1259
6 октября 2025
Әсел Мұсабекова, Данияр Мүсіровтың коллажы

Расизм құрбандары

Неге COVID-19-дан қара нәсілдідер көбірек қаза тапты?

Расизм құрбандары

Біздің денсаулығымызға қандай жағдайлар ықпал етеді? Адамның сырқаттануына немесе өліміне кім жауапты? Бүгінгі мақаламызда «қоғамдық денсаулық» ұғымының тағы бір қырын талдап, табиғи детерминанттар, яғни тікелей медицинаға қатысы жоқ, бірақ адамның өмір сапасы мен дерт салдарын түбегейлі өзгертетін жағдайлар жайлы айтамыз. Біз тыныстайтын ауа, тұрмыс пен білім деңгейі, орта, тіл, тіпті терінің түсі де осы қатарға кіреді. Пандемия кезінде адамның тірі қалуына ықпал еткен негізгі фактордың бірі де дәл осы терінің түсі еді.

2020 жылдың жазы. АҚШ ауруханалары лық толы. Жедел жәрдем қызметі тағы бір науқасты жеткізді. Қорғаныш киімін киген медбике оның саусағына пульсоксиметр қойды. Экранда 95% деген жазу шықты. «Бәрі жақсы» деп ойлаған медбике басқа науқасқа қарай асықты. Ал палатада қалған адамның тынысы тарыла түсіп, өзін суға батып бара жатқандай сезінді, бірақ мұны ешкім байқаған жоқ.

Сол кезде қала көшелерінде «Black lives matter» деп ұрандаған шерулер өтіп жатты. «Coronavirus Deaths Show How Little Black Lives Matter In ...» деген тақырыппен шыққан жаңалықтар көбейді. Ковидтен қайтыс болғандар арасында қара нәсілділер екі-үш есе көп болды. Медицинадағы жүйелі нәсілшілдік — бұрыннан белгілі құбылыс. Олардың ауруханаға жетуі қиындау болған шығар немесе сақтандыруы болмаған шығар десек те, айырмашылық бәрібір тым үлкен еді. Кейбір ауруханаларда жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандардың сексен пайызы қара нәсілділер болды.

Осы тұста Мичигандағы ғалымдар New England Journal of Medicine журналында зерттеу мақаласын жариялады. Бұл шешуші оқиға болды. Мыңдаған өлшемді сараптау нәтижесінде пульсоксиметрлер қара нәсілді адамдарда оттегі мөлшерін үнемі жоғары көрсететіні белгілі болды. Мәселен, адамның шын сатурациясы қауіпті деңгейдегі 88%-ға түсіп кетсе де, құрылғы 92–93% деп шығарады. Дәл осы зерттеуден кейін ғана мәселе құрылғылардың өзінде екені ресми түрде мойындалды.

Пульсоксиметр қалай жұмыс істейді?

Гемоглобиннің оттегімен байланысқан түрі мен байланыспаған түрі қызыл және инфрақызыл жарықты әртүрлі деңгейде сіңіреді. Құрылғы осы айырмашылықты өлшеп, қандағы оттегінің пайыздық мөлшері — SpO₂ көрсетеді.

Бірақ теріге түс беретін меланин де жарықты өзіне сіңіретінін ескеру керек. Сондықтан терісі қара адамдардан талдама алғанда белгі бұрмаланып, құрылғы көбіне жоғары көрсетеді.

Дәл өлшеудің сенімді жолы — артериялық қанды талдау. Ол үшін артерияға катетер қойылып, қан үлгісі алынады да, PaO₂ тікелей есептеледі. Бірақ бұл инвазив әдіс, уақыт алады және арнайы мамандарды қажет етеді. Пандемия өршіген тұста ауруханалар бар күшін сарқып жұмыс істеп жатты, жылдам әрі «ыңғайлы» тәсілге, яғни пульсоксиметрге сүйенуге тура келді. Дәл сол кезде оның жасырын кемшілігі өлімге әкелетіндей қауіпті туғызды. Әсіресе, бұдан happy hypoxia деген феномені бар науқастар қатты зардап шекті. Олардың қандағы оттегі деңгейі қауіпті деңгейге дейін түсіп кетсе де, науқастың жағдайы күрт нашарлағанға дейін сырттай клиникалық белгілері айқын көрінбейді.

Бұл жағдайға қоғам лезде үн қатты. TikTok-та бейнероликтер көбейіп, бұқаралық ақпарат құралдары оны көшедегі наразылықпен байланыстырып жатты. Ал науқастарды бір ғана сұрақ мазалады: «Неліктен медициналық құралдарға дейін бізді алалайды?».

Шын мәнінде, бұл жаңа пайда болған мәселе емес еді, 1970 жылдардың өзінде Hewlett-Packard компаниясы құлаққа тағылатын пульсоксиметр жасап шығарған. Ол құрылғыны тері түсіне қарай калибрлеуге болатын. Бірақ қымбат әрі үлкен болғандықтан, көбіне тек зертханаларда қолданылды. Кейін тым қымбат әрі «артық әуресі көп» деп, өндірісі мүлдем тоқтап қалды. Сөйтіп, нарыққа арзан әрі шағын пульсоксиметрлер шықты, бірақ бұл кезде терінің түсі ескерілмей қалды.

Демек, мәселені шешетін технология жарты ғасыр пайда болып қойған еді, бірақ ол ыңғайлылық пен пайданың ығында қалып, ұмыт болды. 1990 жылдары-ақ қара нәсілділердің өлшеу нәтижесіндегі айырмашылық туралы алғашқы зерттеулер жарияланды. Алайда мұндай деректер медицина саласында оқып жүрген студенттерге айтылған жоқ, маңызды деп саналмады. Өндірушілердің өзі де мәселені жақсы білсе де, пандемия басталғанға дейін еш әрекет жасаған жоқ. Тіпті сол кезде де құрылғыларын қорғап, жаңа ережелердің қабылдануын кешеуілдетті.

FDA тек 2025 жылдың басында ғана пульсоксиметр өндіруге байланысты жаңа нұсқаулық жариялады:

* сынаққа кемі 150 адам қатысуы керек;

* олардың кем дегенде 25%-ы қара нәсілді болуы қажет;

* тері реңкін анықтау үшін 10 санатты Monk шкаласы қолданылуы қажет;

* гипоксия жағдайында өлшеудің дәлдігі туралы деректер жариялануға тиіс.

Бұл қорқынышты теңсіздік жаңа буын пульсоксиметрін жасауға кіріскен ғалымдарға серпін берді. Жаңа құрылғыларда меланин мен басқа да факторлардың ықпалын азайту үшін ұзындығы бірнеше толқын болатын жарық қолданылады. Машинаны оқытуға негізделген алгоритмдер көлемді клиникалық деректерді талдап, түрлі тері түсі мен қан айналым ерекшелігі бар науқастардың нәтижесіндегі қателіктерді түзетуге мүмкіндік береді. Кейбір прототиптерді денеге тағылатын құрылғыларға біріктіріп, оларды пайдаланушыға автоматты түрде бейімделетін етіп жасап жатыр. Мұнда Monk шкаласы бойынша тері реңкін таңдау мүмкіндігі де қарастырылған. Соған қарамастан, бүгінде әлемде миллиондаған адам әлі күнге дейін ескі пульсоксиметрлерді қолданады.

Нәсілдік және басқа кемсіту түрлері

Медицина саласындағы алалау тек пульсоксиметр мәселесімен шектелмейді.

Көптеген алгоритмде «нәсіл» болжам факторы ретінде ескерілгенімен, оның себебі нақты түсіндірілмейтін. Мәселен, нефрологияда қара нәсілді науқастардың бүйрек қызметін (eGFR) әдейі төмендететін «қара коэффициент» қолданылды. Соның кесірінен олар трансплантация кезегіне кеш қойылатын. Өкпенің жағдайын тексеретін спирометрияда да «нәсілдік ерекшелік» болды. Онда қара нәсілділердің өкпесі кішірек деп есептеліп, аурудың ауырлығы төмен көрсетілді де, өтемақыға немесе көмекке қол жеткізу мүмкіндігі азайды. Шын мәнінде, олардың жай ғана лас ауада көбірек тыныстағаны ескерілмеді. Акушерлікте кесар тілігінен кейінгі табиғи босануды болжауға арналған VBAC калькуляторы қара нәсілді әйелдерге сәтті нәтиже ықтималдығын төмен көрсетіп, олардың қайтадан кесар тілігіне келісуіне әсер етті. Қоғамның қысымы, New England Journal of Medicine басылымындағы мақалалар, тіпті АҚШ Конгресіндегі тыңдаулардың арқасында мұндай тәжірибе жойыла бастады. 2025 жылға қарай кәсіби қауымдастықтардың көбі ресми түрде есептеулерден нәсілдік түзетуді алып тастады.

Клиникалық зерттеулер ондаған жыл бойы «орташа науқасқа» негізделіп келді. Ол көбінесе ақ нәсілді ер адам еді. Соның кесірінен әйелдер мен азшылық топтарға қатысты деректер бұрмаланып отырды.

Соның нәтижесінде бұл топтардағы дәрілердің дозасы, жанама әсерлері мен тиімділігі толық зерттелмей, олардың нақты қауіптері бағаланбай қалды. Қазір реттеуші органдар мен ғылыми қауымдастық зерттеулерде осы топтарды барынша қамтуды талап ете бастады. Бірақ бұрынғы тәсілдердің салдары әлі күнге сезіліп отыр.

Пульсоксиметрлерге қайта оралсақ, алғашқы үлгілер ер адамдарға бейімделіп жасалған. Сол себепті қыстырғыш пен сенсордың көлемі «орташа ер адамның саусағына» шақталған. Әйелдерге, балаларға немесе саусағы жіңішке адамдарға келгенде өлшеу дәлдігі төмендеп, қате шығу қаупі артты, яғни құрылғы дизайны тек тері түсіне емес, жынысқа қатысты да кемсітетін болып шықты. Демек, науқастардың тұтас бір тобы бастапқы жобалау кезеңінде ескерілмей қалған.

Бұл оқиғаның бізге қандай қатысы бар? Қазақтардың денсаулығына қандай әлеуметтік факторлар әсер етеді? Пандемия кезінде тіл теңсіздігі мәселесі анық байқалды. Қазақша ақпарат нақты әрі уақытылы берілмей қалып жатты. Төтенше жағдайларда түрлі сала өкілдері мен шенеуніктер тек орысша сөйлеген кездері болды. Соның кесірінен миллиондаған қазақстандық денсаулыққа қатысты мәліметті кешігіп немесе бұрмаланған күйде алды.

Пульсоксиметрге қатысты оқиға бір нәрсені еске салады: технология ешқашан бейтарап болмайды. Оны адам жасайды, ал адам өз түсінігіндегі «қалыпты» деген нәрсені сол жүйеге енгізеді. Егер сынақ тек бір топқа жүргізілсе, өзгесі қорғалмай қалады. Әділ жүйе құрамыз десек, бізде де алалайтын «пульсоксиметрлер» жоқ па деген сұрақты өзімізге қоюымыз керек.