Шымкенттегі «Қиял әлемі» ойын-сауық саябағына бірнеше жыл бұрын берілген лицензияны сот жарамсыз деп танып, демалыс орнын сүріп тастады. Шешім аттракцион иелерімен қатар, қала тұрғындары мен олардың отбасын да қайран қалдырды.
Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Шымкент – елдің үшінші ірі қаласы. 2018 жылы халқының саны бір миллионнан асып, бүгінде республика бойынша өсім қарқыны жөнінен үшінші орында тұр. Қаланың жаяу жүргіншілерге арналған көшелері мен саябақтарында ойнап жүрген балаларды жиі көруге болады.
2009 жылдан бері апта сайын мыңдаған адам «Қиял әлеміне» келіп жүрді. Сол жылы қала әкімдігі балаларға арналған ойын-сауық орталығын салу үшін «Айгерім» компаниясымен 49 жылға жалға беру туралы келісім жасаған.
Былтыр әкімдік жалдау шартын бұзды деп «Айгерім» компаниясын сотқа берген. Ұзаққа созылған сот тартысынан кейін, биылғы ақпанда апелляциялық сот әкімдіктің пайдасына шешім шығарып, келісімді жарамсыз деп таныды және аумақты бастапқы қалпына келтіруді бұйырды.
Одан соң бульдозерлер келді.
Маусымның 1-і күні сот шешімін қолына алған әкімдік жұмысшылары «Қиял әлемінің» аттракциондары мен нысандарын бұзуды бастады. Куәгерлердің айтуынша, бұзу тобы саябақ аумағындағы кафені де қиратқан, ал сол сәтте ғимарат ішінде әкімдіктің жоспарына қарсы наразылық білдірушілер отырған.
Компания өкілдері ашу-ызасын жасыра алмады.
«Біз сот шешімін заңсыз деп есептейміз. Жер бізге балаларға арналған мәдени ойын-сауық орталығын салу үшін жалға берілген. Саябақ осы мақсатта 15 жыл бойы жұмыс істеп келді», – деді «Айгерім» компаниясының директоры Асқар Жанбаев 18 шілдеде Астанада өткен баспасөз мәслихатынан кейін «Власть» тілшісіне берген сұхбатында.
Бірнеше аттракционның иесі Айман Әшірбаева «Власть» тілшісіне берген сұхбатында кем дегенде 49 жылдық лицензияның мерзімі аяқталғанша жұмыс істейміз деп ойлағанын айтты.
«Біздің жұмысымыз маусымдық болатын. Қоластымда 5–6 адам жұмыс істеді. Бұрынғы қызметкерлерімнің барлығы басқа жұмыс тапты, ал өзімнің әлі күнге дейін жұмысым жоқ. Әдетте бұл уақытта жұмыс қызатын. Біздің маусым еді. Біз әкімдіктен ең болмаса жазғы уақыттарда жұмыс істеуге рұқсат сұрадық, бірақ олар бәрін қиратты», – деді Әшірбаева.
Қиялдан шындыққа
1 маусымдағы сүру жұмыстары кәсіпкерлермен қақтығыстан кейін уақытша тоқтатылды. Ал келесі күні полиция қызметкерлерімен бірге сүру бригадасы қайта оралды.
«Полицияның араласуына кім рұқсат берді?» – деді жергілікті белсенді Бибігүл Сабыкенова.
Сабыкенова қауіпсіздік мәселесін де көтеріп, ойын-сауық аттракциондарын бөлшектеуге тек арнайы мамандандырылған компаниялардың ғана құзыреті бар екенін атап өтті. Алайда, әкімдік бұл жұмысқа өз қызметкерлерін жіберген.
«Бұйрықтың ешқандай заңды негізі жоқ. Бұл жағдайда балаларымыздың құқығы қайда қалды?» – деп қынжылды Сабыкенова.
Жеті баланың анасы Нұрсұлу Жантаева бұл жер балаларының достарымен келетін сүйікті мекені болғанын айтты.
«Бұл – балалар ойнайтын орын еді. Мұнда балаларға ұнайтын ағаштар бар, көлеңке көп. Орналасқан жері де ыңғайлы: дәл қаланың ортасында, – деді Жантаева. – Мен саябақ бұзылмаса деймін».
Жантаеваның айтуынша, бұл шешім аяқ астынан және талқылаусыз қабылданған.
«Әкімдік бұл шешімді қоғамдық талқылаусыз, өз бетінше қабылдаған сияқты. Былтыр олар «Кең Бабаны» [өткен жылдың маусымында бұзылған тағы бір ойын-сауық саябағы] бұзды, ал қазір қалада ойын-сауық орындары жоқтың қасы. Әкімдік бұл жерді алаңға айналдырғысы келеді, бірақ бізде онсыз да алаң жеткілікті. Шешім қабылдар алдын халықпен ақылдасу керек еді», – деді Жантаева сұхбатында.
Қалалық әкімдік 11 маусымда баспасөз мәслихатын өткізіп, ойын-сауық саябағын алаңға айналдыруды жоспарлап отыр деген қауесетті жоққа шығарды.
«Онда ешқандай аттракцион қалмайды. Саябақ күйінде қалады. Жер жеке меншікке берілмейді. Тұрғын үй салынбайды. Саябақ өзінің бастапқы мақсатына сай сақталады», – деді әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында.
Әкімдік жерді қайта жаңарту туралы «Власть» сауалына толық жауап бермеді.
Құқықтық дау
49 жылға жалға беру келісімі былтыр «Айгерім» компаниясы мен әкімдік арасындағы даудың өзегіне айналды. Жергілікті билік өкілдері компания келісімшарт талаптарын бұзды деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл аумақ бастапқыда саябақ салу үшін бөлінген, «Айгерім» ойын-сауық аттракциондарын орнатпауға тиіс еді.
Сотта сүруді талап ете отырып, әкімдік соңғы жылдары болған бірнеше оқиғаны, соның ішінде бірнеше өрт пен адам өлімін атап өтті. Билік өкілдерінің айтуынша, бірнеше рет қайталанған бұл жағдайлар қатаң бақылау мен қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін айқын көрсеткен.
Бастапқы келісім бойынша бұл аумақта қоғамдық саябақ салынуға тиіс еді. 2009 жылы «Айгерім» компаниясы жерді абаттандыру мақсатында мемлекеттен жалға алған.
2024 жылдың басында жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеріс бастапқы жалдау келісімінде заң бұзу болғанын анықтады. 2024 жылдың мамырындағы сот шешімімен жалдау келісімі жарамсыз деп танылды. «Айгерім» компаниясы шешімге шағымданғанымен, 2024 жылдың шілдесінде Шымкент қалалық соты алғашқы шешімін өзгеріссіз қалдырды.
«Сот Жер кодексінің 109-бабын елемеді. Бұл бап қоғамдық пайдаланудағы жерлерді сауда павильондары, көрнекі жарнамалар және басқа да қызмет көрсету нысандары сияқты жеңіл құрылымдар орнату үшін жалға алуға рұқсат береді», – деді «Айгерім» компаниясының директоры Жанбаев бізге берген сұхбатында.
2024 жылдың желтоқсанында жергілікті сот саябақты бастапқы қалпына келтіру туралы шешім шығарды, бұл «Қиял әлемі» сүріледі деген сөз еді. «Айгерім» бұл шешімге шағым түсіргенімен, 2025 жылдың ақпанында шыққан соңғы сот үкімі бойынша істе жеңіліп қалды.
«Сот талап қою мерзімін де елемеді. Заңға сәйкес жалпы талап қою мерзімі – үш жыл. Алайда талап жер телімі жалға берілгеннен кейін 15 жыл өткен соң ғана берілді», – деп жалғастырды Жанбаев.
Сүру жұмысы күтпеген жағдай болғанының тағы бір себебі, 2023 жылы жергілікті сот қалалық және экологиялық бақылау департаментінің «Айгерімге» қатысты тексеруден кейін жасаған заң бұзу жөніндегі талаптарын қанағаттандырмаған еді.
2023 жылы әкімдік «Айгерімге» сәулет жоспарын беріп, кейіннен сүрілген барлық нысанды қамтитын жобалық сызбаны мақұлдаған болатын.
«Біз [жерді жалға алу келісімшартын жарамсыз деп тану туралы] сот шешімі әкімдік пен оның жаңа басшылығының қысымымен қабылданды деп санаймыз», – деді Жанбаев.
2023 жылдың қыркүйегінде Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол былтырғы сұхбатында: «Мен үшін ең маңыздысы – қаламыздың қалай өзгеріп жатқанын көру», – деген еді.
«Қиял әлеміне» қатысты Сыздықбеков жергілікті билік аумағы 4 гектарды (шамамен 10 футбол алаңы) қамтитын бұл кеңістікті қоғамдық саябақ ретінде қалпына келтіруді жоспарлап отырғанын айтты.
«Бұл жер бұрын тұрғындар жақсы көретін қоғамдық бақ болатын. Қалпына келтіруден кейін аумақ таза ауа мен саялы ағаштарды ұнататындар үшін кем дегенде сондай тартымды болады деп үміттенемін», – деді Сыздықбеков. Қалада экологиялық ластану мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Власть тілшісінің «Қиял әлемі» бұзылғаннан кейінгі жер учаскесінің тағдыры туралы сауалына Шымкент қаласы әкімдігі бұл аумақтың мемлекет меншігіне қайтарылғанын және сот шешімін орындайтынын хабарлады.
«Жер бастапқы күйіне келтіріледі», – деді әкімдік.
Бизнесінен айырылды
«Айгерім» компаниясы жерді жеке кәсіпкерлерге жалға беріп, олар жеке аттракциондар мен ойын-сауық нысандарын іске қосып отырды.
Айман Әшірбаева иелік еткен ойын алаңдары балалар арасында ерекше танымал еді.
«Біз, кәсіпкерлер, бұл аумақты күтіп ұстау мен дамытуда үкіметтен ешқандай көмек алған жоқпыз. Бір күнде келіп, бәрін қиратты. Қазіргі уақытта біздің алдағы күнге ешқандай жоспарымыз жоқ. Олар бізге көшіп баратын орын да ұсынған жоқ. Жабдықтарымызды буып- түйіп, үйде сақтап отырмыз», – деді Әшірбаева.
Теміртау аттракциондар зауытының директоры және «Айгерімнің» көп жылдық серіктесі Владимир Книтель Шымкенттегі маңызды ойын-сауық саябағының бұзылуына қатты алаңдайтынын білдірді.
18 шілдеде Астанада өткен баспасөз мәслихатынан кейін Книтель Власть тілшісіне компания «Қиял әлемінде» бірнеше ірі аттракционды орнатқанын және жаңа жобамен жұмыс істеп жатқанда бұзу туралы хабарды естігенін айтты.
«Бұл маған ауыр соққы болды», – деді Книтель.
Кәсіпкерлердің шығынынан бөлек, Книтель бұл шешімнің құрбаны балалар болатынын ерекше атап өтті.
«Олардан балалық шағын тартып алып жатыр. Билік түпкі салдарына мән бермей шешім қабылдады», – деді ол.
Бұл материалды дайындауға Тамара Вааль мен Алмас Қайсар үлес қосты.
Поддержите журналистику, которой доверяют.