23475
19 мая 2021
Юна Коростелёва, Алина Жартиева, Vласть

«Жаңатастан әділдік күтпеңіздер»

1990 жылдары халқы мен өндірісінен айырылған Қазақстанның оңтүстігіндегі кішкентай қаланың қазіргі жағдайы қалай?

«Жаңатастан әділдік күтпеңіздер»

23 858 адам тұратын шағын ғана Жаңатас Тараздан шамамен 145 шақырым жерде орналасқан. Қала Кеңес өкіметі құлағанға дейін тікелей Мәскеуге қараған. Мұнда Қазақстаннан басқа да елдерден адамдар келетін. Кеңес үкіметі тараған соң Жаңатас дағдарысқа ұшырады: халқының көп бөлігі көшіп кетті, қалғаны кедейленді. Қаланың қазіргі тыныс тіршілігін білу үшін Vласть Жаңатасқа барып келді.

Жаңатасқа бірнеше жолмен жетуге болады: күн сайын Тараздан кешкі алтыда жүретін автобуспен, аптасына бір рет жүретін пойызбен немесе жеке көлікпен. Әдетте көлікпен Тараздан Жаңатасқа дейінгі жол екі сағаттық уақытты алады, бірақ қыста ауа райына байланысты бұл уақыт екі еселенуі мүмкін.

Жаңатас – карьерлік әдіспен фосфат өтіретін қала. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кейбір кен орындарында уран да кездеседі. Қазір Жаңатаста «Қазфосфат» филиалы мен «ЕуроХим» тобындағы екі зауыт жұмыс істейді. Кеңес үкіметі тарағанға дейін қала тікелей Мәскеуге қарағандықтан, бұл жақтан Таразда жоқ азық-түлік, киім-кешек, ойыншық немесе пластинкалар сатып алуға болатын еді. 80-жылдардың соңында Жаңатас қаласында 57 мың адам тұрған. КСРО құлаған соң халық саны күрт азайған, қазір 24 мың адам тұрады.

Қала тұрғындары 1990 жылдары зауыттар жұмысын тоқтатып, мамандарға төлейтін жалақы болмағанын айтады. Сол үшін халық көше бастаған. Жаңатас тұрғындары кеңес үкіметі тарағанға дейін және тарай салысымен бірнеше «аштық» кезеңін басынан өткізді. Қала содан бері қалпына келген жоқ: халықтың жағдайы нашар, көп бөлігі зауыттарда істейді. Біразы еңбек биржасында кезекте тұр, кейбірі қызмет көрсету саласында қызмет етеді. Қалада әлі күнге дейін қараусыз қалған бесқабатты үйлер көп. Жиырма жыл бұрынғы дағдарыстың ізі өше қоймаған.

Тығырық

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, 9 ақпанда сағат 20:00-де Жаңатас қаласындағы орталық қалалық қазандықтағы жылыту пештері мен құрылғылар апаттық жағдай сөндірілген. 10 ақпанда Жаңатас қаласы қарайтын Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов қазандық таңғы 7-де іске қосылғанын және барлық үй мен ұйымға жылу берілгенін айтты. Бірақ Vlast журналистері тұрақтаған қонақүйде жылу 11 ақпанның кешіне дейін болмады.

Сол күні Жаңатастағы алтыншы ықшамауданның тұрғындары үйлерінде де, мектеп пен ауруханада да жылу жоқ екенін айтып, митингіге шықты. Батареялар суып қалған соң балалардың бәрін сабақтан босатқан, ал ауруханада жатқан науқастардың туыстары емдеу мекемесіне токпен істейтін жылытқыш апаруға мәжбүр болған. Наразылық акциясына шыққандардың сөзінше, әкімдіктегілер қазандыққа дер кезінде мазут әкелмеген, сосын қолайсыз ауа райында оны Тараздан алдыра алмаған.

«Жылусыз отырғанымызға үш күн болды. Бұлар бір апта бұрын жылуды түнгі 10-11-лерде өшіріп, таңғы 6-7-лерде қосып жүрген. Мазут аз болғасын, солай үнемдегісі келді. Ал аяз бен боран кезінде пештерді бар қуатымен қосты да, мазуттары азайып қалды. Ал ол миллион тұрады. Қазір сол мазут таусылып қалып отыр. Жылусыз дірдектеп отырғанымызға, міне, үшінші күн. Әкім жылу берілді дейді. Бірақ үш күннен бері жылу қосылғанын көрмедік. Мына кісілердің кішкентай балалары бар. Не істеуіміз керек сонда?» – дейді митингіне келгендердің бірі Мұрат.

Тұрғындардың сөзінше, бұл туралы ешкім ескертпеген. Наразылығын білдіруге келген орта жастағы Клара деген әйел былай дейді: «Жылу үшін 5 мың теңге төлеп отырмыз. Үш күн бойы жылу болмаған соң, техникалық ақау болған шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем мазуттары таусылып қалыпты. Ешкім келіп ескерткен жоқ».

Жаңатасқа Тараздан мазут қана емес, зауыттар мен аурухананың кейбір қызметкерлері де келе алмады. Сол күні жол жабылып, қала маңында тұратын жұмысшылар Жаңатасқа кіре алмаған. Көліктер қала ішінде де жүре алмады. Түскен тұманның қалыңдығы сонша, алға созылған қолдың ұшы да көрінбейді. Қала сұрланып, босап қалған. Көшеде адам аз, тек жол тазалап жүрген жұмысшылар жүр. Тұман арасынан қаңыраған көпқабатты үйлер мен қаладағы төмпешіктер ғана көрінеді.

Тарихы

1964 жылы 2 қарашада Жаңатаста кенішті өнеркәсіптік жолмен игеру кезеңі басталды. Бұл күнді қаратаулық фосфорит дүниеге келген күн деп атайды. Ал 1965 жылы қалада бірінші ықшамауданның үйлерін тұрғыза бастады. Жаңатас тұрғыны, жазушы Пернебай Дүйсенбин: «Владивостоктан, Мәскеуден, Украинадан адамдар ағыла бастады. Ол кезде қала тұрғындарының көп бөлігі славян халқы еді. Адамдар көбейе берді», – дейді.

Оның айтуынша, басқа жерде жалақы 100 рубль болса, мұнда 150 рубль болған. Мұғалімдер үшін мұның үстіне тағы 25% қосылған. Қалада үйлер салынып, Жаңатасқа адам тарта бастады. Өйткені зауыттарда жұмыс істейтін мамандар керек еді. «Фосфорит кен өндірісінің дамуына ерекше көңіл бөлу қажет болды», – дейді ол айтқанын толықтырып.

Пернебай Дүйсенбин Жаңатаста 1996 жылдан бері тұрады. Ол кезде халық жаппай көшіп, қаланың жағдайы нашарлай бастаған. «Жарықты екі сағат қосады да, өшіріп тастайды. Халық пәтерақысын төлей алмай қиналды. Инфрақұрылым толықтай күйрей бастады», – деп еске алады жазушы.

Пернебай Дүйсенбин

1960 жылдары Жаңатаста 20-дан астам кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде комбинаттар, цехтер мен зауыттар бар. Дүйсенбин: «Жаңатаста Қазақстан бойынша ең үлкен құрылыс комбинаты болатын. Қазір оның орнында түк қалмаған. Республика бойынша екінші орындағы комбинат еді. Оған қоса, екі мыңға жуық бұйым шығаратын зауыт болды. Көліктердің, тракторлар мен тау құрылғыларының қосалқы бөлшектерін және кереметтей станоктар жасайтын», – дейді.

Кейінірек бұл зауыттардың бәрі жұмысын тоқтата бастайды. «Өйткені олардың өнімін сатып алатын ешкім болмады», – деп жазушы қысқа қайырды. Қазір Жаңатаста екі ғана ірі зауыт жұмыс істейді: «ҚазФосфат» пен химиялық «Еурохим» компаниясы. Әкімдіктің дерегінше, бұл зауыттарда 1829 адам жұмыс істейді.

Дүйсенбин қаладағы өзгерістерді жақсылыққа жориды. Жаңатаста әртүрлі құрылыс нысандары пайда болып, ескі үйлерді қайта қалпына келтіріп жатыр, кәсіпкерлер бизнес бастап жатыр.

Қазіргі Жаңатас бес жыл бұрынғы суреттермен салыстырғанда шынымен де жақсарған. Қараусыз қалған үйлердің кейбірін бұзған, кейбірін қалпына келтірген. Қаланың әр шетінде орналасқан әлі жөнделмеген ондаған үй бар. Қала әкімдігі оларға кіретін жолды бетондап, шатырын жауып тастаса да, кейбір үйлерде әлі де балалар ойнап жүр.

«Жаңатаста бәрі жұмыссыз»

Жаңатас – алты ықшамауданнан тұратын шағын ғана қала. Ескі шағын авторбустар болғанымен, олар да сирек жүреді, сондықтан жаяу жүрген оңайырақ. Үйлердің арасынан шағын төмпешіктер көрінеді. Солардың біріндегі жіңішке баспалдақ арқылы бүкіл қала мектепке, ауруханаға қатынайды. Екі жолақты көшеде қатар-қатар шағын дүкендер, кафелер мен ломбардтар тұр. Бұл – қаланың орталығы және кешкі мезгілде ең жарық болатын бөлігі. Мұз қатқан шұрық-тесік тротуармен жүру қиын, мүлде асфальтталмаған. Орталықтан шыққан жол жергілікті базарға алып барады.

«Қызым, түсуге көмектесіп, жол көрсетіп жіберші», – деп жасы келген кісі өтініш айтты.

Айнаш апайдың жасы (аты өзінің сұрауы бойынша өзгертілген – V) 80-ге тақаған. Күн сайын базардан азық-түлік алу үшін қараусыз қалған үйлер мен төмпешік-төмпешіктің арасымен жүруіне тура келеді. Қолында ағаштың бұтағынан жасалған таяғы бар. Еңіске түскенде соған сүйенеді. «Жаңатаста бәрі жұмыссыз. Не ауыл шаруашылығы, не мал шаруашылығы дамымаған, не егін жоқ», – дейді Айнаш апай ашуланып.

Айнаш апайдың ұлы мектепте ағаш ұстасы болып істейді, 20 мың теңге алады. Ал өзі зейнетақысына өмір сүреді. Екі немересі колледжге түскелі ұлының жалақысы солардың оқуына кетеді екен. Отбасы Айнаш апаның зейнетақысына қарап отыр. «Әкем Кеңес одағының батыры болған, Германияда соғысқан. Соғыс ардагерінің қызы ретінде зейнетақымды көбейтуі керек, бірақ ешкім көтермейді. Жаңатастан әділдік күтпеңіздер, мұнда шындық бар деп ойламаңыздар», – дейді ол кісі асығыс-үсігіс құжаттарын көрсетіп.

Айнаш апа бізге базарға баратын жолды нұсқады да, демалып алу үшін омбы қардың үстіне отыра кетті. Базарға барар жолда ашық алаңқайдан өтесің. Бұрын бұл жерде бес және тоғыз қабатты үйлер болған, қазір тек кірпіш пен бетон қалдықтары жатыр. Тура базардың артында көпқабатты төрт қарасұр үй тұр: бірі бос және бетондалған, басқаларын жұмысшылар ақырындап қалпына келтіріп жатыр. Базарға кіргеннен балалар мен ересектерге арналған киім, аяқкиімдер, ойыншықтар, құрылыс заттары және жаңа ғана әкелінген балықтар сатылып жатады. Адам аз, сондықтан балалар киімін сатып отырған әйелдердің бірі жанымызға келіп, Жаңатасқа не үшін келгенімізді сұрады. Жергілікті тұрғындардан біршама ерекшеленіп тұрдық.

Айгүл Жаңатасқа көршілес Түркістан облысынан көшіп келген. Ол кезде әкімдік үйлерді тегін тарата бастаған соң, бұл мүмкіндікті қолданып қалайын депті. Қазір оның жалғыз табыс көзі – осы. «Қала өзгеріп жатыр, бірақ сауда жоқ. Күйеуім жұмыссыз, ал мен осы базарда сегіз жылдан бері жұмыс істеймін. Егер біреулер келіп, киім сатып алса, екі мың теңге аламын, сатып алмаса мың теңге ғана төлейді. Бұл жетпейді, әрине», – дейді Айгүл.

Ол Жаңатастан көшкісі келеді, бірақ ол үшін ақша керек. Үйін ойдағыдай бағаға сата алмай жүр. Жаңатастың орталық көшесіндегі бір бөлмелі пәтер 500 мың теңге тұрады ($1,2 мың). Жөнделген, жиһазы бар үш бөлмелі пәтер – 3 миллион теңге ($7 мың). Үйлер одан да арзан.

Айгүлдің екі қызы бар, оған көпбалалы аналарға тағайындалған жәрдемақы берілмейді: «Жәрдемақы төртеуден көп баласы бар отбасыларға берілсе де, Жаңатаста екі-үш баламен жәрдемақы алатын отбасыларды білемін. Бірақ бізге бермейді».

«Балаларымыз үшін өмір сүреміз»

Ескендір Тұрысбеков әйелі екеуі алты бала тәрбиелеп отыр, үлкені алтыншы сыныпта оқиды. 2014 жылы жол апатына түскеннен кейін Ескендірге мүгедектік туралы анықтама берген. Тұрысбековтың анасы – екінші топтағы мүгедек, өзі жүріп-тұра алмайды. Отбасындағы егіз қыздар жүрек талмасымен және бассүйек қысымымен ауырады. Жол апатынан кейін Ескендірдің отбасы Жаңатаста үй алуға кезекке тұрған. Содан бері олар екі рет уақытша пәтерге көшуге мәжбүр болды: бірінші рет екі бөлмелі уақытша пәтерге 2017 жылы көшіп барса, екінші рет 2020 жылдың көктемінде үш бөлмелі пәтерге көшті.

«Қазір тұрып жатқан үйіміз сапасыз соғылған. Бұл мәселе бойынша талай есікті тоздырдым: бұрынғы әкімге, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, тағы басқа да мекемелерге бардым. Жан-жақтан суық өтеді: есік пен терезені, еденді ұстап көріңіз. Бірақ үш апта бұрын әйтеуір есігімізді жөндеп берді. 3-4 күн бұрын 4-қабаттағы құбырымыз жарылды. Жаңа құбырлар істен шыға бастады. Қалада сапаға көңіл бөлмейді», – дейді Тұрысбеков.

Оның сөзінше, Жаңатаста көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс табу қиынырақ. Әдетте көп отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен күн көреді, ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар зейнетақысына өмір сүреді. Тұрысбеков осымен екінші жыл қатарынан қала әкімдігі ұйымдастырған жеке бизнес ашу үшін қайтарымсыз грант беретін конкурсқа қатысып жатыр: «Оны алу үшін жұмыспен қамту орталығына барып құжаттарыңызды тапсырасыз да, жеке кәсіпкер ретінде тіркелесіз. Бірақ конкурста жеңу үшін таныс керек. Болмаса грант сомасының 10 пайызын беріп келісесіз. Ал биыл Жамбыл облысында кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін грант берді. Ол конкурсқа 500-ден астам адам қатысты. Грантты біртүрлі жобалар алады, бізге бермейді».

Ескендірдің ойынша, Жаңатаста жұмыс орны жетіспейді. 2020 жылдың басында Жамбыл облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков облыста 22 мың адамға жұмыс орны табылғанын айтқан, – дейді Тұрысбеков есіне алып. – Сөйтсе жұмысшымен алты айға ғана келісімшарт жасайды екен. Жаңатаста тұратын Тұрысбековтың інісі Тараздың өзінде солай жұмыс істеп келген: «Біздегілердің көбі алты айлық келісімшарт бойынша жұмыс істеп шықты. Мұның бәрін қаладағы жұмыссыздық деңгейін азайту үшін жасап отыр. Жарты жыл жұмыс істейсіз де, автоматты түрде орныңызды босатасыз. Егер ақшаң болса – қалуыңа болады, болмаса басқа жұмыс іздейсің».

2017 жылы Жаңатаста бетон шығаратын зауыт ашылған. Бірақ зауыт ашылғаннан кейін тұрғындар жөтеліп, басы ауыра бастағанын және пәтерлерде түсініксіз қалың шаң пайда болғанын айтып, шағымдана бастайды. Зауыт қала орталығына жақын жерде орналасқан еді. Жаңатастықтар президентке жаппай шағым жаза бастағаннан кейін, жабылып қалды.

Қалада Сарысу ауданының орталық ауруханасы орналасқан. Оның аумағында әртүрлі бөлімге арналған бөлек бірнеше ғимарат бар. Бұлардың бәрі екі жыл бұрын жөндеуден өткен, бірақ Ескендірдің айуынша, қазір қабырғаларының бояуы кесек-кесегімен түсіп жатыр. Осы ауруханада Ескендірдің әйеліне ешқандай диагноз қоймастан, күрделі ем тағайындаған. Осыдан кейін әйелдің денсаулығы одан бетер нашарлап кеткен. «Біріншіден, көпбалалы ананы, «Күміс алқа» (Көпбалалы аналарға күміс төсбелгі ретінде берілетін Қазақстан Республикасының сыйақысы) иегерін үнемі ақылы емханаларға жібереді. Екіншіден, егер ауырып қалсаң, ауруханаға жату мүмкін емес. Келсең – үйіңе қайтарып жібереді. Өйткені дәрі де жоқ, жағдай да жоқ. Жақсы мамандар бар, әрине. Бірақ дипломды сатып алғандар да баршылық», – дейді Ескендір шағымданып.

Тұрысбеков басқа жерде отбасының жағдайы қалай боларын білмейді. Сондықтан Жаңатастан көшкісі келмейді. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында Жаңатастың мәселелері туралы айтып отырады: «Біз тек әділдікті талап етеміз және шындық үшін күресеміз. Қаланың көркейгенін және балаларымыздың қиындық көрмегенін қалаймыз. Бәріміз балалар үшін өмір сүреміз ғой. Мен талай кісінің алдын тоздырдым. Әр кезде әртүрлі мәселе бойынша бардым. Халықтың жағдайы жақсы дейді. Бірақ олай емес. Жер сұрағанмын. Бермейміз деді. Жердің бәрін байларға, таныстарына беріп жіберген. Оған қоса, жер алам десең техникаң бар-жоғын сұрайды. Техника алам десең, жерің бар ма дейді. Бәрін осылай бір-біріне байлап қойған, мүлдем мүмкіндік жоқ. Мұны бір адам жөндей алады деп ойламаймын. Әсіресе, мен сияқты мүмкіндігі шектеулі адамның қолынан келмес. Халық керек».

«Бар болғаны бір стақан сүт беретін...»

Любовь Стружевская Жаңатаста туған, анасы Қаратаудан. Қалалық билік өкілдерінің шешімімен Жаңатастағы шағын қалаларды көтеру үшін осында келген. Ол Қаратау тау-кен өңдеу кешенінің техникалық бақылау бөлімінде жұмыс істейтін. Анасының айтуынша, 90-жылдардың басында халық қаладан жаппай көше бастаған, аштық басталған. Любовь анасының бұл туралы жиі айтатынын еске алады.

«Мен туғанда анам маған кигізетін итжейде таба алмай, өзі тігіпті.. Дүкендерде түк жоқ еді. Ақша құнсызданып, оны шабаданмен таситын болды. Жарық та, су да, газ да болмады. Қазақстан тәуелсіздік алғанда жағдай жақсара бастағандай болды: дүкендер ашылды, теңге пайда болды. Ата-анасы зауыттарда жұмыс істейтіндер жақсы өмір сүрді. Олардың үйінде тіпті киндер болатын. Ал біз қиналдық», – дейді Стружевская.

Любовьтың анасы зейнетке шығуға бірнеше жыл қалғанда жұмыссыз қалады. Тамақ ұрламас үшін базардағы қалған-құтқан тамақты алып жеуге мәжбүр болған. Кейінірек анасы аула сыпырушы болып жұмысқа тұрады, ал Любовь 12 жасында тігін шеберханасында жұмыс істейді. Тігін машинасы оған әлі күнге дейін қиын сәттерде қолғабыс болып жүр.

«1996-1999 жылдары тағы бір аштық кезең болды. Жаңатаста көшеде ит пен мысық жүргенін көрмейтінбіз, бәрін жеді. Ол кезде басқа ет табу қиын еді. Дәл сол уақытта туберкулез тарап, кешегі 2007 жылға дейін болды. Көршілер бір-бірін тонайтын. Біреу қолда бар азық-түлігінен бәліш жасап, бір айналып келсе, бәліші жоқ болып шығатын», – деп еске алады Стружевская.

Любовь Жаңатастан ешқашан кете алмайтынын түсініп, колледжден кейін «Қазфосфат» зауытының электротехникалық зертханасына жұмысқа тұрады. Қосымша тігінші және еден жуушы болып істейді. Любовьтың анасы қант диабетімен ауырды, жүрегі де сыр беріп, ақыры ерте қайтыс болды. Қазір ол Жаңатаста алты жасар баласымен тұрады.

Любовь тұратын жерді айдала дейді. Бұрындары қараусыз қалған, кейін жөндеуден өткен көпқабатты үйлер. Жаңатастағы ғимараттарды бұзып, қайта қалпына келтіруді төрт жыл бұрын ғана, қалада «ЕуроХим» зауыты ашылғанда бастады. Стружевскаяның айтуынша, халық қаладан жаппай көшкенде үйлерді тонай бастаған. «Қалай өмір сүретінімізді білмедік. Жұрт үйлерге кіріп сымдарды, мыс, темір, алюминий жинады, баспалдақтарды қиратты. Кейін соларды өткізіп, аз да болса ақша алды. Қалада қылмыс көп. Қараусыз қалған үйлерден адамның денесі табыла бастаған соң, оларға кіретін жердің бәрін жауып тастады. Шатырлар да жабық. Өйткені бір кездері балалар емтихан тапсыра алмағанда, сол жерден секіретін», – дейді Любовь.

2019 жылы Стружевскаяның бір әріптесінің ұлы оған сауда өкілі болып жұмысқа тұруды ұсынады. Екеуі бірге Тараздағы ірі электронды техника дүкеніне барады. Ол жақта әйелдің жеке куәлігін сұрап алады да, бір бума құжат әкеліп, оның атына бірнеше шағын тауарлық несие рәсімдейтінін және оны құжатта көрсетілгендей, үш айдың ішінде дүкеннің өзі жауып тастайтынын айтады. Сол үшін 300 мың теңге ұсынады. Любовь оған келісіп қол қойған, бірақ үш ай өткен соң оған несие төлемі кешіктірілгенін айтып, банктен хабарласа бастаған.

«Таныстарым арқылы Жаңатастан осылай мойнына несие ілінген 30 адамды тауып алдым. Кейін Аудандық ішкі істер бөліміне барғанымызда, бүкіл Жамбыл облысында біз сияқты 150 адам бар екенін білдік. Таразға барып, 15 мамырда АІІБ-ға арыз бердік. Сот содан бері шешім шығару керек еді, бірақ сотымызды қайтадан ауыстырып жіберіп, бәрі басынан басталды. Жалақы алмаған соң жұмыстан шығып кеттім. Картамның бәрін бұғаттап тастады да, оған дейінгі айларда алған ішіндегі 300 мың теңгем банкке кетті. Тіпті 10% да қалдырмады. Ал менің ең көп дегендегі жалақым 90 мың теңге еді. Осы мамырда сот жүріп жатқанына үш жыл толады. Түсініктеме де жаздық, наразылық көрсету үшін көшеге де шықтық», – деп еске алады Стружевская.

Сот тергеуі барысында баяндамада қойылған қолдардың жалған екені және несиеге алған тауарды Тараз маңындағы ауылдарда тұратын адамдар алғаны анықталды. Любовьтың айтуынша, тергеушілер несиеге сатып алынған тауарлардың бар-жоғын тексеру үшін көрсетілген мекенжайға бармапты да. Жаңатас сотындағы банк директорларымен болған кездесуге жәбірленушілерді кіргізбеген. Бірақ сонда да жолын тауып ғимаратқа кіргенде, кездесуде директорлар болмапты.

Қазір Стружевская қаланың еңбек биржасында кезекте тұр. Кейде оған жұмыссыздық бойынша жәрдемақы түсіп тұрады. Любовь кез келген жұмысқа дайын – перде тігеді, дүкендердің еденін жуады, көршілердің үйін тазалайды, тойларда картоп пен сәбіз аршиды.

Оның денсаулық сақтау саласына көңілі толмайды: бірінші баласы ішінде өлген, екінші баласы ми шеменімен (гидроцефалия) туған. Балаға әртүрлі диагноз қойып, кейін оларды біресе алып, біресе қайта тағайындаған.

«Бір таңғалатыным, бізде диагнозды оңай қояды да, оңай ала салады. Бізге ОЖЖПЗ (орталық жүйке жүйесінің перинаталдық зақымдануы – V) қойған, алып тастады, ПДК (психикалық дамудың кешігуі) қойды – алып тастады, аутизм деді – алып тастады, эпилепсия деп, оны да алды. Мүгедектік туралы анықтаманы енді алайын дегенде басқа диагноз қояды. Баламның бір жұмыртқасы жоқ, осында ота жасаттық, дұрыс болмады. Ұлым үш жылдан бері түзету кабинетіне барады. Психиатрда да тіркеуде тұрмыз, алты ай сайын диспансерге жатамыз. Сонда да мүгедек деген анықтама бермейді», – дейді Стружевская.

2020 жылы баланың тік ішегінен қан кете бастаған соң, анасы екеуі Таразға барып тегін тексеруден өтуі керек еді. Любовь бірнеше айдың ішінде бару үшін 5 жолдама берілгенін айтады. Бірақ сол кезде коронавирус пандемиясы басталып, Жаңатасты карантинге жауып тастайды. Жедел науқастарды аудандық ауруханаға жеткізеді, ал Таразға тек босанатын әйелдерді алып кетеді. Баланы Жаңатас ауруханасына жатқызудан бас тартып, карантин біткенше күте тұруды ұсынған. Ал ол кезге дейін бес жолдаманың да уақыты өтіп кетуі мүмкін еді. Қан тоқтамаған соң Стружевская әкімдікке барып, шенеуніктерден жедел жәрдем көлігін сұрауға мәжбүр болады. Аналы-балалы ақыры Таразға жетеді. Сол жақта бұған дейін қойылған диагноздардың бәрі расталады.

«Әуел бастағы диагноздар расталғандықтан, Жаңатасқа қайтып келген соң бірден өзіміздің дәрігерлерге бардық. Мүгедектік туралы анықтама сұрағанымда дәрігерлер: «Бізде әр бесінші бала осындай, болмайды» деді. Болмаған соң денсаулық сақтау министрлігіне жаздым. Департаменттен комиссия келіп, құжаттарымыздың барлығын тексерді, баланы қарап көрді. Жаңатастағы дәрігерлерге түсініктеме жазғызды. Бірақ сонда да анықтама берген жоқ. Өйткені «ми шемені кез келген уақытта кетіп қалуы мүмкін» екен, ал психиатрия бойынша бір анықтама жетпей қалды. Бұл кезде балам үстіндегі киімін жыртып, бұтына сиіп тұрғанын байқамаған сыңай танытады. Сондықтан аз-маз ақшам болғанда Таразға барып, қараламыз. Өйткені біздегі дәрігерлер балама сынақ жүргізеді. Бір доза әсер етпесе, «екі еселеп көрейік, мүмкін болып қалар» дейді. Осылай өмір сүріп жатырмыз», – дейді Любовь.

Ол ұлының денсаулығында кінәрат болуын қаланың экологиясымен байланыстырады: «Бізде фосфат өндіреді. Уран да шығады, бірақ оны ешкім айтпайды. Кейбір кенде оның қоспалары бар. Бірақ жәрдемақы төлемеу үшін, мұны ешкім жария етпейді. Бізге зауытта денсаулыққа келетін залал үшін күніне бір стақан сүт беретін – бары сол. Фосұннан сынама аламыз, қышқылдармен араластырамыз – осының бәрімен демаламыз. Бәрі біздің ішімізде. Жаңатаста бәрінің тісі дұрыс емес, өйткені зауыттарда сірке қышқылын қолданады, ал ол тісті құртады. Көбінде зоб, қант диабеті бар. Бәрі невропатолгта тіркеуде, күн сайын кезекте 30-50 адам тұрады, әлі кіре алмай жүрміз».

Ақпанның соңында Жаңатастағы комиссия Стружевскаяның ұлына екі жылға мүгедектік туралы анықтама беріпті. Мұны Любовь телефон арқылы сөйлескенде айтты.

«Әділдік үшін күресемін»

Жаңатаста екі негізгі медициналық мекеме бар: жекеменшік емхана және Сарысу аудандық ауруханасы. Орталық аурухананың аумағында бірнеше ғимарат орналасқан. Біріншісі басшылыққа арналған, онда бас дәрігер, бухгалтер және басқа да қызметкерлер жұмыс істейді. Екінші ғимарат – аурухана. «Сіздерді бас дәрігерге алып барайын деп едім, кездесіп, пікірін алар едіңіздер. Бірақ, көріп тұрсыздар, орнында жоқ», – дейді бізге ауруханаға жол көрсетіп жүрген Зоя. Бас дәрігер ауруханада шынымен де жоқ екен. Әріптестерінің айтуынша, бір күндік демалысқа шығып кетіпті.

Зоя Амантаеваның Жаңатаста тұрып жатқанына жиырма жылдан асып кеткен, 2004 жылдан бері орталық ауруханада санитар болып істейді. Өзі Түркістан облысының тумасы. 11 ақпанның таңында Зоя да басқа қызметкерлер сияқты ауа райына байланысты жұмысына келе алмады. Қалаға тек түстен кейін келді.

Санитар әйелдің айтуынша, қалалық аурухананың жағдайы мәз емес. Мекеме дөңнің үстінде орналасқан. Кіріп-шығу үшін ескі, тайғақ баспалдақпен жүруге тура келеді. Аурухана аумағында пандустар жоқ. Емдеу мекемесінің екі ғимараты да екі жыл бұрын жөндеуден өткен, бірақ қазір сол жөндеудің ізі де қалмаған. Бір жерінде қабырғаларының бояуы сырғып түсіп жатыр, бір жерінен кесек-кесек болып құлап жатыр. Бөлімшенің негізгі кіреберісі – қисайған темір есік. Аурухананың келесі бетіндегі шығаберісінде пластик есіктің бір жартысы ғана көзге түседі.

«Бір күні қалада боран болып, бөлімшенің шатыры тұтас ұшып кетті. Сол шатыр жөндеу кезінде жабылған. Есіктер де жабылмайды, жабылса кейін аша алмайсың. Оның үстіне аурухананың іші өте суық», – дейді Амантаева. Басшылық отыратын ғимараттың жанында көкпеңбек автобус тұр. Санитардың сөзінше, дәрігерлер соның ішінде УДЗ жасап, рентгенге түсіруі керек. Бірақ аппараттар қолданылмайды.

«Перзентханамыз бар. Бірақ дұрыс гинеколог-акушер жоқ. Дәрігерлер дұрыстап босандыра алмайды, кесер тілігін де дұрыс жасай алмайды. Босанатын әйелдер адамша босану үшін Таразға барады. Көбі Жаңатастың акушерлік бөліміне баруға қорқады, өйткені біраз әйелдің баласы өлді. Әйелдер қайтыс болған жағдайлар да бар», – дейді Зоя. Өзі де келінімен Таразға барған.

Амантаеваның айтуынша, Жаңатаста қате диагноз қою жиі кездеседі. Үйіне қонаққа келген бір туысының жүрегі ауырып қалғанда, бұған көзі жеткен. Дәрігерлер әйелдің жүрегінде су жиналып жатқанын және оған дәрі тамызуға болмайтынын біліп алмастан, дәрі құйған. Екі сағаттан кейін туысы қайтыс болыпты.

Жаңатаста коронавирус инфекциясы алғаш рет шілдеде тарай бастады. Қала бұған дайын болмады. Зоя қарапайым пижама киіп, жай маска тағып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Жұмыста еден жуған, науқастарға күтім көрсетіп, олардың палатасын ретке келтірген. Айтуынша, әркім қара басына жауап берген. «Коронавирусқа ешқандай дайындық болған жоқ, бізге ештеңе айтпады. Мәйітханаға күніне 3-5 рет баратын кезіміз болатын. Күні-түні солай. Көбін Таразға жіберсек те, өкінішке қарай, олар да өліп жатты. Коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегенім үшін, президенттің бұйрығы бойынша маған 850 мың теңге беруі керек еді. Бірақ тек 100 мың теңге берді. Бұдан кейін ештеңе алмадым», – дейді Зоя.

Өзі де коронавирус жұқтырып, 20 күн үйінде жатыпты. Аурухана дәрігерлері оған коронавирустың бар-жоғына тест тапсыруға тыйым салған. Өйткені биліктегілер санитарда коронавирус анықталғанын біліп қойса, жансақтау бөлімін карантинге жауып қоюы мүмкін-мыс. Ал қаладағы жалғыз ӨЖЖ аппараты сонда болған.

«Пандемия кезінде науқастармен жұмыс істеген біраз дәрігерге өтемақы төленді. Бірақ, неге екенін білмеймін, санитарлар бәрінен мақұрым қалып отыр. Меңгеруші шағымданбай, тыныш жүрмесек, жұмыстан шығаратынын айтқан. Ал ауруханамыздағы санитарлардың басым көпшілігі – жалғызбасты аналар. Олар айтуға қорқады, өйткені осында жүріп өйтіп-бүйтіп күнін көреді, несиесін жабады, үйіне азық-түлік алады», – дейді Амантаева.

Оның үстіне қазір Зоя науқастармен жұмыс кезінде коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне тағайындалған екі миллион теңге жәрдемақыны да ала алмай отырғанын айтады. «Ақша жоқ дейді. Бірақ мұны денсаулығы бойынша демалысқа шықпаған және коронавирус жұқтырмаған дәрігерлер де алып жатыр. Енді тіпті ауру тараған кезде жұмыс істегеніңді дәлелде дейді. Басшылыққа өтемақы алу үшін тапсырған құжаттарымның барлығы жоғалып кеткен. Еш жерде жоқ», – дейді санитар ашуланып.

Зоя Амантаева

Жаман ештеңесі жоқ

Бауыржан Балғабай Жаңатаста туған, бірақ жоғары білімді Алматыда алыпты. 2016 жылы туған жеріне оралып, Жастар ресурстық орталығында жұмыс істей бастайды. Қазір ол жастарға арналған әртүрлі жобалардың бастамашысы және көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектеседі. Жаңатаста одан көңілді адам жоқ сияқты.

Бауыржан Жаңатаста өмір жақсарып келе жатқанына сенімді. Оның ойынша, қаланың кез келген тұрғыны табысты жұмысқа орналаса алады немесе әкімдіктің қолдауымен бизнесін бастай алады: «Іздеген адам міндетті түрде табады. Мысалы, біздегі зауыттарға үнемі жұмысшылар керек. Әртүрлі бағдарламалар барғ кез келген адам бизнес-жоспарын әкеліп, 550 мыңнан 3 миллионға дейін грант ұтып ала алады. Қазір, мысалы, кафеге кірсеңіз, адам көп. Халық балаларына көбірек уақыт бөледі, әртүрлі жерлерге барады. Қаладағы жағдайдың бұрынғыдан жақсырақ екенін осыдан-ақ көруге болады. Жай ғана көбі қарапайым өмір сүреді».

Жас жігіттің ойынша, қаладағы жастардың көбі бизнеспен айналысады немесе зауыттарда істейді. Мектеп оқушылары мен студенттер Бауыржан Балғабай ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына қатысады.

«Былтыр қалада біраз жол жөндеуден өтті. Шамдар қойылып, қаламыз жарығырақ бола түсті. Денсаулық сақтау саласына келсек, карантин кезінде ауданның бизнесмендері мен жоғары лауазымды тұлғалары қалаға жеті ӨЖЖ аппаратын сыйлады. Қазір Жаңатаста бес мектеп, екі колледж бар. Білім деңгейі жақсы не жаман деп кесіп айта алмаймын. Орташа деуге болады», – дейді жас жігіт.

Бауыржан Балғабай

Балғабай да Жаңатас әкімдігінің басқа да өкілдері сияқты қала туралы репортажымызда тек жағымды нәрселер айтылуына мүдделі болды. Ал Сарысу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дариха Үмбетиярова: «Сіздер туралы тек жақсы нәрсе естігенмін. Сіздер де қаламызды жақсы жағынан көрсетесіздер деп үміттенемін», – деген хат жолдады. Ол кісі ауруханада жатқанын айтып, кездесуден бас тартты.

Әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсапайлова жазушы Пернебай Дүйсенбинмен сұхбаттың алдында күтпеген жерден қасымызға келіп, репортажда Жаңатас туралы жаман сөз болмайтынына үміттенетінін айтып кетті.

Жаңатастағы соңғы күні дамыл таппай қоңырау шалған ер кісі жергілікті мәслихат депутаты екен. Оны кейін білдік. Депутатты «әкімдікке соғыс жариялаған» журналистер «халық жақ па, билік жақ па?» деген мәселе қатты алаңдатқан сияқты.

Ал Жаңатастың жарқын болашағына сенетін Бауыржан Балғабай сапарымыздың соңғы күні серуендеп қайтуға шақырудан жалыққан жоқ. Сол күні Тараз полициясы жол ашық десе де, жергілікті полиция қызметкерлері, керісінше, жабық деген.

Жаңатас 90-жылдардағы топалаңды аман-сау өткеріп, шынымен өзгере бастаса да, қала билігі сол жылдарда қалып қойған сияқты. Тараздан алшақтық және тұрғындардың әкімдікке тәуелді болуы жағдайды одан бетер ушықтырып отыр. Ал жаңатастықтар әрі қарай да қыстыкүні жылуды өшірмеу, ауруханада дұрыстап ем алу және қаладағы қауіпсіздік сынды қарапайым нәрселердің болатынына үмітпен қарайды.