Талғардағы 16 жасар Шерзат Полаттың отбасы қанша теперіш көрсе де, жүйеге қарсы тұруға тырысып жүрген талай адамның тағдырын бастан кешіп жатыр. Ал жүйе оларды басып-жаншу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі екі жыл ішінде Қазақстан президенті халықтың тәртіпке бағына өмір сүру талабын түсіндіре отырып, бірнеше рет «заң диктатурасы» деген тіркесті қолданды. 2024 жылы тек сөздерді ауыстырды. Енді бұл тіркес америкалық стильде «заң мен тәртіп» делініп жүр.
Бейсенбі күні полиция кісі қолынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қозғалған қылмыстық істі «заң мен тәртіп» ережесімен түсіндірді. Полицейлер Нұрымов інісін (полиция ол өзіне қол салды дегеннен таймай отыр) жерлегеннен кейін наразылық көрсетіп, отбасының нәубетіне назар аударғысы келді, бөгде біреудің мүлкіне зақым келтірді дейді. Екі айдың ішінде ұлы мен інісінен бірдей айырылған адам осылай 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, қылмыстық істің фигуранты атанды.
Полицияның логикасына салсақ, Нұрымовқа наразылық білдіруге, қарындасына наразылық барысын видеоға түсіруге, басқа жақындарына бұған қатысты ой білдіруге сол бір «заң мен тәртіп» тыйым салады. Әпкесі де қамауға алынды, ол депортациялануы мүмкін.
Полиция заң мен тәртіп жұмыс істейтінін айтады. Онда да айтатын жерде.
Полиция Нұрымовтың інісінің өлім алдында жазған хатын жариялап, кейін бұған отбасынан рұқсат алғанын айтқанда бұл принцип жұмыс істемей қалады. Бұл ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдесінде айтылды және кейін отбасының адвокаты мұны жоққа шығарды.
«Заң мен тәртіп» принципі ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленовты отставкаға жіберуге келгенде жүрмейді. Ол Алматы облысының полициясын биылғы 7 қазанға дейін басқарып, сол кезде қызметі өсті. Дәл соның тұсында Талғарда Шерзат Полатты өлтіріп кетті. Әленовтың қоластындағылардың бәрі жұмыстан шығарылды, ал Әленовтың мансабына еш нұқсан келген жоқ. Оны қоя тұрып, ол осы аймаққа келіп, қылмыстық істің қалай жүріп жатқанын айтты.
Полицияның Шерзат Полат ісі бойынша кез келген қадамы қоғамдағы шудан кейін ғана болды. Ұйымдасқан қылмыстық топ бар екенін мойындамады, мойындамайды да. Жасөспірімнің отбасын үйі өртеніп кеткеннен кейін ғана қорғауға алды (үйді өртегендер әлі анықталған жоқ). Отбасы бірнеше рет бұл туралы айтса да, оларға қауіп-қатер төніп тұрғанын мойындамады.
Әкімдер, полицейлер, прокурорлар қызметінен босатылды. Бұрын болған төбелестен кейін адамдарды жауапқа тартпаған, енді жасөспірімнің өліміне күдікті деп танылып отырғандардың артын жауып келген судьяларға бірдеңе болды ма? Бұл туралы ештеңе белгісіз.
«Заң мен тәртіп» принципінің ішіне халықтың мемлекеттің әрекетін сынау, ол туралы ашық айту, сұрақ қою, қаласа, наразылық білдіру құқығы кіреді. Бұдан мемлекет жүйесі қанша зардап шексе де. Мемлекет кез келген наразылыққа зорлықпен жауап бермейтін күнге жеткенде ғана қандай да бір өзгерістер туралы сөз қозғауға болады.
Олай болмаған жағдайда «заң диктатурасы» (қазіргі жағдайды суреттеуге анық келетін) сөз тіркесіндегі «заң» сөзі мұнда келмейді.
Поддержите журналистику, которой доверяют.