13803
23 июня 2021
Заңғар Омар, фотолар Дәнияр Мүсіровдікі, Vласть

Ішінде: Саяси қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражай

Алматыдан маңында орналасқан мұражайда не бар?

Ішінде: Саяси қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражай

Vласть танымал, ерекше ғимараттармен таныстыруды жалғастырады. Бұларды көп адам сыртынан көріп, біліп жүрсе де, бәрі бірдей ішіне кіріп көрмеген. Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Сонымен, “Ішінде” айдарының кезекті санында Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың ішін аралап көрейік. Мұражай Алматыдан қырық шақырымдай жерде орналасқан.

Тарихшылардың дерегі бойынша, сталиндік қуғын-сүргін кезінде Алматы облысында атылған 4 мыңнан астам адамның денесі Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында жерленген. 2018 жылға дейін бұл жерде шағын ескерткіш қана болатын, қазір оның қасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған жаңа мұражай орналасқан. Ашық дерек көздеріндегі ақпаратқа сүйенсек, мұражайдың құрылысына жергілікті бюджеттен 260,3 миллион теңге бөлінген.

Сырт көзге үлкен болып көрінгенімен, мұражайдың жалпы аумағы – небәрі 635 шаршы метр. Музей қызметкерінің айтуынша, ғимараттың дизайны ұшуға дайын тұрған құс бейнесінде жасалған.

Мұражай үш залдан тұрады. Бірінші зал 1916 және 1986 жылғы көтерілістер мен қуғын-сүргінге арналған. Мұнда атылған жүзден астам қайраткер мен ақын-жазушының суреттері, іс қағаздары, құпия хаттары бар. Мұражай ашылғанға дейін бұлардың көбі Алматы қаласы ішкі істер департаментінің мұрағатында болған, кейін мұражай ашыларда мұрағат пен музей қызметкерлері құжаттардың барлығын тауып, осында әкелген. Залдың оң қапталында мұражай үшін арнайы жасалған түрлі мүсіндер мен инсталляциялар тұр, ал ортасында Жаңалыққа жерленгендердің жеке заттары мен туыстары әкеліп берген жәдігерлер қойылған.

Залдың түкпірінде үлкен плазма дисплей мен көк бөрінің мүсіні тұр. Гидіміздің айтуынша, мұнда түрлі жиындар өтіп, деректі фильмдер көрсетіледі екен.

«Музейдегі негізгі жәдігерлеріміз – құжаттар. Өйткені қуғын-сүргін кезінде істі болғандардың барлық дүние-мүлкін тәркілеп әкететін болған. Сондықтан қазір олардың туыстарының өзінде көп зат жоқ, тек осы құжаттар ғана», – дейді мұражай меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.

Екінші зал – Еске алу залы. Мұнда Алматы облысы бойынша атылған 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Олардың әрқайсы туралы толық ақпаратты ортада тұрған үлкен монитордан оқуға болады. Бірақ бұл деректер қазірге дейін анықталғаны ғана. Музей меңгерушісінің айтуынша, әлі күнге дейін жаңа құжаттар табылып жатыр.

Үшінші зал «Әділет» тарихи-ағарту қоғамдық қорына арналған. Бұл – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен және олардың шығармаларын қайта жаңғыртумен айналысатын қор. Мұны 1989 жылы қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен зерттеуші ғалымдар құрған. Залда ұйым өткізген іс шаралардың суреттері, есептері, шығарған кітаптары мен әр кездегі басшылары туралы ақпарат ілінген.

Сөрелерде мұражайдың өзі шығарған кітаптар да тұр. Мұндай жұмыспен айналысып, жалпы зерттеу жүргізетін музейдің арнайы ғылыми қызметкерлері бар. Меңгерушінің сөзінше, мұражай алдағы уақытта зерттеу орталығы ретінде де жұмыс істеуі мүмкін. Ғылыми қызметкерлер негізінен Алаш зиялыларын ақтаумен және солар туралы зерттеулер жүргізумен айналысады.

Қазір мұражай аумағында кішігірім саябақ пен екі ескерткіш бар: біріншісі 2002 жылы саяси қуғын-сүргіндерге арнап қойыпған, екіншісі қазақ халқының басына түскен ауыр қасіреттің белгісі ретінде былтыр қойылған. Бұлардан сәл әріректе мешіт құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша бұл жерде үлкен мемориалды кешен салынуға тиіс.

Қызметкерлердің сөзі бойынша, мұражай қаладан біршама алыста орналасқанымен, мұнда келушілер саны аз емес: «Мұражай Талғар облысына қарасты болғанымен жанымызда Іле ауданы, ал астымызда Қапшағай қаласы бар. Бұл – осы үш аймақтағы жалғыз музей. Сырттан келген туристер, оқушылардың барлығы алдымен осында келіп танысады. Қазір карантинге байланысты келушілер саны бәсеңдеп қалды», – дейді музей меңгерушісі.