Қазақстан киносында тағы бір дау шықты — жергілікті Кинематографистер лигасы Америка киноакадемиясына іріктеудің әділ өткеніне күмән келтіріп хат жазғаннан кейін Әділхан Ержановтың «Кадет» фильмі «Оскар» бәйгесінен шығып қалды. Сөйтіп, биыл Қазақстан атынан ешкім қатыспайтын болды.
Киносыншы Ғалия Байжанова Қазақстан киносының басты жауы — кәсіби кинематография қауымының бір-бірімен алауыздығы, ниеттес бола білмеуі дейді.
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
Әлеуметтік желілерде өзін Tiger Films продюсерлік компаниясының тәуелсіз консультанты деп таныстырып жүрген Ерлан Бұқарбаев қазан айында «Оскар» киносыйлығы әкімшілігінің шешімімен «Кадет» хорроры қатысушылар тізімінен алынып қалғанын жазды:
«Кадет» «Оскарға» лайық емес деп шағым жазып, құлшына кіріскен Кинематографистер лигасының дегені болды: біздің фильмді қатысу тізімінен алып тастады. Ұйымның айтуынша, «Кадет» операторы Еркінбек Пітірәлиев іріктеу комиссиясының құрамында болғандықтан, өз фильміне дауыс беріпті-міс. Олай емес екені ресми расталса да, болар іс болды. (Айтпақшы, Еркінбек Пітірәлиев — «Оскар» сыйлығының академигі болып отырған жалғыз қазақстандық — автордың ескертпесі). Кинематографистер лигасының қауіп төніп тұр деген уайымы шынымен орындалды. Қазақстан 2026 жылы Америка академиктерінің марапатына қатыспайды, себебі өтініш беру мерзімі өтіп кетті, сондықтан ел атынан жаңа фильм жіберу енді мүмкін емес».
Кинематографистер лигасы мұны теріске шығарып жауап жазды, бірақ компания жария еткен Оскар комитетіне арналған хатта: «құрметті «Оскар», мүдде қайшылығы туып тұр, іріктеу комитеті мүшелерінің бірі таңдалған фильмнің операторы екен» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бәрі әділ әрі ашық болғанын қалаймыз депті. Сондай-ақ, сыйлыққа ұсынуға басқа да үміткерлер бар екенін көрсетіпті, мысалы, Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» және Фархат Шәріповтың «Эвакуациясы». Кандидатты қайта қарауды сұраймыз делінген.
Алайда, хат авторлары кейбір жайтты ескермеген — өтініш беру мерзімі өтіп кетті, ешкім ештеңені өзгертпейді, Қазақстан қайтадан дауысқа салады, бәрінің көңілінен шығатын фильмді таңдайды деп күтіп отырмайды. Оның үстіне, «Дала қасқырын» біздің Оскар комитеті былтыр қарастырған болатын, бірақ Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі аттанды, ал Шәріповтың «Эвакуация» картинасы Екінші дүниежүзілік соғыс туралы және Совет одағының фашистік Германиямен қиын күресін баяндайды, оның үлкен премьерасы Мәскеуде болды. Фильм қанша сапалы болып шықса да, Шәріпов қанша шебер болса да, ол саяси жағдайларға байланысты «Оскарда» жетістікке жете алмас еді. Соңғы үш жылда жаңалық оқыған кез келген адам мұны түсінеді. Әділханның хорроры болса, керісінше, қазіргі күн тәртібіне дөп келеді. Дегенмен, картинаға кейінірек тоқталайық.
Біз хат авторы және кинематографистер лигасының басшысы — қазір Беларусьте «Жеңіс пошташысы» әскери драмасының түсірілімінде жүрген Айдар Баталовтан пікір алуға тырыстық, ол бастапқыда келіскенімен, сөйлесе бастағанымызда пікір беруден бас тартты.
Неліктен «Оскар» десе жанжал шығып тұрады?
Екі жыл бұрын «Власть» отандық кинематографшылар арасында шу болған оқиғаны жазған еді — Оскар комитеті Қазақстан атынан бірде-бір картина жіберген жоқ және лайық фильм болмады деп мәлімдеді. Әйтсе де, ресми өтініш бергендер арасында фильмдер жеткілікті болды: Елдар Шибановтың «Тау жуасы» (Венеция кинофестиваліне қатысушы), Әділхан Ержановтың «Оқу іздеген Адемока» (премьерасы Варшава кинофестивалінде өтті), Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» (Сан-Себастьян кинофестивалінің конкурсанты, бірақ ол Оскарға бір жылдан кейін жіберілді). Өтініш бермесе де, лайықты үміткер бола алатын фильмдер бар: Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» (Берлин кинофестивалінің жүлдегері), Фархат Шәріповтың «Схема» (ол да Берлиналеге қатысушы және бір секцияның жеңімпазы), Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» (Шанхай кинофестивалінің жүлдегері), Дархан Төлегеновтың «Ағайындылар» (он шақты халықаралық фестивальге қатысушы) фильмдері.
Осы шулы оқиғадан кейін бір жыл өткен соң «Оскарға» дұрыс кандидатты жіберу үшін үш қоғамдық бірлестік бірікті: Ұлттық кинематография өнері мен ғылымы академиясы (Рашид Нұғманов), Кинематографистер одағы (Адай Әбілдинов) және Кинематографистер лигасы (Айдар Баталов). «Тұлпар» сыйлығы ұйымдастырылды. Нәтижесінде «Бауырына салу» драмасы жіберілді. Биыл сыйлық табысталған жоқ, үш бірлестік өкілдері тағы да процеске қатысқанымен, нәтижесі бәрібір өкінішті болып шықты.
Tiger Films өкілі Ерлан Бұқарбаев бізге берген пікірінде компаниясының Қазақстандағы Оскар комитетінің шешімдеріне еш қатысы жоғын айтты. «Фильм комитет шешімімен ұсынылса, «Кадетті» сыйлыққа қатысудан комитет қайтарып алған болса, еш сұрақ тумас еді. Тіпті еш кінәрат болмас еді.
Әрине, кинематографияда жанжал, «Оскарға» қатысты реніш пен наразылық бұған дейін де болған, бірақ ел аумағынан тыс таралуы алғаш рет.
Мысалы, 2014 жылы Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі Берлиналеден «Күміс аю» алса да, елеусіз қалды. Бұл фестивальдер әлеміндегі ең беделді марапаттың бірі және Байғазиннің бәйгедегі мүмкіндігі жақсы еді. 2015 жылы ресми кандидат болған Ермек Тұрсыновтың «Жат» картинасына қарағанда, Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшатында» мүмкіндік көбірек болды. Әділханның фильмі Канн кинофестиваліне қатысты, ал осындай дәрежедегі шараға қатысу мықты қолдау болады. Барлық тізімді саралап қарайтын болсақ, біздің елден «Оскар» форматына келе бермейтін картиналар жиі жіберілгенін байқауға болады.
«Кадеттің» таңдалғаны дұрыс болды ма?
Оған талас жоқ. Әділхан Ержанов — Қазақстанның авторлық киносындағы ең танымал режиссердің бірі, ал Оскар бәйгесінде мұның маңызы бар. Әлемнің кино майталмандары оның шеберлігін айтып жүр. Мысалы, «Кадетке» төрт «Оскар» алған («Гравитация» және «Рома» үшін) Альфонсо Куаронның өзі жоғары баға берді. Италияның Ciak басылымына берген былтырғы сұхбатында әйгілі мексикалық режиссер Әділхан Ержановпен Финляндияда Midnight фестивалінде танысқанын айтады. Қазақстан режиссерінің фильмін көрген Куарон «Кадетті» кемеліне жеткен автордың көзқарасы көрінетін таңғаларлық шығарма деп атады.
«Мен оны режиссер әріптестерім Гильермо дель Торо мен Павел Павликовскиге көрсетуге асықтым, — деді Куарон. — Олар да таң-тамаша болды, осы фильмнің авторын көпшілік бағалай алады деп үміттенемін. Өйткені «Кадет» мейлінше әмбебап бола тұра, өз елінің және сол ел ішіндегі патриархал жүйенің нақты проблемаларын баяндайтын сирек фильмнің бірі. Сөйте тұра ол бір нәрсені насихаттамайды және ақылға үйретпейді».
Әлемнің атақты кино өкілдерінің Ержановқа білдірген қолдауын Оскар промо кампаниясына сәтті пайдалануға болар еді. Картинаны Голливудта және әлемдік басылымдарда жарнамалау үшін үлкен бюджет керек екені ешкімге құпия емес, бұған Tiger Films компаниясынан қаражат табылатын шығар.
Оның үстіне, Әділхан Ержанов біздің кинодағы кездейсоқ адам емес, үміткерлеріміздің жыл сайынғы тізімін қарайтын болсақ, «Оскарға» іріктелген «Сары мысық» болсын, ресми іріктеуден өте алмаған «Дала қасқыры», «Оқу іздеген Адемока» болсын, оның есімі түрлі фильмдерімен қоса тізімде міндетті түрде болады.
«Оскарда» жетістікке жетелейтін себептің бірі — фильмнің әлемдік киноконъюнктураға сай келуі, осы тұрғыдан алып қарасақ, «Кадет» мінсіз кандидат деуге болады. Ол соңғы жылдары әлемді дүрліктіріп тұрған әскери қақтығыстар тақырыбын көтереді. Бұл зұлымдық табиғаты мен барлық соғыстың түпкі мәні жайында сөз қозғап, милитаризмге ашық қарсы шығатын кино. Оқиғасы қиялдан құралған әлемде өрбісе де, нақты бір датаға — 2022 жылғы 24 ақпанға сілтейді. Киноның кемшін тұстары болса да, уақыт жүйкесіне дөп тиетін қасиеті бар, өйткені біз шынымен де соғыс әзәзілдері қанға сусап, тозақ апандарынан шыға келгендей заманда өмір жатырмыз: Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина соның дәлелі. Үшінші дүниежүзілік соғыс қатері — қорқыту үшін айтылатын сөз емес, шындыққа жақын жағдай.
Дегенмен «Кадет» белгілі бір оқиғаға арналған, күн тәртібінде тұрған тақырыпты қозғайтын үстірт кино емес, қайта айналып келе беретін зорлық-зомбылықты, соғысқа адами (немесе, керісінше — адамдыққа емес, әзәзілге тән) құштарлықты және өзіне ұқсағанды жойып жіберуге әуестікті сөз ететін фильм. Осының артында не тұрғанын да айтады: күш культінен құралған патриархал жүйе, махаббатқа зар болу және ауру эго.
«Кадет» картинасы не туралы?
«Кадет» постхоррорының ресми премьерасы Токио кинофестивалінде болды. Фильм басты кейіпкер — тарих пәнінің мұғалімі Алина (Анна Старченко) ұлы Серікті (Ратмир Юсупжанов) кадет училищесіне оқуға беруінен басталады. Баласы оқуға түскеніне бір апта өтпей жатып әйел бұл жер мектеп емес, үрейге толы мекен екенін ұғады — бұл жерде курсанттар беймәлім себептермен қайтыс болып, дәлізде 1938 жылы атылып кеткен азаматтардың елесі кезіп жүр. Сөйтсе, әр 14 жыл сайын олардың рухы оралып, соғыс әзәзілдерін оятады екен — алдымен Екінші дүниежүзілік соғыс, сосын Ауған, содан кейін Шешенстан мен Украинадағы соғыс. Маң далада тұрған осы біртүрлі лицей — үрейден және күш көмегімен құрылған мемлекеттің үлгісі секілді. Еркінбек Пітірәлиевтің камерасы әдемі пейзаж бен рухани азып-тозған сұмдық қатар келетін кеңістіктің үрейге толы тынысын ұстап алғандай болады.
Ержанов тағы да шын өмір сюррелистік сұмдықпен және ұжымдық мифпен астасып кеткен өз әлемін көрсетті. Ержанов ойлап шығарған — көрерменге жақсы таныс, тозақтың кішігірім үлгісі іспетті Қаратас елді мекені осы жолы советтің әскери қалашығына ұқсайды: Қасбетте Екінші дүниежүзілік соғыс заманындағы жауынгер бейнеленген үлкен панно көзге түседі, әскери мекемелердің қабырғаларында фашистер туралы үйреншікті үгіт-насихат ақпараты бар. Әскери жетекші жағасына KZ деген белгі бар жапсырма тағып жүрсе де, ескі заманның адамы. Ол «Совет Одағы керемет ел болды», «америкалықтар соғыса алмайды, олар жылы әжетханаға үйренген, біздікілер түзге шыға салысымен шайқасқа дайын» дегенді жиі қайталайды.
Фильмдегі оқиға қазіргі заманда өтіп жатса да, кадет корпусы патшалық Ресей заманындағы оқу орнына ұқсайды — сол жылдардың қару-жарағы мен киімі қолданылады. Кейде мұнда «күшті екенін көрсеткісі келген патша» туралы сөз қозғалады, әңгіме кім жайында екені бәріне түсінікті.
«Кадет» дәстүрлі хоррор емес, сюжеті күрделі болуы мүмкін және көпшілік күткендей Қазақстан армиясының проблемасын көтермейді, оның айтпағы басқа, әйтсе де біздің ел атынан «Оскарға» таласуға лайық кандидат. Ал осы талпыныстың еш кеткені өкінішті жағдай. Лиганың уәжі қандай болса да, оның көлеңкесі бүкіл индустрияға түсті.
Келесі жылы «Оскарға» Қазақстан атынан фильм іріктеу проблемасы шешіле ме, жоқ па, беймәлім. Біздің кинематографшылар ішкі қарама-қайшылық пен ұрыс-керісті доғармайынша, алға басу болмайды. Марапатқа шынымен жыл үздігін жіберу қажет, отандық картина шорт-листке, жолы болып номинанттар қатарына кіріп жатса, күндердің күнінде «Оскар» алып жатса, бұл Қазақстан индустриясын түгелдей алға жетелейді. Қай фильм екені маңызды емес. Бастысы, ең үздігі болуға тиіс.
Поддержите журналистику, которой доверяют.