7964
11 февраля 2022

Қаңтар құрбандары

Қаңтар оқиғасы кезінде ондаған адам қаза болды, мыңдаған адам ұсталып, аяусыз азапқа тартылды

Қаңтар құрбандары

Дмитрий Мазоренко, Ольга Логинова, Назерке Құрманғазинова, Юна Коростелёва, Алмас Қайсар, Тамара Вааль, Vласть

Қазақстанның Бас прокуратурасы 15 қаңтар күні кешкісін қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған және жараланған адамдар туралы деректі жария етті: 225 адам адам қаза тапты. Ведомство бұл ақпаратты оқиға болғаннан кейін он күн өткенде ғана айтты. Бұл аралықта құқық қорғаушылар, белсенділер мен журналистер қаза болғандар, зардап шеккендер мен ұсталғандар туралы ақпарат жинастырды. Күш құрылымдарының аяусыз ұрып-соғып жатқанын хабарлағандар қатары да арта түсті.

Vласть журналистері бірнеше күн бойы әртүрлі тізім ішінен қаза болған 63 адамның аты-жөнін анықтады: оның 46-сы қарапайым тұрғын, 17-сі қарулы күштер өкілі. Олардың аты-жөнін мемлекеттік органдар бірден жария еткен.

Редакция қаза болғандар мен азапталып жатқандар туралы айтып береді. Олардың бәрі – қанды қаңтардың құрбаны.

Аты-жөн үшін күрес

Құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер елде интернет қалыпқа келгеннен бастап, қаза болған және зардап шеккен азаматтардың аты-жөнін жариялай бастады. Олар бұл тізімді бұдан да ерте жинай бастаған. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзі жариялап жүрген зардап шеккендер мен ұсталғандар тізімі сауалнама, белсенділердің айтуы, туыстары мен ақпарат құралдарындағы жазбалар арқылы жиналғанын айтады.

11 қаңтар күні The Village Қазақстан интернет басылымы оқырмандары жіберген деректер негізінде жоғалған адамдар тізімін түзе бастады. 16 қаңтарға дейін басылымға 46 адамның жоғалғаны белгілі болды, оның жартысы табылды. Әр қаланың белсенділері жоғалғандарды тізімдеп, іздеп жатыр. 14 қаңтарда Алматыда бір топ волонтер өздеріне жүздеген өтініш келіп түскенін жазды.

13 қаңтарда бір топ волонтер зардап шегіп, ұсталып, өлтірілгендер туралы ақпарат жинайтын Qantar2022 сайтын ашты. Онда ақпарат дереккөзі, сондай-ақ оқиғаның мән-жайы жазылған. 16 қаңтарда тізімде 519 адам болды.

Алматы, 5 қаңтар, суретті Алмас Қайсар түсірген

Қаза болғандар: “Екі жеріне оқ тиген”, “оқ иығына тиген”, “көлік өртеніп, белдікті шешіп үлгермеген”

Қаңтардың 7-сі күні кешкісін 73 жастағы Қуат Біткенбаев пен 64 жастағы Гүлзифа Құлсұлтанова көлікпен туыстарының үйінен қайтып бара жатады. Республика алаңына таяған кезде көліктеріне оқ тиіп, ізінше көлік өртке оранған. Ерлі-зайыптылар белдікті шешіп үлгермей, өртеніп кетті. Олардың ұлы бір тәуліктен кейін оқиға орнынан әке-шешесінің кей сүйегін тапқан.

Қуат Біткенбаев пен Гүлзифа Құлсұлтанова, сурет Мірболат Мырзатайұлының Facebook парақшасынан алынды

Біткенбаев пен Құлсұлтанова – желтоқсаншы. Олар 1986 жылы дәл осы алаңда “қайта құру” кезеңінің ең алғашқы бейбіт жиынына шыққан мыңдаған жастың арасында болған. Ол оқиғаның соңы ұрып-соғу, азаптау мен репрессиямен біткен.

Азаматтық белсенді Нұрәлия Айтқұлова 6 қаңтар күні алаңға шыққан наразылардың арасында болған. Сол күні сағат 19:00 шамасында кеудесіне екі жерден оқ тиіп, сол жерде көз жұмды. Жиендерінің айтуынша, мәйітті қарауға барғанда оларға қару кезеген. Айтқұлованың артында бір қызы қалды.

Қаңтардың 6-сы күні Алматыда белсенді Аслан Уәлиев басы мен кеудесіне оқ тиіп, қаза болды. Оның ағасы, “13 белсенді ісі” бойынша танылған Алматының азаматтық белсендісі Дархан Уәлиев 10 қаңтар күні Асланның мәйітін іздеп жүрген кезде, мәйітхана маңында ұсталды. Уәлиев әуелі Алматы полиция бөлімшесіне жеткізілген, кейін байланыс толығымен үзілген. Жұбайының сөзінше, белсендімен кездесуге мемлекет бекіткен адвокаттан басқа ешкімді кіргізбей жатыр. Туыстарының пайымы бойынша, ол Қылмыстық кодекстің 255-бабы, «Терроризм актісі» бойынша күдікке ілініп отыр.

Белсенді Айтбай Әлиевтың денесін ұлы Артур 9 қаңтар күні Қызылорда мәйітханасынан тапқан. Жақындарының айтуынша, оны полиция 5 қаңтар күні ұстап әкеткен. Дәл сол күні реанимацияға түсіп, 6 қаңтарда мәйітханадан бір-ақ шыққан. Ұлы әкесінің басында үлкен тыртық болғанын айтады.

Алмас Ғарифуллин, сурет Даяна Мақұрсанованың Instagram парақшасынан алынды

Алмас Гарифуллин мен досы Александрдың Алматыда азық-түлік дүкені бар. Олардың дүкені аудан тұрғындарын керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін қаңтар оқиғасы кезінде де ашық тұрған. Екеуі қаңтардың 6-сы күні кешкілік ертеңіне дүкенге азық-түлік сатып алуға дайын тұрсын деп көлікке жанармай құюға шыққан. Рысқұлов және Ахрименко көшелері қиылысында, жанармай құю бекетіне таяған тұста, алда келе жатқан көлік кенеттен бұрылып, кейін оқ дауысы естілген. Оқ Алмастың иығына тиеді. Досы ауруханаға жеткіземін дегенше, ол көз жұмды.

Қаңтардың 5-і күні кешке қарай 12 жасар Алматы тұрғыны Сұлтан Қамшыбек анасы, ағасы және жеңгесімен бірге азық-түлік дүкеніне беттейді. Бірнеше минуттан кейін атыс басталып, оны бала отшашу деп ойлап қалып, видеоға түсіре бастайды. Белгісіз біреулер баланың желкесіне оқ атты. Жақындары алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланың тынысын қалпына келтіріп үлгерген. Өздері оны ауруханаға жеткізгенімен, Сұлтан сол жерде жан тапсырды.

Нұрболат Сейітқұлов, Алтынай Етаева және 15 жастағы қызы Нұрай, сурет “Экспресс К” газетінен алынды

8 қаңтар күні Талдықорғанда бір отбасының 3 адамы атылды. Қаза болғандардың туыстары сағат 20:30 шамасында ерлі-зайыпты Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы Нұрай атты қызы өз көлігімен қонақтан қайтып бара жатқанын айтады. Сол күннен бастап қаладағы коменданттық сағат 20:00-де басталатын болған. Бірақ туыстары коменданттық уақыт өзгергені кеш ескертілгесін, олар мұны білмей қалуы әбден мүмкін екенін айтады. Отбасы мүшелеріне оқ атылды. Қазір тұтас отбасының қазасы зерттеліп жатыр.

Ерлан Жағыпаровтың экспедиция кезіндегі суреті, Facebook парақшасынан алынды

Археолог Ерлан Жағыпаров 6 қаңтар кешкі сағат 19:00 шамасында Республика алаңында жоғалып кеткен. Ізінше әлеуметтік желіде жақындары мен достары оған іздеу жариялайды. Жағыпаровты “петроглифтер жоқшысы” деп атайды, ол тау-тастардағы ежелгі белгілерді іздеп, экспедицияларға шығатын. 12 қаңтарда туыстары оның денесі мәйітханада деген хабар алады. Бауыры Нұрлан Жағыпаровтың сөзіне қарағанда, Ерланның денесі мәйітхананың дәлізінде жатқан. Қол-аяғы кісенделген, аяусыз ұрып-соғу белгісі бар, жүрегіне оқ тиген. Нұрлан Жағыпаров дәл сол дәлізде аты-жөні белгісіз біраз мәйіт болғанын айтады. Ерлан Жағыпаров 49 жасында көз жұмды.

Қаңтардың 6-сы күні 21 жастағы жаңаөзендік студент Ислам Төребек досымен бірге үйіне азық-түлік сатып алуға шыққан. Интернет болмағасын қаланың анағұрлым қауіпті жерлері туралы ақпараттан хабарсыз болып, әйтеуір жұмыс істеп тұрған дүкенді іздеуге шығады. Төребек атыс ортасына түсіп, оқиға орнында қаза болды. Ол – диплом жұмысын қорғауға дайындалып жүрген Алматы энергетика және байланыс университетінің бесінші курс студенті.

7 қаңтарда Aport Mall сауда-саттық орталығына қарсы орналасқан «Нұрлы дала» тұрғын үй кешені маңында 21 жастағы Бабахан Жолбарысханұлына оқ тиді. Ол Түркістан облысының тумасы, Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеген. Сол күні қоқыс тастауға шыққан. Қоқыс жәшігіне жақындаған кезде жанына үш полицей көлігі тоқтаған. Әкесі әскери киім киген бірнеше адам көліктен шығып, оқ атқанын айтады. Оқ Бабаханның жүрек тұсына тиген, жанындағы өзге адамдар қоқыс жәшігінің артына тығылып үлгерген. Жас жігітті жатқызудан бірнеше аурухана бас тартты, кейін оны орталық қалалық ауруханаға жеткізеді. Бірнеше сағаттан соң Бабахан дүниеден өтті.

Қаңтардың 5-і күні Атырау әкімдігі ғимаратының артында 35 жастағы Алмас Берекенов атылды. Туыстарының сөзінше, Берекенов намаз оқығанымен, радикал діни ағымнан алыс болған. Жұмыстан кейін, түске таман мешітке барған. Кейін Исатай мен Махамбет алаңындағы наразыларға қосылған. Ол митиңге қатысушылардың шетінде ту ұстап тұрған. Сол күні кешкісін оның ағасына телефон шалып, Алмастың денесі мәйітханада екенін айтқан. Оның басына оқ тиген. Алмас компьютерлік техникаға қызмет көрсететін компанияда жетекші инженер болып жұмыс істеген, ән айтуды ұнатқан.

25 жастағы Ерасыл Қалықұл қаңтардың 5-і күні Шымкенттегі наразылық кезінде атылды. Ішіне оқ тиіп, дереу ауруханаға жеткізілгенімен, сол жерде көз жұмды. Марқұмның отбасы әлі күнге дейін оқиғаның мән-жайын түсіне алар емес.

Сәкен Битаев, РБК суреті

Қаңтардың 6-сы оператор және хип-хоп орындаушы Сәкен Битаев оқ тиіп қаза болды. Ол достарымен бірге көлікте болған. Жолда біреулер оларды тоқтатып, көліктен түсуді сұраған. Бұлар оған келіспегендіктен, оқ атқан. Бір оқ музыканттың өкпе тұсына тиіп, ол сол жерде қайтыс болды.

Дәл сол күні «Алматы» телеарнасының көлік жүргізушісі Мұратхан Базарбаев та оқ тиіп, қаза болды. Ол екі журналисті Республика алаңына сюжет түсіруге апара жатқан. Түсірілімге шықпас бұрын алаңда қауіпті ешкім жоқ екені айтылған. Белгісіз біреулердің атқан оғынан арнайы техника операторы Диаскен Байтыбаев та қаза болды. Оқ оның оң қолына тиген, хирургтер оның екі саусағын кесіп тастауға мәжбүр болды.

Қазақстандағы қаңтар қырғыны кезінде ең кемі 4 шетел азаматы қаза болды. Таразда 26 жастағы ресейлік Мария Ким қаза болды. Ол 6 қаңтар күні оққа ұшқан. 7 қаңтарда 22 жастағы Израиль азаматы Леван Коджиашвили көз жұмды. Ол ешқандай қарулы қақтығысқа қатыспаған, жұмысқа барар жолда жараланған. Ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

32 жастағы Қырғызстан азаматы Әзиз Мұсаев 6 қаңтар күні Алматыдағы Республика алаңында оққа ұшты. Ол әпкесінің үйінен қайтып бара жатып, жаралы адамды көріп, оған көмек көрсеткен. Сол тұста белгісіз біреулер оқ атқан. Әзиз Мұсаев Қазақстанда 2015 жылдан бері тұрады және спорт орталықтарының бірінде бапкер болып жұмыс істейді.

Қаңтардың 11-і Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы бір Қырғызстан азаматының қазасы туралы айтты. Оның аты-жөні Бақтияр Базарбаев екені ғана белгілі. Қандай жағдайда қаза болғаны айтылмады. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр деп, туыстарына мәйіті де берілмеді.

Суретті Алмас Қайсар түсірді

Аман қалғандар: “Тозақ сияқты болды”, “мылтықтың дүмімен ұрды”, “төрт сағат бойы ұрып-соқты”

Қаңтар оқиғасына қатысты деп күдікке ілініп, адамдардың жаппай ұсталып жатқаны туралы хабар (ІІМ-нің соңғы мәліметі бойынша, 10 мыңға жуық адам ұсталған) тарай бастағаннан кейін бірден күш құрылымдарының ұсталғандарды аяусыз ұрып-соғып, азаптағаны туралы ақпар шыға бастады. Мұндай хабар толқыны оқиғадан кейінгі апта бойы толастамады. Ұсталғаннан кейін бірнеше күн өткенде босатылғандар, ұсталғандардың туыстары мен адвокаттары оқиғаны жария ете бастады.

Мұндай хабарлар көбейіп кеткені сонша, 15 қаңтар күні Қасым-Жомарт Тоқаев күш құрылымдарымен өткен жиналыста азаматтар құқығын сақтауға шақырды. Ол содан бір күн бұрын Бас прокуратураға “жағдайды ушықтыратын себебі” жоқтардың жазасын жеңілдетуді тапсырған еді. 15 қаңтар күні кешке қарай Бас прокуратура өкілі брифиңде күш құрылымдарының әрекетіне қатысты 32 шағым түскенін айтты. Ол фактілер тексеріліп жатқанын, адвокаттар мен адам құқығы жөніндегі мекеменің ұсталғандармен байланыста екенін айтты.

Vласть адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Эльвира Әзімовамен байланысып, мұның рас екенін анықтады. “Кешеден бері барлық мекемені тексеріп жатырмыз”, – деді ол 15 қаңтар күні. Адамдарды ұстап әкету бұдан он күн бұрын басталған еді.

Әзімова азаптау фактілерін растамады және қанша шағым түскенін атап айтпады. Тек Алматыдағы екі жабық мекемеге барғанын, ол жақта ұсталғандардың туыстарына ешқандай хабар айтылмағанын анықтап, мұны түзету үшін прокуратура өкілдерін тартқанын айтты. Сондай-ақ ол омбудсмен кеңсесі ұсталғандардың бәріне адвокат шақыртуға мүмкіндік алып берді дейді.

Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен ұсталған азаматтық белсенділер жайы аса алаңдатпайтынын, себебі “олар сауатты әрі өзін қалай ұстау керегін білетін азаматтар” екенін атап өтті.

“Азаматтық белсенділер туралы айтар болсам, оларды құқық қорғау ұйымдары қолдап отыр, ақпарат алаңында бұл туралы талай ақпарат шықты. Олардың бүтін бір штаты бар, тіпті заңгерлері де бар. Қысқа қайырғанда, азаматтық белсенділердің халіне аса алаңдамаймын. Өйткені олар құқық жағынан да, ақпарат алаңы тұрғысынан да сауатты”, – деді Әзімова.

Десе де, азаматтық және саяси белсенділер полицияның аяусыз азаптап, ұрып-соққанын, құқықтық сауаты болса да, оның түкке жарамағанын айтады.

Мәселен, 4 қаңтар күні Алматыдағы митиңдер барысында тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының бірнеше өкілі ұсталды. Ұсталғандар ішінде белсенді Дәурен Достияров та бар. Ол босатылғаннан кейін полицияның қинап, ұрып-соққанын хабарлады. Достияров Vласть порталына ұсталғаннан кейін соққыға жығылып, кейін Жетісу АІІД-де, ал 6 қаңтар кешкісін уақытша қамау изоляторында болғанын айтты. Достияровты бас-аяғы 9 күн ұстаған (мұнша ұзақ уақыт не үшін ұстағаны белгісіз). Кейін ешқандай айып тақпай, босатқан. Белсенді қазір емделіп жатыр, басы қатты ауырып, жүріс-тұрысы қиындап кеткен.

11 қаңтар Атырау қаласында азаматтық белсенді Сергей Шутовты да полиция ұстап әкетіп, соққыға жыққан. Оны үйінен әкетіп, Атырау қаласының полиция басқармасы ауласында орналасқан “Динамо” спорт залына апарған. Шутов бірнеше сағатқа созылған ұрып-соғудан кейін екі тәулікке әкімшілік қамауға алынғанын айтады. Ол 4 қаңтар күні Жаңаөзендегі наразыларды қолдау үшін Исатай және Махамбет алаңындағы митиңге барған.

Шутов босай сала ауруханаға барған. Соққыға жығылғаны жөнінде анықтама қағазын алып, полиция қызметкерлерінің үстінен арыз жазып, мұны әлеуметтік желіде жариялады. Атырау полиция департаменті Азаттық радиосына берген жауабында Шутовтың арызы қабылданғанын айтқан. Ал 13 қаңтарда Атырау облысы комендатурасының баспасөз қызметі «Динамо» спорт кешенінде ешқандай азаптау болмағанын хабарлады.

Қаңтардың 9-ы күні сағат 19:00 шамасында бетперде тағып, қаруланған он шақты адам 37 жастағы Алматы тұрғыны Тимур Кимнің үйіне баса-көктеп кірген. Әйелі мен үш кішкентай баласының көзінше оны соққыға жығып, кейін Алматы полиция бөлімшесіне әкетті дейді Кимнің әйелі Ләйлім Әбілдаева. Бір күннен соң полиция қызметкерлері оны қайта әкеліп, тінту жүргізген. Ол әйеліне түні бойы аяусыз азаптағанын жыларман күйде айтып берген. Кимнің киімі жыртылған, қан сіңіп қалған, қолы сынған, денесі көгеріп, қанталап кеткен. Тінту кезінде тергеуші Кимге лаңкестерге көмектесті деген айып тағылғанын айтқан. Оның өзінше, 3 адам оның қаскөйлерге қару таратып жатқанын көрген екен. Кимнің әйелі бұл жалған дейді.

13 қаңтар күні 33 жастағы аралас жекпе-жек спортшысы Қуат Хамитов полицияның ұстап әкетіп, аяусыз соққыға жыққанын айтып, спорттағы карьерам осымен тәмам деп видео жариялады. Бұл видеоны спорт туралы жазатын ақпарат құралдары жариялады. Хамитов газ бағасын төмендетуді талап еткен митиңді қолдауға шыққанын, митиңнің бейбіт түрде өтуін қадағалағанын айтады. Бірнеше күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті сөйлесу керегін айтып, оны шақыртқан. Десе де келісілген уақыт болмай жатып, арнайы жасақ Хамитовтың үйіне баса-көктеп кірген. Олар Хамитовты және оның әкесін соққыға жыққан. Оларды қаладағы полиция департаментіне жеткізіп, алты сағаттай ұстаған. Сол аралықта күш көрсетіп, Хамитовтың жаралы бетін фотоға, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан. Содан кейін ғана екеуін босатқан.

Қаңтардың 4-і күні ҚДТ қозғалысының алғашқы жақтаушылардың бірі, азаматтық белсенді Әсет Әбішевті астан қайтып бара жатқан жерінен Алматы полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Ол бұған дейін бас бостандығынан айырылып, үш жыл қамауда болған. Ол үш күн бойы Жетісу полиция басқармасында болып, үшінші күні соққыға жығылғанын айтады. 6 қаңтар күні кешкісін Әбішев қалалық департамент изоляторына жеткізіліп, бұл күні одан да қатты таяқ жеген. Десе де, полиция қызметкерлері оның не үшін ұсталғанын түсіндірмеді. Тек қорғану құқығы бар куәгер ретінде жауап аламыз деген. Ол 10 қаңтарда бостандыққа шықты. Медициналық сараптама нәтижесі Әбішевтің денесінде бірнеше гематома барын анықтады.

Азаматтық белсенді Қуат Шамұратов 5 және 6 қаңтар күні Ақтөбедегі митиңге қатысқаннан кейін ұсталды. Оған жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды. Анасының сөзінше, белсенді керісінше наразылық кезінде арандатуға бой бермей, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырған. 7 қаңтар күні белсендіні полиция бөлімшесінен уақытша тергеу изоляторына апара жатқан тұста басынан автомат дүмімен ұрған. Оның миы шайқалған.

4 қаңтар күні Арман Тоқанов Алматыда митиңге шыққан. Әпкесінің сөзінше, ол жақында ғана әскерден оралған. Ал наразылық кезінде мародерларға кедергі келтірмек болған, бірақ өзі соққыға жығылған. Жараланып, №12 қалалық ауруханаға таксимен жеткен. Оған ота жасалып, палатаға ауыстырылды. 11 қаңтарда ауруханадан шығуы керек болған, бірақ жақындары бір күн қалғанда қарулы күш өкілдері Тоқановты белгісіз жаққа алып кеткенін білген. Бірнеше күн өткеннен кейін ғана туыстары оның СИ-18 тергеу изоляторында жатқанын, үстінен Қылмыстық кодекстің 272-бабы (“Жаппай тәртіпсіздік”) бойынша іс қозғалғанынын естиді.

30 жастағы фотограф Саят Әділбекұлы 5 қаңтар күні күндіз ауырып жатқан қызына дәрі алмақ болып, Алматыда жұмыс істеп тұрған дәріхана іздейді. Үйіне үсті-басы қан-жоса болып жетеді, дереу ауруханаға жеткізіліп, ота жасалады. Ол жансақтау бөліміне жатқызылады. 8 қаңтар күні «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері оны ауруханадан алып кетеді. Әділбекұлына тиесілі заттар туыстарына қайтарылды. Сол күннен бері Саят байланысқа шықпады. Qantar 2022 тізіміндегі дерекке сәйкес, ол табылды. Бірақ хал-ахуалына қатысты басқа ақпарат жоқ.

Белсенді Мұратбек Есенғазы алғаш рет 10 қаңтар күні ұсталды. Оны Талғар полиция бөлімшесіне жеткізіп, бірер сұрақ қойып, жібереді. Екі күннен кейін, 12 қаңтар күні тағы да ұстап әкетіп, Алматы полиция департаментіне апарады. 13 қаңтар күні бес сағат бойы тергеліп, 14 қаңтар күні сот оны екі айға қамау жөнінде шешім шығарған. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзіне қарағанда, бетперде таққан ішкі істер органының қызметкерлері белсендіні резеңке сойылмен ұрған, оның санында көгерген іздер бар. Есенғазыға «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылып отыр.

5 қаңтарда 27 жастағы Еркін Жеңіснұр үйден шығып, жарты сағаттан соң оққа ұшты. Біраз уақыттан кейін оны туысы тапты. Ол жедел жәрдем шақырып, Еркінді ауыр халде “Думан” ықшамауданындағы Алматы облыстық ауруханасына жеткізген. Оған үш сағат бойы ота жасалып, бір бүйрегін алып тастады. Еркін жансақтау бөлімінде 6 қаңтар күнгі таңғы 10-ға дейін ес-түссіз жатты. Келесі күні жұбайы келгенде, оны орнынан таппаған. Мейірбикелердің сөзінше, қарулы адамдар оны медицина түтігі мен құрылғылардан ажыратып, қолын қайырып, алып кеткен. Әйелі әлі күнге дейін оны не аудандық, не қалалық полиция басқармасынан таба алар емес. Орталық мәйітханадан да табылмады.

Анатолий Ахметов, сурет Иллария Әлиханның Instagram парақшасынан алынды

Аспаз Анатолий Ахметов Алматыда митиңге шыққан. Одан кейін 5 қаңтарға қараған түні жағына оқ тиіп, №12 қалалық клиникалық ауруханаға түскен. Алғашқы жәрдем көрсетілгеннен кейін ол №5 қалалық клиникалық ауруханаға жіберілді. Ахметовтің жұбайы онымен байланысып, ауруханаға керек-жарағын апарып тұрған. Беті бері қарай бастаған екен. 8 қаңтардан бастап Ахметов қоңырауға жауап бермеді. Дәрігерлер Ахметов пен тағы екі пациентті ОМОН қызметкерлері мылтық ұңғысымен ұрып, әкеткенін айтқан. Жұбайы 14 қаңтар күні ғана күйеуінің СИЗО-да екенін білді.

Әділ тергеу үшін күрес

Қазір қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар коалициясы азаптау мен аяусыз азапқа тартылғандардың өтінішін жинап, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Коалицияның және Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Анна Солодованың сөзіне қарағанда, алғашында ұйымға жақындарын таба алмай жатқандардан өтініштер түскен. Бұл кезеңде заңгерлер СИЗО, уақытша тергеу изоляторларына хабарласып, жоғалғандарды табуға жәрдемдескен. Ал қазір коалиция аяусыз азапталғандардан түскен деректі жинастырып жатыр.

Алматы, 16 қаңтар, суретті Vласть түсірген

“Нақты санын айта алмаймын, өйткені әріптестерім деректерді жинап үлгермей жатыр, – дейді Анна Солодова. – Бізде не деректерді жинаймыз, не көмектесеміз деген таңдау тұрды. Біз ең бірінші кезекте көмектескеніміз жөн, ал статистика күте тұрар деп шештік. Бейсенбі күні іздеу жарияланғанын ескерсек, кеше жән бүгін күні бойы (сенбі күні, 15 қаңтарда сұхбаттастық – V) қаза болғандар туралы жақындары, туыстары мен әскерилерден хабар алып жатырмыз”.

Солодованың сөзінше, түрлі құқық бұзушылық туралы да өтініштер түсіп жатыр.

“Соққыға жығылғандар, заңсыз ұсталғандар, қамаудағы уақыты заңсыз ұзартылғандар туралы түрлі ақпарат бар. Жедел түрде адвокаттармен келісіп, жіберуге тырысып жатырмыз. Бұл біз ойлағандай оңай емес. Себебі адвокаттар тез арада бара алмауы мүмкін. Не болмаса, гонорарға келісе қоймауы мүмкін. Осы секілді нюансы көп. Жұмыс істеп жатырмыз, әзірге тек осы нәрселер басты назарымызда”, – дейді ол.

Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль бәрімізге белгілі көрінетін, десе де, өте маңызды мәселе көтерді: қандай жағдай болса да, ұсталғандар азапталмауы қажет. “Төтенше жағдай кезінде адам құқығы шектелуі мүмкін. Тіпті төтенше жағдай кезінде де шектелмеуі керек абсолют құқық бар. Яғни азаптау, қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын, ар-намысты қорлайтын жазадан барлық адам азат болуы қажет. Жағдай қаншалықты қиын болса да, азаптау дұрыс емес”, – дейді ол.

Татьяна Чернобильдің сөзінше, соққыға жығылғандар тергеушінің шешімін күтпей, дереу түрде медицина орталығына барып, соққы іздерін тіркетуі қажет.

“Кейін арыз жазу қажет. Арызды прокуратураға беруді ұсынамын, себебі, түсінуімше, адамдардың көбі ішкі істер органы ғимаратында қамауда жатыр. Сондықтан барынша бейтарап болу үшін тәуелсіз органға жүгінген дұрыс. Не прокуратура, не жемқорлыққа қарсы күрес органы. Себебі жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі – полиция қызметкерлерінің үстінен түскен арыздарды қарауға уәкілетті екінші орган. Бұл қылмыстық іс жүргізу кодексінде жазылған. Ал жүгінуге болатын үшінші орган – Полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы”, – дейді ол.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне шағымдану үшін министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына және аумақтық ішкі қауіпсіздік бөлімдеріне хабарласуға болатынын айтты.

Көмек алу үшін коалицияның телефонына хабарласып, электрондық поштасына жаза аласыздар. Өңірлердегі үйлестірушілердің байланыс нөмірін ұйым сайтынан табуға болады.

***

14 қаңтар күні 12 құқық қорғау ұйымы наразылық барысын сараптап, адамның негізгі құқықтарының сақталуына қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуді жоспарлап отырған құқық қорғау альянсы құрылғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар ұсталғандарды ұрып-соққан, аяусыз азаптаған фактілерді құжаттауды жоспарлап отыр.

Ел билігі қаңтар айындағы жағдайды “Алматы трагедиясы” және “қаңтар қырғыны” деп атаған. Бас прокуратура мен полиция өкілдері сөзінен “келісілген шабуыл”, “терроршылар шабуылы”, “бір жерден басқарылды” дегенді естіп жүрміз.

Қанды қаңтарда опат болғандардың өлім себебі айтыла ма? Олардың саны қанша? 225 пе, әлде бұл тізім әлі толыға ма? Олардың аты-жөні кім? Бәрін мойнына алуды талап етіп, ұрып-соғу құрбаны болып жатқан азаматтарды азаптау тоқтай ма?

Бұл сұрақтарға жауап болмайынша, билік бұл оқиғаны қалай атаса да, қазақстандықтардың көңілі тынши қоймас.