2587
28 октября 2025
Ғалия Байжанова, киносыншы, арнайы Власть үшін

«Бақыт құшағында»: қазақша «Ла-Ла Ленд»

Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары арқау болған мюзикл прокатқа шықты

«Бақыт құшағында»: қазақша «Ла-Ла Ленд»

Өткен аптада Санат Шапашовтың «Бақыт құшағында» мюзиклі прокатқа шықты, оған ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары арқау болды. Қиын жанр әрі дебютант түсіргеніне қарамай, картина жақсы шыққан. Сүйікті әндеріміз айтылатын көркем, жылы, мейірімді кино.

Былтырғы жылды Қазақстан кинематографында сәтсіз шыққан мюзиклдар жылы деуге болады. «Қазақфильм» әйгілі «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің Равиль Трумов түсірген «Бізге дәрігер керек» ремейкін бір рет көрсетіп, қатты сынға ұшырады. Талантты Фархат Шәріповтың A’Studio шығармашылығына арналған мюзиклінің де жолы болған жоқ. Оның фильмі екі нұсқада шығып еді: «Стоп, ночь» деген продюсерлік нұсқасы прокатқа шықты, «Солдат любви» деп аталатын режиссерлік нұсқасы фестивальдерге аттанды. Прокатқа соны шығару керек еді, әйтсе де, екі жұмысты да керемет дей алмаймыз.

Санат Шапашовтың мюзиклі басқаша болып шыққаны қуантады. Картина көрерменнің көбінің көңілінен шығатындай жағымды, жеңіл, оның үстіне фильмде Қалдаяқовтың мәңгі өлмейтін хит әндері шырқалады. Мюзиклдің өзі де жанрға тән дәстүрден ауытқымаған, тіпті Голливудтың жаңа классикасынан да («Ла-Ла Ленд»), Қалдаяқов өмір сүрген дәуірден де шабыт алғаны байқалады, заманауи контексті де ұмытпаған. Бір сөзбен айтқанда, Санат Шапашов New York Film Academy оқу орнында бекер оқымаған екен. «Дос-Мұқасан» музыкалық байопигін керемет түсірген Айдын Сахаманның касса табысын қайталап қалар деген сенім бар.

«Бақыт құшағында» не туралы?

Сюжетіне келсек, Қазақстан Олимпіне апаратын қиын жол іспетті — Астанадағы кептелісте екі адам кездеседі: келешегінен үміті мол, жақсы жұмыс іздеп, сұхбаттан сұхбатқа шапқылап жүрген Бақыт деген жігіт (Дәурен Серғазин) пен іскерлік кездесуге асыққан әдемі әрі пысық қыз Әнім. Арасында үлкен сезім тұтанғанға дейін екеуі бірнеше рет жолығады; бір-біріне сезімін білдіргенге дейін олар астаналық көкелер мен қызды тезірек ұзатып жіберуді армандайтын туыстардан бастап, өмірдің басты таңдауына дейінгі біраз сынақтан өтеді. Мансап пен жылы кресло жеңе ме, әлде махаббат алдыңғы орынға шыға ма?

«Ла-Ла Ленд» желісі де осыған ұқсас еді, тек кептелісте кафеде уақытша істеп жүрген жас актриса (Эмма Стоун) мен жолы болмай жүрген джаз пианисі Себастьян (Райан Гослинг) кездеседі. «Ла-Ла Ленд» Лос-Анжелеске айтылған арнау мен махаббаттың орнына мансапты таңдаған миллиондаған миллениалдың әнұранына айналды, ал «Бақыт құшағында» Астанаға және Қазақстанның жас, пысық, үлкен мақсаты бар, ең бастысы, махаббатты ұмытпаған жаңа ұрпағына арналған сезім іспетті. Осы тұрғыда, жұлдыздар қаласы биікке ұмтылған барлық адамның жеке бақытын тартып алады деген Шазелге қарағанда Шапашов романтикасы күштірек болып шықты.

Оның үстіне, Санат Шапашовтың киносы ойдан құрастырылған қияли ертегі емес, өмірде кездесіп жүрген сюжет — екі дипломы бар жігіт жұмыс іздейді, бірақ көмекші қызметін ғана табады. Інісі сырқат болғандықтан көп жұмыс істеуі қажет, інісінің денсаулығы ағасының табысына тікелей байланысты. Ірі компанияда мансабын бастаған бойжеткен бір жағынан әйелдердің еркектермен тең болғанына мүмкіндік бермейтін патриархал жүйемен бетпе-бет келсе, екінші жағынан әуейі бастығына төзуге мәжбүр. Айтпақшы, залым кейіпкерді Азамат Сатыбалды керемет ойнады. Ол ойнаған рөл тек мадаққа лайық, тек бір кінәраты — енді Қалдаяқовтың «Сен сұлу» әні жағымсыз кейіпкерді еске түсіреді. Негізі бұл ән ғашық бозбаланың сезім білдіруі туралы еді. Сценарий жазған Санат Шапашовтың, Ринат Сүлейменовтың, Әнел Оспанованың, Перизат Мырзахметтің сіңірген еңбегі көрініп тұр, Астана пейзажына романтиканы үйлестіре білген. «Ла-Ла Лендке» ұқсас ірілі-ұсақты көріністерінің болуы (жұлдызды аспан сахнасын қараңыз) ештеңе емес, сонда да вайбы бірегей, қазақша болып шықты.

Дұрыс жасалған мюзикл

Актерлер құрамы да өзін жақсы жағынан көрсетті, мысалы, тартымды Дәурен Серғазин барлық әнді өзі айтады әрі дауысы да жақсы, ал Әлия Әнуарбек 13 жыл бұрын шыққан Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмінен кейін үлкен киноға сәтті оралды деуге болады. «Бақыт құшағында» картинасындағы пысық, бірақ қиялшыл бойжеткен рөлі оған әдемі жарасады. «Кейіпкердің жақын досы» кейпіндегі Шах-Мұрат Оспанов та, «бас кейіпкердің жақын құрбысы» рөліндегі Айнұр Ілиясова да үйлесіп тұр.

Фильмнің музыка жағы да мінсіз, біріншіден, Қалдаяқов әндерінің барлығы хит, бұрын да шырқалды, қазір де өтімді, әлі де көңіл төрінен түспек емес. Шәмші әндері концерттерде, тойларда, үйдегі отырыстарды айтылып жүр. Табыстың жартысына осы жайттың үлесі бар. «Бақыт құшағында» картинасына jukebox-мюзикл форматы таңдалғаны, яғни уақыт сынынан өткен танымал әндердің ғана шырқалуы тегін емес. Екіншіден, мюзикл үшін Шәмші Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелдеуімен арнайы жазылды. Музыка материалдарына қатысты жұмыс тиянақты жасалсын деп композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен жары Ботагөз шақырылды.

«Бақыт құшағында» фильмінің хореографиясы да жақсы, одан экрандағы барлық қозғалысты клипке, музыка ырғағындағы биге айналдырып жіберетін, қимылы ерсі қажетсіз би көрмейсіз. Керісінше, бұл жерде барлық қимыл өз деңгейінде, контекске сай құрылған. Екі жүзден астам адам қатысатын ауқымды сахнаның өзі жақсы жасалған. Билерін дайындауға бір ай кетті. Фильмді түсіруге Голливудтан кинокамера әкелінді. Алайда жобаның қоюшы операторы Азамат Жаңабеков («Паралимпиадашы», «Құмар ойыншы», «Тұл») кез келген құрылғымен жақсы түсіре алар еді, өйткені ол қиын жұмыстарды түсіруден қорықпайды, Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиадашы» фильміндегі шаңғы жарысының өзі неге тұрады?!

Бір сөзбен айтқанда, «Бақыт құшағында» мюзиклі көңілден шықты. Авторлар қазақ халқының ең сүйікті композиторының әндеріне қиянат жасаған жоқ, керісінше, барлық хитті бір жерге жинап, жаңаша шырқатты. Романтикалық желісі де баурап алады — режиссер кіршіксіз оқиға арқылы үлкен сезім туралы баяндай алды.

«Бақыт құшағында» «Ла-Ла Ленд» сияқты айтулы фильм бола ма? Біздің аудитория үшін солай болатыны сөзсіз. «Ла-Ла Ленд» жай ғана әдемі әндері бар фильм емес, Голливуд белесіне шыққан және соған жете алмаған барлық шығармашылық адамдарына арналған туынды болды. «Бақыт құшағында» фильмінде автор адам алдында мәңгі тұратын таңдауды көрсете алды, бұл жерде жақсы лауазым мен махаббат арасындағы, отбасы міндеттері мен жеке басының бақыты арасындағы, не істеу керек және нені істегенді қалаймын деген таңдау сөз болды. «Ла-Ла Лендтен» кейін көрерменнің жүрегінде сүйіспеншілікке толы мұң қалса, бұл жерде ондай жоқ. Ал киноны ерекше ететін аудиториямен осындай байланыстың болуы ғой. Егер кино терең эмоцияға себеп болса, сценарийдегі кейбір олқылық та кешіріледі. Материалдың өзінде мұң шақыруға себеп болатын себептер жеткілікті еді. Тіпті Қалдаяқовтың өмірін алып қарасақ, айтуға тұрарлық драма аз емес — ол небәрі 61 жыл өмір сүрді, халық мойындаған композитор болса да, көзі тірі кезінде композиторлар одағының мүшесі бола алмастан кетті. Тіпті «дұрыс гармониясы жоқ» деген желеумен консерваториядан да шығарылды. Оның музыкасына жазылған әндер әлі де айтылып жүр — 26 жасында жазған рух көтеретін «Менің Қазақстаным» әні кейін әнұранға айналды.

Фильм композитордың туғанына 95 жыл толуына орай шықты. Мемлекеттен қаржы алған жоқ. Картина прокатқа маусым қызған шақта — Жаңа жылда немесе Наурызда шыққанда, касса әлдеқайда көп болар ме еді. Фильмді міндетті түрде көріңіз, мұндай дүниені қолдау қажет.