2355
20 мая 2025
Ғалия Байжанова, киносыншы, арнайы Власть үшін

Фархат Шәріповтың ​«Эвакуациясы»: аяқталмаған трагедия

Соғыс кезінде кей халықтардың Қазақстанға қалай көшірілгенін баяндайтын фильм

Фархат Шәріповтың ​«Эвакуациясы»: аяқталмаған трагедия

8 мамырда қазақстандық танымал режиссер Фархат Шәріповтың («Қызғылт қоян туралы ертегі», «Тренинг личностного роста», «Схема», «18 Кгц») «Эвакуация» фильмінің жабық көрсетілімі болды.

Жаңа картина жақында 47-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінің екі сыйлығын алды, соның ішінде қазылар алқасының арнайы сыйлығы да бар. 19 маусымда «Эвакуация» отандық прокатқа шығады.

Фархат Шәріповтың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанға жаппай көшірілген халықтар туралы драмасының тағдыры нағыз кино сияқты өрбіді деуге болады. Түсіру 2018 жылы басталды, осы уақыт аралығында көп нәрсе өзгерді: әлемдегі саясаттың көрінісі, Алматының мәдени бет-бейнесі — ескі орындардың біразы қазір жоқ; актерлер есейді — 6-7 жасар балалардың орнына сахнаға 13-14 жастағы, сұңғақ бойлы қыздар шықты. Коронавирусты өткердік, Украинада соғыс басталды, ал Қазақстан бірнеше рет релоканттар легін қабылдады. Соған қарамастан фильм мәнін жоғалтқан жоқ, өйткені ол сырт көз тұрғысынан түсірілген, режиссер ешқандай саяси мәлімдеме жасамай, әскери патетика қоспай, жан түршігетін трагедияны бақылайды, соғыс — өте қорқынышты және әділетсіз деген ойды жеткізеді. Сын болса да, ол бет-бейнесі жоқ жүйеге ғана бағытталуға тиіс.

Осындай тұрғыдан түсірілген «Эвакуация», бір қызығы, жақында шыққан Алекс Гарлендтің «Ұрыс» (Warfare) инди-боевигін еске түсіреді. Бұл фильмде Американың Иракта жүргізген бір әскери операциясы туралы баяндалады. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі түрлі соғысқа арналса да, оқиғаларды суреттеуге келгенде деректі киноға ұқсайтын тәсілді бірдей қолданған. АҚШ фильмінде арнайы эффектілерге және жойқын қарудың күшіне басымдық берілсе, мұнда адамдардың қарым-қатынасы, жүрекке ең жақын және қымбат қатынасты үзетіндей жара салатынын соғысқа баса көңіл бөлінген. Қанша бейтарап болса да, «Эвакуация» — ХХ ғасырдың басты қасіреті туралы эмпатиясы бар кино.

Қысқаша сюжеті

«Эвакуация» — соғыс қасіретін және туған жеріңнен кету тауқыметін суреттейтін ақ-қара түсті драма. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары миллиондаған адам үйінен мыңдаған шақырым шалғайға қоныс аударды. Осы кезде Қазақстан ең қауіпсіз жердің біріне айналып, миллион жарымдай адам қабылдады. Кейбір деректе ҚазКСР астанасына 8 госпиталь, 5 ЖОО мен техникум, 20 шақты ғылыми-зерттеу институты, жиырмадан астам мәдени-ағарту мекемесі көшірілгені жазылған.

Шәріповтың картинасы екі бөліктен тұрады, екеуінде де бас кейіпкер Наталья есімді (неміс актрисасы Наталья Витмер) Ленинград тұрғыны, ол 6 жасар қызы Галямен (Евдокия Скиртаның алғашқы рөлі) бірге Алматыға көшіріледі. Оларға құрбысы Люба (Екатерина Балакший), баласы бар тағы бір жас келіншек сапарлас болады. Бірақ түрлі себепке байланысты әйелдер бір-бірінен ажырап, ал жолдағы теміржол бекеттерінің бірінде Наталья қызынан көз жазып қалады. Жолда атақты кернейші Людвигпен (Виталий Багрянцев) танысады, мыңдаған босқын арасынан қызымды кездестірем деген үмітпен Алматыға сапарын сол музыкантпен бірге жалғастырады.

«Эвакуация» қалай түсірілген?

Фильм қараңғыдан басталады. Бала дауысы ғана естіледі, кішкентай қыз қатты ауырып жатқан бала қайда кеткенін сұрайды. Анасы оған түсіндіруге тырысқанымен, сәби тынышталудың орнына жауабы қиын ауыр сұрақты үдете түседі. Көп кешікпей көрерменге әңгіме тар вагон ішінде болып жатқаны түсінікті болады — онда эвакуацияланған адамдар келе жатыр. Әр бекетке тоқтаған сайын қатал тексеру жүреді — санитарлар ауру-сырқаулар туралы, жолда өлгендер туралы сұрайды.

Фильмнің ең әсерлі сәті соғысқа душар болған елдің нақ келбетін беретін вокзалда өтеді: айнала абыр-сабыр, халық сапырылысып, әлем-тапырық болып, бір пойыз майданға, енді бірі тылға аттанып жатыр. Алайда тіршілік бір сәтке де дамыл таппайды — балалар аяққа оратылып ойнап жүр, ересектер ұрланған пальтоны саудалап тұр. Әріректе жоғалтқан адамды іздеуге арналған қабырға, олар сол жерге өзі туралы хабар қалдырып, іздеген адамы оқиды деген ниетпен жоспарын жазып қалдырады. Жабырқаған, абыржыған адамдар, сапар кестесі бұзылған, пойызды сағаттап, тәуліктеп күтуге тура келеді, абыр-сабыр жерде біреу жүгін, құжатын, тамақ картасын жоғалтса, енді біреулер балаларынан көз жазып қалады.

Режиссер әрі сценарий авторы Фархат Шәріповтың айтуынша, сценарийге қарапайым адамдардың шынайы естеліктері арқау болды. Iremember.ru сайтында волонтерлер соғыс көрген адамдардың жеке хаттары мен күнделіктерінен құралған үлкен мұрағат жинады. Көшірілген адамдардың хаттары арқылы авторлар сол жылдардың атмосферасын сол күйінде беруге тырысты. Мейлінше сенімді әрі әсерлі шықты. Бұған оператордың және көркемдік департаментінің көп еңбегі сіңді.

Фильмнің операторы бұл жолы да Александр Плотников — Шәріпов фильмдерінің барлығын соған түсіртеді, ал атақты Сәбит Құрманбеков («Оралман» фильмінің режиссері) қоюшы суретші болды. Фархат жойылып біткелі тұрған ескі Алматының көріністерін түсіріп үлгердік дейді. Алматы-1 ескі әрі сол кезде әлі де қирамаған деполардың бірінде түсірілсе, тар жатақхана ретінде Алматы қаласындағы теміржол ауруханасы пайдаланылған.

Атмосферасы жақсы берілсе де, сюжет драматургиясына сұрағымыз бар. Бір жағынан бұл жерде керемет тәсілдер қолданылған, мысалы, балаларға қатысты оқиғалар желісі. Оқиға кішкентай актерлер арқылы берілгенде оның қасіреті ауырлай түседі немесе керісінше жеңіл болып шығады — балалар әртүрлі тілде сөйлесе де, бір-бірін жақсы түсінетін эпизодты алуға болады. Екінші жағынан, «Эвакуация» үлкен жайманың бір пұшпағы секілді, шарықтау шегі мен бәріне түсінікті финал жетпей қалғандай әсер береді. Осы жағынан бұл жоба бастапқыда киносериал ретінде ойластырылғаны білініп қалады. Бұл жерде үш кейіпкердің желісі бар: Наташа мен қызы, оған кездескен питерлік кернейші, сондай-ақ қазақ отбасының хикаясы: отағасын Дулыға Ақмолда, жарын Алтынай Нөгербек, балаларын Айжұлдыз Бағланова, Асланби Медеулов және Жәния Жақсылық ойнайды. Бұлардың ешқайсы катарсистік ақырына жеткізілген жоқ.

Фархаттың айтуынша, фильмнің үш түрлі финалы болған, қайсын таңдау керегін ұзақ ойланған, картинаны Мәскеу кинофестивалі қызып тұрған шақта аяқтаған. Десек те, осы бір соңы басы ашық күйде қалуы, ойдың толық айтылмауы сұмдық жайтты айқындай түскен тәрізді: соғыс жалғасып жатыр, эвакуация мен жоғалған балалар тақырыбы әлі де өзекті. Ал жалпылама көрсетілген кейіпкерлердің эвакуациясы басты оқиғаға айналып, қарапайым адамдар бастан кешкен хикаялар соның салмағының астында жаншылып қалды.

«Эвакуация» Қазақстан прокатына 19 маусымда шығады.