Тасадағы магнат Абдуқадырдың отбасы қалай Өзбекстан билігінің серіктесі атанды?

Олар Қырғызстанда ақша тауып, кейін Өзбекстанға бет бұрды

Тасадағы магнат Абдуқадырдың отбасы қалай Өзбекстан билігінің серіктесі атанды?

Абдуқадыр отбасы көрші Қырғызстанның жемқор шенеуніктерімен серіктестік арқасында жүздеген миллион доллар табыс тапқан. Олар Өзбекстанда президент Мирзиёев үкіметінен жаңа серіктес тауып, сол жақта кәсібін дөңгелетіп отыр.

Зерттеудің маңызды тұстары:

- Бұған дейінгі зерттеулер Абдуқадыр отбасының жемқор шенеуніктер көмегімен Қырғызстандағы сауда жолдарына бақылау орнатқанын көрсетті. Әйтсе де, бұл отбасының Өзбекстанға қарай ығысуына кедергі болған жоқ.

- Олар көлеңкеден шығып, мемлекеттік органдармен және президент Шавкат Мирзиёевтің туыстарымен бірігіп жұмыс істей бастады.

- Абдуқадырлар Орталық Азиядағы ең ірі базарлардың бірі – Ташкенттегі «Абу Сахий» базарын сатып алды, ал олардың жүк тасымалы және логистика компаниялары елге тауар жеткізетін сауда арналарын бақылауда ұстайды.

- Абдуқадырлардың компаниясы Өзбекстандағы екі жаңа кеден терминалын басқарады, оған қоса, тағы бірнешеуінің құрылысына тендер ұтып алған болса керек.

OCCRP, «Радио Озодлик», Клооп және Власть

2021 жылдың желтоқсанында дәл мереке күндері Мәскеуге көптен күткен рефрижератор пойыз (тоңазытқышы бар пойыз) арқылы Өзбекстанның астанасы – шуақты Ташкенттен жаңа піскен жүзім, құрма, лимон және қызанақ жеткізілді.

Бұл Өзбекстан мен Ресей арасындағы сауда келісімі аясында жасалған «Агроэкспресс» жаңа теміржол қызметін сынақтан өткізу еді.

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіріп, артынша батыс елдерінің санкциясына ұшырағаннан бірнеше ай бұрын жақын көрші елдермен тығыз сауда байланысын орнатуға тырысты. Оның өзбек әріптесі Шавкат Мирзиеёв ынтымақтасуға қуана келісті.

«Агроэкспресс» логотипіне қарағанда, бұл жобада тағы бір серіктес әрекет етеді, ол – бір жыл бұрын ғана құрылған компания.

Бұл фирманың атауы – UTI Transit. Ол сыбайлас жемқорлық арқылы астыртын жүк тасымалдау империясын құрған делінетін атышулы қытайлық ұйғыр отбасы – Абдуқадырларға тиесілі.

OCCRP, «Азаттық радиосы» және «Клооп» жүргізген зерттеулер сериясында басшылығында төрт ағайындының үлкені Хабибула Абдуқадыр тұрған бұл кланның Қырғызстандағы негізгі сауда жолдарын жоғары шенді шенеунікке пара беру және кеденде артықшылыққа ие болу арқасында бақылауға алғаны анықталды.

Бұл зерттеу қалың көпшілікке таралды. Бұл жолы журналистер бір жылдан астам уақыт бойы Абдуқадырлардың бизнесін зерттеп, бұл отбасы Өзбекстанда да осыған ұқсас жолмен жүргенін анықтады: олар үлкен базар мен сауда жолдарына бақылау орнатқан, сонымен қатар кеден қызметінің серіктесі атанған. Бұл жолы олар астыртын мәміле арқылы емес, үкіметтің қолдауымен билікке келді.

Ташкенттегі сауда дүкені, Өзбекстан

Фото: OCCRP

Өзбекстан билігі әуелі Ташкенттегі басты базардың иесіне қарсы сыбайлас жемқорлық бойынша көптеген тексеру жүргізіп, бизнесін Абдуқадырға сатуға мәжбүрлеген. Бірнеше дереккөз Абдуқадырды бұл жобада президент Мирзиёевтің күйеубаласы Отабек Омаров қолдап отырғанын айтады.

Отбасы тікелей үкіметпен істес болып отыр: олар мемлекеттік фирмамен бірігіп, Қытай мен Өзбекстан арасында жаңа сауда жолын құруға атсалысқан жүк тасымалы кәсіпорнын ашты.

Журналистердің қолына түскен құжаттарға сәйкес, Абдуқадырлар ел шекарасында жаңа кеден терминалдарын салу жоспарын әзірлеуге Өзбекстан үкіметі жоспарын жарияламас бұрын кіріскен. Клан қазір өзі бақылап отырған екі терминалға инвестиция салған; тағы бірнешеуіне кейінірек салуды жоспарлап отыр.

Кей деректерге қарағанда, олардың компаниясын «Агроэкспресс» жобасына серіктес ретінде мемлекеттік фирма ұсынған.

Ольстер университетінің криминология профессоры, Абдуқадырлардың қызметін зерттеген Кристиан Ласслетт Өзбекстан бұл отбасы үшін қолайлы әрі қалаулы жер болғанын айтады.

«Өзбекстанда экономика дамып жатыр, [үкіметтің] тексеруінсіз пайдалы және ауқымды инвестицияға мүмкіндіктер бар. <...> Олар үшін бұл құнарлы жер. Әлбетте, олар жаңа билік орталығына енуге тырысты».

«Азаттық радиосының» Орталық Азия бойынша маманы, журналист Брюс Панниер Абдуқадырлардың биліу пен күшінің арқасында жетістікке жетті деп санайды.

«[Хабибула Абдуқадырдың] осындай үлкен базарды өз қолына алуы... оның Өзбекстанда ықпалы қандай екенін көрсетеді. Билік басындағылар мұндай шарттарға келіскеніне қарағанда, не оның байланыстары мықты, не ол біреуге шынымен керек».

Панниердің айтуынша, кланның кеден терминалдарына қол жеткізуі алаңдатады.

«Бұлар Өзбекстандағы кеден бекеттерін бақыласа, бірнеше сұрақ туындайды: Мұнда кім басшы? Кеден басқармасы ма? Әлде бәрін [Хабибула Абдукадыр] басқарып, кеден жай ғана оған жұмыс істей ме?

Күмәнді тұлғалардың үкіметпен қалай тығыз жұмыс істейтінін көргенде сабыр сақтап отыру мүмкін емес».

Журналистер жобада көрсетілген 50-ден астам адамға, компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарға пікір білдіруді өтініп түсініктеме алу үшін сауал жолдады. Барлығы дерлік жауап берген жоқ, олардың қатарында президент Мирзиёевтің кеңсесі, Өзбекстан кеден басқармасы, ресейлік және өзбекстандық теміржол компаниялары және Отабек Омаров та бар. Абдуқадырлар Хабибула Абдуқадырдың электронды мекенжайына жіберілген сұрақтарды алғанын растады, бірақ кейінірек жауап бере алатынын айтты.

Өзбекстандағы сауда орталығы

«Абу Сахий» базары – Өзбекстанның сауда нарығындағы алпауыт ойыншының бірі. Елорданың айналма жолындағы базар киім-кешектен бастап, тұрмыстық электроникаға дейін кез келген затты табуға болатын шексіз сауда қатарымен әйгілі. Мұнда қытай тауары көп екені соншалық, жергілікті әзілқойлар бұл жерді «Қытай астанасы» деп атайды. Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін мұнда азық-түлік дүңгіршектері, бірнеше деңгейлі автотұрақ, тіпті мешіт бар.

«Абу Сахий» базарына көп жыл бойы бұрынғы президент Ислам Каримовтың күйеубаласы, сән-салтанатты өмір салтымен танымал болған Тимур Тилляев иелік еткен.

Болжам бойынша, ол бейресми салық және кеден жеңілдіктерін пайдаланып, тауарларға ең төмен баға белгілеп, импорттан миллиондаған пайда тапқан.

«Абу Сахий» сауда нүктесі мен тұрақтары 20 гектардан астам жерді алып жатыр. Кешен 2006 жылы «Ипподром» ретінде танылған ескі базардың жанынан ашылды. Ол базар Кеңес Одағы тарағаннан кейін Өзбекстан азаматтары импорт заттарды арзанға сатып ала алатын алғашқы орынның бірі болған.

Фото: OCCRP

Оның өзі мұны жоққа шығарған, ал адвокаты қазірдің өзінде мұның жалған екенін алға тартады. OCCRP және серіктестері бірнеше жыл бұрын жариялаған зерттеулер сериясы көрсеткендей, сол жылдары базардың ең негізгі жеткізушілерінің бірі Хабибула Абдуқадыр болған.

Абдуқадыр бауырларымен бірге көрші Қырғызстандағы жемқор кеденшілердің қолдауымен Қытайдан әкелінген, декларациясы дұрыс толтырылмаған тауарларды «Абу -Сахий» базарында сату арқылы дүние-мүлік жинап алған болуы мүмкін. Клан Айеркен Саймаити деген азаматты жалдаған, кейін ол журналистерге түрлі заңсыз әрекеттер арқылы Абдуқадырлардың қаржысын әлемнің түкпір-түкпіріндегі шоттарға жіберіп отырғанын айтып берді. Ол 2019 жылдың күзінде Стамбұлда атылды.

Бұл схема жылдар бойы жұмыс істеді. Тилляев пен Абдуқадыр байыған үстіне байи түсті, ал «Абу Сахий» өркендей берді. Алайда Өзбекстан секілді елде көп нәрсе жоғарыдағылардың қолдауына байланысты және бәрі әп-сәтте өзгеруі мүмкін. Абдуқадыр секілді тапқыр адам өзгерістерден де жаңа мүмкіндік таба алады.

2016 жылы президент Каримов қайтыс болды, оның орнына премьер-министр Шавкат Мирзиёев отырды. Жаңа көшбасшы өзін бүкіл әлемге елді жаңа қырынан танытатын, жемқорлық пен адам құқығын бұзуды тоқтататын реформатор деп атайтын. Оның нысанасына биліктегі бұрынғы отбасының мүшесі Тилляевтің түскені таңғаларлық емес.

Прокуратура мен салық қызметі бұрын ешкімнің тісі батпаған «Абу Сахий» базарына қатысты көптеген тексеру жүргізді. Сауда мен жүк тасымалы бірнеше апта тоқтап тұрды. Ақыры 2017 жылы Тилляев базардағы үлесін жаңа иелеріне сатты. Білуімізше, ол содан бері ел ішінде көрінбеген.

Үкімет «Абу Сахий» иелерінің ауысқанын кеңінен хабарлады. Бірнеше аптадан кейін президент кеңсесі базардың қайта ұйымдасқанын мақтап, мемлекет бюджетіне түсетін салықтың өскенін атап өтті.

Бірнеше айдан кейін мемлекеттік телеарнада «Абу Сахий» базарының жаңа иелері, белгісіз «халықаралық тәжірибесі бар шетел инвесторларын» мақтайтын материал шықты. Видеода баға арзандағанын айтып, мәз болған сатып алушылар мен жалға алу құны арзандағанын айтып, қуанған сатушылар көрсетілген.

«Шетел инвесторлары» деген сол баяғы Абдуқадырлар болып шықты. Тилляевтің адвокаты журналистерге оның клиенті базарды 2017 жылдың желтоқсан айында Хабибула Абдуқадырға сатқанын растады. Біздің қолымызға түскен корпоратив құжаттарға сәйкес, «Абу Сахий» Тилляев кеткеннен кейін әуелі Абдуқадырдың неміс фирмасына өткен, кейін 30 жасқа толмаған қызға (оның қызметі туралы басқа ақпарат жоқ) тиесілі делдал түрік компаниясына өткен.

«Абу Сахий» базары

Фото: OCCRP

Табысты бөлу

«Абу Сахий» базарына жақын дереккөздер, соның ішінде сатушылар, корпоратив заңгер, бұрынғы жоғары шенді милиция қызметкері мен жүк таситын компания басшылары Абдуқадырды өте ықпалды адам, Мирзиёевтің күйеубаласы және президенттің мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары Отабек Омаров қолдап отыр дейді.

Олар бұрынғы кеңес елдеріне тән схеманы сипаттап береді: биліктегі саяси элитаның өкілі (дәл осы жағдайда Омаров) табысты бизнесті қорғаушы болып отыр. Әдетте қорғаушы табыстың бір бөлігі үшін саяси қорғаныс, инсайдер деректерге қол жеткізу және заңдарды жеңілдетуді қамтамасыз етеді.

Кәсіпорынның құрылымы туралы Абдуқадырлар бақылайтын компанияның қызметкері көбірек айтып берді, алайда оның куәлігін басқа дереккөздер арқылы растау мүмкін болмады.

Бірнеше дереккөз Наджим Абдужаббаровтың көп жыл бойы «Абу Сахий» базарын басқарғанын, ал Тилляев кезінде импорт мәселесімен айналысқанын растады.

Фото: Наджим Абдужаббаров / Vkontakte

«Абу Сахий» үлесі Ходжа-акаға (Абдуқадырдың сыйлы есімі) тиесілі, алайда оның серіктесі О[табек] О[маров]», — дейді дереккөз.

Оның айтуынша, ол «Абу-Сахий» басшысының кеңсесінен банкнот санайтын құрылғы және доллар бумасын көрген, кейін бұл ақшаны түскен пайданың үлесі ретінде Омаровқа берілген болуы мүмкін екенін айтты.

Компания қызметкері Абдуқадыр мен Омаровтың арасындағы негізгі байланыс ретінде президент отбасының тағы бір мүшесі, Мирзиёевтың әпкесінің күйеубаласы Наджим Абдужаббаровқа сілтеді. «Ол — отбасының өкілі, — деп, Абдужаббаровтың аптаның басым бөлігін Абдуқадырлардың ең негізгі сауда компанияларының бірі Baraka Holding кеңсесінде өткізетінін айтады. — Ол Ходжа (Абдуқадыр) мен күйеубалалар арасындағы делдал».

Басқа бір жобада Абдуқадырлар тікелей президент отбасы мүшелерімен істес болған. Олар Мирзиёевтің немере інісімен бірге иелік еткен логистика орталығы кеден басқармасының тапсырысы бойынша барлық халықаралық курьерлік жеткізуді орындаған (толығырақ төмендегі блокта).

***

CPT Pochta

Бірнеше жыл бойы Абдуқадырлар, Мирзиёев пен Аброр Мирзияев иелік еткен халықаралық «Ташкент» әуежайы жанындағы логистика орталығы халықаралық курьерлік жеткізуді қалай бақылауына алған?

Өзбекстан азаматтары дүкен мен базарға барудың орнына, пошта не курьер қызметі арқылы тапсырыс бере алады.

Каримовтың кезінде Өзбекстанда мұндай жеткізуге тыйым салынған еді. Мирзиёев билікке келгенде, қаулы шығарып, ел азаматтарына бір тоқсанда сомасы 1000 долларға дейін тауар тапсырыс беруге рұқсат берді.

Осыдан кейін Өзбекстанда онлайн сауда мен халықаралық курьерлік жеткізу белең алды. Ресми дерекке қарағанда, үш жыл ішінде бұл сала үш есе өскен. Өсіп жатқан трафикке қызмет көрсету үшін 2018 жылдың қыркүйегінде халықаралық пошта және курьерлік сәлемдемелерді қабылдау, кедендік рәсімдеу Ташкенттен Науаи қаласының әуежайына көшірілді.

Алайда көп ұзамай бұл іске жаңа ойыншы қосылды.

2019 жылдың қыркүйегіне дейінгі бір сәтте жүктерді жеткізетін CPT Pochta аталатын шағын компанияның жаңа 50 пайыздық акционері пайда болды, ол — Абдуқадырлардың фирмасы. CPT Pochta акциясының 25 пайызын президенттің немере бауырының ұлы, Өзбекстандағы ең ірі үшінші банктегі ықпалды адам Аброр Мирзияев алды.

Көп ұзамай компанияның ісі оңға басты. Қыркүйек айының соңында Науаи әуежайындағы сауда тоқтап қалды: кеденшілер барлық затты дерлік тоқтатты, контрабанда ізін іздесе керек.

Дәл осы кезде үкімет барлық халықаралық және курьерлік заттарды халықаралық «Ташкент» әуежайындағы CPT Pochta терминалына апаруды бұйырды.

Кеден бөлімшесі бұл уақытша шара болғанын айтады. CPT Pochta негізін қалаушы Александр Ян журналистерге билік өзінің компаниясына «ауыр міндет» жүктегенін айтады. Ол өз отбасында 25 пайыз ғана енші қалғанын, ал фирманың басым бөлігі Абдуқадыр мен президент туысына тиесілі екенін айтқан жоқ.

«Уақытша» шара әлі өз күшінде тұр, шектеу Түркиядан келетін тауарға ғана қолданылмайды. Оларды Науаиде CPT Pochta-ға қарасты кәсіпорын таратады.

Өткен көктемде Абдуқадыр компаниясы мен Мирзиёевтің немере інісі CPT Pochta иелері тізімінен жоғалып кетті — олардың орнында аса танымал емес адамдар тұр. Алайда президент отбасымен байланыс сақталған: жаңа иелерінің бірі Нодир Ходжаев Аброр Мирзияевтің әпкесіне үйленген.

***

«Биліктің нұсқауы»

Билік Абдуқадырларды Өзбекстан мен Қытай арасындағы жаңа сауда жолын әзірлеу жобасына да араластырды.

2017 жылы президент Мирзиёев Қытаймен және Қырғызстанмен заманауи сауда арнасын құру туралы келісімге қол қойды.

Желтоқсан айында қырғыз президенті Ташкентке ресми сапармен барды. Қырғыз делегациясының ішінде Хабибула Абдуқадыр болды. Келесі айда клан Өзбекстан үкіметімен істесе бастады: олардың қытайлық бір компаниясы басты акция пакеті үкіметке тиесілі O’rta Osiyo Trans фирмасымен ортақ кәсіпорын құрды. Жаңа фирма жаңа тауар жолын құру барысында «үкіметтің нұсқауларын орындауы» керек болатын.

Хабибула Абдуқадыр Өзбекстанда қырғыз делегациясының қатарында, 2017 жылдың желтоқсаны. Көп ұзамай, оның бір компаниясы Өзбекстан үкіметімен бірлесіп, транспорт фирмасын ашады.

Фото: YouTube видео скриншоты / Қырғызстан президенті

Билік басқамен емес, Абдуқадырмен істес болғысы келген көрінеді. Акционерлер дауыс берген кезде олар мәмілеге қарсы болған түрік фирмасы, O’rta Osiyo Trans фирмасының миноритарлық акция иегерін көзге ілмеді.

Абдуқадырлар Silk Road International кәсіпорнына қаржы, ал үкімет жүк тіркемесін берді. 2018 жылдың қыркүйегінде Өзбекстан сауда министрлігі компанияның жаңа маршрутты сәтті жүргізгенін, енді азық-түлік, құрылыс материалдары мен тұтыну тауарлары тиелген жүк көліктері Қытай мен Өзбекстан арасында жүріп жатқанын хабарлады.

2020 жылы Хабибула Абдуқадыр түрік акционерінен O’rta Osiyo Trans фирмасының миноритар үлесін сатып алып, Өзбекстан үкіметінің тікелей серіктесі атанды.

Осылайша, Silk Road International-ге қатысқан және Қырғызстандағы жетекші жүк тасымалдаушы «Тарим Транс» компаниясына иелік еткен Абдуқадырлар Қытай тауарларын Өзбекстанға жеткізу тізбегінде жетекші орынға ие болды.

Журналистер жиырмадан астам бәсекелес көлік компаниясының өкілдерімен байланысқа шықты — көбіне оларға Қытайдан Өзбекстанға трасса арқылы тауар жеткізе алмайтынын айтқан. Осылай істеуге тырысқандар күту уақыты ұзақ екеніне және тауарды жеткізу кезіндегі белгісіздікке шағымданды. «Біз бұл жолмен жүруге қорқамыз», — дейді бір компанияның қызметкері. Ол жүкті өткізу үшін пара сұралғанын да айтты. Абдуқадыр бәсекелестерінің көбі балама жолды қолданады: тауарды көрші Қазақстан арқылы пойызбен жібереді.

Өзбекстанда Абдуқадырдың Baraka Holding фирмасы да бар, оны жергілікті трейдерлер тапсырыс бергенде және шетелден тауар әкелгенде делдал ретінде пайдаланады.

Компания өзіне импорт пен кедендік рәсімдеуді алады, сол себепті клиенттерде «ішкі» жеткізушіден ғана сатып алу дейтін таңдау бар.

«Абу Сахий» Абдуқадырларға өткеннен кейін ол айтарлықтай кеңейді. Онда бірнеше көпқабатты ғимараттар мен мешіт салынды.

Фото: OCCRP

Baraka бәсекелестері мұндай қызмет ұсынбайды. «Азаттық радиосының» «Озодлик» өзбекстандық қызметі Baraka Holding-тен басқа балама жоқ екеніне шағынған трейдерлер мен көлік компанияларының иелерінен көптеген аноним хат алған.

«Саудагер қандай да бір тауарды импорттағысы келсе, ол оны “Абу Сахий” немесе Baraka арқылы ғана жасай алады, — делінген бір шағымда. — Болмаса, кеден оларды жібермейді».

Өзбекстан үкіметінің дерегіне сәйкес, 2022 жылы Baraka Holding 200 миллион доллардан астам кірісі бар, елдегі ең ірі үшінші сауда компаниясы болды. Компания пікір алу туралы сауалға жауап бермеді.

«Конкурс өтті деп ойламаймын»

Абдуқадырлар енді ресми түрде Өзбекстанның Кеден комитетімен серіктес — көрші Қырғызстанда жоғары лауазымды кеден қызметкерін параға жықты деп айыптағаны Өзбекстан билігіне кедергі болған жоқ.

2019 жылдың қаңтарында Мирзиёевтің үкіметі жекеменшік компанияларды ел шекарасында төрт жаңа кеден терминалын салуға арналған тендерге қатысуға шақырды.

Биліктегілер конкурсқа дейінгі іріктеуден өту үшін ықтимал серіктестер бірқатар талапқа сай болуы керегін айтты. Дайындыққа он күн ғана берілді.

Тендер қатысушылары кемінде екі терминал салу тәжірибесі, оның ішінде шетелде, оларды басқаруда бес жыл тәжірибесі, халықаралық бизнесте беделі бар және жарғылық капиталында кемінде 9,5 миллион доллары болуы керек еді.

Жеңімпаздарды сол күйі жариялаған жоқ. Алайда жер кадастрының деректері мен тікелей шетелдік инвестициялар тізімінде жобаны кім жүзеге асырып жатқаны көрсетілген: ол осы талаптардың ешқайсына сәйкес келмеген компания. Оның тіпті сайты да жоқ, ал компанияны тендер жариялардан үш ай бұрын құрған.

«Меніңше, бәрін жоғарыда шешті, — деді жобада жұмыс істеген дереккөз. — Конкурс өтті деп ойламаймын».

Euroasia Transportation and Logistics Company (ETLC) фирмасы Hyper Partners неміс компаниясына тиесілі. Оны Хабибула Абдуқадыр мен оның бауырлары қолданатын Палван тегіндегі 23 жастағы ер адам басқарады. Корпоратив құжаттарда оның Лондондағы отбасылық жекежайда тұратыны көрсетілген. Ол отбасының туысы болуы мүмкін.

Төрт терминалдың жұмыс бастау дайындығы әртүрлі: материал жарияланғанда олардың екеуі жұмыс істеп тұрған.

Жобаның екінші кезеңі аясында тағы бес терминал салуға тендер 2020 жылдың басында жарияланған болатын. Жеңімпазды сол күйі атаған жоқ, бірақ ETLC кем дегенде бір терминалдың жанынан жер алды.

Басқа үміткерлердің мүмкіндігі болмаған да сияқты. Журналистердің қолына Hyper Finance Group-тың ішкі құжаттары түсті — бұл компания отбасының кейбір жылжымайтын мүлік саласындағы жобаларын басқаратын көрінеді. Ол құжаттар президент терминалдарды салу жоспарын көпшілікке жариялаған уақытта Абдуқадырлардың фирмалары мемлекеттік шенеуніктермен бірге ауқымды жобалау жұмысын аяқтап үлгергенін көрсетеді.

Құжаттардың ішінде PowerPoint-тегі презентация бар, онда бес терминал мен логистика орталығының құрылысына Абдуқадырдың AKA Group компаниясы, кеден қызметі мен мемлекеттік теміржол компаниясы «бастамашы» болуы керек деп жазылған. Метадеректер файлдың соңғы рет 2018 жылдың тамыз айында, яғни терминалдарды салу жоспарын жариялаудан бірнеше ай бұрын түзелгенін көрсетеді.

Президент Мирзиёев Өзбекстандағы кеден қызметін жақсарту туралы қаулы шығарып жатқан кезде Hyper Financе жоба жұмысына қызу кіріскен еді. Журналистер 2018 жылдың 16 қарашасы деп көрсетілген файлдарды алды: онда президент 9 күннен кейін құрылыс жоспарын бөлісуі керек тоғыз терминалдың дизайны болған.

Hyper Finance терминалдардың әзірлеу реттілігін де білген көрінеді. 2018 жылдың 10 желтоқсанындағы құжатта барлық терминал көрсетіліп, оның төртеуіне басымдық берілетіні айтылған. Үкімет жобаның бірінші кезеңі аясында осы төрт терминалды салуға келесі айда ғана тендер жариялады.

Құжаттарға сәйкес, Бехзод Ачилов есімді азамат Hyper Finance Group дизайнерлерінің негізгі байланысшысы болған, ол кедендік рәсімдермен танысу үшін қазір жұмыс істеп тұрған Ташкент терминалына сапар ұйымдастырған. Одан бірнеше ай бұрын Ачилов импорт және басқа да тауарларға сертификат беретін мемлекеттік мекемені басқарған. Ол сыртқы сауда министрлігінде де жұмыс істеген.

Өзбекстан корпоратив реестріндегі құжаттар Ачилов пен Абдуқадырлар арасындағы тікелей байланысты анықтауға көмектесті: ол ETLC директоры болған. Фирманың контактілері көрсетілген жерде оның жеке поштасы бар.

Өзбекстандағы жаңа кеден терминалдарының құрылысына арналған презентацияның бірінші беті. Мұнда кеден қызметі, теміржол компаниясы мен Абдуқадырлардың бақылауындағы AKA компаниясының логотипі көрсетілген.

Үкімет қолдауымен контрабанда арқылы дүние-мүлік жиған делінетін клан кеден терминалдары мен «Абу -Сахий» базарын бақылауына алып, Өзбекстанға баратын және шығатын құрлықтағы сауда жолдарының басым көпшілігін бақылауына алды.

Келесі — Ресей

Абдуқадырлар мұнымен тоқтаған жоқ.

Ресей сауда саласында Батыстан Қытайға және Орталық Азияға қайта бағдарланып жатыр, ал бұл жерде Өзбекстан негізгі делдал бола алады, кланның көздегені — осыдан пайда табу.

Өзбекстан көлік министрінің сөзіне қарағанда, үкімет Абдуқадырдың қатысы бар «Агроэкспресс» жобасын кеңейтуді, Ресейдегі Орал өңірі мен Қиыр Шығысқа жүк тасымалдауды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Қазір кланның бақылауындағы UTI Transit пен «Российские железные дороги» бірлескен кәсіпорны Мәскеу мен Қытай, сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы жаңа бағыттар бойынша тұтынушылар іздеп жатыр.