Бір-біріне ақша аударуға бола ма?
Иә, егер аударым кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, бір-біріне ақша аударуға болады.
Қандай аударымға тыйым салынады?
Тек кәсіпкерлік қызметпен байланысты аударымдарға. Мысалы, сіз біреуге маникюр жасасаңыз, төлемді аударым арқылы қабылдай алмайсыз.
Әріптесімнің ұлының туған күніне сыйлық немесе көрімдікті аударыммен жіберуге бола ма?
Әрине, болады. Бұл кәсіпкерлік қызмет емес.
Картаға аудару кезінде соманы қандай мөлшерден асыруға болмайды?
Қалағаныңызша жібере аласыз. Ақшаның мөлшеріне қатысты шектеу жоқ.
Қандай жағдайда банк мен туралы ақпаратты салық органына береді?
Сіздің картаңызға үш ай қатарынан әртүрлі тұлғадан айына 100-ден астам аударым түскен болса.
Жеке тұлғалардың аударымы ғана есептеле ме, әлде заңды тұлғалардың аударымы да ескеріле ме?
Жеке тұлғаның да, заңды тұлғаның да аударымы бірге есептеледі.
Қай үш ай есепке алынады?
Қатарынан кез келген үш ай. Мысалы, ақпан-наурыз-сәуір. Егер ақпан айында 100, наурызда 98, сәуірде 105 аударым болса, онда салық органына сіз туралы ақпарат берілмейді. Өйткені үш ай қатарынан 100-ден астам аударым емес.
Бір банктің картасына ай сайын 50 аударым, ал басқа картама 60 аударым түссе, олар мен туралы мәлімет бере ме?
Жоқ, бір шотқа 100-ден артық аударым түспеуі керек.
Банк қай уақыт мерзімі аралығындағы деректерді бере алады?
Кейінгі үш жылдағы. Ескіру мерзімі үш жылға дейін.
Салық қызметі шақырған жағдайда не істеуі мүмкін?
Түсініктеме жазып, үзінді көрсетуіңізді сұрайды.
Салық органына үзінді көшірмені бермеуге және бас тартуға бола ма?
Иә, бірақ мұндай жағдайда салық басқармасы кейінгі үш жылды тексеруі мүмкін.
Мен ата-аналар комитетіндемін, ай сайын 100-ден астам адамнан ақша жинаймын. Бұған салық салына ма?
Жоқ, түсініктеме жазып, оған ата-аналардың тізімін тіркеңіз, олар тізімді түбіртектегі деректермен тексереді.
Офис менеджерімін, туған күн, той, нәрестелі болу, жерлеу рәсімдеріне ай сайын ақша жинаймын. Бұған салық салына ма?
Жоқ, түсіндірме хат жазып, қызметкерлердің тізімін тіркеңіз, олар оны түбіртектегі деректермен тексереді.
Мен банкомат немесе терминал арқылы өз шотыма қолма-қол ақша саламын. Бұл өз атымнан жасалған аударым ба, әлде басқа адамдардан болып есептеле ме?
Терминал мен банкомат есепшотты кім толтырып жатқанын білмейтіндіктен, ол әртүрлі адамнан болып есептеледі. Өзіңізге аударсаңыз, банктің кассасынан өткен дұрыс, онда жеке куәлік арқылы жіберушінің кім екенін көрсетеді.
Картамды банкоматқа салып, оны толтырсам ше?
Картаны нақты кім салғаны бәрібір белгісіз. Сондықтан оны өзіңіз емес, әртүрлі адам толтырған болып есептеледі.
Балама күнделікті жүріп-тұруына ақша жіберіп тұрамын. Бұлай жасауға бола ма?
Иә, қалағаныңызша жібере аласыз.
Әріптестеріммен ішкен түскі астың ақысын мен төледім, сосын шотты әрқайсымызға бөліп, олар менің картама аударды. Бұған салық салына ма?
Жоқ, салынбайды. Бұл кәсіпкерлік қызмет емес.
Үйім өртеніп кетті, үш айдан астам уақыт бойы әртүрлі адам маған көмек көрсетті. Бұған салық салына ма?
Жоқ, қайырымдылыққа салық салынбайды. Аударымдарды еш қобалжымай қабылдай беріңіз. Салық қызметінен қоңырау шалса, түсініктеме жазыңыз.
Балам ауырып жатыр, операцияға ақша жинап жүрміз. Бір жылдан астам уақыттан бері жұрт менің картама ақша құйып келеді. Бұған салық салына ма?
Жоқ, қайырымдылыққа салық салынбайды. Аударымдарды қобалжымай қабылдай беріңіз. Шақырса, түсініктеме жазыңыз.
Мен төлемді аударым арқылы картама қабылдап, бірақ жеке кәсіпкер ретінде фискалдық чек беремін. Бұлай жасауға бола ма?
Жоқ, тіпті чек шығарып берсеңіз де, бұлай істеуге болмайды. Ақша жеке тұлғаға емес, жеке кәсіпкердің шотына банктің QR немесе POS терминалы арқылы түсуі керек.
Баламның ескі арбасын сатып, ақшасын аударым арқылы алдым. Бұған салық салынуы керек пе?
Жоқ, мұндай жеке мүлікті сатуға салық салынбайды.
Ал бірінші кезекте кімдерді тексереді?
Декларацияның үшінші толқынына іліккендердің бәрін. Бұл туралы мына жерден оқи аласыздар.
Көкөніс сатушысы төлемді аударыммен қабылдауын тоқтатты, енді тек қолма-қол ақша сұрайды. Ол заңды ма?
Жоқ, ол ЖК ашуға тиіс. Бұл кәсіпкерлік қызмет.
Күйеуімнің жұмысына қатысты төлемдерді өз картама қабылдадым. Күйеуімде ЖК бар, ал менде жоқ. Енді не істейін?
Түсініктемеге күйеуіңіздің жұмысы үшін төлем қабылданғаныңызды және күйеуіңіз жеке кәсіпкердің айналымында барлығын көрсетіп, салықты төлегенін жазыңыз. Күйеуіңізбен азаматтық некеде болсаңыз да, бірге тұру және салықты төлеу фактісін дәлелдеуге болады. Ал ол кірісті жария етпесе, онда бұл басқа мәселе. Ондай жағдайда оны сіздің кәсіпкерлік кірісіңізге қосады.
Салық органдары кәсіпкерлік қызметтің белгілерін анықтаса ше?
Егер сізде ЖК немесе ЖШС болса, онда мұны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің немесе жеке кәсіпкердің айналымына қосып, солардың мөлшерлемесі бойынша салық төлеуіңіз керек.
Ал егер төлемдерді ЖК немесе ЖШС-сіз қабылдасам ше?
Онда барлығына 10% салық төлеп, үстінен 200% айыппұл төлеуге тура келеді. Барлық жасырын табыстың 30%-ын төлеуге тура келеді.
Досым қолма-қол ақша беріп, мен оны картасына аудардым. Бұл заңды ма?
Иә, бұл кәсіпкерлік қызмет емес. Бірақ үш ай қатарынан жүзден астам аударым болса, ол ақша айырбастау қызметіне көбірек ұқсайды. Ал салық органына достарыңыздың көп екенін дәлелдеу қиынға түседі.
Ал егер басқа елдің картасын ашып, аударымдарды соған қабылдасам, салық басқармасы анықтай ала ма?
Ерте ме, кеш пе, анықтайды. Өйткені елдер арасында автоматты айырбастау және әлемнің кез келген елінде дерлік сіздің карталарыңыз бойынша айналым біздің салық органдарына қолжетімді болады. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе.
Үш негізгі қорытынды:
- Аударымдардан қорқудың қажеті жоқ. Ақшаны сыйлыққа, түскі асқа, қайырымдылыққа, балаларға, ата-аналарға, туыстарға, достарға кез келген мөлшерде аударуға болады. Қалауыңызға қарай аудара беріңіз.
- Кәсіпкерлік әрекетті жасырудың қажеті жоқ. ЖК ашып, сәйкес режимді таңдаңыз, POS терминал орнатыңыз (қазір ұялы телефон арқылы да карта төлемдерін қабылдауға болады), чек басып, салық төлеңіз. Сонда ұйқыңыз тыныш болады.
- Жүйені алдап өтуге тырысудың қажеті жоқ. Бүкіл отбасы мүшелерінің 5 картасына 99 төлем қабылдап, кәсіпкерлік қызметіңізді жасыра алам деп ойламаңыз. Салық органы кез келген банкке кез келген тұлға туралы сұрау салуды жіберуге құқылы әрі банк барлық ақпаратты беруге міндетті болады.