Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның экономикасы едәуір өсіп, 6 миллионға жуық адам кедейліктен құтылды. Алайда мәселе әлі де баршылық, мәселен, экономикалық күйзеліске бейім адам көп.
Дүниежүзілік банктің экономистері алдыңғы аптада Қазақстандағы кедейлік және оның динамикасы жайындағы зерттеуін ұсынып, елге реформа қажет екенін айтты. Мамандардың сөзінше, мұның басты мәні — әлдеқайда прогрессив, әділ салық жүйесіне көшу.
2000–2023 жылдар аралығында Қазақстан экномикасы жылына шамамен 4,7%-ға өсті. Дүниежүзілік банк зерттеушілері осы уақыт ішінде жұмысбастылық, табыс пен тұтыну деңгейі артып, ел табысы орташадан төмен елдер санатынан орташадан жоғары табыс санатына көшті деген қорытындыға келді.
2010–2022 жылдар аралығында Қазақстанда білім, сауда және денсаулық сақтау салаларында 857 мыңға жуық жұмыс орны пайда болды. Ал 2006–2021 жылдардағы орташа жан басына шаққандағы тұтыну деңгейі 40264 теңгеден 60960 теңгеге дейін өсті.
Осының арқасында 2006–2021 жылдар аралығында 5,9 миллионға жуық адам кедейлік шебінен шықты. Кедейлік деңгейі бірден 6 есеге төмендеп, 8,5%-ды көрсетті.
Дүниежүзілік банк кедейлік шегіне отбасының негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін керек ең төменгі өмір сүру деңгейі деген анықтама береді. Оған азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар, ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар және тұрғын үй шығындары кіреді. Табысы ортадан жоғары елдерде кедейлік шегі 2021 жылы сатып алу қабілетіне сай күніне $8,3 болды.
Алайда экономиканың дамуында бірнеше үзіліс те болды: 2008–2009 жылдары жаһандық қаржы дағдарысы, 2015 жылы мұнай бағасының барреліне 40 долларға дейін төмендегені, ал 2020 жылы COVID-19 пандемиясы экономиканы біршама әлсіретті. Бұдан кедейлік деңгейі өсіп (мысалы, 2016 жылы 20,2% дейін көтерілген), бірақ кейін қайтадан бұрынғы көрсеткішке дейін түсті.
2021 жылы кедейлік деңгейі қалаларда 60,4%-дан 11,4%-ға дейін, ауылдық аймақтарда 41,3%-дан 6,6%-ға дейін түсті. Бірақ ауылдық жерде кедейлер саны (54,5%) қалаға қарағанда (45,5%) көп болып қала берді.
Ел азаматтарының тұтыну деңгейі әр аймақта әртүрлі. Ең жоғары көрсеткіш елдің шығысы мен солтүстігінде, ал ең төмені оңтүстік пен батыста тіркелген.
Аймақ ішіндегі көрсеткіштер де әртүрлі. Мысалы, Алматы облысындағы Райымбек ауданы ел бойынша тұтыну деңгейі ең жоғары көрсеткішке ие, ал Панфилов ауданы Райымбек ауданының көрсеткішінің жартысына де жете алмай тұр.
Ауылдардан қалаларға көшу кедейлікті жоюға көп көмектескен жоқ, сондықтан Қазақстандағы қалаға көшу қарқыны баяулады. Кедейшіліктің азаюына отағасының орта білім алғаны әлдеқайда көбірек әсер етті.
2006–2021 жылдардағы экономиканың, халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының өскені де орта таптың 2,5 есеге өсіп, халықтың 67%-ына жетуіне ықпал етті. Дүниежүзілік банк күніне кемі 10,3 доллар табыс табатын адамдарды орта тапқа жатқызады (2017 жылғы сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша).
«Орта тап деп экономикалық күйзеліске төзімді, оған төтеп бере алатын адамдарды айтамыз. Бұл топ көбейді. Бірақ экономикалық күйзеліске бейім адамдардың саны өзгерген жоқ, шамамен 24%», — деді Дүниежүзілік банктің жаһандық кедейлік және теңдік бағдарламасының басшысы Амбар Нараян.
Зерттеушілер анықтағандай, кедейлік көбінесе балалы отбасыларға әсер етеді. Әсіресе үш немесе одан көп баласы бар отбасына қиын. Мұндай отбасылар кедей халықтың 44%-ына тең, яғни 1,6 миллион адам.
Дүниежүзілік банк зерттеушілері Қазақстанда табыс теңсіздігі төмен екенін анықтады. 2016 жылдан бастап ол аздап өскенімен, олардың әдістемесі қоғамдағы күшті стратификацияны көрсете алатын байлық теңсіздігін бағалауды қамтымайды.
«Байлық теңсіздігін есептеу әлдеқайда қиын. Ол үшін мемлекет көп дерек ұсынуы керек. Билікте мүлік, инвестиция және басқа да нәрселер туралы талай дерек бар. Бірақ қазіргі уақытта қолымызда бар ақпарат бағалау жүргізуге жеткіліксіз. Сонымен қатар тәжірибе көптеген елде байлықтағы теңсіздік табысқа қарағанда әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді», — деді Дүниежүзілік банктің кедейлікпен күрес жөніндегі аға маманы Метин Небилер.
Дүниежүзілік банк пен ұлттық статистика бюросының кедейлікті бағалауға қатысты деректерінде біраз айырмашылық бар. Бюроның мәліметінше, кейінгі үш жылда кедейшілік деңгейі айтарлықтай өзгеріссіз 5,0–5,4% деңгейінде қалған.
«Болжам жасағанда біз бұрын экономика өсіп жатқанда кедейлік қалай өзгергеніне қараймыз. Кедейліктің ресми статистикасын қарасаңыз, ұзақ уақыт тоқырау болып, қазір 4,6% шамасын көрсетіп тұр. Біз де 2024 жылы кедейлік аздап төмендеді деп ойлаймыз. Бірақ ол экономикадағы құрылымдық өзгерістерге байланысты төмендеген жоқ», — деп түсіндірді Небилер.
Мамандар әлі жаңа деректерді зерттеп жатыр, бірақ олар қазірдің өзінде кедейлік 1,2 тармаққа, яғни 7,3%-ға төмендегенін атап өтті. Дүниежүзілік банк бұл көрсеткішті одан әрі қысқарту әлеуеті де жоғары деп есептейді.
Негізгі резерв — білімге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру. Бірақ мемлекет жалпы ішкі өнімнің небәрі 14,1%-ына тең салық жинап отырғандықтан, бұны жүзеге асыру қиындау. Осының салдарынан мемлекеттің білімге, медицинаға, әлеуметтік қолдауға бөлетін қаржысы аз.
Бұған қоса Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанда қолданылатын табыс салығының біркелкі шкаласынан бас тартып, прогрессив шкалаға көшуді ұсынып отыр. Нәтижесінде табыс деңгейіне қарай салық мөлшерлемесі көтеріледі.
«Қазір Қазақстанда салық-бюджет саясаты барлығына бірдей жеңілдіктер мен әлеуметтік қызметтер беретін теңдік принципіне негізделген. Бірақ байлардан көбірек салық алып, бұл ақшаны кедейлердің пайдасына қайта бөлуге болады. Дамыған елдерде байлар табысынан 50%-ға дейін салық ретінде бере алады», — деп түсіндірді Небилер.
Қазір негізінен көпбалалы отбасыларға бағытталған әлеуметтік көмек бағдарламалары да қайта қаралуы мүмкін. Өйткені соның салдарынан халықтың басқа мұқтаж топтары қолдаусыз қалды.
Дүниежүзілік банк пайдалы қазбаларды экспорттауға бағытталған экономикалық үлгіден бас тартуды ұсынып отыр. Бұл экономиканы сыртқы күйзелістерге тұрақсыз етеді, нәтижесінде бұл халыққа жаппай зиян келтіруі мүмкін.
Климаттың өзгеруі де экономикаға ұзақ мерзімді қауіп тудырып отыр. Әсіресе, 2024 жылғы су тасқыны кезіндегідей мемлекеттің экономикалық және шаруашылық активтеріне зиянын тигізетін су тасқынының қатері зор. Бұл Қазақстанның жазда құрғақшылық жиі қайталанатын оңтүстік өңірлеріне де қауіп төндіреді.
Поддержите журналистику, которой доверяют.