1156
4 ноября 2025
Алмас Қайсар, Власть, фото knews.kg

Лейла Сейітбек, құқық қорғаушы: «Еуропада Орталық Азияның босқындарын қолдайтын желі жоқ»

Құқық қорғау, Еуропадағы көші-қон саясаты және Орталық Азия диссиденттері туралы сұхбат

Лейла Сейітбек, құқық қорғаушы: «Еуропада Орталық Азияның босқындарын қолдайтын желі жоқ»

Құқық қорғаушы әрі белсенді Лейла Сейітбек 2016 жылы биліктің саяси қысымынан кейін отбасымен бірге Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болды. Сол кезден бері ол Аустрия астанасы Венаға тұрақтап, сол жерде босқын мәртебесін алды және «Еуразияға еркіндік» (Freedom for Eurasia) құқық қорғау ұйымын құрды.

Бұл ұйымда олар Орталық Азия билігіндегі жемқорлық, әйелдер құқығы туралы баяндамалар шығарады, сондай-ақ Еуропада пана іздеген адамдарға қолдау көрсетеді.

«Власть» Сейітбекпен Еуропаға Орталық Азиядан барған босқындар ісі не болып жатқаны туралы және пана алу процедурасы туралы әңгімелесті.

Әңгімені әріден бастайық. Қалай құқық қорғаумен айналыса бастағаныңызды айтып беріңізші?

Студент кезден бастап, саналы ғұмырымда белсенділікпен айналысып келе жатырмын. Түрлі ұйымдармен, соның ішінде шетелдегі ұйымдармен ынтымақтасып жұмыс істедім. Түрлі күрделі тақырыптарды қозғадық. Мысалы, солардың бірі Оштағы қақтығыс (2010 жылы сәуір революциясынан кейін болған этносаралық қақтығыс — В.). Сол кезде ақпарат жинап, сауалнама жүргіздім.

Осының бәрі мемлекеттік қызметшілер мен шенеуніктердің заң бұзуына қатысты іспен айналысатын белсенді болуыма алып келді. Жергілікті шенеунік алдап кетті деп адамдар хабарласқан 2015 жыл бетбұрыс кезеңі болды. Шенеунік адамдарға жер алып беремін деп уәде еткен, келісімшартқа қол қойған, ақша жинаған, бірақ ешқайсын орындамаған. Осыдан кейін мыңдаған адам наразылық танытты.

Ол кезде қаржы полициясы бар еді, мен соған арыз жазуға көмектестім. Біз қылмыстық іс ашуға дейін бардық, ал шенеунік Атамбаевқа (Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. — В.) жақындығы бар ықпалды адам еді.

Сол кезде мемлекеттік телеарналардан маған қарсы ақпараттық кампания басталды. Негізі өзімді ірі белсенділер қатарына ешқашан жатқызған емеспін, сондықтан мұндай шабуыл болады деп күтпеп едім. Олар жаңалықтарда мені Батыстың агенті, америкалық жансыз деп көрсетті. Менің суретімді америкалық ұшақтардың фонына қойып, күлкілі фото жасады, олардың сөзінше, мен Қырғызстанда наразылық ұйымдастырып, ахуалды ушықтырмақшы екенмін.

Сол кезде анаммен тілдесе алмадым, үш күн қоңырау шала алмай, қатты ұялдым. Пропаганданың тәсіліне қарап өзім де сеніп қала жаздағаным үшін ұялдым. Анам маған өзі қоңырау шалды, ештеңе сұраған жоқ, мені жақсы көретінін, маған сенетінін айтты. Бұл маған күш берді.

Оштағы қақтығыс, фото AP Photo

Бірақ, 2016 жылдың басында менің үстімнен қылмыстық іс қозғалмақшы деген ақпарат келді. Бір күні бір топ ер адам ізімізге түсіп, жолда тоқтатып алып, автокөліктің есігін ашпақ болды. Кейінірек тергеуші қоңырау шалып, сөйлесуге шақырды. Мұны жаман белгі деп шештім. Сол күні күйеуіммен және баламмен бірге үйден кетіп қалдық. Содан кейін оралған жоқпыз. Сол кезде дос деп санаған адамдарға хабарластық. Біреуі қырғыз консулы еді. Олар мені және отбасымды бірер уақыт жасырып ұстады, әрине.

Бірақ олар адамдарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтың мүшесі болып шықты. Мен солардың талабын орындауға мәжбүр болдым, өйткені төрт жастағы ұлыммен бірге солардың қолында едік. Олар бізді ақырында елден алып шықты, бірақ бізді бопсалады.

Еуропаға жеткен соң оларды полицияға хабарладық. Аустрия соты біреуін соттады, қалған екеуі әлі күнге дейін Қырғызстанда, ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ. Әзірге.

Аустрияға осылай жеттім. Бұл менің алғашқы қауіпсіз елім болды. 2016 жылы босқын статусына арыз беріп, сол дәрежені 2021 жылы алдым. Босқын атану процедурасы ұзақ әрі қиын болды. Менің үстімнен әдеттегідей саяси бап бойынша емес, алаяқтық бойынша іс қозғалуы жағдайды қиындатты. Авторитар елдердің билігі жалпы қылмыс сипатындағы айыпты және қаржы заңнамасын бұзу айыбын қолданатыны қазір айқын бола түсті. Осыған дейін бұл аса белгілі болған жоқ. Осы уақыт аралығында құқық қорғаушылармен ынтымақтастығымды жалғастырдым. Біз 2015-2016 жылдары елде репрессия күшейген кезде елден қашқан тәжік оппозициясына көмектестік. Бірақ дәл осы уақытта Ауғанстан мен Сириядан барған босқындардың ағылуы жағдайды қиындатты.

Эмиграцияның алғашқы жылдарында мен аса көзге түспеуге тырыстым, өйткені ешқандай қорғаным болған жоқ, содан қорықтым. Оның үстіне менің және жарымның үстінен қозғалған қылмыстық іс болды, бұл әлі күнге дейін жабылған жоқ. Өзімді және жұбайымды Медиазона жариялаған ресейлік іздеу базасынан да таптым. Статус алғанға дейін бірнеше ай бұрын Freedom for Eurasia ұйымын тіркеп, жемқорлықты және оның адам құқығын бұзуға әсерін зерттеу жұмысын қолға алдым. Жұмысымыз басталған кезде Орталық Азия диссиденттерінің үлкен кейстері пайда болды.

Босқындарға көмек қалай көрсетілді?

Біз құжат, өтініш әзірлейміз, әрбір босқын ісі бойынша түрлі құқық қорғау ұйымдарынан дәлел мен анықтама жинаймыз. Бұл үлкен рөл атқарады, себебі Еуропа елдерінде көші-қон қызметтерінің Орталық Азия туралы түсінігі тым аз. Сонымен қатар босқынның адвокаты болмаған жағдайда сәйкес келетін адвокат іздеуге көмектесеміз. Интерполға жіберілген іздеудің күшін жоюға, Еуропаның адам құқығы бойынша сотына шағым беруге көмектесеміз, сондай-ақ босқындарға қатысты сотқа аймақ елдері бойынша сарапшы ретінде қатысамыз.

Өзіне қатысты дәлел келтіру ауыртпалығы босқынның өзіне артылатынын түсіну қажет, алайда олардың көбі осы процедураға тап болғанда не айту керегін білмейді. Өзім де сұхбатқа келген кезде не айтарымды білмегенім есімде. Қазір адамның тарихына қарап отырып қандай деректі баса айту керек екенін, қандай деректің аса маңызы жоқ, сондықтан көрсетпеуге болатынын түсінемін. Босқындарға арналған немесе пана сұрауға қалай өтініш беру керек деген ешқандай тренинг жоқ.

Біздің диссиденттер Еуропаға келгенде, оларды осы жолдан өтуге көмектесетін ешқандай қолдау желісі жоқ. Сонысы жаман.

Ресейліктер мен белорустардың ұйымдары көп. Бізде түк жоқ. Диссиденттерді эвакуациялаумен айналысатын ешқандай арнаулы ұйым жоқ. Ресейліктерде мұндай ұйым бар. Мұндай ұйымдардың билет алуға ақшасы бар, оларға виза алып беруге мүмкіндік бар. Біздің диссиденттер ешкімді қызықтырмайтындай көрінеді. Әйтсе де, ресейліктермен немесе белорустермен салыстырғанда біздің босқындар саны аз демес едім.

Көші-қон қызметтеріндегі офицерлер Орталық Азия автократиясы бойынша білгір маман болуы керек демейміз. Алайда оларға айналамызды автократия қоршаған заманға қайта оралып жатқанымызды түсіндіруге мәжбүрміз. Жалпы автократияның не екенін түсіндіруіміз керек. Мысалы, алғашқы сұхбатым кезінде офицермен сөйлескенімде, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті [қырғыз арнайы қызметі — В.] туралы айтқан кезде ол миығынан күлді. ГКНБ деген не дейді. Мен бұл КГБ-ның мұрагері дедім.

Ол: «Ондай да бар ма?». Мен: «Әрине, бар. Жұмысын сәтті жалғастырып жатыр» деймін. КГБ туралы айтсам миығынан күледі, Аяз ата туралы айтып бергендей қарайды. Яғни, ол сенген жоқ. Адамдар КГБ деген Қырғи-қабақ соғыс заманындағы нәрсе деп ойлайды. Түсінесіз бе?

Аймақтағы демократиялық күштердің маңызын және Орталық Азиядан шыққан диссиденттерге көмек берудің маңызын көрсететін құқық қорғау сипатындағы ауқымды ақпараттық науқан қажет.

Лейла Сейітбек тәжік азаматтық қоғамының өкілдерімен

Түсінуімше, кейінгі жылдары Еуропада консерватор және ұлтшыл күштердің позициясы күшейгені жағдайды қиындатып отыр. Сонымен қатар Еуропаның дамыған экономикасына көшіп бару үшін саяси себептерді желеу етеді деген босқындар туралы теріс риторика күшейді.

Иә, ондай риторика бар. Босқын мәртебесін алу процедурасына кіріскенде оған мүлдем жұмыс істеуге болмайды. Мұның қанша жылға созылатыны беймәлім. Босқындарға арналған айлық төлем өте аз — 120 еуро шамасында. 120 еуроны қайда жеткізесің? Көп ештеңе ала алмайсың. Босқындар жатақханаларда тұрады, басқа жерде тұруға болмайды. Егер олигарх болмасаң, пана сұраған елде зәулім үйің болмаса, осылай күн кешесің.

Сұмдық жағдайдан туған мәжбүрлік болмаса, адам мақсатсыз, жай ғана Еуропаға баруға бел байлайды дегенді елестету қиын. Өте салмақты себеп болуы керек, әйтпесе африкалық немесе ауғандық Еуропаға қоныс аударғысы келсе, ол қауіп-қатерге толы жолдан аман жетуі керек. Еуропаның әлеуметтік қорғау жүйесіне қиянат жасаймын деп адам осындай жолды жүріп өтеді дегенді елестете алмаймын.

Босқынның барлығы зорлықшы мен кісі өлтіруші дейтін батыс әсіре оңшыл саясатшылары мен инфлюенсерлерін естісем, төбе шашым тік тұрады. Мен зорлықшы емеспін, ешкімге зорлық көрсеткен жоқпын, ешкімді өлтірген жоқпын. Алайда мен босқынмын.

Мұндай мәнсіз пікірталастың орнына, ауқымды реформа жүргізіп, офицерлер алдында кім тұрғанын түсінуі үшін тренинг өткізу қажет. Босқын статусын күту жүйесінде адамды қинай бермей, тренингтерді, тіл үйрену бағдарламасын, еңбек циклына енуді тездетіп бастаса дұрыс болар еді. Сонда олар пана беруін күтіп босқа отырғаннан гөрі елге пайдалы нәрсе атқарар еді.

Германиядан пана сұрағандарға қарсы наразылық акциясы, фото Getty Images

Еуропада пана алу процесі қалай жүретінін түсіндіріп бере аласыз ба?

Елдің аумағына кіресіз, кірген жеріңізде пана сұрап арыз жазасыз. Болмаса Еуропаға қай елдің визасымен кірсеңіз, сол елге арыз бересіз. Арыз көші-қон қызметіне түседі, олар сұхбатқа келу күнін белгілейді. Процедура кезінде олар сізді жабық мекемеге орналастыруы мүмкін. Әрине, бұл түрме емес, бірақ ол жерде коменданттық уақыт тәртібі болуы мүмкін.

Сұхбатқа дейін офицерге көрсететін материалдарыңызды, уәжіңізді әзірлейсіз. Елде қалу неліктен қауіпті болды? Сонымен қатар, еліңіздегі бір беделді ұйымның баяндамасы қажет. Мұның бәрін түсіндіре алуыңыз керек.

Сұхбат жергілікті тілде өтуі мүмкін, егер тіл білмесеңіз аудармашы беріледі. Аудармашыны мұқият тыңдап, дұрыс аударып жатқанына көз жеткізу қажет. Айталық, тәжіктер ісін алатын болсақ, оларға парсы тілінен аудармашы беріледі. Ал парсы тілі барлық жерде бірдей емес, Ирандағы парсы тілі, Ауғанстандағы парсы тілі бар, т.с.с. Аудармашылар тәжіктерді түсінбай қалатын кездер болады. Тәжіктер де оларды түсіне бермейді. Памирліктерге қатысты осындай проблема туды. Олар парсы тілінде сөйлемейді, өз диалектісі бар, сондықтан аудармашы табу өте қиынға соқты. Германия билігі памирліктерді сұхбатты парсы тілінде өткізуге мәжбүрлемек болды, бірақ олар пана сұраған адамның ана тілінен аударатын тиісті адамды табуға міндетті.

Сұхбаттан кейін офицер тағы бір сұхбат өткізу қажет деп шешеді, болмаса не статус береді, не бас тартады. Көбінесе статус беруден бас тартады. Осы бас тарту құжатымен сотқа барасыз. Әдетте сотта шешімдердің жартысының күші жойылады. Бірақ бұл сотты бір жыл күтуіңіз мүмкін. Ол жақтан да бас тартылды деген шешім шықса, одан жоғары инстанцияға бару керек. Әдетте бұл — Конституциялық сот, одан кейін Еуропаның адам құқығы бойынша соты. Барлық жерге арнаулы адвокат қажет, солар арқылы елден шығаруға тыйым сияқты уақытша шараларға да қол жеткізу керек.

Өзіңіз пана алу процедурасынан өттіңіз. Процедура кезіндегі ең қиын проблема қандай, сол кезден бері жағдай қиындай түсті ме?

Еуропадағы көші-қон органдары босқын ісін қарауға қатты тырыспайтындай, оларға тезірек құтылыңдар деген нұсқау келетіндей көрінеді. Іс көбінесе бір жыл, жыл жарым уақытта қаралады, бас тарту деген шешім жиі шығарылады. Бас тарту шешімінің өзіне келтірілген уәж тым әлсіз. Олар қисынды негіз де іздеп жатпайды. Мұндай жағдай сотта да болады. Жай ғана «сенім тудырмайды» деп жаза салады.

Бізде, мысалы, саяси себептермен азапталған, жыныстық зорлық көрген әйел ісі болды, себебі ол оппозициялық топқа кіретін еді. Көші-қон офицері де, бір өкініштісі, әйел төрағалық еткен сот та жыныстық зорлықты маңызды фактор деп санамаймыз, өйткені бұл іс баяғыда болған, соншалықты зақым келтіретіндей емес деп шешті.

Мен сұмдық күйде болдым, өйткені мұндай зақымның жарамдылық мерзімі болмайды. Бұл мәңгі өшпейтін жан жарасы.

Кейбір шешімдер шынымен адамшылыққа жатпайды. Олардың адамшылыққа жатпауы адамдар қатыгез болғаннан емес, немқұрайлық танытқаннан.

Австриядағы босқындар лагері, фото AFP/Getty Images

Олар Орталық Азияға қатысы бар істі қараған кезде мүлдем қызықпайды. Алайда, біз жүргізген істердің арасында Қазақстанға қатысты нәтижелі істер болды. Десек те, мұсылман адамдарға қатысты теріс көзқарас қалыптасқанын байқадық. Олар Қазақстанда азаматтардың басым бөлігі мұсылмандар деп біледі. Онда неліктен мұсылмандар қудалауға ұшырап жүр? Мұны еуропалықтарға түсіндіру қиын.

Жары Германия азаматы, өзі Тәжікстаннан келген Сайдазам Рахмоновқа Германия босқын статусын беруден бас тартқан жағдай болды. Оған отаныңа оралуың керек, жары ретінде виза алуың керек деп айтылды. Ол неміс билігіне бұлай істей алмаймын, елге қайта оралуым өте қауіпті деп, ол жақта азаптауы, тіпті өлтіруі мүмкін екенін жеткізуге тырысты. Ал Германия билігі мұны назарға алған жоқ.

Тәжікстанда билік батыс елдерінен оралған адамдарға күдікпен қарайды, әсіресе сақалы болса қиын. Террористік топтарға жатқызып жібереді. Билік, әсіресе, Германиядан келгендерге қатаң қарайды, өйткені ол жақта режимді сынаушылардан тұратын үлкен диаспора бар.

Сайдазам Рахмонов 6 қазанда тұтқындалды, ал 12 қазанда Тәжікстанда тұратын туыстарына қауіпсіздік органы қызметкерлері оның денесін тапсырды, олар мәйітті жууға рұқсат берген жоқ. Азаптау ізі болғандықтан деп ойлаймын. Алайда билік өзіне қол салды деп хабарлады. Әйелі ол өзіне қол салып өлуді ойлаған емес дейді, Сайдазам Рахмонов визаны күткен және Германия елшілігіне құжат тапсырып үлгерген.

Германияда осыған орай қандай шара қолданылатынын білмеймін, біз неміс билігін тергеу жүргізуді қолға алуға шақырдық.

Босқындар ісін Интерпол арқылы іздеу салу да қиындата түседі, мұны Орталық Азияның барлық елі белсенді түрде өз мақсатына пайдаланып жүр, біз бұған да шағым түсіреміз. Мысалы, бір тәжік отбасы болып еді. Олар оппозицияға жатпайды, бірақ діншіл адамдар. Бір отбасынан 14 адам діни-саяси себеппен айыпталып, түрмеде отыр. Яғни, отбасы толық дерлік қамауда.

Олар соғыс басталғанға дейін Украинаға қашты. Кейін соғыс басталғанда өзге босқындармен бірге Польшаға қашады. Отбасының екі мүшесі, ері мен әйелі Польшада қалды. Әйелінің сіңлісі Бельгияға қашты. Олардың қасында өзінің төрт баласы, жаңағы жұптың екі баласы болды.

Украина босқындарының арасынан ері мен әйелін көрген полиция оларды Польшада пойыздан түсіріп тастайды. Уақытша ұстау изоляторына қамайды. Алдымен әйел тұтқындалды. Ері балаларды әйелінің сіңлісіне қалдырып, өзі жарын іздеуге шығады. Ол да тұтқындалды.

Осы іске келгенде поляктардың әрекеті тым біртүрлі болды. Олар тәжік прокурорларына адамдарды қайтару туралы сұрату құжатын дұрыс толтыруға көмектесті. Өйткені тәжіктер сұратуды дұрыс толтыруды білген жоқ. Яғни, олар адамдарды кері қайтару үшін диктатурамен белсенді түрде істес болды.

Сол әйел мен күйеуі кері қайтарылды. Олар қазір Тәжікстан түрмесінде отыр. Осы жұптың сіңлісі қолында қалған балалармен бірге Бельгиядан пана тапты. Біз бұл істі де жүргіздік. Кескілескен шайқас болды. Тәжікстан билігі оны Ислам мемлекетінің содыры деп айыптады. Қаршадай әйелден қандай содыр шығады?

Біз экстрадицияға қатысты сұратуды орындатқызған жоқпыз. Бір қызығы, Бельгия билігі оның ісін қараған кезде Ресейдің федерация қауіпсіздік қызметінің анықтамасын да іске тіркеді. Сол кезде мен олардан мұныңыз не, ФСБ-ның не екенін білесіздер, сөйте тұра іске ФСБ анықтамасын тіркеп отырсыздар деп сұрадым. Оның қандай құрылым екенін білесіздер ғой? Оларға қалай сенуге болады?

Олар әйел Ислам мемлекетінің мүшесі, күйеуі Талибанда деп мәлімдеді. Бір-біріне жау, бір-бірін өлтіріп жатқан екі ұйымның мүшелері бір отбасында тұрады екен. Абсурд қой.

Сонымен қатар Польшада қарақалпақ босқындарының тобы бар. Олар да босқын статусын алғысы келе ме?

Иә, қазір Польшада үлкен топ бар. Олардың көбі босқын статусын алды. Бірнеше жыл бойы құжатсыз жүрген қарақалпақ та босқын статусын алды. Біз жергілікті поляк заңгерлерінің және құқық қорғаушыларының қолдауымен оған құжат жасадық. Қазір жағдай сәл де болса реттеліп келе жатыр.

Еуропа билігі экономикалық пайда мен ынтымақтастық үшін автократияға дипломатиялық тұрғыдан көз жұма қарайды дейтіндей сарын байқала ма?

Иә. Біз Еуропа билігіне ақшаны басты орынға қоюға болмайды дегенбіз. Осындайда адам құқығы елеусіз қалып қояды. Өкінішке қарай, Еуропа билігінде көрегендікке қайшы позиция кездеседі.

Мысалы, Франция, біздегі ақпарат бойынша, Өзбекстанмен уран өндіруге қатысты инвестициялық келісімшартқа нұқсан келтіруден қорқып, қарақалпақ белсенділеріне жауапкершілік алғысы келмеген. Бұл рас болса — таза екіжүзділік. Франция шешімге келуі керек — не олар адам құқығын қорғайды, не ақшаны басты орынға қояды.

Еуропа билігі аймаққа 12 млрд еуро инвестиция салуға уәде берді. Бірақ бұл инвестициялық пакетте адам құқығы немесе азаматтық қоғамды дамыту туралы бірде-бір талап жоқ.

Біз бұл инвестицияның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етесіздер деп сұрақ қойдық. Олар әділ соты мен ашық тергеуі жоқ, жемқорлық деңгейі өте жоғары елдерге инвестиция салмақшы. Бұл абсурд қой. Сосын бұл ақша жымқырылады. Бұл отқа май құйғанмен бірдей.

Олар бұл ақшаны алғаннан кейін баюға мүмкіндік пайда болады, соның арқасында азаматтарының белсенді бөлігін жанши алады.

Бұл бір-бірімен үйлеспейтін нәрселер. Қоғамға пайда әкелу мен клептократия. Олар бірге өмір сүре алмайды.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Самарқандта Еуропа-Орталық Азия саммиті кезінде. Фото Commonspace сайтынан алынды.

Болашақтан не күтесіз? Жағдай қиындай түсе ме?

Әзірге жағдай жақсармайды деп ойлаймын. Өйткені қазір бүкіл әлемде, соның ішінде АҚШ пен Еуропада әсіре оңшылдар босқындар туралы заңның күшін жою керек және БҰҰ босқындар статусы туралы конвенциясынан шығу керек деп айтып жүр. Көпшіліктің көңілін ескеретін болсақ, жағдай әзірге қиын болады деп ойлаймын.

Бірақ бұл адамдар басына қатер төнгенде босқын статусын сұраудан бас тартуы керек дегенді білдірмейді. Міндетті түрде жасалуға тиіс нәрсе — құқық қорғаушыларға хабарлау. Олар сіздің қайда бара жатқаныңызды, қашан жететініңізді біліп отыруы керек. Олар жамандыққа ұрынбау үшін қандай сақтық шараларын орындау керек екенін түсіндіреді. Қалай болғанда да, кепілдік жоқ. Бірақ қорғану механизмі көп, егер шынымен саяси себептермен қудаланған болсаңыз, статус алуға мүмкіндік бар.

Осындай ауыр кейстермен жұмыс істеуге қалай шыдап жүрсіз?

Шынын айтқанда, өте ауыр. Басқа амал бар ма? Біз заңгерміз. Бұл жерде прагматикалық тәсіл ғана көмектеседі. Эмоция жетегінде кетпей, нақты шешімдер табу. Мен мәселенің инженерлік бөлігімен ғана айналысамын. Психолог бола алмаймын. Бірақ іздеу салуға, босқындарға қатысты мәселе шешіліп жатса, эмоциялық күйзеліс мәселесін шешу жеңілдей түседі.