3772
29 августа 2023
Назерке Құрманғазинова, суреттер Данияр Мүсіровтікі

Ақын, аудармашы Тілек Ырысбек: «Бейотар дискурста ғылыми тұрғыдан гөрі сезім тұрғысынан қарайтын дүние көп»

Әдебиеттегі отарсыздану, аударма процесі және қандастардың әлеуметтенуі жайлы

Ақын, аудармашы Тілек Ырысбек: «Бейотар дискурста ғылыми тұрғыдан гөрі сезім тұрғысынан қарайтын дүние көп»

Ақын, аудармашы Тілек Ырысбек Қазақстанға Шыңжаңдағы, Іле қазақ облысынан 2005 жылы көшіп келген. Ол бүгінге дейін әлем әдебиетінен бірнеше туындыны аударды. Биыл маусым айында Тілек Ырысбек пен жазушы, аудармашы Сафина Ақтай қазақ тіліне аударған зерттеуші Мадина Тлостанованың «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» кітабының тұсаукесері өтті.

Власть Тілек Ырысбекпен оның шығармашылығы, аударма процесі және Қазақстандағы отарсыздану жөнінде сөйлесті.

«Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» кітабының тұсаукесерінде аударма барысында «Алаш» қайраткерлерінің отарсыздануға қатысты қолданған сөз тіркестеріне жүгінгендеріңізді айтып едіңіздер. Оны қандай мысалдардан көре аламыз?

Отарсыздану бізге жаңадан келген немесе өте таңсық дискурс емес. Әрі бұл дискурс дамыған сайын, отарсыздану тақырыбына байланысты жаңа сөздік қор қалыптасып, жалғасын табады. Мәселен, ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері бұл бағытта «бүтін елге бірдей құрдастық» деген сөзді қолданған. «Ағайындас болу», «жат сөздің бұралқы болуы», «жат сөзге қазақ тымағын кигізу» деген тіркестерді пайдалана отырып, қазақ тілінің жота қалыбынан бір таңбай, мейлінше отарсызданғаны маңызды екенін жазып кеткен. Бұл сөздердің бәрінде біреуден артық я кем емес, бәрімен теңдей замандас, құрдасша ғұмыр кешу деген мағына жатыр. Сондай-ақ, «бөтен ұлттың қолтығына түсу» деген де тіркес бар. Бұл отар елдің қолтығының астына түсіп, бұғауда күн кешкен халықтың сертсіз халін бейнелесе керек. Біз аталған тіркестерді «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» жинағының алғысөзінде қолдануға тырыстық. Айтпағым, отарсыздық дискурсында шет тілдегі терминдерді аударғанда ең әуелі өз тіліміздің сөздік қорына, өткен тамтығына бір мойын бұрып қойғанымыз абзал.

«Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» кітабының тұсаукесерінен, фото «Целинный» замануи өнер орталығынан алынды

Бізде ғылыми терминдердің тиянақталған сөздігі жоқ. Мысалы, біз үнемі сөз қылатын «identity» ұғымын алайық. Оны жазушы Мұхтар Әуезов «қалып» деп аударды, Таласбек Әсемқұлов «тектестік» деп қолданған, қазіргі уақытта «бірегейлік», «кімдік» деп айтылып жүр. Әр терминнің нақты аудармасы болмаған соң, қазақ тіліне аударған кезде көп қателікке ұрынамыз. Осы тұрғыда «бірегейлік» деген сөздің өзі отарлық деп ойлаймын, себебі түбір «бір еге», «бір қожайын» деген мағынаға сайма-сай келетіндей көрінеді. Ал identity-ге дәл келетін аударма «кімдік» деп білемін. Себебі әркім өз кімдігін өзі айқындайды.

Тағы бір мысал, «aesthesis» деген сөзді «эстезис» деп қалдырдық, бірақ өз басым «әстезіс» деп аударғым келген. Эстетика ұғымының отарлық бояуы көп, көбіне батыстың сұлулық туралы стандартына лайықталған. Мәселен, етті қолмен жеу эстетика болып көрінбеуі мүмкін, бірақ біз үшін бұл өзінше бір әстезіс, сұлу, көркем дүние. Оған өзіміздің ұлттық ойын, ән-жыр, күйіміз, қолөнеріміз жатады. Меніңше, атауы бұрыннан қалыптасқан мұндай терминдерді аударғанда оларды төл тілімізге лайықтап, тігісін жатқызғанымыз отарсыздық сөздік қоры мен сөйлеу тілін қалыптастыруда маңызды актор деп білемін.

Өзіңіз деколониал дисскурсқа қалай келдіңіз? Өз кімдігіңіз жайлы қашаннан бастап ойлана бастадыңыз?

Кезінде модерн әдебиетті қатты жақсы көрдім. Менің поэзияма да сондай модерн шығармалардың әсері тиді. Біздің батысқа деген құштарлығымыз да аз болған жоқ. Бертінде отарсыздыққа қатысты әдебиеттермен таныс болғанда бұл дискурстың өз кімдігімде бар екенін байқадым. Гомер – менікі, Әл-Фараби да, Гюго да менікі, яғни ол тек өз ұлтының маңдайына сыятын тұлғалар емес, жалпы адамзатқа ортақ. Мәдениетті, өнерді, құндылықты өзіміздікі деп сезіну – осынау әлемнің бір бөлшегі болу және оның басқалығын басқа бола тұра қабылдау дегенді білдіреді.

Меніңше, бейотар дискурсты ғылыми тұрғыдан гөрі, сезім тұрғысынан зерттеу көбірек нәтиже береді. Қазір Қазақстанда деколониалдық өте сәнді бола бастады, адамдардың бәрі бұл тақырыпты қызу талқылауда. Біреулер қарсы болды, біреулер қолдады. Бірақ ол нәтижесін кешірек береді деп білемін. Ғылыми мәтін мен әдеби мәтіннің айырмашылығы осында. Ол адамның сезімін оятпаса, ішкі рух халіне әсер етпесе, одан катарсис алу, аталған дискурсты түсіну және оған кіру қиынға соғады. Сезімдік тұрғыдан қабылдап, қазақша сөйлеп жатқан достарым да жоқ емес. Себебі, отарсыздық орыс тілінде талқылай салатын тақырып емес. Біздің субъект болатын кезіміз келді, өз тарихымыз бен өткенімізді, мұрағатымыз бен кімдігімізді экзотикалауды доғару керек. Сондықтан сезім тұрғысынан ұзақ уақыт тұсауда жатқан рух күйін тазалайтын әлдебір дүние керек секілді.

Әлі де өзімізге объект ретінде қарау бар ма? Бір жағынан көбіне өзімізді танығаннан гөрі, басқалардың танып бергенін қалайтындаймыз?

Объекті мен субъекті мәселесі Хегелдің «Құл мен қожайын» диалектикасы деген философиялық тұжырымдамасында талқыланады. Отарсыздық жеке бір ұлттың тағдырына ғана байланған түсінік емес. Бұл – жалпы адамға қатысты дүние. Кез келген отарлық қамытын кимеген елде іштей отарлық дағдарысы болуы мүмкін. Әлсіздік ұғымы отарлық тұрғыда басыну мен басып-жаншудың, елемеу мен үнін өшірудің түрткісіндей көрінеді, ал расында отарсыздық тұрғысынан кез келген әлсіздік немесе басқалық сол адамның (ұлттың) басым тұсы болып шығуы бек мүмкін. Отарсыздық осыған дейін қалыптасқан көптеген түсініктің іргесін сөгеді. Осы тақырыпта мақалалар жинағын аударуға атсалысқан Сафинамен сөйлескенімізде, ол енді зат емес, етістікке айналатын кезіміз келді деген қызық ой айтты. Меніңше, өзімізге тоқтаусыз атаулар беруден гөрі, әрекет ететін кезге келдік. Отарлаушының бізді заңдастырып беруін күту отарлануды жалғастыра береді. Бізге өз дауысымызды іздеудің керегі жоқ, себебі дауысымыз бар, отарсыздық тек іздеуден тұрмайды ғой. Төл кімдігімізді айқындап, оны әрі қарай дамытудың маңызы орасан зор.

Ал қазір әдебиеттегі отарсыздану процесі қалай жүріп жатыр?

Әдебиетте отарсыздану маңызды. Бірақ әдебиетте жазылатын тақырыптардың басым көбі ауылды қаузаудан тұрады. Ауылға деген сағыныш бейотар тәжірибе сияқты көрінеді. Бірақ ауыл дегеніміз кешегі кеңес дәуіріндегі совхоз бен колхоздың “елесі” емес пе? Жоқ, әлде оған дейін өз еркі өзінде болған жайлау мен қыстау, көшпелі өмір қайнаған мекен бе? Кейбір жазушылар ауылды жазамын деп колхозды сағынғанын білмей қалады. Ол – кезінде ата-бабамызды мәжбүрлі түрде ұжымдастыру салдарынан пайда болған үшбұрыш, кеңестік-орыс үлгісіндегі үйлердің жиынтығынан туған коммунистік ескерткіш. Сондықтан әдебиетте отарсыздық “сәнге” айналғандықтан емес, жоғарыда атап өткенімдей, отарсыздық сезімі тұрғысынан жазылатын шығармалардың салмағы зор болмақ. Ондай туындылар жақын болашақта жарық көреді деп сенемін.

Сіздің шығармашылығыңызға тоқталсақ, көбіне Шыңжаңдағы балалық шағыңызға деген сағыныш бейнеленеді. Сондай-ақ, «Шыңжаңдық адам» деген деректі фильмдер жобаңыз да жарыққа шықты.

Менің балалық шағым жұмақтан да артық. Ол бір сағынышқа толы бақытты сәт, әжемнің ұршығы, алып бұлттардың астындағы дала. Шыңжаң – тек трагедия емес, үлкен мәдени мұра. Ол – мен үшін жаралы тақырып. Сол үшін бұл нәрсені айтамыз, күресеміз, еске аламыз, айыптаймыз, сол арқылы мүмкін болашақта өзгеріс болар. Қазір оқиғаның қалай болып жатқанын білмейміз. Шекара ашылып жатыр, халық қауышып жатыр. Жақында әкем туған бауырларымен кездесті, араласпай кеткен туыстарын көріп жатыр. Бұл бір кем дүние.

Шыңжаңнан келген қазақтардың Қазақстан қоғамына әлеуметтену процесі мен үшін өзекті болды. Өз басымнан өткен тәжірибе, бұл қоғамға әлеуметтене алмай, сөздік қорымды естіген құрдастарыма күлкілі болғаным «Шыңжаңдық адам» жобасын түсіруіме түрткі болған шығар. «Доғдыр», «жозы», «шөміш» десек күлетін, сөйтсек кейбір айтып жүрген сөздеріміздің бірі Шығыста, бірі Батыста, енді бірі Алматы облысында күнделікті өмірде пайдаланатын сөздер екен. Мен сияқты адам көп. Менің кейіпкерім қарапайым көшеде жазылып тұрған жазуды оқи алмайды. Олар бар тапқан-таянғанын делдалдарға беріп, сан соғып қалады.

Маған «оралман» деген де, «қандас» деген де қатты ұнамайды. Бізді неге “қазақ” деп атамайды? Мысалы, оралмандар тарихи Отанына оралды дегенге қарағанда, «қазақтар келіпті», «қазақтар азаматтық алды» деген сөзді қолай көремін. Қандас деп ноғайды, түркі халықтарын айтуға болатын шығар, бірақ қазақты қандас деп айту өз кімдігімізді өзіміздің алалауымыз деп білемін. Қандас деудің астарында бөліну, іргесін аулақ салу деген позиция жатыр. Қала берді Америкадан, Еуропадан келген “оралманға” көпшілік жақсы көзқарас танытады, оларды “оралман келді” деп кемсітпейді. Ал Моңғолия, Қытай, Қарақалпақстан, Өзбекстаннан келген қазақтар болса, сайып келгенде, аты-жөнін өзгертуге дейін барып, туған жерін, шыққан тегін жасыруға мәжбүр болады. Мұның өзі отарлық табының тереңге кеткенінің дәлелі. Шетелден келген қазақтарды отарлау, оларды объекті көру мәселесі Қазақстан билігінде де бар.

Жұмыс күші ретінде шақыруды айтасыз ба?

Иә, бұл да бар. Бір қызық феномен – Қазақстанға келе салып жазған алғашқы өлеңім «Мен қазақпын» деген өлең болды. Қазақ екенімді дәлелдеу үшін өлең жаздым. Сондықтан бұл мәселе де ашық айтылуы керек.

Сонда шетелден келген этникалық қазақтар қоғамға сіңісу үшін, өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін осындай бір әрекет жасауға мәжбүр ме?

Отыз жылдан астам уақыт өтсе де, қандастар мәселесі өзектілігін жоғалтпауы, әлеуметтену процесінің әлі де қиынға соғуы, түйіні шешілмеуі отарлаудың салдары емес пе?!