5167
22 мая 2023

Санкцияны сындыру. Дрондар мен чиптер Ресейге Қазақстан арқылы қалай тасымалданып жатыр

Ресейліктер Қазақстан аумағында техниканы тоқтаусыз жеткізетін компаниялар тобын ашты

Санкцияны сындыру. Дрондар мен чиптер Ресейге Қазақстан арқылы қалай тасымалданып жатыр

Ресей батыстың санкцияларын айналып өтуді меңгеріп алды. Оның схемасы тым қарапайым. Ірі технологиялық компаниялар агрессорға өнімін тікелей жеткізуден бас тартқан, бірақ олар дистрибьюторларының барлығын бақылауда ұстай алмайды. Олар Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Армения немесе Ресейге «оң қабақ танытатын» басқа да елдерге тауарды заңды түрде сата алады. Ал тауар сол елдерден Ресейге, оның ішінде, қорғаныс кәсіпорындары мен әскерге жөнелтіледі.

Власть санкцияны айналып өту схемасының қалай жұмыс істейтіні туралы «Важные истории», OCCRP және Der Spiegel-мен бірлесе жүргізген зерттеуді жариялайды.

Мария Жолобова, «Важные истории», Беньямин Биддер, Der Spiegel, Илья Лозовский, OCCRP және Вячеслав Абрамов, Власть

Коллаж Джеймс О’Брайендікі, OCCRP

Киев маңындағы Ирпен қалашығынан бейбіт тұрғындар қираған көпір арқылы қашып барады, олардың жанында миномет снарядтары дүбірлеп жатыр. Бұл Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінің алғашқы күндеріндегі ең жүрек сыздатар көріністің бірі еді.

Британдық Sky News арнасының сол күні түсірген кадрлары украин сарбаздарының ұшқышсыз ұшақтарды атып құлатпақ болып, аспанға оқ жаудырғанын көрсетті. Олар Ресей күштерінің нысананы нақтылауына көмектесті деп санады.

Бұл тек басы болатын. Ұшқышсыз құрылғылар одан кейінгі апта мен айларда Украинадағы ұрыс алаңдарында жаппай көрініс тауып, әдеттегі жағдайға айналды.

Әлеуметтік желілерде кең тараған көптеген дрон видеосы украин қорғаушыларының тапқырлығына дәлел болды.

Бірақ Киев маңындағы көрініс аңғартқандай, осы технологияны қолдануға ресейліктердің де құлшынысы аз емес. Бір зерттеуші құрастырған дерекқорда ресейлік күштердің барлау, артиллериялық қаруды нысанаға дәлдеу және пропагандалық бейнелер үшін ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды (көбінесе жеңіл, коммерциялық қолжетімді үлгілерін) пайдаланғаны туралы ондаған мысал бар және бұл дрондардың көпшілігі шетелде жасалған.

Дрон шабуылынан кейін Киевтегі үй, 2022 жылдың қазаны.

Фото: Zuma Press/Alamy Stock Photo

Теориялық тұрғыдан алғанда, ұшқышсыз құрылғыларды Ресейге импорттауға Батыстың санкциялары тосқауыл қоюы керек еді. Алайда іс жүзінде оларды сатып алу мүмкіндігі әлі де бар екені анық. Дрондар ғана емес, зымырандардан бастап, минадан тазартатын роботтарға дейін бүкіл жерде қолданылатын жетілдірілген микрочиптер де Ресейге шетелден жеткізіледі.

Бұл құрылғыларды соғысқа дейін-ақ сатқан Ресей азаматтарының жаңа шетелдік компаниялар құрғанын, кейін бұл компаниялар жеткізу тізбегінің бір бөлігіне айналғанын журналистер анықтады.

Осы зерттеу аясында журналистер анықтаған маршруттар Ресеймен де, Батыспен де жақсы қарым-қатынаста болуға күш салып жатқан Қазақстан арқылы өтеді.

Қазақстан «Ресейдің санкциядан жалтаруының кез келген мүмкіндігін болдырмауға тырысып жатыр». Сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысымен ақпан айында өткен баспасөз мәслихатында осылай айтқан еді. Дегенмен ол мұның «өте қиын» болғанын қоса айтты, себебі Қазақстан да, Ресей де Еуразиялық экономикалық одаққа мүше, екі мемлекеттің арасындағы саудаға кедендік бақылау жоқ.

Шынында да, Қазақстанның сауда деректері осы елдің Ресейге дрон импорттау үшін аралық нүкте ретінде пайдаланылып жатқанын көрсетеді.

2021 жылы, жаппай басып кіру басталмай тұрып, Қазақстанға дрондар аз әкелінді, тіпті ол ресми импорт және экспорт деректерінде де көрінген жоқ. Алайда, 2022 жылы Қазақстанға жалпы сомасы 5 млн долларға жуықтайтын дрон импортталып (шамамен барлығы дерлік Қытайдан келген), ал 1,23 млн доллар болатын дрон Қазақстаннан Ресейге экспортталған.

Микрочиптер импорты да күрт өсті: ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы Қазақстанға 35 миллион доллар көлемінде құрамдас бөлшектер әкелінсе, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш бірқалыпты өскен. 2022 жылы импорт көлемі екі еседен артық өсіп, 75 миллион доллардан асты.

Бұл ретте Қазақстаннан Ресейге микрочиптер экспорты 245 мың доллардан 18 миллион долларға дейін артты, яғни 70 еседен астам өсті.

Қазақстан мен Ресей президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин, 2019 жылдың сәуірі.

Фото: Kremlin.ru, CC BY 4.0, via Wikimedia Commons

Аспанасты механикасы

2023 жылдың ақпан айында мәскеулік «Небесная механика» компаниясының есепшотына шамамен 800 мың рубль келіп түсті – бұл «Халық майданы. Барлығы жеңіс үшін» (Народный фронт. Все для победы) қайырымдылық қорынан квадрокоптерге төлемі. Бұл қор Украинада соғысып жатқан Ресей армиясының бөлімшелерін жабдықтауға көмектеседі – дрондар, дулығалар, оқ өткізбейтін кеудешелер, байланыс құралдары, автокөліктер үшін ақша жинайды. Қордың құрылтайшысы – Бүкілресейлік халық майданы. Ал оның негізін қалаушы әрі жетекшісі – Владимир Путин.

«Донецк және Луганск республикаларының барлау бөлімшелеріне» ұшқышсыз аппараттар сатып алу үшін қаражат жинау «Ұшыңдар, бауырлар!» ұранымен жүргізіледі, оған «Халық майданынан» Ресейдің бас пропагандисі Владимир Соловьев жетекшілік етеді. Ол жиналған қаражатқа қазірдің өзінде әскерилер үшін 300 квадрокоптер сатып алынғанына сендіреді.

Қор журналистердің сұрағына жауап бермеді.

«Небесная механика» дрон өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы қытайлық DJI компаниясының дрондарын Ресейде сатады. Олар Ресей әскерилері арасында танымал болғаны соншалық, бір сериясының атауы жалпы есімге айналып кете жаздады: көшіру құралдарын – ксерокс деп айтатыны сияқты, жалпы дрон атаулы – мавик деп айтылады. Z-арналарда үнемі олар үшін ақша жинап жатады.

2022 жылдың сәуір айының соңында DJI дрондардың соғыс қимылдарында пайдаланылуына жол бермеу үшін Ресей мен Украинаға ұшқышсыз құрылғылар жеткізуді тоқтататынын хабарлады. «Бізде АҚШ санкцияларын немесе басқа да юрисдикцияларды сақтауды қамтамасыз ететін егжей-тегжейлі хаттамалар бар», – дейді компания.

DJI дроны Ресейдің Ленинград облысында ұшып жүр.

Фото: Viktor Karasev/Alamy Stock Photo

Соған қарамастан қытайлық дрондар соғысқа қатысып жатыр. Мысалы, жақында Ресейге DJI дрондарын жіберген БАӘ дистрибьюторы Aeromotus-қа АҚШ санкция салды. Ал «Небесная механика» дәл қазір өз сайтында DJI Mavic 2 Enterprise Advanced дронын 800 мың рубльге сатып алуды ұсынады.

Бұл ұшқышсыз құрылғылар Ресейге қалай барып жатыр?

Қазақстаннан келген дрондар

Журналистер Ресей кедендік статистикасының егжей-тегжейлі мәліметтерімен таныса алды. Бұдан көретініміз, 2022 жылы қазақстандық «Аспан Арба» компаниясы Ресейге 500-ден астам дрон жіберген. Ол Қазақстанда соғыс басталғаннан кейін, 2022 жылдың сәуірінде тіркелген. Metalmininginfo салалық порталы «Аспан арба» компаниясы DJI дрондарының Қазақстандағы ресми дилері болатынын және тау-кен өнеркәсібіне, «құрылысқа, энергетикаға, іздеу-құтқару жұмыстары мен ауыл шаруашылығына» коптер жеткізетінін хабарлады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметі бойынша, «Аспан арба» құны 45 миллион доллар болатын 18 мың DJI ұшқышсыз ұшу құралдарын импорттауға лицензия алған. Экспорттаушы – DJI Europe B.V., ол қытайлық компанияның нидерландылық еншілесі. «Аспан арба» Ресейдегі «Небесная механика» компаниясына 500 дрон жіберген.

«Небесная механика» атауын қазақшаға «аспан механикасы» деп те аударуға болады. Қазақстандық және ресейлік компаниялардың атауы ғана ұқсас емес. «Небесная механика» компаниясы Илья Гольбергтің иелігінде, ол «Аспан арбаның» да негізін қалаған. «Аспан арбаның» қазіргі директоры Михаил Сапожников бұрын Гольбергпен бірге «Небесная механика» компаниясының ортақ иесі болған. СДЭК курьерлік компаниясының жария болып кеткен деректерінде «Аспан арба» сайтында көрсетілген телефон нөмірлері – «Небесная механика» қызметкерінің телефон нөмірлері болып көрінеді.

«Небесная механика» компаниясынан тағы кімдер дрон сатып алды?

2022 жылдың сәуірінде «Небесная механика» компаниясынан жалпы құны 11 миллион рубль болатын DJI Mavic 2 дрондарын «Рысь» Мәскеу облыстық қарулы қақтығыс ардагерлерінің федерациясы сатып алды. Федерацияның негізін қалаушы әрі сайтта көрсетілген жалғыз басқарма мүшесі – арнайы күштер подполковнигі Андрей Межевых. Украинада ол «ресейлік террористік қарулы заңсыз құралым басып алған Украинаның Донбасстағы аумағына өту мақсатымен мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін» «Бітімгер» («Миротворец») базасына енгізілген. Қазір ол Мәскеу түбіндегі Истра қаласында муниципалитет депутаты, «Единая Россия» партиясының мүшесі, соғысты қолдаушы. Журналистер Андрей Межевыхпен байланыса алмады.

2023 жылдың ақпанында Камчатка өлкелік соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі DJI Matrice 300 RTK квадрокоптерін 2,7 миллион рубльге сатып алды. Бұл Украинадағы соғыс қатысушыларына арналған ба, жоқ па деген «Важные истории» журналисінің сауалына кеңес басшысы Юрий Жмурко «Қырым кімдікі?» деген қарсы сұрақпен жауап беріп, артынша жауап беруді тоқтатты.

«Будущее Камчатки» қоры «әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени-ағартушылық бастамаларды қолдау» мақсатында құрылған. Ол да Камчаткадан шыққан теңіз жаяу әскерлері үшін дрондар сатып алады. Қор «Небесная механика» компаниясынан 1,5 миллион рубльге квадрокоптер сатып алған.

Фотоны DJI Ars Moscow-дың қожайыны жариялады, ол сондай-ақ «Небесная механика» компаниясында жұмыс істеген. Фотода – әскери формадағы адам «Небесная механика» өнімін жарнамалап тұр.

Фото: VKontakte

2022 жыл мен 2023 жылдың басында «Небесная механиканың» ең ірі сатып алушысы – құны 500 миллион рубльге жуықтайтын тауар алған «Диджейай арс Москва» компаниясы болды. «Диджейай арс» Digbox брендімен дрондар мен басқа да жабдықтарды Ozon-да сатады, ал Ozon – табысы бойынша Ресейдегі екінші ірі интернет-дүкен, бұл жерден, әрине, әскерилер де сатып алады.

«Небесная механика» компаниясының бас директоры әрі иесі Илья Гольберг журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты.

Қазақстаннан келген микросхемалар

«Стэк» компаниясы Мәскеу орталығындағы пәтерде тіркелген. Оның веб-сайтында радиоэлектроника өнеркәсібіне арналған электронды компоненттерді сататын «жас және сәтті дамып жатқан компания» делінген. Компания 2022–2023 жылдары 4,2 миллион долларлық құрамдас бөліктерді (интеграл схемалар, диодтар, транзисторлар және т.б.) Қазақстаннан импорттады. Кедендік деректерде өнім қай өндірушінікі екені туралы ақпарат жоқ, алайда тауар қай елден шыққаны жайлы деректер бар, бұл елдер – Гонконг, Германия, Нидерланд, Сингапур.

«Стэк» сайтында көрсетілген клиенттер арасында МЭИ арнайы конструкторлық бюросы (Роскосмос және Мәскеу прожекторлық зауыты құрамындағы радиотехникалық жүйелерді әзірлеуші) – ресейлік зымыран кешендерінің электрмен жабдықтау жүйелерін өндіруші компания аталады.

«Важные истории» «Стэк» клиенттерінің 2022 жылғы тізімімен таныса алды. Құрамдас бөліктер негізінен бір ұйымға – «Сет-1» компаниясына жіберіліп отырған.

Қазір «Сет-1» сайты бұғатталып, «техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген жазу шығып тұр. Бірақ бұған дейін ол жерде компания «құқық қорғау органдарына арналған арнайы техниканы, соның ішінде Қорғаныс министрлігіне арналған «Сфера» және «Скарабей» роботтық жүйелерін әзірлеумен және өндірумен айналысады» деп көрсетілген. Ресей әскерилері «Сет-1» өнімдерін Сирияда сынақтан өткізіп көрген; қазір оны Украинада минадан тазарту үшін пайдаланады. «Сет-1» 2022 жылы Сыртқы барлау қызметіне, ФСБ-ға, сондай-ақ Донецк Халық Республикасы деп аталатын аумаққа электронды жабдықтар жеткізгенін «Важные истории» анықтады.

«Стэк» компаниясының бас директоры әрі қожайыны Илья Сильницкий журналистердің сұрағына жауап бермеді. «Сет-1» компаниясының басшысы Сергей Ефременко да сауалдарды елеусіз қалдырды.

«Стэк» қажет бөлшектерге қалай қол жеткізді?

Германияның маңызды өнеркәсіп орталықтарының бірі Штутгарт қаласының маңында Elix-st компаниясының кеңсесі орналасқан. Компанияға ресейлік Евгений және Елена Чернет иелік етеді. Олар атауы осыған ұқсас Ресейдегі «Эликс-М» компаниясының да қожайыны. Бұл компания электромагниттік толқындарды сіңіретін материалдарды әзірлейді. Ал бұл материалдар радиолокациялық бүркемелеу үшін де қолданылады (мысалы, әскери техниканы бүкремелеу). «Эликс-М» клиенттері – Tактикалық зымыран қаруы корпорациясы (корпорация «Тактическое ракетное вооружение»), Сухой атындағы эксперименттік-конструкторлық бюро (ОКБ им. Сухого) және басқа да ресейлік қорғаныс кәсіпорындары.

Ал Қазақстандағы Астана қаласында өткен жылдың наурыз айында «Da Group 22» компаниясы тіркелген. Оның иесі және басшысы – Александр Чернет (Евгений Чернеттің ұлы болса керек).

Осы мақала авторларының бірі Штутгарттағы (Германия) Elix-st кеңсесіне және сол маңдағы Чернеттердің үйіне барғанда, ол жақтан ешкімді таппады. Көршілердің бірі Чернеттер үйінде емес екенін, «жігіттер не Мәскеуде, не Қазақстанда» жүргенін айтты.

2022 жыл мен 2023 жылдың басында Elix-st Қазақстандағы Da Group компаниясына құны 800 мың доллардан астам құрамдас бөліктерді, оның ішінде Ресеймен бұдан былай ынтымақтаспайтынын мәлімдеген Analog Devices, Infineon, Texas Instruments, STMicroelectronics сияқты өндірушілердің тауарын жеткізді. Da Group өз кезегінде компоненттерді Ресейге, негізінен «Стэк» компаниясына жолдады. 2023 жылдың қаңтарында Da Group Германиядағы Elix-st компаниясынан Onsemi маркасының 2598 интеграл схемасын алды. Сол айда Da Group Германиядан келген 2598 микросхеманы Ресейдегі «Стэк» компаниясына жіберді. Ал 2018–2021 жылдары, яғни соғысқа дейін Elix-st Қазақстанға мүлде тауар әкелмеген (керісінше, Ресейге апарған).

Elix-st журналистердің сұрағына жауап бере отырып, «Da Group-тың құрылу тарихын білмейтінін» айтты. Чернет отбасының Da Group акционері еместігіне дәлел ретінде мемлекеттік реестрден компанияның ескірген үзінді көшірмесін жіберді, онда компания иесі ретінде Дастан Ахметбеков көрсетілген. Бірақ материал жарияланып жатқан сәтте Александр Чернет компанияның директоры және акционері ретінде осы реестрде болды.

Elix-St компаниясы Da Group-қа электронды құрамдас бөліктер жіберіп жатқанын растады, бірақ компания олардың «бейнетіркеу құралдарына» арналғанын айтты. Компания өкілінің айтуынша, кейбір жағдайда, құрамдастардың осы мақсатта пайдаланылғанын растайтын соңғы пайдаланушы сертификаттары алынған.

Da Group 22 компаниясы Астана қаласындағы қызметтерін жарнамалап жатыр.

Ресейге америкалық микроэлектрониканы импорттайтын тағы бір компания – ресейлік «Прайм-эк». Атап айтқанда, Қазақстан арқылы 2022-2023 жылдары 3,1 миллион доллардың құрамдас бөлігін импорттаған.

«Прайм-эк» компаниясының танымал боларлықтай ештеңесі жоқ, бірақ оның атауы ұқсас серіктесі бар – «Прайм». «Прайм-эк» оған 2022 жылы құны 100 миллион рубльден асатын электронды компоненттерді жеткізген. Олардың кеңселері бір ғимаратта орналасқан болатын және «Прайм» сайтындағы байланыс нөмірі СДЭК курьер қызметінің жария болып кеткен деректерінде «Прайм-эк» телефоны ретінде көрсетіледі.

«Прайм» – анағұрлым түсінікті компания. Мемлекеттік сатып алулар порталының дерегінше, ол Ресей қару-жарағының негізгі өндірушісі – «Ростех» мемлекеттік корпорациясының кәсіпорындарына құрамдас бөліктер жеткізген. Былтыр «Прайм» компаниясының ең ірі клиенттерінің бірі – «Ростех» компаниясының «Автоматика» концерніне кіретін Пензадағы «Электроприбор» өндірістік бірлестігі болды. Ол Украина аумағындағы ресейлік әскерилер дала жағдайында байланыс орнатуы үшін пайдаланатын П-240И кешені сияқты Қорғаныс министрлігіне арналған байланыс құралдарын шығарады.

«Прайм» және «Прайм-Эк» журналистердің сұрағына жауап бермеді.

Штутгарт қаласындағы Elix-st кеңсесі орналасқан ғимарат.

Фото: Der Spiegel

Істен шыққан санкция

«Санкциялар тиімді болуы үшін барлығы бірлесіп жұмыс істеуі керек», – дейді Миддлберидегі Джеймс Мартин колледжінің Ядролық қаруды таратпауды зерттеу орталығындағы экспортты бақылау жөніндегі маманы Эрик Вудс. – Компаниялардың барлығы кіммен бизнес жасайтынын тексеруі керек, әсіресе санкциядан жалтаратын белгілі бір орталықтар туралы сөз болғанда. Осы себепті жанама санкциялар бар және байқап отырғанымыздай, кейбір мемлекет өз санкциялық режиміне басқаларды бағындыруға тырысады. Олар қаншалықты жақсы орындай алса, санкцияларды соншалықты жақсы сақтайтын болады».

Дегенмен бәрін бақылап отыру да мүмкін емес екенін айтып, сарапшы сөзін жалғастырды: «АҚШ-пен бизнес жасамайтын және ресейліктерге қымбат бағаға тауар сату арқылы миллиондаған доллар пайда тауып отырған қазақстандық компания үшін бұл жай ғана бизнес. Мұндай ұсақ ойыншының көптігі соғыс нәтижесін Путиннің пайдасына өзгертпейді, бірақ олар Путинге бұл мүмкін дегендей әсер қалдыруы мүмкін. Ал мұндайда соғыс та жалғаса береді. Ресейдің оқ-дәрілері таусылған сәтте соғыс тоқтайды».