11449
5 октября 2022
Светлана Ромашкина, Власть

Атомның қаупі қаншалық?

Мамандар Қазақстанда АЭС салу жоспары туралы не дейді?

Атомның қаупі қаншалық?

Қазақстанда АЭС салу туралы әңгіме жиырма жылдан аса уақыттан бері айтылып келеді. Ол жөніндегі пікір де әр кезде әрқалай. 2019 жылы президенттікке сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС тақырыбын жабуды ұсынған. Ал екі жылдан кейін өзі осы тақырыпты көтеріп, атом станциясы болмаса, елдің күні қараң екенін айтты. Қазақстан билігі биыл жаз кезінде АЭС Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі халық тығыз орналасқан Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылында салынатынын хабарлады.

Власть қазақстандық жаңа әрі ауқымды жобаның қатері мен пайдасы туралы мамандармен сөйлесті.

Кім салады?

Атом энергетикасы туралы әңгіме сонау 90-жылдардан басталады. Ол кездері Қазақстанда атом электр станциясын кім салады деген мәселе болмаған: Ресей Федерациясы салатынына ешкімнің күмәні жоқ еді. Ал қазір бәрі өзгерді.

«Атом электр станциясын Ресей салатыны бесенеден белгілі еді, – деп еске алады ядролық қауіпсіздік саласының маманы Дәурен Әбен. – Көршіміз не жақын одақтасымыз болғаны үшін ғана емес. Қазақстан КСРО әскери-өнеркәсіп кешенінің бір бөлігі болғандықтан, кәсіпорындар, атом энергетикасы кешені және тағы басқа салада байланысты сақтау маңызды болды. Алайда 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін мәселе шиеленісе бастады. Ал биылғы ақпан айынан кейін тіпті күрделене түсті. Ресейді таңдаймыз деп анық айта алмаймыз. Ең бірінші, Ресей сенімді серіктес бола ала ма деген мәселе тұр. Ресейдің Украина аумағында дәл сол атом электр станцияларына қатысты қимыл-әрекетін көріп отырмыз. Ақпан-наурыз айларында Чернобыль болса, кейін Запорожье атом электр станциясы төңірегіндегі жыр басталды. Мұның бәрі күмәнді күшейтті. Азаматтық ядролық инфрақұрылымға жасалған шабуыл үлкен сілкініс болды. Өйткені Ресей – атом энергиясы бойынша халықаралық ұйымның жетекші мүшесі. Атом энергетика өндірісінің айтарлықтай үлесі Ресейдің жауапкершілігінде әрі ядролық қауіпсіздік ережелерін әзірлеуге қатысқан. Ал бұл тірлігі жауапсыздық болды. Екіншіден, санкцияларды ескеру қажет. «Росатомға» тікелей санкция салынған жоқ, алайда Ресейдің өзіне біраз санкция салынғанын ескерсек, олар бұл корпорацияның қызметіне әсер етпей қоймайды. АЭС құрылысына тек Ресей технологиялары емес, сондай-ақ көптеген өнеркәсіптік, электрондық жабдық қажет екені анық. Сондықтан жеткізу тізбегі бұзылғанда, шектеулер енгізілгенде, «Росатом» атом электр станциясының құрылысын техника, технология және экономикалық жағынан қамтамасыз ете аларына күмән туады. Соғысқа дейін Ресейдің қолында бәрі бар еді: ол үнемі қарыз беріп, пайдаланылған ядролық отынды өзіне алатын. Оған қоса, Ресей – ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының қатысушысы. Ал Қытай мен Франция ол конвенцияға қосылмаған. Егер Ресейді таңдасақ, ешқандай артықшылық болмайды. Одан бетер тәуелді бола түсеміз», – дейді маман.

Маусым айының соңына қарай Қазақстан ұсынылған реакторлар әлем деңгейінде әлі сынақтан өтпегендіктен, әлеуетті жеткізушілер тізімінен АҚШ (NuScale Power) пен Жапонияны (GE-Hitachi Америка-Жапония компаниясын) алып тастағаны белгілі болды. Қазақстан бар-жоғы алты жеткізушінің технологиясын қарастырды, олар: Ресей (Росатом), Франция (EDF), Корея (KHNP) және Қытай (CNNC) компаниялары.

Әзірге технология мен құрылысты ұсынатын елдер мен компаниялар қалай таңдалып жатқаны туралы ақпарат жоқ.

«Бәлкім, Қазақстан баға мен сапаны қиыстырып, керемет таңдау жасайтын шығар. Шағын модульдік реакторлар орнатылса, жақсы болар еді, бірақ әзір коммерциялық ұсыныс жоқ. Тек дайын әзірлемелер бар. Энергетик емеспін, алайда мамандардың сөзіне қарағанда, біздегі энергетика жүйесіне тұрақты жұмысты қамтамасыз ететін шағын реакторлар жеткілікті болар еді. Ол кезде көлемді энергияны сақтаудың қажеті болмайды. Әйткенмен, мұндай реакторлар жоқ, сондықтан қуаты 1000–1200 мегаватт болатын реакторлар дұрыс болар. Ең әуелі бағасына, қандай тариф ұсынатынына, табиғи ортаға қатысына, Балқаш экологиясына әсері қандай екеніне, қаржыландыру шарттарына мән беру керек. Ресей үнемі несие ұсынады делік. Бір жерде ортақ қаржыландыру туралы сөз болып жатыр. Мердігердің кім болатыны үкіметіміздің қандай талаптарды жөн көретініне байланысты болмақ», – дейді Д.Әбен.

Қарағандылық эколог Дмитрий Калмыков атом электр станциясының құрылысына қарсы. Радиациялық, химиялық, бактериологиялық қауіппен күрес жөніндегі әскери маман Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан. Д.Калмыков былай дейді: «Расында да, экология тұрғысынан алғанда атом энергиясы көмір, мұнай мен газдан жақсы. Ол анағұрлым таза. Алайда тіпті дамыған елдердің өзі технологиялық қиындыққа төтеп бере алмай, үрейлі апаттар болып жатады. Мұндай апат болғанда, атом энергетикасының жылдар бойы «таза» болғаны рөл ойнамайды. Чернобыль апатының экономикалық зияны Кеңес Одағының бүкіл тарихында атом энергетикасының барлық экономикалық пайдасынан асып түсетінін естігенмін. Жақсы, таза әрі пайдалы атом энергетикасы болды, ал Чернобыльдегі жағдай мұның бәрінен түк қалдырмады. Сондықтан оны таза, таза емес деп айту қиын. Теория тұрғысынан таза деуге болатын шығар, ал іс жүзінде олай деп айту қиын. Айтқым келетін жалғыз нәрсе, мердігерді таңдағанда ядролық технологиялар мен көрші елдерге құрметпен қарайтын, оқ жаудырып, ядро станцияларын басып алмайтынын таңдар едім. Пәтеріңізді жөндеу қажет болса, көршілерге тап беретін, бірдеңені бүлдіріп, сындырып кететін жұмысшыларға істетпейсіз ғой, бұл да сол сияқты».

Маусымның 30-ы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның «Аккую» атом электр станциясын салу тәжірибесін мұқият қарауды ұсынды. Онда төрт энергоблокты іске қосу жоспарланған, біріншісі келер жылы пайдалануға беріледі дейді. «Аккуюды» Ресей салып жатыр және оның иесі де сол: Түркия электр қуатын белгіленген бағамен сатып алып отырады. Тамыздың 9-ы күні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов түрік атом электр станциясының құрылысына барғанын және «әзірлеушіге қарамастан, Түркияның тәжірибесін ескеру қажет, алайда Қазақстан бұл жобаны толығымен көшірмеуі керек» деп санайтынын айтты». Бұлай деуіне бірден-бір себеп – Қазақстанда жергілікті кадрларға жұмыс орнын беріп, өзіміздің мамандарды дамыту қажет. Ал Түркиядағы жобаның инженерлері мен басшылары – ресейліктер.

Дәурен Әбен егер мемлекет осындай “вахталық” әдісті таңдаса, АЭС салуды жақтайтын себептердің бірінен арыламыз дейді: «Шенеуніктер атом электр станциясында жұмыс орындары ашылады деп уәде беріп отыр. Ал шетелдік жұмысшылар болса, жобаның көркі кетейін деп тұр. Егер болашақ құрылысшы алғашында жергілікті кадрларды дайындап, шетелдік қызметкерлерді біртіндеп біздікімен ауыстырамын деп уәде берсе, вахтамен істейтін жұмысшыларды пайдалануға болады».

Дәурен Әбен АЭС құрылысына қарсы емес, тек оның экономикалық тиімділігі дәлелденсе дейді:

«Ядролық жарылыстардан көрмегеніміз қалмады, енді бейбіт атомның пайдасын көрсек қайтеді?»

«Негізі Францияда электр қуатының 70 пайызын атом электр станциялары өндірсе, бізде 70 пайызы көмірден келеді. Ол жақта бәрі кедергісіз жұмыс істейді және жұрт пайдасын көріп отыр. Технология бір орында тұрмайды, қазір атом электр станциясының 3+, төртінші буыны шығып жатыр. Болашақта қалдықсыз өндіріс мүмкіндігі туады. Жұрттан қалмас үшін түрлі атом технологияларын дамытуымыз қажет. АЭС құрылысы мұны алға ілгерілетуі мүмкін. Мәселен, дәстүршіл ел көрінетін Иранның өзі ядролық энергияны дамытып жатыр. Әйткенмен олар ядролық қару жасап жатыр ма деген де қауіп бар. Бұл олар үшін абырой мен технологиялық дамудың мәселесі екенін ұмытпау керек. Осы тұрғыдан қарап, Қазақстанға бұл керек емес деген дұрыс емес. Уранды жеткізіп қана қоймай, ел дамуы үшін атом энергиясын да дамыту керек. Бұл жоба құрдымға кетер болса да, бәлкім, алдағы 10–15 жылда шағын модульді реакторлар шығып қалар. Солардан неге бастамасқа? Бұл технологиядан бас тартуға болмайды. Мен негізі геоясаяси себептер мен жемқорлыққа бола тартыншақтап тұрмын.Әйтпесе түбегейлі қарсылығым жоқ».

Қайда саламыз және нендей тәуекелге бел буамыз?

Атом электр станциясын салуға үш жер қарастырылған: Ақтау, Курчатов және Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылы.

Үлкен деген аты болмаса, шағын ғана ауыл, шамамен мың жарым адам тұрады. Елді мекен Оңтүстік Қазақстанның мемлекеттік аудандық электр станциясын салу мақсатында құрылған. Алайда КСРО-ның ыдырауы жоспарды өзгертті. 2012 жылы мұнда Корея компаниясымен бірлескен жылу энергия станциясы салынбақ болған еді, ол да ұзақ мерзімді құрылысқа айналды. Үлкен қалашығының тарихында екі ірі жүзеге аспаған жоба болған.

Петр Троценконың суреті, Радио Азаттык

Эколог Дмитрий Калмыковтың сөзіне қарағанда, бұл жерді таңдаудың жалғыз кем тұсы бар. Апат болған жағдайда, Балқаш көлінен түк қалмауы мүмкін: «Бұл ағыны жоқ су қоймасы, яғни одан ешнәрсе ағып кетпейді, шайылмайды, сондықтан ядролық апат болса, барлығы көл бетіне шығуы ықтимал. Осы уақытқа дейінгі барлық ядролық апат ағып жатқан су қоймалары маңындағы станцияларда болды. Чернобыль маңында Днепр мен Припять болса, Фукусима – мұхит жағасында, Америкадағы апат – өзенде, ал Ұлыбританияда жағалауда болды. Қысқасы, бәрі шайылып кеткен. Иә, су оны қайда әкететіні белгісіз, алайда апат болған аудан тазарып қалады.

Ал бұл жақта ештеңе шайылып кетпейді, бәрі орнында қалады. Балқаш көлін пайдаланатындар одан айырылады. Бұны ең үлкен кемшілік деп санаймын.

Ал экономикалық, техникалық өлшемі секілді басқа нәрселерді бағалау қиын. Өйткені олардың жоспары туралы ештеңе білмейміз. Ал оң тұстарының бірі – тұрғындар санының аз екені. Егер онда Чернобыльдегідей жағдай болса, аз адам зардап шегеді. Бұл атом электр станциясын Ертіс маңында салғаннан жақсы».

Дәурен Әбен бізге белгілі барлық апат екінші буын реакторларда болғанын айтады. Ал үшінші не 3+ реакторларында апат қаупі өте төмен дейді.

Атом электр станциясымен байланысты проблеманың бірі – жоғары білікті маман даярлау. Қазақстанда атом реакторларында жұмыс істейтін мамандар бар деседі. Алайда Калмыков еліміздегі атом реакторларының шағын екенін және ғылыми мақсатта қолданылатынын айтады: «Олар ғылыми зерттеулерге арналған реакторлар, қуаты да аз, 10–15 адам жұмыс істейді. Ол жақта Чернобыль не Фукусима болады деу теориялық жағынан мүмкін емес. Атом станциясында бірнеше мыңдаған адам жұмыс істейді, бүгін оқуға студенттерді қабылдап, бес жылдан кейін станцияға жұмысқа қабылдаймыз дей алмайды. Жаңа бітірген түлекке ешкім пульт беріп қоймайды. Тәжірибесі бар, он жылдап атом станциясында жұмыс істеген мамандарды алу қажет. Қазақстан станцияны салса, шетелдік жұмысшылар ұзақ уақыт жұмыс істейді. Ал біздікілер әрі кетсе, электрик, жүргізуші, сылақшы не қызмет көрсетуші болады. Өзбекстан үш жыл бұрын университеттен арнайы мамандық ашты, осы салаға маманданған техникумға дейін ашып, маман дайындай бастады. Жақсы не жаман дей алмаймыз, алайда оларда қозғалыс бар. Ал бізде әлі ештеңе жоқ».

Профессор, ядролық физика саласының маманы Қайрат Күтербеков Қазақстан атом электр станциясын салуға асықпауы керек деп санайды. Ол қандай технологияны таңдау керегіне емес, мамандарды даярлауға аса мән беру керек деп санайды: «Көп нәрсе адам факторына келіп тіреледі. Ядролық апаттың бәрі соған тәуелді. Ядролық тізбекті реакцияны тоқтату мүмкін емес. Апаттың үлкен-кішісі жоқ екенін естен шығармау керек. Мәселен, Шахтинскіде көмір қазандықтары жарылды, мақұл, бұл тек Шахтинскіге қатысты мәселе. Ал атом станциясындағы апаттар жергілікті ауқыммен шектелмейді, бірнеше елді шарпиды. Бұл станцияларды кадрмен қамтамасыз ету маңызды. Ал Қазақстанда ондай мамандар жоқтың қасы. Қазір президенттің сөзінен кейін Ресейдің әлдебір институттаррының филиалын ашуға тырысып жатыр. Бұл не деген сөз? Мынаны қараңыз: МИФИ (Мәскеу инженерия-физика институты) ҚазҰУ-да (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филиалын ашты. Онда ядролық физика оқытылады, тағысын тағы. Алайда атом реакторларының, станциялардың жұмыс істеуі үшін атом реакторларында жұмыс істейтін адамдар керек. Қазақстанда атом реакторлары жоқ, тек зерттеуге арналған ескі-құсқы бірдеңелер бар. Бізде мамандар бар деп те айта алмаймыз. Ресейдің белді шенеуніктері қазақстандық атом станциясында вахтамен қызмет көрсетуге болатынын айтып жүр екен. Атом станциясы вахталық тәсілмен қызмет көрсететін мұнай саласы емес. Бұл ақылға қонбайтын нәрсе».

Профессор саяси жағдайдың тұрақсыз екеніне де алаңдайды: «Украинадағы соғыс, еліміздегі қаңтар оқиғасы бұл істе асықпау қажет екенін көрсетеді. Қаңтарда ҰҚК, ІІМ, әуежай ғимараттарына шабуыл жасалды. Ал атом станциясына сондай шабуыл жасалып, жарылса қайтпекпіз?»

Күтербеков бірнеше жыл ядролық физика институтында жұмыс істеген, инженерден бастап, директордың орынбасарына дейін көтерілген. Ол технологияларға секеммен қарайды: «Кезінде бізде атом энергетикасын дамыту бағдарламасы болған, ол әлі де бар. Сонда бір әйгілі ғалым, профессор, атын айтпай-ақ қояйын, әлемдегі атом энергетикасының не атом реакторлардың қауіпсіздік белгілерімен айналысқан. Бас-аяғы 17 белгіні анықтаған. Бірде одан КСРО-да бұл белгілер қаншалықты сақталатынын сұрадым. Ол оннан аз деп жауап берді. Ал қазір төртінші, бесінші буын реакторлар салынады деп жатыр. Реактордың оныншы буыны шықса да, мән беру керек нәрселер бар: тізбекті реакцияны тоқтату мүмкін емес. Атом энергетикасында қолданылатын технологиялар аса озық үлгі емес. Олар 50-жылдардан бері қолданылады, Курчатовтың кезінен бері бар. Технологиялардың жұмыс істеу принципі бір, тек бастапқы кезеңде дереу тоқтата алатын бақылау аппаратурасы көп. Бұл тұрғыдан қарасақ, маған Жапония, Франция технологиялары Ресейдікіне қарағанда әлдеқайда ұнайды».

Жемқорлық радиациядан да қорқынышты

Қазақстандағы ауқымды құрылыстың бәрі жемқорлық дауына ұласады: Алматы метросы, Астанадағы ЭКСПО мен ЛРТ. Құрылыс кезінде не біткесін әлдебіреу не түрмеге түседі, не қашып кетеді.

«Біз трамвай желісін (ЛРТ – В.) бітіре алмай жатырмыз, ақша қолды болды. Ал бұл – қаражатты 20–30 есе көп қажет ететін жоба. Жемқорлық радиациядан да қорқынышты. Өйткені радиоактивтілікті қалай жеңуге болатыны, оның алдын алу тәсілдері белгілі. Ал жемқорлыққа қатысты бұлай деу қиын. Сондықтан бұл бос әңгіме», – дейді Дмитрий Калмыков.

Дәурен Әбен атом электр станциясының өте қымбат жоба екенін айтады. Оның құны 7–12 миллион доллар көлемінде деп бағаланады. Алайда құрылыс барысында бәрі қымбаттауы мүмкін екенін ескеру қажет. Сондықтан ең жоғары бағаны қарастыра беру керек. Сондай-ақ бұл қаражатты қайдан аламыз деген мәселе бар: «Несие аламыз ба? Әлде мердігер жартылай қаржыландыра ма? Әлде онсыз да ақшасы аз Ұлттық қордан ақша аламыз ба? Егер мұны ұзақ уақыт салса, ЛРТ оқиғасы қайталанады. Қазір ЛРТ бізге үлкен ауыртпалық болып отыр, алайда оны жарты жолда тастап кетуге де қимайсың. Салып бітіреміз дейді, ал оның экономикалық тиімділігі дәлелденбеген екен. Атом электр станциясында да осылай бола ма деп қорқамын: қыруар ақшаны құртып, кейін мердігерге бірдеңе болып қалса қайтеміз? Жемқорлық қаупі бар. Жасыратын несі бар, құрылысқа дәл бұрынғы шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектор араласады, ал олар жобадан пайда көріп қалғысы келеді. Біздің билік ЛРТ жобасынан, қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан сабақ алды деп ойлаймыз. Жемқорлық қана емес, мемлекеттік басқарудың тиімсіздігі туралы. Барлық деңгейдегі менеджмент төмен. Қазірдің өзінде әлеуетті мердігерлермен қалай келісімге келіп жатқанын да білмейміз. Бәрі ашық болмағасын, әрине, күмән болады».

Салғырттық, радиофобия және референдум

2019 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы туралы референдум өткізу мәселесін көтерді. «Қажет болса, міндетті түрде халықтың пікірін тыңдаймыз», – деді ол. Ал 2022 жылы бұл туралы ләм-мим демеді.

Дәурен Әбен АЭС құрылысы жайында референдум өткізуді популистік идея деп санайды: «Қоғам пікірімен санасып шешілуі керек мәселе. Алайда референдумға шығаратын іс емес. Меніңше, ол әділ өтсе, халықтың бәрі қарсы дауыс береді. Қалай боларын білмейміз, әрине. Алайда елдің пікіріне қарасақ, халықтың жартысынан астамы атом электр станциясын салуға қарсы. Халық пікірі ескерілуі керек, алайда оның жетегінде кетпеу керек. Онымен санасып, жұмыс істеу керек. Ал біздің мемлекеттік органдар бұл іске келгенде осал. АЭС-тің қатерін халық тым асыра сілтейді, оларға құрылыстың ақылға қонымды екенін түсіндіру қажет. Ұшақ бір сілкінгенде атеистер құдайды аузына алатыны сияқты, радиофобия да жарық өшіп қалғанға дейін ғана болады».

Дәурен Әбен АЭС құрылысы жақын арада басталуы мүмкін екенін айтып, күмән келтіретін тұсын айтты: «Қазір мердігерді келер жылдың бірінші тоқсанында таңдайды деген пікірлер айтылады. Алайда «не өгіз өледі, не арба сынады» деп қолды бір сілтейтіндей көрінеді. Есіңізде болса, Назарбаев бірнеше рет құрылысты бастаймыз деп жарияға жар салған. Алайда бұл мәселеде жауапкершілік алу бұл істі тежеп келеді. Шенеуніктер Тоқаевтың «Батылырақ болып, құрылысты бастайық!» дегенінен кейін ғана бұл мәселені көтеріп жүргендей көрінеді».

Ал Дмитрий Калмыков бұл мәселені жалпы талқылауға шығару қажет екенін айтады. Алайда ол үшін мемлекет халықпен сөйлесуі керек: «Швейцарияның тәжірибесі ұнайды: оларда маңызды мәселелер бойынша жылына бес-алты референдум өтеді. Ал бізде құр мылжың. Ядролық энергетиканы жақтайтындар «салу керек, біз бәрін есептеп қойдық» дейді, алайда ешқандай есеп жоқ. Ал біреулер кімге, не үшін керек екенін түсінбей тұрып, «ойбай, референдумда талқылайық» дейді. Қоғамдағы диалогтың сиқы осы. Мемлекет халықпен мүлдем санаспауды жалғастырғысы келеді. Өкінішке қарай, халықтың басым бөлігі мұндай мәселелерге бас қатырмайды. Экономикалық мүдде экологиялық мүддеге қарағанда әлдеқайда маңызды. Халықтың бір бөлігі қорқады, тарихи радиофобия бар. Ешқандай ақпарат болмаған соң, мемлекет ештеңе түсіндірмеген соң, халықты маңызды тақырыптарға тартпаған соң, қорқады. Сондықтан салғырттық пен радиофобияның болуы – қалыпты нәрсе».

Электр энергиясы мен ақпарат тапшылығы

Кейінгі кездері Қазақстанда электр энергиясы шамалы артылып қалатын. Ал оның тапшылығы туралы кейінгі үш-төрт жылда айтылып келеді. Бірақ мұның не нәрседен шыққаны түсініксіз. Дәурен Әбен бұл мәселеде де мардымды, сенуге тұрарлық әрі түсінікті ашық ақпараттың жоқ екенін алға тартады: «Мұның бәрі тек қауесет күйінде, біреулер әлдебір деректі келтіреді, алайда «мынанша халық, мынанша кәсіпорын, мынанша майнинг бар» дейтін ақпарат жоқ. Сондықтан алапат энергия тапшылығы болады не болмайды деп жорамал жасай алмаймыз. Баланс және қолдану тұрғысынан қарасақ, көп электр энергиясын жеткізу не бөлісу кезінде жоғалтады екенбіз. Жеткізуші және таратушы желінің қашық әрі ескі екенін ескерсек, 50 пайызға дейін ысырап жасаймыз. Тапшы қуаттың орнын толтыру мүмкіндігі бардай көрінеді. Сонымен қатар, халық, кәсіпорындар арасында энергияны үнемдеу және жаңа тенденцияларды ескеретін жаңа нысандарды салу маңызды. Өкінішке қарай, бізде олар жоқ. Тіпті атом электр станциясы да бұл мәселелерді шешпейді. Егер оны 15 жылдан кейін салса, тапшылық әлдеқайда арта түсуі мүмкін. Кейбір ішкі резервтерді іздестіру қажет, өйткені қолданыстағы қуат тозады деп отырмыз. Біз электр энергиясының 70 пайызын көмір өндіретін ЖЭС-тен аламыз. Кей жерде қуатты арттырып, энергияны үнемдейтін түрлі технология енгізіп, қандай да бір сүзгілер қою керек.

Ресей мен Украина арасындағы соғыс энергетика саласындағы ресурс мәселесі шиеленісе, тараптар шығарындыларды азайту жөніндегі міндеттемесін орындауда шегінетінін көрсетеді. Еуропада көмір станцияларын басып шығару мәселесін шындап қарастырып жатыр. Жапония Фукусимадан кейін жұмысы тоқтаған атом электр станциясын қайта қоспақ. Біздің Еуропаға жеткізіп жатқан көмір экспорты кейінгі жарты жылда біраз артты. Жаңа геосаяси және экономика жағдайына бейімделуіміз қажет. Иә, міндеттемелеріміз бар (шығарындыларды азайту бойынша – В), алайда жағдайға орай уақыт сұрай аламыз».

Дмитрий Калмыков жаңғыратын энергия көздерін көбірек дамыту қажеттігін айта келіп, бұл технологиялар салыстырмалы түрде арзан ғана емес, сондай-ақ қарапайым әрі жылдам екенін айтады: «Атом станциялары орташа есеппен 10–15 жыл салынады, сондықтан оны салған күннің өзінде 2033-2034 жылдары салып бітіреді, – дейді Дмитрий Калмыков. – Егер алда алапат тапшылық болса, атом электр станциясының көмегі болмайды. Тез арада күн және жел сияқты жаңғыратын энергия көздерін қолға алу қажет. Өйткені оны бір жылда салып бітіруге болады. Ал оны бір жылда салып бітірсек, тапшылық та болмайды, атом станциясының да қажеті болмай қалады. Мұндай саусақпен санау әдісі құрылыс мәселесінде күмән тудырады. Оның бәрін қалай санады? Не нәрсеге негіздейді? Кейде біздікілер ештеңе қаламайды, ал бұл жай ғана Ресейдің ядролық энергетика саласындағы лоббиі ме деп қаламын».

Тамыздың 3-і күні энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов кенеттен екінші атом электр станциясының құрылысы талқыланып жатқанын хабарлады. Оны Ертісте салмақ екен. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан көміртек бейтараптығын таңдаса, бірнеше атом электр станциясын салудан басқа амал жоқ. Біріншісі Балқашта салынса, екіншісі Курчатов қаласы маңындағы Ертісте салынады.

«Тағы да болмайтын нәрсе туралы қиял. Меніңше, Ертіс (АЭС салуға – В.) аса қолайлы емес. Өйткені онда мал шаруашылығы, егін шаруашылығы жақсы дамыған, тұрғын саны да көп. Бірақ Ертіс апат болған жағдайда бар лас нәрсені Қазақстанға, одан қалды Ресейге апарады. Ең бірінші талқылаудың өзінде бұл ақылға қонымсыз көрінеді. Иә, бәрі электр энергиясының тапшылығы оңтүстік өңірлерде деп айтады. Павлодар облысында, Екібастұзда Қазақстанның ең ірі электр станциялары орналасқан, ол жақта жетіп артылады», – дейді Калмыков.

«Ресей тарапынан қатты қысым бар-жоғын білмеймін, біраз адамның айтуынша, бұл энергетикалық емес, саяси мәселе. Егер бұл шешім Ресей қысымы салдарынан қабылданса, қазір қолайлы уақыт емес. Кей кездері екінші атом электр станциясын Курчатовта саламыз дегенді естіп жатамыз. Бұларды кейін «жарайды, екеу емес, біреу салатын болдық» деп айту үшін айтатын сияқты. Кейін халық пікірі ескерілгендей кейіп танытады. Тағы бір нұсқа бар. Балқаштағы атом электр станциясының құрылысын Оңтүстік Корея секілді елдің компаниясына табыстасақ керемет болар еді. Біле білсеңіз, сол жақта «Самсунг» компаниясымен бірлесіп, көмір станциясының жобасын бастағанбыз. Алайда жоба сол күйі қалды. Бір жағынан Оңтүстік Кореяға тағы бір мүмкіндік беріп, ал Курчатовты Ресейге тапсыра алатын едік. Мұндай да пікірлер бар. Алайда мұның бәрі болжам ғана», – дейді Дәурен Әбен.

Оның ойынша, Қазақстан үшін ең үлкен қатер – жабық болуы. Билік транзиті болып жатқандықтан, жағдай тұрақты емес.

Шенеуніктер атом электр станциясын саламыз деп халыққа мәселені төтесінен айтпауы керек. Барынша ашық сөйлесіп, түсіндіріп, технологиялар туралы айтып беріп, барлық есепті жайып салуы керек.

«Мемлекет ашықтық құралын қолдануы қажет. Егер мемлекет көпшілік қаламаған шешім қабылдаса, оған қоса жабық болса, ол көпшіліктің тағы да көтерілуіне жол ашады. Мұны тек ішкі емес, сыртқы күштер де пайдаланып кетуі мүмкін», – дейді ол.