3013
27 июня 2025
Жанат Түкпиев, Астана – Павлодар, фотосуреттер baike.baidu.com сайтынан алынды

«Хасен мен Жәмила»: Қытай қазақтарының өмірі туралы алғашқы фильм

1955 жылы түсірілген картина көшпелі қазақтың өмірі мен тұрмысын баяндайды

«Хасен мен Жәмила»: Қытай қазақтарының өмірі туралы алғашқы фильм

1955 жылы оқиғасы Шыңжаңда өрбитін режисер У Юнганның «Хасен мен Жәмила» фильмі шықты. Бұл осы аймақта түсірілген әрі көшпелі қазақтың өмірі мен тұрмысын көрсеткен алғашқы картина болды.

Фильмде қазақтар қалай бейнеленді, бұл оқиғаның Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен қандай ұқсастығы бар және неліктен фильм күтпеген жерден танымал болды? «Власть» бұл туралы сарапшылармен әңгімелесті.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

«Махаббат оты — табиғат берген сый»

Сюжеті түрлі кедергіге қарамастан махаббат үшін күрескен екі кейіпкердің тағдырына арналған. Бұл картина режиссердің шығармалары арасында үздіктер қатарынан көрінбесе де, советтің театр және кино актрисасы Фарида Шәріпованың кинодағы мансабының бастауы бола алды. Бұған кейінірек тоқталамыз.

«Хасен мен Жәмила» фильмінің ерекшелігінің бірі — онда қазақ халқының өмірі мен тұрмысы көрсетілген. Оқиға негізінен қазақтар бұрыннан мекен еткен Іле аңғарында өрбиді.

Шығыстанушы әрі тарихшы, корейтану магистрі Айғаным Төлеулиева фильм басталғанда көрсетілетін жылқы үйірі, қар басқан шыңдар мен киіз үйлер көрерменге картина аз этнос туралы екенінен хабар береді дейді.

«Сол кезде Қытайда түсірілген фильмдер саяси қақтығыстарға көбірек тоқталды, бұл фильмнің солардың баяндалу тәсілінен ерекшелігі — этникалық кино стилінің қалыптасуына көңіл бөлді. Бұл содан кейінгі этникалық тақырыптағы фильмдердің пайда болуына әсер етті», — деп санайды Төлеулиева.

Хасен мен Жәмила — тіршілігі бейқам қазақ ауылында бақытты күн кешіп жатқан ғашық жандар. Бір күні бәйге кезінде Жәмилаға байдың ұлы ғашық болады. Ол сол күні-ақ айттырады, жылаған қызына жаны ашыған анасының да қарсылығына қарамаған, қызының да таңдауына көнбеген әкесі досының көңілін қалдырмай, келісім береді.

Түн ішінде Хасен тәуекелге бел буып, Жәмиланы алып қашады, ғашықтар тауға барып жасырынады. Жырақта жүріп бала туады, оған Махаббат деп ат қояды. Көп кешікпей Жәмиланың күйеуі қолдау көрсетпек болған Гоминьдан (Қытайдың ұлттық партиясы — автордың ескертпесі) офицеріне сенім артады. Екеуі қолға түсіп, түрмеге қамалады. Бірақ Хасен өзге тұтқындармен бірге бүлік бастап, түрмеден қашады және Халық-азаттық армиясына қосылады.

Әсіресе Жәмила бейнесіне көп көңіл бөлінген. Фильм басталған сәттен ол байдың ұлын бәйгеде басып озып, мінез танытады. Ал соңына қарай сүйген адамын қорғау үшін қолына қару алады.

Айғаным Төлеулиева мәңгілік махаббат оқиғасы мен мықты әйел бейнесінен бөлек, кинотаспа қазақ фольклорын толықтай баяндап беруімен бірегей дейді.

«Фильм Хасеннің әнімен басталады. «Шығыстан алтын арай таң келеді. Алыстан аңсап сені, алдымнан атқан таңдай қарсы ал мені» деп әндетеді. Әрі қарай көшпенді халықтың ақындары, олардың домбырада төгілте ойнағаны көрсетіледі. Ақындар қос ғашықты сынамайды, «Махаббат оты — табиғат берген сый» дейді. Қазақ музыкасы мен спорт ойындарынан бөлек, фильмде отқа май құю, беташар секілді некелесу дәстүрі де көрсетіледі. Фильм басталғаннан-ақ экранда түрлі жастағы қазақ әйелдерінің ұлттық киімдері жиі көрінеді», — дейді тарихшы.

Фильмге Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы әдебиет және суретшілер ортасы одағының бұрынғы төраға орынбасары және партком хатшысы, Бүкіл Қытай халық өкілдері жиналысының 3-ші және 5-шақырылым депутаты, қытай жазушысы Ван Ихудің (1924–2008) романы арқау болған.

Бастапқыда жазушының шығармасы «Шыңжаң» газетінде және «Өмір — Оқу — Жаңа білім» журналында (газет пен журналдың атауы қытай тілінен аударылды, басқа дереккөздерде басқаша аталуы мүмкін) жарияланды. Ван Ихудің романы оң баға алды, жергілікті Шыңжаң округінің басқармасы жазушыға шығармадан фильмге сценарий жасап шығуды ұсынды. 1953 жылы Ван Иху қазақ жазушы Бұқара Тышқанбаевпен (1920–1985) бірлесіп фильмге сценарий жазып шықты.

Бұқара Тышқанбаев Алматы облысының Ұйғыр ауданында дүниеге келген, алайда 1916 жылы отбасымен бірге Қытайға қоныс аударды. Құлжа қаласындағы мектепте оқыды және Үрімшіде жоғары педагогика курсынан өтті, көп жыл Шыңжаңда тұрды, сол жерде ақын әрі жазушы ретінде қалыптасты.

1940 жылы оның алғашқы өлеңдері, әңгімелері мен мақалалары «Шыңжаң», «Революцияшыл Шығыс Түркістан», «Алға» газеттерінде және «Шұғыла» журналында жариялана бастады. Тышқанбаев мәдениет және әдебиет саласында жауапты қызметтер атқарды, Шыңжаң жазушылар одағын құруға қатысты, хатшыларының бірі болды. Оның шығармалары ұйғыр және қытай тілдеріне аударылды, Үрімші мен Бейжіңде шыққан жинақтар мен оқулықтарға енді. «Құлжа» (1945) және «Халық күші» (1952) пьесалары жергілікті сахналарда қойылды. 1962 жылы Алматыға оралды.

Революцияны насихаттағаны үшін Бұқара Тышқанбаев Қытайдың Гоминьдан үкіметінің түрмесіне қамалды. Жазушы өмірінің осы кезеңі кейін фильм сюжетіне арқау болып, бетбұрысты сәттерінің бірі ретінде кіргізілді.

У Юнган: Шанхайдан Шыңжаңға дейін

Картина режиссері У Юнган да бөлек тоқталып өтуге лайық. Ол — мылқау кинодан бастап, реформа мен ашықтық кезеңіне дейінгі жолды жүріп өткен айтулы кино қайраткерлерінің бірі.

У Юнганның жастық шағы саяси тұрақсыздық заманына тап келді: 1924 жылы солшыл радикал қызметпен айналысқаны үшін Сучжоудағы орта мектептен шығарылды. 1925 жылы Шанхайдың «Байхэ» кинокомпаниясында декоратор суретшінің шәкірті ретінде еңбек етуді бастады. Кейін қоюшы суретші болды. Шанхай көркемсурет училищесіне түсіп, оқу мен жұмысты қатар алып жүрді.

1934 жылы режиссерлік дебюті — қытай кинематографының классикасына айналған «Құдай-Ана» мылқау фильмін шығарды. Жапония Қытайға басып кірген кезде деректі хроникалар түсірді.

Қытайтанушы Мария Фролова қытай киносы туралы дәрістерді жиі оқиды және кинематограф саласындағы мәдениет теорияларына арналған Телеграм арнаны жүргізеді. Ол режиссердің шығармашылығы туралы және У Юнган аз ұлттар туралы фильм түсіру үшін шығармашылық бағдарын неліктен күрт өзгерткені жайында сұхбаттасуға келісті.

«Құдай-Ана» фильмінен көрініс

«У Юнганның шығармашылық жолы бастау алатын 1930 жылдардың кинематографиясы туралы айтатын болсақ, бұл кезде солшыл либерал кино басым болды. Яғни халықтың аз қорғалған бөлігі туралы фильмдер. Мұндайға бақытсыз қыздар, бейшара кемпірлер туралы фильмдер кіреді — басты кейіпкер ретінде көбінесе кедей-кепшіктің арасынан шыққан әйелдер алынды. Әрине, сол кезеңде мелодрама да, тарихи картина да болды, бірақ либерал бағыттағы кино көбірек кездесті. У Юнганның «Құдай-Анасы» осы контекске керемет үйлесті. Оның үстіне «Құдай-Ана» өткірлігімен көзге түсті. Бұл 30-жылдардағы ең елеулі фильмдердің бірі болды, себебі онда жезөкшенің хикаясы баяндалды, ол заман үшін мұндай фильм қалыптан тыс еді», — деп түсіндірді Мария Фролова.

Культқа айналған «Құдай-Анадан» бөлек режиссердің фильмдер тізімінде қытай кинематографын дамытуға үлес қосқан атақты жұмыстар да бар, мысалы, «Кішкентай періште» (1935) және «Құм арал» (1936).

Осыған орай мынадай сұрақ туады: Шыңжаң қазақтары туралы фильм неліктен Шанхай киностудиясында түсірілді? Шығыстанушы тарихшы Айғаным Төлеулиева сол кезеңде Шыңжаңда өз киностудиясы болмаған деп түсіндірді. Жергілікті «Тәңіртау киностудиясы» 1959 жылы ғана пайда болды.

Сол кезде Шанхай киностудиясы шынымен қытай кинематографының басты орталығы болғанын айта кету керек. У Юнган сол заманның ең ірі, ең озық және танымал киностудияларының бірі — «Ляньхуа» кинокомпаниясымен ынтымақтаса отырып, ең елеулі жұмыстарын сонда түсірді.

«Кастинг кезінде режиссер басты рөлдерде қазақ актерлер ойнайды деп шешті. Шыңжаңға сапары кезінде У Юнган кейін Хасенді ойнаған Абылай Түгелбаев деген студентке, сосын Жәмила рөліне таңдалған аудармашы Фарида Шәріповаға назар аударды. Олардың тәжірибесі болған жоқ, сондықтан оларға актерлік шеберлік негіздерін жаңадан үйренуге тура келді», — дейді Төлеулиева.

Жас актерлерге шеберлік сабағын режиссердің өзі үйреткен. Естелік кітабында Абылай Түгелбаев Үрімшіге келіп киноактерлердің үш айлық курсына түскенін, сол жерде курстың әйелдер бөлімінде аудармашылық қызметте жүрген Фарида Шәріпова да болғанын жазады.

«У Юнган режиссурадан сабақ беріп, қазақ ауылдарына барды. Ол фильм түсірмек болып, қазақ жастарының арасынан талантты, қабілетті ұл-қыздарды іздеді. Біз 30 шақты адам болып жиналдық. Мен Хасенді ойнауға ниет білдірдім, басты рөлді алып шығуға уәде бердім. Сонымен қатар, халық әндерін орындай аламын, атқа мініп шаба аламын, садақ тарта аламын — қысқасы, нағыз қазақ жігітінің қолынан келетін істің бәрін білемін дедім. Бір сөзбен айтқанда, қатты ойнағым келеді, түсірілімге қатысуға толық дайынмын деген ниетімді білдірдім. Режиссер мен сценарист менің кандидатурамды мақұлдаса да, У Юнганға мені «байдың баласы», «тап жауы» деп көрсеткен қарсыластар да болды. Бірақ Шыңшаң Компартия комитеті хатшысының қолдауымен режиссердің дегені болды», — деп жазды Абылай Түгелбаев.

Фильмнің түсірілімі 1954 жылы маусымда басталды және қазақ тілінде түсірілді. Төлеулиеваның айтуынша, күн қатты бұзылып, бірнеше рет процесті тежеуге тура келген, күзде түсіру тобы Шанхайға оралып, интерьер сахналарды түсірген. Фильм жұмысы 1955 жылы наурызда аяқталды.

Премьерасы 1955 жылы 1 тамызда Үрімшіде өтті. Ол Құрбан айт мерекесімен бір күнге түсті, көрсетілімге бір күн қалғанда 22 мыңнан астам билет сатылған. Жалпы алғанда фильмді көрсету саны 12 мың реттен асады.

«Қытай прокатынан бөлек, «Хасен мен Жәмила» Үндістанда және Шығыс Еуропа елдерінде көрсетілді», — дейді шығыстанушы.

Журналист әрі редактор Сергей Лесковский Фарида Шәріповаға арналған, «Exclusive» журналында жарияланған очеркінде фильм совет прокатында да көрсетілді дейді. Горький атындағы киностудияда дубляжы жасалып, Жәмила кейіпкерін актриса Данута Столярская дыбыстаған.

Картина 1949–1955 жылдар кезеңінде шыққан үздік фильм атанып, ҚХР Мәдениет министрлігінің үшінші сыйлығын иемденіп, аз ұлттар туралы бірінші ұлттық фильмдер фестивалінде естелік марапат алды.

Қытайтанушы Мария Фролова «Хасен мен Жәмила» фильмі өз заманының рухына сай түсірілді және қытай үкіметі күн тәртібіне шығарған өзекті мәселелерді көрсетеді дейді.
Ол 1950 жылдардан бастап ҚХР Мәдениет министрлігі кинематографияда жасалып жатқан дүниенің барлығын қатаң бақылауға ала бастады дейді. Сол кезеңде саяси кампания Қытайдың коммунистік партиясының не екенін көрсету үшін аз халықтарға да бағытталды.
«Бұл 1960–1970 жылдардың мәдениет революциясы заманына тән тіке, «жалаңаш» революция пропагандасы емес, — деп түсіндірді Фролова. — Фильмге жан беріп, қызық етіп шығаруға талпыныс болды. Комедия, романтикалық мелодрама, мюзикл көптеп түсірілді — әлбетте, соңы жақсы болып бітетін, коммунистер бейнесі жақсы кейіпкер ретінде көрсетілетін фильмдер.
Екінші мақсат — Қытайдың Коммунистік партиясы елдің аумағында тұрып жатқан барлық халықтың қамын ойлайтынын, оларды біріктіруге тырысатынын көрсету. Сол заманның постерлері осы идеяны паш етті: революция плакаттарында бірауызды және көпұлтты Қытайдың символы ретінде түрлі этникалық топтың өкілдері жиі бейнеленді», — дейді Мария Фролова.
У Юнганның кейінгі тағдырына келетін болсақ, ол қартайған кезінде де кинодағы қызметін тоқтатқан жоқ. 1981 жылы «Түнгі жаңбыр» деген соңғы фильмін түсірді. Оны көпшілік жылы қабылдады, бірнеше марапат алды. Мәдениет революциясын бастан кешті және шығармашылық қызметін жалғастыра алды.
Қытайтанушы У Юнганның шығармашылығы бесінші буын режиссерлері — қазіргі қытай кинематографы өкілдері арасында жоғары бағаланады дейді.

Көпшілік жүрегінде із қалдырған

У Юнган жаңа таланттар ашудан ерекше дарынды болды. Соның бірі — Фарида Шәріпова. Қазір ол туралы көп нәрсе білеміз: театрдағы мансабы, кинодағы жарқын рөлдері, сондай-ақ шетелдік фильмдерді қазақ тілінде дыбыстауға қосқан зор үлесі. Отбасы — жары, КСРО халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаев, балалары туралы да көп айтылды. Біз пікір алу үшін оның ұлы, белгілі суретші Шыңғыс Ноғайбаевпен тілдесуге тырыстық, бірақ, өкінішке қарай, байланыса алмадық.

Ал басты рөлдегі ер адамды ойнаған Абылай Түгелбаевтың тағдыры туралы көп ақпарат жоқ. Біз актердің Павлодар қаласында тұратын ұлы, суретші Марат Түгелбаевпен кездестік.

Марат Түгелбаев әкесі жан-жақты тұлға болғанын айтады. Құлжаның қалалық уезінде, жергілікті драма театрында істеген, Харбинде театр училищесінде оқыған. «Хасен мен Жәмила» фильміне оның анасы да түскен екен — көбінесе жалпы сахнаға қатысыпты. 1956 жылға дейін Мараттың ата-анасы Құлжа театрында еңбек етті, сосын отанымызға ораламыз деп шешіпті. Аягөз қаласында екі жылдай тұрды, сол жерде Марат дүниеге келді, кейін отбасы Семейге қоныс аударды. Сол жерде Абылай Түгелбаев Абай атындағы Семей облыстық қазақ драма театрында қызмет етті.

«Мен де, марқұм ағам да гастрольде көп болдық. Ағам бала кезінен екі спектакльде ойнады. Бес жаста болғанда бір күні мені Бәйтен Омаровтың өзі шақырды, ол театрда режиссер еді. Ол кісі көптеген фильмге түсті, оның әйгілі рөлдерінің бірі — «Агония» картинасындағы дәрігер Бадмаев (режиссері Элем Климов, 1981 жыл – автордың ескертпесі). Омаров мені театрға алды. Труппамен бірге отырған кезде: «Спектакльде ойнағың келмей ме?» деп сұрады. Сол кезде театрдың жанында дәмді балмұздақ сататын «Родина» кинотеатры болды. «Екі балмұздақ әперсеңіз — ойнаймын» дедім. Бұл жай сөзімді толықтырып жатқаным ғой», — деп күлді Марат Түгелбаев.

Абылай Түгелбаев драма театрында 1969 жылға дейін еңбек етті. Сол жылдан бастап жергілікті филармонияда істей бастады. Бұл жылдар мерекедей болып өтті деп еске алды Марат: үйде әрдайым қызық еді, қонақтар болатын, ән шырқап, би билейтін. Сол кезеңде отбасымен бірге бүкіл Қазақстанды аралапты.

«Әкемнің дауысы жақсы еді. Ол ән айтты, күй тартты, музыка шығарды, өлең жазды. «Хасен мен Жәмила» фильмі басталғанда басты кейіпкер таудан түсіп келе жататын сахна есіңізде ме? Сол әннің музыкасы мен сөзін әкем жазды. Филармонияда істегенге дейін театр әртістері әр спектакльден кейін концерт қоятын. Әкем ән айтып, аспапта ойнайды, анам жақсы биші еді», — деп Марат Түгелбаев естелігін айтып берді.

1975 жылы Мараттың ата-анасы ажырасты. Әкесі Алматыға көшіп, ақын Марфуға Айтқожинаға үйленді. Бірер уақыт «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді. Кейін Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің директоры болып, өмірінің соңына дейін сол жерде істеді. Ол бес тіл меңгерген, экскурсияны өзі жүргізіп, музейге кірген адамдармен еркін сөйлесетін. Әдеби шығармашылықпен айналысты, өзі жазған өлеңдер мен поэмалардан үш томдық кітап шығарды.

Марат Түгелбаев ата-анасы ажырасқаннан кейін әкесімен ағасы жақсы араласқанын айтты.

«Қазір әкеммен жақын болу керек еді деп ойлаймын. Одан сұрап білгім келетін нәрселер бар еді, бәлкім, әндері мен өлеңдері жайында… Ағамда әкемнің өз әндерін айтып отырғаны жазылған таспа да болып еді», — деді ол.

Фильм тақырыбына оралсақ, Марат Түгелбаев осы картина кейбір адамдардың тағдырында аз да болса ізін қалдырды деп еске алды.

«Мен бұл туралы екі жыл бұрын білдім. Бір топта оқыған танысымның туысымен таныстым. Есімі — Махаббат. Мен еркек үшін қызық ат екен дедім. Ол бір күні ауылына «Хасен мен Жәмила» фильмі келгенін айтты. Ата-анасы фильмнен қатты әсер алған, анасы сол кезде екіқабат болған екен. Олар ұлына осы атты қоямыз деп шешіпті (фильмде кейіпкерлердің ұлының аты Махаббат — автордың ескертпесі). Бұл «Ромео мен Джульетта» хикаясының қазақша нұсқасы. Арада талай уақыт өтсе де, ең болмағанда бір осындай естелік қалғанына мақтанамын. Бұл фильм ауылдағы қазақ аудиториясына әсер етті деуге болады», — деп санайды Марат Түгелбаев.

Киноның «жұмсақ күші»

Былтыр Қытайда қазақтар мен көшпенділер тұрмысына арналған «Менің Алтайым» сериалы шықты. Мұны «Хасен мен Жәмила» фильмінің ізбасары деп қарастыруға бола ма? Бұл сұраққа шығыстанушы-тарихшы Айғаным Төлеулиева кесімді жауап берген жоқ, бірақ фильм мен сериал арқылы Қытайдың дамуына және жаһанданудың ықпалына қарай отырып қазақтардың өмірі мен тұрмысындағы өзгерістерді бақылауға болады деп санайды.

«Қытайда «Хасен мен Жәмиладан» кейін де қазақтардың тұрмысы мен мәдениетін суреттеген ондаған фильм шықты. Бірақ олар шетелде таныла қойған жоқ. Бұған сюжеттердің ұқсастығы, қытай кинематографы Қазақстанда таныла бастағанына әлі де көп уақыт өтпегені себеп деп ойлаймын. «Менің Алтайым» Канн телесериалдар фестивалінде таныстырылды және Қазақстанда, Таиланд пен Вьетнамда негізінен басты еркек рөлін ойнаған атақты актердің арқасында танымал болды», — дейді Төлеулиева.

Қазақстан мен Қытайдың қазіргі кездегі кинематографиясы зерттеуге қызық болар еді, ал бірлескен жобалар халықтар мен олардың тарихын жақсырақ білуге көмектеседі.

«Мысалы, «Композитор» (2019) фильмін алайық. Қытайда соғыс болып жатқан кезде Алматыда қазақ әріптесі Бақытжан Байқадамовтың үйінде тұрған қытай композиторы Сянь Синхай құрметіне аталған көше бар. Бұл фильм тарихтағы екі елге ортақ маңызды оқиғаларды еске алуға көмектесті», — дейді сарапшы.

Айғаным Төлеулиеваның айтуынша, фильмдердің «жұмсақ күшін» назардан тыс қалдыруға болмайды. Оның ойынша, адамдар америкалықтардың өмірін кинематографтың арқасында жақсы біледі, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен фильмдері арқылы да уақыт өте келе осындай құбылысты аңғаруға болады.

«Соңғы жаңалықтарға қарайтын болсақ, 2024 жылы президент Тоқаев Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының ҚКП партком хатшысының орынбасары Эркин Туниязды қабылдады. Қазір Қазақстан Шыңжаңмен бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастық орнатқан, соның ішінде сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм бар. Жоспардағы жобалар туралы әзірге белгісіз, бірақ «Композиторды» түсірген кездегі бірлескен жұмыс тәжірибесі, экономикалық серіктестік және Қазақстан мен Қытай режиссерлерінің конференциясы арқасында жуырда тағы бір фильм пайда болады», — деді ол.

Жауап беруді қажет ететін тағы бір сұрақ бар: «Хасен мен Жәмила» фильмі қазіргі кезде мәдениет, тарих немесе саясат тұрғысынан қандай рөл атқаруы мүмкін?

«Тарихшы ретінде фильм сол заманның өмірін шынайы көрсетеді деп санаймын: қазақтар, Қытайдың басқа да халықтары секілді азамат соғысына куә болды, елдегі саяси ахуал тіпті екі жастың қарым-қатынасына әсер етті. Мұндайдан қашып құтылу мүмкін емес еді. Мәдениет тұрғысынан фильм Қазақстан аумағындағы салт-дәстүрден аса айырмасы жоқ 1953–1955 жылдардағы қазақ салт-дәстүрін жете көрсетті», — деп ой түйді Айғаным Төлеулиева.

Марат Түгелбаев сол кезеңдегі қазақ фильмдерінің көркемдік деңгейі аса жоғары болған жоқ дейді.

«Тіпті «Амангелді» (1939) деген алғашқы қазақ фильмінің өзі пропагандадан тұрады. Ал мына фильмде көрсетілген қазақ халқының өмірі, көшпенділер тұрмысы сәл де болса шындыққа жақын. Бәрі мейлінше шынайы көрінеді. Кейін басқа фильмдер түсірілгенде советтің күшті ықпалы байқалып тұрды», — деп қорытты Марат Түгелбаев.