1974
23 сентября 2025
Светлана Ромашкина, Власть, Данияр Мүсіровтің фотосуреттері

«Целинныйдың» қайтадан ашылуы

Бұрынғы кинотеатр көп жылға созылған реконструкциядан кейін Заманауи мәдениет орталығы болып ашылды

«Целинныйдың» қайтадан ашылуы

Алматыда жеті жылға созылған реконструкциядан кейін «Целинный» Заманауи мәдениет орталығы ашылды. «Власть» басылымы «Бір орынның тарихы: Целинный» жобасының аясында жаңарған ғимараттың келбетін, қандай өзгерістер жасалып, жаңа мән-мағына берілгенін және жаңа кеңістік құру барысында қандай проблемаларды еңсеруге тура келгенін баяндайды.

Ашылуы

«Целинный» заманауи мәдениет орталығы 5 қыркүйекте жұмысын бастады. Алғашқы қонақтарды шаруашылық мәселелер менеджері Амантай Құсайынбайұлы қарсы алды. Ол мұнда 1998 жылдан бері істейді. Әкімдік үй-жайды «Бауыржан шоу» театрына берген кезде келген.

«Жылу өшірілді, суық су ғана болды, ғимараттың арт жағына қазандық қойылды. «Титаникті» ғана көрсететінбіз, сеансқа 5 адам келіп еді», — деп сол кезді еске алды Құсайынбайұлы жаңарған қасбет алдында тұрып.

Ол «Целинныйдың» ашылғанына екінші рет куә болып отыр. 2001 жылы жаңартылған кинотеатрдың тұсаукесері болды, оны «Отау синема» компаниясы жасаған еді: сол кезде екінші қабат қоса салынды, фойеде «Патио пицца» мейрамханасы болды, үлкен кинозал екіге бөлінді, трибуна астындағы үй-жай түнгі клубқа берілді. Фильм түн ортасынан ауа аяқталған кездерде клуб жұмысын кейінірек бастауға өтініш айтылатын.

«Целинный» 2013 жылға дейін, бөлек орналасқан кинотеатрлар сауда орталықтарындағы заманауи мультиплекстерден түпкілікті жеңілгенге дейін істеді.

Құсайынбайұлы жаңа Целинныйдың ашылғанын қалай күткенін баяндады: «Қалай болады екен деп елестетіп көрдім. Иә, ұзақ күттік, алайда бұл іргетасын қалаудан басталатын, жыл жарым-екі жылда ғимаратын көтеріп тастауға болатын жаңа құрылыс емес қой. Бұған көп күш салынды, кеспекшелерге қараңызшы! Бұл ғимарат адамдарға қуаныш сыйлауы керек. Кеудемді мақтаныш кернейді. 28 жыл бойы осы жерде жұмыс істеп, екінші рет «Целинныйдың» ашылуына қатысып тұрмын, мен үшін бұл мәртебе».

Амантай ағаны киім ауыстыруға шақырды, жарты сағаттан кейін есікті ашуы керек. Фойе адамдарға тез толды: заманауи мәдениет орталығы алдымен қала тұрғындарына есігін ашты, ғимарат бірінші алматылықтарға көрсетілмек, ал үш күннен кейін баспасөз өкілдері мен әріптестер шақырылады. Жұмысын бастаған алғашқы үш күнде жаңа Целинныйды көруге 12 мың адам келді.

Ғимарат

Реконструкция басталардың алдында ғимаратты Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау институты зерттеп, оны бұзу керек деген қорытындыға келді. Ол заманауи сейсмоқауіпсіздік талабына сәйкес келген жоқ. Сүріп тастау оңай әрі арзанға түсер еді, бірақ ғимарат үшін күресу қажет деген шешім қабылданып, ғылыми институт конструкцияларды күшейту жобасын әзірледі.

1964 жылы елдегі ең үлкен кинотеатр деп салынған Целинный ешқандай мұралар тізіміне кірген жоқ. Оның әлі күнге дейін «типтік ғимарат» деген мөрі бар, әйтсе де бұл олай емес, авторлық жоба болуы да мүмкін.

Заманауи реконструкциясына британ архитекторы, ЭКСПО-2017 көрмесінде Ұлыбритания павильонының жобасын жасаған Асиф Хан жауапты болды. Орталық директоры Жәмила Нұрқалиева архитекторға модернизм дәуіріндегі тарихи ғимаратты сақтау міндеті қойылды дейді.

Асиф Хан

Алдымен ол 45 градусқа еңкейген әйнек қасбет жасауды ұсынды. Тарихи қасбеттің негізгі проблемасы — іңір түскенде ғана көзге көрінетін, күндіз қара экран болып тұрды. Архитектор осы міндетті шешуге тырысты.

Бұл жоба қоғамдық кеңесте белсенді талқыланды, сын да айтылды, тіпті қасбетінен су ағып тұратындай болсын деген де ұсыныс айтылды, бірақ климат ерекшелігіне байланысты мұны жасау мүмкін емес.

Сондай-ақ, Асиф Хан шатырын пайдалануға болатындай етіп жасауды ұсынды, бұл Алматы үшін қисынсыз нәрсе. Инженерлік шектеулерге байланысты мұны іске асыру мүмкін болмады.

Ақырында Асиф Хан бәрінің көңілінен шыққан жаңа жоба ұсынды.

Ол 1964 жылғы түпнұсқа қасбет идеясына қайтып келді, бірақ алдына биіктігі 8,5 метрлік ламелден тұратын ауа қатарын орнатты. Ол мұны «кинотеатр экраны алдындағы перде» деп сипаттады.

«Ғимаратқа кірген кезде бұлт арқылы өтесіз», — дейді сәулетші.

Асиф Хан Қазақстанға алғаш рет 2017 жылы келді, болашақ жарын осында кездестірді. Сәулетші Зәуре Айтаева екеуі Алматыда отау құрды.

«Целинный» жұмысын жарымен бірлесіп қолға алды: «Жобаны екеуміз бірге аяқтадық, 7 жыл ішінде Қазақстанды тұтас аралап шықтық, Зәуре мені Қазақстанмен таныстырды. Осы уақыт аралығында жасаған тірлігіміз бізді өзгертті».

Оның айтуынша, «Целинныйға» қатысты атқарған жұмысы өміріндегі ең маңызды кезең болды, нәтижесінде ғимарат қана емес, өзі де керемет түрленуді бастан кешті.

Орталықтың фойесінен «Аспаннан жерге дейін: Асиф Ханның Целинныйы» көрмесін тамашалауға болады, онда архитектордың ғимаратқа қатысты жұмысының түрлі кезеңі қойылған.

«Целинный» реконструкциясына жұмсалған жеті жыл ішінде елде президент ауысты, пандемия, Қаңтар оқиғасы болды.

Сграффито

2018 жылы ғимарат фойесінен белгілі суретші Евгений Сидоркиннің сграффитосы кездейсоқ табылды. 2000 жылы ғимарат жөнделген кезде өнер туындысы жойылды деп есептелген еді. Сол кезде оның бетіне металл конструкциялар қағылып, үстіне гипсокартон жабылған екен. 25 жыл бұрын, белсенділердің ашуын басу үшін кинотеатр иелері сграффитоның көшірмесін бүйір қасбеттерге көшіріп салды, сондықтан біртіндеп бұл Сидоркиннің жұмысы деген жалған түсінік қалыптасты. Бірақ шын еңбек қасбетте емес, фойеде қалды. Осы хикаяның арқасында бүйір қасбеттегі көшірменің жаңа мәнге ие болғанын көруге болады.

Сграффито жұмысы кезіндегі басты проблема — панно тұрған қабырғаны қайтадан тұрғызу қажет болды, сондықтан блоктар кесіп алып, қабырғаны күшейту жұмысы аяқталған сәтті күтіп, құрылыс алаңында екі жыл тұрды.

Бір жыл бұрын сграффитоның алдағы тағдырына қатысты талқы болды: зақымдалған жерін екі мыңыншы жылдардың естелігі ретінде қалдыру немесе бүлінген бөлшектерін қалпына келтіру, бәлкім, ескі фотосуреттердегідей күйдірілген саз реңімен бояу туралы айтылды. Ақырында Асиф Хан осы жерде өнерін көрсететін қазіргі заман суретшілерінің үні анық естілсін деп сграффито түсінің қанықтығын сәл «бәсеңдетуді» шешті. Жойылған бөліктері ақ түске боялды.

Жобаның негізін қалаған бизнесмен Қайрат Боранбаев бүлінген сграффитоның бір бөлігін сол күйінде қалдыруды ұсынды: 2001 жылы бұл жерден касса ашылды. Осы панно салынған қабырғаны JER кафесінен көруге болады.

Ғимараттың алдындағы баспалдақ алынып тасталды — ол толықтай инклюзив ортаға айналды және ішіне әр жағынан кіруге болады. Қажет болса желтоқсанда ашылатын кафе мен мейрамханаға бөлек кіруге болады.

Өнер

Бастапқыда Боранбаев бұл жерде «трансформация театры» болады деп ойлады, бірақ Жәмила Нұрқалиева оны көрмеге, перформансқа, концертке, балалар мен жасөспірімдерге арналған білім жобаларына арналған гибрид арт кеңістік құруға көндірді.

Қайрат Боранбаев «Целинный» жұмысына еш араласпауға уәде беріп отыр, бұл жер тек көрмемен шектелмейді, кеңістік «болып жатқан түрлі өзгерісті көру мен сезу үшін» қажет.

Нұрқалиева бұл музей де, галерея да емес, кездесуге арналған және әлдебір жаңа нәрсе пайда болатын орын деді.

Ескі кинотеатрды еске салып тұрған үлкен зал: бұрын бұл жерде кино көрсетілді, фестивальдер мен премьералар өтті. Енді бұл — шығармашылыққа арналған ORTA 3 кеңістігі, қабырғасы ақ түске боялған, құдды шығармашылықты жаңадан, таза парақтан бастауға шақырып тұрғандай. Желтоқсан айына дейін бұл жерде Арал теңізіне арналған BARSAKELMES аралас жобасы өтеді. Еденге сол өңірден әкелінген қатты тұздан ақ жол төселген. Бұл жерге режиссерлер шақырылып, ретроспективалық кинокөрсетілім өткізу жоспарланған — үлкен залда экран мен кинопроектор бар. Сондықтан кино Целинныйдан алыстаған жоқ.

«Капсула» деп аталатын көршілес шағын залда «Documentation: Орталық Азияны заманауи өнер картасында елестету» көрмесі өтіп жатыр, онда Орталық Азияның 1985 жылдан бергі заманауи өнерінің мұрағат материалдары жиналған.

Алғашқы айларда «Целинный» жұма, сенбі және жексенбі күндері 15:00 мен 19:00 аралығында істейді. Жұмыс күндері мен сағаты біртіндеп ұлғаяды, 2026 жылдан бастап толыққанды жұмыс істеуге тиіс: дүйсенбіден басқа барлық күні, 11:00 мен 19:00 аралығында ашық болады.

Келесі жылға қазақстандық суретшілер Ғалым Маданов пен Зәуреш Терекбайдың «Жорамал мен жалған» көрмесі жоспарланған.

7 мамырдан бастап 28 маусымға дейін әуенді өнер туралы Korkut II: Мәңгілік жел салтанаты триенналесі өтеді. Триеннале әуенді өнердің заманауи түрлеріне, перформанс тыңдау практикасына, эксперимент және авангард музыкаға, ауызша жанрлар мен басқа да дүниелерге арналады.

«Целинныйдағы» жаңа кеңістіктер жақын уақытта ашылады: әзірге екінші қабаты жабық.

Алда Целинныйға іргелес жатқан Ахмет Байтұрсынов атындағы саябақты үлкен реконструкция күтіп тұр. Орталық төңірегіндегі кеңістік қалай өзгеріп жатқаны қазір де байқалады — Масанчи мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында әрлі-бері жүретіндер көбейе бастады.

P.S. Құрылыс басталмас бұрын 52 адамға фотоаппарат үлестірілді, солардан алынған таспа уақыт капсуласына салынды. Нұрқалиева бұл капсула 27 жылдан кейін ашылады деп отыр. Бұл әрі эксперимент, әрі арт нысан, әрі өткен шақтан жеткен сәлем болады.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Материал «Целинный» заманауи мәдениет орталығымен бірлесіп жазылды.