1152
23 июня 2025
Ирина Адамович, Власть

«Конституциялық сот — саяси режимнің бір бөлігі»

Қайтадан құрылған Конституциялық сот институты қаншалықты тиімді болып шықты?

«Конституциялық сот — саяси режимнің бір бөлігі»

Қазақстанда «азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етумен» айналысады деген Конституциялық соттың жұмыс істегеніне 2,5 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында оған 10 мыңнан астам шағым түскен, соның ішінде 78 өтінішке ғана өндірістік іс қозғалған.

Конституциялық сотты қайта құруды ұсынған кезде президент «адам құқығын қорғайтын негізгі тірекке» айналады деп уәде берген болатын. «Власть» соның жай-жапсарын талдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың басында, Конституциялық сот жұмысын бастағанда оның негізгі міндеті — барлық заң мен заңға сәйкес актінің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз ету деп атап өтті. Сондықтан прокуратураның, соттың, құқық қорғау органдарының жұмыс сапасына қойылатын талап айтарлықтай күшейетінін де ескертті.

Алайда бұл органдардың жұмыс сапасына қоғам әлі де сын айтып жүр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, полицияға сенетіндер 64,3% болса, сотқа сенетіндердің үлесі 62% болды. Конституциялық соттың «Власть» басылымына берген жауабында азаматтар берген өтініштердің басым бөлігі сот актілерімен келіспеуге, құқық қорғау органы, сот және атқарушы орган қызметкерлерінің әрекетіне (әрекет етпеуіне) шағымдану болды делінген.

Кей жағдайда Конституциялық сот қазақстандықтардың құқығын қорғау үшін баратын соңғы жері болып отыр. Конституциялық соттың деректері бойынша, барлық өтініштің 99 пайызы азаматтардан түссе, небәрі тоғыз өтініш субъектілерден, соның ішінде мемлекеттік органдар мен депутаттардан келген.

Әйтсе де, сот өтініштің барлығын қарап, бәріне шешім шығармайды. Сауалымызға берілген жауапта келген өтініштерді алдын ала қарау нәтижесінде небәрі 500 шақты қаулы қабылданғаны, олардың ішінде 78 өтінішке қатысты заңның конституциялық нормаларын тексеру туралы конституциялық іс қозғалғаны көрсетілген.

«Іске қабылданған өтініштер санының осыншалықты аз болуы азаматтардың өтініштерінің басым бөлігі Конституциялық соттың құзыретіне кірмеуіне байланысты, атап айтқанда, азаматтар күшіне енген сот шешімін қайта қарауды, лауазымды тұлғалардың немесе судьялардың әрекетіне тексеру жүргізуді және оларды жауапқа тартуды немесе қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіріп беруді сұрайды», — деді сот өкілдері.

Конституциялық соттың құзыретіне кірмейтін өтініштердің көбі азаматтардан келген, 2023 жылғы қаңтардан бастап 2025 жылдың мамыр айына дейін келіп түскен өтініштердің 95 пайызы осындай.

Құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның бас сарапшы-консультанты және негізін қалаушы Евгений Жовтис мұндай статистика қазақстандықтар Конституциялық соттың құзыретін түсінбеуден шықты дейді.

«Азаматтардың өтініштерінің көбін Конституциялық сот қарағысы келмегеннен кері қайтарып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, азаматтар Конституциялық соттың құзыретін түсіне бермейді. Олар Конституциялық сотты Жоғарғы соттың үстінде тұрған тағы бір саты деп санайды. Азаматтар қазір арызданамын, бірінші, екінші саты соты, тіпті Жоғарғы сот іс бойынша үкім немесе шешім шығарғанда ескермеген нәрсені, процесс кезінде менің құқығым қалай бұзылғанын айтып беремін деп ойлайды. Алайда Конституциялық сот мұндайды қарастырмайды», — деді ол.

Жовтис Конституциялық сотқа заңның немесе басқа бір құқық актісінің белгілі бір нормасы Конституцияға қайшы келеді деп санаған кезде жүгіну керек деп түсіндірді. Әрі оған дәлел келтіру керек, бұл оңай шаруа емес дейді ол.

«Мына норма <...> белгілі бір себептерге байланысты белгілі бір істің барысында Конституцияда бекітілген менің құқығымды бұзады деп айту аздық етеді, оны дәлелдеу керек. Заңдағы осы норманың Конституциядағы нормаға қалай қайшы келетінін дәлелдеу керек. Мұндайды істеу өте қиын. <...> Сондықтан өтініштің көбі Конституциялық сотқа жүгінудің талаптарына сәйкес келмегендіктен кері қайтарылады», — деді Жовтис.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің фотосуреті

Жетіл(ме)ген заңдар

Конституциялық сот қазақстандықтардың өтініштерінің бір бөлігі қазіргі заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстан тұратынын хабарлады. Өтініштерді қарау нәтижесі бойынша Конституциялық соттың өзі үкіметке белгілі бір заңдарды жетілдіруге ұсыныс беріп отырды. Бірақ заңнамаға түзету қағаз жүзінде енгізумен шектелген немесе әлі күнге дейін енгізілмеген жағдай көп. Сонымен қатар кейбір заңдар президенттің жекелеген бастамасымен әзірленіп, өте қысқа мерзімде қабылданған (мысалы, қазақы ит пен жылқы тұқымдары туралы заңдар).

Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, Конституциялық соттың 71 нормативтік қаулысы жүзеге асырылуға тиіс. Соның ішінде 12 қаулыны «қазіргі заңнамаға өзгерту енгізу қажет болмағандықтан, жүзеге асыру талабы қойылмайды».

«Конституциялық сот құрылған кезден бастап заң және басқа нормативтік құқықтық акт әзірлеуді және қабылдауды қажет ететін 59 нормативтік қаулы шығарылды, ондағы құқық позицияларын жүзеге асыру үшін заңнамалық және басқа нормативтік құқықтық актіге өзгеріс енгізу қажет. 17 нормативтік қаулыда жекелеген нормативтік құқықтық актілерде кейбір нормалардың (Конституцияға — В.) сәйкес еместігі туралы тұжырым бар», — делінген Әділет министрлігінің жауабында.

Соның ішінде алтауы бойынша ғана заңнамаға түзету енгізілген, тағы алтауы жүзеге асыру кезеңінде тұр, яғни «парламент мәжілісінің қарауындағы заң жобаларына түзету енгізілетіні көзделген». Өзге бес нормативтік құқықтық актіге түзету енгізу мәселесі әзірленіп немесе келісіліп жатыр.

Ал заңнамаға енгізілген кейбір өзгерту сұрақ туғызып отыр.

Мысалы, 2023 жылғы наурызда сот осыған дейін үш жыл ішінде мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін қылығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғандарға мемлекеттік қызметке тұруға мерзімсіз тыйым салуға қатысты бір азаматтың өтінішін қарады. Сотқа жүгінген азамат бұл мемлекеттік органға сайлану құқығын шектейді және азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізуге деген тең құқық принципін бұзады деп санайды.

Конституциялық сот «адам құқығы мен еркіндігін заңнама тұрғысынан шектеудің кез келген түрі заңда дәлелденген мақсаттарға сәйкес болуы керек және әділдік, үйлесімдік және деңгейлестік талаптарына жауап беруі керек» деген шешімге келді.

«Кейбір жағдайларда сотталуды өтеу немесе алып тастау мемлекеттік қызметке кіруге кедергі болмайды. Осылайша, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзған және заң қорғайтын мүддеге біраз зиян келтірген азаматтардың жағдайы тәртіпке қайшы қылығы үшін жұмыстан шығарылуына байланысты мемлекеттік қызметке кіруге тыйым салынған азаматтармен салыстырғанда жоғарырақ тұрады», — деді сот.

Сонда Конституциялық сот үкіметке заңнаманы сәйкестендіру керек деген ұсыныс берді.

Нәтижесінде мемлекеттік қызметке қабылдауға қатысты шектеу мерзімі бекітілді: заңда бекітілген шектеулерді немесе қызмет этикасын сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылған тұлғаларға — бір жыл; тәртіпке қайшы қылығы үшін жұмыстан шығарылған тұлғаларға — екі жыл; әкімшілік жемқорлық құқық бұзған немесе қылмыстық әрекетке барған тұлғаларға — үш жыл; кішігірім және орта дәрежедегі қылмысқа барған тұлғаларға — бес жыл. Жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған тұлғаларға мерзімсіз шектеу сақталады. Заңға президент биыл қаңтарда қол қойды.

Сонымен қатар атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуіне немесе кәсіби жарамсыздығына байланысты өкілеттігі тоқтатылған судьяларға «мемлекеттік қызметке тез арада кіруге» мүмкіндік берілді. Бұл түзету бұрын судья болған адам жүгінгеннен кейін Конституциялық соттың ұсынысына орай енгізілді. Ол атқарып отырған лауазымынан Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі негізінде кәсіби жарамсыздығына байланысты босатылды. Бұған дейін оған сөгіс түріндегі тәртіп жазасы қолданылған. Конституциялық сот Жоғарғы сотқа және Жоғарғы сот кеңесіне «судьялардың құқығын толық қамтамасыз ету мақсатымен» сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңнаманы әрі қарай жетілдіруге ұсыныс берді.

Жанар Каримованың иллюстрациясы

2023 жылы болған тағы бір жағдайда Конституциялық сот мемлекеттік функцияны атқаруға өкілеттігі бар деп танылған тұлғалардың кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне құқықтың шектелуін Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Конституциялық сот шектеулер «саралануы керек және лауазымдық міндеттің сипатына сәйкес болуы керек, өзінің өкілеттігін жекенің, топтың және қызметке жатпайтын басқа нәрсенің мүддесіне пайдалануына жол бермеуге бағытталуы керек» деді. Үкіметке мүлікті сенім артып басқаруға беру мәселесін реттейтін нормативтік құқықтық акт қабылдау мәселесін қарауға ұсыныс берілді.

Нәтижесінде парламент мемлекеттік қызметкерлерге және соларға теңестірілген тұлғаларға (республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, коммуналдық кәсіпорындар, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, соның ішінде мектептер мен ауруханаларды басқару функциясы бар) өзіне тиесілі коммерциялық ұйымның 5 пайызға дейінгі акциясын сенім артып басқаруға бермеуге рұқсат етті. Депутаттар бұл шешімдерін халық IPO-сын дамытумен түсіндірді. Бірақ лауазымдық міндетті орындауға кедергі келтірсе, қызмет мүлкін пайдалануға итермелесе немесе мүдде қайшылығын тудырса, оларға коммерциялық ұйымның қызметіне қатысуға, кәсіпкерлік немесе басқа ақылы қызметпен айналысуға тыйым салынады.

Әйтсе де депутаттар үлеспұл, облигация, 5 пайызға дейінгі коммерциялық ұйымның жай акцияларын қор биржасынан, азаматтық-құқықтық мәміле арқылы немесе мұра ретінде алуға рұқсат етті. Сонымен қатар цифрлық активтерді сенім артып басқаруға бермей де сатып алуға болады, бірақ олар салық декларациясында көрсетілуі керек. Бұған қоса үкімет мүшелері басқа да саяси мемлекеттік қызметкерлермен қатар өзіне тиесілі баспананы жалға бере алады.

Әділет министрлігінің жауабынан білгеніміз, бұл түзетулерді мәжіліс әлі де қарап жатыр.

Конституциялық соттың ақпараты бойынша, құқық нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру нәтижесінде 60 норма Ата заңға сәйкес келеді делінсе, 20-сы сәйкес емес деп танылды, ал 25 құқық нормасы Конституциялық соттың түсіндіруімен Конституцияға сәйкес деп танылды.

Әділет министрлігі басқа сандарды келтіріп отыр: олардың статистикасы бойынша, 16 нормативтік қаулы Конституциялық сот Конституцияға сәйкес емес деп таныған нормативтік құқықтық актілердің нормаларын басқаша түсіндіруге тиіс, ал 26 нормативтік қаулыда заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар бар. Бірақ олардың арасынан алты нормативтік қаулы бойынша Конституциялық заңның, басқа да заңдардың және Жоғарғы соттың нормативтік қаулысының аясында түзету қабылданды.

Заң билігі мен атқарушы билік Конституциялық соттың ұсынысын барлық жағдайда қабылдай бермейді. Былтыр шілдеде Конституциялық сот бір азаматтың өтінішін қарап, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің анасы қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған еркек жынысты адамдар бала асырап алушы бола алмайды деген нормасын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Жүгінуші адам бұл норманы алалау, Конституцияның 14-бабына қайшы деп санайды, яғни жынысы бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Конституциялық сот үкіметке бала асырап алу институтын құқықпен реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын мәжіліске енгізуді тапсырды.

Конституциялық соттың шешімін жүзеге асыру үшін Жоғарғы сот нормативтік қаулысынан некеден тыс туған баланы асырап алу туралы істі қарау кезінде сотқа арызға қоса берілетін молекула-генетика сараптамасы тұжырымының болуы туралы талапты алып тастады. Бірақ кейін парламент Неке мен отбасы туралы кодекске түзету енгізіп, өз баласын асырап алғалы жатқан әкелер үшін осындай сараптама жасау міндетті деп бекітті.

Жанар Каримованың фотосуреті

Кейбір жағдайда Конституциялық соттың ұсынысын үкімет те, парламент те елемейтіні анық байқалады. Мысалы, Конституциялық сот 2023 жылы қыркүйекте Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау қажетін жеткізген еді.

«Бұл көрсетілетін көмектің түрлерін, оның көлемін, мөлшерін, сонымен қатар көмек алатындардың тізімін қайта қарауды қажет етеді. Үкіметке зарары бар аумақтағы қазіргі радиоэкологиялық ахуалды, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, демографиялық, медициналық және басқа факторларды ескере отырып осындай адамдар санатын әлеуметтік қорғау мәселесін зерделеп, жаңа принциптер мен тәсілдер ұсынуға кеңес берілді», — делінген Конституциялық соттың 2023 жылғы есебінде.

Бірақ «Семей ядролық полигоны туралы» заң әлі де шикі. Кейбір депутаттар мен белсенділер зардап шеккен халыққа жеңілдікті қайта қарау мәселесін бірнеше рет көтерді, бірақ үкімет мұны қолға алуды ойлап отырған жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр жазда «Власть» басылымына бұл нормаларды қайта қарамау себебін зардап шегушілердің қамы үшін деп хабарлады, өйткені «жұмысқа қабылданған кезде үміткердің ядролық сынақтан зардап шегуші статусы болса, жұмыс беруші қосымша шығын арқалағысы келмей, оны жұмысқа қабылдаудан бас тартуы мүмкін».

Сонымен қатар Конституциялық сот Әлеуметтік кодекстің (жасына байланысты зейнетақы төлемін белгілеу үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін ананың кәмелет жасқа толмаған балаларды баққан уақыты есепке алынады деген бөлігі — сот бұл норманы «жұмыс істемейтін ата-ана» деген тұжырыммен беру керек деп қаулы етті), Азаматтық кодекстің (азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгу ұйымдастыруға, өткiзуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары, егер ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарды немесе бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған болса, сот қорғауына кірмейді деген норма Конституцияға сәйкес емес деп танылды), Жер кодексінің (жер пайдалану құқығы әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда ғана ауыса алады деген норма Конституцияға сәйкес емес деп танылды.

Соттар мен өзге де құқық қолдану органдарының Жер кодексінің осы ережесіне негізделген шешімдері орындалмайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс деп қаулы шығарды) кемшін тұстарын атады.

Сондай-ақ Қылмыстық-процестік, Қылмыстық атқару, Азаматтық-процестік, Азаматтық және басқа да заңнамалардың кемшін тұстарын бірнеше рет атап айтты. Соның ішінде кейбір нормаларды анық ұғу мүмкін емес екені айтылды, соның салдарынан құқық қайшылығы туындайды, түрлі мағынада қабылдауға әкеледі немесе сотталушылардың құқығы шектеледі делінді.

Мысалы, Конституциялық сот Қылмыстық атқару кодексінің 141-бабының нормаларын (Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген сотталғандарға арналған төтенше қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары) даулаған сотталған азаматтың өтінішін қарады. Осындай сотталған азаматтар үшін жылына төрт рет қысқа мерзімді кездесу өткізуге, ал қарапайым жағдайда жазасын өтеп жатқандарға бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді және бір ұзақ кездесу өткізуге рұқсат етілген. Жүгінуші бұл «заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» және «кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деген Конституция қағидасына қайшы деп санады.

Конституциялық сот сол кезде өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға жылына рұқсат етілетін кездесулер саны туралы норманы Конституцияға сәйкес емес деп таныды және сол уақытта парламент қарап жатқан Қылмыстық атқару кодексіне түзету енгізгенге дейін осындай сотталған азаматтарға қарапайым жағдайда жазасын өтеп жатқандардың нормасы қолданылсын деп қаулы шығарды. Нәтижесінде Қылмыстық атқару кодексінің 141-бабы толықтай алынып тасталды, бірақ 140-бапқа қатаң жағдайда жазасын өтеп жатқан сотталушы азаматтар бір жыл ішінде екі қысқа мерзімді кездесу өткізе алады деген түзету енгізілді (бұрынғы редакцияда — жылына үш қысқа мерзімді кездесу).

Тағы бір жағдайда Конституциялық сот сотталған адамның жазалау тәртібімен тәртіп изоляторында ұсталатын кезеңде, сондай-ақ жаза өтеудің қатаң жағдайында болғанда білікті заңгерлік немесе медициналық көмек алу мақсатымен телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар деген нормаға назар аударды.

«ҚАК-тің 109-бабының 2-тармағында және Қағидалардың 104-тармағында жазылған телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігін беру жағдайларының тізбесі сотталған адамның әлеуметтік байланыстарын қолдауға ықпал етеді және құқық қолдану практикасында түпкілікті болып қабылданбауға тиіс», — деді сот.

Бұрын Қылмыстық атқару кодексінің 109-бабының 2-тармағына сәйкес, жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, сондай-ақ жазалау тәртібімен тәртіп изоляторында не жалғыз адамдық камерада ұсталатын сотталғандардың: жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған; оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған және өзге де айрықша жеке мән-жайлар болған жағдайларда телефон арқылы сөйлесуге құқығы болды.

Сонымен қатар Конституциялық сот үкіметке заңнамаға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Соның ішінде бұл негізгі құрамдағы алқа билер мүшелерін қосалқыға алмастыру қажеттігі алқа билерді мәжбүрлі түрде таратуға әкелмейтін немесе осындай қатердің пайда болуын елеулі азайтатын жағдайларға қатысты болды. Бірақ осы жағдайға орай заңнамаға ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ.

Конституцияға сәйкестік тексеріле бастаған сирек жағдайлар ғана мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңсыз талаптардың күшін алдын ала жоюға себеп болды. Мысалы, қазақстандық азамат Конституциялық сотқа жүгінгеннен кейін көлік министрлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған теміржол билетіне қоса мүгедектік туралы құжат көрсету керек деген талапты алып тастады.

«Осылайша, конституциялық тексеріс мемлекеттік атқарушы органды тексеріс нәтижесі бойынша қорытынды шешім қабылданғанға дейін заңсыз талап күшін алдын ала жоюға итермеледі. Заңсыз талап күші жойылғандықтан, Конституциялық сот ведомстволық бұйрығында іс қозғауды тоқтатты», — деп хабарлады Конституциялық сот.

Бірақ Конституциялық соттың қаулылары көп жағдайда орындалмайды. Мысалы, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында прокуратура органдары 15 мыңнан астам қылмыстық және 4,5 мың азаматтық істі тексерді, сотталғандардың 3 мың шағымы мен өтінішін, сондай-ақ сотқа дейін іс жүргізудің бұлтартпау шарасын қолдану туралы 3,5 мың материалды қарады. Тексеріс нәтижесінде 26 азаматтың құқығы қалпына келтірілді, соның ішінде Конституциялық соттың шешімдерін орындау бойынша шараларды уақытында атқармаған мемлекеттік органдарға 13 қадағалау және әрекет ету актісі енгізілді.

Айсұлу Тойшыбекованың фотосуреті

Шектеулі мүмкіндік

Биыл наурыз айында үкімет Конституциялық соттың қорытынды шешімдерінің орындалуын бақылайтын болды. Бұл жұмысты әділет министрлігі үйлестіруге тиіс. Бірақ министрліктегілер бұл жұмысты қалай үйлестіреді және бақылайды деген сұраққа жауап берген жоқ.

«Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова Конституциялық соттың ұсыныстары мен қаулыларын орындауға қатысты олқылықтар бар дейді.

«Иә, орындалу жағынан (Конституциялық соттың тиімділігі тұралап қалды — В.). <...> Менің ойымша, бұл мемлекеттік органдардың: биліктің үш тармағы — атқарушы биліктің, заң билігінің, соттың тандемі болуы керек. Олар Конституциялық сот арқылы бір-бірімен байланысуы керек, әйтпесе Конституциялық соттың қандай қажеті бар?» — деді ол.

Біржанова медиа орталық айналысқан екі істі мысалға келтірді. Біріншісі 2024 жылы Ақтөбеде 15 жастағы оқушы қызды зорлап, өлтіргені үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Сергей Наумцевтің ісіне қатысты. Ол БАҚ туралы заңның бет-бейнені келісімсіз жариялау және таратуға қатысты нормасын Конституцияға сәйкес емес деп тануды талап етіп, Конституциялық сотқа жүгінді. Бірінші және апелляциялық сот инстанциялары БАҚ беттерінен 2013 жылы «Диапазон», «Уральская неделя» және басқа да ақпарат құралдарында жарияланған оның фотосуреті жойылсын деген талабын орындаудан бас тартты. Наумцев БАҚ туралы заңның осы нормасы жеке өміріне қол сұқпауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына қатысты конституциялық құқығын бұзады деп санады. Біржанованың айтуынша, сонда Конституциялық сот құқық жағынан түсіндіріп беру өтінішімен олардың ұйымына жүгінді.

«Біз, әрине, іс кәмелет жасына толмаған балаға қатысты педофилиямен байланысты, іс қоғамда резонанс тудырды, ал қоғамда резонанс тудырғандықтан адамдар біліп жүрсін деп жариялау керек дедік. Сот БАҚ туралы заң жариялауға қатысты нормасы тұрғысынан Конституцияға сәйкес келеді деп алғашқы шешімдерінің бірін шығарды», — деді ол.

Бірақ, оның айтуынша, бұл адам сотқа жүгінуін тоқтатқан жоқ, өйткені заң тұрғысынан арыз түссе, қалай да іс қозғалуға тиіс.

«Осы жерде олқылық бар деп ойлаймын. Яғни, қаулы (Конституциялық соттың — В.) бар, бірақ бұл адам сотқа жүгінуін тоқтатқан жоқ, ол өмір бойы түрмеде отырады, сонда өмір бойы арыз жаза бермек пе?» — дейді Біржанова.

Жанар Каримованың фотосуреті

Тағы бір жағдайда Конституциялық сот «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңның нормаларын Конституцияға сәйкес келеді деп таныса да, айтылған орында және айтылған уақытта бейбіт акция өткізу мүмкін болмаған жағдайда әкімдіктер бейбіт акцияны ұйымдастырушыларға басқа орын мен уақыт ұсынуға міндетті деп қаулы шығарды.

2023 жылы бір топ қазақстандық «Масс-медиа туралы» заңды қабылдау мәселесі бойынша ойын білдіру үшін Астанада бейбіт жиналыс өткізе алмағанын еске сала кетейік. Әкімдік ол жерде басқа жиналыс өтеді деген желеумен іс-шараны өткізуден бас тартты. Өтініш берушілер сотқа арызданып, Конституциялық сотқа дейін барды.

Конституциялық сот өз қаулысында «бейбіт жиналыс өткізу құқығы абсолют емес және заң тұрғысынан шарты бар болуы мүмкін» деп көрсетті.

«Егер белгіленген мерзімде бейбіт жиналысты ұйымдастырушының бейбіт жиналысты өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсыныспен келісетіні туралы жауабы алынбаса немесе ол келіспейтінін білдірсе, жергілікті атқарушы орган осы негіз бойынша бейбіт жиналысты өткізуден бас тартады. Жергілікті атқарушы орган мұндай ұсынысты бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға бас тарту туралы шешім қабылданар алдын енгізуге міндетті», — делінген сот қаулысында.

Бірақ, Біржанованың айтуынша, Астана әкімдігі бұл қаулыны орындаған жоқ: «Біз әкімдікпен (Астананың — В.) тағы да соттасамыз, өйткені оларға бәрібір, олар Астана жоспарында қандай бейбіт жиналыс бар екенін жөнді жариялап жүрген жоқ».

Біржанова «міндетті» деген сөз нақты орындау керек дегенді білдіреді дейді, бірақ әкімдік мұны орындап отырған жоқ.

Евгений Жовтис те Конституциялық соттың ұсынысын орындау тиімділігі елдегі саяси жүйеге байланысты, сот та соның бір бөлігі дейді. Егер елде заң қабылдап қана қоймай, азаматтардың да мүддесін қорғайтын парламент бар болса, парламентте оппозиция мен түрлі саяси көзқарас болса, Конституциялық соттың да қаулылары орындалады, «өйткені бұған өзгелердің назары ауады», демократиялық саяси жүйе болған кезде Конституциялық сотта да «жалтақтамай әрекет етуге кеңістік көбірек болады».

Қазақстан сияқты авторитар саяси жүйесі бар елде «Конституциялық сот қанша қаласа да, қанша тырысса да, саяси шектеулерден асып кете алмайды».

Жовтис демократиялық саяси жүйеде заңның үстемдік етуіне, адам құқығы мен еркіндігінің сақталуына сот жүйесі өте маңызды рөл атқарады дейді. Қазақстанда Конституциялық сот белгілі шеңбердің аясында тұр, бұл құқықтың үстем болуына, адам құқығын сақтауға әсер етеді.

«Авторитар жүйелердің күйі осындай. Мұнда атқарушы билік негізгі рөл атқарады, ол биліктің басқа тармақтарын заң тұрғысынан да, сот тұрғысынан да тікелей немесе жанама түрде бақылауында ұстайды», — деді ол.

Сонымен қатар ол бұл институттың оралуының жақсы жағы да бар дейді. Жовтис 1995 жылдан бастап 2023 жылға дейін азаматтардың сол жылдары болған Конституциялық кеңеске тікелей жүгінуіне мүмкіндігі болған жоқ, ал соттар заңның немесе басқа да нормативтік құқықтық актінің бір нормалары адам құқығын бұзғанын байқаған кезде өте сирек жағдайда жүгінді. Себептердің бірі — «бұған бас ауыртудың қажеті қанша», тағы бір себебі — бүкіл сот билігі саяси жүйенің бір бөлігі екенінде.

Жовтистің пікірінше, Конституциялық соттың кейбір шешімдері шынымен адам құқығын қорғайды.

Мысалы, биыл сәуір айында Конституциялық сот «Неке және отбасы» Кодексінің 65-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарап, оны Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Осы бапқа сәйкес, баланың ұлты ата-анасының ұлтына сәйкес айқындалады және одан әрi тек қана ата-анаcының біреуінің ұлтына өзгертiлуi мүмкiн. Қамқоршы одан әрi баланың ұлтын ата-ананың ұлтына сәйкес айқындау үшін баланың туу туралы акт жазбасына толықтыру енгізуге тырысты, бірақ растайтын құжат болмағандықтан, әрекеті іске асқан жоқ. Баланың анасы қайтыс болған, тірі кезінде құжаты болмаған, ал әкесі туралы мәлімет жоқ. Кейін сот ата-анасының ұлты анықталмаған болса, баланың да ұлтын анықтау мүмкін емес деп шешті. Конституциялық сот заңнамада өмірде болып тұратын жағдайлар ескерілмеген, сондықтан бапта ұлтты айқындаудың немесе өзгертудің басқа тәсілдері қарастырылмаған деп шешті. Үкіметке алты ай ішінде мәжіліске заңнамаға тиісті түзету енгізуге ұсыныс берілді.

Гүлмира Біржанова да Қазақстанда Конституциялық соттың оралуын жақсы нәрсе деп санайды, себебі азаматтардың жүгіну мүмкіндігі пайда болды. Бірақ оның қаулылары мен ұсыныстарын заңнамалық және атқарушы биліктің орындауында олқылық бар екенін тағы да баса айтты.

«Біз оған (Конституциялық сотқа — В.) көп үміт арттық, мен сол жерде отырған судьяларды қатты құрметтеймін, иә, кейбір шешімдері жақсы, бірақ олқылықтар да бар», — деді ол.

Ал Конституциялық соттың судьясы Роман Подопригора Конституциялық сот қаулысының көмегімен адамдар өз құқығын қайтарып, шектеулерді алып тастап жатыр дейді.

«Конституциялық сот резонансты істі қараудан қорықпайды. Қазіргі кезде Қазақстанда адам құқығын қорғау жүйесін бұл институтсыз елестету қиын», — деген сенімде ол.

Подопригора азаматтардың, сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің немесе мемлекеттік органдардың Конституциялық соттың қызметіне қатысты пікірі әртүрлі болуы мүмкін дегенмен келіседі, бірақ «осы институтты құрудың маңызы мен дұрыстығын көрсететін кейбір объективті факторлар бар».

«Мысалы, азаматтар жазған өтініш бойынша қаралған құқықтық нормалардың 19 пайызы Конституцияға сәйкес емес деп танылды, ал норманың 23 пайызын осы соттың түсіндірмесі арқылы Конституцияға сәйкес деп таныды (қарапайым тілмен айтсақ, осы 23 пайызда адам құқығын сақтау тұрғысынан проблема бар)», — дейді судья.

Конституциялық сот қаулылары мен ұсыныстарын тиімді орындауға қатысты Подопригора былай деді: нормативтік қаулы жалпыға міндетті деп саналады, барлық құқық субъектісі резолюциялық бөліктің түйінін де, қаулыдағы құқық позициясын да назарға алуға міндетті.

Бірақ Конституциялық соттың өзі мемлекеттік органдарға өзінің қаулысын орындатқыза алмайды. Мұны прокуратура органдары жасай алады, болмаса азаматтар мемлекеттік органдардың актілерін немесе әрекеттерін даулау туралы сотқа талап-арыз бере алады және уәж ретінде конституциялық бақылау органының құқық позициясын келтіре алады.

«Қаулы шығарғанға дейін мемлекеттік органдар өзі жағдайды түзетіп жататын жағдайлар да болып тұрады. Заң шығару қызметіне келетін болсақ, Конституциялық соттың шешімдерін жүзеге асыру үшін қазіргі құқықтық актілерге өзгертулері мен толықтырулары бар 10 заң, сонымен қатар Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына екі өзгерту қабылданды. Басқа да түзетулер дайындалып жатыр», — деп сөзін толықтырды судья.

Ол Конституциялық сот «орындау тәртібі» мәселесіне тікелей әсер ете алмаса да, Қазақстанның құқық жүйесіне айтарлықтай әсер ете алады деп санайды.