1879
15 августа 2025
Светлана Ромашкина, Власть, Жанар Каримованың фотосуреті

«Диабетиктерде әлдекімнің өші бар секілді»

Денсауминнің диабеттен ақша үнемдеуінің салдары қандай болмақ?

«Диабетиктерде әлдекімнің өші бар секілді»

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі қант диабетіне қатысты бірқатар маңызды өзгеріс енгізді: бұл дерт тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен медсақтандыру жүйесіне өтті, әлеуметтік маңызы бар тізімнен алынып тасталды, ал емделушілер енді екі маңызды дәріні тегін ала алмайды. Шешім мамандармен және емделушілердің ұйымдарымен талқыланбастан қабылданды.

«Власть» жаңа өзгерістердің қандай кері салдары болатынын сарапшылардан сұрап білді.

МӘМС — қауіпті емес

Эндокринолог, Қазақстан диабетті зерттеу қоғамының президенті Жанай Ақанов диабеттің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен (ТМККБК) медициналық сақтандыру жүйесіне өткенінен ешқандай қауіп жоқ дейді. Негізгі өзгерістер жұмыс істейтін науқастарға қатысты болады, балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге бұрынғыдай мемлекет төлейді.

Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының есебі бойынша, диабеті бар бір науқасты амбулаторияда дәрімен қамтамасыз етуге орташа алғанда жылына 610 мың теңге жұмсалады.

«Егер емделушілер жылына 50 мың теңге төлейтін болса, онда 10-11 есе ұтады, яғни бұл жерде сұмдық ештеңе болып жатқан жоқ, оның үстіне олардың орнына көп жағдайда жұмыс берушілер төлейді», — дейді Ақанов.

«Диабет балалардың ата-аналар комитеті» ҚҚ басшысы Руслан Закиев те мұнымен келісіп отыр: «Бұл мәселе 18 жастан асқан және жұмыс істемейтін, мүгедектігі жоқ, МӘМС жарнасын мемлекет төлеп беретін 15 немесе 17-санатқа кірмейтін адамдарға ғана қатысты болады. Денсаулық сақтау министрі айтқандай, бұл жерде төлем құны — жылына 51 мың теңге. Біз қоғамдық ұйым ретінде осындай науқастар үшін төлем жасай аламыз ба деген мәселені енді қарап жатырмыз».

ihospital.ru сайтынан алынған фотосурет

МӘМС-те ауруханаға жатқызуға кезек көп, дәрі-дәрмек алуға қатысты проблема пайда болуы мүмкін деген қауіпке келетін болсақ, ТМККБК мен МӘМС айырмасы бірдей дейді Ақанов: бұл денсаулық сақтау саласының жүйелі проблемасы. Алайда Ақанов жүйеде ашықтық жоқ дейді:

«Қазір қант диабеті бойынша дәрімен қамту әупірімдеп жүріп жатыр, жүйені қамтамасыз ететін өкілдер жетпей жатыр деп үнемі айтылып жүргені тағы бар. Шынын айтқанда, бұл жағдайда мүлдем ашықтық жоқ. Мұның бәрі қалай жүзеге асатыны қызық. Егер тағы да ММҚҚ (Міндетті медициналық сақтандыру қоры — В.) арқылы жасалатын болса — ақша болмайды, ал «СҚ Фармация» (Қазақстанда дәрі сатып алу операторы — В.) препараттарды уақытында жеткізбейді, бұл жағдай қазір құқығыма шектеу қойылып жатыр деп ойлай бастаған қант диабетіне шалдыққан науқастар арасында әлеуметтік шиеленіс тудыратыны анық».

Маман жүйе дәрі өнімдерінің емделушіге дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік бермейтін әлдебір түсініксіз тетік арқылы жұмыс істемеуі керек, толықтай ашық болуы керек деп санайды.

Қазақстан диабетті зерттеу қоғамы қазір әр науқасқа бірегей QR таңуды ұсынып отыр, сонда QR берілген әр адам кез келген жүйеде көрініп тұрады, сол кезде адам нені қашан алғаны көрініп тұрады дейді: «Дәрілер қазір түгелдей кодталғанын, әрқайсында QR бар екенін ескерсек, мысалы, әлдебір дәрінің қорабы шекарадан қай күні өткенін, қай уақытта «СҚ Фармацияға» жеткізілгенін, қай күні емханаға беріліп, науқастың қолына тигенін білу қиын болмайды».

Әлеуметтік маңызы бар сырқаттар тізімінен алып тастау деген не?

Сарапшылар диабеттің МӘМС қатарынан алынып тасталуын қауіп санамағанымен, оның әлеуметтік маңызы бар сырқаттар тізімінен шығарылуы науқастарды кейбір әлеуметтік жеңілдіктен айыруы мүмкін.

Ақановтың айтуынша, мүгедектік алуға үміті бар емделушілер денсаулық министрлігінің жүйесінде де, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жүйесінде де болады, ал еңбек министрлігі мүгедектік беруге келгенде сараңдық танытады: «Бізде аяғы кесілгеннен кейін екінші топ мүгедектігін ала алмаған жағдайлар бар, яғни олар бір немесе екі жыл бойы аяғы жоқ екенін дәлелдеуге мәжбүр болады».

Жанар Каримованың фотосуреті

Ақанов мүгедектерге берілетін жәрдемақы мардымсыз дейді — 150 долларға де жетпейді, 60-70 мың теңгеге қалай өмір сүруге болатыны түсініксіз.

Диабеттің әлеуметтік маңызы бар сырқаттар тізімінен шығарылуына байланысты туатын сұрақ — қант диабетіне шалдыққан емделушілер алып келген жеңілдіктер жойыла ма?

Закиев әлеуметтік маңызы бар дертке шалдыққан кейбір адамдарға белгілі бір оқиғаларға байланысты жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек төленеді дейді, мысалы, Мүгедектер күні, Конституция күні, т.б. Енді қант диабетімен ауыратын адамдарға мұндай көмек түрлері берілмейді.

Закиев қауіптенетін тағы бір нәрсе — бір дәрі түрін көтере алмайтын науқастар бар, оларға препараттар сауда атауы бойынша сатып алынады. Бұл жергілікті бюджет есебінен жасалады. Енді әкімдіктер оларға дәрі сатып ала алмайды, өйткені қант диабеті әлеуметтік маңызы бар сырқаттар тізімінен шығарылды.

«Министрлік диабет тізімнен шығарылғаннан кейін әлеуметтік жеңілдіктің кейбір түрі де жоғалатын әлеуметтік факторды ескермеген секілді. Мұның бәрін қоғам талқысына шығару керек еді», — дейді Ақанов.

Закиев диабеттің әлеуметтік маңызы бар сырқаттар тізімінен неліктен шығарылғанын түсінеді: әйтпегенде оны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен МӘМС-ке ауыстыру мүмкін болмас еді: «Алайда олар мұны ойластырмай жасады, көп қате жіберді».

Ол министрлік қатерді терең зерттеген жоқ деп ойлайды: «Елімізде жақсы құралдар бар, мысалы, Ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілер базасы — В.), барлық мемлекеттік орган заңнамаға енгізілген өзгертудің барлығын сол жерге салып отыруы керек. Соңғы кезде Денсаумин тек [құжатты] тұтастай салып жүр, тұжырымдамасы да жоқ, яғни олар қандай нормативтік-құқықтық актіні өзгерткелі жатқанын шығарады, әрі кетсе өзгеріс не жайында екені көрсетіледі, бізбен ешқандай талқы, ешқандай кеңесу болған жоқ. Көріп тұрсыз ба, бұл Денсауминнің бұрыннан келе жатқан проблемасы, олар тереңге үңіліп қарамайды, бәрін атүсті ойластырған. Осыған қарап Денсаулық сақтау министрлігі шешімді қалай қабылдайды екен деген сұрақ туады».

Маңызды дәрілер неліктен тізімнен алынып тасталды?

Денсаумин глюкагон тәріздес пептид-1 рецепторларының агонистері ретінде белгілі препараттар тобын амбулаториядан дәрімен қамтамасыз ету тізімінен алып тастады: нақты «Виктоза» және «Трулисити» дәрілері туралы сөз болып отыр. Закиевтің айтуынша, оны Қазақстанда ондаған мың науқас ішеді, бұл олар үшін әсері жақсы жалғыз ем болып отыр. Бұл дәрілер гипогликемия тудырмайды, салмақ азайтуға көмектеседі, инфаркт пен инсульт қатерін азайтады.

«Иә, бұлар қымбат препараттар, бірақ олардың әсері, пайдасы жақсырақ. Қазір жүрек-қантамырдың асқыну қатері артуы мүмкін, бұл екінші типтегі қант диабетіне шалдыққан емделушілер арасында өлімнің көбеюіне алып келеді. Мен барлық тарапты түсінемін, Денсауминнің жұмысының тиімділігін көрсетуге ұмтылысын түсініп тұрмын, препараттар тобын алып тастап, біз қант диабетінен ақша үнемдеуді бастадық деді. Ал науқастар өле бастайтыны ше… Олар әлеуметтік шиеленістің артуына жеткізіп отыр».

Бұл дәрілерді тізімнен алып тастау туралы шешімді формулярлық комиссия қабылдады. Ақанов оның жұмысы жайында былай дейді: «Оның құрамында бірде-бір кәсіпқой эндокринолог жоқ, олар халық кейістік таныта бастағаннан кейін ғана штаттан тыс бас мамандарды шақыра бастады. Кәсіби эндокринолог ретінде менің сұрағым бар: клиницист, клиницист емес екенін кім нақты шешеді, олар шешімді кім үшін қабылдайды? Мұның бәрі науқастар үшін жасалады ғой, олардың пікірін неге ешкім сұрамайды? Емделушілер ұйымдарының өкілдері формулярлық комиссия құрамында болуы керек, мұның бәрі солар үшін жасалып жатыр ғой».

Ақановтың айтуынша, қант диабеті — амбулаторияда дәрімен қамтамасыз ету қымбатқа түсетін дерт, жалпы амбулаторияда дәрімен қамтамасыз етудің 26 пайызы осы дерттің үлесінде. Сондықтан диабет бойынша бөлек формулярлық комиссия құрған дұрыс болар еді. «Мұны ұйымдастыруға болар еді, олардың отырысы жылына екі-үш рет өтер еді, есесіне осы мәселенің барлығы мүдделі топтардың, науқастардың, дәрігерлердің, клиника фармакологтарының қатысуымен мұқият қаралғанын бәрі білетін болады. Бұл соншалықты қиын емес қой?»

Бұл өзгерісті Қазақстан диабетті зерттеу қоғамымен де, «Диабет балалардың ата-аналар комитеті» қорымен де талқылаған жоқ.

Оның үстіне елімізде жыл сайын диабетпен ауыратындар саны көбейіп бара жатыр: күн сайын 100 адам диагнозы туралы біледі, ал күн сайын бес қазақстандықтың аяғы кесіледі — бұл диабеттің ең сұмдық асқынған түрінің бірі. Қазіргі кезде ресми түрде 534 мың, ал сарапшылардың бағалауынша, бейресми 800 мың сырқат бар.

Ақанов министрліктің диабетпен ауыратындардан ақша үнемдеу ұмтылысы түбінде үлкен шығынға алып келеді дейді:

«Ең жаманы — қазір үнемделеді деген ақша түрлі асқынудың көбеюіне әсер етеді, ал бұл әлдеқайда қымбатқа түседі», — дейді Ақанов.

Мұның бәрі Қазақстанда эндокринология саласында ғылыми орталық жоқ, қант диабетімен күрес бойынша ұлттық бағдарлама жоқ кезде болып отыр, Қазақстан — эндокринология мен метаболизм аурулары институты жоқ жалғыз посткеңестік мемлекет.

Закиев диабетке шалдыққан адамдарға заманауи фармакология зерттемелеріне қол жеткізу жыл өткен сайын қиындап бара жатыр дейді.

«Қазақстан ұзақ уақыт ұстанған позициясынан біртіндеп айрыла бастады — біздегі дәрі-дәрмек тізбесі өте жақсы болды, көрші елдермен салыстырғанда жағдайымыз тәуір болды. Қазір соғысып жатқан Ресейге қарағанда біздің халіміз мүшкіл көрінеді, өйткені ол елде мониторинг жүйесі де істеп тұр, бірінші типтегі ересек науқастар помпамен қамтамасыз етілген. Бізде Қарағанды фармкешені бар — бұл өте жақсы нәрсе, бірақ онда терең локализация жоқ. Бізде, былайша айтқанда, ерітінді араластырылады да, қапталады. Иә, бұл өндіріс, бірақ молекуланы өзіміз өсірмейміз», — дейді ол.

Anhor.uz сайтынан алынған фото

«Диабетиктерде әлдекімнің өші бар сияқты көрінеді. Мен науқастар мүддесін әлемдегі озық жағдайға жақындатқым келеді, ал Денсауминге жылтыраған клиника салған тиімдірек. Шындығында дәрімен қамтасыз етуді көбейту керек, мысалы, деглудек инсулині, мен онымен 2018 жылдан бері айналысып келемін. 2015 жылы бұл инсулин Қазақстанға әкелінді, сол кезде ол инновациялық деп саналды, қазір 2025 жыл, яғни дәрі емделушілерге 10 жыл берілді, бұл жерде қандай инновация туралы айтуға болады? Қазір өндіруші компанияда басқа инновациялық инсулин бар, аптасына бір рет салынады. Технология дамып жатыр, технология біздің шенеуніктердің жұмысына қарағанда жылдамырақ жүріп жатыр, ал жаңа инсулин Қазақстанда 15 жылдан кейін пайда болатын шығар», — деп сөзін қорытты Закиев.