«Мистер Өмірбек» деген атпен мәлім Өмірбек Жанқуатов Алматы облысында ағылшын тілінен сабақ береді. 34 жастағы мұғалім оқушыларға ағылшын тіліндегі сөздерді рэп арқылы үйретуімен танымал болды. Балалар жаңа сөздерді оңай әрі қызық меңгеруі үшін өзі ырғақ ойлап тауып, арнайы биттер жазады.
«Власть» inDrive компаниясымен бірлесіп, жаңа технологиялардың арқасында сабақ беру тәсілі мен педагог кәсібі өзгеріп жатқаны туралы Қазақстан мұғалімдеріне арналған Bilim Faces жобасын жалғастырады.
«Бірінші сабағым әзілдесумен өтеді»
Алматыдан 33 шақырым қашықта орналасқан Қосөзен ауылында 4,5 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда екі орта мектеп бар, соның бірі — №50 мектепте биылғы оқу жылынан бастап Өмірбек Жанқуатов сабақ береді.
Жаңа мектеп ғимараты трассаның бойында, ауыл мен саяжай аумағының арасында орналасқан. Онда Қосөзен мен маңайдағы саяжай учаскелерінен келген 700-ден астам оқушы білім алады. Мектеп ауласында балаларды үйіне жеткізетін арнайы автобус тұр.
Біз барған күні мектеп ішінде қарбалас болып жатты — мұғалімдер облыстық білім басқармасынан келетін тексеріске дайындалып жатыр екен.
Өмірбек Жанқуатов бұл мектепке қыркүйек айының басында келген. Бұған дейін бес жыл көршілес Байсерке ауылындағы №28 гимназияда жұмыс істеген.
«Әлі де сол жақта тұрамын. Шамамен 10–15 шақырымдай жерде орналасқан. Күн сайын таксимен келемін, өйткені қала маңында автобустар сирек жүреді. Қатынау онша қиын емес, — дейді ол.
Былтыр Жанқуатов аудандық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы атанған. Оған дейін мектепішілік сайыста ағылшын тіліндегі жаңа сөздерді есте сақтаудың әдісін көрсетіп, үздік деп танылған.
«Жаңа тақырып алдында оқушыларға жаттауға 10–20 жаңа сөз беріледі. Ал менің әдісім бойынша, сол сөздердің ретін өзгертіп, оларға ырғақ пен бит қосамын. Мысалы: “Tram, truck, crane and boat, ship, ferry” — деп рэпке айналдырамын. Балаларға жаңа сөздерді ұсынып, қайталата салуға да болар еді. Бірақ ол қызық емес», — дейді ол жымиып.
Жанқуатовтың оқушылармен бірге ағылшын сөздерін музыка ырғағына қосылып қайталап тұрған видеосы әлеуметтік желілерде танымал болды. Музыка битін GarageBand мобильді қосымшасында өзі жасайды.
«Мұғалім битті өзі жасайтыны қызық. Мысалы, тамақты өзің жасап, біреуге берсең, дәмдірек болады ғой. Өйткені ықыласың бар, — дейді Жанқуатов. — Әрине, дайын бит алып, уақыт үнемдеуге де болар еді. Бірақ ол әдісті өзің жасап, балаларға апарсаң, ол балаларға жақсырақ өтеді. Қазір менде 7-8 дайын бит бар, сабақ кезінде солардың ішінен тақырыпқа сай келетінін таңдап қоямын. Мысалы, етістіктер не сын есімдер тақырыбына арналғанын таңдаймын. Балалар таңғалады, әсіресе бастауыш сыныптар қызығады».
Біз қатысқан бесінші сыныптың сабағында Өмірбек Жанқуатов сабақты YouTube-тағы ағылшын тіліндегі дайын әнді бәрімен бірге орындаудан бастады. Содан кейін телефонын алып, қосымшаны ашты. Битті өзі емес, балалардың таңдауына берді. Оқушылар таңдаған әуенге қосылып, бәрі бірге ағылшынша апта күндерін қайталады.
Өмірбек Жанқуатов, сондай-ақ, осы сыныптың жетекшісі. Оның оқушылары да өзі сияқты белсенді. Алдыңғы партада отырған Инабат пен Ақмарал камера алдында сәл ұялып, ағылшын тілі сабағын неге жақсы көретінін айтып берді:
«Біздің жақсы көретін сабағымыз. Ағай нақты түсіндіреді. Бір ай оқыған сабақта сандарды, “is, are” ережесін түсіндік, but деген сөйлемнің ортасында қалай келетінін ұқтық. Сандарды күшті үйретті. Миымызға тез қонады. Нақты, көңілді өтеді, ойындар ойнатады. Өте қызық», — дейді олар.
Өмірбек Жанқуатовтың айтуынша, балаларды оқытудағы ең басты нәрсе — тек білім беру емес, оларды оқуға қызықтыру.
«Бала қызыққанда ғана оқиды. Өзім кезінде КВН ойнағанмын. Сондықтан әзілдерім оқушыларға үнемі өтеді. Ең бірінші сабағым танысумен, әзілдесумен өтеді. Солай өзіме баурап алуға тырысамын. Екінші сабаққа келгенде “бүгін “to be” тақырыбын өтеміз деп алып, “are you” деп сұрадым. Сосын “are you отыр партада” деп жібердім. Балалар таңғалып қалды да, әзілді түсініп алды. Кез келген грамматиканы осылай түсіндіргенде, олар “қазір ағай бірдеңе ойлап табады” деп күтіп отырады».
Музыка әрқашан Өмірбек Жанқуатовтың өмірінің бір бөлігі болған. Мектепте де, университетте де ән айтып, түрлі байқауға қатысқан.
«Студент кезімде кештерде өзімнің GarageBand-та жасаған тректерімді қосатынмын. Жігіттерге ұнайтын. Арасында Instagram-ға салып тұратынмын, бірақ оған әдістеме ретінде қарамаппын, — деп еске алды ол. — Бұл идея мұғалімдер байқауына қатыса бастаған кезде туды».
Рэп әдісінен бөлек, Жанқуатов сабақтарында ағылшын тіліндегі танымал әндерді де қолданады. Ол оқушылардың ағылшынша сөздерді дұрыс айтуын қалыптастыру үшін балаларға лайықты әндерді таңдап, қойын дәптеріне жазып қояды. Кейін сабақ кезінде сол ән сөздерін жаттатқызады.
«Сабақта балаларға ұнайтын музыканы қолдансам, олар “қайдан біліп алған” деп таңғалады. Баланың қызығушылығын арттыру өте маңызды. Ағылшын тілін әдемі етіп көрсету керек, сонда ғана оқушы бұл тілдің ішкі әлемін тануға ұмтылады. Бұған музыка мен кейбір әдістер жақсы көмектеседі», — дейді ол.
Жанқуатовтың айтуынша, мұндай тәсілдерді қазақ және орыс тілін оқытуда да қолдануға болады.
«Мұғалімдер байқауына қатысқанда түрлі әдіс көрсету керек болды, сол кезде қазақ есімдерін ағылшынша айту тәсілін ойлап таптым. Мысалы, Құлпынай — Call pain I, Табиғат — Tab I got, Салтанат — Saltanut, Тимур — Tee more, ал Ербол Earball болып шығады», — дейді ол.
«Нағыз шпион сияқты болдым»
Өмірбек Жанқуатов Өзбекстанның Хорезм облысында дүниеге келген. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде отбасы алдымен Алматы маңындағы Талғар қаласына, кейін Ақтауға қоныстанған. Сол жердегі Қазақ-түрік лицейіне (қазіргі «Білім-Инновация» лицейі деп аталады) түсіп, сол мектепті бітірген.
Ол мұғалім болуды мектепте жүргенде шешкенін айтады: «Себебі біздің мұғалімдер мықты болған. Әзіл десең әзілдей алады, сабақ десең, сабағын жеткізе біледі. Нағыз ұстазға сай адамдар болды».
Алайда оныншы сыныпта оқып жүргенінде Жанқуатовтың әкесі дәрігердің салғырттығы салдарынан қайтыс болған.
«Сол кезде анам әкемнің жағдайына душар болғысы келмейтінін айтты. Сол сәттен бастап биологияны таңдап, дәрігер болуға бел будым, — деп еске алады Жанқуатов.
Бірақ медицина университетіне түскеннен кейін бір жылдан соң көңілі қалыпты.
«Бұл ортада жүре берсем, мен сол қателік жіберетін дәрігер болып қалатын сияқтымын деп, бірінші жылы оқуды тоқтаттым», — дейді ол.
Одан кейін Өмірбек Жанқуатов SDU университетіне оқуға түсіп, Екі шет тілі — ағылшын және түрік тілі мамандығын таңдаған. Университетті бітірген соң бірден мектепке бармаған, алдымен білімін тереңдету қажет екенін түсінген.
«Білім саласында өзімді нағыз шпион сияқты сезіндім, — деп күледі ол. — Себебі барлығын ішінен көріп, түсінуге тырыстым. Сол үшін бір уақытта Алматыдағы бірнеше тіл орталығында жұмыс істедім, өзімді дамыттым. Кейін колледжде жұмыс істеп көрдім. Ол жердің де білім жүйесін көрдім. Колледжде қажетті тәжірибе жинаған соң жеке мектепке ауыстым. Жан-жақтан бәрін көріп, орта мектепке келген кезде, шүкір, осындай жетістікке жетіп отырмыз».
Байсерке ауылындағы бес жылдық жұмыстан кейін Өмірбек Жанқуатов кәсіби тұрғыдан өсу үшін жұмыс орнын ауыстыруға шешім қабылдайды. Оның айтуынша, ҚТЛ жүйесінде мұғалім ұзақ уақыт бір орында отырса, өспейді деген түсінік бар.
«Күн сайын бәрі бір қалыпта болса, ол адамның ыңғайлы аймағына айналады. Кейбір сабақтар жай әңгімеге ұласып кетеді. Сондықтан ҚТЛ-де мұғалімдердің шамамен 70–80 пайызы бір-екі жыл сайын басқа мектепке немесе қалаға ауысып отырады», — дейді ол.
Осылайша ол қазіргі жұмыс істеп жүрген мектебіне келген. Мектеп директоры Шолпан Байтымбетова ағылшын тілі мұғалімінің портфолиосы бірден әсер қалдырғанын айтады.
«Бірден жұмысқа аламыз дедім, бірақ алдымен конкурс кезеңінен өту керегін ескерттім. «Басқа жерлерде әдетте ойланып көреміз деуші еді деп таңғалды. «Мен сіздің жетістіктеріңізді көріп тұрмын ғой» деп жауап бердім», — дейді Байтымбетова.
«Балаларды қинап жібермеу керек»
Қазір Өмірбек Жанқуатовқа жеке кабинет бөлінген. Сол жерде ол оқушылармен қосымша сабақтар өткізеді. Біз кабинетіне кіргенде тақтасында ағылшын тіліндегі түс атауы жазулы тұр екен. Ол бірден ұйқастыру тәсілін түсіндіре бастады:
«Қараңыздар, мына сөздер белгілі бір ұйқасқа келіп тұр: pink, blue, red и orange, purple, black. Үшінші сөз алтыншы сөзбен ұйқасуы керек. Бұл өлең ұйқасына ұқсас тәсіл», — деп түсіндірді ол.
Әр сабақты осындай форматта өткізу мүмкін емес, өйткені бағдарламадан қалып қою қаупі бар дейді мұғалім. Сондықтан Жанқуатов мұндай музыкалық сабақтарды «балаларды қуаттап алу үшін» аптасына бір рет өткізіп отырады.
«Бастық болып жатсам, көп нәрсені өзгертер едім. Жоспар, артық дүниелерді алып тастап, балалардың қызығушылығын оятатын заттар енгізер едім. Сол себепті өз әдістерімді арасында ғана қолданамын, дәл палаудағы дәмдеуіш секілді: аздап қоссақ, дәмі кіреді, бірақ негізгі рецепті өзгертуге болмайды, — дейді Жанқуатов күлімдеп.
Сосын әзілдеп: «Мен тамақ жасағанды жақсы көрем, сондықтан өмірден алатын мысалдарым да көбіне асүйден шығады», — деді ол.
Жанқуатовтың пікірінше, көп адамның ағылшын тілін ұзақ жыл оқыса да меңгере алмауының себебі тек оқыту жүйесінде емес, оқушының өзінде де жатыр.
«11 жыл оқып, әлі ағылшынша білмеймін десе, адам алдымен өзіне қарауы керек. Мәселе оны оқытпауда емес, бәлкім, өзі үйренуге тырыспауында шығар. Сегіз жылдан бері мектепте жұмыс істеймін, байқағаным, егер орнынан тұрғызып, сұрамасаң, көпшілігі ештеңе орындамайды», — дейді ол.
Оқушыларды тағы не қызықтырады, тағы қандай өзгеріс керек деген сұраққа Жанқуатов «кітап» деп жауап берді.
«Мысалы, тіл үйрену курстарында оқушылардың деңгейіне қарай арнайы Beginner, elementary деген сияқты кітаптар бар. Сондай кітаппен оқыған дұрыс сияқты. Өйткені қазіргі кейбір кітапта қажетсіз ақпарат көп. Мысалы, балаларға ағылшынша Арал теңізі туралы оқу қызық па, әлде мейрамханада тапсырысты ағылынша беруді немесе әуежайда не істеу керегін үйрену пайдалы ма? Меніңше, екіншісі балаларды көбірек қызықтырады», — дейді ол.
Жанқуатов ағылшын тіліне арналған кейбір кітаптар балалардың оқу процесін ұстап қалатын тұстары да бар екенін айтады.
«Мысалы, 10-сыныпта біз ДНҚ тақырыбын ағылшынша өтеміз. Сабақ ғылыми сипат алып, терминдер көбейеді. Әрине, бұл да жаман емес, бірақ ағылшын тілі онсыз да қиын пән, балаларды қинамау керек», — дейді ол.
Поддержите журналистику, которой доверяют.