2501
24 сентября 2025
Дмитрий Мазоренко, Власть, фото: bolt-ua.com

Қазақстанның такси нарығында «Яндекске» бәсекелес табыла ма?

Сарапшылар жаңа ойыншылардың бұл салада жолы бола қоймас дейді

Қазақстанның такси нарығында «Яндекске» бәсекелес табыла ма?

Көлік министрлігі Балтық елінен келген Bolt компаниясы Қазақстан нарығына шығуға дайын деп мәлімдегенімен, жаңа агрегаторлардың болашағы аса жарқын емес. Халықаралық ойыншылардың осы салаға кіруге деген бұрынғы талпынысы шығынға ұшыраумен және нарықтан кетумен аяқталды.

«Власть» әңгімелескен сарапшылар Қазақстан нарығында монополист болып отырған «Яндекспен» бәсекелесу өте қиын дейді, өйткені инфрақұрылым жағынан да, баға саясатына байланысты да артықшылығы бар. Белгілі бір бағыттың сервисіне арналған шағын жобаларда ғана жолы болуы мүмкін.

Тамыз айының соңында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев эстониялық Bolt компаниясы Қазақстан нарығына шығады деп мәлімдеген болатын. Мекеме басшысы алдымен самокатты жалға беруден бастайды, сосын 2021 жылы елден кеткен такси қызметі оралады деді. Bolt монополист болып алған «Яндекс» компаниясына бәсекелес болуға тиіс.

Алайда Bolt компаниясы айтылған мәлімдемеге орай «Власть» басылымына берген пікірінде такси сервисін жақында ашу жоспарда жоқ екенін хабарлады.

«Bolt Қазақстан нарығын біраз уақыттан бері қадағалап келе жатыр. Бірақ, такси шақыру қызметімізге келетін болсақ, оны 2025 жылы ашамыз деген жоспар құрған жоқпыз. Бизнес шешім қабылданғанда қосымша ақпарат таратамыз», — деп хабарлады компанияның өңірдегі баспасөз хатшысы Мантас Чижас.

Таксопарктер мен курьерлік қызмет ассоциациясының президенті Мейрамбек Әбілқасов «Власть» басылымына берген пікірінде өздері жасаған талдауға сәйкес, Bolt және басқа да шетелдік ойыншылардың такси сегментінде пайда болу ықтималдығы өте төмен екенін айтады. Себебі, «Яндекспен» үлкен бәсекеге төтеп беру үшін компанияларға маркетингке, жүргізушілерге субсидия беруге және клиенттерге арналған жеңілдік бағдарламасына миллиондаған доллар жұмсауына тура келеді.

«Bolt бұл идеяны Еуропада 5 жыл пайдаланылып, қолданыстан шығарылған самокаттарды қалаға шығаруға рұқсат берсін деп ұсынды. Самокаттар көктемде келіп қойған, бірақ Алматы әкімдігі, соның ішінде қаланың мобильділік басқармасы мұны іске қосуға рұқсат бермей келді, себебі қалада онсыз да самокат жеткілікті», — деп түсіндірді Әбілқасов.

Қайтара сауал жолдағанымызда Bolt компаниясының самокаттарға қатысты айтқаны: олар толықтай істеп тұр, компания жұмыс істейтін елдердің барлығына қолданылатын еуропалық қауіпсіздік стандартына сәйкес келеді. Дәл осы түрі қазір Польша, Украина және басқа да Еуропа мемлекеттерінің біраз қаласында пайдаланылады.

фото Astana Times

«Іске қосуды жоспарлаған кезде Алматы қаласының билік органдарымен тығыз ынтымақтасып жұмыс істедік, электр скутерлерді жалға беретін өзге операторларға қойылатын барлық талапты орындадық. Бұдан бөлек, әр скутерді техникалық тексеруден өткізіп, жедел түрде дайындадық», — деді Чижас.

Bolt жоспарының айқын болмауына Қазақстан нарығында такси қызметін дамыту мүмкіндігінің бар-жоғына қатысты жалпы мәселелер себеп болып отыр.

Әбілқасов оның болашағы тым шектеулі деген пікірде. Монополистер ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келсе, бәсекелестің пайда болу мүмкіндігіне тосқауыл болады. Ал такси бизнесінде монополистің болуы — көп елдегі қалыпты нәрсе. Әдетте нарық агрегаторлар арасында өңірлік принциппен бөлінеді: Uber АҚШ пен Батыс Еуропада, Bolt Балтық елдері мен Шығыс Еуропа мемлекеттерінде, Яндекс ТМД елдерінде, ал DiDi Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияда үстемдік етеді.

«Яндекстің» Қазақстандағы көшбасшылығына оның инфрақұрылым мүмкіндігі себеп, сол арқылы компанияның көлік жүргізушілермен жұмысы өзгелерден тиімді болып отыр дейді Әбілқасов.

Мысалы, «Яндекс Навигатор» жүргізушілер мен жолаушыларға барынша ыңғайлы маршрут құрып береді; «Яндекс Ауа райы» метео жағдайына қарай коэффициент қоюға көмектеседі; ал «Яндекс Афиша» ірі шара өтіп жатқан жерлерде сұраныс көп болатынын болжайды. Осы арқылы «Яндекс» жүргізушілердің табысына жақсы жағдай жасайды.

«Қазақстанға Bolt пен DiDi кірген кезде көп шығындалды. Бірақ олар бекініп, «Яндекске» бәсеке бола алмады. Жолаушыларға берілетін бонусқа және жүргізушілерге берілетін субсидияға байланысты операциялық табыс деңгейіне көтерілу — қиын нәрсе. Онсыз сапар арзандамайды, ал бағамен тарта алмаса, басқа сервисті пайдалануға жолаушылардың да ынтасы болмайды», — деп түсіндірді Әбілқасов.

Bolt Қазақстанның такси нарығына шығатындай болып жатса, қиындыққа ұрынады деген болжамды inDrive компаниясының бас директоры Арсен Томский де айтып отыр. Әлеуметтік желілерге шыққан жаңалыққа пікір білдіре отырып, ол бұған «Яндекстің» өктем баға саясаты себеп деді. Жаңа компания пайда болса, «Яндекс» бағаны барынша түсіріп, жүргізушілерге демеу қаржыны аямай бөледі.

Жанар Каримованың фотосуреті

Жинақталған ресурс оған жаңа ойыншылар шығынға батып жатқан кезеңнен аман-есен өтуге мүмкіндік береді. Кейін кеткен шығынды қайтару үшін «Яндекс» бағаны бұрынғыдан да жоғары етіп қоюы мүмкін дейді inDrive басшысы.

«Монополия басқа тәсілдермен де сақталуы мүмкін. Мысалы, өзіне қосылған таксопарктерге жаңа сервиспен істес болуға тыйым салу. Болмаса, басқа сервистерге картаны (Яндекстің — В.) пайдалануға тыйым салуы мүмкін, ал Google Maps-тың сапасы Қазақстанда өте нашар», — деді Томский.

Оның айтуынша, монополияға қарсы заңнаманы жақсылап орындау арқылы баға демпингінің алдын алуға болады. inDrive-тың Қазақстандағы ел менеджері заң жүзінде нарықтағы ешбір ойыншыға жеңілдік жасамайтын реттеу шегі елдегі цифрлық платформалардың қазіргі даму деңгейіне сай келеді дейді.

«Реттеудің халықаралық практикаға да, аймақтағы ерекшелікке де сүйенуі, нарыққа қатысатын барлығының мүддесін ескеруі және қолданушылар сервистің жақсысын алуына бағытталуы маңызды», — дейді Бекембаев.

Әбілқасов Қазақстандағы такси саласы реттелмеген деп санайды. Оның ойынша, саланы реттейтін мемлекеттік органдар мұнымен айналысуға қауіптенеді, себебі жекеменшік ойыншысы көп ретсіз нарыққа қалай ереже орнатуға болатынын білмейді. Сондықтан көлік министрлігі мен оның департаменттері сала субъектілерін өздігінен реттелетін ұйымдар қатарына қосқысы келді.

Ассоциация президентінің айтуынша, бұл жағдайда такси нарығындағы жаңа ойыншыларға қалатын орын аса көп емес: «Біреу пайда болғанның өзінде, кішігірім сегментте қалады: корпорациялық сапарлар, электр такси немесе премиум сервис. Бұл жерде жергілікті сервистердің мүмкіндігі көбірек. Kaspi өз платформасын әзірлеп жатыр деген қауесет болғанымен, қазір бұл туралы ештеңе айтылмайды. Қалай болғанда да, жаңа агрегаторға операциялық табысқа жетуге барынша қиын соғады».

Kaspi «Власть» басылымының такси сервисін әзірлеу ықтималына қатысты сұрағына жауап беруден бас тартты.