Қырғызстандағы жемқорлыққа қатысы бар екі отбасын неке біріктірді

Абдуқадыр мен Матраимовты енді сыбайлас жемқорлық схемасы ғана байланыстырмайды

Қырғызстандағы жемқорлыққа қатысы бар екі отбасын неке біріктірді

Қырғыз саясаткері Райымбек Матраимов бәлкім өз еңбегімен, бәлкім контрабанда арқылы миллиондап ақша тапқан магнат Хабибула Абдуқадырмен байланысы бар екенін ұзақ уақыт бойы жоққа шығарды.

“Даусымызды шығарып, барынша келінімізді, Аланурымызды қолдайық!” – дейді асаба алыстан ақ көйлек киген қыз көрінгенде.

Экранда аты пайда болып, музыка ойнаған сәтте ол екі ағасымен бірге залдың ортасына шығады.

Салтанатты той кезінде дәстүрлі бас киім киген бойжеткен қара костюм киген жас жігітке жақындайды. Қонақтар телефонмен видеоға түсіре бастайды, жас жұбайлар төрге озады. Күйеу жігіттің анасы қалыңдыққа қырғыз кафтанын кигізіп, рәсімді өткізеді.

2021 жылдың маусымында қонақтардың бірі осы салтанатты тойда түсірілген кадрларды Instagram желісіне салды.

Аланур мен оның күйеуі Бақай қарапайым жұп емес.

Қалыңдықтың әкесі – магнат Хабибула Абдуқадыр. Көп жыл бойы жемқор қырғыз кеденшілерімен келісіп, жұмыс істеді және сауда монополиясын құрды: Орталық Азияға орасан зор көлеміндегі қытай тауарларын жеткізді деген мәлімет бар.

Күйеу жігіттің әкесі – Қырғызстан Кеден қызметі басшысының орынбасары болған саясаткер Райымбек Матраимов. Матраимов Абдуқадырдың сыбайласы және сауда схемасын қорғаушы басты тұлға болған. Ал мұның бәрі әшкере болғаннан кейін жемқорлыққа барғанын мойындап, АҚШ-тың санкция тізіміне ілінді.

Уулкан Тургунова (Бақайдың шешесі) Хабибула Абдуқадырдың қызы Аланурға қырғыздың дәстүрлі киімін кигізіп тұр. Бұл – отбасына қабылдаудың белгісі.

Фото Instagram-нан алынды

Олардың өзара табысты қарым-қатынасы туралы толып жатқан журналистік зерттеуге қарамастан, Матраимов Абдуқадыр отбасымен байланысы бар екенін теріске шығарды.

Алайда, жақында журналистердің қолына түскен кадрлардан екеуін енді ақшамен қатар, отбасылық байланыс біріктіретіні байқалады. Әлеуметтік желідегі бейнелерде салтанатты рәсімге Хабибула Абдуқадырдың өзі, Раимбек Матраимовтың әйелі Уулкан Тургунова және шамамен Райымбектің ағасы, парламент депутаты Искандер Матраимов та қатысқаны байқалады. Абдукадыр мен Матраимовтар отбасындағы негізгі тұлғалардың бірге түскен суреті бұрын-соңды жарияланбаған.

Тойда Аланур мен Бақай туыстарымен бірге.

Фото Instagram-нан алынды

Той барынша сән-салтанатпен өтті, бұдан той иелерінің бедел-ықпалы байқалады. Қонақтардың алдында Орталық Азияның ең танымал әншілері мен музыкалық топтары өнер көрсеткен. Қонақтардың арасында сол кездегі Өзбекстандағы елші болған Ибрагим Жунусов те болған. Ол кеңес кезінде танымал болған “Ялла” тобымен бірге ән шырқаған.

Той туралы қауесет қырғыз баспасөзінде тойға бірнеше ай қалғанда пайда болды. Жыл соңында жергілікті БАҚ-та жаңа ақпарат пайда болды. Искандер Матраимовқа немере бауырының тойы болғанын растауға тура келді, бірақ ол қалыңдықтың атын атамай, “қарапайым отбасының қызы” деп қана атап өтті.

Бақай Матраимов пен Аланур Хабибуланың пікірін білу үшін байланысқа шығу мүмкін болмады. Райымбек Матраимов пен Хабибула Абдуқадыр өтінішімізді жауапсыз қалдырды.

2019 жылы OCCRP, “Азаттық радиосы” және қырғызстандық «Клооп» жаңалықтар ресурсы Хабибула Абдуқадырдың Матраимовпен байланысын анықтады. Бірқатар марапатқа ие болған зерттеулер тізбегі “Кландар, жемқорлық және Жібек жолындағы контрабанда” деп аталады.

Журналистерге белгілі болғандай, Матраимов ықтимал “параға” айырбас ретінде Абдуқадырға Қытайдан Орталық Азияға апаратын маңызды сауда жолында табысты монополия құруға көмектесу үшін өзінің кеден қызметіндегі лауазымын пайдаланған. Зерттеу Абдуқадырдың жүздеген миллион долларды жылыстатып, Батыс банктеріндегі шоттарға шығару үшін жалдаған адамның ақпаратына негізделді.

Репортерлер екі отбасы арасындағы іскерлік байланысты да тапты: Матраимовтың әйелі Уулкан Тургунова Дубайда жер телімін сатып алған. Ол Хабибула Абдуқадырдың ағаларының бірі Хадир Маймаитилимен бірге ол жерде тұрғын үй салған. Olive Residence деп аталатын көппәтерлі кешен 2021 жылы салынып біткен. 2023 жылдың мамырында ол Абдуқадыр отбасының іскерлік серіктесіне тиесілі болған.

Дубайдағы бес қабатты мына үй Абдуқадыр мен Матраимов отбасын байланыстырады

Фото: OCCRP

Абдуқадыр отбасы журналистердің тұжырымына әлі жауап бермеді. Одан бері Матраимов Кеден қызметінен кетті. Ол ешқандай заң бұзбағанын айтып, кейін журналистерді жала жапты деп сотқа берді. Кейін журналистерге қатысты сот ісі кері қайтарылды.

2020 жылы Матраимовтар отбасының салтанатты өмір салты, кеден органдарымен байланысы және саяси ықпалы туралы жаңа зерттеу шықты.

Ол жарияланымнан кейін Қырғызстанда бірнеше митинг өтті. 2020 жылдың қазанында Матраимов қолдаған саяси партия парламент сайлауында екінші орын алды. Елде жаппай наразылық басталып, нәтижесінде сайлау нәтижесі күшін жойды, ал билікке жаңа үкімет келді.

Бірнеше айдан кейін Матраимов Қытайдан Орталық Азияға бет алған жүк көліктерін “кедендік рәсімдеуден өткізуді жылдамдатқаны үшін сыйақы алғанын” және сыбайлас жемқорлыққа жол бергенін мойындады. Кеден қызметінің бұрынғы қызметкерін түрмеге жапқан жоқ, бірақ ол бюджетке залал келтіргені үшін 24 миллион доллар өтемақы мен 3000 доллар айыппұл төледі.

Оған шыққан үкімде схема бенефициары Абдуқадыр екені айтылмаған, әйтсе де, онда қамтылған деректер, мәселен, кеден бекеті мен уақыт аралығы магнаттың рөлі туралы алдыңғы зерттеудегі деректерге сәйкес келеді.

Матраимовтар мен Абдуқадырлар арасындағы іскерлік қарым-қатынас жалғасып жатыр.

Тургунова Дубайдан Olive Residence кешеніне қарама-қарсы жерден құны үш миллион доллар болатын тағы бір жер телімін сатып алған. Хабибула Абдуқадыр мен ағасы Алимбек Палван сол жерде 29 қабатты зәулім үй салып жатыр.

Бұл жоба көптеген өзге жоба секілді 2023 жылдың сәуір айында Абдуқадыр отбасы туралы ауқымды зерттеу барысында анықталды. «Орталық Азияның көлеңкелі инвесторы» жобасы Абдуқадыр мен оның отбасының үлкен активтері мен инвестициялары туралы.

Материалды дайындауға Kloop және Temirov Live қатысты.