2982
15 мая 2023
Дмитрий Мазоренко, Фото Жанара Каримованыкі

Қостанай облысы. ​Мақсатсыз қозғалыс

Қостанай облысының тұрғындарын көші-қон, өнеркәсіптің әлсіреуі және ауыл мен қала проблемалары алаңдатады

Қостанай облысы. ​Мақсатсыз қозғалыс

1990 жылдары бүкіл Қазақстандағы сияқты Қостанай облысында да өнеркәсіптің құлдырауы байқалды. Қазір облыстың елді мекендерінде санаулы ғана ірі кәсіпорын қалды. Мұндай жағдайда қала да, ауыл да кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығының дамуына арқа сүйеп, өз жолын іздейді.

Алайда тұрғындардың көпшілігі жаңа экономикадан орын таба алмады. Тәуелсіздік алғаннан бері облыстан 350 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Олардың арасында ауыл адамдары да, әкімшілік орталық тұрғындары да болды. Халықтың едәуір бөлігі облыстың үш ауданымен шектесіп жатқан Ресейге қоныс аударды. Басқалары Қазақстанның ірі қалаларына көшті.

Власть Қостанай облысының тұрғындары қандай қиындықтарға тап болып отырғанын және олардың пікірі бойынша халықтың кетуін азайтуға не көмектесетінін баяндайды.

Байқалмайтын бағыт

«Адамдардың кетуі – біздің басты мәселеміз. Бұл қатты байқалады және аймақ тұрғындарына ауыр тиеді. Менің біраз досым көшіп кетті, тіпті азаматтығын да ауыстырды. Көптеген маман бұл жерден кетуге тырысады, олар мұнда болашақ бар екеніне сенбейді», – дейді наурызда өткен Парламент сайлауында Қостанай облысынан Мәжіліс депутаттығына үміткер болған саяси белсенді Диас Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, аға буын әкімшілік орталығы Қостанайда жұмыс істеген химия комбинаты мен шұға-мауыты комбинатын әлі де сағынышпен еске алады. Олар мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтамасыз еткендіктен, аймақ үшін маңызды болды.

Фото: Белсенді Диас Нұрмағамбетов

«Қазір кәсіпорындар қараусыз қалды. Облыс әкімдігі оларды қалпына келтіруге еш әрекет жасаған жоқ. Ал адамдар көбіне бизнеспен, ауыл шаруашылығымен айналысып кетті. Олардың көпшілігі айтарлықтай кедейленді. Кейбіреулері әлі күнге дейін тұрақты жұмыс таба алмай қиналып жүр».

Нұрмағамбетовтың айтуынша, Қостанай облысының проблемасына 30 жыл бойы Қазақстанды индустриялық елге айналдыра алмаған орталық биліктің саясаты кінәлі. Осыған байланысты облыста қосылған өнімділігі жоғары өндіріс дамымаған, оның орнына шикізатты экспорттап, шетелден дайын өнімді сатып алады.

«Бізде тау-кен өнеркәсібі жақсы: боксит, руда және басқа да пайдалы қазба кен орындары бар. Облыс өз рудасын негізінен Ресейге, Магнитогордың зауыттарына экспорттайды. Осы жылдар ішінде осындай зауыттарды өзімізде салып, шетелге руда емес, болат жеткізуге не кедергі болды?»

Қоғам белсендісі өңірдің жемқорлықтың кесірінен бар мүмкіндіктен айырылғанына сенімді: «Үйінде шабадан толы ақшасы бар, шетелде мүлкі, өзге елдің төлқұжаты бар шенеуніктерге қашанғы шыдаймыз? Бұлардың бәрі қазір байлығын жасырып, ұйқысы қашып жүр. Соны қайтарып, экономикаға, өндіріске қайта бағыттау керек».

Жемқорлықпен күрессем деген ниет киім сатумен айналысатын 27 жастағы Нұрмағамбетовтың саясатқа келуіне түрткі болды. Ол бірінші қадамды 2020 жылы өзге белсенділермен қатар ЕАЭО-ның басқа елдерінен әкелінген көліктерді заңдастыруға ұмтыла бастағанда жасады.

Былтыр қаңтардағы наразылық акциясына қатысып, «Протестный Костанай» телеграм каналында қасақана жалған хабарлама таратты деп айыпталып, қамауға алынған. Алайда оның сөзінше, ол ешқашан каналдың әкімшісі болмаған. Ол бірнеше ай тергеу изоляторында болды, содан кейін бір жылға бас бостандығын шектеу (тергеу изоляторында болған айларды есептемегенде) алып, үйқамаққа ауыстырылды. Содан кейін сот оны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, қазан айында оны жазадан босатқан.

Митинг барысында және уақытша ұстау изоляторында Нұрмағамбетов жағдайы қиын адамдармен көп сөйлескен. Оның айтуынша, Қостанай облысы өте тыныш. Сондықтан да Қостанай 2022 жылғы наразылық акциясына соңынан қосылған қалалардың бірі болды. Алайда, қаланың орталық алаңына келген сол санаулы адам теңсіздіктің арты жақсы болмайтынын түсінді.

Қаңтар оқиғасы өңір тұрғындарының күнделікті әңгімесінде айтылатын тақырыпқа айналмаса да, әлеуметтік жіктелу оларды толғандырады.

Осыны түсінген белсенді 19 наурызда өткен сайлауда саяси тұғырнамасының тағы бір тармағы ретінде теңсіздікті еңсеруді алды. Ол инфляцияның жоғары болуы осы көңіл-күйді күшейткенін атап өтті. Өңірдегі әрең қалыптасқан орта тап та кедейлене бастаған. Саясаткердің бағамдауынша, Қостанай облысындағы орташа жалақы 150–300 мың теңге аралығында.

Нұрмағамбетов сайлауалды науқан басталмай тұрып-ақ, алып бара жатқан ресурсы жоқ, өзін-өзі ұсынушы кандидат ретінде биліктегі «Аманат» партиясы ұсынған Еркін Әбілді жеңе алмайтынын түсінген: «Мен бұл сайлауды өзімді саясаткер ретінде жариялау, қоғамдық қозғалыс құру және келесі сайлауларға дайын болу мүмкіндігі деп білемін. Мен өзімнің өлкемді, елімді жақсы көремін, сондықтан кетемін деген ойым жоқ. Мен мұнда әлдеқайда жақсы өмір орнағанын қалаймын. Бұған қол жеткізуге болады».

Орталықтан басталған тоқырау

Қостанай 1879 жылы құрылды. Атауы Тобыл өзенінің жағасындағы шатқалдың құрметіне қойылған. Қала кеңестік кезеңнен бері облыстың әкімшілік орталығы болды. Алайда, 30 жыл ішінде мұнда әлеуметтік жағдай мен қала инфрақұрылымына қатысты мәселелер шиеленісе берді.

Күрделі мәселелер туралы облыста 2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Наша газета» басылымында үнемі жарияланып тұрады. Оның баспагері Сергей Миролюбовтың айтуынша, орталық пен жергілікті билік ойластырылған даму стратегиясын әлі әзірлемегендіктен, жағдай ушығып барады.

Фото: баспагер Сергей Миролюбов

Кеңес дәуірінде ұйымдасқан кәсіпорын желісінің арқасында Қостанайда жеткілікті мөлшерде дүкендер, балабақшалар, мектептер және басқа да мемлекеттік мекемелер бар, жол қатынасы жақсы оннан астам шағын аудан пайда болды. КСРО ыдырағаннан кейін қала бейберекет дами бастады. Ғимараттарды жөндеу сирек кездеседі, ал жаңа тұрғын үйлер әрқашан қолайлы жерде емес, шет жақтарда салынады.

«Бәрі бір тәртіппен жүреді. Ескі зауыттар жабылды, жаңа, ірі зауыт болмады. Билік алға тартқан ірі жобалардың бәрі – металлургия зауыты, құрылыс материалдары зауыты аса нәтиже бермеді. Олар әлі де 200-300 адамнан тұратын штатпен шектеулі режимде жұмыс істейді. Ал әлеуметтік инфрақұрылымды айтатын болсақ, көптеген нысан жемқорлық схемасымен, президентке көрсету үшін ғана салынған».

Мысал ретінде, Миролюбов Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда қалаға келуіне орай әкімдік гимназияның құрылысына бастамашы болғанын келтірді: «Егер президенттің сапары болмаса, ұсыныс та болмас еді».

Қалада аса қажет дейтін жаңбыр суы ағатын кәріз сияқты ең қарапайым инфрақұрылым жетіспейді: жылына 3-4 рет жауын-шашын салдарынан біраз ауданды су басып қалады, кейде көлікке дейін ағызып әкетеді.

«Алайда канализацияны ауқымды түрде өзгерте алмайды. Одан гөрі қаңырап бос тұрған президент резиденциясының коммуналдық ақысын төлеуге бюджеттен 50 миллион теңге жұмсағанды жөн көреді».

«Әлеуметтік салаға жеткілікті қаржы бөлінбеген соң, адамдар Қостанайдан кетіп жатыр», – дейді Миролюбов. «Қостанай мен Астананың арасындағы алшақтық кәдімгідей байқалады және ол жыл сайын артып келеді. Ақшаның бәрі Алматы мен Астанаға түсетіндей жағдай болса, олар ең жақсы инфрақұрылымды ұсынып, адамдарды тартады. Ал Қазақстанның басқа аймақтарына қалай тартуға болатыны әлі түсініксіз».

Қалаға облыстың басқа аймақтарынан келгендер де Қостанайдан көшіп кетуді жөн көреді. Қостанайда олар үшін басты қиындық – баспана. Баспана нарығын қаржы институттары 5 млрд теңгеге бағалап отыр. Бірақ, Миролюбовтың айтуынша, жылжымайтын мүлік секторында бағаның бұрмалауға әкелетін заңсыз игерілген қаражат басым.

«Қалай ойлайсыз, шенеуніктер ақшаны қайда салады? Олар 10-15 пәтер алады, сосын жиендеріне, достарына немесе әйеліне рәсімдейді. Қарапайым халықтың баспана алатын ақшасы болған жоқ, әлі де жоқ. Егер жалақы 200 000 теңге болса, пәтердің шаршы метр 400 000 теңге болса, ол қанша шаршы метр сатып алады? Ала алмайды».

Әлсіздер арасындағы теңсіздік

Рудный – 1957 жылы құрылған Қостанай облысындағы екінші үлкен қала. Ол Сарыбай шатқалының үстінен ұшып бара жатқан кеңестік ұшқыштардың бірі компастың оқыс әрекетін байқауынан кейін пайда болды. Бірнеше айдан кейін бұл жерге геологтар мен географтар келіп, Соколов темір кен орнын ашты. Содан бері мұнда әлі күнге дейін қала экономикасын қалыптастырушы өндіріс жұмыс істеп тұр.

Қала белсендісі, Youtube желісіндегі «По улицам» арнасының авторы Геннадий Ипатовтың айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері Рудный көп өзгермеген. «Қостанай кейінгі он жылда біршама алға жылжыды. Ал бұл кездегі Рудныйдағы бар өзгеріс – жаңа жылдық гирляндалар мен алаңдағы екі LED экран. КСРО заманынан бері тіпті жаңадан ағаш отырғызу болған емес».

Фото: Генадий Ипатов

Ипатов 27 жаста, туғаннан Рудныйда тұрады. Мамандық бойынша білім алғаннан кейін Рудныйдың, одан кейін облыстың басқа елді мекендерінің проблемалары туралы бейнероликтер дайындай бастаған.

Белсенді пандемия кезінде бірнеше оператордың жұмыссыз қалғанын көріп, оларға аптасына бір репортаждан шығарып тұруды ұсынады. Әрбір жаңа сюжетті қала тұрғындары жақсы бағалады.

Көп ұзамай жергілікті билік Ипатовқа сын айтумен шектелмей, кейде идея ұсынған жөн екенін айтады. Осылайша, белсендінің айналасына шағын ынтагер топ жиналып, солардың күш-жігерінің арқасында Рудныйда 200-ге жуық дүкен (өзіндік өндіріс) пайда болды, қала көрінісін тамашалайтын шолу дөңгелегі жөнделіп, қаланың проблемалық аудандары үшін тағы бірнеше жоба әзірленді.

Ипатовтың айтуынша, Рудныйдың әкіммен жолы болмай тұр: «Соңғы 9 жылда қаланы екі нәрсемен атағы шыққан адам басқарды: шолу дөңгелегі аттракционы мен ақыры іске қосылмаған цемент зауыты. Шолу шеңбері аттракционы -сыбайлас жемқорлыққа қойылған ескерткіш іспетті: соны салуға өте ұзақ уақыт қажет болды, жөндетуге де біраз уақыт кетті. Бір қызығы, одан 100 метр жерде құбыр жарылған. Бұған тіпті Тоқаев келген. Бірақ құбыр әлі жасалған жоқ, ал көше әлі жабық тұр».

Барлық қала дамудың жолын іздеп жатқанда, Рудный шенеуніктердің кесірінен бір орында тұр деп санайды белсенді. Оның айтуынша, қала басшыларының басым бөлігі қазіргі жағдайға көңілі толатын «ескі гвардия» өкілдері. Олардың басты мақсаты – зейнетке шығу.

Ипатов мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеті мен кәсіби өсуін ынталандырудың жоқтығы да үлкен мәселе дейді. Адам белгілі бір қызмет атқарып, 150 мың теңге алуы мүмкін. Ол қандай жүктеме алса да, не істесе де, жалақысы өзгермейді.

Ипатов жаңа әкімнің келуі тығырықтан шығуға мүмкіндік береді деп ойлайды. Билік, мысалы, сәулетшілер мен басқа да мамандардан тұратын қала құрылысы кеңесін құру мәселесін талқылай бастады. Бұл ретте рудныйлықтардың белсенді бөлігі қала өмірін жақсарту үшін зерттеу жүргізіп, азаматтардың қатысуымен форумдар ұйымдастырып, олармен кездесіп, әлеуметтік желілерде үнемі байланыста болу керек деген ойды жеткізуге тырысып жүр.

Белсенді азамат Рудныйдың келешегі зор, сондықтан ол үшін өзгерістің өмірлік маңызы бар деп санайды. Пандемия мен Украинадағы соғыс басталғанға дейін қала жастары жүйелі түрде Ресейге, негізінен Челябі мен Екатеринбургке кетеді. Саяси жағдайға байланысты олар қайтып орала бастады, енді олардың күшін қордаланған мәселелерді шешуге бағыттау керек дейді Ипатов. Дегенмен, бұл ресурс пен адамдардың қатысуын талап етеді.

Рудныйда Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі (ССТКӨБ) және оның айналасында дамыған бизнестің арқасында ресурс бар: «Байқасаңыз, бізде қымбат көліктер көп. Аға буын арасында ауқатты адамдар бар. Бірақ ешкім Рудный үшін жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді».

Ипатовтың айтуынша, мұның себебі – Рудныйдан 20 минуттық жерде жаңа коммуникация, жаңа ғимараттар мен оқтын-оқтын іске қосылатын өнеркәсіп орындары бар Қостанай қаласының орналасуы. Рудныйдың көптеген ауқатты тұрғындары тәуекел мен шығынды азайту үшін сол жерде кәсіп ашқанды жөн көреді.

Рудныйдың өзінде бизнес пен өнеркәсіп тоқырап тұр. Қалада бұрынғы нан зауытының қараусыз қалған ғимараты мен қайта іске қосуға жарамды сүт кешені бар. Кеңес заманынан бері ССТКӨБ-нің өзінде бірнеше цех қаңырап бос қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оларды қайта іске қосуға мүмкіндік бар.

Егер тұрғындар мен жергілікті билік қала экономикасына инвестиция салуға дайын болмаса немесе мүмкіндігі болмаса, қала құраушы кәсіпорын көмекке келуі мүмкін.

ССТКӨБ қызметімен таныс, Власть порталына сұхбат берген рудныйлық азамат қалада іс жүзінде қос билік жұмыс істейтінін айтты. Кәсіпорынға қарасты адамдар жергілікті мәслихатта да, қалалық әкімшілікте де қызмет атқарады. Бірақ бұл даму мақсатында емес, ССТКӨБ артықшылығы мен мүддесін көздеу үшін жасалады.

Мұнымен қоса, тұрғындар Рудныйдағы ірі кәсіпорындардың ақшасы қайда кетіп жатқанын білмейді деп санайды Властьқа сұхбат берген рудныйлық: «Ең дұрысы, қала құрушы кәсіпорындарды ақшаның белгілі бір пайызын өзі жұмыс істейтін қалалардағы инфрақұрылымға жұмсауға міндеттейтін қандай да бір заң болғанын қалар ем. Бұл бір серпіліс болар еді».

Оның айтуынша, бұған қол жеткізу әсіресе ССТКӨБ-де басталған өндірістік проблемалар аясында өте маңызды: 2022 жылы кәсіпорынның өнімі негізгі тұтынушысы, ресейлік Магнитогор темір зауытына салынған санкцияға байланысты 44%-ға төмендеген.

«Рудныйда зауыт тоқтаса, бәрі тоқтайды», – дейді қала тұрғыны. Бүгінгі таңда ССТКӨБ-де 16 мыңға жуық қала тұрғыны жұмыс істесе, қалғаны осы адамдардың жалақысына қатты тәуелді.

Ол сондай-ақ кейбір жабдық өндірушілерінің Рудныйға коммерциялық ұсыныс жібермейтінін айтты: «Қазан айынан бастап ССТКӨБ мердігерлерге төлем бойынша берешек болды. Олар келісімшарттарын жасап қойған, бірақ компания төлемді кешіктіруде. Жаңа жылға дейін барлық қарыз жабылады деп келіссөз болғанымен, нәтиже болмады.

Компанияны қазірдің өзінде сотқа берген, бірақ ешқандай шешім қабылданбады».

Қазір кәсіпорында не болып жатқанын, алда не болатынын әкімдік қызметкерлері де түсіне бермейді дейді ол. Айтуынша, ССТКӨБ-нің басшылығы Астанадан: «Мұнда ешкім ештеңені шешпейді».

Жергілікті басшылығы Власть тілшісімен кездесуден бас тартты.

ERG баспасөз қызметі қиын жағдайға қарамастан, ССТКӨБ жалақыны тұрақты түрде төлеуді жалғастыратынын мәлімдеді: «Бұл мәселеде ешқандай өзгеріс қарастырылмаған және қарастырылмайды да». Сонымен қатар, компания қызметкерлерді қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Қытай нарығындағы алғашқы табыстар туралы, сондай-ақ Еуропадан келетін әлеуетті тұтынушылардың оң көзқарасы туралы айтады. Мұнымен қоса, 2023 жылы ERG ССТКӨБ қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін 12 млрд теңге бөліп, орташа жалақыны 441 000 теңгеге жеткізген.

Заңгер Дамир Хамитов компания кен өндіруді толығымен тоқтатқанша, жұмысшылар жалақысының белгілі бір деңгейіне кепілдік беріледі деп санайды. Бұл ретте ол компания белгілеген жалақыдан төмен мөлшерлемені көрсетті: «Менің ойымша, кеншілер мен Рудный тұрғындарының жалақысын мамандығына қарамастан көтеру керек. Кеншілер 300 000 теңгені әрең алады. Негізінен олар екі есе көп алуы керек, өйткені бұл қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелерін жиі бұзу жағдайында орындалатын тозақ жұмыс».

Фото: заңгер Дамир Хамитов

Хамитовтың айтуынша, көпшілігі қарызға батқан. ССТКӨБ қызметкерлеріне жеңілдетілген несие беруге қол жеткізді, сол себепті адамдар ақша табумен айналысып, қандай да бір талап қоюдан қорқады. Сондықтан олар тәуелсіз кәсіподақ құрмайды, митингіге шықпайды. Тек кейде кәсіпорынға жеке талап-арыз жолдайды.

«Оңашада жұмысшылар жұмыс жағдайының қиындығына шағымданғанымен, көпшілігі шағым айтса, басшылар шақыртады, қиындық туындайды деп қорқады. Шынымен де солай болып жатыр. ERG қоғамдық деңгейдегі шуды ұнатпайды, сондықтан олар адамдарға құқық қорғау органдары арқылы, туыстары мен жұмыс берушілері арқылы да қысым көрсетеді».

Ауыл құлдырап барады

Қостанай облысынан Мәжіліс сайлауына түскендердің тағы бірі, саясаткер Алмагүл Қайыпжанова ауыл халқының Қостанай мен қала маңына көшуі қарқынды жүріп жатқанымен, біржақты екенін айтады: жұмыс та, білім де, медицина да жоқ. Ал ондағы табыс әлдеқайда төмен».

Диас Нұрмағамбетов аймақтағы ауылдардың жағдайын тіпті мүшкіл деп бағалайды. Белсенді әлеуметтік инфрақұрылым мәселесіне тоқталды, ең алдымен су жоқтығына назар аударды: 530-ға жуық ауылдың бестен бірінде су жоқ.

Екі белсенді де ауыл шаруашылығы ауыл тұрғындары үшін бірден-бір табыс көзі болып қала беретінін алға тартады. Бірақ оның даму мүмкіндігі өте шектеулі. Миролюбов айтқандай, жердің басым бөлігі ірі кәсіпкерлердің меншігінде болды.

Ұзақ уақыт бойы оларды «Иволга-Холдинг» ЖШС-нің бас директоры және иесі Василий Розинов басқарды. Миролюбовтың айтуынша, 90-жылдары шаруалардың кейбірі егін салу үшін жағармай алып, бірақ жеткілікті өнім ала алмаған соң, жерін Розиновке беруге мәжбүр болған. Ал Розиновке жағармайды шаруаларды қамтамасыз етіп, оны диқандар арасында таратып беру үшін мемлекет берген, ол қуаңшылыққа байланысты туындаған қиын жағдайда көмектесуі керек болған.

Бұл жағдай «Иволгаға» аймақта түгелдей кәсіпорын ашуға мүмкіндік берді. Бірақ 2010 жылдардың басында холдинг операциялық және қаржылық қиындықтарға тап болды. Ол бірнеше кредитордың алдындағы міндеттемесін орындауды тоқтатты, олардың бірі Халық банк еді. Бірқатар сот процесінен кейін активтердің бір бөлігі банктің қоластына өтіп, ол осы мақсатта жаңа «Олжа Агро» холдингін құрды.

Миролюбовтың айтуынша, облыстағы көптеген ауыл шаруашылығы нысанының жай-күйі мәз емес. Тіпті, «Олжа Агроға» өткендері де оңып тұрған жоқ. Бұл туралы оның бас директоры Айдарбек Қожаназаров бірнеше рет айтқан.

Активтердің ат төбеліндей топтың қолына шоғырлануынан облыста жер ұтымды пайдаланылмай, кей жағдайда тіпті құлдырап жатыр.

Нұрмағамбетов атап өткендей, облыста шаруаларға қажет болса да, жайылымның жартысына жуығы пайдаланылмай отыр. Соның салдарынан мал шаруашылығының дамуы тежелуде.

Қостанайдан 166 шақырым жерде орналасқан Денисов ауылдық округінің тұрғыны Рәзия Нәбиқұлова ауылының екі негізгі кәсіпорны – ет комбинаты мен элеватор Иволгадан басқа қолға өткеннен кейін жұмысын тоқтатқанын айтты.

«Адамдар ірі кәсіпорындарда жұмыс істегенде оңай болды. Мал ұстайтындар жұмысшыларға ет, сүт сататын. Немесе олардан малға азық болатын қалдық алатын», – дейді ол.

Нысан жабылған соң 30-40 жыл жұмыс істеген ауыл тұрғындарына мал сатып алып, жеке шаруашылығын жүргізуден басқа амал қалмаған.

«Бірақ қазір мал ұстау да қиын, жем-шөп қымбат», – дейді Денисов ауылының тұрғыны. Айтуынша, қыста малға азық болатын қалдықтың тоннасы қазір 100 мың теңге, ал шөп 50 мың теңге тұрады. Ал ауыл тұрғындарының орташа табысы 70 мың теңгенің айналасында. Құрғақшылық пен дизельдің қымбаттауына байланысты 2021 жылы жем бағасы күрт өскен. Содан бері ол төмендеген жоқ.

Дегенмен, Нәбиқұлова шаруашылықтың жұмысын тоқтатуға итермелейтін негізгі мәселе жайылымның қысқаруы деп санайды. Бұрын жайылымдық жер оның үйінен 15 минуттық жерде болса, қазір 4-5 шақырым жерге айдауға тура келеді. Бұл бір күндік уақытыңды алады.

«Бізде әрқашан жұмыртқа, сүт, қаймақ, сүзбе болатын. Көкөністі өзіміз отырғызамыз. Биыл да егеміз, бірақ енді сиыр ұстай алмаймын. Ал дүкенде баға ұшып тұр: бір литр сүт 650 теңге тұрады. Жарайды, менің отбасым шағын, біз сатып аламыз. Көпбалалы отбасылардың бұған шамасы қалай жетеді?» – дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындар бұл мәселелерді әкімдермен талқылай ма деп сұрап едік, Нәбиқұлова: «Біз ешкімге керек емеспіз», – деп қысқа қайырды.

Денисовтағы әлеуметтік инфрақұрылым салыстырмалы түрде реттелген деуге болады, үйлерге ток тартылған, кәріз және газ бар, аурухана мен мектеп те жеткілікті. Соған қарамастан, табыс табу үшін халық қалаға көшуге мәжбүр. Нәбиқұлованың айтуынша, мұны бастауыш сыныптағы оқушылар санынан байқауға болады: 2000 жылдары олардың әрқайсында 25 оқушыдан болса, қазір 18-ге әрең жетеді.

Денисов ауданының әкімі Бақыт Нұрғалиевтің айтуынша, ет өңдеу цехы мен элеватор шынымен де «қатардан шыққан». Бірақ бұдан ауыл тұрғындарының материалдық жағдайы нашарлаған жоқ деп санайды. Олардың бір бөлігі басқа кәсіпорындарға вахталық жұмысқа ауысса, қалғаны жеке шаруашылықтарын жүргізеді.

Аудан әкімі әкімдік көмектесуге тырысатынын айтады: «Бізде шаруашылық жүргізу оңай емес. Білесіз бе, үш жыл бойы қатты құрғақшылық болды. Әрине, бұл шаруашылықтардың қаржылық жағдайын нашарлатады. Бірақ қолдау, яғни мал және өсімдік шаруашылығына субсидия барлығына беріледі».

Әкім ауданнан халықтың көшуі жүйелі мәселе екенін жоққа шығармады. Бұл маман тапшылығына әкеледі: «Ұрпақ ауысып жатыр. Жастар ауыл шаруашылығы баруға құлықты емес. Бірақ біз оларды оқытуды жалғастырамыз, кетіп қалмасын деп барынша қызықтыруға тырысамыз.

Фермер Серік Ыбырай өсімдік шаруашылығының мәселесі де мал шаруашылығынан кем емес екенін айтады. Төрт жыл бұрын Қостанай мен Рудный аралығындағы 1400 гектар жерді жалға алған шаруа қазір оған бидай, арпа, мақсары егеді. Бірінші жылы жолы болғанымен, екінші жылы фермер бизнесінің тұрақтылығына қауіп төндіретін саланың құрылымдық проблемаларына тап болды.

Соның бірі – ауыл шаруашылығы техникасының ескеруі. Облыста автопарк сонау кеңес заманында шығарылған көліктерден тұрады. Ыбырайдың айтуынша, ескі техника көбінесе егін егу мен егін жинаудың маңызды кезеңінде егіншілерді тығырыққа тіреп, соның салдарынан шаруалардың көбі құрдымға кетеді. Қарызға батады, бір шаруа қожалығының күйреуі бірден бірнеше отбасына – фермерлердің өзіне де, жұмысшыларына да ауыр тиеді.

«Мен бұрын өзімнің күшіме арқа сүйедім. Бірақ ескі техниканың істен шығуы көп екенін түсінгенде, несиеге жаңасын алуға тура келді, ал бұл өте қымбат. Жақсы комбайн қазір 100 миллион теңгеден кем емес. Ал қосалқы бөлшектер мен құрал-жабдық доллар бағамы мен Ресейдегі әскери жағдайға байланысты үнемі қымбаттап отыр», – дейді ол.

Фермердің айтуынша, қазір Ресеймен шекараның ашық болуы салаға үлкен соққы боп отыр. Өткен жылы күздік және жаздық дақылдардан рекордтық өнім жинады. Бірақ ел санкцияға байланысты оны экспорттай алмай, Қазақстан нарығына жіберді. Ал мемлекет бидай сатып алудың шекті бағасын төмен деңгейде ұстап отыр. Бұл жергілікті өндірушілерге, әсіресе техникаға салған инвестициясын қайтарғысы келетіндерге қатты әсер етеді.

Егер бағаға қатысты жағдай өзгермесе, Ыбырай Қостанай облысындағы шағын және орта фермерлер жаппай күйрейді дейді. Бұл егін алқабының 40-50%-ға қысқаруына әкеліп, азық-түлік тапшылығын тудыруы мүмкін. Соның салдарынан ел импортты арттыруға мәжбүр болады.

Азық-түлік корпорациясы арқылы мемлекеттік қолдаудың қазіргі түрі, шаруаның айтуынша, жақсы нәтиже бермейді. Диқандарға ақша көктемде емес, күзде керек. Бұған шенеуніктер немқұрайлы қарайды. Бір айда шаруалар егіс науқанына дайындала алмай отыр, себебі тұқым, қосалқы бөлшектер сатып алып, техниканы жөндеу керек. Сондай-ақ, 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды қаржыландыру төрт есеге қысқарып, шаруалар жоспарларын реттеп үлгермеген.

Ыбырай шаруаларға мемлекет тарапынан қолжетімді қаржы мен көп көңіл бөлу қажет деп санайды, тауар өндірушілер қаржы тапшылығынан шаруашылықтарына қаржы салмай, жұмысшылары тұратын ауылдарды дамытпайтынын айтады: «Осыған байланысты кейбіреулер ішіп кетеді, кейбіреулер үйренісіп кету қиынға соқса да, қалаға көшеді.

Ауылдық жерлерге нақты қалай қолдау көрсету керек деген мәселеде тұрғындардың көзқарасы әртүрлі. Властьқа сұхбат бергендердің біразы ауыл тұрғындарының жаңа ықшамаудандар бой көтеріп жатқан Қостанай маңына көшуін құптайды. Алайда, қазір әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығынан және қоғамдық көліктің жолға қойылмауынан ауыл тұрғындарына жақсы жағдай жасай алмайды.

«Менің ойымша, біз тоқыма өндірісін қалпына келтіріп, фермерлерге өз бидайымызды өсіріп, жүн өңдеуді ұйымдастыруға көмектесуіміз керек. Өнеркәсіп қана өңірді дамытуға жол ашады. Менің ойымша, бұл кәсіпорындар мемлекеттің меншігінде болуы керек. Қазақстанда жалақы неге өспейді және жалпы неге көп мәселе бар? Өйткені жеке жұмыс берушілер ештеңе істемейді, әйтпесе олар пайдасынан айырылады. Жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алуы керек», – дейді тығырықтан шығудың жолы туралы Қайыпжанова.

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.