«Қанша есеюге тырыссам да, әлі жаспын. Мен мұсылманмын. Демократияшыл социалистпін. Ең сұмдығы сол, осының бәрі үшін кешірім сұраудан бас тартамын», — дейді Нью-Йорк мэрін сайлау кезінде жеңіске жеткен 34 жастағы Зохран Мамдани.
Мамдани тарихи жеңіске жетіп, Оңтүстік Азиядан шыққан әрі мұсылмандықты ұстанатын алғашқы Нью-Йорк мэрі болды. Жас саясаткердің мэр лауазымы бәйгесіне түскенде мүмкіндігі болмашы еді, бірақ кампаниясын элитаға қарсы риторика, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты танымал бағдарлама төңірегінде құрып, мыңдаған еріктінің қолдауымен жеңіске жетті.
«Власть» Мамдани сайлауда қалай жеңіске жеткенін баяндайды.
Мүмкіндігі аз еді
Зохран Мамдани 2024 жылы Америка Құрама Штаттарының ең ірі мегаполисі және 8 миллиондай тұрғыны бар, әлемдегі ең үлкен қалалардың бірі — Нью-Йорк мэріне үміткерлікке өзін ұсынғанда оның жетістікке жету мүмкіндігі өте аз деп айтылды.
Мамдани ұсынылғаннан кейін екі аптадан соң Дональд Трамп АҚШ президенті болды, бұл Америка саясатында консерваторлық қозғалыс басталады деген белгі еді. Ал Мамдани ашық түрде демократияшыл социалист және тегі Оңтүстік Азиядан шыққан мұсылман еді.
Мұның бәрі Нью-Йорктің заңнама палатасында екі мерзім істеп үлгерген жас саясаткерге тұсау болады дегендер болды. Биыл наурызда және сәуірде Демократиялық партияның праймеризінде жүргізілген сауалнамадан оның қарсыласы, штаттың бұрынғы губернаторы Эндрю Куомо Мамданиден ондаған пайызға озып келе жатқаны белгілі болды.
Бірақ Мамдани Нью-Йорк тұрғындарының экономикалық проблемаларына ден қойып және әлеуметтік желілер мен еріктілерді белсенді түрде пайдаланып, сайлау кампаниясын күшейткенінің арқасында айырмашылықты жылдам қысқартты.
Сонымен қатар, Мамданиге америкалық солшыл саясаткерлердің қолдауы біраз көмектесті, олар — сенатор Берни Сандерс және конгрессвумен Александрия Окасио-Кортес Трампқа қарсы оппозиция қозғалысын ұйымдастыруымен, бүкіл ел көлемінде мыңдаған адам қатысқан митинг өткізуімен белгілі. Солардың біразына Мамдани де қатысты.
«Берни бүкіл ел көлемінде олигархиямен күресін жалғастырды. Олигархияға қарсы ғана емес, демократияны да қолдаған бұл күрес бүкіл ел бойынша ондаған мың америкалықты рухтандырды», — деді Мамдани «Олигархиямен күрес!» тақырыбымен өткен митингтердің бірінде.
Маусым айында Мамдани праймеризде жеңіске жетіп, көпшілікті таңғалдырды және Нью-Йорк мэріне Демократиялық партия атынан кандидат болды. Ақырғы дауыс беру кезеңінде ол 56,4% дауыс жинап, Куомоны бәйгеден шығарды.
«Нью-Йорк сатылмайды!»
Осыдан кейін ғана Мамдани алдағы бәйгенің үздігі деп қабылдана бастады, ал саяси мәселелерге қатысты кейбір позициясы оның кемшілігіне емес, артықшылығына айналды. Ол палестиналықтар геноцидін ашық сынады, 2023 жылы Палестинадағы Иордан өзенінің батыс жағасындағы Израильдің заңсыз қоныстарын қаржыландыратын кез келген ұйымды коммерциялық емес статусынан айыруға болатын заң жобасын бастама етіп көтерді.
Алайда, Зохран Мамдани антисемитизмге қатысты айыпты жоққа шығарып, «Нью-Йорк антисемитизмді де, исламофобияны да кешірмейді» деп мәлімдеді.
Мамдани өзінің халықты қолдау және әл-ауқатты жақсарту бағдарламасының арқасында көп қолдауға ие болды. Ол «тұрақты жалға алу ақысын» (ақы жылына белгілі бір пайыздан аспауға тиіс) төлейтін екі миллиондай тұрғынға жалға алу ақысына белгілі шек қоюды, сондай-ақ, байларға көптеп салық салу есебінен бағасы тиімді 200 мың жаңа баспананы қарқынды түрде салуды ұсынды.
«Нью-Йоркте жұмыс істейтін отбасыларды жалға алу ақысы, электр энергиясы, бала бағу мен азық-түлік шығындары титықтатып бітті. Бұл оларды қаладан кетуге итермелейді, ал саясаткерлер алыпсатарлардың қолдауымен жағдайды ушықтырып отыр», — деп мәлімдеді Мамдани.
Баспана мәселесі Нью-Йоркте аса өзекті. Мемлекетте мектепте оқитын әрбір сегізінші оқушының үйі жоқ, барлық отбасының жартысының көбі табысының 30 пайызын немесе одан көп бөлігін жалға алу ақысына жұмсайды.
Сонымен қатар, Мамдани ең төменгі еңбекақыны 2030 жылға қарай сағатына 30 долларға дейін көтеруді (қазір $16.5), сондай-ақ, бағасы төмендеу болатын мемлекеттік дүкендер желісін ашуды ұсынды. Балабақша қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру және қазіргі қаржыландыру бағдарламаларын кеңейту арқылы Нью-Йорк тұрғындары балаларының қараусыз қалмауын жолға қоюға уәде берді.
Өзге саясаткерлерден ерекшелелігі — Мамдани палестиналықтардың құқығын қорғау, байларға салық салу, автобуспен тегін жүру және басқа да ұсыныстарды штат ассамблеясына сайланған кезден бері қорғап келе жатыр.
«Зохранның биікке көтерілуі иммигранттардан, жұмысшы табынан тұратын жаңа сайлаушылар коалициясының күшейгенін білдіреді, олардың көбі Оңтүстік Азиядан келгендер, мұсылмандар, студенттер, жалға алушылар, борышкерлер және тұрмыс қымбатшылығымен күресіп жүрген, сондай-ақ, империализм мен колониализм құрбандарының мүшкіл хәліне жанашырлық танытатын басқа да адамдар», — деп санайды Бруклин колледжінің және Нью-Йорк қаласы университеті аспирантурасының саясаттану профессоры Кори Робин.
90 мың ерікті
Мамдани Американың демократияшыл социалистері (DSA) қозғалысының өкілі, бұл платформаның мүшелері денсаулық сақтау саласын тегін ету, байларға салық салу сияқты озық үлгідегі әлеуметтік саясатты қолдайды. Оның сайлауалды кампаниясы осы ұйым негізінде жүрді, 90 мың еріктіні жинап, Нью-Йорк үйлерін аралап шықты.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдаланды. Командасы Нью-Йорктің түрлі проблемасына арналған видеороликтерді тұрақты түрде шығарып тұрды. Видео қаладағы түрлі қауымдастықтың тілінде шығарылды.
Мамдани сайлаушыларды өзіне тарту үшін юморды белсенді қолданады. Ол баскетбол матчы алдында мегаполис тұрғындарынан тіршілік құны туралы сұхбат алды, «өкінішке қарай, плей-оффқа билет құнын түсіруге өкілеттігім жетпейді» деп хабарлады.
«Мамдани Нью-Йоркте социалистік экономика құрады»
Нью-Йорк штатының бұрынғы губернаторы, Демократиялық партия праймеризінде Мамданиге жол берген Эндрю Куомо оның басты қарсыласы болды. 67 жастағы Куомо түрлі демеушілерден 40 миллион доллардай жинап, тәуелсіз кандидат ретінде шықты. Демеушілері қатарында Американың ірі құрылыс компаниялары бар. Оны Дональд Трамп та қолдады, ол Мамданиді коммунист және антисемит, оны тұтқындап, елден қуу керек деді.
Губернатор болған кезінде Куомо бір жыныстылар некесін, марихуананы заңдастырды және ірі инфрақұрылым жобаларына жетекшілік етті. 2021 жылы жемқорлық дауы оның қызметтен кетуіне себеп болды.
Оның үстіне, әр жылдары оның қоластында жұмыс істеген 11 әйел Куомо бізді басынды деп айыптады. Ол бұған жауап ретінде шын жүректен кешірім сұрадым деп мәлімдеді, бірақ ең ауыр айыптарды мойындаған жоқ. Кем дегенде төрт зерттеу Куомо мен оның әкімшілігі коронавирус пандемиясы кезінде қарттар үйіндегі өлім санын жасырғанын айғақтады.
Солай бола тұра, ол саяси мансабын қайта жандандырғысы келді. Сайлауалды науқан кезінде Трампқа қарсы тұруға менің ғана қауқарым жетеді, Мамдани сайланатын болса, Американың қазіргі президенті қалаға ұлттық гвардия кіргізеді деді.
Сонымен қатар, Мамдани Нью-Йоркке «социалистік экономика» орнатады, қала бұдан аман шықпайды деп мәлімдеді.
Демократия мен олигархия арасындағы таңдау
Ол сайлаудан 50 пайыздан сәл жоғары, Куомо 41,6% дауыс жинады. Енді Мамдани Нью-Йорк мэрі лауазымына 1 қаңтарда кіріседі. Сайлауға мегаполистің 2 миллионнан астам халқы дауыс берді, бұл бұрынғы сайлаудан екі есе көп. Мамдани — бес ауданнан бір миллионнан астам дауыс жинаған 1969 жылдан бергі алғашқы кандидат.
«Қаламыздың саясаткерлері жиі ұмытып кете беретін, бұл қозғалысты өзінің қозғалысы еткен адамдарға алғыс айтамын. Мен йемендік шарап жертөлесінің иелері мен мексикалық әжелер, сенегалдық таксишілер мен өзбек медбикелері туралы айтып отырмын, — деді ол. — Менің сөзіме құлақ сал, президент Трамп: бізге қол жеткізу үшін бәріміздің алдымыздан өтуге тура келеді. 58 күннен кейін мэрияға кірген кезде бізге көп үміт артылады. Біз сол үмітті ақтаймыз».
Поддержите журналистику, которой доверяют.