1686
20 октября 2025
Фото nobelprize.org сайтынан алынды, 2019 жыл

Иммун толеранттығы, Венесуэланың темір ханымы, мажар жазушысы және металл-органика қаңқасы

2025 жылы Нобель сыйлығы кімдерге және не үшін берілді?

Иммун толеранттығы, Венесуэланың темір ханымы, мажар жазушысы және металл-органика қаңқасы

Қазан айында Стокгольмде айтулы ғылыми зерттеулерге, өнертабыстарға, әдеби шығармаларға және бейбітшілікті нығайту саласындағы жетістіктерге берілетін Нобель сыйлығы табысталды.

«Власть» кванттық компьютерлерге жол ашқан физиктер туралы мына мақалада айтқан еді. Енді химиядан әдебиетке дейін 2025 жылы Нобель сыйлығына кімдер, қандай еңбегі үшін лайық болғанын баяндаймыз.

Алмас Қайсар: Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алуға не себепті Венесуэла белсендісі лайық болды?

Әлем 2025 жылғы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын кім алады деп тағатсыздана күтті. Осы марапатқа көпшіліктің жіті көңіл бөлуі — сыйлықты АҚШ президенті Дональд Трамп алуға лайық па деген пікірталастың қызу жүруімен де байланысты. Дей тұрғанмен, сыйлықты он шақты жылдан беру саяси дағдарыста тұрған Венесуэладағы оппозиция күштерінің көшбасшысы Мария Корина Мачадо алды.

«Демократия халықаралық деңгейде шегініп бара жатыр, Мачадо сыйлықты, ең алдымен, Венесуэлада демократияны ілгерілетуге күш салғаны үшін алады», — деп мәлімдеді Нобель комитеті.

Өзге оппозиция саясаткерлері секілді ұсталу қатеріне байланысты Мачадо былтырдан бері ел ішінде жасырынып жүр. The New York Times басылымына берген сұхбатында ол құпия жерде жалғыз тұрып жатырмын деді.

Ол соңғы рет биыл қаңтарда Венесуэла президенті Николас Мадуроны кезекті рет ұлықтауға қарсы наразылық кезінде көзге түсті.

Мачадо ондаған жылын Венесуэлада Мадуроның авторитар режимімен күресуге арнап, елде демократияны қалпына келтіру — басты мақсатым деп келді.

«Бұл Венесуэланы балалар қайтып оралатын, ешкімді ешқашан елден кетуге мәжбүр етпейтін жарқын, гүлдеген, әділ және еркін қоғам етеді», — деген еді ол.

Мадуро режимі социалистік «Бесінші республика үшін қозғалыс» негізінде 1999 жылы сайланған Уго Чавес президент болған кезден бастау алады. Ол билік құрған 2011 жылға дейінгі кезеңде кедейлік деңгейі екі есеге — 32 пайызға азайды. Мемлекет шығындарды, әсіресе білім беру мен денсаулық сақтауға шығынды арттырды.

Алайда ол қайтыс болғаннан кейін билікке Николас Мадуро келіп, 2014 жылы мұнай бағасы құлдыраған кезде және артынан жалғасқан халықаралық оқшаулану, Құрама Штаттар санкциясы кезеңінде ел басқаруға тырысты. Оның танымалдығы түсіп кеткені авторитар режим орнатуға себеп болды, оппозицияға қарсы қудалау басталды.

Сол кезден бері Мадуроға талай саясаткер қарсы шықты, Мачадо қозғалыстың ең танымал және көпшілікті жұмылдыра білген тұлғасына айналды. Ол 2024 жылы президентті сайлауға оппозиция атынан шыққан ортақ кандидат болды, бірақ сот оған сайлауға түсуге тыйым салды, осыдан кейін ол өз мүмкіндігін үзеңгілесі Эдмундо Гонсалеске берді.

фото REUTERS/Carlos Garcia Rawlins

Сайлаудан кейін ел ішінде оппозиция шеруі өтіп, нәтижесінде адамдар жаппай ұсталды.

Осыдан кейін Мачадо күресін жалғастырды. Ол Трамптың сайлаудағы жеңісін және Марко Рубионың мемлекеттік хатшы лауазымына тағайындалғанын қолдап, оларға Мадуроға қысым жасау науқанын қайта қолға алуды ұсынды. Оның ойынша, АҚШ билігі санкцияларды жеңілдетуді алып тастауы Венесуэланың қазіргі президентінің жақтастарына жаңа қылмыстық айып таққаны жөн.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Мачадо Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер секілді «Темір ханым» деп аталып кетті, бұған, бір жағынан, Мачадоның өзі де оны құрмет тұтуы себеп. Олардың басты ұқсастығы консерватор экономикалық саясатқа жақындығынан көрінеді. Тэтчер саясаты елдегі кәсіподаққа және жұмысшылар қозғалысына шүйлігумен, Ұлыбританияда әлеуметтік мемлекет дәуірінің аяқталуымен ерекшеленеді.

Мачадо экономикалық жоспарын таныстырғанда жекешелендіруге және мемлекет реттеуінен бас тартуға, сондай-ақ негізінен Америка Құрама Штаттарымен инвестициялық келісім жасауға екпін қойды. Мачадоның ойынша, бұл өзгерістер мен инвестициялық келісімдер Венесуэлада демократия мен заң үстемдігін орнатпай мүмкін емес.

Биолог Әсел Мұсабекова: Физиология мен медицина бойынша Нобель сыйлығы не үшін берілді?

2025 жылғы сыйлық иммун толеранттығының жасушалы және молекулярлық механизмін, яғни ағзаның «өзінікін» және «бөтенді» анықтау, аутоиммун реакциясының алдын алу қабілетін ашқаны үшін Мэри Бранкоуға (Mary E. Brunkow), Фред Рамсделлге (Fred Ramsdell) және Шимон Сакагучиге (Shimon Sakaguchi) берілді.

Адамның иммун жүйесі — күшті әрі дәл машина, бірақ онда жасырын қатер бар: бақылау бұзылатын болса, ол бізге қарсы әрекет етіп, өз ағзамыз бен ұлпамызға шабуылдауы мүмкін.

Осыған дейін иммунитетті «үйрету» тимуста жүреді, қауіпті, өздігінен реакцияға түскіш Т-жасушалар сол жерде жойылады деп саналды. Бұл процесс орталық толеранттық деп аталды. Бірақ ғалымдар кейбір науқастарда тимус функциясы қалыпты бола тұра неліктен аутоиммун ауру түрлері өршиді деген сұраққа жауап таба алмай келді. Неліктен кейбір адамда, керісінше, бөтен ұлпаға реакция аса күш салмай-ақ басылады?

Бұл сұрақтардың жауабы олардың дамуы мен функциясын анықтайтын реттегіш Т-жасушалар (Treg) мен FOXP3 гені ашылғанда табылды.

Шимон Сакагучи сонау 1990 жылдары CD25 маркері бар Т-жасушалардың ерекше тобы иммун жүйесін тыныштандыратынын көрсетті. Иммун жетіспейтін тышқанға осындай жасуша салынған кезде аутоиммун ауру түрлерінің дамуының алдын алды. Ғалым иммун тепе-теңдігін ұстап тұратын белсенді механизм — шамадан тыс реакцияға «тежегіш» бар деп топшылады.

Сол уақыт кезеңінде АҚШ-та Celltech Chiroscience компаниясында Мэри Бранкоу мен Фред Рамсделл зертхана тышқандарының жұмбақ мутант штаммы scurfy-ды зерттеді. Бұл жануарлар ауыр асқынудан және иммун жүйесінің шамадан тыс белсенділігінен өліп қала беретін. Ғалымдар іздеу аясын Х-хромосомадағы 20 геннен тұратын аймаққа дейін қысқартты, соларды бірінен кейін бірін талдай отырып, оның ішінен негізгісін анықтады. Жаңа генге Foxp3 деген атау берілді. Геннің қалыпты көшірмесін енгізу аурудың алдын алды, кейін адамдағы FOXP3 мутациясы сирек, алайда өлім қатері бар IPEX синдромын тудыратыны дәлелденді (иммун дисрегуляциясы, полиэндокринопатия және энтеропатия).

Бранкоу мен Рамсделлдің нәтижесі белгілі болғанда, Сакагучи мен оның әріптестері FOXP3 «реттегіш» CD4⁺CD25⁺ Т-жасушалардан шығатынын көрсетті. Сонымен қатар FOXP3 қарапайым Т-жасушаға енгізілсе, олар иммун реакциясын басатын жасушаға айналады.

Осылайша, Бранкоу мен Рамсделл FOXP3 молекулярлық кілтін ашса, Сакагучи осы кілт іске асатын жасушалардың физиологиялық рөлін анықтады.

Осы жаңалықтар бірлесіп иммун жүйесі өзін-өзі құртудың алдын алады деген жаңа түсінікті өмірге әкелді.

Реттегіш Т-жасушалар қазіргі кезде болашақ медицинаның құралы деп қарастырылып отыр. Оларды іске қосқаннан бірінші типтегі диабет, ұмытшақтық склерозы немесе Крон дерті секілді аутоиммун аурулары кезінде көмегі тиеді. Ал оларды уақытша басу ісікке қарсы иммун жауабын күшейтуі немесе вакцина тиімділігін арттыруы мүмкін. Жаңа лауреаттардың жұмысы толеранттық иммун инженериясы деген тұтас бір бағыттың негізін қалады.

Бүгінгі жаңалық мына нәрсені қазақстандықтардың қаперіне салуға тиіс: нағыз препарат болсын, пайдасы жоқ препарат болсын — иммунитетті «көтерудің», әсіресе түрлі «иммун модуляторларын» сынап көрудің қажеті жоқ. Иммун реакциясының тепе-теңдігін ұстап тұруға қажеттің барлығы ағзамызда онсыз да бар.

Химик Алена Стародубцева: Химия саласындағы ғылыми жаңалық және Қазақстанда ол бойынша қандай жұмыс істеліп жатыр?

Химиядан 2025 жылғы Нобель сыйлығын Сусуму Китагава, Ричард Робсон және Омар Яги алды. Олар материалдың жаңа санатын — металл-органика қаңқасының құрылымын жасап шығарды. Бұл тізбек органика «көпіршелерімен» жалғанған металл түйіндерден құралады және іші бос кеңістіктен тұратын тор түзеді.

100 жылдай бұрын химиктер металл иондары органикалық лигандтармен байланысқан тізбек — алғашқы координациялық полимер ала бастады. Бірақ мұндай құрылым орнықты болған жоқ, ол тек ерітіндіде пайда болып, кептірген кезде ыдырап кететін.

1980 жылдардың соңында Ричард Робсон металл ортасын тұрақты кеңістіктер желісіне біріктіре алатын қатты органикалық молекулаларды пайдалануды ұсынған кезде жағдай өзгерді. 1989 жылы ол болашақ MOF түпбейнесі — орнықты координациялық кристалл полимер алды.

Робсонның басты идеясы қаңқаның пішіні мен симметриясын металл геометриясы мен органикалық байламды іріктеп таңдай отырып алдын ала жобалауға болады дегенге құрылды.

Заттың құрылысы кездейсоқ емес екені алғаш рет белгілі болды — оны сәулет құрылысы секілді құрастыруға болады.

Бірақ бұл бастапқы қаңқа әлі де әлсіз еді, еріткішті алып тастағанда ол ыдырап кететін.

Осы саланы дамытудың келесі кезеңі 1990 жылдардағы Сусуму Китагаваның және Омар Ягидің жұмысымен байланысты. Китагава кеуек координациялық құрылымдарды алғаш рет жүйелеп, МОФ-тың үш «буынын» бөлді:

● бірінші буын — ең «осал», кеуек ішіндегі молекуланы алып тастайтын болса, ыдырап кетеді.

● екінші буын — әлдеқайда орнықты, кеуектен барлық молекуланы алып тастағанның өзінде пішіні мен құрылымын сақтайды.

● үшінші буын — ең «ақылдысы», олар тыныс алып жатқандай кеуек өлшемін молекуланы кіргізіп-шығара отырып өзгерте алады.

Омар Яги 1995 жылы жаңа типтегі орнықты МОФ — MOF-5 жасап шығарды, бұл зерттеудің тұтастай бағытына үлгі тізбегі болды. Бұл материал еріткішті алып тастағаннан кейін кристалл құрылымын алғаш рет сақтай алды: ол спонж құсап бос күйінде де пішінді ұстап тұрды. Қатқыл жұпар лиганд 300–350°C дейін термал орнықтылықты қамтамасыз етті және МОФ-ты практикада кеңінен пайдалануға мүмкіндік берді.

Бұл химия инженерлік ғылымға айналғанының айғағы. Робсон қалай құрастыруды, Китагава қалай тыныс алуды, ал Яги қалай берік тұрғызуды көрсетті. Олардың жұмысы әрбір байланыс — ойластырылған деталь, ал беріктік құрылымдағы үйлесімнің салдары екенін көрсететін заттарды жобалауды үйретті.

Металл-органика қаңқа құрылымы — қазіргі химияда ең жылдам дамып жатқан материалдар бағытының бірі. Қазірдің өзінде МОФ құрылымның 100 мыңнан астам түрі белгілі, әрқайсы кеуек, икемділік, термал және химиялық тұрақтылық сияқты қасиеттердің бірегей үйлесімімен ерекшеленеді. Осының арқасында олар газ айыру мен сақтаудан бастап, энергия катализі, сенсор және сақтағышқа дейінгі түрлі салада қолданылады.

Қазіргі заманғы химия жай ғана зат алу аясынан әлдеқашан шығып кетті. Қазіргі кезде ол — материалдарды нақты бір қызметке арнап жобалау туралы ғылым.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі зертханамызда біз дәл осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз — металл-органика қаңқа құрылымын синтездейміз, оған қажет қасиетті енгіземіз. Біз материалдың «жалпы түрін» емес, оны белгілі бір мақсатқа арнап жасаймыз.

Электр химиктері үшін бұл — ионды және электронды жылдам тасымалдауға және көп реттік заряд-разряд циклы кезінде орнықтылықты сақтауға қабілетті өткізгіш кеуек құрылым. Мұндай MOF металл-ион аккумуляторларына келешекте қолданылатын материалдар деп қарастырылып отыр.

Экологтарға ауа, су және топырақ сынамасын алуға арналған әмбебап сорбенттер секілді басқа материалдар жасап жатырмыз. Бұл жерде бастысы өткізгіштік емес, химиялық және термал орнықтылық, сондай-ақ ластағыштардың із қалдыратын мөлшерін табуға мүмкіндік беретін көлемі үлкен беткі қабат.

Филолог Иван Полторацкий: Мажар жазушысы Нобель сыйлығын не үшін алды?

Әдебиеттен Нобель сыйлығын «апокалипсис сұмдығының арасынан өнердің күшін растайтын сенімді әрі визионерлік шығармашылығы үшін» мажар жазушысы Ласло Краснахоркаи алды.

Ласло Краснахоркаидың өзі бір сұхбатында былай деген еді: «Негізі, дағдарыс кезеңінде өмір қарқынды болады. Ешқандай да бейбітшілік жоқ. Соғыс жағдайында өмір сүру қалыпты нәрсе. Апокалипсисті күтудің қажеті жоқ — біз онсыз да сонда өмір сүріп жатқанымызды түсінуіміз қажет. Ақырзаман басталып қойған».

Бұл апокалипсиске қарсылық таныту кезеңінде өмір сүріп жатқанымыздың тағы бір айғағы. Ақырзаман әлі келген жоқ, бірақ үнемі сонау жерден менмұндалап тұрады. Оны бәріміз сеземіз, оны Нобель комитетінің қазылар алқасы да сезеді.

Әдебиет апокалипсиске қарсы тұру құралдарының біріне айналып келе жатыр.

Мажар әдебиетінің классигі Ласло Краснахоркаи романдарын 1977 жылдан бері жариялап келе жатыр және әдебиеттен Нобель сыйлығына бұрыннан үміткер. Оның романдарын саф күйдегі әдебиет деуге болады — өмірде бар барлық дүниені сыйғызған шексіз сана ағыны.

Ласло Краснахоркаи Бела Таррдың «Ібілістің биі» (1994) деген атақты фильмі арқылы танымал, себебі картина жазушының аттас романының желісімен түсірілді. Сонымен қатар, Ласло осы фильмге сценарий жазды. Картина жеті сағатқа созылады, пландар үздіксіз жалғаса береді (10 минутқа дейін), оқиғалар екі күнге сыйып кетеді, ал экзистенция сұмдығы ешқашан бітпейді.

Фото kinopoisk.ru сайтынан алынды

Бұл роман поэтикасына дәлме-дәл сәйкес келеді — өзіміздің кім екенімізді және қайдан келгенімізді түсіну үшін кейінгі социализмнің сұрқай дүниесіне терең бойлаймыз. Өлі ауыл өлі мессияны күтеді, әйтсе де болашақ дәуірдің туатынына үміт артады.

Ласло Краснахоркаиды оқу қиын, бірақ қажет, себебі бұл энтропияға қарсылық танытуға күш табатын өнер. Ласло Краснахоркаидың монументал романдары 2025 жылы Нобель сыйлығын алуға әбден лайық.