Қырғызстан президентінің ұлының досы ең ауқымды жобаларды іске асыратын құрылыс компаниясы басшыларының бірі болып шықты

Абдуқадыр жаңа жобаларын Жапаровтың төңірегіндегі адамдармен бірге іске асырады

Қырғызстан президентінің ұлының досы ең ауқымды жобаларды іске асыратын құрылыс компаниясы басшыларының бірі болып шықты

Президент Садыр Жапаров екі ірі нысанның, атап айтқанда, мешіт пен Бішкек орталығындағы көпфункционалды кешеннің құрылысын бастау рәсімінде сөз сөйледі. Оны контрабандаға қатысы бар деп күдікке ілінген белгілі магнат іске асырады. Бұл жобаларға президенттің туыстарының да қатысы бар көрінеді.

Зерттеудің маңызды тұстары:

«Ыйман борбору» мешіті және «Бишкек Сити Центр» — дәл қазір салынып жатқан Қырғызстандағы ең ірі екі құрылыс жобасы

Екі жобаның да инвесторы – Орталық Азиядан шыққан сауда монополисі Хабибула Абдықадыр. Бұған дейінгі зерттеулерге негіз болған материалдар оның контрабандамен айналысатынына және жемқор шенеуніктермен байланысы бар екеніне нұсқайды.

Абдуқадырдың екі жобадағы серіктесі де – бір құрылыс компаниясы, ал оның басшыларының бірі кім екені мүлдем белгісіз. Бұрын бизнесте тәжірибесі болмаған адам. Бұл жас жігіт – президенттің ұлының досы.

Президенттің ұлының тағы бір досы Абдуқадырмен бірге Қытаймен шекарадағы бекеттің маңында жерді жалға алатын сауда компаниясына иелік етеді.

Бұл деректер президент Жапаровтың аталған жобаларға және Абдуқадырға қандай қатысы бар деген ойға қалдырады.

Эльдияр Арыкбаев және Temirov LIVE

10 наурыз Қырғызстан президенті үшін ауыр күн болды. Бішкекте күн ыстық. Садыр Жапаров екі ірі нысанның құрылысы басталуына орай өткен жиында сөз сөйледі: 20 мың адам сыятын қала сыртындағы мешіт пен қаладағы ең биік ғимарат салу жоспарланған қала орталығындағы көпфункционалды кешен.

Президентпен бірге екі құрылыс аумағында да маңызды инвестор, жемқор қырғыз шекарашыларымен серіктес болып, сауда империясын басқарып, пайдаға кенелген магнат Хабибула Абдуқадыр болған.

Абдуқадырдың басты сыбайласы, Кеден қызметіндегі жоғары лауазымды шенеунік кейін жемқорлықпен айыпталып, АҚШ-тың санкция тізіміне енгізілді. Абдуқадырдың өзіне еш кінә тағылған жоқ, ал президент Жапаров магнаттың жаңа құрылыс жобаларына қатысып жатқанын жасырмайды да.

«Ең бастысы, олар іздеуде емес және үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған, — деді Жапаров құрылыстың басталу рәсімінен кейінгі күні журналистерге. — Керісінше, Қырғызстанға ақша салуға әзір адамдар қызықтырады. Ондай жандарды қуана қарсы аламын».

Әйтсе де, OCCRP журналистері анықтағандай, президент Абдуқадыр мен магнаттың 300 миллион доллар салуды жоспарлап отырған жобаларын инвестициялық ахуал үшін ғана қолдап отырған болмауы мүмкін.

Жақында табылған құжаттарда екі жобаны да жүзеге асыратын жақында тіркелген құрылыс фирмасының артында кім тұрғаны көрсетілген. Иелерінің ішінде Абдуқадырдың девелопер компаниясынан бөлек, не бизнесте, не құрылыста тәжірибесі жоқ 25 жастағы жігіт бар. Бұл жас жігіт президенттің ұлы Рустаммен дос екен.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (бірінші планда сол жақта) пен Хабибула Абдуқадыр (Жапаровтың сол жағында) «Ыйман борбору» мешіті құрылысының басталу рәсімінде

Фото: Президенттің баспасөз қызметі

Журналистер Рустамның тағы бір досы, бірнеше жыл бұрын ғана автослесарь болып жұмыс істеген жас жігіттің Абдуқадырмен бірге басқа компанияның басшыларының бірі екенін де анықтады. Ол компанияның немен айналысатыны белгісіз, алайда ол қазір Абдуқадыр контрабандасын жүргізді делінетін шекара бекетінің жанындағы жер телімін жалға алып отыр.

Жергілікті «ПолитКлиника» басылымының жақында шыққан зерттеуі де осындай тұжырымға жетелейді. Бұл ақпарат құралының қызметкерлері президенттің ұлының тағы бір досы бағалы жылжымайтын мүлікті заңсыз жекешелендіріп алғаны үшін жақында қылмыстық іс қозғалған девелопер компанияның 50 пайыз акциясын алғанын анықтады.

Президент Жапаровтың ұлының аса танымал емес үш досының осындай ауқымды жобаларға қатысы бар болуы күмән тудырады, бұл жерде президенттің қандай да бір қатысы бар ма?

Абдуқадыр мен оның саяси жебеушілері туралы бұған дейінгі зерттеулер кезінде белгілі болғандай, маңызды адамдармен байланысты танымал емес жастар ол адамдардың бизнеске қатысы бар екенін жасыру үшін директор және компания акционері ретінде әрекет еткен.

Ресей мен Еуразияны зерттеу бойынша Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері және саясаттанушы Темур Умаровтың пікірінше, Жапаровтың көздегені айдан анық.

«Бұл ел – авторитар ел, алайда демократияның кейпін киеді, — дейді ол. — Оны басқаратын адам иллюзия жасай алады. Бізде кез келген жағдайды түсінудің екі қабаты бар. Бірінші қабаты – бізді сендіргісі келетін ресми жағы, екіншісі – шынайы. Шынайы түсінік бойынша, Жапаров пен оның төңірегіндегілер өзінің керемет өмірін жасап алуы керек болып көрінеді.

Журналистер жазады, мұның бәрі… болмауы керек және Жапаров қызметін асыра пайдалана алмайды, төңірегіндегілерге, әсіресе туыстарына белгісіз жерден ақша тауып, ақша алуына жол бере алмайды. Әйтсе де, бәрі біледі ғой, ресми түрде ол істей алмайды, ал шындығына келгенде, істей алады. Оған ешкім кедергі келтірмейді».

Президент Жапаровтың өкілі пікір беру туралы өтінішке жауап ретінде «мемлекет басшысы мен бұл адамдардың арасында ешқандай іскерлік байланыс болмаған» деп жазды, шамасы Абдуқадыр мен оның серіктестерін айтса керек.

«Олар жалпы алғанда Бішкектегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 1,5 миллиард доллар салады», — деді ол журналистер сұраған жобалардың құнынан бірнеше есе көп бағаны айтып.

«Біздің ел үшін бұл қомақты сома», — деді ол. Кейінгі 2,5 жылдағы республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы Қырғызстанға инвестицияны белсенді тартуды жалғастырып жатқанын көрсететінін және бұл нәтиже беріп жатқанын айтуды да ұмытпады.

Ол президенттің ұлының достарының бірлескен кәсіпке қатысы туралы журналистердің сұрағына жауап бермеді.

Абдуқадыр пікір беру туралы өтініштерге жауап бермеді.

Алдыңғы планда «Бишкек Сити Центр» салынады деп жоспарланған алаң

Фото: Президенттің баспасөз қызметі

Достар мен жақындар

Абдуқадырдың «Бишкек Сити Центр» мен «Ыйман борбору» мешітіне салатын инвестиция шарттарын Қырғызстан министрлер кабинеті бекіткен және интернетте жарияланған келісімде көрсетілген.

Құжатқа сәйкес, екі жобаны да жүзеге асыратын Абдуқадырға тиесілі өзбекстандық Hyper Partners компаниясы. Мемлекеттен жер алу және алты жыл мерзімге салық жеңілдіктері үшін Hyper Partners жобаларға ең кемі 300 миллион доллар инвестиция салуы керек.

Бұрын Hyper Partners туралы ақпарат жоқтың қасы еді, алайда OCCRP мен серіктестерінің алдыңғы зерттеуі барысында Абдуқадырдың компаниясы биліктің қолдауымен Ташкентте тағы бір ауқымды нысан салып жатқаны белгілі болды.

Инвестициялық келісімде жобаларды жүзеге асыруға қатысатын қырғызстандық «Бишкек Констракшн и Девелопмент» құрылыс компаниясы да айтылған. Бұл компания құрылыс басталған күні құрылған, құжатта бұның Hyper Partners компаниясына қарасты қырғызстандық компания екені жазылған.

Бірақ репортерлер бұның Hyper Partners және өзге екі фирма бірігіп құрған жаңа компания екенін анықтады.

Оның бірі жақында ғана құрылған, бірақ мәлімет аз қырғызстандық «Репал» компаниясы. Оның жалғыз иесі – 2018 жылы әкесімен Қырғызстан азаматтығын алған жас жігіт.

Екіншісі – «Мега Констракт», ол бірлескен кәсіпорынның іске қосылуына санаулы күн қалғанда тіркелген. Құжаттарда құрылтайшысы ретінде президенттің ұлы Рустамның досы Арген Кадырбеков көрсетілген.

Арген мен Рустам 1997 жылы туған, араласатын ортақ достары бар, бірге іс-шараларға қатысады және әлеуметтік желілерде ортақ суреттері бар. 2016 жылы Рустам Аргеннің тойында қонақ болған.

Рустам Жапаровтың (оң жақтан екінші) Арген Кадырбековтің (ортада, қалындықтың жанында) тойындағы суреті

Фото: Instagram

Кадырбеков президент Жапаровты қатты қолдайды және оның ұлымен дос, бірақ жалпыға ортақ дереккөздерде ол туралы ақпарат жоқтың қасы.

Әйтсе де, журналистер «Мега Констракт» тіркелген мекенжайда қазір Кадырбековтің әйеліне тиесілі, ал бұрын президент туыстарына тиесілі болған пәтер орналасқанын анықтаған.

2013–2022 жылдар аралығында пәтерге бірде Жапаровтың екі әпкесі, бірде анасы кезекпен иелік еткен. 2022 жылдың қазан айында пәтер Арген Кадырбековтің әйелі Рахат Бактыбековаға сатылған.

Кадырбеков пен әйелінің бұдан басқа ешқандай бизнесі жоқ. Арген мен Рахаттың таныстары ол екеуін аса бай емес адамдар деп сипаттайды.

Кадырбеков пікір беру туралы өтінішке жауап бермеді.

«Халық пен құдай бәрін көріп тұр»

Кадырбеков Жапаровтың төңірегіндегілердің ішіндегі Абдуқадырмен бірге қызмет ететін жалғыз адам емес.

Қырғызстанның тағы бір азаматы Дастан Эрмекбай уулу — Абдуқадыр өзбекстандық Tashkent Trade Center компаниясымен бірлесіп ашқан екі кәсіпорынның иесі және директоры.

Әлеуметтік желілердегі ортақ суреттеріне қарағанда, Эрмекбай уулу да президенттің ұлының досы.

Абоненттің контактілерінде қалай сақталғанын көруге болатын GetContact қосымшасында Эрмекбай уулуның кемі алты танысы оның нөмірін президенттің ұлы Рустам Жапаровқа сілтей отырып сақтағанын көруге болады: «Дастан Друг Рустама 01» немесе «Дастан Охрана Рустам».

Эрмекбай улуу Жапаровтың өзіне де жұмыс істеген. Жапаров 2020-2021 жылдары президент сайлауына түскен кезде оның штаб қызметкерлерінің бірі болған.

Дастан Эрмекбай уулу Instagram желісінде «жұмыста» деп жазып жариялаған суреті оның 2018 жылы автосервисте жұмыс істеген дәлелдейді

Фото: Instagram

Тағы бірер жағдайда Эрмекбай уулун президенттің өзіне немесе бірінші әйел басқарған, қазір жабылған «Умут Булагы» қорына сілтеп сақтаған: «Садыр Дастан», «Штаб Дастан Жапаров», «Дастан (Президент)» и «Дастан Умут Булагы».

Эрмекбай уулуның оннан аса контактіде қалай сақталғанына қарап, оның қауіпсіздік мәселесіне қатысы болғанын көреміз: мәселен, біреу оның нөмірін «Дастан Нач. Охраны» деп сақтаған.

Қазір Эрмекбай уулу мен Абдуқадырдың бірлескен кәсіпорындарының коммерциялық қызметінің нышаны жоқ, тек бір жайтты есепке алмағанда. Олардың «Инвест Трэйд» ортақ компаниясы қырғыз-қытай шекарасындағы «Иркештам» өткізу бекетінің жанынан ауданы 96 гектар болатын жер телімін жалға алған.

Бұған дейінгі зерттеулерде айтылғандай, Абдуқадырға тиесілі жүк көліктері көп жыл бойы Қытайдан Қырғызстанға дұрыс таңбаланбаған тауарлар алып келіп, сол жерден, осы бақылау-өткізу бекеті арқылы басқа базарларға тасымалдап келген. Көрші Өзбекстанда да Абдуқадырдың компаниялары маңызды шекара бекеттері маңында сауда және логистика орталықтарын басқарады.

Эрмекбай уулу пікір беру туралы өтінішке жауап бермеді.

Президенттің бұл бизнесте мүддесі бар-жоғы түсініксіз.

Абдуқадыров туралы Жапаров наурыз айындағы сұхбатында «пәлеқор журналистер мен жекелеген адамдардың» пікірінен қорықпайтынын айтқан.

«Маңыздысы, менің жемқор болып кетпеуім емес пе, рас па? — деді Жапаров. — Халық пен құдай бәрін көріп тұр».

Материал «Клооп» басылымымен бірлесіп дайындалды.