бұл басқа республикалардың енгізу-енгізбеуіне байланысты екенін айтты («Экспресс-К» газеті, 3 желтоқсан). Сол күндері баспасөздегі тақырыптар қызық-ақ, дегенмен, ең шынайысы мынау сияқты:
ТМД-ның құрылуы
1991 жыл жаңа одақтың құрылуымен аяқталды. Бастапқыда ТМД-ның құрамына үш мемлекет енді: Ресей, Украина және Беларусь. Желтоқсанның 13-і күні Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан жаңа бірлестікке қосылуға дайын екенін мәлімдеді. Желтоқсанның 21-і күні Алматыда бұрынғы одақтас 11 республиканың басшылары бас қосып, ТМД-ның мақсаттары мен ұстанымдарын белгілеген Алматы декларациясына қол қойды.
«ТМД-ны құру – КСРО-ны басқа форматта сақтап қалу әрекеті еді, – деп есептейді Ағелеуов. – Балтық жағалауы елдері алшақтап бара жатқандықтан, олар дұрыс таңдау жасап жатыр деген сезім болды. Ерте ме, кеш пе, бәріміз осы бағытта жылжимыз деп ойладық. Дегенмен, бізде номенклатура билігін күшейту үшін осының бәрін жай ғана өз мүддесіне пайдаланып отыр деген сезім әлі жоқ еді. Қажет болса, ештеңеден тайынбайтынын білмедік. Ол уақытта КОКП номенклатурасы біртұтас еді, бірақ бәрі жарылып, ыдырап, жаңа бірдеңе туатындай сезім болды. Қайта құру кезеңінен бері үрдістер жүріп жатты, бірақ оның бәрі әңгіме күйінде, бар болғаны сөз бостандығы деңгейінде болды. Жергілікті өзін-өзі басқару пайда болар деген сезім туды, бірақ ештеңе жүзеге аспады. Кейінірек бізде жергілікті өзін-өзі басқару болмайтыны анық көрінді. Номенклатура жеңіп тынды. Еркіндіктің, реформаның қадірін түсінетін адамдар саны саусақпен санарлық еді. Бәріміз еркіндік келе жатыр деген эйфорияда өмір сүрдік, бірақ дәйекті түрде не істеу керек, қандай қадамдар жасау керек, қай әрекетті бірінші, қайсын екінші, нені үшінші жасау керек екені жөнінде айқын идея болған жоқ. Бәрін жергілікті өзін-өзі басқарудан бастау керек еді. Жергілікті деңгейдегі билікті сайлау арқылы жиындарға, кеңестерге беру қажет еді. Номенклатура мұны бірден түсінді. Содан соң Назарбаев үнемі тұрақтылық туралы сөз қозғады. Тұрақтылық нені білдіреді? Оның түсінігінде бұл – биліктің шоғырлануы. Арқа сүйейтін тұғыр. Атқарушы вертикальден басқа мекемелердің барлығы сән үшін тұрған көмекші ойыншық құралға айналды. Жоғарғы Кеңес билікті бөлуді, басқару жүйесін құруды талап етті. Әбділдин, Марат Оспанов және Заманбек Нұрқаділовтер, менің ойымша, президент билігін нығайту үшін өздерін пайдаланып жатқанын кейінірек түсінді».
Поддержите журналистику, которой доверяют.