1983
13 октября 2025
Назерке Құрманғазинова, Данияр Мүсіровтың фотосуреттері, Власть

«Біздің оқулықтарды оқушылармен байланысы аз ғалымдар жазады»

Жетісулік мұғалім қиын тақырыптарды 30 секундта түсіндіріп береді

«Біздің оқулықтарды оқушылармен байланысы аз ғалымдар жазады»

Биыл ақпан айында Tiktok платформасы бүкіл әлемнің тамашалауға тұратын 50 креаторынан құралған Discover list тізімін жариялады. Оның «педагогтар» санатына Қазақстанда тұратын 58 жастағы мұғалім Ботагөз Омарова да кірді.

Ол Жетісу облысында шекара маңында орналасқан Достық ауылында сабақ береді. Роликтері миллиондаған қаралым жинайды, ал парақшасына 165 мыңнан астам адам жазылған. Ботагөз апай 30 секунд ішінде орыс тіліндегі қиын ережелерді оңай әрі қарапайым тілмен түсіндіріп береді.

«Власть» inDrive компаниясымен бірлесіп, жаңа технологиялардың арқасында сабақ беру тәсілі мен педагог кәсібі өзгеріп жатқаны туралы Қазақстан мұғалімдеріне арналған Bilim Faces жобасын жалғастырады.

Достық ауылы Қазақстанның Қытаймен шектесетін оңтүстік-шығыс шекарасында орналасқан. Бұл кент атауы жаңалықтарда маңызды теміржол магистралі ретінде жиі аталады, өйткені екі ел арасындағы негізгі жүк тасымалы осы жерден өтеді.

Сондықтан ауыл өмірі теміржолмен байланысты: кірер тұста локомотив суреті бар маңдайша қарсы алады, ал көшеде көк-жалқын түсті киім киген жұмысшылар жиі ұшырасады, бұрыш-бұрышта контейнер вагондар қойылған. Ауыл жұмысшылар қалашығына ұқсайды.

Тірлігі қызып жатқан тағы бір жер — ЕАЭО шекарасының Қазақстан жағындағы кеден бекеті. Мұнда Қытайға өту үшін кезегін күткен фуралар тізіліп тұр.

Достықта 6,7 мыңнан астам адам тұрады, олардың қатарын табыс табуға келген вахташылар толықтырады. Балалар жергілікті тұрғындар «ескі» және «жаңа» деп атап жүрген екі мектепте оқиды. Жақында үшінші мектеп ашылады.

Кентті екі жағынан тау қоршап тұр, бұл жердің жасыл желегі аз әрі желі күшті. Дүкендер мен кафелердің маңдайшалары желден зардап шеккені байқалады — кейбір әріптері ұшып түскен. Жаңа ғимараттар — негізінен әлеуметтік нысандар, баспананың көбі — екі-үш қабатты «хрущевкалар». Ең жақын деген аудан орталығы — Үшарал қаласына дейін 180 шақырым.

Бауыржан Момышұлы атындағы «ескі» мектепте 20 жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Омарова еңбек етеді. Үш жыл бұрын ол қарапайым TikTok қолданушы еді, педагогтардан креатив видео жасауды қажет ететін «Мені таңғалдыр» деген аудандық семинарға қатысуға ұсыныс келгенде бәрі өзгеріп сала берді. Сол кезде Ботагөз Омарова конкурсқа қатысуды жас мұғалімдерге ұсынуға болар еді деп мектеп басшылығына ренжіген еді.

«Үйге барып ренжіп алдым, сосын дайын видео үзінділер бар екені еске түсті. Ұлым құрауға көмектесіп, соларды жарияладық. 11-сыныпқа жетекші болып жүрген кезім еді, сол күні кешке оқушылар маған қоңырау шалып: «Ботагөз Зиядинқызы, сіздің ролигіңіз 3000 қаралым жинады» деді. Бұл көп пе, аз ба, түсінбедім. Оқушылар бір айда ондайға жете алмайтынын айтты», — деп еске алды.

Келесі күні басқа сыныптарда оқитын жоғары сынып оқушылары бірге видео түсіруді ұсынды. Жарияланған видеоның барлығы жақсы қаралды. Осылайша, алғашқы жылы 50 мыңнан астам адам жазылды.

Оның «көсемшені есімшеден қалай ажыратуға болады», «типа того сөзі қалай жазылады», «үтір қай жерге қойылады, қай жерге қойылмайды», «етістік қай кезде “ться” немесе “тся” деп жазылады» деген роликтері 1–3 миллион қаралым жинады.

«Қазір жастардың көбі TikTok-та отырады. Көңіл көтеретін контент қана емес, білімге қатысты контенттің де көп қаралғаны қуантады. Қиын деген ереженің өзін 30 секундта түсіндіруге болатынын өзіме де дәлелдегендей боламын. Бір тоқсан бойы түсіне алмаған тақырыпты 30 секундта біліп алдық деген хат келгенде қуанып қаламын», — дейді Ботагөз Омарова.

«Құдайым-ай, досым, әлі күнге дейін бұл тақырыпты білмейсің бе?»

2023 жылы жазда мұғалім TikTok-тағы креатив видеоларының арқасында Dirol өткізген конкурста iPhone смартфонын ұтып алды. Сол жылы қарашада оқу-ағарту министрлігі TikTok-та «Қазақстан мұғалімдері» конкурсын жариялады. Омарова оған қатысқысы келгенімен, осыған дейін жеңімпаз болған адам командам мен арнайы жабдығым болды деген кезде сескеніп қалды: «Мен қарапайым ауыл мұғалімімін, командам болмаса, қалай жеңемін дедім. Ол өзіме сенуге кеңес берді. Ең болмаса дыбысы сапалы болсын деп арзандау микрофон сатып алдым».

Конкурсқа арнап видео жаза бастаған кезде оқушылары «қарапайым, қатардағы мұғалім болсаңыз көрерменді баурай алмайсыз, креатив қосыңыз» деді.

«Он бірінші сыныптың ұлдары видеоны «Құдайым-ай, досым, әлі күнге дейін бұл тақырыпты білмейсің бе? Бері кел!» деп бастауға кеңес берді. Солай айтып едім, алғашқы күні бұл ролик үш миллион қаралым жинады», — деп таңғала еске алды Омарова.

«Балама мұндай мұғалім тап келгеннен сақтасын» деген коммент есімде қалыпты. Бұл жаныма қатты батты, сол роликті өшіріп тастадым. Ертесіне мектепке көңілім болмай келдім, оқушылар қызғаншақтар ғой деп түсіндірді. Жасмин деген оқушымның сөзі есімде: «Сізді жүз адам мақтап, жақсы сөз айтып, тек біреуі жаман сөз айтса, сіз сол жаман коммент жазған адамды еске ала беретін боласыз. Әрі қарай жалғастыра беріңіз».

Конкурс соңында Омарова Қазақстанның басқа өңірінен қатысқан екі қатысушымен бірге жеңімпаз болды. 2024 жылы қаңтарда Астанаға марапаттауға шақырту алды.

«Игорь Гноевой мен Хайдар Мырзахметов — 26-27 жастағы жігіттер, қасында ересек болып мен тұрдым, — деп еске алды Омарова. — Ойлаңызшы, министрдің алдына келіп тұрмыз, оның қасында тұтас қабырғаны алып тұрған үлкен экран, содан біздің роликтердің үзіндісін көрсетіп жатыр, әлгі жерде мен де бармын: «Құдайым-ай, досым…» деп жатырмын.

Ол әлі күнге дейін Гноевоймен хабарласып тұрады, кейде ол Омаровадан филология тақырыбы бойынша кеңес те сұрайды. Омарова педагогтың бәрі блогер болуы керек демейді, тек кез келген жаста өзіңді дамытуға болатынын көрсетсем дейді.

«Мен адамды орын емес, адам орынды көркейтетінін жеткізгім келеді. Қазақстанның ең шетіндегі шалғай ауылда тұрсаң да, алға жылжуға, біреуге ынта беруге болады. Жас ешқандай кедергі келтірмейді».

Қыста Ботагөз Омарованың TikTok аккаунты қатып қалатынды шығарды, сол кезде Instagram жүргізуді де қолға алды: «Қазақстанда TikTok жабылып қалса не істеймін деп ойладым. Оны жақсы көріп кетіп едім», — деп еске алды ол.

Instagram аудиториясы да жылы қабылдады: көктемнен бері ол жақта 110 мың адам жазылды. Мұғалім платформалар арасындағы айырмашылықты айтты: TikTok-та көбінесе жастар, ал Instagram-да ересек адамдар отырады. Кейде контент әр алуан болсын деп мектеп туралы, мұғалімдер мен оқушылардың өмірі туралы әзіл роликтер де түсіреді. Мұндай видеоларды TikTok-қа бірден салса, Instagram-ға іріктеп жариялайды.

«Жұмыстан титықтасаң — міне, саған кеңес: 30 минут жұмыс істе де, 30 жылға тауға кетіп қал деген ролик шығардым. Қателеспесем, бұл ролик миллион рет қаралды. Бірақ біреу “сіз неменеге үгіттеп жатырсыз, жұмыс бізді асырап отыр емес пе?” деп жазды. Бұл әзіл ғой деп жауап бердім. Әрине, жұмысты тастап, тауға кетіп қалмаймыз ғой», — деп күлді және оның парақшасы өзге мұғалімдермен ой түйісетін, ортақ мәселені, әзілді талқылайтын орынға айналған шығар деп топшылады.

Мектеп басшылығы әзіл видеоларына қалай қарайды деген сұраққа: «Олардың пікірін сұраған жоқпын» деп жымиды.

«Бұл жерде жарқын болашақ күтіп тұр»

Әуелде мұғалім болуды ойламаған екен. Қазақстанның мүлдем басқа жерінде — Қарағандыда туып-өсті. Кәсіп таңдауына, Достыққа көшуіне осы ауылда тұрып жатқан әпкесінің қатысы бар.

«Негізі суретші болғым келді. Алматыға барып, көркемсурет училищесіне түстім. Бірақ әпкем ұрсып: «Қарағандыға қайт, университетке түс» деді. Оның тілін алып, Қарағандыға оралдым да, филолог мамандығына түстім. Себебі, мектепте орыс тілі мен әдебиетінен үнемі бестік баға болды», — деп еске алды Омарова.

Содан кейін Қарағандыда «Білім» қоғамында он жыл істеді, кейін Алматыға қоныс аударып, тұрмыс құрды.

«Отбасы жағдайына байланысты Алматыдағы пәтерімізді саттық та, басқасын сатып ала алмадық. Осы кезде әпкем осында, Достықта тұратын. Ол жергілікті жігітке күйеуге тиді. Мені шақырып, бізді бұл жерде жарқын болашақ күтіп тұр деді. Келешегі зор деп айтты», — дейді педагог.

Бұл 2004 жыл болатын. Мұнда жүк тасымалы қарыштап дамып жатты, Достық–Алашанькоу халықаралық шекара өткелі ашылды.

Омарова мұғалімдік жұмысын осы мектептен бастады. Бірақ алғашқы үш жыл ішінде әр оқу жылы аяқталған сайын бұл жерден кетемін деп заттарын жинай бастайтын.

«Сосын менің бейімім осы екенін ұқтым. Мұғалім болып істейтінім өзіме қатты ұнайды. Бақыт деген не десеңіз — жұмысқа қуанып барып, үйге қуанып қайту екен. Қазір осы күйдемін. Мені бірдеңе осы жерге тартып тұрады. Басқа жаққа жол жүріп кетсем, Достыққа оралғым келіп тұрады. Мектебімді жақсы көремін. Патриотпын», — деп күлді ол.

Өмірінде TikTok пайда болғанға дейін де Ботагөз Зиядинқызы сабағын қызық етіп өткізуге тырысатын. Тіпті интернет пен түрлі түсті принтер қат болған заманда да сөйтетін.

«Ватманға өзім сурет салып, сабаққа әкелетінмін. Сабақ іш пыстырмайтындай, ерекше өткенін қаладым. Әлдебір саяхатты ойлап табамын. Оқушылар түрлі костюм киетін, біреуі Тургеневті де ойнады. Сол кезде оқытқан оқушыларды кездестіріп қалсам, театрландырылған сабақтарды ұмытпағанын айтады», — дейді ол.

Омарова баланы пәніне қызықтыра алу мұғалімге байланысты деп санайды.

«Көріп тұрғаныңыздай, біздің кентте балалардың оқушылар сарайына баратын мүмкіндігі жоқ. Үйірме де көп емес. Сондықтан ең болмағанда мектептегі сабақ арқылы балалардың шығармашылық машығы дамыса екен дейсің», — дейді ол.

Миллион қаралымы бар видео қалай жасалады?

Ботагөз Омарова конкурсқа қатыса бастағанда күн сайын үзіліс кезінде бір роликтен түсіріп отырамын деген мақсат қойды. Бұл ойды іске асыруға оқушылары көмектесті. Қазір де сол практикасын жалғастырып келе жатыр — жұмысқа әрдайым қыстырғыш микрофонды ала барады.

Алтыншы сыныпта өткізген кезекті сабағынан кейін оқушылардан кім видеоға түсіре алады деп сұрады. Екі бала қол көтерді. Айару деген тағы бір белсенді оқушы мұғалімге бірге түсуге ұсыныс тастады.

Омарова келісіп, сынып осыған дейін сабақта өткен «сын есімнің үш тобы» тақырыбын камераға қарап түсіндіре бастады. Бірнеше минут ішінде бұл міндетті атқарып үлгерді.

«Сабақта біреу тақырыпты түсінбегеннің өзінде, оны видеодан көре алады. Бір-ақ рет жазғанды ұнатамын. Бір қызығы, ұзақ дайындалып, идеяны ұзақ ойлап жүргенде ролик аса жақсы шықпайды. Кенеттен жазылған видео миллиондаған қаралым жинап жатады», — дейді мұғалім.

Сабақ кезінде жаңа тақырып бастамас бұрын оқушыларға алдымен оқулықты оқып алуға тапсырма береді. Бірақ, оның айтуынша, оқушыларға бұл қиын соғады, себебі оқулықтың тілі күрделі.

«Бала ауырып қалып, үйде оқулықты ашқан кезде барлығын ұға алатындай түсінікті болуы керек. Мен түсінуге қиын ғылыми терминологияны қолданбауға тырысамын. Біздің оқулықтарды оқушылармен байланысы аз ғалымдар құрастыратын секілді. Балаға қарапайым тілмен, түсінікті етіп жеткізу керек», — дейді Омарова.

«Орталықтан шалғайда тұру романтика ғой»

Мұғалімнің миссиясы не деген сұраққа Ботагөз Омарова былай жауап берді: «Жөн сілтейтін адам әрі көмекші болу. Қазір білім беруге жасанды интеллект енгізілмекші, бірақ мұғалімді ештеңе алмастыра алмайды деп ойлаймын. Сезім, эмоция, жанашырлық керек. Бала әлденені түсінбесе, оны кемсітіп, ұрсудың орнына, жанында болып, көмектесу қажет. Қолынан келетінін айтып, дем беріп отырған дұрыс. Мұғалім оқушыларға мотиватор болуы керек».

Жасанды интеллект демекші, Зиядинқызы тағы бір тақырыпты қозғады. Оның айтуынша, қазір мұғалімге арналған әдістемелік нұсқаулық хатында сабақта жасанды интеллект пайдалану қажет деп жазылған. Алайда, оқушылардан смартфонды жинап алу керек дейді.

«Жалпы алғанда, техникалық тұрғыдан ауыл мектептері әр кабинетте интерактив панель тұратындай деңгейде жабдықталмаған. Интернетке қосылудың да қиындығы бар. Ауыл мектептеріне бірінші кезекте техникалық жабдықтар қойылсын, біз жасанды интеллектіні қуана пайдаланамыз. Мен де, мысалы, сабақ кезінде әдеби шығармалардың үзінділерін көрсетер едім. Бірақ барлық кабинетте проектор бола бермейді. Бұл біздің ауылдың мектебіне ғана тән проблема емес деп ойлаймын».

Бірақ Ботагөз Зиядинқызы мойымайды, кез келген жағдайдан жылт еткен жақсылық көруге тырысады. Оқырманы интерактив тақтаның емес, мектептің қарапайым жасыл тақтасының алдында түсірген видеоларын бағалайды.

«Жасыл тақтам өзіме жетіп жатыр. Мықты камера, микрофон немесе қымбат киім болмаса да, қызық жасауға болады. Бастысы креатив болсын», — дейді ол.

Шалғай өңірде орналасқанына, климаттың қатаң болғанына қарамастан, Омарова бұл мекеннің ерекше романтикасы бар дейді.

«Жан-жағы тау, ауасы таза, үнемі жел есіп тұрады, жанымызда Қытай. Бұл жердің тұмса табиғаты әдемі. Аллергиясы бар адамдар бұл жерде қиналмайды, себебі гүлдейтін өсімдік жоқ. Орталықтан шалғай жерде тұрудың өзі де — романтика», — деп күлді ол.

Зейнет жасына жету және пәтер алу…

Ботагөз Зиядинқызы екі жылдан кейін зейнетке шығады. Жұмыстан кеткен соң немен айналысатынын ойлап жүр.

«Түрлі идея бар. Мысалы, әдістеме құралын жасау. Бәлкім, өзім үшін аспаздық туралы блог жүргізетін шығармын, — деп күлді ол. — Мектепте істеген кезде белгілі бір шектеулер ұстап тұрады. Зейнеткер болғанда еркінсуге де жол ашылады», — деп санайды ол.

Педагог TikTok пен Instagram-ға арналған видео сабақтарын түсіруді үйден де жалғастыра бермек. Бірақ зейнетке шығар алдында көптен бергі арманы — Алматыдан пәтер сатып алуды ойлап жүр.

20 жыл бұрын Достыққа көшіп келгенінде баспанасы болған жоқ, отбасымен бірге уақытша тұруға арналған шағын үйді жалға алуға мәжбүр болды. Он жылдан кейін әкімдік оған жалға берілетін баспана бөлді.

«Мұғалім болып істесең пәтер сатып алуға алғашқы жарна жинау өте қиын. Жалға берілетін баспана қайтсе де жекеменшік емес қой. Зейнетке шыққанда қайда барамын деп уайымдаймын. Екі жыл — аз ғана уақытым қалды. Арманым — алғашқы жарна жинап, Алматыдан пәтер алу», — деп сөзін қорытты ол.