Былтыр қазан айында Талғардағы жасөспірімнің өлімі Қазақстанды дүр сілкіндірді. Сотта басты айғаққа айналған видеода бір топ ер адамның жерде жатқан 16 жастағы Шерзат Полатты қолымен, аяғымен және қарудың дүмімен ұрып-соққаны көрінеді. Мұның бәрі баланы денесімен қорғамақ болған анасы мен ағасының көз алдында болған.
Полатты 4 қазанға қараған түні отбасына тиесілі «Қамажай» азық-түлік дүкенінің маңында өлтіріп кетті. Кикілжің бір құты сыраның ақшасына қатысты даудан туған. Бұдан кейін де жасөспірімнің отбасында бірнеше қайғылы оқиға болды: үйін өртеп кетті, Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев дүниеден өтті. Отбасына қоқан-лоқы көрсетілді, ал ел арасында қылмыскерлер «Хуторлықтар» деген топтың мүшесі болуы мүмкін деген әңгіме желдей есті.
Қайғылы оқиғадан кейін тоғыз айдан соң аяқталған сот процесінде ұйымдасқан қылмыстық топ тақырыбы одан әрі өрбіген жоқ, ал сотталушылар «қару қолданылған бұзақылық» және «өлтіру» баптары бойынша 1,5 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
«Власть» Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі қалай өткенін баяндайды.
Қайғы үстіне жамалған қайғы
Қанды оқиға Алматыға жақын орналасқан, 60 мың адам тұратын Талғар қаласында болды. Жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып жұмыс істейтін Қаржаубай Нұрымов сол күні отбасылық дүкенде сатушы болып, ұлы Шерзат Полаттың келуін күтіп отырған. Жасөспірім достарымен дүкеннен сусын алып, бір досын Қытайға оқуға шығарып салмақ болған.
Кейін дүкенге сотталушылардың бірі келген. Сауда соңы кикілжіңге ұласып, жаппай төбелес салдарынан бірнеше адам зардап шекті, ал Шерзат Полаттың кеуде тұсына пышақ сұғып алды. Кейін ол қан жоғалтқаннан қайтыс болды.
Үш күннен кейін, 7 қазан күні Полаттың туыстары Талғар әкімдігі алдына наразылыққа шықты. Олар тергеу мен соттың ашық өтуін, жоғары шенді шенеуніктердің келуін талап етті.
«Ешқандай шара жасалып жатқан жоқ. Қылмыс бұрмаланып жатыр. Бізді түннің ортасында тергеуге шақырады, өзімізге қарсы арыз жазуға мәжбүрлейді», — деді жасөспірімнің әкесі. Ол бірнеше күннен кейін қысым күшейіп жатқанын айтып тағы шығып, былай деді: «Мен ешкімнен қорықпаймын, өзім үшін жауап беремін, бірақ отбасымның қауіпсіздігіне алаңдаймын. Мені бірнеше рет қорқытып, алып кетті, телефон арқылы қоқан-лоқы жасады».
12 қазан күні отбасының үйі өртенді. Ішкі істер министрлігі Талғарға Ұлттық гвардия сарбаздарын жіберді, марқұмның отбасы «тәулік бойы күзет қорғауында» болды, қала әкімі, оның орынбасарлары мен түрлі деңгейдегі шенеуніктер орнын босатты.
Желтоқсан айының басында ел Шерзат Полаттың ісі туралы қайта айта бастады: Талғардың сырт жағынан оның ағасы Ғайыпбаевтың мәйіті табылды. Полиция оны өзіне қол жұмсады деп хабарлады. Азат ауылындағы жерлеу рәсімінің ертесіне Қаржаубай Нұрымов жүк көлігінің төбесіне шығып, ұлы мен інісінің қазасын әділ тергеуді талап етті. Оның қолында пышақ болды.
Кейін оны ұстап, 15 тәулікке қамады. Оған қоса, қарындасы Салтанат Нұрымова мен отбасының басқа мүшелеріне айыппұл салынды.
Бұл туралы қаңтар айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөйледі, «құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді, ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана» деді.
Ақпан айының соңында, бес айдан кейін, полиция департаменті тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілгенін хабарлады. Іс бойынша тоғыз сотталушы болды. Оларды «қару қолданылған бұзақылық» бабы бойынша, тек екеуін «адам өлтіру» және «адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша соттады.
«Хуторлықтар»
Қылмысты «Хуторлықтар» деп аталатын қылмыстық топ жасаған болуы мүмкін деген нұсқа тергеуден тыс қалды. Әлеуметтік желілерде оны кәсіпкер Хасан Қасымбаев басқаратыны айтылды. Оның інісі Аслан Қасымбаев сол уақытта Талғар ауданы әкімінің аппаратын басқарған.
Ол Полаттың өлімінен 11 күннен кейін қызметінен алынды. Бір айдан кейін Хасан Қасымбаевтың өзі 2021 жылдың маусымында адам ұрлады және денсаулығына қасақана зардап келтірді деген күдікпен ұсталды. Ол бұған дейін ақпарат құралдарында «ешқашан заң бұзған емеспін» деген.
«Мұның бәрінің артында кім тұрғанын білмеймін. Ешкімге ешқашан зияным тиген емес және ешкімнің кәсібін тартып алған жоқпын», — деді Қасымбаев.
Сотталушылардың бір бөлігі бұрын сотты болған. Мәселен, Азамат Тоқтаубаев 2024 жылы «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша 7 жылға сотталған. Ұқсас баптармен Нұрқияс Ілиясов пен Шыңғыс Белғожаев та сотталған.
Олардың «хуторлық» екенін сот кезінде Нұрымов айтқан. Ол сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың дүкенге келгенде: “Мені танымайсыңдар ма, мен хуторлықпын” деп айтқанын хабарлады.
Кейін беттестіру кезінде марқұм Ғайыпбаев сотталушы Белғожаевтардың көлік станциясында «гоп-стоп» жасағанын көргенін айтты.
Оған қоса, сотталушы Ілиясовтан жауап алу кезінде жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев Ілиясовтың Instagram парақшасындағы жазбаға қатысты сұрақ қойды.
«Мынау жазбада “Хутор” деп жазылып, Калашников автоматы көрсетілген. Мұны не үшін жарияладыңыз?» — деп сұрады ол. Сотталушы жауап беруден бас тартты. Ол сондай-ақ бұған дейінгі сот мерзімдері өтелді ме деген сұраққа да жауап бермеді.
Сотталушының бәрі, олардың туыстары, сондай-ақ полиция «Хуторлықтар» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ бар екенін жоққа шығарды. Олардың сөзінше, бұл Талғарға жақын орналасқан Тұрар Рысқұлов ауылының ескі атауы.
Күш құрылымдары тергеу бойы Талғарда мұндай қылмыс топ жоқ екенін, олардың тіркелмегенін айтады. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов айтты. Ол бұл іс бойынша ішкі істер министрлігі тарапынан бақылауды өзіне алды. Министрлік Әленовтің 10 қазанға дейін Алматы облысы полиция басқармасының бастығы болғанынан ешқандай мүдде қайшылығын көрмепті.
Тергеу сол күйі ұйымдасқан қылмысқа қатысты ештеңені де әшкерелей алмады. Кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің үйін кім өртегені де белгісіз күйі қалды.
Шерзат Полатты кім өлтірді?
17 сәуір күні сот прокурорлардың бірнеше сағат айыптау актісін оқуынан басталды. Кейін бірнеше апта бойы қылмыстық іс материалдары қаралып, куәгерлерден жауап алынды. Сотталушылар мен жәбірленушілер трагедияны екі түрлі сипаттап берді.
Кереғар пікір төбелес себебі туралы айтылған тұстан басталды. Айыптаудың нұсқасы бойынша, төбелес сотталушы Әскентай мен Нұрымов арасында үш бөтелке сыра мен шылымның төлеміне қатысты түсінбеушіліктен басталған. Әскентай жасөспірімнің әкесімен дөрекі сөйлескен, ал Шерзат Полат сол үшін оны екі рет ұрған.
«Одан кешірім сұрадым, ауруханаға апарайын деп ұсындым, қаласа, ішімдігін беремін дедім. “Кешірмеймін, ұлың денсаулығын қойып береді” деді (...) Жасы 16-да ғой, өзің ғой шешесінен боқтаған деп айттым», – деді жасөспірімнің әкесі Нұрымов сотта.
Әскентайдың өзі Нұрымовты балағаттамағанын, ал Полаттың еш себепсіз кастетпен ұрғанын айтты.
«Не үшін ұрғанын түсінбедім. Кейін Қаржаубайдың өзі көшеге шығып, бетімді жууға су құйып берді, Шерзатқа неге ұрдың деп ұрысты», — деді ол.
Кейін Әскентай дүкенге танысы Нұрбол Тоқтаубаевты шақырған. Ол қалған сотталушыларды жинаған, ал Нұрымов інісі Ғайыпбаевқа хабарласқан. Дүкенге Полаттың достары да келген.
Көшедегі төбелес кезінде Нұрымов бірнеше рет дүкеннен пышақпен шыққан. Оның сөзінше, ол мұны қорғану мақсатында алып шыққан, өйткені «Хуторлықтар» оның көршісін өлтіріп кеткен көрінеді.
Ол 102 мен 103-ке бірнеше мәрте хабарласқанын, ешкім жауап қатпағанын да айтты.
Даудың төбелеске қалай ұласқаны туралы жауаптар да әртүрлі болып шықты. Айыптау тарабы, сондай-ақ жәбірленушілер сотталушы Нұрқияс Ілиясов Полаттың досы Ахмет Махметті бірінші ұрғанын айтады. Ілиясов болса, сотта төбелесті Шерзат Полат бастады деп айтқан.
Жәбірленушілердің сөзінше, сотталушылар пышақ және бөтелкелермен тап берген, ал Абзал Шынасыл Полатқа пышақ сұғып алған. Ол артқа шегініп, ағасына “маған бірдеңе тығып алды” деп айғайлаған. Оған Ғайыпбаев пен анасы Гүлбара Бишімбаева жүгіріп барған. Әйтсе де, сотталушылар олардың өтінішіне қарамастан, ұра берген. Ағасының сөзінше, Абзал Шынасыл мен Равиль Сәкиев оның жамбасына пышақ соққан, ал қалған сотталушылар оны да, Шерзатты да ұруды тоқтатпаған. Адамдар жинала бастаған сәтте жігіттер оқиға орнынан кетіп қалған.
Сотталушылардың сөзіне қарасаң, олар осылай «қорғанған».
«Мен ашуландым, өйткені ол [Ғайыпбаев — В.] маған қарай атты, оқ құлағымның түбінен өтті, қатты ашуландым», — деп түсіндіреді пышақпен шабуылын Абзал Шынасыл.
Барлық сотталушы төбелес кезінде Нұрқанат Ғайыпбаев бір рет ауаға, екінші рет өздері жаққа аңшы мылтығымен оқ атқанын айтады.
Кейбірі тіпті төбелеске қатыспадық деді. Мәселен, бұлай айтқандардың ішінде сотталушы Дархан Әскентай, Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет бар.
«Мен ол жерге төбелесемін деп бармадым, ағам Нұрбол шақырды, мен оған не болғанын білу үшін бардым», — деді Азамат Тоқтаубаев.
Бәрі де төбелес кезінде пышақ қолданғанын жоққа шығарды. Тек Абзал Шынасыл мойындады. Әйтсе де, ол Полаттың өліміне әкелген соққы жасамағанын, Ғайыпбаевтың жамбасына үш рет сұққанын айтты.
Сотталушылардың ішінде «бұзақылық» және «адам өлтіру» деген айып тағылмаған тек кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қана. Ол «қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша сотталды. Ол төбелесті көрмегенін, ал Полаттың өлгенін жаңалықтардан көргенін айтты. Жәбірленуші тарап оған шағымы жоқ екенін жеткізді.
Ақырында, сотталушылардың ешқайсы Шерзат Полаттың өліміне қатысын мойындамады.
«Есеңгіреп қалдым»
Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелді есімді екі куәгердің жауабы көп сұрақ тудырды. Олар Полат өлген күні дүкенге сотталушылармен бірге барған.
Сотта олардың жауабы дәл сол кезде “есеңгіреп қалдым”, “анық-қанығы есімде жоқ” дегеннен тұрды. Әйтсе де, Нұрбекованың алғашқы жауабынан кейін-ақ мемлекеттік айыптаушылар да, жәбірленуші тараптың қорғаушылары да оның сөзіне сенімсіздік танытты. Прокурор Сәрсенбай олардың жауабында тергеу кезінде де, сот процесі кезінде де қарама-қайшылық бар екенін айтты.
«Әдейі жалған жауап беріп тұрғандай ой тудырады», — деді прокурор.
Қарама-қайшылықтың біріне тоқталсақ, жауап беру кезінде Абзал Шынасылдың Шерзатты ұрып жатқанын, оның қолында пышақ болғанын көргенін айтқан, ал сот кезінде оның қолынан ештеңе көрмедім деді. Тергеу кезінде ол төбелес топ ішінде болып жатқанын айтқан.
Нұрбекова бұл қарама-қайшылықты өзінің “шок жағдайында болғанымен” және жауапты орыс тілінде бергенімен, ал оның «қазақ тіліне қалай аударылғанын тексермегенімен» түсіндірді.
Адвокаты прокурорлардың жұмысына шағымын айтты, «қарама-қайшылықты тергеу кезінде шешу керек еді» деді. Судья бұл сөзге қосылып, мемлекеттік айыптаушыларға ескерту жасады.
Екінші куәгер Дана Жақсыгелді өз өмірі үшін қорыққаннан полицияға хабарласпағанын айтты. Оның сөзінше, оқиғадан кейін олар басқа дүкенге сусын алуға барған және Абзал Шынасыл пышақты жууға көмек сұраған.
Бұл екі қыз туралы Ғайыпбаевтың тірі кезінде берген жауаптарында да кездеседі. Оның сөзінше, төбелес кезінде екеуінің біреуі Mercedes көлігінен пышақ алып беріп тұрған.
Сотталушылардың көлігіндегі бейнетіркегіште сақталған оқиға орнынан кеткеннен кейінгі жазбаны тыңдағаннан кейін, Нұрбекова мен Жақсыгелдінің жауабына орай көп сұрақ туды. Фонограммада Нұрбекова сотталушыларға дүкенге барғанда көргенін айтып берген.
Бұл видеоның арқасында оқиғадан кейін Нұрқияс Ілиясовты алып кету үшін сотталушыларға барған Арлан Қазыкенов және Юлдаш Рузбакиев есімді куәгерлерге Абзал Шынасыл «көрген-білгенін ешкімге айтпауды» ескерткені белгілі болды.
Жәбірленуші тарап бұл куәгерлерді қылмысты хабарламау және жалған куәлік беру бойынша жауапқа тарту туралы бірнеше өтінішінен кейін мемлекеттік айыптаушылар жарыссөз кезінде судьядан Нұрбекова, Жақсыгелді, Рузбакиев пен Қазыкеновтің ісін тексеру үшін, тергеу кезінде қалыс кеткен жеке қаулы шығаруды сұрады.
«Чика» деген кім?
Сот процесі біткенге дейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың сөзінше төбелес басында келіп, қалған сотталушыларға «Делайте» деп айтқан «Чика» есімді адамның бұл іске қатысы ашылмады. Бұған дейін «Чиканың» Ғайыпбаевқа «Мен шалмын ғой, төбелеспеймін, мен үшін жастар төбелеседі» дегені әңгіме болған.
Кейін куәгер Самат Әбдіқадыр мен Қаржаубай Нұрымовты беттестіру кезінен видео көрсетілді, онда Нұрымов Әбдіқадырдың дүкенге келіп, “шалмын ғой” деп айтқанын айтады. Бұл «Чиканың» Әбдіқадыр болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бірақ Әбдіқадырдың өзі «делайте» деп айтпағанын, тек «шалмын ғой» дегенін, сотталушы Дидар Қалиахметпен жай ғана дүкенге келгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, сыртта төбелес басталып, Нұрымов шығуды сұраған. Кейін ол көлікпен кетіп қалған. Қалиахмет бір сәтте көлікті тоқтатуды сұрап, ол жақта не болып жатқанын көргісі келген.
Әбдіқадыр жедел жәрдем немесе полицияны өзі қорқып кеткеннен шақырмағанын айтқан. Сондай-ақ ол жақта төбелес болып жатқанын түсінбегенін, ал Ғайыпбаевпен тып-тыныш сөйлескенін қосқан.
Жәбірленушілердің адвокаты Шекеев журналистердің «Чика деген кім?» деген сұрағына тергеу мүддесінде егжей-тегжейлі айта алмайтынын, бірақ әлдебір «Чика» істе куәгер ретінде өтіп жатқанын және оның сотталушы Шыңғыс Белғожаев емес екенін айтқан. Кейін сотта бұл тақырып көтерілмеді.
Топ болып кісі өлтіру емес
Ең көп сынға ұшырағаны – айыптау актісін жасау кезіндегі прокурорлардың жұмысы. Ұйымдасқан қылмыстық топтың ықтимал қатысы туралы бірде-бір сөз айтылмағанына қоса, мемлекеттік айыптау күдіктілердің көпшілігін «қару қолданған бұзақылық» бабы бойынша соттауға шешім қабылдады — бұл бап кісі өлтіру айыбына қарағанда әлдеқайда жеңіл жаза қарастырады.
Сот процесі барысында Полаттың отбасы да, жәбірленуші тараптың адвокаттары да істі қайта тергеуге жіберуді сұрап, өтініш білдірді. Өйткені олар айыпталушылардың әрекетінде «топпен кісі өлтіру» белгілері бар екенін айтады.
Прокурор Дана Сәрсенбай медициналық сараптамаға сілтеме жасап, жасөспірімнің өлімі кеуде тұсындағы пышақ жарақаты салдарынан қан жоғалтқанына байланысты болғанын түсіндірді.
«Белғожaев пышақтың сабымен Полаттың басынан ұрған, әйтсе де, пышақтың жүзімен соғуға да мүмкіндігі болған. Ілиясов аңшы мылтығының дүмімен ұрған. Мылтықта оқ болған <...> Қалған айыпталушыларға қатысты жәбірленуші тараптың өтініштерін қолдауға біздің объективті мүмкіндігіміз болмады», — деп сынға жауап берді прокурор.
Әйтсе де, сот-медицина сарапшылары жауап беру кезінде, егер жасөспірімге дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде, оның өмірін сақтап қалуға болатынын мәлімдеді.
«Мен жасөспірімнің бір жарым литр қан жоғалтқанын анықтадым. Бұл денесінде қалғаны ғана, ал ауруханаға жеткізілгенге дейін қаншасы ағып кеткенін біз білмейміз <...> Егер алғашқы бір литр қан жоғалмай тұрып көмек көрсетілгенде, оны аман алып қалуға болар еді», — деп түсіндірді сот процесі барысында тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров.
Осыған сүйене отырып, жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Ажығалиева айыпталушыларды «топ болып кісі өлтіру» бабы бойынша қайта соттауды тағы да талап етті.
Сот істі тек тағылған айып аясында ғана қарай алатынын, ал айыпты қайта қарау немесе қатаңдату үшін прокуратура тиісті өтініш жасаған жағдайда уақыт бере алатынын түсіндірді.
Айыпталушылар тарапынан бұл өтінішке тек Шынасылдың адвокаты қосылды.
«Бүкіл кінәні Шынасылға артып қойды. Оған ор қазылды. Ал енді қалғандарының ешқайсы жауап бергісі келмейді. Шындықты анықтау үшін, бәлкім, мұндай қадамсыз болмайтын да шығар», — деді қорғаушы Әбенов.
Тергеудегі заң бұзу
Шынасылдың айтуынша, ол Полатты өлтіруді топпен сөз байласу негізінде мойнына алған. Бұл әңгіме 16 қазан күні оларды Талғардан Қонаевқа жеткізу барысында болған.
«Тергеушілер бізге біреу бұл істі мойнына алуы керек деді, әйтпесе бәрімізге қиын болатынын айтты. Этаппен әкетіп бара жатқанда, біз өзара сөйлестік, сол кезде Равиль [Сакиев] біреу бұл істі мойнына алуы керек деді. Қолымда пышақ болғандықтан және жауапкершіліктен қашқым келмегендіктен, мен мойныма алуға шешім қабылдадым», — деді ол. Сондай-ақ, оның айтуынша, басқа айыпталушы Шыңғыс Белғожаев Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ сұққанын мойнына алуға тиіс болған, бірақ кейін бұл шешімінен бас тартқан.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде сот отырысының тікелей эфирінен жазылған бейнежазба тарады. Видеода судья соттың түскі үзіліске шыққанын хабарлағаннан кейін екі ер адамның әңгімесі естіледі. Солардың бірі, болжам бойынша, қасындағы адамға «одан көп сұрақ қойылмайтынын» және «сөйлесіп қойғанын» айтқан.
Судья Ержан Жанұзақов облыс прокурорына бұл жазбаның шынайылығын тексеруді, диалогқа қатысушыларды анықтауды және олардың сөзінің мән-мағынасын түсінуді, содан кейін заңға сәйкес шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ айыпталушылар Талғардағы тергеу барысында өздеріне зорлық-зомбылық көрсетілгенін мәлімдеді.
«Маған ештеңе түсіндірген жоқ, құқықтарымды да түсіндірмеді (...) Мені оперлер, полиция қызметкерлері ұрып-соқты, күш қолданды. Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубайдың өзі келіп, бізді балағаттады, ұрды. Мен бұл жөнінде бірнеше шағым жаздым. Денемде көгерген іздер болды», — деді айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев.
Оның ағасы Азамат Тоқтаубаев та «басына пакет кигізіп, қатыгездікпен ұрып-соққанын» айтты.
Айыпталушылардың айтуынша, азаптаудың салдарынан олар өздеріне қарсы сөйлеп, тергеу кезінде жалған жауап берген. Алайда Алматы облысының арнайы прокурорлары азаптау фактілерін растамады.
Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың қорғаушылары тергеуді заңсыз жазбаларды пайдаланғаны үшін сынға алды. Атап айтқанда, тергеу барысында Ғайыпбаевпен ауруханада жасырын жазып алынған әңгіме іс материалдарына енгізілген. Сондай-ақ тергеу кейбір маңызды таспаларды жоғалтқан.
«Әділетсіз үкім қылмыстың қайталануына әкеледі»
Тараптардың жарыссөзінде прокурорлар процестің басында оқылған айыптау актісін сөзбе-сөз қайталады десе де болады. Тек кей жағдайда прокурорлар соттан куәлар — Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыгелді, Юлдаш Рузбакиев және Арлан Қазыкеновтің әрекеттерін тексеру үшін жеке қаулы шығаруды сұрады.
Жәбірленуші тараптың сөздері бұл істің қоғамдық маңызы бар екеніне және сот айыпталушыларды заң аясында қатаң жазалауы керегіне саяды.
Сондай-ақ ол: «Мүмкін, егер сол бейнежазба [Полат пен Ғайыпбаевты ұрып жатқан сәт түсірілген — ред.] болмағанда, айыпталушылар оқиға орнында болмағанын айтып, жауапкершіліктен оңай құтылып кетер еді», — деп қосты.
Жәбірленушілер кінәлі
Айыпталушылардың қорғаушылары бұл төбелеске жәбірленуші тараптың өзі себепкер болды деген уәжін жалғастыра берді. Мәселен, Шыңғыс Белғожаевтың қорғаушысы Марғұлан Сәдібековтің айтуынша, «егер Шерзат Полат бірінші болып Әскентайға соққы жасамағанда, Нұрымов эмоцияға берілмегенде, ал Ғайыпбаев мылтық әкеліп, оқ атпағанда, бұл қайғылы жағдай болмас еді».
Ал айыпталушы Дидар Қалиахметтің қорғаушысы Баймұханова марқұмның ата-анасы мен әжесін жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.
Бұдан бөлек, Баймұханова судьядан жасөспірімнің әкесі Қаржаубай Нұрымовты, марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полатты «қару қолданған бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тарту туралы жеке қаулы шығаруды талап етті. Оның айтуынша, «Нұрымов бірнеше рет пышақпен шыққан, ал жәбірленуші тарап мылтық қолданған».
Айыпталушы Ілиясовтың мүддесін қорғайтын адвокат Нұрлан Келібаев та тергеу жәбірленуші тараптың арандатушы әрекеттерін елемей, жағдайды ушықтырған дәл сол әрекеттер екенін назардан тыс қалдырды деп есептейді.
Абзал Шынасылдың қорғаушысы Жұмат Әбенов тіпті төбелестің шығуына Шерзат Полатқа «тиісті тәрбие берілмегені» себеп болды деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, Әбенов Нұрымовтың қолындағы ас үй пышағы неге сараптамаға жіберілмегенін сұрады: «Ол оны неге жасырды? Ол пышақ неге жоғалды? Мұның бәрі белгілі бір ойларға жетелейді. Мүмкін, сол төбелес кезінде ұлы: «Папа, араласпа, папа, кедергі жасама» деп жатқанда, сол абыр-сабырда ол байқаусызда сол пышақпен тиіп кеткен шығар. Біз неге мұндай нұсқаны мүлде жоққа шығарамыз?» — деді ол.
Соттағы соңғы сөзінде сотталушылар Полаттың отбасына көңіл айтып, кешірім сұрады. Алайда кейін, өздерінің адвокаттары секілді, бұл қақтығысқа жәбірленуші тарап арандатты деп мәлімдеді.
Үкім
5 маусым күні Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша айыпталушыларға сот үкімі шықты. Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев және Дидар Қалиахмет «қару қолданған бұзақылық» бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы бап бойынша Нұрқияс Ілиясов та сотталды, алайда бұрынғы өтелмеген соттылығы болғандықтан, ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Азамат Тоқтаубаев «ұрлық» бабымен де айыпталып, бұрынғы өтелмеген соттылығын ескере отырып, 15 жылға сотталды.
«Адам өлтіру», «қылмысқа оқталу» және «қару қолданған бұзақылық» баптары бойынша айыпталған Абзал Шынасыл мен Равиль Сакиев тиісінше 23 және 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелет жасқа толмаған Думан Ысқақ «қылмыс туралы хабарламағаны» үшін 1 жыл 6 айға сотталды. Сондай-ақ моральдық зиянды өтеу үшін айыпталушылардан 30-дан 60 миллион теңгеге дейін өндіріледі.
Бұған қоса, сот жеке қаулы шығарып, прокурордың назарын куәгерлер Дана Жақсыгелді, Эльмира Нұрбекова, Юлдаш Рузбакиев және Арлан Қазыкеновтің әрекеттерінде қылмыс белгілерінің болуы мүмкін екеніне аударды.
«Кінә толық дәлелденді. Видео жазбалар, заттай айғақтар бар, олардың шынайылығына күмән жоқ. Шынасыл салған пышақ жарақаты Полаттың өліміне себеп болды — бұны медициналық сараптама растады. Тергеу барысында ол кінәсін мойындады. Қалған қатысушылардың әрекеті ауыр болмаған. Болған жағдайды екі немесе одан да көп адамның әрекетінің нәтижесі деп қарастырғанның өзінде, өлімнің басты себебі — Шынасыл салған пышақ жарақаты», — деді судья Ержан Жанұзақов.
Саясат
Шерзат Полаттың өлімі қазақстандықтардың есіне 2018 жылы Денис Теннің қазасын салды. Ол кезде бүкіл ел құқық қорғау органдарын реформалау, көшедегі қауіпсіздік мәселесін қызу талқылаған болатын. Құқық қорғаушылар мен белсенділер «ІІМ реформасы» атты науқан да бастаған еді.
Дегенмен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан ұйымдасқан қылмыстың арнайы қызметпен және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста екенін тағы бір мәрте көрді. Ұсталғандарды жаппай азаптау полицияның репрессив сипатта екенін көрсетті.
Полат ісі жараның бетін қайта ашты: қылмыс кезінде полиция қоңырауларға жауап бермеді, тергеуді сол күні облыстық полиция департаментін басқарған вице-министр «қадағалады», сот процесі барысында заңсыз тергеу әрекеттері көп анықталды, ал жәбірленуші тараптың отбасы қысымға ұшырады.
Бұл сот процесін көпшілік Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірген Қуандық Бишімбаев соты секілді тікелей эфирде бақылады. Алайда бұл жолы айқын айырмашылық байқалды – көрілім саны да, қоғамға әсері де өзгеше болды. Бишімбаев ісінен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтетін «Салтанат заңы» қабылданды. Ал Шерзат Полаттың өліміне қатысты соттан кейін құқық қорғау жүйесінде қандай да бір өзгеріс бола қоюы екіталай.
Поддержите журналистику, которой доверяют.