2578
9 октября 2025
Паоло Сорбелло, фото akorda.kz

Тоқаев Трамптың сөзін қайталап, климаттың өзгеруін «алаяқтық» деп атады

Қазақстан президенті көмір жақсы дейді, ал сарапшылар оны ең лас энергия көзі деп санайды

Тоқаев Трамптың сөзін қайталап, климаттың өзгеруін «алаяқтық» деп атады

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев климат өзгерісімен күрес саясатын көпшілік алдында сынады және Қазақстан электр энергиясын өндіру үшін көмірді негізгі отын ретінде пайдалануды жалғастыра береді деп мәлімдеді. Бұл қадамды сарапшылар жаңа энергетикаға өту үмітіне тиген ауыр соққы деп атады.

Нью-Йорк сапарынан келген соң бір-екі күннен кейін, 26 қыркүйекте Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес форумында сөйлеген Тоқаев климаттың өзгеруіне қатысты күллі әлемнің уайымын сынға алды.

«Мен Дубайда, Бакуде өткен жаһандық климат саммиттеріне қатыстым. Әсерімді әріптестеріме және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды», — деді президент.

Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың климаттың өзгеруін «әлемде осы күнге дейін жасалған ұлы алаяқтық» деген мәлімдемесіне қосылды.

Бұл мәлімдеме саясатта жақында болған өзгерісті көрсетіп отыр, нәтижесінде Тоқаев Қазақстан үшін «жасыл» энергияға өтудің маңызы туралы риторикаға нүкте қойған секілді.

Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес форумында. Фото: akorda.kz.

Алаяқтық па, керісінше ме?

Осыған дейін Тоқаевтың сөзі керісінше шығып еді. 2023 жылы COP28 деген атпен белгілі, Дубайда өткен Біріккен ұлттар ұйымының климаттың өзгеруі бойынша конференциясында сөйлеген сөзінде климат дағдарысына қарсы тұру үшін ынтымақтастық қажет деп айтқан болатын.

«Климат жөніндегі төтенше жағдай — жаһандық дағдарыс. Оған бүкіл әлем болып төтеп беру қажет. Бәріміз Жер шарын сақтауға және баршаға ортақ орнықты даму мақсаттарын қамтамасыз етуге жауаптымыз. Қазақстан ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шеше алатынымызға кәміл сенеді», — деп сөзін қорытты ол.

Келесі жылы Бакудегі COP29 кезінде Тоқаев Қазақстан жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растады және ресми баспасөз релизіне сәйкес, табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

2023 жылы Қазақстан 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткіземіз деген міндеттеме алды. Сол кезде Тоқаев климаттың өзгеруінен Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияға келетін салдарын уайымдаған сияқты.

«Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. [...] Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. [...] Биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. [...] Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару — баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді». — Бұл 2024 жылы қарашада Әзербайжан астанасында Тоқаевтың климат мәселелері бойынша жасаған мәлімдемесінен алынған үзінділер.

«Өз басым балама энергетикаға сенбеймін», — деген еді Назарбаев 2014 жылы.

Саясаттың өзгергені қыркүйекте, халыққа жолдау кезінде байқалды. Ұзақ сөйлеген сөзінде Тоқаев климаттың өзгеруі немесе декарбонизация тақырыбына мүлдем тоқталған жоқ, жаңаратын энергия көздері (ЖЭК) туралы атүсті ғана айтып өтті. Оның орнына президент көмірге көп тоқталды.

«Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет», — деді Тоқаев.

Соңғы сөйлеген кезінде Тоқаев көмірді толық қолдап, жаңаратын энергия көзіне қарсы сөз айтты.

«Қазақстан жылына шамамен 113 миллион тонна көмір өндіреді, бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл — біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек. АҚШ президенті «Маған жел ұнамайды, көмір ұнайды» деп өте дұрыс айтты», — деп мәлімдеді Тоқаев.

Қуаты жүздеген мегаватт болатын жел және күн электр станциялары орнатылғаннан кейін Тоқаевтың сөзі 180 градусқа өзгергендей естіледі.

«Расында, жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін», — деді Тоқаев. «[Көмірдің] бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес».

2024 жылы Қазақстан электр энергиясының 66 пайызын көмір арқылы өндірді, бұл ЖЭК беретін көлемнен 10 есе көп. Жаңаратын энергия көздерінің өндірісі артқанымен, энергия балансындағы олардың үлесі елеусіз.

Қазақстан басшылығы балама энергетика мен декарбонизацияға қатысты саясатын өзгертуі алғаш рет емес. 2014 жылы ел Астанадағы жасыл энергияға арналған EXPO-2017 көрмесіне дайындалып жатқан кезде, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экологиясын жақсарту жоспарына сақтықпен қарайтынын білдірді.

«Өз басым балама энергетикаға, соның ішінде жел, күн энергетикасына сенбеймін, — деді Назарбаев. Біздің артықшылығымыз мұнай мен газда, біз шикізат шығаратын елміз деп қорқудың қажеті жоқ».

Күлі көп

Қазақстан электр энергиясының үштен екіге жуық бөлігін көмір электр станцияларынан алады, олардың көбі тозып бара жатыр. 2023 жылы қазақстандық KEGOK ұлттық компаниясы ресейлік серіктесімен елдің шығысы мен солтүстігіне үш жаңа көмір ЖЭО салу туралы келісімге келді.

Сарапшылар мұны елдің декарбонизацияға ұмтылуына ауыр соққы деді. Өскемендегі Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Дәулет Асанов Тоқаевтың климаттың өзгеруін «алаяқтық» деп атауы көмір өнеркәсібіне экологиялық энергетика балансына нұқсан келтіре отырып жұмысын бұрынғыша жалғастыра беруіне жол ашады дейді.

«Шын мәнінде 3 ЖЭО — саланың шағын ғана бөлігі, істеп тұрған көмір станцияларын модернизациялауға миллиардтар салынады деген уәделер де бар», — деді Асанов «Власть» басылымына берген сұхбатында.

Павлодардағы Toraighyrov University химия және химия технологиясы кафедрасының доценті Иван Раделюк елдегі жылу электр орталықтарының мүшкіл жағдайы көмір пайдалануды, Тоқаев айтқандай, экологиялық таза ете түсетін «озық технологиялар» құруға қажетті инвестицияны жеткілікті көлемде тартуға мүмкіндік бермейді дейді.

«Жылу электр орталықтарының қазіргі ахуалын, «жамап-жасқаудан», қазандық жөндеуден көз ашпайтынымызды ескерсек, қазіргі кезде энергия өндірушілер аталған технологияларды өз еркімен және тиімді түрде енгізетіндей механизм көріп тұрғаным жоқ», — деді Раделюк «Власть» басылымына.

Жаңа энергияға өту бойынша сарапшы және «ЭнергиаВита» директоры Мария Степанованың айтуынша, көмір пайдаланудың кері салдарын энергия тимімділігі мен көміртек шығарындысы тұрғысынан ескеру қажет.

«Егер осы кері салдардың бағасын әділ есептейтін болсақ, көмірден алынған киловатт-сағат соншалықты арзанға шықпайды», — дейді эколог.

Сала бақылаушыларының пікірі бойынша, ЖЭК қуатын орнату құны біраз арзандады. Мысалы, Өзбекстан елде электрге өсіп жатқан сұранысты өтейтін күн станцияларын пайдалануға беруді үдетті. Жаңаратын энергетиканы қолдаушылардың пікірінше, Қазақстан осыдан үлгі алуы керек.

Инфографика: Vlast.kz


Қазақстанның әлі күнге дейін көмірге иек артуына өнеркәсіптің осы секторындағы ірі ойыншылардың күшті ықпалы себеп болуы мүмкін.

«Менің ойымша, Қазақстанда өте күшті көмір лоббиі бар, бұл энергетиканы қазіргі заманға сай дамытуды тежеп тұр», — деді Асанов.

«Власть» анализі үкіметтің декарбонизация жоспарына қарсы көмір лоббиі соңғы жылдары қаншалықты күшті болғанын көрсетті.

Көмір кәсіпорындарының ең нәтижелі стратегияларының бірі — қоғамды Қазақстан көмірінің сапасы жоғары дегенге сендіру болды.

«Президент Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан деп айтты. Осы көмірді Қазақстандағы жылу электр орталықтарының көбі жағып отыр, оның сипаттамасы өте нашар: қалатын күл үлесі 42%. Бұл өте көп, — деді Раделюк. — Көмір — ең лас отын көзі».

Сарапшының айтуынша, бұл энергия тиімділігінің төмен болуына және атмосфераға ластағыш заттардың көп шығарылуына алып келеді.

Қазақстанның ең ірі қаласында ауаның ластануына қарсы күресіп жүрген Almaty Air Initiative ұйымының директоры Жұлдыз Сәулебекова көмір пайдалану PM 2,5 шығарындысына себеп болатын негізгі фактордың бірі дейді.

«Егер көмір энергия балансында қалатын болса, калориясы жоғары және күлі аз отын жаққан дұрыс. Ескі көмір станцияларын модернизациялауға болады, бірақ техникалық тұрғыдан қаупі бар — көбі ондаған жыл бұрын салынды және заманауи сүзгі қоюға арналмаған», — деп түсіндірді Сәулебекова.

Экспортқа қауіп төнді

Асановтың айтуынша, саясаттың өзгеруі инвестиция жоспарына да әсер етуі мүмкін.

«Енді энергетика министрлігі назарды жаңаратын энергия көздерінен көмірге ауыстырып, [осы секторға] инвесторлар шақыра беруіне болады. Мемлекеттің ірі инвестициясы салынып, [жаңаратын энергия көздері] кең көлемде дамиды деп күтудің қажеті жоқ, басымдық көмірге беріледі», — деп топшылайды ол.

Еуропа одағы шекаралық көміртек реттеу механизмін (CBAM) енгізіп жатқан кезде көмір өндіру позициясының күшейгені Қазақстанға кері әсер беруі мүмкін. Бұл саясат импортталатын тауарлардағы көміртек ізіне байланысты трансшекаралық сауданы ынталандыру және жазалау жүйесін көздейді.

Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, Қазақстанның энергетика балансында көмірдің басымдығы бұрынғыдай жалғаса берсе, экспорттан есе жіберіп, соның салдарынан жылына шамамен 250 млн еуродан қағылуы мүмкін. Соның ішінде, «Астана» халықаралық қаржы орталығының зерттеуі алюминийді экспортқа шығарудың өзі 2026 жылы 40 млн еуроға қымбаттайтынын көрсетті.

Қазақстан экспортының 39 пайызы ЕО елдеріне шығарылатынын ресми мәліметтер растайды.

Егер CBAM саясаты қазіргі — алюминий, темір мен болат, цемент пен тыңайтқыш сияқты өнімдер тізімі аясынан шығатын болса және мұнай өнімдері мен химикаттар кіретін болса, Қазақстан жыл сайын 1,4 млрд еуро жоғалтуы мүмкін.

«Еуропаға тауарлар тізімін экспорттайтын ел ретінде Қазақстанға СВАМ күші әсер етеді. Үкімет осы бағытта жұмыстар атқарып жатыр [осы стандартқа сәйкес келу үшін шаралар қабылдап жатыр]» , — деді Раделюк.

2024 жылы СВАМ туралы өткен семинар кезінде сауда министрлігі жанындағы QazTrade орталығының халықаралық интеграция директоры Айнұр Әмірбекова өнеркәсіп өндірісін декарбонизациялау үшін мемлекет инвестициясы қажет деп мәлімдеді.

«Қазақстандық экспортта көмірсутек шикізатының құрамдас бөлігі неғұрлым жоғары болса, импорттаушы елдерде салықтар мен алымдар соғұрлым жоғары болады. Сондықтан өндірістің технологиялық процестерін жаңғырту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, оларды іске асыруға бюджеттен қаражат қарастыру қажет», — деді ол.

Трендке қарсы

Жаһандық тенденциялар тұрғысынан қарайтын болсақ, Тоқаев шешімі Трамптың мәлімдемесін жанама түрде сынаған Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің көзқарасына қайшы келеді.

«Жасыл және көміртегі аз трансформация — қазіргі уақыт тренді. Кейбір трендке қарсы жүргеніне қарамастан, халықаралық қауымдастық дұрыс жолда қалуға тиіс, нық сенімде болып, бұлжытпай әрекет етуі және қарқынын бәсеңдетпеуі керек», — деді Қытай көшбасшысы.

СО2 шығарындысын ең көп бөлетін елдердің бірі бола тұра Қытай 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізуге күш салуға уәде берді.

Зерттеуші профессор және NUPI энергетикалық зерттеулер орталығының жетекшісі Индра Оверленд Тоқаевтың осы бетбұрысын жаңа энергетикаға өту саласындағы әлсіз саясат мысалы деп қарастырады.

«Тоқаевтың мәлімдемесі Қазақстанның жаңа энергетикаға өтуіне өте жаман белгі. Сонымен қатар, бұл Қазақстан секілді біраз елде энергетика туралы саяси шешімдердің қаншалықты жеңіл-желпі екеніне, халықаралық ықпалдың қаншалықты маңызды екеніне мысал бола алады. Сондай-ақ, бұл Трамптың климаттың өзгеруін мойындамау салдары АҚШ-тан тысқары да тарала алатынын, климаттың өзгеруімен күреске арналған жаһандық талпынысқа зиян тигізетінін көрсетіп отыр», — деді Оверленд «Власть» басылымына.

Раделюктің айтуынша, бірнеше елдің саяси тенденциясы климат дағдарысы мәселесіне келгенде әркім өзі үшін жауап береді дегенге қарай ойысады. Бірақ фактінің аты факті: ерте ме, кеш пе, бұл бәрінің басына тиеді.

Сәулебекова мұнымен келіседі: «Қазақстанға ауа сапасы мен халық денсаулығын сақтай отырып энергияны сенімді түрде үнемдеуге сеп болатын елеп-екшелген энергетика стратегиясы қажет».

Тоқаев саясатының өзгеруін атом энергетикасын қолдайтынын мәлімдегені деп те айтуға болады. Осының алдында 2025 жылы жаңадан құрылған Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасын дамыту көміртек ізін азайту жоспарының ажырамас бөлігі деп мәлімдеді.

«Әлемде саяси тенденция климат дағдарысына қатысты мәселелерде «әркім өзіне жауапты» дегенді ұстанады. Бірақ ерте ме, кеш пе, бұл барлығының басына тиеді», — дейді ғалым.

Сәулебекова бұл пікірге қосылады: «Қазақстанға ауа сапасы мен халық денсаулығын сақтай отырып энергиямен қамтуды сенімді ететін елеп-екшелген энергетика стратегиясы қажет».

Тоқаев саясатының өзгеруі атом энергетикасын қолдағанының нәтижесі деуге болады. Бұрын 2025 жылы жаңадан құрылған Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасын дамыту көміртек ізін азайту жоспарының ажырамас бөлігі деп мәлімдеді.

Тағы да атом электр станцияларын салу жоспарының арқасында Қазақстанда он шақты жылдан кейін «ядролық бум» болуы мүмкін. Бірақ ол қазір көміртек отынға қатты тәуелді ел болып отыр.

Қазақстан ЖЭК саласындағы әлеуетін пайдалану қажет деп шешеді деген үміт әлі де бар.

«Елдің жел және күн энергиясын пайдалану әлеуеті орасан. Инвесторлар бар, сұраныс бар, көптеген жоба өзін ақтап жатыр, аукцион жүйесі құрылған. Жаңа энергетикаға өту — біреудің қиялы емес, шынайы жаһандық процесс», — деп қорытты Степанова.