9648
15 января 2023
Ақбота Узбекбай, Власть, суреттер Steppe&World жеке архивінен

«Хәрри Поттер» қалай қазақшаланды?

Steppe&World баспа үйі әдебиетті түпнұсқадан аударудың маңызы, тілді басқа тілдің ықпалынан тазарту жайлы

«Хәрри Поттер» қалай қазақшаланды?

Жақында Steppe&World баспа үйі әлем классикасына айналған «Хәрри Поттердің» барлық бөлімін аударып бітті. Қазақ баласына әлем терезесін әдебиет арқылы ашып беруді мақсат еткен баспа үйінің мәлімдеуінше, Хәрриді қазақша нұсқасында қабылдау алғашында қиын болғанымен, қазір сұраныс жоғары. Кітаптың сатылымы өз құнын ақтап та қойған.

Власть тілшісі Steppe&World баспа үйінің директоры Раиса Қадыр және бас редакторы Назгүл Қожабекпен Хәрри Поттер, тілді отарсыздандыру және әдебиетті түпнұсқадан аударудың маңызы жайында сөйлесті.

«Он жыл бұрын маған «Хәрри Поттердің барлық бөлімін қазақша аударасың» десе, сенбес едім. Кітапты аударуға ресми рұқсат алу процесі мен аударманы толық біткенше төрт жыл уақыт кетті. Аз да, көп те уақыт емес. Аударуға ресми рұқсат алу қиын болды. Алғашында қиынға түскен тағы бір нәрсе – аудармашылар мен аудару технологиясын бекіту. Кейін келе бәрі өз орнына түсті. Өйткені редакторымыз да, аудармашыларымыз да – бұл хикаяның шынайы жанкүйері. Бәрі аудармаға шын көңілмен кірісті», – дейді баспа үйінің директоры Раиса Қадыр.

Үш жыл бұрын «Хәрри Поттер және пәлсапа тас» қазақшаланды. Хәрриді «Гарри», Жоан Роулиңді «Джоан Роулинг» деп таныған қазақ қоғамы алғашында мұны қабылдай қоймады. Ағылшын тілінде қалай естілсе, соны қазақтың төл әріптерімен жазып шықтық, алайда мұны мойындағысы келмей, қабылдамағандар болды дейді Раиса ханым.

«Көп бала орыс тіліндегі фильмін көрген, ондағы атауы – Гарри. Дүкен сөрелерінде де солай. Сондықтан кейбіреу мұны орысша жазылған хикая деп қабылдаған. Орыс тілінде қалай Гарри деп тұр, түпнұсқада да солай деп түсінген. Сондықтан Хәрри деген нұсқаны қабылдау қиын болды. Екіншіден, қоғамда таптаурын көзқарас көп: қазақ тілінде қандай да бір кітап, өнер туындысы шықса, менсінбей, төмен көру, қабылдай алмау бар. Мәселен, қазақтың қарапайым төл әріптерін тым қиын көреді. Хәрри дегенімізді бұл ұлтшылдық қой дегендер де бар».

Steppe&World баспа үйінің бас директоры Раиса Кадыр, фото жеке архивінен

Раиса Қадыр кеңес заманында күшпен енгізілген тіл ережесін сақтауды талап ететіндерді түсінбейтінін айтады. «Неге Джоан емес, Жоан? Роулинг емес, Роулиң? Ереже қайда қалды? – дейтіндер болды. Ол ереже кеңес заманында күштеп енгізілген. Тәуелсіз кезімізде мұның бәрін сақтап, бұзбай жүру дегенді түсінбеймін. Келіспеймін. Тілімізде барлық әріп, дыбыс бар. Неміс болсын, француз болсын, ағылшын болсын, қазақтың төл әріптерімен дыбыстатуға болады. Қандай әдемі дүние шығады. Неліктен басқа мәдениетті бар болмысымен қабылдап, соның ережесімен жүруіміз қажет?»

Раиса Қадырдың сөзіне қарағанда, бастапқыда негатив пен позитив пікір тең болған. Ал қазір негатив пікір жоқтың қасы. Алғашқы бес бөлімі сатылым жағынан құнын ақтап та қойыпты. Ең көп сатылатыны – «Хәрри Поттер және пәлсапа тас».

«Кітаптарды қазақша шығару – отарсыздануға жасалған бір қадам»

Баспа үйінің бас редакторы Назгүл Қожабек қазақ қоғамындағы жаңа тенденцияға тоқталды. «Кейінгі кезде шетелдік адам аттарын бұрынғы орысша транскрипция, транслитерациямен емес, түпнұсқа түрінде айтып, жазу тенденциясы байқалып келеді. Дж емес, Ж, Г дегеннің көбі Х екенін тіл саласындағы мамандар бұрыннан білсе, жалпы жұртшылық енді-енді танып, солай айтып, жазуға қарай бет бұра бастады. Хәрри дегенді жұрт қабылдай алмағаны – қанша жыл орысша Гарри дегенге үйреніп кеткеннен. Көз де, құлақ та үйреніп қалған. Хәрри деген тосын естілді. Алайда, жұрт тез түсінді, тез мойындады. Біз де жалықпай, сабырмен бәріне жауап беріп, түсіндіре бердік».

Назгүл Қожабек лингвистиканың қай бөлімі болса да, ережелер орыс тіліне ыңғайланып жасалғанын айтады.

«Тілдің табиғатын басқа тілдің ықпалынан тазарту – отарсызданудың бір саласы ғана. Қазақ тіліне орыс тілінің ықпалы зор болды. Лингвистиканың қай бөлімінде болса да, ережелер орыс тіліне ыңғайлап жасалған. Толық отарсыздану үшін тілді кезінде күштеп таңылған ықпалдың салдарынан тазартуымыз керек».

Steppe&World баспа үйінің бас редакторы Назгүл Қожабек, фото жеке парақшасынан

Раиса Қадыр отарсыздануға жұмсақ күш арқылы әсер ету қажет дейді. «Кітап индустриясындағы отарлау – бір идеологияны күштеп таңу. Сол таңылған мәдениеттен өзіміздің мәдениетті, тіліміз бен болмысымыздың барлық әлеуетін жоғары қою керек. Отарсыздану дегеніміз де осы. Кітаптарды қазақша шығару – отарсыздануға бір қадам. Өйткені қазірге дейін кей кітаптар қазақ тілінде қазақ балаларына арналып шығарылмағаны – үлкен трагедия. Біз мәдениет арқылы қарсы шыға аламыз. Күш, агрессия арқылы емес, тек жұмсақ күш арқылы мәдениетімізді қоғамға тарата аламыз».

Steppe&World 50-ге жуық әлем жауһарын қазақ тілінде шығарған. Баспа үйі ағылшын, неміс, француз, қытай, жапон, испан тілінен бірнеше кітап аударған. Кітаптардың 90 пайызы түпнұсқадан аударылған. Раиса Қадыр түпнұсқадан аударуды өте маңызды санайды. Оның айтуынша, кітап авторының аударуға рұқсат берген кездегі ең маңызды шарты – түпнұсқадан аудару.

«Кітапты түпнұсқадан аударуға тырысамыз. Голланд тілі сынды экзотикалық тілдер болады. Аудармашылар болмаған кезде ғана ағылшын немесе орыс тілінен аударамыз. Мұндай жағдай өте сирек болады. Түпнұсқадан аудару – маңызды. Ағылшын кітабы орыс тіліне аударылса, ол сол аудиторияға бейімделеді. Біз оны қазақ тіліне аударсақ, кітап ішіндегі дәм-сөлі мен барлық нюансынан айырылып қаламыз».

Раиса бастапқыда өзіне ұнайтын кітаптарды аударудан бастаған. Оның ішінде балаларға арналған «Ақын қоян», «Груффало», «Анна Франктың күнделігі», «Қомағай жұлдызқұрт» бар. Баспа үйі аударған кітаптардың 70 пайызы балаларға арналған. «Алғаш баспа үйін бастаған кезде өзіме ұнайтын кітаптарды аудара бастағанмын. Кейін Хәрри Поттердің сериясын бастадық. Ол – заманауи классика. Әзірге Поттердің жетістігіне жеткен жаңа туындылар жоқ. Өте шебер жазылған, сондай қызық. Әлемге танымал классиканы таңдауға тырысамыз. Кітап беретін құндылықтарға қараймыз. Біздің қоғамға қандай пайда әкеледі, балаларға қандай тәрбие-таным береді, соны ескереміз. Балаларға жақсы эмоция бере білуі керек. Сыни ойлау жүйесін дамытатын кітаптар болса, қоғам бәсекеге қабілетті болады. Білімді ұрпақ қалыптастырғымыз келеді».

«Баспа үйі ашылғаннан бері мақсатымыз – әлем әдебиетін қазақ аудиториясына таныстыру. Әлемнің терезесін әдебиет арқылы ашып беру. Бұл – өте маңызды. Әр бала, әр азамат үшін әлем мәдениетін біліп, түсініп өсу – өте үлкен жетістік. Балалар басқа адамдардың ой-пікірін қабылдай білуді, әлем ерекшелігін түсіне білуді және бәріміздің бір-бірімізге қандай ұқсас екенімізді түсіне білуді үйренеді. Шетел әдебиеті қазақ құндылығына сәйкес емес деп айтып жатады. Құндылық барлық жерде бірдей. Кітап беретін достық, адалдық, батылдық, мейірімділік сынды жақсы құндылықтар барлық жерде бірдей. Дәстүр ғана әралуан болуы мүмкін».

Бұл материалдың шығуына Ресейдің отаршыл қылмыстары туралы хабардар ететін Volya Hub халықаралық сторителлер желісі қолдау білдірді.