2024 жылы активтер мен міндеттемелер декларациясын тапсыру туралы

2024 жылы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлер мен олардың жұбайы, қандай бизнеспен айналысса да, міндетті түрде декларация тапсыруы керек. Жалпыға бірдей декларациялау жеке кәсіпкерлерге де, компания басшыларына да ортақ.

Осы материалда жеке қаржы сарапшысы Әсел Әуелбекова декларацияның қыр-сырын айтып, қай жерде және қалай тапсыру керек, құжатта нені көрсету керек, бар активіңді көрсетуді ұмытып кетсең не болады деген сұраққа жауап береді.

Маңызды ескертпе:

Бұл жердегі ақпараттың барлығы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдайға қатысты айтылды.

Егер сіз жеке кәсіпкерлікті 2024 жылы 1 қаңтарда ашсаңыз, бұл мақалада айтылған ақпараттың сізге қатысы жоқ.Егер сіз ЖШС директорына 2024 жылы 10 наурызда күйеуге шықсаңыз, бұл мақалада айтылған ақпараттың сізге қатысы жоқ.

Егер Түркиядағы пәтеріңізді 2024 жылы сәуірде сатсаңыз, бірақ ол 2023 жылы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша сіздің иелігіңізде болса, декларацияны 2024 жылы қыркүйекте тапсыратыныңызға қарамастан, оны көрсетесіз.

Декларацияны толтырған кезде, ондағы мәлімет 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдайға қатысты болса да, 2024 жылды таңдау қажет. Логика қайда? Ешкім білмейді, техникалық тұрғыдан солай істелген. Сондықтан қайтадан тапсырып жүрмес үшін бірден дұрыс кезеңді көрсетіңіз.

Егер сұрағыңызға жауап таба алмасаңыз, Әсел Әуелбековаға Instagram парақшасында сұрақ қоя аласыз.

1

2024 жылдан бастап декларацияны кімдер тапсыруы керек?

Жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы

ЖШС иелері мен олардың жұбайы

ЖШС басшылары мен олардың жұбайы

Қоғамдық қор басшылары мен олардың жұбайы

Діни бірлестік басшылары мен олардың жұбайы

2

Мен акцияны брокер арқылы сатып алдым, декларация тапсыруым керек пе?

Жоқ. Акция сатып алған бөлшек сауда инвесторлары заңды тұлға қатысушысы болып саналмайды, сондықтан декларациялаудың үшінші толқынына кірмейді.

3

Жеке кәсіпкер ҚР азаматы емес, ол декларация тапсыруы керек пе?

Иә және оның жұбайы басқа елдің азаматы болса да тапсырады.

4

Егер ЖК уақытша тоқтатылса, декларация тапсыру керек пе?

Иә.

5

Егер ЖК жойылу сатысында болса, тапсыру керек пе?

Иә, 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ЖК әлі жойылмаса, тапсырады.

6

Егер ЖШС істеп тұрмаса, декларация тапсыру керек пе?

Иә.

7

ЖШС жойылу сатысында болса, тапсыру керек пе?

Иә, 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ЖШС әлі жойылмаса, тапсырады.

8

Егер ЖШС директоры резидент болмаса, декларация тапсыру керек пе?

Иә, жұбайы да тапсырады. Жұбайы Қазақстанда ешқашан болмаса да, ЖСН жоқ болса да.

9

Ол ЖСН алып, декларация тапсыруы керек пе?

Иә, дәл солай.

10

Егер ЖШС құрылтайшысы Қытай азаматы болса, бірақ Қазақстанда ешқашан болмаса, ол декларация тапсыруы керек пе?

Иә.

11

Мен ЖШС директорымын, күйеуіммен азаматтық некедеміз, ол декларация тапсыруы керек пе?

Жоқ, бұл тек тіркелген некедегі ерлі-зайыптыларға қатысты.

12

Қандай қолма-қол ақшаны декларациялауға болады?

34 500 000 теңгеге дейін (10 000 АЕК).

13

Ал мендегі қолма-қол ақша одан көп болса ше?

Артығын банк шотына салған дұрыс. Одан көп қолма-қол ақша ұстауға болады, бірақ декларациялай алмайсыз. Сосын сізде ондай ақша болғанын дәлелдей алмайсыз. Сондықтан оны банк шотына салып қою керек.

14

Шетелдегі жылжымайтын мүлікті декларациялау керек пе?

Иә, мүлік түрін, елдің кодын, оның кадастр нөмірі мен мекенжайын көрсетесіз.

15

Шетелдегі жылжымайтын мүлікке не жатады?

Жер учаскесі, үй, гараж, саяжай, пәтер, кеңсе, жабық паркингтегі автотұрақ орны, коммерциялық ғимарат, құрылыс, әуе кемесі, теңіз кемесі, «өзен-теңіз» ішкі суда жүзетін кеме, басқа да жылжымайтын мүлік.

16

Қазақстандағы жылжымайтын мүлікті декларациялау керек пе?

Жоқ, ол бойынша ақпарат мәліметтер базасында бар.

17

Егер мен жылжымайтын мүлікті үлескер ретінде сатып алсам, бірақ оның құжаттарын әлі қолға алмасам, оны декларациялау керек пе?

Иә, құрылыс салушының сәйкестендіру нөмірін (шетелдік құрылыс салушы болса біздің БСН-ге балама нөмір), оның атауын, елдің кодын, жылжымайтын мүлік мекенжайын, валюта коды мен 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша енгізген сомасын көрсетесіз.

18

Қазақстандағы да, шетелдегі де үлескерлік қатысуды декларациялау керек пе?

Иә.

19

Егер мен пәтерді шетелден өз атыма сатып алсам, мен тұрмыста болсам, күйеуім де өз декларациясында оны көрсетуі керек пе?

Иә, екеуіңіз де көрсетесіздер.

20

Егер мен жылжымайтын мүлікті шетелден үлескер ретінде сатып алсам және оның құжаттары әлі қолыма тимесе, оны декларациялау керек пе?

Иә.

21

Шетелдік көлік құралын декларациялау керек пе?

Иә, көлік түрін, маркасын/моделін, елдің кодын, VIN-код пен мемлекеттік нөмірді көрсету керек.

22

Шетелдік көлік құралдарына не жатады?

Жеңіл автомобиль, мотоцикл, жүк көлігі.

23

Егер шетелдік картада ақшам болса, оны декларациялау керек пе?

Иә, егер картадағы сома 3 450 000 теңгеден асатын болса, декларацияға кіргізу керек (1 000 АЕК).

24

Шетелдегі шот бойынша қанша соманы декларациялау керек?

2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 3 450 000 теңге (1 000 АЕК). Егер, айталық, сізде екі шот бар болса, ресейлік картада теңгеге шаққанда 2 миллион, ал стамбұлдық банкте теңгеге шаққанда 1,5 миллион теңге болса, онда барлығы сізде 3 450 000 теңгеден көп болады, сондықтан декларацияда екі соманы да көрсетесіз.

25

Шоттағы қалдықты қандай валютада көрсету керек?

Шоттың валютасында. АҚШ доллары, еуро, юань, фунт, т.б.

26

Қандай шот шетелдік болып саналады?

Шетел банкіндегі кез келген шот. Карталар, ағымдағы шоттар, жинақ шоттары. Қазақстаннан басқа кез келген елдегі шот.

27

Шетелдік шот бойынша қандай ақпарат көрсету керек?

Банк SWIFT, банк атауы, елдің атауы, валюта коды, сомасы.

28

Шетелдік жауапкершілігі шектеулі серіктестікте үлесім бар. Мен декларация тапсыруым керек пе?

Иә, заңды тұлғаның сәйкестендіру нөмірін (біздегі БСН баламасы), оның атауын, елдің кодын және иелік ету пайызын көрсету керек.

29

Инвестициялық алтынды декларациялау керек пе?

Иә, оның салмағын, елдің кодын, валюта кодын және оны сатып алу құнын көрсету керек. Егер 10 жыл бұрын сатып алған болсаңыз, оның құнын еске түсіру керек немесе сатып алған банктен сұрау керек, олар бағасын айтады.

30

Акцияны декларациялау керек пе?

Иә, қазақстандық акцияны да, шетелдік акцияны да декларацияға кіргізесіз. Акция санын, бір акцияны сатып алу бағасын, елдің коды мен валюта кодын көрсету керек.

31

Облигацияны декларациялау керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де кіргізесіз. Облигация санын, бір облигацияны сатып алу бағасын, елдің коды мен валюта кодын көрсету керек.

32

ТҚҚ (туынды қаржы құралдарын) декларациялау керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де. ТҚҚ санын, бір ТҚҚ сатып алу бағасын, елдің коды мен валюта кодын көрсету керек.

33

Брокерлік шоттағы еркін ақшаны декларациялау керек пе?

Жоқ, қазақстандық шоттағыны да, шетелдік шоттағыны да көрсету керек емес.

34

Цифрлық активтерді декларациялау керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де. Актив санын, бір активті сатып алу бағасын, елдің коды мен валюта кодын көрсетуіңіз керек.

35

Криптовалюта цифрлық актив болып санала ма?

Иә, оны декларацияда көрсету керек.

36

Tabys арқылы сатып алынған биржа ноталарын декларациялау керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де. Нота санын, бір нотаны сатып алу бағасын, елдің коды мен валюта кодын көрсету керек.

37

Пай инвестициялық қордағы пайды декларациялау керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де. Тиесілі пай санын, пайдың бірлік үшін номиналдық құнын, елдің коды мен валюта кодын көрсету керек.

38

Авторлық құқық бойынша зияткерлік меншікті декларациялау керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де. Зияткерлік меншік объектісінің түрін, патент нөмірін, елдің коды мен құқықты тіркеу күнін көрсетіңіз.

39

Авторлық құқықтың зияткерлік меншігіне не жатады?

Тауар белгісі, бағдарламалар, қолданбалар, кітаптар, т.б.

40

Тағы қандай мүлікті декларациялау керек?

Қалауыңызға қарай, құны 3 450 000 теңгеден асатын Қазақстандағы және шетелдегі кез келген мүлікті декларациялай аласыз. Мысалы зергерлік бұйымдар, картиналар, бренд сөмкелер, теледидар, қызыл ағаштан жасалған үстел, стерео жүйе, т.б.

41

Дебиторлық берешекті көрсету керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де. Сізге борышкердің сәйкестендіру нөмірін (ЖСН/БСН, шетелдіктер үшін ЖСН/БСН баламасын), аты-жөні мен заңды тұлғаның атауын, валюта кодын, борышкердің елінің кодын, борыш сомасын көрсету керек.

42

Дебиторлық берешек деген не?

Сізге ақша немесе мүлік берешек болған кезді айтады. Мысалы, сіз дилер орталығында автомобиль сатып алуға 3 000 000 теңге аванс төледіңіз, өзіңіз бен дилер орталығы арасындағы келісімшартты нотариусте тіркеп, декларацияда аванс сомасын көрсетуіңіз керек. Тіпті 10 000 теңге кепілақы берсеңіз де келісімшартты нотариуске тіркеп, соманы декларацияда көрсету керек. Салық органы бұндай сома бойынша төменгі шек бекітпеген, сондықтан кез келген соманы көрсетуге болады.

43

Дебиторлық берешекті келісімшартпен растау керек пе?

Иә, жай емес, нотариуста куәландырылған болуы керек. Сізде келісімшарттың нотариуста куәландырылған көшірмесі емес, келісімшарттың нотариуста куәландырылған түпнұсқасы болуы керек.

44

Кредит берешегін көрсету керек пе?

Иә, қазақстандықты да, шетелдікті де. Сіздің кредиторыңыздың сәйкестендіру нөмірін (ЖСН/БСН, шетелдіктер үшін ЖСН/БСН баламасын), аты-жөнін немесе заңды тұлғаның атауын, валюта кодын, елінің кодын, борыш сомасын көрсету керек.

45

Кредит берешегі деген не?

Сіз біреуге ақша қарыз болған кезді айтады. Мысалы, әріптесіңізден 500 000 теңге қарыз алдыңыз. Өзіңіз бен әріптесіңіз арасында нотариустан келісімшарт жасап, декларацияда қарыз сомасын көрсету керек. 50 000 теңге қарыз алса да, нотариусқа жүгіну керек. Салық органы бұндай сома бойынша төменгі шекті көрсетпеген.

46

Микроқаржы ұйымдары, микрокредит ұйымдары мен банк алдындағы қарызды декларациялау керек пе?

Жоқ.

47

Егер пәтерді бөліп төлеу арқылы сатып алсаңыз, құрылыс салушы алдындағы қарызды декларациялау керек пе?

Иә, келісімшартты нотариуста куәландыру арқылы көрсетесіз.

48

Сенімгерлік басқаруға берілген мүлікті көрсету керек пе?

Иә, мүліктің атауын, мүліктің сәйкестендіру нөмірін, сенімгерлікпен басқарушының ЖСН, БСН, сенімгерлік басқарудың басталған уақытын және сенімгерлік басқарудың аяқталған күнін көрсету керек.

49

Декларацияны электронды нұсқада қай кезге дейін тапсыру керек?

2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін.

50

Декларацияны қағаз нұсқада қай кезге дейін тапсыру керек?

2024 жылғы 15 шілдеге дейін.

51

Декларацияны электронды түрде қалай толтыру керек?

Салық төлеушінің кабинеті арқылы

E-gov порталы арқылы

e-Salyq azamat мобилдік қолданбасы арқылы (iOS сілтемесі, Android сілтемесі)

52

Декларацияның қағаз нұсқасын қайда апару керек?

Мемлекеттік кіріс органына (салық органы) немесе Азаматтарға арналған үкімет КЕАҚ (ХҚКО)

53

Декларация тапсырмаса, не болады?

Бірінші рет ескерту беріледі, бір жыл ішінде екінші рет бұзғанда 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

54

Егер мен декларацияда қандай да бір мәліметті көрсетуді ұмытып кетсем, не болады?

Үш жыл ішінде қосымша декларация тапсыруға болады.

55

Салық органы декларацияда көрсетілмеген мүлікті тауып алса, не болады?

Орган хабарлама жібереді және өз бетімен қосымша декларация тапсыруға 30 жұмыс күні көлемінде уақыт береді.

56

Егер мен хабарлама арқылы қосымша мәлімет енгізсем, салық органы маған айыппұл сала ма?

Иә, мәліметті толық көрсетпегеніңіз үшін 3 АЕК айыппұл салынады.

57

Егер шетелдегі шоттар мен активтерді жасырса, салық органы біле ала ма?

Иә, біледі. Елдер арасындағы салыққа қатысты ақпаратты автоматты түрде алмасатын CRS (common reporting standard) жүйесі арқылы. Қазіргі кезде 120 елдің арасында мәлімет алмасу жүреді, олардың саны жыл сайын өсіп жатыр.

58

Салық органы декларацияға енгізген активтерге ақшаны қайдан алғанымды тексере ме?

Құқылы, бірақ міндетті емес.

59

Егер мен мүлікті декларациялап, бірақ оны бұрынғы ресми табыстан сатып алғанымды растай алмасам, өткен күнмен салық төлеуімді мәжбүрлей ме?

Құқылы, бірақ міндетті емес.

  • 10244 просм.
  • 0 комм.

Другие материалы