Инесса Цой-Шлапак, иллюстрациялар Мария Аманжолованікі

Қайта қауіп төндіре бастаған балалар ауруы

Неліктен ұмыт болған жұқпалы аурулар қайтадан жиі бас көтеріп жүр?

Қайта қауіп төндіре бастаған балалар ауруы

Алдыңғы аптада ұлттық екпе күнтізбесі туралы айтқан едік. Күнтізбе бойынша оннан астам ауруға қарсы профилактикалық екпе салынады. Екпеден бас тарту, жалған қарсы көрсетілім қою, егуді кейінге қалдырудың салдары қандай болатынын осы материалда айтпақпыз. Оған қоса көкжөтел туралы шын өмірде болған және жақын арада болған оқиғалармен бірге жобамыздың ғылыми кеңесшісі Борис Вольфович Каральниктің есінде қалған жайттарды да жазып алдық.

1958 жыл, Қарағанды. Харьковтегі медицина институтын жақында ғана бітірген жас маман әрі ғалым Борис Вольфович жолдамамен Қарағандыға келеді. Оны облыстық СЭС-тің бактериологиялық зертханасының меңгерушісі етіп тағайындайды, бұған қоса облыстық балалар ауруханасының лаборанттарына кеңес беріп жүреді. Кеңес одағында АКДС бойынша жаппай егу әлі басталмаған еді және әлсін-әлсін дифтерия індеті шығып тұратын. Ең ауқымдысы 50-ші және 60-жылдардың соңында тіркелді.

Сызба ҒТҚ ОМА архивінен алынған

Борис Вольфович Каральник: «Жүрегі коллодийден жасалған қап сияқты»

– Дифтерияның бүтін жасушасында 300-ден астам сан түрлі антиген бар. Құрамы алуан түрлі. Оның ішінде жасуша сыртқа бөлетін және тиісінше, әртүрлі асқынудың негізгі себебі болатын экзотоксиндер бар. Мысалы, дифтерия қоздырғышы жүректі зақымдап, күрделі асқынуларға әкеліп соқтыратын токсиндер өндіреді. Қарағандыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында дифтериядан қайтыс болған бір баланың мәйітін союға қатысқанмын. 1959 жыл еді. «Доктор, міне, қараңыз», – деп қолыма баланың жүрегін ұстатты. Кішкентай бала ғой, екі-үш жаста шығар, нақты есімде жоқ. Ал жүрегі коллодийден жасалған қап сияқты еді (химиялық және медициналық сынақтарда қолданылады – V анықтамасы). Коллодийден қалай қап жасайтынын білесіз бе? Ыдысқа коллодийлі гель құйып, оны қабырғаларына жағып шығады. Содан соң шыны ыдысты айналдырады да, коллодийді қабырғасынан абайлап ажыратып алады. Алынған затты коллодийлі қап дейді. Егер оның ішіне жарылып кетпейтіндей етіп су құйса, ішіндегі су мөлтілдеп тұрады. Баланың жүрегі де сондай еді. Жүректің үш қабаты да жұқарған: эпикард, миокард, эндокард. Әсіресе миокард қатты жұқарыпты, ал ол жүректің қалыңдығы бойынша негізгі қабаты. Бұлшықеттен түк қалмаған. Сол кезде қолыма жүрек емес, су толтырылған коллодийлі қап ұстап тұрғандай болдым. Әлі есімде. Дифтерия сонысымен қауіпті. Одан өлім-жітім көп.

Назгүл Мадалиева: «Бірде қызым қатты жөтелден есінен танып, күйеуім әрең құтқарып қалды»

2018 жыл, Алматы. Назгүл үшінші баласын күтіп жүр еді. Сол кезде бір жастан төрт ай асқан қызы Мәриям көкжөтелмен ауырып қалады.

– Қайдан жұқтырып алғанымызды білмеймін, бірақ қызыммен бірге анам да ауырды. Мәриямға невропотолог қарсы көрсетілім қойғандықтан, АКДС екпесін салмағанбыз. Бұлшықеті әлі әлсіз, салуға болмайды деген. Мұның жалған қарсы көрсетілім екенін кейін оқып білдім.

Мәриям 2018 жылдың сәуірінде ауырды, жөтеле бастады. Басында ЖРВИ шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ЖРВИ кезінде әдетте тұмау болады ғой. Ал бізде тұмау да жоқ, мұрыннан су ағу да жоқ, ештеңе байқалмайды. Аздап қызуы көтеріледі де қояды. Көбінде жөтелі құрғақ болды. Ауруханаға барып қаралдық. Ол жақта әдеттегідей антибиотиктер жазып берді. Қызым оны бес күн ішті. Бірақ жөтелі мүлде кеткен жоқ, керісінше, күшейе берді. Басында қызым қызаратын, кейін тіпті көгеретін болды. Бір жөтелсе тоқтай алмайтын, құсуға дейін барады. Қатты қорықтық. Жөтелі ұстағанда құсығына шашалып, дұрыстап тамақ іше алмайтын. Есінен танып қалған кезі болды. Күйеуім жүрегін уқалап, әрең есін жиғызды.

Ауру шамамен екі айға созылды, алғашында ешкім себебін таба алмады. Бронхит деп емдеді, антибиотиктердің екі курсы көмектеспеді. Кейін пульмонологқа бардық, ол да түсіне алмады. Ешкім қызымның екпе алған-алмағанын сұраған жоқ.

Фото жеке архивтен алынған

Шамамен бір айдан кейін ғана, жөтел мүлде кетпей қойғасын инфекционистке жіберді. «Екпелеріңіз бар ма?» – деп сұрады. Алмағанымызды айттым. «Онда сіздерде көкжөтел», – деді. Ауруханаға жатқызды, бірақ қызым ол кезде жөтелмеген соң үйімізге қайтарды. Үйде бәрі қайтадан басталды. Жөтелі қатты ұстағанда қызым тағы да есінен танып қалды,тағы да күйеуім әрең есін жидырды. Ауруханаға қайтып бардық, қабылдады, бірақ бәрібір ештеңе істей алмайды. Мұны басында ғана белгілі бір топтағы антибиотиктермен емдеуге болады.

Кейін антиденелердің бар-жоғын анықтау үшін анализ тапсырғанда, көкжөтел жұқтырғанымыз расталды, антиденері де қалыптасқан екен. Қорқынышқа толы екі айымыз осылай өтті. Артынша бәрі басылып, бір қалыпқа түсті.

Мәриям сауыққан соң, барлық екпесін салдырдым. Тіпті бұған дейінгі невропатологтың айтқанына да қарамадым.

Үшінші балам туғанда бірден дәлелді медицинаны ұстанатын невропатолог тауып алдым. Ол барлық екпеге рұқсатын берді. Егу ойдағыдай өтті. Айтпақшы, үлкен ұлыма да барлық екпені кесте бойынша салғанмын. Қызым көкжөтелмен ауырғанда, ол аздап жөтелді де қойды. Демек, екпе көмектескені.

Редакциядан: Дамыған елдердің көбінде баланы невропатолог дәрігерге қарату міндетті емес. Невропатология бойынша қарсы көрсетілімдерге жобамыздың келесі материалдарында толығырақ тоқталамыз.

Қазір үлкен ұлым Аслан – 7-де, қызым Мәриям – 4-те, ал кенже ұлым Амир 2-ге толды. Екі ұлым да екпені ойдағыдай қабылдады, тек қызымда ҚПҚ-ға қарсы екпеден кейін 5 күннен соң басынан аяғына дейін бөртпе шығып кетті (бұл тірі екпеден кейін болатын қалыпты реакция – V анықтамасы). Бірақ ештеңе мазалаған жоқ, бәрі кетіп қалды. Ол кезде мен де екпе тақырыбына қатысты біраз нәрсе оқып шыққандықтан, бұған қатты алаңдаған жоқпын. Кейін балаларға менингитке қарсы қосымша Егу орталығынан тапқан «Нименрикс» екпесін салдық. Қалған екпелерді мемлекеттік ауруханада салдырдық.

Редакциядан: Менингококк инфекциясына қарсы екпе міндетті екпелер күнтізбесіне кірмейді. Оны ата-аналар балаларына жекеменшік клиникалар мен егу орталықтарында қосымша әрі ақылы түрде жасай алады. Ондағы Қазақстанда тіркелгені және қолжетімдісі – бельгиялық GlaxoSmithKline Biological компаниясының екпесі.

Көкжөтел туралы оқиғамызға қайта оралсақ, қазір оны байыппен айтып отырмын, ал сол кезде өте қорқынышты болды. Әсіресе ауырған, жансақтау бөлімінде жатқан балалар туралы оқи бастағанда қатты қорықтым. Оның үстіне көкжөтел алғашқы 1-2 жылда қауіпті. Өйткені бала дем жетпегеннен өліп кетуі мүмкін. Аналарға берер кеңесім, дәлелді медицинаға жүгініңіздер және екпеден қорықпаңыздар. Баланың өмірін қатерге тігудің қажеті жоқ.

Марина Фаридқызы Тараруева: «Дәрігердің көкжөтелді дер кезінде анықтауы маңызды»

Көкжөтел ағымын қалай жеңілдету керек екенін және қандай топтағы антибиотиктер қай кезеңде көмектесетінін тәжірибелі неонатолог әрі балалар невропатологынан сұрадық.

Қазір Алматыда екпе мәселесі бір ретке келмеген, егілмеген балалар көп. Қызылша, қызамық, паротит, көкжөтел сынды әртүрлі жұқпалы аурулар шыға бастады. Жас дәрігерлер мұндаймен кездеспеген, бұл ауруларды көрмеген. Тіпті ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан дәрігерлердің өзі кейде бірден дұрыс диагноз қоя алмауы мүмкін. Бұл біршама қиындық тудырады. Мұны ата-анаға айту керек. Өйткені дұрыс диагноз қоямын дегенше, баланың ауруы асқынып, жансақтау бөліміне түсуі мүмкін.

Фото дәрігердің Инстаграмдағы парақшасынан алынған

Көкжөтелді Bordetella pertussis таяқшалары қоздырады, бұлар өте төзімді. Ауру әр балада әртүрлі өтуі мүмкін. Жалпы көкжөтелдің үш негізгі формасы бар: жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр. Көкжөтелдік жеңіл түрінде антибиотиктер аса қатты қажет емес. Көбіне таулы аймақтарда, өзеннің жағасында серуендеуге кеңес береді, сондай симптоматикалық және тыныштандыру терапиясы деп аталатын әдістерді қолдануды ұсынады. Ал көкжөтелдің орташа ауыр формасында күніне он реттен көп жөтел ұстауы мүмкін, әсіресе түнге қарай күшейеді. Бұл кезде баланың тынысы тарылып, беті күрт қызарады, күркілдеп, қылғынып, демі тоқтағанша жөтеле бастайды. Мұндай формаларында емделу қажет.

Ең бастысы, дәрігер көкжөтелді дер кезінде анықтауы қажет, өйткені біз тағайындайтын антибиотиктер басында, яғни алғашқы жеті күнде өте жақсы көмектеседі.

Қолданатын антибиотиктеріміз – суспензия түріндегі, макролидтер тобындағы антибиотиктер. Балада диагноз дер кезінде қойылмай, көкжөтелі асқынып кеткенде де антибиотикер тағайындалады, бірақ олар қажет деңгейде әсер етпейді.

Эльмира Ыдырысова: «Қызым әлі күнге дейін жөтелден қорқады»

Эльмира Ыдырысованың көптен күткен кенже қызы 2016 жылы көкжөтел жұқтырып, онымен жарты жылдай ауырған. Бұл бүкіл отбасы үшін сынақ болды.

Қызым Адия алғашқы екпелерін (BCG мен В гепатитіне қарсы екпелер – V анықтамасы) перзентханада алды. Ал кейін, 2-3 айлығында салалық мамандарға бардық, невропатолог: «Екпей қоя тұрыңыздар», – деп қарсы көрсетілім берді. Өзіме қызым жасына сай, қалыпты дамып келе жатқандай көрінетін, бірақ дәрігердің айтқанын тыңдадық, қызымда бір жасқа дейін медициналық қарсы көрсетілім болды. Шамамен бір жастан үш ай асқанда Адия көкжөтел жұқтырып алды.

Редакциядан: Жарты жылдан көп, ұзақмерзімді медициналық қарсы көрсетілім ағза екпенің компоненттерін қабылдамағанда, бұған дейін егілген екпелерге аллергиялық реакция болғанда және ауыр халдегі иммун тапшылығы кезінде қойылуы мүмкін.

Басында қарапайым тұмау шығар дедік, бірақ кейін біртүрлі белгілер біліне бастады. Ысқырық аралас өткір дем алады да қатты жөтелі ұстайды, қылғына жөтелгенде біртүрлі жабысқақ, мөлдір сілекей шығады. Ауруханадан дәрігерлерді бірінен соң бірін шақыра бастадым. Бәрі «ЖРВИ» деп жөтелге қарсы антибиотиктер жазып берді. Бірақ жөтелі кеткен жоқ. Құрғақ та емес, ылғал да емес, өте қорқынышты бір жөтел кенеттен бастала кететін, ал одан кейін шығатын желімдей тұтқыр, мөлдір сілекейді баланың аузынан өте көп мөлшерде шығаратынмын.

Фото жеке архивтен алынған

Бір сәтте үлкен ұлым Ерасыл қаралған жалпы практика дәрігері есіме түсті. Ол бірден: «Қазір жөтеліп тұрған жоқ қой, тұмаудың да сыртқы белгілері жоқ деуге болады, қызуы да көтерілмеген, бұған дейін не істеп едіңіздер?» – деді. Ингаляция істедік, ананы істедік, мынаны істедік деп айта бастадым. Қырсық шалғандай қызым дәрігердің алдында жөтелмей қойды, мен болсам жөтелі қалай ұстайтынын, біртүрлі жөтелге тән белгілерін сипаттап түсіндіруге тырысып жатырмын. Дәрігер баланы қарай бергенде, қызым кенеттен жылай бастады да, жөтелі ұстады. Сол кезде ол бірден: «Егілгенсіздер ме? Көкжөтелге қарсы екпе салдыңыздар ма, АКДС бар ма?» – деп сұрады. Егілмегенімізді білгеннен кейін көкжөтел болуы мүмкін деген күдікпен анализдер тапсыруға жолдама берді. Айтпақшы, жергілікті ауруханада бізде көкжөтел болғанын білген де жоқ. Ауырды десем, әлі күнге дейін: «Қойыңыз, мүмкін емес», – дейді. Өйткені бұл туралы жазбалар жоқ, тек ЖРВИ деп жазылған.

Көкжөтелдің бар-жоғын анықтайтын анализдің бірнеше түрі бар: бакпосев, ПТР, серологиялық сынақтар.

Көкжөтел деген – сұмдық ауру екен. Деректерді зерттей бастадым, көптеген материалды оқып, екі жасқа дейінгі балалардың арасында өліммен аяқталатын жағдайлар көп екенін білдім. Сонша жасқа келгенде Құдайдан сұрап алған балам ғой, мұның бәрі мен үшін сұмдық жағдай болды. Шынында, іштей бойымды үнемі үрей билеп тұратын. Менің ғана емес, сол кезде жанымызда болып, көмектескен жақындарымның бәрі сондай халде жүрді.

Көкжөтел уақыт жағынан өте ұзаққа созылатынын білдім. Бір ай, үш, төрт, алты, тоғыз ай… ал басынан өткізгендердің сөзінше, ұзақтығы неге байланысты болатыны мүлде түсініксіз екен.

Адия шамамен тамызда жұқтырып, алты ай ауырды. Төрт ай қатты ауырды, қалған екі айда бәсеңдеді.

Жұрттың қандай кеңесіне құлақ аспадық десеңізші. Таза ауада да серуендедік, тауға да шықтық, гомеопатияға да жүгініп көрдік, ұшақпен де ұштық. Шынымды айтсам, қызымның көкжөтелмен ауырғанының өзіне таңғалдым. Бұл артта қалған ескінің ауруы деп ойлайтынмын. Тіпті дифтерия, көкжөтел сынды диагноздар қазір мүлде жоқ шығар дейтінмін. Көбі мұның не екенін түсінбейді де. Ал көкжөтелмен өзім бетпе-бет келгенде, оның қандай қорқынышты екенін көрдім.

Көкжөтел – таза ауамен ғана емделетін ауру сияқты. Қызымның жөтелі ұстағанда терезенің бәрін ашып қоятынбыз, далаға шығамыз, таза ауа үшін тауға шығуға тырысамыз. Бәрі уақыт керек екенін айтады. Өйткені мұны дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес. Мидан бір команда беріліп, сол кезде жөтелі ұстайтын сияқты ма, біртүрлі. Бала әлі кішкентай ғой, мұнымен өзі күресе алмайды. Сол үшін де қорқынышты. Аузынан мөп-мөлдір сілекей ағады, бала соған қақалып қалмас үшін оның бәрін қолыңмен шығарасың. Жөтелі кешке басталғаннан таңға қарай бір-ақ тоқтауы мүмкін. Осы кезде ұйқысыз, сақ отырасың, басыңа неше түрлі ой келеді. Осының бәрінен аман-сау өту үшін күн сайын дұға тілейтінмін. Балаң көз алдыңда жөтелден тұншығып жатқанда оған қалай көмектесеріңді білмейсің, көңілін қалай басқаға аударарыңды білмейсің. Бұл сәтті айтып жеткізе алмаймын.

Жұмыста болған кезде көп адам көмектесті. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Күтушілер де, сіңлілерім де, бәрі баламның сақшысы болды. Таңертең жұмысқа жақсы көңіл-күймен шығуым үшін үлкен әпкем Әлия үнемі қызымның қасында болды. Шынымен де, қатты қорқасың. Әсіресе осынша ұзаққа созылғанда... Бала өзімен-өзі ойнап жүреді, бәрі жақсы сияқты, бірақ бір сәтте кенеттен жөтелі ұстай қалады. Жөтеліне тән ысқырыққа ұқсас дыбысты естісең болды, қасына жетіп барасың. Солай қызымды кәдімгідей құтқаратынбыз, бірақ қалай, немен екенін білмеймін. Соңында неден жазылып кеткенін де айта алмаймын, түсінбеймін. Бәрі көмектескен сияқты: мазасыз хал-ахуал тудырмас үшін сабыр сақтау; үйді үнемі желдетіп отыру және тұрақты серуендеу.

Қызым әлі күнге дейін жөтелден қорқады. Адия қазір 5-те. Жөтеле бастаса, есі шығады. Әбден қиналды, оның қасында біз де ұзақ қиналдық. Шамамен төрт айдан астам уақыт байыз таппадық. Бұл біріншіден ата-ана ретінде қорқынышымыз. Десе де, «уайымдайтын түгі жоқ, бәрі ауырып, жазылып кетіп жатыр», – деп өзімізді қолға алып, сендіруге тырыстық.

Редакциядан: Көкжөтел таяқшасы миға еніп, жөтел орталығын тітіркендіреді. Мұның әсерінен тізбекті реакция туып, жөтел бактериялардың барлығы өлсе де ұзақ уақыт жалғасады.

Қызым сауыққан бойда бірден алмаған екпелерін салдыруға кірістік.

Шынымды айтсам, екпенің маңызы туралы қызым ауырғанда ғана ойлана бастадым. Әйтпесе, екпені бір жасқа дейін салғаннан иммунитет нашарлайды, тағысын тағы деп санайтын таныстарым көп. Бірақ бізде екпелерден кейін, Құдайға шүкір, бәрі жақсы болды. Айтпақшы, бізге «көкжөтел» деп диагноз қойған дәрігер ең алдымен «бала сап-сау ғой!» деп невропатологтарға ұрысты. Мен де: «Соны айтам. Қайдағы бір ауытқуларды қайдан тауып алады екен», – деймін. Бізге не үшін қарсы көрсетілім бергені де есімде қалмапты. Бірақ үлкен ұлымда қарсы көрсетілім болған соң, ол кезде бұған қатты көңіл бөлмеп едім.

Қазірдің өзінде сол кезді үреймен еске аламын. Егер екпенің арқасында мұның расымен де алдын алып, ауруды айналып өту мүмкін болса, әрине, бұл екпені салдыру керек. Әйтпесе бұдан кейін өткізетін күндеріңіз екпеден кейінгі екі күн қызу көтерілуден де қорқынышты болады. Әрине, екпеден сәл де болса қорқыныш бар. Бірақ қызымның ауруынан кейін бұл сұраққа саналырақ қарай бастадық. Мысалы, маған АКДС салғанда мұның бәрі болмауы да мүмкін еді деп нақты айтты. Демек, екпе көкжөтел мен дифтериядан құтқаратын болғаны. Қызым ауырып, бұл тақырыпқа тереңірек үңіле бастағанымда таныстарымның арасынан көкжөтелге де, дифтерияға да қатысты жайттар кездесе бастады. Мұндай диагноздар әлі күнге дейін қойылатын болғаны ма деп таңғалғаным есімде. Бірақ көкжөтел болса, дифтерия да бар деген сөз. Екеуіне қарсы екпе бір ғой.

Дифтерияның қайта оралуы

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, 90-жылдардың ортасында АКДС екпесі жетіспегендіктен, посткеңестік елдердің көбінде дифтерия індеті өрши бастады. Індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. 1995 жылы Борис Вольфович Каральникті көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы жаппай егу жұмыстарын бақылау үшін Солтүстік Қазақстан облысына жібереді. Ол кезде АКДС екпесі қайта жеткізіле бастаған еді. Борис Вольфович іссапарының қалай өткені туралы толығырақ мына сұхбатында айтып берді. Бірақ екпе әкелгенімен, дифтерия ешқайда кете қойған жоқ. Борис Вольфович 2000 жылдардың басында тәжірибесінде кездескен тағы бір жайт туралы айтып берді.

«Алматыда ата-анасы немесе ата-әжесі жоғары лауазымды қызмет атқаратын балалардың дифтерия жұқтырған жағдайлары болды. Ол кезде инфекционистермен өте тығыз жұмыс істейтінбіз. Бір күні таңертең балалар инфекциясы бөлімінің кафедра меңгерушісі хабарласып: «Құтқара көріңіз, сіз дифтериямен айналысатын едіңіз ғой», – дейді. Біз сол кезде иммунодиагностикалық әдістермен айналысатынбыз және солардың көмегімен ангиналық дифтерияны дифференциалдағанбыз. «Бізде бір бала өте ауыр халде жатыр», – дейді. Нақты есімде жоқ, үш-төрт жасар ғой деймін. Жағдайы өте ауыр. Баланың атасы жоғары лауазымды шенеунік. Алдымен сес көрсетті, сосын: «Немереме бірдеңе болса, басыңды кесіп аламын. Сауығып кетсе, қалаған нәрсеңді сұра», – деді.

Тездедіп антиденелер мен антитоксиндердің бар-жоғына тест жасадық. Дифтерия екенін растаған бойда қайта хабарластым. Ал ол жақтан шамамен бір жарым сағаттан кейін қоңырау соқты. «Борис Вольфович, диагноз туралы айтқаныңызды негізге ала отырып, балаға дифтерияға қарсы сарысу еге бастадық. Айтсам сенбейсіз, ине салған бойда балаға жан кіре бастады. Бірден сізге қоңырау шалып отырмын», – дейді.

Ол кезде індетті тоқтата алдық. Бірақ бізде дифтерия жағдайы көп жылдан бері тіркелмеді дегенге күмәнім бар. Мен бұған сенбеймін. Індет болмаса да, жаңағыдай анда-санда кездесетін жағдайлар ең мінсіз егу кезінде де болуы мүмкін. Дифтерияны ангинамен оңай шатастыруға болады. Бәрі бір жерде орналасқандықтан, клиникалық тұрғыдан ажырату қиынға соғады. Өте жақсы зертханалық диагностика керек.

Не білу керек?

1. Көкжөтел мен дифтерияның алғашқы сатыдағы симптомдары ЖРВИ-ге ұқсас, сондықтан дәрігерлердің бәрі бірдей дұрыс диагноз қоя алмайды.

2. Көкжөтел, дифтерия мен сіреспенің алдын алудың ең сенімді жолы – АКДС екпесі.

3. Дәрі-дәрмектің әсері алғашқы сатыда ғана білінуі мүмкін. Дер кезінде қолға алмаса, жағдай нашарлап, жансақтау бөліміне дейін жетуі ықтимал.

Материалды дайындау барысында мына дереккөздер қолданылды:

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві

Дәрігер Марина Фаридқызы Тараруеваның Инстаграмдағы парақшасы

Көкжөтел туралы ДДСҰ

Көкжөтел туралы CDC-дің есебі

Иммунолог Борис Каральник: «Балаларына екпе салудан бас тартатын ата-аналар олардың денсаулығы мен өмір сүру құқығын шектеп жатыр»

Дифтерия туралы ДДСҰ

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін (USAID).