Алғашқы атом-электр станциясын салу үшін халықаралық консорциум құрылады деген бастапқы жоспарға қарамастан, Қазақстан ресейлік «Росатомды» негізгі мердігер деп таңдады. «Власть» әңгімелескен сарапшылар бір жобаға түрлі компанияның технологиясын араластыру әу бастан іске аспайтыны анық еді дейді. Сондықтан консорциум идеясы — қазақстандықтардың Ресейге қатысты күдік-күмәнін станция салуды ашық талқылаған кейіп таныту арқылы жуып-шаю әрекеті ғана. Алайда мемлекет екі ел арасындағы серіктестіктің жай-жапсары туралы сұрақтардан әлі де жалтарып отыр.
Маусым айының ортасында Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салатын компаниялар консорциумын ресейлік «Росатом» басқаратынын мәлімдеді. Консорциум құрамында конкурс кезінде реакторларын ұсынған қалған үш шетелдік компанияның болатын-болмайтыны жайында ештеңе айтқан жоқ.
2021 жылы талқыланған сәттен бастап айтпаса да белгілі болған бұл шешім мемлекеттің құрылысқа төрт елдің компаниясын шақыру арқылы бәрінің мүддесін тең сақтаймыз деген идеясын жоққа шығарады.
2024 жылы өткен АЭС салу мәселесіне арналған референдумнан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев станцияны салумен құрамына әрі кетсе бес компания кіретін консорциум айналысады деп мәлімдеді. 2025 жылдың басында вендорлардың қысқа тізіміне «Росатом», China National Nuclear Corporation (Қытай), Électricité de France (Франция) және Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея) компаниялары кірді.
Президент консорциумның бас операторы қазақстандық кәсіпорын болатынына сендірді. Қалған компаниялар құрылыстың болжамды құнын, жүзеге асыру мерзімін, қаржыландыру үлгісін, сондай-ақ жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергілікті жағдайға бейімдеу тәсілдерін көрсете отырып, техникалық және коммерциялық ұсыныс беруге тиіс болды.
Іріктелген компаниялар құрылымы жағынан бір-бірінен өзгеше болса да, барлығы да мемлекеттің үлесі бар компаниялар және өз елінің саяси мүддесін көздейді. Олар таныстырған реакторлар номинал қуаты 1100 МВт-тан 1400 МВт-қа дейін жететін III/III+ буынға жатады.
Ресейлік жобаның артықшылығы — қаржыландыру шарттарының тиімді болуы, қытайлықтар құрылысты жылдам аяқтауды ұсынды, Оңтүстік Корея тек реактор салуға басымдық береміз десе, француздар техникалық жарақталуы күрделі болады деді.
«Росатом» Қазақстанның атом электр станциясын қаржыландырудың тартымды тәсілін ұсынып қана қоймай, оны отынмен қамтамасыз етуге дайын. Бірақ ескеретін бір жайт бар — уран байыту нарығында үстемдік етіп отырған Ресей (41% үлесі бар) бұл процесті Қазақстанда локализациялауға келісе қояды деу қиын.
Остиндегі Техас университеті Энергетика институтының ғылыми қызметкері Берік Мәтебай консорциум идеясы әу бастан күмән туғызды дейді.
Түрлі жеткізушінің басты жүйелерін бір станцияға біріктіруге тырысу, сарапшының ойынша, техникалық тұрғыдан мүмкін емес екені былай тұрсын, тұрақты талаптарға қайшы келеді. Ядролық арал — реактордан, салқындату жүйесінен, қауіпсіздік пен басқарудан тұратын жиынтық, бұл біртұтас жүйе ретінде жобаланады, сертификатталады және лицензия беріледі.
«Консорциум туралы сөз болса, технологияларды араластыру емес, көбінесе қаржы біріктіру, қауіп-қатерді бөлу және локализациялау жайы айтылады. Қалай болғанда да, ядролық арал мен барлық қауіпсіздік жүйесіне жауапты бір технологиялық көшбасты болады. Қалғаны құрылыспен, турбина, генератор және көмекші инфрақұрылым жеткізумен айналысады», — деп түсіндірді Мәтебай.
Ол Түркиядағы «Аққұю» атом электр станциясын мысалға келтірді. «Росатом» осы жоба үшін ядролық аралды жолға қойды, реактор орнатты, немістің Siemens компаниясы турбина мен генератор қойды, ал түрік компаниялары нысан мен инфрақұрылымды салды. Бұл жобада қауіпсіздік жауапкершілігі «Росатом» мойнында болды.
«Қатер тұрғысынан француз вендорын таңдау күмәнді болар еді, себебі олар жобалар құрылысын кешіктіреді, ал Оңтүстік Корея реакторлары отын жағынан үшінші елдерге тәуелді. «Росатом» мен CNNC [арасында таңдау] болғаны сондықтан. Менің ойымша, CNNC компаниясының артықшылығы көбірек, әйтсе де бұл тұста қаржыландырудың да рөлі жоғары», — деп түсіндірді ол.
Халықаралық ядролық саясатқа маманданған саясаттанушы Тоғжан Қасенова Мәтебайдың ойымен келіседі. Оның айтуынша, реактор қондырғысын әдетте бір вендор жеткізеді.
«Росатом» технократиялық және қаржылық фактор тұрғысынан Қазақстанға тартымды нұсқа. Бірақ саяси және геосаяси факторлар бойынша алаңдауға себеп көп», — деді ол.
The Diplomat басылымына арналған мақаласында Қасенова «Росатомды» таңдауға байланысты негізгі қатерлер деп мыналарды атады: компанияға салынған санкциялар, соның кесірінен жабдық пен отын жеткізу бөгелуі мүмкін; Ресей Қазақстанға көрсететін қысым, соның ішінде әскери күш қолданып қысым жасаса қиын; Қазақстан билігінің жемқорлыққа көз жұма қарауы, бұл нысанды салу кезінде айтарлықтай олқылықтарға әкелуі мүмкін.
Екі сарапшы да Қазақстанның халықаралық консорциум туралы идеясы азаматтарға талқы ашық өтіп жатыр деген әсер беру үшін, билік шетелдік компаниялардың мүддесіне тепе-теңдік әсерін беру үшін жасалған имидждік қадам деген пікірде.
«Тоқаев халықаралық консорциум туралы референдум күні халықтың көңілін жайландыру үшін айтты деп ойлаймын. Қазақстанда АЭС салу үшін серіктес ретінде «Росатом» таңдалғанына қатысты көп адамның сұрағы бар екенін білеміз», — деп ой түйді Қасенова.
Консорциумда «Росатом» көшбасшы рөлге ие болады деген шешімге қарамастан, азаматтарға әлі күнге дейін екі елдің серіктестік шарттары туралы нақты ақпарат берілген жоқ. Қазақстанның АЭС басқарудағы дербестігіне қандай кепілдік бар екені де жауапсыз қалып, еліміз өз мүддесі мен Ресей мүддесі арасында тепе-теңдікті қалай сақтайтыны белгісіз болып отыр.
Поддержите журналистику, которой доверяют.