2723
5 февраля 2025
Тамара Вааль, Астана, Власть

Балабақшаларға ваучер енгізу қалай іске асып жатыр?

Жаңа жылдан бастап орын бөлудің жаңа жүйесі іске қосылды

Балабақшаларға ваучер енгізу қалай іске асып жатыр?

Жаңа жылдан бастап оқу-ағарту министрлігі балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беру механизмін дәстүрлі бағыттан ваучер арқылы қаржыландыруға өзгертті. Ведомствоның хабарлауынша, енді «ақша мекемеге емес, балаға бөлінеді», ата-аналарға балабақшадағы «орынды ұстап қалу» қажет болмайды.

Бірақ ата-аналар мен педагогтер жаңа жүйенің іс жүзінде қалай жүзеге асатынын ешкім түсіндірген жоқ деп отыр, жеке кабинетте ештеңе жоқ, ал техқолдау ақпарат бермейді, тек күте тұру керек дейді.

Астана тұрғыны Елена Сергиенко 2023 жылы балабақшаға бір жасар қызын кезекке қойды. 2024 жылы күзде ата-анасы оны бой үйретсін деп балабақшаға біртіндеп дайындай бастады. Үйдің жанындағы жекеменшік балабақшаға берді. Бастапқыда жарты күнге, кейін 175 мың теңге төлеп толық күнге қалдырды. Мектепке дейінгі мекеме жаңа болғандықтан, онда әлі орын бар. 55 мың теңге көлемінде дотация алып, нәтижесінде 120 мың төлеу үшін 1 қаңтарға таман Елена «Индиго» орын бөлу жүйесі арқылы жолдама аламын деп үміттенді.

«Мемлекет беретін 55 мың теңге дотация — баласын жекеменшік балабақшаға берген ата-ана үшін жақсы көмек. Ал егер бұл мемлекеттік балабақша болса, ата-ана ештеңе төлемейді. Енді ваучер жүйесін енгізіпті, бұл туралы нақты ештеңе жазылмаған. Ваучерге кезекке қалай тұру керек екені, балабақшаға қалай жазылу керек екені көрсетілген, бірақ осыған дейін кезекте тұрғандар не істейтіні белгісіз. Ваучерді қайдан алатынымыз да белгісіз», — дейді Сергиенко.

«Индиго» жүйесіндегі жеке кабинет арқылы Елена бұған дейін баласын бергісі келетін төрт балабақшаны таңдап қойған еді, жаңа жылдан бастап ол жер бос тұр. Бала ваучерге кезекте тұр деген жазу ғана бар. Түсіндіруді сұрап техникалық қолдау қызметіне хабарласқан еді, ол жақтағылар да ештеңе түсіндіре алмады. «Ваучерді күтіңіз, ол қашан болатынын біз білмейміз» деумен шектелді.

«Жыл басынан бері бір апта өтті, әрі қарай не істерімізді білмей отырмыз. Дотация былтыр көмек алғандарда ғана сақталды. 2023 жылы туғандар ғана осындай мәселеге ұрынып отыр. Бізге келгенде осылай болып қалды. Бізде балабақша таңдау деген тетік те, ваучер таңдау деген де жоқ. Кабинетте маған кезекте он мыңыншы болып тұрғанымыз ғана көрінеді. Менің кезегім 2025 жылы шілдеде қайта қаралатыны жазылған. Ешқандай кері байланыс жоқ — кімге жүгіну керек, не істеу керек, белгісіз», — деді Сергиенко.

Ол қазіргі «Индиго» жүйесі жақсы істеп тұрғанын айтады. Иә, кейбір балабақшаға жолдама алу үшін кезекке орынды шынымен «ұстап» үлгеру қажет болатын. Бір кемшілігі — балабақшаны өзгерте алмайсың. Ал ваучер жүйесінде мектепке дейінгі мекемені кез келген сәтте және Қазақстанның кез келген қаласында өзгертуге болады, бірақ орын болуы керек. Еленаның ойынша, «адамдар ай сайын көшіп жатқан жоқ, сондықтан жүйені жөндеп істеуі керек еді». Ол, сонымен қатар, ваучер келгенде бар болғаны екі жұмыс күні көлемінде уақыт берілетінін білді.

«Мысалы, телефонда қосымша жойылды делік, мысалы, мен оны жиі пайдаланбаймын, өшіріп тастадым, жаңа телефон алғанда жүктеген жоқпын, хабарлама келмейтін етіп қойдым немесе демалысқа ұшып кеттім де, интернетті өшіріп тастадым, бірақ менде ваучерді растайтын екі-ақ күн бар! Егер push хабарламаны күтпесем, жүйені жиі тексермесем, ваучерім күйіп кетеді, оның күші жойылады, тағы да кезекке тұруым керек», — дейді Сергиенко. Айтуына қарағанда, балабақша да оған ештеңе түсіндіре алмапты.

Қаржы орталығы жарқыратып, әдемі қылып таныстырған жаңа ваучер жүйесі әзірге жөнді істеп тұрған жоқ. Біраз жекеменшік балабақша да ешкім ештеңе түсіндірмегенін, «ақпаратты там-тұмдап сұрап алуға тура келетінін» айтып, реніш білдірді. «Бал Бөбек-2» балабақшасының директоры Оксана Ушкевичтің айтуынша, біріншіден, балабақшалар балаларды қабылдай алмай отыр, өйткені жергілікті атқарушы билік жыл сайын бекітетін тариф жоқ. Екіншіден, қазір ваучерсіз қабылдау мүмкін емес, олардың қашан пайда болатыны белгісіз.

«Тарифке келсек, неліктен алдын ала бекітілмегені түсініксіз. Мен оның қалай есептелетінін білмеймін, алайда АЕК алдын ала белгілі ғой. Қаңтардың аяғына таясақ та, тариф әлі жоқ. Менде бос орындар бар, ата-аналар балаларын әкелсе болар еді, алайда олар жолдама ала алмай отыр. Ал жолдаманың болмауы ваучерге өтуге байланысты. Менде жүйе істемегендіктен жаңа жылға дейін қабылдана алмай қалған бес жасар балалар бар, енді ол жаңартылып, қабылдау ваучер арқылы іске асуы керек. Ал ваучерді қалай алу керек, ол қалай үлестіріледі және қаржыландыру қашан болады, оны ешкім білмейді», — деп түсіндірді Ушкевич.

Балабақша директоры жоба пилоттық режимде Қызылорда мен Шымкентте енгізілген жарты жыл ішінде біраз олқылық болды дейді. Әріптестері жекеменшік балабақшалар балаға ваучер күтудің кесірінен үнемі ақшадан қағылатынын айтыпты. Мемлекеттік балабақшада жағдай басқаша, өйткені «олар талап ете бастайды және олардың қаржы мен субсидия алуы жолға қойылған». Ал жекеменшік бақшалар «ылғи күдікке ілігіп жүреді». Бірақ бірдеңені жасыру мүмкін емес, балабақшаға келу табеліне ата-аналар ай сайын қол қояды, ал білім басқармасы оны тексереді дейді ол.

«Қазір ваучер енгізілді, бірақ бұлай істеуге болмайды, бұзылып қалуы мүмкін бір жүйемен шектеліп қалмауы керек, бір баламасы немесе таңдауға қарай бірнеше нұсқасы болуы керек. Жүйе толықтай сыналған жоқ. Алдымен шағын аймақтарға енгізілді, ал халық көп, миллион тұрғыны бар қалаларда дәл солай істейді деген сөз емес. Бұрын да жыл басында ештеңе істемей қалатын, «Индиго» да солай еді — тариф бекітілгенше, білім басқармасымен жаңа келісімшартқа қол қойғанша күтіп отыратынбыз. Біз ылғи қаңтарда ақшадан қағылатынбыз, оны ақпанның ортасында немесе соңында алып жүрдік. Ал енді жаңа жүйе баламасыз енгізіліп, ол істемей қалса ше? «Индиго» бес жылдан бері істеп келе жатыр, оның өзінде ақау болып тұрады», — деп ренішін білдірді директор.

Оның айтуынша, жаңа жүйені түсіндіруді, басқа да өзгерістерді білім басқармасы балабақшаларға «аудара салады». Бала тәрбиелеудің орнына олар қызметкерлерді осындай жұмыспен алаңдатуға мәжбүр болады. Алайда, қазіргі жағдайда балабақшалар нені түсіндіру керегін білмейді, өйткені өздері де жүйенің жұмысын түсінген жоқ. Ушкевич Астанада 18-25 желтоқсан аралығында оқу болды дейді. Яғни, оқу мектепке дейінгі мекемелер Жаңа жыл ертеңгілігіне балаларды дайындап немесе өткізіп жатқан кезде болған.

«Оқудың өзі жүйені қалай пайдалану туралы, яғни техникалық сипатта болды. Баланы қалай қабылдау, тіркеуге алу керек екенін жұмыс процесінде үйренуге болады. Бізге керегі — осы ваучерді қалай алу керек екенін, бұл ваучер қашан болатынын және балаға ақша қашан аударылатынын түсіну. Бұны ешкім түсіндірген жоқ», — деді балабақша директоры.

Балабақшаларға белгілі нәрсе — жаңа жүйеде енді жалпы кезек болмайды. Оның орнына бірнеше кезек пайда болды, яғни балалар жас пен әлеуметтік санатқа жіктеледі.

Бірінші кезекте ваучерлер мемлекеттің жеңілдігін алатындарға немесе тізімде бірінші тұрғандарға беріледі. Бірақ балабақшалар ақшаны қалай алатыны белгісіз, өйткені бұрын басқарма балабақшаға ақыны орындалған жұмыстар актісі арқылы бір сомамен жіберсе, қазір бұл эскроу-шоттар арқылы іске аспақ.

«Бізге ақша балаға байланады деп айтылды. Әр балаға белгілі бір эскроу-шотқа ваучер аударылмақшы. Бұл шотты кім ашады? Негізі ата-ана болуы керек. Бұл сұрақты ешкім бізге түсіндірген жоқ: біз ақшаны қалай аламыз? Әр ата-анадан дербес аламыз ба? Бұл қандай сапырылысуға әкелетінін ойлаңызшы! 50 балаға 50 шот шығаруымыз керек пе?» — деп таңғалысын білдірді Ушкевич.

Мектепке дейінгі ұйымның директоры барлық механизмінің жұмысы толық аяқталмаған жүйені жаппай енгізу дұрыс емес деп есептейді. Былайша айтқанда, әзірге бәрін бұрынғыша қалдырып, қаланың аудандарына ваучер жүйесін балабақшаларды біртіндеп қосу арқылы кеңейту керек еді. Қазір «ешкім жолдама ала алмай, қабылдана да алмай», қиын жағдай қалыптасып отыр, «бізге бар айтқаны — балаларды әзірге шығармаңыздар, қалай болатынын өзіміз білмейміз, күтіңіздер».

Фотосуретті Жанар Каримова түсірген

Астана қаласы білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту бөлімі ата-аналардың және балабақша басшыларының наразылығымен келіспейді. Бас маман Лаура Әлеуханова бұрын балалар ортақ кезекке туған жылы бойынша қойылған болса, енді бұл кезек жеңілдік бойынша 19 санатқа жіктеледі деп түсіндірді: әскери қызметшілердің балалары, көпбалалы отбасы, ерекше білім беруді қажет ететіндер, т.б. санаттарға бөлінеді.

Маман кезекте бұрын болғандарға ештеңе істеудің керегі жоқ, жүйе автоматты түрде жіктейді, ал жаңадан қосылғандар тіркеліп, өз санатын дұрыс таңдап, тиісті құжаттарды қосуы керек деді. Бірақ ваучерлер қашан үлестіріле бастайтынын айта алған жоқ.

«Алдымен бізге жүйені іске қосу қажет болды. Ваучер беру — жұмыстың келесі кезеңі. Қанша болатынын айта алмаймын (бөлінетінін — В.). Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, осы немесе келесі аптада жаңа ваучерлер бойынша қанша орын болатыны анықталатын шығар», — деді бас маман.

Эскроу-шотқа келсек, оның айтуынша, ата-аналарға ондайды ашудың қажеті жоқ. Балабақшалар төлемді тікелей жасайтын қаржы орталықтарымен келісімшарт жасауы керек, ата-аналар тек бұрынғыдай балабақшаға келу табелін растап отыруы қажет. Ваучерді екі жұмыс күні ішінде растауды басқарма жеткілікті мерзім деп санайды.

«Ата-аналар екі күн ішінде растауы керек. Сосын балабақшаны таңдауға тағы бес күн беріледі. Бұл кезекте сізден кейін тұрған адамдар айлап-жылдап күтпеуі үшін жасалған», — деді Әлеуханова.

Оқу 2024 жылдың соңғы күндері, балабақшаларда Жаңа жылға орай ертеңгіліктер өтіп жатқан кезде өткізілгенін бас маман мәселе деп есептемейді. Ол «ешкім шағымданған жоқ», негізі оқу «бірінші басшыларға» және «жауапты тұлғаларға» өткізілді деді. Демек, «бұған қатысты сұрақ болмауы керек». Әлеуханова оқу онлайн түрде де, офлайн да өтіп жатыр, сондықтан оқығысы келгендерде әлі де мүмкіндік бар деді.

Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова қазіргі кезде Қазақстанда балаларды балабақшаға орналастыру бойынша бес ақпараттық жүйе бар дейді. Олар әлі істеп тұр, кезекке қою, бақылап отыру бұрынғыдай күйде қалды дейді, тек ата-аналарға жолдама берілмейді, оның орнына енді ваучер енгізілді.

«Қазір ата-анаға балаға ваучер тағайындалды деген хабарлама келеді. Ата-ана оны растайды, сосын балабақша таңдайды. Егер қалаған балабақшада орын болмаса, ол осы мекеменің күту тізімінде қалып, орын пайда болысымен бірден қабылдана алады, болмаса басқа бақшаға барып, қалаған кезінде ауыса алады. Бұрын жолдама алған бала кезектен бірден шығып қалатын және балабақша ауыстыра алмайтын. Енді ақша баланың артынан жүреді», — деп түсіндірді Адамова.

Сондай-ақ, ол ата-аналардан ваучерді екі күн ішінде растамаса «кезектен шығып қаламыз» деп уайымдамауды сұрады. Департамент директорының айтуынша, жүйенің жұмысы ваучер алмаған бала расталғанға дейін, болмаса мектеп жасына жеткенге дейін кезекте алға жылжи беретіндей етіп құрылған.

«Балалар архивке кетпейді немесе кезектен шығып қалмайды, тұра береді. Орын алмаса, ваучер берілмесе, бала өз орнында тұрады. Кезек артқа емес, тек алға жылжиды. Кезектің соңында жаңадан қосылғандар тұрады. Осылайша, бұл өзгеріс жүйені қиындатпайды және нашарлатпайды», — деп сендірді ол.

Дегенмен, Адамова ата-аналарға жеке кабинетті хабарлама жүйе ішінде емес, ұялы телефонға келетіндей етіп баптауға кеңес береді.

Жоба пилоттық режимде былтыр Таразда, Түркістанда, Шымкентте және Оралда іске асқанын еске салды. Таразда алғашқы үш айда 22 мың ваучер берілген, бұған 176 мектепке дейінгі мекеме қатысқан, Шымкентте ваучерлік қаржыландыруға 608 балабақша қатысса, Түркістанда — 141, Оралда 162 балабақша өткен.

2025 жылғы тамызға дейін сынақ облыстық және республикалық маңызы бар қалаларға дейін кеңейеді, содан кейін «тұтас елге тарату үшін» кесте құрылады.

Елена Сергиенко жаңа ваучер жүйесін үйренуді өз бетімен жалғастырып, оқу-ағарту министрлігіне, iKomek қалалық қызметіне және «Индигоның» қолдау қызметіне хат жазды. «Индиго» оған мемлекеттік органдардың жауабына қайшы келетін ақпарат берді.

«Егер ваучерді елеусіз қалдырсаңыз немесе бас тартсаңыз, сіздің арызыңыз стоп-тізімге ілігеді. Жүйе жаңа ваучер берген кезде бұндай арыздарды ескермейді. Арыз стоп-тізімде 14 күнтізбелік күн болады. 14 күннен кейін арыз берушіге арызды стоп-тізімнен қайтаруы керек. Егер арыз ваучер берілген сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде стоп-тізімнен қайтарылмаса, ол архивке кетеді. Бұндай жағдайда қайтадан кезекке тұру керек», — делінген Сергиенкоға берілген жауапта.