Парламент бір палаталы болып өзгергеннен кейін Қазақстанда заң шығару институтының өкілеттігі кеңейеді, бірақ президенттік билік сақталады. Депутаттар құрамы сайлаудың пропорционал жүйесімен анықталады, бірақ елде жергілікті деңгейдегі мажоритарлық жүйе сақталады. Бұл туралы сейсенбі күні алдағы парламент реформасына қатысты журналистермен кездесуде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Ол бұл өзгерісті кейінгі жылдары болған үлкен реформаның бір бөлігі деп атады. Бұлар егжей-тегжейлі жоспарланған жоқ, алайда кенеттен болған нәрсе деп те айтуға болмайды.
Тамара Вааль, «Власть» басылымы: Бірінші жұмыс тобының отырысында парламент реформасының аясында Конституцияға қырықтан астам түзету енгізілетіні айтылды. Қандай негізгі түзетулер болатынын шамалап болса да айтуға бола ма?
Біздің негізгі заңымызда 99 бап бар, әлеуметтік желілерде неліктен [түзету] көп деген сұрақ қойылып жатыр. Бұл Конституцияны жаңартқанмен пара-пар. 40 түзету бар, өйткені парламент — кез келген жүйенің тірегі. Қазіргі Конституцияда парламентке, президент пен үкімет институттарына тұтастай бөлім арналған. «Президент» және «Үкімет» бөлімдерінде осы институттардың парламентпен қарым-қатынасына — өзара әрекет тәртібіне, процедуралық мәселелерді шешуге қатысты баптар бар. Барлығын біріктірсек түзету саны осылай болып шығады.
Бірақ қазір парламент қызметіне қатысты баптар туралы ғана сөз болып отырған жоқ. Президент айтқандай, кейбір сарапшылар алдағы реформа тақырыбын, өкінішке қарай, тым қарадүрсін, сенатты тарату деп қана қабылдайды. Алдағы парламент реформасы — механикалық процесс емес. Бұл жерде толыққанды жеке институт — бір палаталы парламент құру туралы сөз болып отыр.
Әлеуметтік желідегі тағы бір кең тараған пікір: қоғамда бір палаталы парламентке өтуді барлығы қолдайды, оны талқылау несіне қажет? Жұмыс тобын құрудың не қажеті бар? Референдум өткізуге шығындалудың қажеті қанша? Бұлай жеңіл-желпі қарауға болмайды. Шын мәнінде бізге көп мәселені қарау қажет.
Аян Өрібай, Tizgin.kz басылымы: Мажоритарлық жүйе бойынша сұрақ. Әуелі бұл жақсы реформа ретінде таныстырылып, іске асып, халық қалаған кейбір депутаттар парламентке келді. Парламенттің келесі құрамында осы жүйемен жекелеген азаматтар сайлауға түсе алмайтыны шешілген мәселе ме? Мәселен, кез келген партиямен көзқарасы, пайым-пікірі сәйкес келмеуі, өзін ұсынғысы келуі мүмкін. Бұл тұрғыда нақты қандай шешім болады?
Біз бір палаталы парламентке көшкен жағдайда ол пропорционал жүйемен құрылса дейміз. Ол мәселені де жан-жақты пысықтадық. Негізгі сарапшылар бұл ойды қолдап отыр. Партиялардың, фракциялардың басшыларымен де кездестім. Олар қолдап отыр. Біз мажоритар жүйеден кетіп жатқан жоқпыз, соны ескеру керек. Мажоритар сайлау жүйесі жергілікті жерде қалады. Себебі қазір облыстық мәслихат депутаттарының 50%-ы бір мандатты болса, қалған 50%-ы пропорционал жүйемен сайланады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары толық мажоритар принциппен бір мандатты округ арқылы сайланады. Неге? Себебі олар жергілікті халықпен жұмыс істейді, нақты елді мекендегі мәселелерді шешумен айналысады. Сол себепті жергілікті жерде бір мандатты, мажоритар жүйе сақталуы керек деп ойлаймыз. Сайлаушылар, тұрғындар белгілі бір депутатты сайлап, сол депутат арқылы елді мекендегі мәселелерді тікелей шешуге тиіс.
2022 жылға дейін облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар да толығымен пропорционал жүйемен сайланды. Бізде мажоритар сайлау жүйесі мүлде болған жоқ. Оның үстіне бұл реформаларға жүйелі қарау керек. Тікелей сайлау жүйесі біздің жағдайда кеңейіп келеді. Азаматтардың жергілікті өңірде өз депутаттарын, ауыл мен аудан әкімін де сайлауға құқығы кеңейді. Мұндай саяси тәжірибе аймақта тек біздің елде бар.
Парламентке келер болсақ, пропорционал жүйе өзін толығымен ақтайды. Мұнда бір мәселені ескеру керек: бір мандатты округтер арқылы сайлау жүйесін идеалдандыруға болмайды. Бір мандатты округтер арқылы тек тәуелсіз кандидаттар өтеді екен, ал пропорционал жүйеде тек тәуелді кандидаттар келеді деп, екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Бір мандатты округтер арқылы партия өкілдері сайлауға түсе алады, түсті де. Көп жағдайда үлкен ресурсы бар үміткерлер сайлауға түсіп жатыр. Көптеген облыстан келген депутаттар, мәселен, бізде бір мандатты. Екі округ болған күннің өзінде де азаматтарға (партияға кірмеген) сайлау науқанын өткізу оңай емес, оған да үлкен мүмкіндік, ұйымдастыру ресурсы керек.
Мажоритар жүйені мінсіз деуге келмейді. Оның да кері тұстары бар. 2023 жылы оны көрдік. Мәселен, соның бірі — трайбализм. Мұндай бар екенін ашық айтайық. Кейбір округтерде үміткерлердің сайлау бағдарламасы, харизмасы, артықшылығы емес, шыққан тегі, туыстығы есепке алынды. Ол да кері әсерін тигізді. Бір мандатты округ арқылы әйелдер, мүгедектігі бар адамдар жеңіске жетіп, осындай мүмкіндікке ие болды ма? Керісінше, пропорционал сайлау жүйесі арқылы партиялық тізімде квота болғанының арқасында бүгінгі таңда парламентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар өкілдікке ие болды. Жастар келді.
Кейбір сарапшылардың «бір палаталы парламентке көшкен жағдайда заңдардың сапасы төмендеп кетпей ме?!» деген уәжі бар. Міне, сондықтан парламентке кәсіби мамандар келу қажеттігі одан бері арта түседі. БАҚ өкілдері кейде кейбір депутаттарға «мемлекеттік басқаруда тәжірибесі жоқ, басқа саланың өкілі, мамандар керек» деп сын айтып жатады. Пропорционал сайлау жүйесі осындай кәсіби мамандардың келуіне көп жағдай жасайды. Себебі бір палаталы парламентке жауапкершілік одан бетер арта түседі. Енді жоғары палатасыз оның өзі заң жобасын толық, басынан аяғына дейін талқылайды.
Армангүл Тоқтамұрат, Qazaqstan телеарнасы: Қазақстанда бірқатар саяси реформа іске асты. 2023 жылдың өзінде референдум болды. Парламентке ешқашан болмаған алты партия кірді. Президент енді бір палаталы парламент құру бастамасын көтерді. Реформалардың жоспарланған мерзімі неге ұзақ уақытқа созылады? Неге оларды жедел іске асырмасқа?
Бір палаталы парламентке көшкеннен кейін қосымша сұрақтар пайда болады. Мысалы, парламентте депутаттардың саны қанша болуы керек? Көбейе ме, азая ма? Сондықтан қазір біздің сарапшылар әлем тәжірибесін зерттеп жатыр. Белгілі бір норматив немесе стандарт бар ма? Бір елдерде халықтың саны ескеріледі. Тағы бір елде сайлаушылар саны есепке алынады. Енді бір мемлекеттерде тек бекітілген депутаттар саны ғана бар. Халық саны өссе де, депутаттар саны өзгермейді. Әртүрлі елде әртүрлі норма бар. Біз де солардың бәрін зерттеп, қайсы тиімді екенін талдап жатырмыз.
Депутаттар саны айқындалған соң парламенттегі комитеттер саны бар. Жеті комитет қала ма, әлде қосымша комитеттер қосыла ма? Мұның бәрі жеребемен шешілмейді. Дауысқа сала салып, жұмыс тобында 120 болсын немесе 90 болсын деп шеше салмаймыз.
Біздің елдің ерекшелігіне сай келетін, саяси жүйенің қызметін есепке алатын негізі, арқауы бар амал-әдістер керек. Сарапшылар бәрін зерттегеннен кейін, оның бәрін жұмыс тобының талқылауына шығарамыз. Жұмыс тобына қазір алты партияның фракция жетекшілері қатысып отыр. Алты партияның ұстанымы әртүрлі. Мысалы, бір партия мажоритар сайлау жүйесін мәслихаттар деңгейінен де алып тастайық дейді. Біз оны сақтаймыз деп отырмыз.
Абай Тіленшиев, Abay Life подкасты: Партияларды тіркеуге қатысты өзгеріс бола ма? Бәлкім, партия мүшелерінің санына қатысты квота төмендейтін шығар, жаңа партиялар үшін мүмкіндік көбейетін шығар? Әлде, керісінше, партиялар күшейе ме?
Партиялардың жұмысына қатысты барлық реформаны, өзгерісті 2019 жылдан бастап қолға алдық деп ойлаймын, «Партиялар туралы» заң бар, басқасы бар. [Сол кезде] саяси партиялар үшін сайлауға түсу шегін төмендеттік, оларды тіркеу процедурасын жеңілдеттік. Тағы бір маңызды норма — парламент оппозициясы туралы норма қабылдадық. Өзін азшылық партия ретінде мәлімдеген партия комитеттердің біріне төраға лауазымына және екі комитеттің хатшысы қызметіне кандидатын ұсына алады. Олар үкімет сағаты мен парламент тыңдауын өткізуге бастама көтере алады. Сол кезден бері партиялар осы регламентті игере бастады. Партияларға қандай да бір процедураны, регламентті пайдалануға мүмкіндік беретін барлық қажет реформа іске асып қойды.
Армангүл Тоқтамұрат, Qazaqstan телеарнасы: Жаңадан құрылған партиялар парламентке кіруі мүмкін бе?
Ол бізге қойылатын сұрақ емес. Бастамашыл топтарға, осындай партия құрғысы келетін азаматтарға байланысты. Мүмкіндігінше барлық рәсім жеңілдетілді. Партияға мүше болуға тиіс азаматтардың саны қысқарды.
Ерболат Мұхамеджан, Jibek Joly: Бұл бұрынғы, 2022-2023 жылы жасалған реформалардың жалғасы ма? Әлде жоспарлы түрде болды ма? Себебі қоғамда айтылып жүргенімен, cенаттың тарайтынын, мәжілістің күшейетінін ешкім күтпеді.
2019 жылдан бастап жыл сайын белгілі бір саяси бастамаларды көтеріп, оларды жүзеге асырып келдік. Кезең-кезеңімен әрбір элементті орнықтырып, бір-біріне жалғап, қосып келе жатырмыз. Бір-біріне қатысы жоқ, қисынсыз реформалар болса, ең қауіпті жол осы болар еді. Сондықтан, әрине, саяси бағытта жасалып жатқан барлық қадам мазмұны, ішкі логикасы тұрғысынан өзара байланысты.
Бірақ біз белгілі бір реформаны реформа үшін ғана емес, қажеттілік, бірінші кезекте функционалдық қажеттілік тұрғысынан қарастырамыз. Алдын ала бәрін жоспарлап қойды деп те айтуға болмайды. Ойда жоқта деп те айта алмаймыз. Партиялардың қазір бір палаталы парламент аясында жұмыс істеуіне қабілеті де, мүмкіндігі де жететінін, қоғамның ішінде сұраныс пен талаптың бар екенін көріп отырмыз. Қазіргі саяси мәдениетті бес-алты, жеті жыл бұрынғымен салыстыруға болмайды. Бәрі қосыла келе реформаны бізге осы кезеңде көтеруге, осы уақытта жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Абай Тіленшиев, Abay Life подкасты: Парламенттің жаңа шақырылымынан кейін артынша президент сайлауы болады. Конституциядағы 40 бапты ауыстырамыз десек, президент туралы бөліміне ол қалай әсерін тигізеді? Президент пен парламенттің құзіреті шамамен қалай бөлінуі мүмкін?
Міндетті түрде президент пен үкіметке қатысты баптарға да белгілі бір редакцияны енгізу, өзара сәйкестендіру қажет болады. Мәселен, бұрынғы сенат және мәжіліс деген сөздердің орнына енді парламент деген сөз болады. Кейбір мемлекеттік органдардың басшыларын кім тағайындайды, кадрлық мәселені кім шешеді, аудиторлық палатаның құрамы қалай анықталады деген сұрақтар шешіледі. Парламенттің өкілеттігі, әрине, едәуір күшейеді.
Тамара Вааль, «Власть» басылымы: Бірақ біз парламенттік республика болмаймыз ба?
Жоқ. Алдағы парламент реформасы, әрине, парламенттің өкілеттігі мен беделін күшейтеді. Бірақ президент Қазақстан президенттік республика болып қалады дегенді текке айтып жүрген жоқ.
Тамара Вааль, «Власть» басылымы: Бұл ерте қойылған сұрақ шығар, бірақ парламент реформасынан кейін премьер-министрдің алар орны қандай болмақ? Оның өкілеттігі бір палаталы парламент спикерінің өкілеттігіне қайшы келіп қалмай ма?
Әзірге білмеймін, бірақ бұл өзгерістегі ұсақ-түйек қой.
Тамара Вааль, «Власть» басылымы: Бұрынғы президент болсын, қазіргі, болашақ президент болсын, оның парламент спикері орнына ұмтылу құқығы бола ма, жалпы сондай басымдық беріле ме? Осындай мәселелер талқылануы мүмкін бе?
Жастардың тілімен айтсақ, спойлер жасай алмаймын. Алда парламент реформасының бірнеше маусымы бар. Конституциялық мерзімге сәйкес, бізде парламент сайлауы 2028 жылы өтуге тиіс. Өкілеттілік [депутаттардың] наурызда аяқталады, сайлау 2027 жылғы қазан айынан кейін жариялануы керек.
Біз барлық мәселені нақтылағаннан кейін референдум аясында қоғам талқысы болады. Содан кейін, Конституцияның жаңа нормаларына сәйкес, тиісті заңдарға өзгерту енгізуіміз керек. Пікірталас парламенттің өзінде де болады. Сондықтан нақты бір нормалар немесе мәселелер туралы айтуға әлі ерте. Жұмыс тобы жұмысын енді бастады.
Тамара Вааль, «Власть» басылымы: Қазіргі шақырылымдағы депуттардың барлық заңды қабылдауға кем дегенде жарты жылы болуы үшін референдум 2027 жылғы жазда өтуі мүмкін бе?
Білмеймін. Мұның бәрі жұмыс тобының мазмұнына, талқының қарқынына байланысты. Негізгі мәселелер бойынша аса бір пікірталас жоқ. Алайда қандай мәселе бойынша ымыраға келу қажет болатынын айту қиын. Қазір болжау мүмкін емес.
Тамара Вааль, «Власть» басылымы: Жұмыс тобының келесі отырысы қашан болады және журналистер отырысқа кіре ала ма?
Жұмыс тобының мүшелеріне жеке ұсыныстарын әзірлеуге бір ай уақыт береміз деп келістік. 15 қарашаға дейін олар бізге жақсылап дайындалған ұсыныстарын жіберуі керек. Осыдан кейін бәрін қорытып, блоктарға бөлу үшін кем дегенде тағы бір-екі апта қажет болады. Демек, екінші отырыс қараша айының соңында — желтоқсан айының басында өтеді, қазіргі жоспарымыз осындай.
Сөз соңында Қарин жұмыс тобының отырысына БАҚ өкілдері қатыспайтынын айтты. Бірақ талқының мәні мен қабылданған шешімдерді айту үшін әр отырыстан кейін журналистермен кездесіп тұруға уәде берді.
Бұл сұхбат ықшамдалып, оқуға ыңғайлы болу үшін редакцияланды.
Поддержите журналистику, которой доверяют.