Президент Мирзиёев Өзбекстанда реформа жасауға және ашықтыққа қол жеткізуге уәде берді. Алайда шетелдік ірі инвесторлар қатарында Орталық Азияда пара мен саяси патронаж арқасында байыған делінетін Абдуқадыр отбасы да бар болып шықты.
Зерттеудің маңызды тұстары:
- Абдуқадыр отбасы, шамасы, парақорлықтың арқасында оларға орасан байлық әкелген ауқымды контрабанда желісін құрған. Ақшаның көп бөлігін Өзбекстанда тауып, басқа елдерде із жасырған.
- «Шетелдік инвестор» кейпінде және бұлыңғыр корпоративтік құрылымдар арқылы бұл отбасы Өзбекстандағы бірқатар ірі құрылыс жобасына миллиондаған қаржы құйған. Үш қонақүй құрылысында Абдуқадыр отбасы Accor атты француз қонақүй операторымен серіктес болды.
- Бұл отбасының сенімді тұлғалардың тасасына жасырынған маңызды серіктесі бар сияқты, ол президент Мирзиёевтің күйеубаласы, ықпалы зор Отабек Омаров деседі.
- Қолда бар мәліметтер Мирзиёевтің бұрынғы биліктен қалған жемқорлықты жойдым деген мәлімдемесіне қатысты күмән туғызады.
OCCRP, «Радио Озодлик», Клооп және Власть
Ташкент орта ғасырларда салынған мешіттерімен, базарымен және махаллаларымен танымал екені мәлім. 2016 жылы билікке келген Шавкат Мирзиёев Орталық Азияның бұл елін қайта жандандыруға уәде берді. Ескі кварталдардың орнына жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер мен сауда орталықтарын салуды ұйғарды.
Жаңарудың негізгі бөлігі ретінде «Ташкент-Сити» жобасы ұсынылды. Құны 1,3 млрд доллар тұратын бұл жобада 80 гектар аумақты алатын саябақ, түрлі елдің асханасы бар мейрамханалар, заманауи зәулім ғимараттар, тіпті планетарий де бар.
«Бұл жерге келуге бүкіл әлем ұмтылатын болады», – деді 2017 жылы жұмыс барысын өзі жіті бақылауға алуға уәде берген Мирзиёев.
Шынында да, ол құрылыс алаңына бірнеше рет барды. Сондай сапардың бірінен 2022 жылы қаңтарда Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасы репортаж берді. Журналистер кадрдан OCCRP-дің сериялы зерттеулерінде аты аталған таныс тұлғаны және оның серіктерін байқады. Қара қыстық күрте киіп, бетіне медициналық маска тақса да, президенттің жанында тұрған Хабибула Абдуқадыр екені көрініп тұр еді.
Ол – жасырын ұйғыр магнаты, бауырларымен бірге тасадағы сауда монополиясы арқылы байыған адам. Оның саяси патронаж бен параға арқа сүйеген астыртын бизнес империясы бүкіл Орталық Азия аумағын қамтиды. Құны 400 млн доллар тұратын «Ташкент-Сити» орталығындағы нысандарға инвестиция салған Абдуқадыр мен оның туыстары екені белгілі болды. Мұнда сауда орталығы, көпқабатты тұрғын үй және кеңселер, қонақүй құрылысы қарастырылған.
Абдуқадыр отбасының бизнесі жайлы 2019 жылы OCCRP, «Азаттық радиосы» және «Клооп» жариялаған бірқатар мақалада айтылғанын ескерсек, бұл жолғы жобаға да оның қатысы бар екені және Өзбекстан президентімен жақындығы назар аударуға тұрарлық жағдай.
Көршілес Қырғыстанда Абдуқадырлар кеден саласын іс жүзінде кланның қарамағына берген кеден қызметкерлеріне пара берген. Нәтижесінде Абдуқадырлар арзан қытай тауарларын Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдерге тонналап тасымалдап, қыруар қаржыға кенеліп отырған.
Бұл схема туралы тасадағы қаржыгер Айеркен Саймити журналистермен байланысқа шыққанда белгілі болды, өзінің мойындауы және көрсеткен құжаттары бойынша, ол Абдуқадыр әулетінің жүздеген миллион доллар ақшасын шетелге шығарып отырған. Ол бұл үшін түрлі заңсыз әрекетке барған: жалған келісімшарттар, несие келісімдері мен жасанды электронды ақша аударымдарын, тіпті қолма-қол ақшаны тасымалдаған күнкөрісі төмен адамдарды да пайдаланған.
Абдуқадырлардың қызметі туралы жиі жазылды, Саймаитидің айтқаны бойынша, олар байлығының көбін Өзбекстанда жасаған. Алайда әрқайсында бірнеше төлқұжаттан бар Абдуқадырларды Өзбекстанда маңызды шетелдік инвестор ретінде қабылдады.
«Ташкент-Ситиден» бөлек, оларға ел астанасында тағы екі ірі тұрғын үй кешенін салу құқығы берілді, олардың жалпы құны – 520 млн доллар. Сонымен қатар, отбасы астанадан жаңа бесжұлдызды қонақүй салуда Accor француз қонақүй операторымен серіктес болды. Тағы екі қонақүй Өзбекстанның басқа аймақтарында ашылуы керек.
Абдуқадырлардың ірі жобаларға қосқан инвестициялары туралы ақпарат құпия. Ақшаны офшорлық фирмалар немесе делдал екені айқын екі компания арқылы аударады. Ол компаниялардың қызметі ашық емес.
Сондықтан отбасының бұл құрылысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айқын айғақ табу үшін OCCRP мен оның «Азаттық Радиосы», «Клооп» және «Власть» сияқты серіктестеріне бір жылдан аса уақыт қажет болды. Тілшілер компания қызметкерлері мен номинал акционерлер туралы деректерді зерттеп, кәсіпорынның байланыс деректерін Абдуқадырлардың бұрыннан белгілі фирмаларымен салыстырды және басқа да ашық ақпарат көздерін пайдалана отырып, инсайдерлерді іздеді.
Журналистердің анықтауы бойынша, Абдуқадырлардың Өзбекстанның басқарушы билігімен байланысы бар беделді серіктесі – Мирзиёевтің ықпалды күйеубаласы және президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Отабек Омаров.
Омаровтың есімі ешбір құжатта кездеспейді, ал Өзбекстанның сауда реестрінде оның қандай да бір бизнеске иелік ететіні көрсетілмеген. Ол Абдуқадыр отбасының Ташкенттегі құрылыс жобаларынан бөлек, олардың Өзбекстандағы сауда бизнесін жүргізуіне де атсалысқан. Бұл бизнес әртүрлі деңгейде мемлекеттік қолдауға арқа сүйейді, оның ішінде президент жарлықтары да, бәсекелестеріне қысым көрсету мен жеңімпаздары алдын ала жасырын таңдалған мемлекеттік тендерлер де бар.
Президент Мирзиёев реформа жүргізіп, елді жаңғыртуға бірнеше рет уәде берді, дегенмен Абдуқадырлардың табысты қызметі оның сөзіне күмән келтіреді. Өзбекстан күмәнді отбасын ықыласпен қабылдады, қазір олардың мұндағы инвестиция көлемі екі миллиард доллардан асады.
Ольстер университетінің криминология профессоры, Абдуқадырлардың қызметін зерттеген Кристиан Ласслетт мұндай инвестициялардың құны нешік екенін айтты.
Күмәнді жерден түскен ақшаны ұлттық немесе табиғи мұраны бұзатын жобалар арқылы жымқырады.
Онымен қоса, мұндай жобаларды іске асыруда шенеуніктердің [заңбұзушылыққа] көз жұма қарауы маңызды. Менің ойымша, көп жағдайда «откат» беру ықтималдығы жоғары деуге болады. <…> Яғни, бір жағынан, мұндай инвестиция адам құқығының бұзылуына әкеледі. Екіншіден, клептократияның тамыр жаюына жол ашады”.
Журналистер жобада көрсетілген 50-ден астам адамға, компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарға түсініктеме алу үшін сауал жолдады. Барлығы дерлік жауап берген жоқ, олардың қатарында президент Мирзиёевтің кеңсесі бар. Абдуқадырлар Хабибула Абдуқадырдың электронды мекенжайына жіберілген сұрақтарды алғанын растады, бірақ кейінірек жауап бере алатынын айтты.
Абдуқадыр отбасымен серіктестік туралы сұраққа Accor өкілі компанияда «Абдуқадыр мырза туралы жазған OCCRP-дің [бұрынғы] мақалалары туралы біледі» және «қонақүй иелеріне қатысты контрагенттерді тексеру рәсімін жүргізді» деп жауап берді.
Жұмбақ «нарық көшбасшысы»
«Ташкент-Сити» кешенінің «үшінші учаскесіндегі» сауда орталығының Instagram парақшасында ол жерде қандай халықаралық брендтер болатыны көрсетілген. Олардың қатарында Calvin Klein, United Colors of Benetton және Swarovski де бар.
Алайда сауда орталығы мен оған іргелес көпқабатты үйлерді салған Hyper Partners компаниясы туралы ақпарат жоқтың қасы. Компания туралы алғашқы ақпарат 2018 жылдың маусым айында шыққан: өзбектің жаңалықтар басылымы ақылы жарнамалық мақалада бұл компанияны жобаның инвесторы және «нарықтағы көшбасшы» деп атаған.
Мақалада компанияның құрылғанына небәрі төрт ай болғаны және оның жарғылық капиталы 25 мың еуро екені көрсетілмеген.
Бұл 2018 жылғы желтоқсанда Open Democracy зерттеу жүргізіп, Hyper Partners 18 жастағы жасөспірімге тиесілі екенін білген кезде анықталды. Компанияны Хабибула Абдуқадырмен байланысы бар, бұған дейін аса көзге түспеген Германияның екі азаматы құрған. Ол кезде олар жайлы ештеңе белгісіз еді.
Мақала қоғам назарын аударып, бұған сол кездегі Ташкент хокимі (әкімі) Джахонгир Артыкходжаев жауап беруді жөн деп тапты. Ол 2019 жылы қаңтарда өткен баспасөз мәслихатында мұндай ірі жобаларды іске асыру құқығын белгісіз басшылар иелік ететін аты шыға қоймаған фирмаға беру керек деген шешімін қорғап шықты. «Бұл компания кеше құрылды ма, әлде алдыңғы күні құрылды ма, маңызды емес, – деді ол. – ...Олардың кім екенін, қайдан ақша тапқанын сұрау біздің құзырымызда емес…
Әр инвестордың бенефициарын сұрай беретін болсақ, Өзбекстанның қақпасын жаба берсек болады, онда бұл жаққа ешкім келмейді», – деді қала әкімі.
Бір жылдан кейін-ақ Өзбекстанның қақпасын кімге ашқаны белгілі болды: OCCRP, «Клооп» және «Азаттық радиосының» Абдуқадыр отбасы мен оның контрабанда империясы туралы зерттеу мақалаларының алғашқы сериясы шықты.
Бұдан кейін Hyper Partners артында Абдуқадыр кланы тұрғанына еш күмән қалған жоқ. Корпоратив құжаттарына сүйенсек, фирманы холдинг компания ретінде «Ташкент-Сити» үшін ғана емес, Өзбекстандағы басқа да отбасылық инвестициялар үшін пайдаланылған, оның ішінде бірнеше кеден терминалы мен Жызақ облысында салынып жатқан цемент зауыты да бар.
Hyper Partners компаниясының Германиядағы мекенжайы Айеркен Саймаити ақша аударымынан ондаған миллион доллар алған AKA Group және AKA Petroleum сияқты отбасының бірнеше кәсіпорынның мекенжайымен сәйкес келеді. Ал Өзбекстандағы Hyper Partners-тің «еншілес» компаниясының мекенжайы мен электрондық поштасы Абдуқадыр отбасының бірнеше басқа компаниясымен бірдей.
Ресми түрде Hyper Partners компаниясына Мұстафа Палван иелік етеді, ол Абдуқадырлар отбасының мүшесі болуы мүмкін. Германияның корпоратив реестрі дерегіне сәйкес, ол Лондонның оңтүстік-батысындағы Кумби-Парк жекеменшік аумағында орналасқан, жеті бөлмелі жекежайда тіркелген. Палван тегін Хабибула Абдуқадыр, оның бірнеше ұлы мен әйелдерінің бірі қолданады.
«Олар құдіретті»
«Ташкент-Ситидің» келесі бетіндегі тағы бір тарихи ауданды қайта құру жоспарланған еді.
2018 жылы шілдеде Elegant Perspective жергілікті компаниясы қала әкімшілігіне «Мирабад-Сити» деп аталатын ауданның тұжырымдамасын ұсынған. Компания иесі Махира Ташходжаева жергілікті жаңалықтар басылымына берген сұхбатында бұрынғы хоким жоспарлауды бастауға рұқсат бергенін айтты.
Алайда бірнеше аптаның ішінде бәрі өзгеріп сала берді. Ташходжаева үйлері бұзылатын жергілікті тұрғындармен кездесіп үлгергенімен, әкімшілік басшысының жарлығымен құрылысты жүргізу құқығы атағы шыға қоймаған Hyper Finance Group компаниясына берілген.
«Мен үшін бұл ауыр тақырып, қайтадан еңіреп жылауға дайынмын», – деді Ташходжаева журналистерге берген сұхбатында. Ол қанша әрекеттенгенімен, шешімді өзгерте алмағанын айтты. «Бұлар бізбен қатар жер бетінде жүрген жандар емес. – деді ол Hyper Finance Group өкілдері туралы. – Олар қарапайым халықпен кездесу үшін шаң басқан құрылыс алаңына келмейді. Құдіреті күшті адамдар ғой».
2018 жылы қыркүйекте Ташкент хокимі Hyper Finance Group компаниясына қосымша мемлекеттік жер телімін берді, ол мұны президент Мирзиёевтің тамыздағы шешіміне сілтеді. Жобаға 30 емес, 50 гектар жер бөлінген. Жер алғаннан кейін бірнеше күн өтер-өтпестен компания өкілі үйлері бұзылғалы жатқан ашулы жергілікті тұрғындармен күресіп жүрді. Ташходжаеваның сөзіне қарағанда, ол алдымен үйі бұзылатын тұрғындарға арнап жаңа баспана салып, оларды көшіргеннен кейін ғана құрылысқа кіріспекші болған. Алайда, бұған қатысты Hyper Finance Group ұстанымы басқа болған көрінеді.
14 қыркүйек компания атынан тұрғындармен сөйлесуге басы тақыр, костюм киген Фарход Таштемиров келді. Оның айналасына ондаған наразы тұрғын жиналды. Ол тұрғындарға не себепті баспанасын босатуы керектігін түсіндіруі керек еді.
«Заманауи қала салуымыз керек», – деді ол ызалы топқа.
Ашулы тұрғындардың айғай-шуына жауап бермекші болған Таштемиров бұл президент Мирзиеёвтің шешімі екенін атап өтті. «Президенттің қаулысы бар», – деді ол.
Бұл айтқаны жиналған жұрттың көңілін көншіте қоймады. «Бұған хақыларың жоқ!» – деп айғайлады бір әйел.
2018 жылы қараша айында бұл көрініс Hyper Finance Group айналасындағы құпияны ашатын өзбек BBC қызметінің деректі фильмінде көрсетілді. Зерттеу нәтижесі компания акциясының бақылау пакетін кем дегенде басқа 3300 заңды тұлғаның құжатында көрсетілген мекенжайда тіркелген, 77 Corporation шотланд фирмасы иеленгенін анықтады.
Hyper Finance Group компаниясының екінші акционері туралы да ақпарат аз. BBC репортажында ол Зафар Мамаджонов есімді Өзбекстан азаматы екені жазылған, бірақ оның өткені туралы ештеңе айтылмады. Репортаж жарияланғаннан кейін Мамаджонов Hyper Finance Group-тағы үлесінен бас тартты.
Одан кейінгі жылдары Hyper Finance Group инвесторлары кім екені жұмбақ болып қала берді, ал жоба сол күйі іс жүзінде алға жылжымады.
«Қайтадан тым-тырыс болып қалды, – деді жергілікті тұрғынның бірі. – Үйді бұзуға қарсы петицияға қол қойдық, бірақ содан бері еш хабар жоқ».
Жаңа ілік
Көпшілікке қарсы шыққан Таштемиров нәтижесінде журналистерге Hyper Finance құпиясын ашуға қалай көмектескенін өзі де білмей қалды. Ол компания атынан ашулы жергілікті тұрғындармен күресе жүріп, Ташкент орталығындағы Miran International қонақүйін де басқарып жүрді.
Miran бренді ол кезде Абдуқадыр отбасына тиесілі еді, демек, Таштемиров олардың тікелей серіктесі болған.
Таштемиров «коммерциялық құпияны» алға тартып, жобаларға қатысы туралы сұраған журналистерге жауап бермеді. Ол Өзбекстан заңы «өзіне, мүлкіне немесе мүддесіне зиян тигізетін ақпарат беруді» талап етпейтінін атап өтті.
Абдуқадырлар мен Hyper Finance Group арасындағы тағы бір байланысты журналистер BBC зерттеуі жарияланғаннан кейін өзгертілген компанияның жаңа меншік құрылымын зерттеу арқылы тапты. Жаңа акционерлер қатарында Дилшат Артыштың түрік компаниясы бар, ол – ақша жымқырғанын мойындаған Айеркен Саймаитиден миллион доллар алған Абдуқадыр отбасының серіктесі.
***
Ескі дос
Дилшат Артыш туралы журналистерге Абдуқадырлар үшін ақша жымқырғанын мойындаған Айеркен Саймаити айтып берді. Ол хабарлаған деректер бірқатар зерттеуге негіз болды.
Саймаитидің сөзінше, Артыш Абдуқадыр отбасының Түркиядағы істерін басқарады.
Сонымен қатар, ол журналистерге 2014-2015 жылдары 15 ай ішінде Абдуқадырлар қаражатынан Артыштың түрік банк шотына шамамен 2,4 миллион доллар аударғаны туралы қаржы құжаттамасын көрсетті.
Саймаити жіберген жеке банк көшірмесінде 2014 жылы Артыш Palvan Insaat Turizm банк шотына мың доллар салғаны көрсетілген, бұл – Абдуқадырлардың Түркиядағы негізгі фирмасы. Құжат деректеріне сүйенсек, Артыш компаниядан бірнеше рет төлем алған.
АҚШ-тың банк құжаттарына сүйенсек, Артыш ақшаны Абдуқадыр отбасының серіктесі болған қырғыз кеденінің жоғары лауазымды қызметкері Райымбек Матраимовтың отбасына тиесілі қайырымдылық ұйымына аударған. Саймаитидің айтуынша, бұл ақша аударымы отбасы төлеген көп параның бірі ғана.
Электронды поштасына жіберілген сұрақтарға Артыш ұзақ уақыт бойы Абдуқадырлармен іскерлік байланыста екенін, ал «Мирабад-Ситиге» салған қаржы өзінікі екенін айтты.
Ол өзінің тәжірибелі кәсіпкер екенін және көбінесе Орталық Азияда бизнес жүргізетінін айтты. Оның сөзінше, Саймаитиден алған қаржыны бұған дейін істелген қызмет пен тауарлардың төлемі ретінде клиенттері аударған.
Тілшілер бұл транзакциялар көрсетілген кезеңде Артыштың аймақта кәсіпкерлікпен айналысқанын дәлелдейтін ешбір дерек таппады. Ол сол кезде иелік еткен екі түрік компаниясының веб-сайты жоқ болып шықты.
***
Тағы бір ілік тапқан журналистер Hyper Finance Group-пен байланысты бірнеше адамға жүгініп, ондаған ішкі құжаттарға қол жеткізді.
Сонымен қатар, олар «Мирабад-Сити» жобасының қатысушылары көрсетілген ұйым схемасын зерттеді. Онда Абдуқадырлардың Tashkent Construction Development компаниясы бір уақытта тапсырыс беруші әрі бас мердігер ретінде көрсетілген. Алайда құрылыс жүргізу құқығын Hyper Finance Group алғанымен, бұл схема басынан-ақ жобаның Абдуқадыр отбасына тиесілі екеніне айғақ болады. Бұл – Абдуқадыр отбасының «Мирабад-Сити» жобасына тікелей қатысы бар екенін дәлелдейтін алғашқы құжатталған айғақ.
Абдуқадыр әулетінің «қолшатыры»
Ішкі құжаттар басқа да құпияның ашылуына түрткі болды.
Апталық есепке сүйенсек, Hyper Finance Group «Мирабад-Ситиден» басқа да жобаларды басқарғанын көруге болады. Атап айтсақ, екі қонақүй, ежелгі Қоқан қаласындағы туристік және мәдени орталық және Өзбекстан үкіметінің қолдауымен салынған Абдуқадырлардың германиялық компаниясы Hyper Partners-ке тиесілі кеден терминалдары.
Бұл жобалар тікелей Абдуқадырларға тиесілі немесе бұл жобаларды олардың түрлі компаниясы жүзеге асырған, сол себепті Hyper Finance Group әулеттің бірқатар ірі инвестициясы үшін «қолшатыр» басқарушы компания ретінде әрекет ететін көрінеді.
Hyper бренді арқасында Абдуқадырлар тіпті Accor француз қонақүй операторымен мәмілеге келді.
Accor пресс-релизіне сәйкес, компания «Hyper компаниялар тобымен» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, оның талаптары бойынша Абдуқадырлардың Самарқандағы Registan Plaza қонақүйі Mövenpick деп өзгертіледі, ал отбасының қазіргі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ташкенттегі Miran International қонақүйі Swissôtel атауымен ашылады. Келісім бойынша үшінші қонақүй Ташкент облысының курорт аймағындағы суға жақын маңда салынатыны көрсетілген.
Пресс-релизде компания үшін «маңызды күнге» қатысты қуанышын білдірген атқарушы директоры Алексис Делароффтың сөзін келтірген. «Бізге сенім артқан серіктестерімізге алғыс айтамын, – деді ол, – және алдағы уақытта көптеген қызық жобаны іске асырамыз деп үміттенемін».
Accor компаниясы ресми түрде Абдуқадыр отбасын өзбек серіктесі деп атаған жоқ. Пікір білдіру туралы өтінішке берген жауабында Accor компанияның үш өзбек қонақүйімен франшиза келісімшарты бар екенін және олардың біреуі Абдуқадырлар иелік ететін Registon Plaza компаниясына тиесілі екенін растады. Accor отбасымен ынтымақтастығын жоққа шығармады.
Саясаттанушы, Колумбия университетінің Орталық Азия бойынша маманы Александр Кулидің айтуынша, Accor сияқты компаниялар ашық емес корпоративтік құрылымдармен жұмыс істегенде, бұл «әдетте озық тәжірибе тұрғысынан олардан қосымша тексеру мен сақтықты қажет етеді».
Бұл әсіресе Өзбекстан сияқты елдерде маңызды. «[Бұл] елде қарапайым Google-ден іздеу арқылы үлкен жемқорлық туралы білуге болады, — дейді Кули. — Әдетте бұл сіз ынтымақтасқалы жатқан кез келген жергілікті контрагентке мұқият, жан-жақты тексеру жүргізу керек екенін білдіреді».
Accor «компания қонақүй иелеріне қатысты контрагенттерді тексеру рәсімін жүргізді» және «ашық ақпарат көздерінен халықаралық санкциялар режимі мен сот шешімдеріне талдау жасайтын беделді халықаралық тексеру агенттіктерінен ақпарат алады» деп жауап берді.
Компания Абдуқадыр отбасы туралы OCCRP-дің бұған дейінгі мақалаларын да «білетінін» атап өтті. Бұған қатысты басқа түсініктеме берген жоқ.
Ықпалды серіктес
Осыншама жобаны жүргізіп отырғанына қарағанда, Hyper Finance Group кәсіби басшылығы бар ірі кәсіпорын болып көрінеді.
Алайда 2018 жылғы ішкі жоба есептерінде қарапайым басқару міндеттерінің өзінде проблема бар екені айтылған: мысалы, «кездесулер ешқандай дайындықсыз [және] құжаттамасыз, аяқ астынан өтеді», «ортақ стандарт пен процедура сақталмайды, әрі оны ешкім түсінбейді», «кеңсе менеджері [және] хатшы жоқ», тіпті сәулетшілерге басшыларға арнап «шай қайнатуды [бұйырады]».
Hyper Finance Group компаниясының веб-сайты жоқ сияқты, интернеттегі бұрынғы парақшасы бірнеше жылдан бері белсенді емес. Мирабад ауданының тұрғындары не компанияны, не олардың заңды өкілін таба алмай шағымданып жүр.
Бұл жайынан хабардар, бірақ қауіпсіздік мақсатында аты-жөні айтылмайтын қызметкердің сөзінше, Абдуқадыр әулетінен ешкім Hyper Finance Group компаниясының күнделікті жұмысына араласпаған. Дереккөздің айтуынша, компаниядағы негізгі рөлді Өзбекстанның Ферғана облысындағы Аскор Кодиров есімді шенеунігі атқарды. Оны бетіндегі тыртығынан оңай тануға болады.
Кодировтың Абдуқадыр отбасымен басқа да байланысы бар. Ол өзбекстандық AKA Group Intl компаниясының иесі ретінде тіркелген — бұл компания Абдуқадырлардың бас холдинг компанияларының атауын қайталайды. Бұрын AKA Group Intl отбасының кейбір кәсіпорындарындағы үлесіне ие болған.
Дегенмен Кодиров отбасымен бұдан да тығыз байланыста болуы мүмкін. Дереккөздің бірі ол президент Мирзиёевтің ықпалды күйеубаласы Отабек Омаровтың «қанатының астында жұмыс істейтінін» айтты. Кодировтың өзі пікір білдіру туралы өтінішке жауап бермеді.
Журналистер Hyper Finance Group компаниясының бұрынғы бір иесі мен қазір бір иесі Омаровтың өкілдері болуы мүмкін екенін анықтады.
Өзбекстандағы билеуші отбасының ықпалды мүшесі Абдуқадырлармен байланысы бар болуы таңғаларлық нәрсе емес. Билік өкілдерімен одақтасу аймақта кең таралған тәжірибеге айналған, мұндай «қорған» («крыша») маңызды қорғанысты қамтамасыз ете алады. Көптеген дереккөздің дерегінше, Омаров Абдуқадырлардың басқа кәсібіне «көлеңкеден» қолдау білдіріп отырады: Абдуқадыр отбасына «Абу Сахий» атымен танымал үлкен базар тиесілі.
Hyper Finance Group жағдайында Омаровтың ықтимал сенімді тұлғаларының бірі – компания директоры, Өзбекстан азаматы Исмаил Абдукадиров (оның Абдуқадыр отбасымен туыстық байланысы жоқ), ол қазір кәсіпорынның 36 пайыз акциясына ие.
Бұл жайлы хабардар, бір-бірінен бөлек екі дереккөздің айтуынша, Абдуқадыр Омаровқа жұмыс істейді. Қауіпсіздік мақсатында дереккөз есімдерін атамаймыз. Оның бірі Абдуқадырдың Омаровтың мүддесі үшін Hyper Finance Group үлесіне иелік ететінін айтты.
Омаровтың тағы бір серіктесі әрі сенімді тұлғасы болуы мүмкін Зафар Мамаджонов – Hyper Finance Group иелерінің бірі, бірақ аты-жөні BBC репортажында аталғаннан кейін, ол компания құжаттарынан жоғалып кетті.
Көптеген дереккөзге сүйенсек, Мамаджонов пен Омаров – бала күнгі достар. Екеуі де 1984 жылы дүниеге келген, әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, Өзбекстанның шығысындағы Қоқан қаласында ержетіп, екеуі бір мектепке барған.
Олар қазір де жақын араласатын көрінеді. 2020 жылғы мамырда Мамаджонов Instagram парақшасындағы жазбаларының бірінде Омаровты туған күнімен құттықтап, комментаторлардың ізгі тілектерін жеткізуге уәде берді. Тағы бір жазбасында Омаровтың жылқыларына тәнті болғанын жазады. Екеуі де Өзбекстан дзюдо федерациясы мен өзбек аралас жекпе-жек қауымдастығының мүшесі.
Онымен қоса, екі дереккөз журналистерге тағы бір жағдай туралы айтып берді: Омаровқа тиесілі бизнесте Мамаджонов сенімді тұлға ретінде әрекет еткен.
Бұл – Driver’s Village атауындағы өзбек автосалон желісі. Компания директоры мен тағы бір иесі Омаровтың бауыры Ойбекпен байланысы бар, ол – көпшілікке танылудан қашатын ауқатты кәсіпкер.
Hyper Finance Group құрылғаннан бері компания үлесіне ие 77 Corporation ашық емес шотланд фирмасының атауы Омаровтың сүйікті сандарына сәйкес келеді.
Логотипін өзі ойлап шығарған Омаровтың 7Saber киім компаниясының сайтында эмблеманы жасауда «нумерология бойынша батылдық пен ерік-жігерді білдіретін 7 санындағы спорт философиясын жеткізуге» ұмтылғаны айтылған.
Омаровтың телефон нөмірі де тек жетіліктен тұрады, ал оның інісінің нөмірінде жетілер мен үш цифры бар. Ағайындылардың төлқұжат нөмірлері де арнайы тапсырыспен жасалған көрінеді, ол да негізінен жеті санынан тұрады.
Компания атаулары да осы сыңайда аталған. Ойбек K7 Hotel Management компаниясына және OU7 атаулы холдингіне иелік етеді, OU7 логотипін Отабек жиі қолданады, тіпті жылқыларына да сол белгіні соғады.
Журналистердің сұрағына Ойбек Омаровтың атынан Фарход Таштемиров жауап берді, ол – жергілікті тұрғындармен жанжалда Hyper Finance Group атынан шыққан Абдуқадырлардың қызметкері. Оның Абдуқадырлармен байланысы туралы қойылған сұраққа жауап бермегендей, Таштемиров мұнда да «коммерциялық құпияны» алға тартып, пікір білдіруден бас тартты.
***
Ирландиядағы компания
Ағайынды Омаровтармен байланысы бар жалғыз Hyper Finance Group емес, Ойбек Омаров біраз уақыт Ирландияда жұмыс істеп тұрған Hyper Partners компаниясын басқарды.
2017 жылғы қарашада, Hyper Partners неміс компаниясы құрылғаннан үш ай бұрын дәл сондай атауы бар компания Ирландияда тіркелді. «Пандора архиві» деректеріне сүйенсек, бастапқы номинал иелері президент Мирзиёевтің күйеубаласының інісі Ойбек Омаровқа сенімхат рәсімдеп, оған компанияның қызметін толық бақылауға берген.
Журналистер ирландиялық компанияның коммерциялық қызмет атқарғанына қатысты дәлел таба алмады. Компания құрылғаннан кейін шамамен бір жыл өткен соң таратылған.
***
«Бұған қалай қол жеткізгенін айта алмаймын»
Hyper Finance Group айтарлықтай ықпалды көрінеді. Қаншалықты ықпалды екенін дөп басып айту қиын, алайда компанияға қарсы тұруға тіпті Ташкент шенеуніктері қорқады.
Жергілікті қоғамдастық сайлаған көшбасшы Фуркат Мавлянов журналистерге «Мирабад-Cити» жобасы іс жүзінде тоқтап тұрғанын айтты.
«Бұл үйлерді бұзбайды», – деді ол. Hyper Finance Group компаниясының құрылыс жүргізуге құқығы болса да, қазіргі үй иелерінің ешбірін еркінен тыс үйден шығаруға болмайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, Hyper Finance Group бұл аумаққа шектеу қойған: меншік иелеріне үйін сатуға немесе өз жеріне басқа нәрсе салуға тыйым салынды. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде бұл шектеулерге қарсы шағымданды.
Жекеменшік компанияның мұндай билікке қалай қол жеткізгенін және оның артында кім тұрғанын сұрағанымызда, Мавлянов сасқалақтап, бұл «телефон арқылы сөйлесетін әңгіме емес» екенін айтты.
«Журналист болсаңыздар, анықтаңыздар… бұлардың кім екенін, сонда түсінесіздер. Мен егжей-тегжейін айта алмаймын. Олар шектеу қойды, ол әлі де күшінде, бұған қалай қол жеткізгенін де айта алмаймын».
Ташкент қаласы хокимінің бірінші орынбасарының сәулет және құрылысқа жауапты көмекшісі Бахтиёр Рахмонов Hyper Finance Group жер учаскесіне «вето қойғанын» растады. Одан бұл қалай болуы мүмкін екенін сұрағанда, тұтқаны қоя салды.
«Мирабад-Сити» жобасы алға жылжып жатқан жоқ, бірақ оған жақын жерде Hyper Finance Group басқа жобасын іске асырып жатыр.
Құны 90 миллион доллар тұратын «Стамбұл-Ситиде» ондаған көппәтерлі үй салынып жатыр. Жоба аяқталуға жақын, ал оның Instagram парақшасында қазірдің өзінде пәтерлер сатылып жатыр.
Поддержите журналистику, которой доверяют.