1106
4 ноября 2025

SDU University Aкадемиялық адалдық лигасына төрағалық етеді

Университет әділдік, сенім, жауапкершілік және ашықтық принципін насихаттайды

SDU University Aкадемиялық адалдық лигасына төрағалық етеді

Еліміздегі жоғары оқу орындарын біріктіретін Академиялық адалдық лигасы қауымдастығына биыл SDU University төрағалық етеді. Университет мұны зор мәртебе әрі жауапкершілік деп қабылдап отыр.

Академиялық адалдық лигасы — Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қауымдастығы. Бұл ұйымның басты мақсаты — білім мен ғылымда әділдік, сенім, жауапкершілік және ашықтық сияқты адалдық қағидаларын насихаттау, студенттердің және оқытушылардың академиялық мінез-құлқына жоғары стандарттар енгізу.

SDU University 2018 жылдан бері лиганың мүшесі. Ал төрағалық ету университетке бірқатар мүмкіндік береді. Атап айтқанда, академиялық адалдық принципін ел көлемінде кеңінен таратуға және насихаттауға жол ашады. Жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасып, үздік модельдерді енгізуге мүмкіндік береді. Төраға ретінде университет лиганың стратегиялық шешімдеріне өзінің позициясын қоса алады. Ал ең бастысы, студенттер мен оқытушылар арасында адалдық мәдениетін күшейтуге күш салады.

Лигаға төрағалық ететін SDU University жаңа бастамалары мен алдағы жоспарын жариялады. Оқу орны төрт бағытқа баса назар аудармақ. Адалдық апталығы мен тренингтер аясында студенттер мен оқытушыларға арнайы шаралар ұйымдастырылады. Ғылыми жарияланым сапасын бақылау шеңберінде журналдар мен ғылыми еңбектердің шынайылығы мен сенімділігін бағалау механизмдерін нығайтуды қолға алады. Оқу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету барысында бағалау критерийлері, емтихан жүйесі, студенттердің құқықтары мен міндеттері жөніндегі ақпараттың ашық болуына назар аударады. Ал бірлескен жобалар мен форумдар басқа университеттермен серіктестік құру арқылы академиялық адалдықты алға шығаратын іс-шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.